Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазіргі қазақ прозасындағы готикалық өрнектер

15.10.2018 628

Қазіргі қазақ прозасындағы готикалық өрнектер

Дәуірлердің алмасуында мәдениеттер тоғысатыны белгілі. Ал, мәдениеттер тоғысында өнер түрлерінің дамитыны сөзсіз. Бір стильдің бірнеше салаларға әсер етуі, оның өзіндік ерекшеліктерін тудырады. Бұл өнердің қатып қалған қағидамен жүрмейтінінің тағы бір дәлелі іспетті. Осы мақалада қазіргі қазақ прозасындағы готиканың мәселелері сөз болмақ.

XVIII ғасырдың екінші жартысында әдебиетте жаңа ағым қалыптасты. Ол Англиядан бастау алып, АҚШ және Еуропа елдерінде кеңінен таралған еді. Әдебиет тариxында бұл ағым дербес атау да алған. Ал, одан әрі өнертанушылар, әдебиеттанушылар арасында бұл ағымға байланысты өте көп пікірлерталастар өрбіді. Нақтылай айтсақ, біреулер қолдады, екіншілері даттады. Бұл пікірталас әдебиеттегі готика жайлы болатын. Ендеше, готиканың таным табиғатына, тарихына, терең әлемі мен өзіндік ерекшеліктеріне, сондай-ақ қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзіндік өрнектеріне тоқталмақпыз.

Готикалық стиль алғаш рет арxитектура мен мүсін және фресколық кескіндеме мен витражды өнерде көрініс тапқан. Тарихына көз жіберсек, XII ғасырда Францияда, одан кейін Англияда, ал XIII ғасырда Германияда, ары қарай Еуропаға белсенді түрде кеңінен жайылған. Готикалық стиль қатаң сынға ұшыраған. Арxитектор Филибер де л'Орм оны мүлдем арxитектуралық өнер деп санамаған. 1800 жылы Францияда ол ұлттық өнерге жатпайды деген пікірлер алға шығып, тіпті готикалық шіркеулерді қирату жөнінде арнайы жобалар да ұсынылған. Германияда да готикалық өнерді қолдамайтындар өте көп болған.

Готикалық өнер ерекше көніл күймен жасалады. Ол схоластикалық құрылыстардың көрнекі иллюстрациясы ретінде қызмет етеді; өз дәуіріндегі барлық тірі күштің гормониялық үйлесімділігін ұсынады. Готикалық өнер бір жағынан теxника саласындағы елеулі жетістіктерді, ал екінші жағынан, діншілдікті, барлық мүлікпен күресті, бас бостандыққа деген талпынысты, азаптан кейінгі жеңіске дегенге сенімділікті қалыптастырады.

«Готикалық» әдебиет жоғарыда айтылған ерекшеліктерді көркем әдебиетте бейнелеп көрсетеді, орта ғасырдың пессимистикалық және агностикалық көңіл күйін, олардың жалыңды кейпін паш етеді. Алайда көркем шығармалардың кеш жарыққа шығуы готиканы орта ғасырлық әдебиетпен тікелей байланыстыруға мүмкіндік бере алмады. Сондықтан да ғалымдардың бір бөлігі (И.В Вершинин, М.Б Мадыгин және т.б) орта ғасырлық әдебиетті атағанда алдыңғы романтизм (предромантизм) түсінігін дұрыс көреді, дегенмен орта ғасырлық туындылардың көпшілігі «готикалық» деген ұғыммен белсенді қолдануда.

Осы кезең әдебиетін «готикалық әдебиет» деген түсінікті Д. П. Варма, М. Прац, Г. Найт, Ф. Карл және т.б. ұстанған. «Готикалық» әдебиеттің өз алдына дербес ағымға айналуының бірден бір себебі, алдыңғы романтизм (предромантизм) кезеңінде әдебиеттің басқа да бағыттары қалыптаса бастағандығынан көруімізге болады.

Жалпы, готика – Еуропа (әсіресе, Батыс Еуропа) елдерінің сәулет өнерінде ХІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болғанын, ХVІ ғасырда кең өріс ала бастаған стиль екенін жоғарыда айтып өттік. Ал әдебиетте «готика» атауы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болған, алдыңғы романтизмге (предромантизм) тән әдеби жанр болып табылады. Готика термині алғаш рет жазушы Хорас Уолполдің орта ғасырлардағы жағдайлар туралы жазған «Замок Отранто» атты романының алғысөзінде «ортағасырлық» мағынасында қолданылған болатын.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда готикалық роман Европа және Англияда ең көп оқылғандықтан, кітап басып шығарушылардың негізгі өнімдері болды. Британдық сыншы Уаттс-Дантон Теодор готиканы ағылшын әдебиетіндегі «ғажайып ренессанс» деп атаса, осы пікірлерге қарама-қарсы басқа да көзқарастардың да болғаны өнертанушыларға мәлім дүние. Мәселен, Йель университетінің профессоры Уильям Лайон Фелпс «Ағылшын романтизмының басталуы» («Начало английского романтизма») еңбегінде готиканы дөрекіліктің, жүйесіздіктің және талғамсыздықтың синонимы ретінде қарастырған.

Көптеген ғалымдар мен әдебиетшілер (Монтегю Саммерс, Эдит Биркхэд, Эйно Райло, Эдмунд Бёрк, Девендра Варма т.б.) готикаға сипаттама беруге тырысқанымен, готикалық стиль туралы түсінікті әрі нақты анықтаманы Эдмунд Берк 1757 жылы шыққан «Исследование наших представлений о возвышенном и прекрасном» атты кітабында берген еді.

Монтегю Саммерстің «Сверхъестественный омнибус» кітабында әдеби жанрдың негізгі белгілері ретінде: басқа әлемдегі күш және жағымсыз мақсаттағы сапар, елестің пайда болуы, ақылға қонбайтын жұмбақ ауру, ақыреттің көрінуі, тірі өлік, қабірден қайта оралу, дұғаның қабыл болуы, жанның мазасыздығы, жұмбақ тағдырлар сияқты тылсым оқиғалардың түрлері суреттелген. Готикалық романның сюжеттік желісінде бұлардың әрқайсысының алар орны ерекше.

Ағылшын зерттеушісі Уолтер Фрай «Готикалық әдебиеттің Вальтер Скотт шығармашылығына әсері» атты кітабында Вальтер Скот осы жанрды белгісіздіктен танымалдылыққа дейін көтеріп, «Уэверлиден» кейінгі барлық романдарында готиканың элементтерін қолданған дейді.

