(әңгіме)
Жазғы каникул аяқталар мезгілде әкем әлдебір жұмыспен аудан орталығына баратын болды да қасына балаларының ішінен мені ертіп алды. Екі ағам мен кіші інім: «Бізді неғып ертпеді?» - дегендей сынай танытып еді: «Сендер үлкен болып қаланы көрдіңдер ғой, ала жаздай ешқайда шыққан жоқ, Жанатай барып келсін папасымен», – деп шешем мені қостай қалды да, сонымен аяқ астынан қалаға баратын болдым. Енді автобусқа отырғанда бензиннің иісінен жүрегім айнитынын, жолшыбай қара жолдан машинаға ілескен қою шаңнан зықым кететінен ойлай бергенде, әкемнің есік алдында мотоциклін сүртіп, майын тексеріп жүргізуге дайындап жүргенін көріп көңілім орныққандай болды.
Қалаға баратын киімдерімді тексеріп көрді де шешем:
– Жарайды балам, қалаға барғанда тәртіпті бол, әкеңнің қасынан ұзап кетпе, көшеге шығып ойнап кетсең, үйді таба алмай адасып қаласың, – деп үйретіп-ақ жатыр. Аққұба өңі сәл қызарып кетіп, әкем шаруамен бола бергенде жылы алақанымен басымнан бір сипап, бетімнен сүйіп, көріп қоймады ма дегендей әкем жаққа көз қиығын тастап қойды. Балаларының ішінен мені "Жанатайым" деп шешем де, әкем де ерекше жақсы көретінін ішім сезетін. Бірақ осы бір ыстық сезімдерін сөзбен айтып жеткізуге екеуі де тырысып көрген емес. Маған сөйлеп тапсырма бергенде салқын сөйлеп, басқа балалары сияқты бірдей қарайтын да оңаша жер бола қалса:
– Есейіп қалыпсың-ау балам, – деп естияр көріп, бірдеңе айтқысы келіп тұратындай болушы еді, сол айтайын деп тұрған нәрсесі есіне түспегендей, сол жерде әрі-бері күйбеңдеп, басқа шаруамен айналысып кететін.
Біз ауылдан ертерек шықтық та, менің қалаға аттанғанымды үйдегілер көріп үлгермей, үш аяқты қызыл мотоциклмен әкем екеуміз үлкен жолға қарай есік алдынан жүріп кеттік. Күз мезгілі біздің жаққа басқа өңірден ерте жетеді. Күн сайын жылы жаққа ұшқан құстар төбемізден тізіліп өтіп жатады. Көк аспанның шырқау биігінде керуендей созылып, бір-бірінен қалыспай, қанаттарын баяу қағып қалықтап ұзап бара жатады. Бұл кезде ауыл қысқа дайындық үстінде. Егістен қайтқан тракторлар, шөп тасыған көліктер, қысқа қамданған адамдар қимылы қауырт, қатқыл, келе жатқан қыстың ұзақ мезгілдеріне дайындық ауқымы бәрін қамтыған. Міне біз де сол оқудың қамымен мектепке керек заттарды алуға келе жатырмыз. Екі-үш күннен соң сабақ басталады. Жаздай тып-тыныш болып тұрған ауылдың ортасы, мектеп маңы шуға толып, жаңа оқу жылын бастап кетеміз.
Көлікпен қалаға жетерлік бір сағат уақытта мен қазір жолда кішкене өзеннен өтіп, жолшыбай тау ішіндегі Сәмен ауылына соғып, сол жерде Ажар апамның үйіне баратынымызды, олардың бізді қуана қарсы алатынын, апамның бізді көргенде бетімізден кезек-кезек сүйіп жатып, көзінен сорғалап кеткен жасты сүрте жүріп қонақасы қамдайтыны, әкемнің "қайтар жолда соғамыз" деп рақмет айтып жолға шығуға асығатынын көз алдымнан өткізіп үлгердім. Бірақ біз бұл жолы Ажар апамның ауылына соқпай өттік. "Бұл қалай болды?" - дегендей ауылдың маңынан өте бергенде әкем жаққа қарап едім
– Қайтар жолда барамыз апаңа, – деді әкем, қарлыққан дауыспен. Мен оның желге арнап киген қалың көзәйнегінің астынан бетіне қарай жылжып ағып бара жатқан жасты көріп қалдым да, көрмеген болып томсырайған күйі отыра бердім. Ауылдан бірталай ұзап кеткенде әкем: – Апаңа қайтарда соғамыз балам, – деді менің көңіл күйімді аулағандай бір жұмсақ дауыспен. Маған осы сәтте көзін көлегейлеп, жол жақты қарайлап жүрген Ажар апам есік алдына шығып: «Бауырым менің үйіме неге соқпай кетті екен!» - дегендей қапа болған пішінмен сыртымыздан көзімен шығарып салып тұрғандай көрінді. Кейін бұрылып қарасам ауыл дөң астында алыстап көрінбей қалған екен.