Монтегю Саммерс «Готикалық ізденіс» деген монографиясында готика мен классиканы салыстырып, төмендегідей кесте ұсынады:

Готика

Классика

Қамал немесе қорған

Үй

Үңгір

Там (жеке үй)

Ыңқыл, ыңырсу

Дем

Алып дәу құбыжық

Әке

Жүзінен қан тамған қанжар

Желпуіш

Желдің гуілдеуі

Самалды жел

Рыцарь

Сақалсыз джентльмен

Басты кейіпкер ақсүйек әйел

Ешқандай өзгеріс жоқ: әйел әйел болып қалған

Семсермен соққы

Суық көзқарас

Монах

Қарт үй қызметшісі

Сүйектер, бас сүйектері

Кошемет сөздер, ілтипат

Майшам

Шам

Қанды дақтары бар сиқырлы кітап

Көз жасымен жазылған хат

Бейтаныс дыбыстар, сыбдырлар

Сирек айтылатын сөздер

Құпиялы серт

Нәзік ишарат

Елестеген көріністер

Адвокат немесе сот

Жезтырнақ, мыстан

Үй қызметіндегі әйел

Жарақат

Сүю

Түн ортасында өлтіру

Үйлену тойы

Алғашқылардың бірі болып готика романын қорқыныш-үрей категорияларына қарай Эдит Биркхэд «История ужаса: Исследование готического романа» атты монографиясында былайша бөлген:

1. Готикалық роман (The Gothic Romance)

Өкілдері: Хорэс Уолпол, Клара Рив, Анна Летиция Барбальд, Мэри Шелли, Марджори Боуэн;

2. Шиеленіске толы және түсініксіз үрей романы (The Novel of Suspense)

Өкілдері: Анна Радклиф;

3. Қорқыныш-үрей романы (The Novel of Terror)

Өкілдері: Мэтью Грегори Льюис, Эрнст Теодор Амадей Гофман, Чарлз Мэтьюрин;

4. Қорқыныш-үрейдің шығыстық повесі (The Oriental Tale of Terror)

Өкілдері: Уильям Бекфорд;

5. Қорқыныш-үрей романындағы сатира (Satires on the Novel of Terror)

Өкілдері: Джейн Остин, Томас Лав Пикок;

6. Қорқыныш-үрейдің қысқа повесі (The Short Tale of Terror)

Өкілдері: лорд Бульвер-Литтон, Мэри Шелли[2].

Ал, профессор Девендра Варма «Готическое пламя» еңбегінде готикалық роман мектебін үшке бөліп қарастырады: Тарихи готика (The Historical Gothic Tale); Шиеленіске толы және түсініксіз үрей мектебі (The School of Terror); Қорқыныш-үрей мектебі (The School of Horror).

Сайып келгенде көптеген ғалымдардың ой-пікірі готикалық романның белгілі элементтері деп мыналарға тоқталады:

  • Қамал немесе ескі қирандылар (пассивті элементі);
  • Готикалық зұлымдық (активті элементі).

XVIII ғасырда рыцарлық және барокколық романдарға сұраныс арта түскендіктен, готикалық романға деген қызығушылық төмендеді. Алайда, ХХ ғасырда готикалық әдебиетті құрметтеушілер оның бастапқы кеңістігін кеңейте түскенімен, Америкада «әдебиеттегі қорқыныш-үрей» категориясы готикалық жанрдан бөлініп шығады. Дәстүрлі готикалық әдебиет жанрын АҚШ-тың оңтүстік штаттарында әлеуметтік және діни мәселелермен сипаттайтын, өзіндік ерекшеліктері бар – оңтүстік готика жалғастыруда.

Ал фэнтези мен готиканың үндесуінен әдебиетте күңгірт фэнтези (тёмное фэнтези) жанры пайда болған. Готикалық романның өзіне тән мынадай ерекшеліктері бар:

1. Сюжет құпиялыққа құрылады. Мысалы: бір нәрсенің оқыстан жоғалуы, белгісіз оқиға, ашылмаған қылмыс, мұрагерліктен айырылу сынды дүниелер. Сондай-ақ туындыда бір ғана тақырып қарастырылмайды, бірнеше тақырып қиыстырылады. Құпияның ашылуы шығарманың соңына дейін қалдырылады да, негізгі құпияға жанама түйіндер кейіннен қосылады және олар да шығарманың шешімінде бір-ақ ашылады.

2. Оқиғаның баяндалуы қорқыныш және үрей атмосферасына және бас кейіпкердің қауіпсіздігі мен абыройына үздіксіз қауіп-қатердің төнуіне құрылады.

3. Қауіпті және қараңғы сахнадағы қозғалыс құпия мен қорқыныш атмосферасына септігін тигізеді. Готикалық романдардың көпшілігінде іс-қимылдар ежелгі, тастанды, жартылай қираған сарайларда немесе шіркеулерде, қап-қараңғы дәліздерде, тыйым салынған және шіріген иістер шығатын бөлмелерде тыңшы қызметшілердің араласуымен болады. Дауыл, топан су, ну орман, иесіз бос жерлер, сөзбен ашылған қабір сынды жағдайлар бас кейіпкердің сондай-ақ оқырманның қорқынышын күшейтуге ықпал етеді. Негізгі оқиғалар қою қара түнде орын алады.

4. Алғашқы готикалық романдардың бас кейіпкері – қыз. Ол әдемі, сүйкімді, мейірімді, қарапайым және шешімінде отбасылық бақытқа бөленген образ. Алайда, жалпы романтикалық кейіпкерлерден ерекшелігіне қарай оны ХVІІІ ғасырда «сезімтал» деп атады. Ол орман жолдарымен жалғыз қыдырғанды және бөлмесіндегі терезеден айға қарап отырып армандағанды ұнататын; тез жылайтын; шешуші сәтте есінен танып қалатын кейіпкер. Ал ер кейіпкер бұл сияқты танымал емес, дегенмен өзіндік ерекшеліктері бар. Ол яки ереже бойынша еркіндікке ұмтылған мінсіз кейіпкер немесе ештеңеден қорықпайтын жастардың идеал образы, яки романдағы бас кейіпкердің өмірін талқандаушы озбыр, мейірімсіз, қатыгез адам (жігіт).

5. Сюжет табиғатының өзі зұлымдықты қажет етеді. Готикалық жанрдың дамуы бас кейпкерді оқырмандық зейіннен зұлымдықпен ығыстыруында. Жанр образының кейінгі үлгілерінде ол мұндай күштерден босатылып, жай ғана сюжетті қозғаушы болып қалды.

Готикалық әдебиетті «тұнғиық», «құпиялар мен қорқыныш үрей әдебиеті» деп атайды. Шындығында, готиканы елессіз, өлік қабірлерінен оянған қанішерлерсіз, отбасылық сыр мен жасырын қылмыстарсыз елестету мүмкін емес. Оқиғалар «тылсым», «қарғыс тиген» жерлерде – ежелгі атақты қамалдар мен қорғандарда, қабірдің маңайында орналасқан жеке үйлерде, я болмаса қараусыз қалған шіркеулерде өріс алады. Оқиға өрбитін ортаның өзі оқырманға қараңғы орта арқылы алдын ала қорқыныш пен үрей сезімдерін туғызады.

«Готикалық» сюжеттің кейіпкерлері әртүрлі типтерден жинақталған, мейлінше кең ауқымды қамтиды. Оның негізгі тұрақты бейнелері тамұқтағы жауыздар. Дегенмен, XIX ғасыр әдебиеті мен заманауи беллетристиканың шынайы типтенген кейіпкерлері де готикалық прозаның кейіпкерлеріне, яғни құрбандары мен құтқарушыларына ұқсайды.

Готикалық әдебиет – әлем әдебиетіндегі жантүршігерлік, ең сұмдық құбылыстардың бірі. Біздің қорқынышымыз бен қызығушылығымызға сүйеніп құрастырылған, ол тұңғиық әлемге терең батуға, ал басқа дүниеге жиркенішпен қарауға, қайғылы әлемге бой алдыруға мәжбүрлейді. Бірақ, ең бастысы, готикалық әдебиет ешнәрсеге қарамастан, әрқашан өзінің даңқын сақтап, уақыт өте келе түрленуде.

Сонымен готиканың классикалық образ-символдық, характерлік сипаттарына тоқталсақ: сарай (қамал), ыңырсыған дауыс, алып құбыжық, қанды қанжар, шам, сүйектер, бас сүйек, жұмбақ сыбдыр және жұмбақ дауыс, жезтырнақ, елес, көне кітаптар және т.б.

Готикалық әдебиеттің барлық туындыларында алдын ала құрылған өзгертілмейтін тағдыры болады. Бас кейіпкер қалай күрессе де болатын жазмыштан қаша алмайды.

Готика әдебиеті фаталистикаға жақын болып келеді. Онда ғажайыпқа сенуге, оның өмірге енуіне рұқсат етіледі, бірақ оның жүзеге асуына жол берілмейді.

Жоғарыда готика жанрының тарихы мен табиғатына, даму кезеңдеріне қысқаша тоқталдық. Өйткені қазақ әдебиетінде «готика» жанрына байланысты бірлі жарым шағын мақалалар жарияланғаны болмаса, тарихы мен танымына, яғни жанрдың өзіндік ерекшеліктері көрсетілген бірде бір зерттеу жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыруда теңізге тамшыдай болса да өз еңбегімізді қосуға ниеттендік. Ал мұнан соң готика жанрының қазіргі қазақ әдебиетіне әсері қандай деген сауалдың өзінен-өзі пайда болатыны белгілі. Ендеше үнемі ізденісте жүрген, эксперимент жасауға жаны құштар, жаңа заман прозасын жасауды алдарына мақсат еткен барлық қаламгердің туындыларын зерттеп, зерделеп, толық талдау бұл тараушада мүмкін емес. Сондықтан да қазіргі қазақ прозасындағы готика жанрының элементтерін кездестірген бірнеше қаламгердің шығармашылығына тоқталмақпыз.

Қазіргі қазақ прозасында өзіндік орны бар қаламгерлеріміздің бірі – Мадина Омарова. «Мәдина Омарованың шығармаларын қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы десем қателеспес едім» – деп Таласбек Әсемқұлов ағамыз баға берген жазушының «Жол үстінде» әңгімесіне назар аударсақ әңгіме бірінші жақтан баяндалады. Әдетте готикалық шығармалардағы оқиға орын алатын мезгіл – түн. Біз мұны әңгіме басталысымен бірден аңғарамыз.

«Түн болатын. Ауадан бөлек иіс сезіледі. Қараңғылықтың иісі. Суық. Екеуміз келе жатырмыз. Алдымыздағы жыланша ирелеңдеген қара жолдың шегі көрінер емес. Көзімді жұмдым да, жолдан шығып кетем бе деген қауіпке шыдай алмай қайта аштым. Бәрібір түнек».

Кейіпкер мен жолсеріктің арасындағы диалогтан бұлардың баратын бағыттары бір екенін, бір ауылда тұратын жандар болғанымен бір-бірін танымайтындығын да әңгіменің мына жерінен байқайсыз:

« – Біздің ауылдан емес сияқтысыз ғой, - деп әңгіме бастадым. – Неге? Көкқайнарданмын. – Танымайтын сияқтымын. – Неге? Ол есіне әлдене оралғандай жүрісін жеделдете түсті. — Ауыл кішкентай ғой, бәрін білемін деп жүрсем... Түрін көргім келіп бетіне қанша үңілсем де, қараңғылық құрған шымылдық көлегейлеп жібермеді. — Мен сізді танымаймын. – Сен етікші шалдың қызы емессің бе? Конторда есепші болып істейсің. – Иә. Әкем былтыр қайтыс болған. – Білемін. – Ал сіз ше? – Мен Алмабектің баласымын. – Қай Алмабек? Ит асырайтын ба? – Иә. Мырс ете қалды».

Иә, бас кейіпкер алақандай ауылдағы кімнің-кім екенін, не іспен айналысатынын да жақсы біледі. Жігіттің әкесі Алмабекті ауыл ғана емес бүкіл ауданға аты мәшһүр екенін тілге тиек етеді. Бірақ оның баласы барын білмейді. Десе де кейіпкер өзі ауылдан көрмеген бейтанысына мынадай сұрақ қояды:

«– Орталыққа жай барып па едіңіз? – Мен бе? Таңданғаны сонша суыт жүрісінен жаңылып, бетіме үңілген. Содан кейін сабасына түсті білем, баяғы жылдамдығын қайта тапты. «Есі дұрыс емес пе» деген ойдың басыма жаңа келгеніне қайран қалдым. Өзі сақау, өзі жынды. Құдай, саған не жаздым? – Керісінше, орталықтан келемін. Ауылда тығыз шаруа болып. Түкке тұрмайтын шаруа, бірақ өзім келмесем бітпейтін болды. – М-м-м.. Түсінікті».

Готика жанрына сай әңгіменің құпиясы кейіпкеріміз үйіне жетіп, әжесімен сөйлескеннен соң шешіледі. «Есі шығып қарсы алған апама қайғылы пішінмен: – Жаяу келдім, - дедім. – Ойбай-ау, жалғыз ба? Қасқыр жеп кетсе қайтер едің. – Қайтушы ем. Қызықсыз... Бетіме бағжиып қараған апама мән бермеген күйі көрпенің астына кіріп кеттім. Апам көзін алар болмаған соң: – Жалғыз келген жоқпын. Алмабек шалдың баласы екеуміз келдік, - деп шынымды айттым. – Қай Алмабек? – Иттері бар ше. Апам ернін сылп еткізді. – Оның баласы өліп қалмап па еді. – Өлмей-ақ тірі. Бірге келдік деп тұрмын ғой. Апам сандықтың үстіне отыра кетті. – Оның жалғыз сақау баласы авариядан кеткен. Он жыл болды, міне. – Сақау деймісің? Мен жүн көрпенің салмағын елемей көтеріліп алдым. - Сақау болатын...». Иә, жол серікте сақау болатын. Алмабекті жалғыз басты кісі білетін кейіпкеріміз оның баласы болғанын да естіді. Ал келесі жолдарды оқығанда: «Ертеңінде ұлыған иттердің дауысы астында қалған ауыл Алмабек қарттың қазасын естіді» бас кейіпкеріміз кіммен жолдас болған деген ойда қаласыз. Жол үстіндегі серігі асығыс болатын. Мүмкін жан алғыш болар. Кім білсін...

Шағын ғана әңгімеде готика жанрының бірнеше элементтері кездесетінін байқаймыз. Оқиғаның қараңғы түнде орын алуы; жолсеріктің жұмбақ адам екендігі; ең қызығы кейіпкерімізбен бірге келген жігіттің бұрын қайтыс болып кеткендігі, яғни елеспен сапарлас болуы; осы құпияның шығарма соңында берілуі де бұл жанрдың ең басты ерекшеліктерінің бірі дер едім.

Мадина Омарованың готикалық сарында жазылған шығармаларының бірі – «Жұмбақ» әңгімесі. Әңгіме бірінші жақтан баяндалады. Әрине, оқиға түнде орын алады. Бас кейіпкердің достары телефон шалып, өздерінің жол апатына ұшырағанын, біреулерді шақыра салуын өтінеді. Көпірдің маңайында тұратындарын да айтады. Бірақ, бас кейіпкердің «Барлығың амансыңдар ма, әйтеуір?» сауалына «-Жоқ, жоқ аман емеспіз» деген жауапты оқығанда тіксініп қаласың. Жан ұшырып, достарын құтқармақ болып жедел жәрдемге, құтқару қызметіне телефон шалып, өзі де таксимен жеткенде достарының таңертең қайтыс болып кеткендігін біледі. Сонда бұған қоңырау шалған кім? Досының аруағы. Аруақпен сөйлескені түсі немесе ойдан шығарылған дейін десең жол апаты шынымен орын алғаны белгілі болып тұр. Досының өзімен сөйлескен дейін десең олардың барлығы таңертең қайтыс болып кеткен. Әңгіменің жұмбақтығы осы.