***
Тас жолға шыққан соң көліктің жүрісі күшейе түсті. Қарсы беттен соққан желдің суық екпінінен әкем сәл еңкейе түсіп, бар ынтасын жолға аударып алыпты. Менің тоңғаныммен жұмысы болмаған тәрізді, көліктің брезент жамылғышын көтере түсіп, қалпағымды көзіме түсіре киіп бұйығып отырдым. Жол шетінен қаланың тәртіппен салынған сәнді үйлері де көріне бастады. Бұл жолы қаладағы ең үлкен «Сәлемет» деген дүкеннің жанындағы Кәмәш апамның үйіне келіп түстік. Әкем мұнда келмес бұрын өзінің Степан деген орыс досына соғып, оған көлігінің бір саймандарын тапсырып, біраз әңгімелесті. Орыс досының ауласында бұрынғы ескі көліктердің бірнешеуі тұр, бір қолы шынтағынан молақ дембелше шал мәшиненің әлдебір нәрсесін шығарып алдына қойып алып бензинмен жуып, жөндеп отырып әңгімелесті. Әкемнің келгеніне қуанып та қалды.
Кәмәш апам біз келгенде қуанған да, бетімізден сүйіп өзінің сағынып қалғанын білдірген де жоқ, дастарқан басында отырған беті: «І-і, келдіңдер ме», – деді күнде көріп жүрген адамы келгендегідей. Дауысынан біздің келгенімізге онша қуана қоймағаны, өздерің үшін келдіңдер ме деген менмен өктемдік тұрғандай. Одан ары сол мақаммен неше күнге келгенімізді, мұнда қанша болатынымызды, не жұмыспен жүргенімізді тергеп алды. Биік еңсегей бойлы әкем осы жерде сәл еңкейіп, көтеріңкі еңсесі басылып қалғандай болды. Апайының сұрағына да жауап беруге асыққан жоқ. Оның барқырап шығатын дауыспен өздерінің қалада жетісіп отырмағандығын, бәрі сатулы екендігін, қонақ күтудің өзі оңай емес екендігін айтқан сөздерінен салқын леп ескендей болды да, Кәмәш апам сөйлеген сайын мен де әкеммен бірге біртүрлі көңілсіздене түскендей ыңғайсыз күйде отырдым. Соны сезгендей болды ма:
– Кел шайға отырыңдар, ауылдағы туыстар, бала шағаң аман ба? – деп амандық сұраса бастады. Сөзге араласса өзінің жазықты болып кететінін білетін адамша бағанадан бір шетте үндемей отырған Кәмеш апамның шалы Ағзам осы кезде барып:
– Иә аманбысыңдар. Кел, отырыңдар, – деп сәл ығысып, қопаңдап қойды.
Әкем сол көңілсіз күйде біраз отырып апайы берген сұрақтарға сараң жауаптар қатты да, шайды да көп ішпестен кесесін қайтарып: "Болдым", - деп шегініп отырды.
– Босқа келіппіз. Тарылып отыр екенсіңдер. Жоқшылық заман ғой. Асырай алмай жүрген бала-шағаларың көп, – деп апайын сөзбен іліп тастады. Кәмеш апам басылу орнына омырау мінезіне салып:
– Сен сияқты ұбырынды-шұбырынды болмасақ та құдайға шүкір бармыз, – деп сөзді көбейтіп бара жатыр еді, мұндайға көне қоймайтын әкем де:
– Шұбырынды болып менің бала-шағымның саған қай салмағы түсіп еді, – деп жүзі біртүрлі түтігіп кетті. Сол бойы орнынан тұрды да далаға шықты. Үй ішін ауыр үнсіздік басып бәріміз сөйлемеген күйі томсарып отырдық.
– Әй, Бағи, ыдыс жуатын су, тегене қайда, – деді апам дауысын қатайтып. Төр жақтан таяуда ешкім келе қоймаған соң, апам ауладағы легенді әкелуге мені жұмсады. Легенді әкеп алдына қойып жатқанда қолымнан ұстап, бетімнен сүйді де:
– Аман жүріңдер қарғаларым, – деді кейіп отырып төмен қараған күйі.