Жұмбақ әңгімеде түн жарымындағы телефон шырылы, аруақпен тілдесу, жан тынышсыздығы суреттелген. Тұңғиық әлемдегі тылсым оқиғалар.

Бүгінде жаңа заман әдебиетінің проза жанрында қалам тербеп жүрген жастарымыздың көп екені әрдайым айтылып жүр. Солардың ішіндегі өзіндік дара стилімен, туындыларының жаңашылдығымен, қалыптасқан дәстүрлі принциптерді бұзып, оқырмандардың қызығушылығын тудыратын шағын әңгімелерде әдеби техникаларды заман талабына сай түрлендіріп, күрделендіріп, оқиғаларды оқыстан бастап тосыннан аяқтайтын, үнемі ізденісте жүретін, әңгімелері ағылшын тіліне аударылып, мұхит асып, әлем жазушыларының көркем шығармалары жарияланатын журналдарда жарық көріп жүрген, Д.Амантайша айтқанда «қазақ прозасының үміті», жас жазушы Алмаз Мырзахметтің готика элементтері кездесетін бірнеше әңгімелеріне назар аударалық.

Қаламгердің «Жазушы жазбасы» әңгімесі. Оқырман түсінуіне қиын сөздер қолданылмай, қарапайым тілмен жазылған туынды. Бірақ, оқушы екінші рет оқымаса шатасады. Себебі әңгімеде жазушының жазу шеберханасы сөз болады. Ондағы шын өмір мен кейіпкерлер әлемі кімді де болсын бейжай қалдырмасы анық. Әңгіменің сюжеті де өзгеше құрылған. Бірден шығармаға еніп кетесің. Алғашында суреткер кейіпкерінің есімі аталмайды. Ол өз тағдырлары жазылып жатқан жалдамалы пәтерге жиі келеді. Жазушы алдында бірде күледі, бірде жылайды, бірде ашуланады, бірде өтінеді. Бітпейтін ұрыс. Қызығы, жазушының кейіпкер әрекетіне еті өлгендігі. Оған көңіл де бөлмейді, жауап та қатпайды. Оның іс-қимылдарынан ләззат алады. Бұл әңгіменің кіріспесі іспетті. Мұнан кейін барып әңгіменің мән-жайы түсіндіріле бастайды. Жаңа әңгіме жазсам деген қаламгер бірнеше ай бойы шығармасына арқау болар кейіпкерлерді іздейді. Алайда, бұл әрекеті нәтижесіз болып, жазушылық әлемін ғана шарпымай өміріне еніп бара жатқан оқиға желісінен ада болуы үшін қаламгер қала ортасынан пәтер жалдап, жазбақ болады. Жалданған пәтердің өзінде елес бар.

«Жалға пәтер алдым. Жалғыз бөлме. Диван, жұпыны үстел, жоғарғы жақта темір төсек, циклоптың жанарындай сығырайған терезе, алдында ауладағы қоңыр күзге үрке қарап екі-үш гүл тұр. Пердені жууға алып кеткен екен, бұрыштағы істен шыққан теледидардың сопақша қарашығынан өзімнің шағылысқан кескінімді, және тағы бір жылт ете қалған бейнені көріп қалдым. Жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ сияқты. Қабырғада қонжықтарымен ойнаған аюдың суреті ілінген».

Оқырман бір қарағанда пәтерде елес барын байқамауы мүмкін. Жазушы оны әңгіме барысында былайша негіздей түседі:

«Алғашқы түні пәтерге сіңісіп алайын деп диванда жантайып жатыр едім, көзім ілініп кетіпті. Түн ортасында әлдекімнің тұншығып жылағанынан ояндым. Басымды көтерсем бір қыз терезе жақтағы төсекте басын төмен салып, тізесін құшақтап отыр екен. Қара шашы, бетін жасырып, ұйпалана тізесіне төгіліп жатыр, көйлегі ескі, кей жері жыртылған. Оқыстан басын көтеріп, қарап қалатындай. Көзі қандай екен? Қорқынышты фильмдегідей тұтас қап-қара болса ше? Ең дұрысы тыныш жата беру. Қойныма жылан салып жібергендей денем мұздап сала берді. Өтірік ұйқысыраған болып қозғалдым да, диванның арқалығына қарап жатып алдым. Көзімді тарс жұмып, енді келуін күтіп ем, келмеді. «Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сәтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар» - деп ойлап жатқанда ұйықтап кетіппін. Сол түні үйде жалғыз еместігімді түсіндім.

***

Кейін ол қызды тағы көрдім, екі рет. Мүмкін көрмедім бе? Бірде әдеттегідей таңертен тамақтануға сыртқа шықтым да, әңгіменің ауанымен есікті кілттеуді ұмытқаным есіме түсіп, пәтерге қайтып барғанмын. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда байқадым, кілт салатын ұңғыдан қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды. Мен алғашында орнымда бөгеліп қалып, сосын түк байқамағансып келдім де, есікті кілттедім, сосын жедел баспалдақтарға қарай ұмтылған едім. Ендігәрі, пәтерге көтеріліп келе жатқанда құлыптың ұңғысына қарамайтын болдым. Мүмкін ол қарап тұрған шығар... Соңғы рет өрттің ішінен көргенмін».

Иә, кейіпкер іздеген жазушы пәтерде жалғыз емес. Мүмкін, сізде осы елес қызды кейіпкері шығар деп ойлап қалған шығарсыз. Жоқ. Әңгіменің қызығы енді басталмақ. Жазушы Нұргүл деген қыз жайлы жазуды бастайды. Оның қалалық жігітке алданып қалып, болашағына деген қорқынышынан арыла алмай жүргендегі түсі жайлы. Түсінде өзінің сыныптасы, ауылдың қойын бағатын, жұпыны киімді Данияр есімді жігітке деген сенімі. Жігіттің қызды иттерден құтқарып, жігіт пен қыздың серуендеп жүргені, бір-біріне ағынан жарылар сәтінде анасының оятып жіберуі. Осы жерде автор оқырманмен ойнайды. Кейіпкерді мектепке шығарады да, артынша жаңағы түсінде орын алған оқиғаларды өңінде өрбітеді. Данияр кеп құтқарып, қызды құшақтап, жұбатып әлек болып жатқанда Нұргүлдің тоқтамай жылап, «Данияр, мені қорғашы, мен сені түсімде көрдім, мен саған ғашықпын» дей бергенінде анасының оятқанында барып тағы да түс екенін түсінесіз. Жазушы әңгімесінің желісі бойынша сол күнгі түстің ішіндегі түстен кейін Нұргүлдің Даниярға деген көзқарасы өзгеріп, оны жақын тұтып, тіпті, би кешінде алғашқы қадамды өзі жасап, сол түні бір-біріне деген әңгімедегі шынайы сезімдерін білдіртеді де өзі кейіпкер болып жүрген жазушы екі жасты бірін жұмысқа, екіншісін оқуға түсіру үшін қалаға әкеледі.

Әрі қарай жазушы-автор әлде автор-жазушы деп атағанымыз жөн бе? Жазушы кейіпкер екеуінің қаладағы кездесуін жазып жатқанында ашық тұрған терезеден жігіт пен қыздың әңгімелескен дауыстарын естиді. Тың тыңдаса үндемейді, жаза бастаса сыбырласады. Ертесіне екеуінің ойнап жатқандығын жазып жатса, әлгі екеуі келіп дәл солай ойнайды. Одан соң екеуінің ұрысқанын жазып жатқанда, әлгі екеуі келіп дәл сол жерде ұрысқаны. Осы сәтте кейіпкер жазушы сырттағылар әңгімесінің кейіпкерлері екенін түсінеді де енді кейіпкерлерін бақылауға кіріседі. Қалалық жігіт пен Даниярды жолықтыруды көздеп, хат жазады. Том-том романдарды көп оқығанынан болу керек Данияр өзінің әлдебір жерде әлдебіреудің кейіпкері болып жатқанын түйсінеді. Сол түйсінгендігінен болар ертесіне кейіпкер жазушы қалалық жігітке Даниярды өлтірткізеді. Енді кейіпкер жазушы Нұргүлді бақылайды. Ғашығы өткен алаңқайдан шықпай қоған Нұргүл бір күні өздеріне үкім шығарып отырған, тағдырларымен ойнап жүрген кейіпкер жазушының пәтеріне кіріп келгенде шынайы бір өмірде болып жатқандай оқырманның селт ете түсері сөзсіз. Екеуінің арасындағы диалогтың өзі адамда үрей тудырады.

«Бір күні бөлмеме кіріп келмесі бар ма?

- Отырыңыз... - дедім.

Әр қадамын асықпай басып, жалға алынған пәтердің әр бұрышына, әр затына көз тастап, жазу үстеліме жақындап келді. Жазғанымнан түк өңбей, бір орыннан қозғалмай тұрған жазбаларымды аударып-төңкеріп көрді де, өз есімін байқап қалды ма, маған жалт қарады. Мен оның көзінен қалалық жігіттің елесін көргендей болдым. «Иа, мен кінәлім!» - дегім келіп еді, Нұргүл ернін жымқырып, жанарын тайдырып әкетті де, темір төсекке сылқ етіп отыра кетті.

Темекімді алдым да, терезенің алдына жайғастым. Әңгіменің нүктесін қоя алмай, созып жүріп алғанымды, соның кесірінен осы келеңсіз оқиғаға тап болғанымды ойладым. Енді жетпегені өз кейіпкерімнің ақыл айтқаны еді. Асықпай оттығымды жағып, темекімді тұтата бергенде, Нұргүл қатылданған дауыспен:

- Сен кімсің өзі? - деді.

- Мен жазушымын. Бір әңгіме жазып...

- Біздің тағдырымызды жазып жатырсың ба?

- Тағдырларыңыз лауһуль мағфуз тақтасына жазылып қойылған, менікі қайталау шығар...

- Оны аман алып қалуға болар еді ғой!

- Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе? - дедім күмілжіп.

- Сен Даниярды өлтірдің... Солай ма?

- Данияр өмірде болған ба, жоқ па? Әлде түс пе бәрі, осының аражігін ажыратып алған дұрыс!

***

- Иә, мен жазушымын - дедім, алғашқы сұраққа оралып.

- Біздің тағдырымызды қайта жазу мүмкін емес, түзетуге болады ғой енді...

- Даниярды аман алып қалу мүмкін емес еді, оның таңдауы өз қолында емес пе?

- Өлім жайын сіз айтпаңызшы...

- Мен Даниярды өлтірдім...

- Бұның бәрі түс деңізші! Оятыңызшы мені! - ол шыдамай, жастан булығып, жылап жіберді. Мен сұрақ пен жауаптан шатаса бастадым. Нұргүлдің есікті тарс еткізіп шығып кеткенін естідім, қағаз бен қаламнан басымды көтермей отыра беріппін».

Әңгіме мәтінінен кейіпкер жазушыға басты кейіпкерінің бағынбауын көресіз. Тағдырларына үкім шығарып отырған өзінің кейіпкері алдына келгенде не айтарын, қалай ақталуын білмей сасады. Иә, өзің ойдан шығарған кейіпкерің тіріліп келмек түгілі, біреудің өміріне кішкене болсын зияның тигенде соның бәрін біліп келгенінде қандай күйде болатыныңды сезінудің өзі қорқынышты. Даниярды тірілте алмайтынын айтып ақталған жазушы оны қаланың ең көріктісімен де, дәулеттісімен де таныстырып, жүздестіреді. Бірақ, кейіпкері өмірімен ойнап отырған жанға енді бағынсын ба?! ...«маған ештеңенің қажеті жоқ, байлығың да, басқа да. Керемет болсаң Даниярды тірілтіп берші...» деп әркез тік келіп, арты ұрыспен тынып, жазғанымның бәрін өшіріп, қайта шимайлауға тура келіп жүрді...». Жазушы өз кейіпкеріне әшкере болғанынан бері не өз айтқанына көндіре алмай, не жазғандары оның көңілінен шықпай мәре-сәре күйде жүріп, өндіріп ештеңе жаза алмайды.

«Бір күні әдеттегідей сырттан кешкі тамағымды ішіп, асықпай баспалдақпен пәтерге көтеріліп келе жатқанмын. Қап-қара көз қарап тұр ма деп есікке қарауға қорқушы едім, бүгін не жазсам екен деген оймен келе жатып, байқамай көзім түсіп кетті. Пәтердің есігі ашық тұр. Жазбаларымды ойлап, жүгіріп кірдім де, кіре берістегі құлап жатқан орындыққа сүрініп қала жаздадым. Нұргүл люстраға асылып қалыпты. Ол өз-өзіне қол жұмсаған екен. Тербеліп тұр. Мен бөлмеде жоқ кезде, көзі қап-қара елес-қыз жансыз денені арлы-берлі сеңделтіп, әткеншек ойнаған секілді.

***

Жазу үстеліме барсам әңгімемнің күнде жазып, қайта өшіретін бетінде: «ұйқыдан оян» деген жазу тұр. Нұргүл өзі жаза алмайды. Себебі ол кейіпкер. Кім жазды сонда?

Мен саған көрсетейін, қазір...

Көрпе-жастық, үстел, барлық жазбаларымды бөлме ортасына үйдім де, астынғы жағынан тұтатып едім, қою түтіні бұрқырап жана бастады. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі елес-қыздың қарап тұрғанын сездім. Аялдаманың қабырғасына сүйеніп, үшінші қабаттағы өртеніп жатқан пәтер терезесінен далаға ұмтылған жалын бейнесіндегі қыздың толық сұлбасы көрінді. Ол аласұрып, айқайлап, аузынан от бүркіп жатты».

Сонымен бәрінің ойын екенін түйсігі арқылы сезген Данияр да, жазушының үкіміне көнбей, өз-өзіне қол салған Нұргүл де, барлығын бақылап жүрген елес-қыз да өлім құшты. Асылы, солардың өзі бар ма еді? Жазушы пәтерді өртеу арқылы өз ойынан арыла алды ма? Бірақ, туындыдағы емес әңгімені жазып отырған жанның өзі жазушы екенін ескеруіміз қажет. Міне, әңгіменің әсері.

Әңгіме сюжеті өзгеше құрылғанын жоғарыда айтып өттік. Бұл туындыны оқи отырып, оқиғалардың шытырманға құрылғандығын, жазушының өзі кейіпкерге айналғандығын, кейіпкерлерінің авторға бағынбай әуреге салғанын байқадық.