Туыстар мен әкемнің айтуынша, осы қазымыр мінезі үшін Кәмәш апамды ешкім ұнатпайды. Өзінде бала да жоқ. Көп өмірі мына Ағзам шалдың алғашқы әйелінен қалған баласын бағып өткен тәрізді. Апамның өмірінде қуанатын, жарқылдап жүретін мезгілдер болды ма екен. Бірақ оны біз көрген емеспіз. Апам біз келгенде бауырына ұрсайын, көңіл күйін түсірейін деп емес, еркелеп ұрсатындай, саған ұрыспағанда кімге ұрсам, мұңымды шағам, деп ұрсатындай еді де оны әкем көп елей де бермейтін, көбіне әзілге аударып, үнсіз қалып, апалап көңілін көтеріп қана отырып, оңаша қалғанда ауыр көңілсіздікпен еске алатын.
Бұл жолы әкем Кәмеш апамның сөздерін көтере алмай, мен есік алдына шыққанда сол көңілсіз күйі аулаға мотоциклін кіргізіп жүр екен. Бұдан кейін біз жақын маңдағы моншаға барып келдік те, әкем:
– Балам шаршадың ғой, сен осында бол бүгін, – деді. Дауысынан оның бүгін қонаға келмейтіні білініп тұрды, ал мен болсам: "Сіз қайда барасыз, осында болмаймыз ба әке?" - деп айтқым келді. Осы айтпақ сөзімді әкем көзімнен түсініп қойғандай:
– Ертең кітап, киім-кешек алуға базарға барамыз, ертерек жатып дем ал, – деді.
Кәмәш апам әкем кеткен соң да бірталай сөйлеп барып, кеш бата зарықтырып, ұйқы келген уақытта ыстық тамақ берді. Содан кейін жылы төсекке жатып ұйықтап қалған екем, түннің бір уағында дабыр-дұбыр дауыстан ояндым. Тағы да әкеме айғайлап ұрсып жатқан Кәмәш апам екен:
– Өзіңнің бес-алты балаң бар. Онымен тұрмай арақ ішіп алыпсың. Жеті түнде жүргенде біреу ұстап алып желкеңді қиса, ана балаларды кім асырайды? – деп жатыр екен. Әкем үн-түнсіз шешініп келіп, менің қасымдағы кең төсекке қисайды да, көп ұзамай ұйықтап кетті.
***
Таңертеңгі шайда апам бірдеңе айтып, түндегі ұрысқанын жуып-шайғысы келіп еді, әкем қабағын ашпаған күйі бірер шыны шай ішті де, мені ертіп үйден ертерек шығып кетіп базар жаққа келдік. Сағат оннан өтіп, күн жылына базар маңына қаланың тұс-тұсынан көлікпен келе бастаған саудагерлер түс кезінде бағанағы бос жатқан базарды ыю-қию сауда алаңына айналдырып жіберді. Осы жерде сауда дүкендері балалар жәрмеңкесін ашып жатыр екен, іздегеніміз табыла кетіп, шіретке көп тұрып қалсақ та, алғанымызға қуанып, одан кітап дүкендерінен оқулықтар іздеп жүргенде бірталай уақыт өтіп, қарнымыз ашқаны байқалды. Осы маңдағы асханадан тамақтанып едік, қарын ашқан соң ба тамақтары үйдікіне қарағанда дәмді көрінді. Кешке қарай келген жұмысымыз екінші күнге қалмай тез біткеніне қуанып, қайтайық деп үйге келсек Кәмәш апам бір жаққа кетіпті де, үйде Бағи ғана отыр екен әкем заттарымызды жинап, қайтатынымызды айтып көлігін сыртқа шығарды. Осы кезде бағанағы Кәмәш апама деп базардан алған көйлек есіме түсіп, сөмкені ақтара бастадым.
– Әке, көйлек, – дедім, сыйлықты сөмкеден шығарып жатып.
– Бағиға бере ғой апасына сыйласын, – деді әкем. Ораулы көйлекті жүгіріп келіп Бағиға ұстаттым.
– Бұл не? – деді ол.
– Апама сыйлық, – дедім, – бізден.
Бағи мақұл дегендей басын изеп сыйлығымызды қабыл алды да, біз көлікке отырып аттанып кеткенше немене айтарын білмей тұрған адамша, көздерін жыпылықтатып тұрып: "Сау болыңыздар, келіп тұрыңыздар", – деді.
– Сол кемпірде не жоқ дейсің. Дүниеге тоймай зарлай береді. Өз саудагер, – деген әкем көйлекті алып тұрғанда жақтырмай. Сонда да қызығып кетіп:
– Апама дәл келеді екен, – деп тұрған соң әкем: «Алсақ алайық», - деп ақшасын төлеп, маған қарап осынымыз дұрыс болды-ау дегендей күлімсіреп қойып еді.
***
Біз жолға шығып, тас жолдан ауыл жаққа бұрылғанда түн қараңғылығы айналаға қалың болып тұтаса орнығып алған еді. "Ендігі дүниеге иелік ету кезегі менікі", - дегендей, айналаны қараңғылық құшағына алып, үн-түнсіз мылқау тыныштықпен мүлгуге кіріскен. Тау қойнынан ызғарлы суық жел аңқылдай соғып гуілдеп тұр. Айналаны жалғыз көліктің жаңғырығы ұйқысынан оятқандай болып, қараңғыны тілгілеп алыс қойнауды бетке алып жүріп келеді. Бұл жолы басқа жолдарға түсіп кетіп, әдеттегіден ұзақ жүргендей, ұйқылы-ояу бір күйде алға тартып келеміз. Тоңғанымды білдірмеуге тырысып:
– Әке, Ажар апамның ауылына соқпаймыз ба? – деп сұрадым.
– Келесі жолы барамыз. Міндетті түрде соғамыз, – деді әкем. Дауысы алыстан естілгендей болып анық шықты. – Жолымыз қиыс кетіп қалып, өтіп кетіппіз, қарашы қырсықты, – деп көлігін жол табанына салған бойы үнсіз қалды. "Міндетті түрде бару керек", - деген әкемнің сөзін іштей қайталай отырып, бұрынырақ әкем айтып берген Ажар апамның өмірі туралы, оның майданға кетіп оралмаған жары, соғыс бітсе де баласын күтумен өткен енесі, жеңгесінің қолында ержетіп кейін агроном болып ауылға оралған қайнысы, олардың бізбен қатар апамды әже деп тұратын іркес-тіркес балаларын ойлап отырып қалғып кеткен екем. Көлік тербеген кезде көзімді ашып алсам, алыстағы тау етегінде түнгі ауылдың оттары жылтырап, әр тұстан көрініп, белгі бергендей көріне бастаған екен.
Біз үйге сол күні түн ортасында жеттік. Біздің келгенімізді күтпеген үйдегілер ерте ұйықтап қалған екен. Есесіне ертеңінде тұрғанда біз әкелген базарлыққа бәрі мәз болып жарты күн тамашалап, екі ағам өздеріне алған кәстөмді киіп, әбден разы болды.
***
Биыл біз бесіншіге барамыз деп оқу басталар кезді күтіп, көптен қуанып жүрдік. "Алдағы оқу жылында сынып жетекшіміз кім болады екен" дегенді де жоғары сыныпта оқитын әпке-ағалары бар балалар түрлі адамдардан естіп алып, айтып жүрді. Бір күні Танашбай мұрны делдиіп келіп:
– Біздің жетекшіміз орыс апай болады екен, – деді. Бірақ бұл Танашбайдың біреуден естіген өтірік сөзі шығар деп сенбедік. Бұған жеңістік беретін Танашбай жоқ, сол шешімді өзі шығарған адамша, сол адам болады екен, «біз енді орысша үйренетін болдық, тек орысша сөйлеуіміз керек, өйткені, ауылдағы жалғыз орыс отбасы Валя апай күйеуі Володя екеуі шынында қазақша сөйлемейтін, ал балалары болса қазақ балаларымен ойнағандықтан, біршама түсінісерлік тіл білетін кезде қалаға оқуға кетіп, сол жақтан анда-санда ата-анасына каникулға келіп тұратын.
Бұл туралы айтқанда әкем бір күні:
– Бұлардың келгеніне де жиырма жылдан асыпты-ау, өздері көп болып көшіп келіп еді, соғыс кезінде, содан қалғаны осы үй ғой, – дегені есімде.
Бұдан кейін соғыс кезіндегі майдан жақтан тылға поезбен көшірілген адамдардың тарихы шынында түсініксіз көрініп, бізге жетекші болатын апайды көргім келе берді. Бір күні кешке қарай өзеннен қайтып келе жатқанда оң жағымнан түртіп қалған Танашбай Қалкен екеумізге шеткері үйдің алдынд қазға жем шашып жүрген толық орыс әйелін көрсетіп.
– Біздің апайымыз осы кісі, – деп сыбырлады. Бірақ бұл сөздерге сенбеген күйі жүргенімізде оқу басталып, балалардың айтқан сөзі расқа шықты.
***
Алғашқы қоңыраудан кейін маңдайшасына "5 «А» сыныбы" деп жазылған кабинетке кіріп жайғасуымыз сол еді қоңырау соғылып, әркім тиген орынға отырып, бір-бірімізбен сөйлесіп үлгермей-ақ, бойы еңселі, толық денелі Валя апай жай басып кіріп келді. Сыныпқа күле кірсе де, орнынан тұрған балаларды көзімен шолып, отыруға рұқсат бергенде дауысы бей-жай салқын естілді. Енді біздің неше жылдан бері Әсел апайдан алып келе жатқан дағдымыз, адамға күлімсірей амандасып жылы жүзбен қарау, оған сенім көрсетіп көмектесуге әрдайым дайын тұру сияқты нәрселердің де сол апаймен бірге төртінші сыныпта ұмытылып қалып қойғандай. Енді бізге бүгіннен бастап үлкен адамға қарағандай қарап, үлкен адамнан талап еткендей талап ететіндей көрініп кетті.