Елес-қыздың іс-қимылдары, қоғамдағы өзге адамдар байқамайтын жазушының күңгірт әлемі, жазушының аңдып жүргенін Нұргүлдің біліп, дәл сол пәтерге кіріп келуі және екеуінің диалогында жазушының кейіпкеріне жауап бере алмай сөзден шатасуынан өз бойында да аздап болсын үрейдің болғанынан, оқырмандар бойында осы детальдар арқылы қорқыныш тудыруынан біз мұнда готикалық элементтер қолданылған деген ойға келіп отырмыз.

Готикалық және мистикалық сарындарда шығармалар жазып, өз оқырмандарын қалыптастырып жүрген жас жазушыларымыздың бірі – Қойшыбек Мүбарак. Қаламгер жайлы әдебиет зерттеушілері Ж.Мәмбетов пен Г. Әбиханова сөз қозғап, постмодернист жазушы Д.Амантайдың автор туралы мына бір сөзін мысалға келтіреді: «Қойшыбек Мүбарактың шығармалары Милорад Павичті еске түсіреді. Милорадта реализмнің өзі мистикалық тұрғыда бейнеленеді. Яғни, реализм мен мистиканың арасында шекара жоқ, бір-біріне өтіп кетіп отырады. Ғұлама қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес пен Карлос Фуэнтестің туындылары сияқты». Сол мақалада Қойшыбектің бірнеше әңгімелерін зерттеп, зерделейді. Біздің тоқталатынымыз готикалық проза деп баға беретін «Махаббат» туындысы.

Зерттеушілердің «Махаббат» туындысында сана еркіндігі көрініс тапқан» деген пікірімен келісуге болады. Өйткені әңгіме үшінші жақтан баяндалады да, кейіпкер өз болмысымен сөйлеседі, артынан өз жанының бөлшегі өзіне бағынбай дауласады.

«Ол бұлақтың қарсы жағасында отырған өзін көрді. Қабағы түсіңкі, жүзінен жүрегінің жылап тұрғаны көрінеді.

– Кел бері! Ол басын шайқады.

– Мен барайын ба? Ол тағы басын шайқады.

– Саған не болды, айтсаңшы?

– Өзің ойлап тап!

– Неге, екеуіміз бір адамбыз ғой.

– Жоқ, мен сенен кеткенмін. Кеше Әсеммен еріп кеткем. Енді саған ешқашан келмек емеспін…

– Тоқтат! Сен – менсің. Ешқашан бөлінбек емеспіз! Ондай былшылды тоқтат! Қайтып кел!

– Маған айқайлама, айқайлауға хақың жоқ. Сен менен айрылғансың.

– Жоқ, олай болмайды, себебі мен сенен бұрын пайда болғанмын. Сен менен жаралғансың. Сол үшін әркез менің құзырымда боласың. Сені маған берген нағыз ақы ием өзіммен бірге қайтарып алғанша!».

Мұнан кейін екі ғашықтың жол апатына ұшырағандығын түсінесіз:

«Қараңғы тас көше. Құшағында белуардан төмен жаншылып қан жоса болып жатқан Әсем.

– Мені жалғыз жіберме, алып қалшы, әй, алып қала алмайсың-ау! Қалғанда қалай жүрем, менің аяғым жоқ қой. Менімен бірге жүрші!.. Ол жаққа аяқтың керегі жоқ…

– Жаным, Әсемім менің, шыдашы, сәл шыдашы, сені ешқайда жібермеймін, өз қасымда алып қалам. Сен менімен біргесің, әрі бірге боласың… Шыдашы жаным, жедел жәрдем шақырып қойдым, қазір жетеді… аман қаласың. Алаңдамашы, жаным!

– Жоқ, мен қала алмаймын. Мен кетіп барам, жүрші менімен бірге жүрші!..

Үздігіп барып үзіліп кетті. Иен көшенің басынан дабылын қосып, шырақтары жарқылдап жедел жәрдем көлігі де келіп жетті. Ішінен ақ халатты егде тартқан еркек шығып, жабдықтарын оның қасына қойды да Әсемнің тамырын ұстап, басын шайқайды. Ау-ы-р күрсінді».

Иә, жігіт ғашығынан айрылды. Жаны қиналып, азапқа түсті. Араларындағы махаббат сезімінің қуатынан не көрсекте бірге көреміз деп бір-бірімен уәделескендерін берілген мәтіннен оқырман бірден түсінеді. Әсем өзімен бірге жігітін алып кетпек болғанымен, жігіт жанын қия алмады. Қайдан қисын?.. Есесіне жігіт жүрегіндегі «махаббат» сезімінен айрылды. Оның махаббат әлемі де сол қабірде Әсеммен бірге жерленгендігін жазушы мәтіннің астарына жасырып береді:

«– Бала, тағдырдың жазмышынан озмыш жоқ, қайраттан, бұл мүрде сақтайтын орын, саған бұнда қалуға болмайды. Жүр, сыртқа шыға ғой.

Манағы егде еркек қолынан тартты. Құр сүлдері қалып, басы зеңіп қалған ол сүйретіліп есікке қарай жүре бергенде, тура өз ішінен «Жоқ, ешқайда кетпеймін, Әсеммен бірге болам» деген дауысты естіді. Бар қайратын жиып, есікке қарай жылжи берді.

– Мен Әсеммен бірге қалдым…

***

Сүйекті ақымға кіргізіп жатқызғаннан кейін, ақіреттің сыртынан тас қып құшақтап жатқан өзін көрді».

Қысқа ғана әңгімеде түсініксіз ортадағы тұңғиық оқиғалар, жанның арпалысы үрейлі детальдармен суреттелген. Готикада осындай тылсым күштер, құпия оқиғалар фантастика арқылы қорқыныштар тудырып отырады.

Жазушының «Мүрде» атты туындысы да жұмбақ оқиғаға құрылған. Басты кейіпкерлері жігіт пен қыз. Суреттелетін жер қабірдің басы. Жігіт бір топ адамдар көтеріп әкеле жатқан табыттан үстіндегі ақіретті шеше алмай жан ұшырып, аласұрып жатқан тірі адамды көреді. Қара жамылған қауым мұны байқамайтын секілді. Жігіт араша түспек болып:

«Қабіршілерге жетіп келген ол:

– Айналайындар-ау, сендерге не көрінген, тірі адамды ақіретке орап қайда алып барасыңдар!.. – деп анаған бір, мынаған бір жүгіріп жүр.

Шамасы, қыз жақыны болар, белін ұзын ақ шүберекпен байлаған жігіт ағасы:

– Тәйт ары... әкетіңдер мынаны... аруақты қорлатпаңдар... – деді.

Желкелеп өзін шеткері алып шыққан жігіттерге жалбарынып еді:

– Өзіңді де сол қызбен бірге көмсін демесең жоғал көзден... есің ауысқан шығар... бар, ана бұлаққа басыңды малып, есіңді жи!.. –десті».

Жігіттің әрекетін жіті бақылап отырған оқырман осы кезде мынадай дүрдараз ойға түседі: не қаумалаған топ тірі адамды көміп жатыр, не жігіт алжасқан. Иә, жігіт те өзін алжасқан шығармын деп ойлайды.

«Бұлақ басына келген ол шынымен жынданған шығармын деп ойлады. Бірақ ақіреттен шыға алмай бұлқынған қыздың өзіне жалынышпен қараған көзі көкейінен кетпей қойды. Ақыры қабіршілер қайтқан соң зират басына тартты.

Жас қабірге жете қабірді құшақтап өкіріп жылап жіберді. «Кешір мені, саған араша түсе алмадым... кешір мені, маған ешкім сенбеді...

"– Жоқ, бұл сенің кінәң емес, – қыз дауысы жанынан шықты. Селк ете түскен жігіт қате естідім бе деп жан-жағына қарады. Сонда барып көрді. Қабірдің арғы жағында аққұба қыз аппақ ақіретке оранып бүк түсіп отыр.

Міне, оқырман енді ғана жігіттің қыз жанын көргендігін түсінеді. Оның тәні қабірде. «– Жүр... қашайық бұл жерден...» - деген жігіт сөзіне: – Мен кете алмаймын ғой... денем мынаның астында жатыр. Қыз иегімен қабірді нұсқады». Қыздың жаны тәні жатқан қабірден алыстап кете алмайды. Қыздың тәнін қабірден қазып алып, құтқармақ болған жігіт ауылынан күрек әкеліп жалма-жан қаза бастайды.

«Жан алқымға жетіп қыздың сүйегін көтере бергенде, топырақ гүр етіп оны басты да қалды. Жан дәрмен сыртқа ұмтылған ол жер бетіне шыққанда, өз денесінің қыздың мүрдесімен бірге қалғанын бір-ақ білді».

Жігіт те қабір қазам деп өлім құшты. Бұл жерден қызбен бірге қашпақшы болған жігітке енді ешқайда қашудың қажеті жоқ. Ал, қыз бен жігіт жанын табыстыру, әлде табыстырмау оқырманнның өз еркінде. Мәселе, қабірді қайта қазу ұлт танымында жақсылыққа апарып соқтырмайтынын талай естігендіктен оның бір қасіретке ұрынатынын оқырман сезіп отырғанмен, таңқаларлығы табыттағы жанның арпалысы. Сонда ол топ қызды тәннен толық жан шықпай тұрып көміп тастамақ па? Мүмкін, клиникалық өлім болар. Әй, бірақ қыздың жанын көрген жігіт те өлім құшты. Готикадағы оқиғаның шешілмейтін жұмбақтылығы осы болар.

Шағын ғана әңгімеде суреткер оқиға шын дүниеде іске асып жатқандай суреттеп адам қиялымен ойнайды. Өлім қашанда адам бойында үрей тудырады. Тәннен жан шыққаннан соң не болатынын ойлау екі аяқты пенде атаулыға әрдайым жұмбақ, әрі қызықты, әрі қорқынышты дүние. Адамзат бір тылсымның барына сенетіні хақ.

Табыттағы тірі адам, тірі адамды көмуші топ, «өзіңді де сол қызбен көмсін демесең жоғал» деген сөздер, жігіттің қабір басына оралғанда ақіретке оранып, бүк түсіп жатқан қыздың тіл қатуы, оның қабірдегі денесінен алыстап кете алмайтындығы, жігіттің қабірді қазуы, топырақ жауып өз денесінің қыз мүрдесімен бірге қалып, жанының жер бетіне шығуы оқырман бойында өзгеше бір үрей, қорқыныш тудыратыны сөзсіз. Мұның барлығы готикалық элементтер екенін жіті түсініп отырған боларсыздар.

Дәл осындай қабір қазудан соң өлім құшу Алмаз Мырзахметтің «Түн жанарындағы жас» атты пунктир хикаятында берілген.

Хикая есімі белгісіз жігіттің қайтыс болуы туралы. Шешесі Шуақ ұлының өлімін достарынан көреді де үстерінен арыз жазады. Мұнан кейін оқиға тергеушіге достарының берген түсініктемесімен өрбиді. Өз еркімен куәгерлікке келген жігіттің тергеушіге айтқанынан хикаяның басын түсінесіз. Айман есімді ұнататын қызы мен досы Айдардың арасындағы жағдайдың жігітке жаңсақ жетуі оны ақылынан адастырып, ашуға булықтырады. Спортқа да қатысып, қалада оқып достарының арасында абройлы жігіт: «Ерегіскенде, не айтсаңдар да жасаймын! Айтқандарыңды орындай алмасам өлтірсеңдер де, мейлі, сертімді бердім! Жігіт болмай кетейін! Ал айтыңдар! Кәне!..» – деп жын ұрғандай айқайлап шыға келеді. Мұны достары әзіл деп қабылдап, енді біреулері кекетіп:

«Мықты болсаң өткен айда қайтыс болған Кемел марқұмның қабіріне барып, тура басы жатқан тұсқа қазық қаға аласың ба? – дейді. Ашуға булыққан, мынадай мазақты естіп тұрған абройлы жігіт тайсалсын ба? «Қағамын!» дейді. Онысына бір-екі досы сенбей «қой» деп қолын сермейді. Айдардың үйінен қазық пен зілбалға алады да қаза болған жігіт Кемелдің қабіріне тартады.

Қазықты қағып жатқандығын жазушы ары қарай Айдардың түсініктемесімен жалғайды. Қазық қайтыс болғанына бір ай болған марқұм Кемелдің бассүйегін жарып жібереді. Дәл сол сәтте «үңірейген бейіттерден ысылдап бастаған дауыс ызыңдап, ырылдап, ұлып, қарқылдап, мияулап, маңыраған» дауыстар шыға бастайды. Айдар лоқсып жер сипалап қашып бара жатқанында оның қабір басында жүрелеп, тұра алмай жатқанын көреді.

Жазушы енді оқиғаны одан сайын шиеленістіре түседі. Қайтыс болған жігіттің түсініктемесін емшінің құлағына сыбырлап айтқанымен оқиғаны жалғастырады. Емшінің айтқаны хикаяның шешімін тауып бергендей. Өз-өзін басқара алмаған кейіпкер әлеміне мәңгілік айқастағы ақ пен қара арпалысы еніп, жалған намыс жібермей қара жеңіске жетеді. Қазықтың бассүйекті тесіп өтіп, былжырап кеткен мидың қабір ішіне ағып жатқанын, сыртынан барлығын бақылап тұрған аруақтардың бірі көрініп, бірі көрінбей жан-жақтан талап жатқандығын, өзі қазық қаққан Кемелдің көрі мұны барынша тартқанын, қашпақ болғанында пальтосының етегінен әлдебір күшті қол ұстап тұрғандығын, жылап, өз даусынан өзі шошып, қатты жұлқынғанында киімінің етегі жыртылып, олардың жібере салғандығын, үйіне келіп, жалма-жан оқиын десе бір дұға есіне түспеуін жазушы шапшаңдықпен бейнелейді. Оқырманды қуып келген жан алғыш аруақтар қызықтыра түседі. «Әне олар ит болып үрді: «келіңдер, мына үйде, мына үйде...», енді сиыр болып мөңіреді: «мына терезенің ішінде, мына бөлмеде...». Бір кезде есік ашылып, аппақ киімді аруақ кірді, бұрышта жатқан пальтоны алып иіскеп көрді де «осының иесі бізді оятқан, ұстаңдар оны!» дегендей болды. Көз алдым қарауытып, үйдің көлеңкелеріне тығылыптұрған елестер кеудеме мініп алды да, сол жақ тұсынан қазық қағып жатты. Мен тұншығып, мәңгілік мекеніме айналған осынау түнекке сіңіп кете бардым...». Бұл емшіге өзін елеспін деп таныстырған, аруақтардың қаһарына ұшыраған қайтыс болған жігіт елесінің айтқаны.

Жазушы хикаяны жеңгесінің күнделігіне жазған жазбасымен аяқтайды. Үзінді келтірелік: «Кеше қайнымның киімдерін ауыл азаматтарына тарату үшін реттеп жатқанда арасынан күзде ғана сатып алған кашимир пальтосын тауып алдым. Оның етегі жыртық екен. Сымға іліп алған дей алмайсың, сүйреткен, қиған ештеңе білінбейді. Бейне етегіне қазық қағып, тұрамын дегенде жыртып алған сияқты. Ұмытпай енеме көрсету керек...».