Міне, алғашқы қоңырау аяқталып, оқу жылының жаңаша күндері де басталды. Үш ай бұрын каникулға кеткен балалар бірін-бірі жаңа көргеніне қуанысып, шуылдап, шұрқырай амандасып, асыр сала ойнап жүр. Биыл сыныпқа жаңадан келіп қосылған балаларға бұрыннан оқып келе жатқандар танырқай қарасып қояды.
* * *
Әкем "осы балам сабақты қалай оқып жүр екен" деп қызықтап, не бір сұрау салып, мектепке барған адам емес.
Қара күзде бір күні терлеп-тепшіп моншаға түсіп, енді демалсам деп үйге асығып келе жатқан әкеме Валя апай жолыға кетіп, сәлем беріп, үй-ішінің жағдайын сұрап, біраз сөйлескен соң:
– Біраз жасыңыз үлкен сөзді түсінетін адам едіңіз, сізге көптен бері Жанатайдың оқу жағдайын, тәртібін айтып үйге барайын деп жүр едім, – дейді. Орысша онша сөйлей білмесе д,е шала-шарпы түсінетін әкей мұғалім әйел жылы сөйлеп сөзге тартып тұрған соң еріксіз тыңдап, айтқан сөзінің бәрін мақұлдап бас изей беріпті.
– Балам, – деп бастады әкем сөзін – сен өзіңнің күшіңді дұрыс пайдаланып жүрмепсің. Сабақта нашар оқитын балаларға ілесіп кетіп, кейде мектепке дайындалмай барады дегенді мұғалімің айтты. Бұл сөзді біреуі емес бірталай мұғалімдер айтатын көрінеді. Сонда күні бойы үйде немене істейсіңдер сабақ оқымай, әлде осы да болады деп жан аярлық қыламысыңдар.
Мен сөзге араласып үлгергенше сөзді шешем киіп кетіп:
– Менің Жанатайым, өзі әжесінің тәрбиесімен өскен, ешкімнің ақылының керегіне бас қойып жатпайтын зерек бала. Ұққанша ұғып, шамасы жеткенше оқиды менің балам, осы оқу-оқу деп айта берген де дұрыс емес.
Осы жерге келгенде бағанадан үндемей отырған Мақтай сөзге араласып:
– Әке, бұл Жанатай деген орысша кітаптарды да көп оқып жүр. Бірақ ауыл баласы ұяң болған себепті ана Валя апайға білгенін дұрыстап, шешіле сөйлеуге тілі жетпей бөгеледі. Мүмкін бұны бірер жыл қала мектебіне беріп оқыту керек шығар. Онда мұғалімдер деген білімді болатын көрінеді,– деп еді, әкей үндемей біраз отырып:
– Әй, балам-ай, адамның білімді болу болмауы өзінің талабынан ғой,–деп тоқтап қалды.
Әкемнің бұл сөздерінен кейін мен түннің бір уағына дейін көзім ілінбей, түрлі ойлармен ұйықтай алмай жаттым. Мені қинағаны кей сабақтарды түсінуін тез түсініп алып, соны айтып беруге келгенде есте сақтай алмай ұмытып қалуым. Бұған дейін үздіктермен жарысып келіп, енді солардан көш бойы кейін қалып қоюым өзімді де біртүрлі іштей қинап, намысымды қамшылап жүргендей. Оның үстіне көңілім соққан сабақты оқып, қиын түскен нәрселерді аттап, немесе айналып өтіп кетіп жүріппін. Сөйтсем менен келешекте ата-ана үмітін ақтайтындай қандай адам шығады.
Демек мен осының бәрін осы кезден ұғып жүруім, шамам жеткенше түзетіп, қабілетім жеткенше еңбектенуім керек. Сыныптағы, бүкіл мектептегі ең жақсы оқиды деген Жексен мен Гүлден сияқты оқушылардың алды болып, үнемі берілген тапсырмаларды орындап отыруға тиіспін.
Өстіп ойлап жатып Жанатай ұйықтап кетті. Ертеңінде ерте оянғанда түндегі ойлардан оның өмірі жаңарып, басқаша болып өзгеріп кеткендей көрінді.
* * *
Мектепте түске дейінге сабақ бітіп, екінші ауысымда оқитын оқушылар жинала бастады. Күздің жылымық күні түстен ауды. Бесінше «А» да оқитын он алты ұл дәлізде түрегеп тұр. Еден жуатын тәтелер шелектерін қозғап, басына шүберек ілген ағаштарын әрі-бері жүргізіп онсыз да жалтырап жатқан еденді сүртіп жүр. Өткен-кеткен адамдар: "Бұлар неғып тұр?" - деп бір-бірінен сұрайды. Көбі білмей: "Кім тұрғызды?" - деп сұрайды да Әміржан ағай тұрғызды дегенді естігенде: «Е бірдеңе бүлдірген ғой», – деп кете береді. Қоңырау соғылып тыста тұрған балалар ішке кірді. Бұлардың қасынан өтіп бара жатып та, алыста тұрып та қарайды. Таныс балалар: «Сендерді кім тұрғызды, неғып тұрсыңдар?» - деп сұрайды. Кезекші мұғалім Сұлтан келіп бұлармен сөйлесуге келіп жүргендерге ескерту жасаған соң енді бұлармен сөйлесуге болмайтын адам сияқты ешкім көңіл аудармай-ақ өте бастады.
* * *
Осы Танашбайдың мектепке баруымен біраз нәрсе өзгергендей болды. Мұғалімі оны бастауышта жүргенде: – Балаңыз қайратты, тез қимылдағанды ұнатады, алғыр, - деп мақтайтын да, көп отыруға кейде шыдамы жетпейді, алдап еркелеткенді жақсы көреді,– деп оның кейбір балалық қылықтарын саралап тоқталып сөз етіп жатпаушы еді. Енді қараса, сол сөздерде көп мән бар екенін Аршагүл тәтей кейін ұққандай. Жылда үші, төрті, бесі аралас оқып жүретін баласының ойда жоқта көзге түсіп кілең нашар баға алып жүргенін естігенде «бұл қалай екен» деп ойлады. Бір күні Валя апай келіп Танашпайдың сабағын қадағалау керектігін қадап тапсырғанда: «Бұлар балаға ерекше қарайды ғой, содан көңіліне тоғытпай жүрген шығар», - деп қана қойған. Күндіз бір-екі сағат сабақ қарағаны болмаса көбіне ауыл балаларымен доп ойнап үйде де, түзде де еркін жүретін ұлының ойына тежеу салмайын деп сабағына көп араласа бермепті.
Оның үстіне үлкені сияқты емес Танашбайдың мінезі де әкесіне тартқан қызба әрі бірбет болған соң көңіліне алып жүрер деп қатты сөз айтпай келгендіктен: «Ана өзіңдей Манашпайды қарашы, ана Мәуленнің баласын қарашы», - деп ед:
– Онда соны бала ғып ал, – деп салған ұлына қарап отырып қалды. Баласының мектептен бүгінгі түтігіп келген сиқына қарап, тамақ ішкенде де төмен қарап қабақ түйіп отыруынан мектепте бірдеңе болған ғой деп ойлады.
– Немене, балалармен төбелесіп қалдың ба? Әлде тыныш жүрмей тағы біреуден сөз естідің бе? Осы сен бе, сен тыныш жүрмейсің. Жөн жүрсең ішің кебеді сенің. Сабақты да оңдырмадың өңкей үш-екі дейді, сонда күні бойы не істейсіңдер білмеймін. Тамам мұғалім жүріп түк ұғындыра алмаса мына сауаты жоқ басыммен мен саған не ұғындырмақпын,–деп Аршагүл тәтей біраз сөйлеп еді, жауап орнына Танашпай көзінен жасы сорғалап қоя берді.
– Дәнегүл апай тоқсаныңа екі қойып, класта қалдырамын деді. Оқып барсам да сұрамай қойды, жалынып едім қарамады.
– Е, жарайды тағы да оқып бар. Ертең сұрар бәлкім.
– Сұрамаймын. Қалдырамын деп айтты.
– Қой өйте қоймас. Өзің ерегестіріп алғансың ғой. Қарағым-ау оның да бала-шағасы бар. Еркелігіңді көтере бере ме кешке дейін. Сабағын оқып тып-тыныш жүрген адамға кім тиіседі. Жөн жүр деп күнде айтам ғой саған. Мұны естісе ертең әкең оңдырмайды сені. Оның мінезі қиын, бір жеріңді кемтар қылып тастайды. Не деп айтам оған ертең келгенде...
– Әмірханов сені кешірмеймін,–деді апай маған.–Сонда болмай сұранып сабақ айтайын деп едім тыныш отыр деп ұрысты.
– Сосын.
– Сосын... Сосын отыр деп басымнан қолындағы ағашпен салып қалды.
– Обал жоқ жүгірмек саған... Сол керек. Отырмаймысың тыныш. Әлде сол жердегі оқушы сен ғана ма, үлкен кісімен тәжікелесуді кім үйретті әдепсіз!
Аршагүл тәтейдің дауысы қатты-қатты шығып кетті. Танашпай көзінің жасын сүртіп тұрып байқамай қалыпты, шешісі қасында жетіп келіп желкесінен түйіп жібергенде ұшып түсе жаздап барып қабырғаға соғылды.
– Жүгірмек келгір тыныш жүресің бе, жүрмейсің бе? - деп тағы қолын көтере бергенде,
– Керегі жоқ мектептің. Оқымаймын дедім мұғаліміңе. Қолындағы ағашты жұлып алдым да қақ бөліп алдына тастай салдым ал ендеше, – деді тістеніп. Бұл шудан үйдегілер үрпиіп, есік алдында жолыққан Манашпай інісін жүгіріп үрейлене келіп: «Қой, ақылды едің ғой, мұның не?» - депұстай алды.
– Кіргіз үйге ананы,–деді шешесі–Сазайын берейін. Құтырған екен бұл.
– Апа, кешір. Кешір апа. Танашпайды өзім оқытам. Осы болар тисе көрме. Апатай, – деп Манашпай шешесінің қолындағы сабауды жалына жүріп, тартқандай қылып алды да бауырын ауланың бір жақ шетінде тұрған кішкене үйге қарай жетектей жөнелді
***
Сол күні Танашпай ойынға шықпай сабақ оқыды да ауылға екі аптада бір келетін пішен бригадасындағы әкесі баласының тәртібі жөнінде естіп қойған адамша әлдебір жұмыспен ауылға анда-санда келгендегі әдетімен ішінде киім-кешегі бар сөмкесін иығына ала көтеріп үйге кештете келді. Осы сәтте қора жақта мал жайлап бітіп, кішкене үйге келген ағасы Танашбайға әкесінің келгенін айтып;
– Сен әзірше осы жерде бола тұр, – деді. – Әкем келіпті, ол кісінің көңіл күйі қалай екенін білмеймін, бүгін келетін күні емес еді соған қарағанда біз туралы бірдеңе естіп қойған болуы керек,–деп үлкен үйге кетті. Сығырайған әлсіз жарықпен кітап оқып отырған Танашбай ағасын ұзақ күтті. Өзі де біртүрлі шаршап есінеп алды. Түннің күзгі салқыны даладан енді от жағыла қоймаған кішкене үйге келіп, бірте-бірте бұның бойына да тарап тоңдыра бастады.
Ағасынан бір хабарды күте-күте шаршаған Танашбай терезенің алдына келіп үлкен үй жаққа қарап еді, ас үйдегі столға жақын жерде, шашын тақырлап алып тастаған басын алақанымен баптай сипап, ағаш төсекте қисайып шай ішіп отырған әкесін көрді. Айналаға құлақ салып еді бәрі тыныш әрі бейбіт сияқты болып көрінді. Жылы үйге бармақ болып далаға шыға бермек еді, даладан үстіне қызуы мол шоқ салынған темір астаушасын көтеріп шешесі кірді. Жүзінде бағанағы ашудың ізі қалмапты. Бұған бұрылып бір қарап алды да:
– Әкең сені сұрап жатыр, әзірше көрінбей тұра тұр. Қой іздеп кетті дедік. Өзі шаршап келген екен. Ау-жайын байқайық. Ана қылығыңды білсе ол оңдырмай теріңді сыпырып алады білдің бе? – деді. – Ай, жүгірмек-ай. Ана жарықты өшір де мә мына жекетті киіп ал, – деп үстіндегі қалың күртешесін шешіп берді. Жарықты шыға бере өзі сөндіріп кете барды.
***
Түннің бір уағында қатты тоңып жатып оянса, жастығы көздерінен сорғалай аққан жастан су болып қалған екен. Үстіне апасы ма, ағасы ма жапқан ескі тон жерге түсіп кетіпті. Бағана жып-жылы болып тұрған үй ішін қайтадан даладағыдай түнгі суық қайта жаулап алып, өне бойын аямай тоңдырып тастаған екен. Танашпай ұйқылы-ояу күйінде дірілдеп бір уыс болған күйде үлкен үйге кіріп келгенде мұндағылар әлденені айтып соның қызығына мәз бола күлісіп жатыр екен. Мұны жаңа көрген әкесі бағанағы ашуы тарап кеткендей:
– Мынау Танашпай ғой, менің қара тентегім осы ұлымнан бірдеңе шығады, шаруаға да пысық, өткірлігі де бар. Өзім сияқты нағыз қайсардың өзі. О, алтыным-ау келе ғой, – деп құшағына алып отырып біраз айналып-толғанды.
– Тоңып қалыпты ғой өзі, менің Жанатайым екеуі енді біраз жылда амандық болса мектеп бітіріп, қандай дайындықтарың бар қане. Мен келіншек әкелемін деп тұрар бір күні, – Дауылбай күлімсірей қарап әңгімелей бастап еді, шешесі қайтесің соны дегендей.
– Ана үлкені болмаса бұның ақылы әлі кіре қойған жоқ қой, – деп қомсынып қалғандай болды.
– Менің баламды тентек дейсіңдер өзі не шықса да осы тентектерден шығады ғой. Әлі осы балама жалынатын боласыңдар. Жұмыскер, қайырымы мол менің баламның, мұғалімдері сабақ оқы деп жатады, сол оқудан да кейде пайда аз ба деймін адамға. Нақа бір зиыны терең адам болмаса. Осы қалың қайратымен-ақ менің ұлым ешкімнен кем болады деп ойламаймын,–деп Жауынғали әйеліне қарап қойып баласының өзіне тартқан мінезіне жұбату іздегендей ойланып отырып қалды.
– Менің Манашым ғой ақылды, құдды нағашысына тартқан. Адам деген өзінің тегіне тартпай тұра ма, ана өзіңе тартқан ұлыңа ақыл айтып, тәртіпті болып жүр, мен ендігі келгенше сабағыңды жақсы оқы, мұғалімдердің айтқанын бұлжытпай орында деп айт,– деп шешесі осы сәтте өзінің шаршап жүргенін айтып бірталай шағынып алды.
– Естідің ғой балам, – деді әкесі Танашпайды басынан сипаған күйі,–сендей күнімізде бір жапырақ нанға зар болып, әке-шешенің бір ауыз жылы сөзін ести алмай көрінгеннің есігінде жүрдік қой жетім боп, мына Дауылбайдың әкесі қол ұшын бермесе кім білсін қазір қай қиында, от оттап, су кешіп жүрерімізді,– деп тоқтап қалды.
– Жарықтық сол кісі еді алдымызға алты қара салып, ағайынның көзі еді жетектеп әкеп үй қылған. Мына ұлдар біле ме екен сол өмірдің қиындықтарын. Соғысты көрдік, тылдағы ашаршылықты көрдік. Өтті де кетті ғой бәрі. Адам баласы қиындық көрмеген соң не болса соған әуес келіп, өмірін не болса соған қызыққан бос әурешілікпен өткізеді-ау деймін, – деп бүгінгі жастардың кей қылықтарын шешесі бірталай сөз етіп барып тоқтады.
– Осы кезде жастар білмейді дейсіздер мен әуелі осы ауылдың шалдарынан сіздер естімеген ежелгі нәрселерді жазып алып, тыңдап біліп жүрмін. Бұл өзі ешбір оқулықта жоқ, біз үшін керек тарихтың нағыз өзі екен. Біз нағыз тарих кітапта деп жүрсек анық шындық нәрселер айналадағы өмірде болып жатады екен. Әке, аға менің осыған көзім жетіп, кейінгі кезде сол тапқаныма қуанып та жүрмін,–деп Манашпай үлкендердің әңгімесіне тың леп беріп олардың айтқанының шындық екеніне көп дерек келтіріп дәлелдеп бергендей елеңдесіп қуанып қалды.
Үлкендердің әңгімесі қыза түскенде бір шетте қомша үстіне домалай кетіп еркелеп жатқан екі ұл енді ұйқы қысқандықтан қалғып кетіп, екі беттері қызара албырап, көздері жұмылып барып қайта оянып отыр екен. Қара күрең жүзді орта жастан асқан Жауынғали биылғы жаздың қуаңшылығын айтып, қыстың да мұндайда қатты болып кететінін ескермесе арты жұтқа ұласып кетуі мүмкіндігін де дәлелдей сөйлеп отырды.
Бұлар өткен жылғы қыстың жайлы болғанына ризалықпен биылғы күзге жетер амалдарын сөз ете жүріп далаға шыққанда ,түнгі аспандағы жұлдыздар сиреп қалған екен. Тау қойнауын жағалай соғып ауыл ішін аралап жүрген күзгі түннің суық желіне үйдің жанындағы зәулім теректің сарғайған жапырақтары қалтырай дірілдеп, алып бұтақтар теңселген сайын аяқ астына ұшып түсіп жатыр.
Түнгі қонақтан қараңғыда Жанатайды жетелеп келе жатып Дауылбай:
- Марқұм әкейдің елу жыл бұрынғы жасаған жақсылықтарын бұлар ұмытпаған екен-ау, - деп ойлады.
21.10.2012
Алматы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.