Жазушы хикаясының сюжеті өзгеше. Детективті романдарға ұқсайтын секілді. Егер емшіге елес болып көрініп, қайтыс болған жігіт атынан болған жайттар баяндалмағанда қым-қиғаш, жұмбақ өлімнің сырын оқырман ұқпаған болар еді.

«Түн жанарындағы жас» мәтінінің құрылымы оқырманды тұңғиыққа батырып жібереді. Өз еркімен куәгерлік берген жігіттің Айманға деген сезімі барын бір байқасаңыз, бейіттен қорқатынын тағы көресіз. Айдардың берген түсініктемесінен кейіпкердің қорқыныш, үрейін сезесіз. Бейіттерден шыққан ызың дауыстардың өзі адамның аза бойын қаза етеді. Ал, елеске айналған қайтыс болған жігіттің аруақтардан қашуы, оны қуып келіп жанын алуы сынды детальдар ерекше готикалық стильде суреттелген.

Хикаядағы адамның өз еркін жоғалтуы, жан дүниедегі ақ пен қара айқасы, оған жалғандық қосылғандағы қараның жеңісі, аруақтардың қаһарына ұшыраған елес, өлім құшқаннан кейінгі жан тынышсыздығы, өлілер мекеніндегі оқиға, кейіпкерлердің өз үрейлерінің шебер үйлесуі шығарма мәнін қоюландыра түскендей.

Келесі көзге түскен готикалық сарында жазылған «Қара үй» әңгімесінің авторын табу қиындық туғызды. Әңгіме әсерлі болғандықтан, айтып өтуді жөн көрдік.

Әңгімеде бір ауылда үлкен қара үйдің бар екені жайында айтылады. Сол қара үйде қара кемпір тұрады. Қара кемпір үйдің ішінде өзімен – өзі күліп, біреумен ұрысып жүрегініндей түсініксіз жағдайлар болып жататындығынан оқиғадағы бас кейіпкер достарымен бірге қара үйге кірмекші болады. Олар ашық есікті көріп түнгі он екіде, әлгі қара үйге кіреді. Үйдің іші өте қорқынышты, қап-аранғы. Әр жерде ғана шамдардың жарық беріп тұрғаны суреттеледі. Балалар сол үйден көптеген елестерді көріп, қара кемпірдің өзі де елес екеніне көздері жетеді. Осы оқиғадан кейін балалар ауыр жағдайға ұшырап, қара кемпір сол күйі ұшты-күйлі жоқ болып кетеді.

Эдмунд Берк: еш бір сезім дәл қорқыныш секілді бізді ақыл-парасатымызбен қоса билей алмайды. Мұндайға тек қорқыныш сезімі ғана қабілетті дейді. Ендеше, қорқыныш дегеніміз не? Қорқыныш –тәуекел мен қауіп қатердің шынайы болу болмауына қарамастан туындайтын жағымсыз сезім. Балалар қашанда қараңғылықтан қорқады, ал ересектер болса бұрын басынан кешкен оқиғаға тітіркенеді. Сол себептен те «қорқыныш-үрей әдебиетінің» бар екендігін жоққа шығара алмайтындықтан оны мойындағанымыз жөн сияқты. Көптеген өнертанушылар, әдебиетшілер готикаға қарсы оқырманның «қызығушылығын оятатын» дидактикалық әдебиетті бірінші кезекке қойып, көптеген материализм мен идеализм идеясын негізге ала отырып наразылық тудырған. Бірақ, солардың барлығына қарамастан, қорқынышты әңгімелер өзінің өмір сүруін тоқтатпай, керісінше көркейе берді, әдебиет шыңындағы алатын орнын нығайтты.

Жалпы, готикалық әдебиеттің жоғарыда айтып өткен барлық басты ерекшеліктері готикалық роман жанрында көрініс тапқан. Готика алдыңғы романтизммен (предромантизммен) тікелей ұқсас келгендігінен болар оны кейде «қара романтика» деп те атайды. Ескінің жаңғыртылуы, фольклорға жүгіну, мистификациялар – бұл екеуінің ортақ мүдделері болып табылады. Кейбір ғалымдар готикалық әдебиетті қабір поэзиясы мен оссианизммен (Оссиан – өз атынан Джеймс Макферсон мен оның еліктеушілерінің поэмаларын жазған, III ғасырдағы танымал кельт жыршысы) тұтас келетін алдыңғы романтизмнің (предромантизм) бір тарауы деп санайды.

Соңғы 5-10 жыл ішінде «ТЬМА» іспеттес түрлі тақырыптық журналдарда готика жайлы көптеген мақалалар басылды, бірақ олар көп жағдайда заманауи әдеби хоррорларға (қорқынышты үрейлер) анализ жүргізіп немесе түрлі зерттемелермен танысып, талқылайды. Готикалық әдебиет туралы зерттеу жұмыстарының басты кемшілігі, готика әдебиетінің қалыптасуы, дамып жетілуі мен қазіргі қоғамдағы орны, оның барлық ерекшеліктерін қамтитын бірде-бір жұмысты тауып алу мүмкін еместігінде.

Ендеше, готиканың әдеби бағыт ретіндегі аса мәртебелі болу себебі қандай? Бәлкім, бұл оқырманның фантастикалық ақылға сыйымсыз жағдайлардың жүзеге асар күшті эмоционалды әсерге тап болуынан болар. Я болмаса, оқырмандардың әлдеқандай сұрақтарға жауап іздейтінінен шығар. Неліктен өлім тақырыбы, мистика, жауыздықтың жаралуы ғасырдан ғасырға адам санасын дүрліктіруде? Міне, әлі күнге оқырмандардың сол жанрдағы туындыларды іздеп жүріп оқитындығы, әлі күнге сол жанрдағы киноларды іздеп жүріп көретіндігі бұл – готиканың өміршеңдігін ұзартуда, ал адамдардың саналық деңгейі өскен сайын, сол дәрежеде мәдениеттер жауап беруі тиіс болғандықтан готиканың әдеби техникалық берілу жолдары күннен-күнге тереңдеп, басқа ағым-бағыттармен астасып одан сайын құпиялыққа еніп барады. Құпияның сырын ашамын деушілердің өздері сол тұңғиыққа батып бара жатқандай. Бұл жұмбақтың шешімі табылмайтындығынан қызықты шығар. Шығарманың шешімін таба алмаған оқырманның ойы: әлем мұнан мың, тіпті, миллиондаған тылсымдар мен жұмбақтарға толы. Әлем абсурдқа құрылған.

Жалпы, осы мақаланы жазу барысында қазіргі қазақ прозасындағы готикалық элементтер М.Омарова, Қ.Мүбарак, А.Мырзахмет сынды т.б. жас жазушылардың шығармаларында жиі кездесетінін байқадық. Жаңашылдыққа жаны құштар жастардың мұндай ізденіске барып жатқандығы көңіл қуантады. Қазақ әдебиеті ілгерлеуі үшін эксперименттердің қажет екенін саналы оқырман біз айтпасақ та біледі. Бір мақалада қазіргі қазақ прозасындағы готикалық элементтердің барлығын сараптап, зерттеп, зерделеп шығу мүмкін емес. Қазақ әдебиетінің готикалық прозасы іргелі зерттеулерді қажет етеді.

Әділ Жакулаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: готика, тылсым, қазақ, #Проза, өрнек
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар