Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Кеңшілік Мырзабековтің өлеңіндегі түйсік пен түсін...

30.03.2017 7618

Кеңшілік Мырзабековтің өлеңіндегі түйсік пен түсінік категориясы

Кеңшілік Мырзабековтің өлеңіндегі түйсік пен түсінік категориясы - adebiportal.kz

Бір өлең – бір әлем

Кеңшілік Мырзабековтің поэзиясы туралы сөз қозғағанда орта буын мен тәуелсіздіктің тұсындағы буын тосылып қалады. Әдебиетке 60-80 жылдары келген қаламгерлер оның табанасты тапқырлығын, сыршылдығын тебіреніспен еске алады. Қарапайым оқырманның көбісі ондай ақынның бар-жоғын да білмейді. Бірақ, поэзия қашан топтың, көпшіліктің талғамымен өлшеніп еді?

Кеңшілік Мырзабеков поэзияға өзінің үнімен, қолтаңбасымен келген санаулы ақындардың бірі. Бір топ өлеңнің ішінен, оның оқығанда төгіле салатын, бірақ күрделі ойлардың жүгін арқалайтын сыршыл өлеңдерін ажырату қиын емес. Айқайшыл, ұраншыл, насихатшыл, жалаң мақтанға құралған поэзияның элементін Кеңшілік ақынның бір өлеңінен кездестірмейсіз. Оның тілі бай, сөздік қоры халық этнографиясынан тереңінен сыр шертеді. Өлеңде шендестіріп, алмастырып, салыстырып салмақты ой жеткізудің хас шебері.

Негізі бүгінгі поэзияға келген ұрпақ Кеңшілік сияқты қоңыр сарынды қолтаңбасы бар, әр өлеңі дәлдікке, ойға жазылатын ақыннан үлгі алса дейсің. Қанша қисынға салсаң да, кем мағынаға кеңінен көсіліп, бос кеңістікке құлаш сермейтін өлеңнің суреткерлігі мықты болғанымен, мысы басым болмайды. Өлеңді түптің түбінде салмақты ой ғана құтқарып қалады.

Біздің бүгінгі әдебиетке индивидуалды өлең жаза алатын ақындар ауадай қажет. Саналы оқырман егіз қозыдай өрілген өлеңдер легінен мызғып, әрісі адасып, берісі жалығып, ешқандай реакция білдірмейтін болды. Бұлай жалғаса берсе, біз кейін өлеңнің шыны қайсы, өтірігі қайсы айыра алмай қалатын боламыз. Сосын келіп, сыншының немесе пікір айтушының жоқтығын алға тартып, өкпелейміз. Адам пікір айтар алдында тұщыну, жеріну сияқты тілмен жеткізе алмайтын абстарктылы ұғымдарды санадан өткеруі керек қой. Бізге алдымен осы сұраққа жауап іздеген әділ болар еді.

Бүгінгі ақындардың шығармашылығында түрлі ізденістер, тебіреністер, толқулар жүріп жатыр. Оны мойындау керек. Бірақ, ендігі поэзия оқырманды өзінің философиясымен, ішкі ой қуатымен ғана таңғалдыра алады. Кеңшілік сияқты ақындардың ескірмей, жыл өткен сайын жаңара түсуінің себебі осында деп білеміз. Бұл тұжырымнан кейін маған біреу: «Қазіргі жас ақындардың өлеңінде тереңдік, ойлау жүйесі жоқ па сонда?» - деп сын айтуы мүмкін. Ол сұрағыңыз орынды. Жылт еткен жаңалыққа құмарту, шала-жансар ойдың ұшығын ғана шығарып, құр сөзді көпірту – қазіргі поэзияға дендеп кіріп алды. Кеңшілік Мырзабековтің болсын, оның заманындағы сұрапыл ақындардың болсын, өлеңін оқып отырып, субъективті пікірге қанық боласың. Сол арқылы ақынның ой-өрісін, болжамын, тұжырымын анықтайсың. Өлеңмен сөйлесесің һәм тұщынасың...

Кеңшілік Мырзабеков біз обьектіге алған бір өлеңінде түйсік пен түсінік ұғымдарын салыстырып, екеуінің аражігін, мән-мағынасын айшықтап, анықтап береді. Бір оқығанда елеусіз, ескерусіз қалатын осы өлеңнің ішкі қуаты, өмірді зерттеудегі, оның ішінде адамның өзін-өзі танудағы бағыты зор.

Түйсігім менен түсінігімнің арасы,

(Мәңгілік жұмбақ әлемім сол-ау шамасы).

Түйсігім менің тұспалымменен бал ашып,

Түсінбес соны түсінігіме, қарашы.

Өлең басталысымен өзінің негізгі бағытын, межесін нақтылап көрсетеді. Әдетте бізге түйсік пен түсінік ұғымы егіз, синонимдес көрінуі мүмкін. Бірақ, Кеңшілік ақын аталмыш екі категорияны бір-біріне қарама-қарсы бағытта қолданады. «Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең» - дейді Мағжан Жұмабаев. Сол жұмбақ әлемді Кеңшілік ақын түйсік пен түсініктің арасында қарастырады.

Өлеңнің ішкі динамикасына, ой-өрісіне ілесу үшін түйсік дегеніміз не, түсінік дегеніміз не деген сауалдарға бас ауыртқанымыз дұрыс болар. Түйсік дегеніміз – шынайы, ол адамның жекелеген жан қуатынан бастау алады. Түсінік дегеніміз – жасанды, оған қоршаған ортадағы әртүрлі сыртқы фактор әсер етуі мүмкін. Өлеңді оқып отырып, осындай тұжырымға келдік. Ал осы екі ұғымның аражігін айыратын анықтамалықты сіз қанша философиялық кітап ақтарып, көз майыңызды тауысып ізденсеңіз де, нақты әрі түсінікті тілде таба алмайсыз. Бұл ретте хакім Абайдың «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деген пікірі түйсік пен түсініктің категориясын біршама анықтайды. Тікелей болмаса да, ауыспалы мағынасында дәл бағасын беріп тұр.

Түсінігім-ай, түсінігім-ай тәуелді,

Әдемі еді ғой алған бағытың әуелгі.

Сау басыңа сақина тілеп аласың,

Сарсаңға салып айналаңдағы сау елді.

Ақынның шеберлігі, ойды берудегі ұтымдылығы, тапқырлығы өлеңнің тынысын, эпикасын кеңейтіп, салмақты етіп тұр. «Түсінігім-ай, түсінігім-ай тәуелді» деген бір жолдың өзінен өмірдің жасандылығы, адамдардың қолдан қалыптастырған этикасы мен эстетикасынан әрі аса алмайтындығы, тұлғаланып өмір сүруге батылы жетпейтін қорқаулығы әшкереленіп тұр. Ақынның өмірге деген өкпесі, қоршаған ортаның жасанды бет-әлпетіне қарсылығы осы жолдың ойын былай қойғанда, одағайы мен дыбысталуынан анық білінеді. Поэзияның қиындығы мен құдіреті де осында ғой...

«Түрің сұлу болмасын, түсінігің сұлу болсын» - деген сөзді үлкендер жағынан көп естідім. Сұлулық дегеніңіздің өзі жасандылықтан тұратынын, оған қол жеткізуге болатынын бүгінгі өркениет дәлелдеді. Егер сол сөзді сәл бұрмалап, «Түйсігің сұлу болсын» десе, әбестік болар еді. Себебі түйсікке ешкімнің үкімі, әмірі жүрмейді. Ол о бастан бір бағытта, жалқы мағынада пайда болады. Ой атаулының тұма бастауы. Түйсік тағдырдың тікелей сыйы. Адамды даралайтын, таразыға салып, дәл бағасын көрсететін де түйсік. «Адамның бәрі бірдей» емес екенін түйсік ғана дәлелдейді.

Қоғам қалыптастыратын түсінікті бүгін сүйкімсіз, уақыт өткізіп, ұзақ тәжірибе мен көпті көргеннен кейін сұлу етуге болады. Түсініктің сұлулығы туралы талас туса, ол жағынан барлық адамның мүмкіндігі бірдей. Тек уақыт, жас жағынан әркімде әрқалай қалыптасуы ықтимал. Оны данышпан Абай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» - деп түйіндейді ғой. Демек, адам баласының түсінігі заманға тікелей тәуелді.

Түйсігім айтқан құп-құйттай ғана түйінді

Тыңдамайсың-ау ақыл ғып басқа құюды.

Жақсы көресің ақылман болып көзге ұрып,

Жақсырақ жүріп, жақсырақ күліп, сүюді.

Мәдениет дегеніміздің өзі реализмнен оқшау тұрады, адам мен адамның арасын алшақтатып, өмірді етене тануға кедергі жасайды. Жасанды жүріс-тұрыс қалыптастырған кейбір түсініктердің айналасында жер бетінде көптеген ұлттар мен ұлыстар өз-өздерін жоғалтып алды. Алыстан мысал іздемей-ақ, көршіміз орыстар бір кездері соның салдарынан француз, артынша біз орыс болып кете жаздадық. Негізінде түйсінуіміз бөлек, болмысымыз бір-бірімізбен қабыспайтын еді. Бірақ сыртқы күштер, ойдан шығарылған түсініктер сан қилы жолды бір нүктеге біріктіріп жіберді.

Өзіңдей мынау құп-құйттай ғана түйсігім,

Ол да біледі барлығын дүние исінің.

Ол да біледі дүниенің түзу жолдарын,

Қиюлары мен қиырлары мен қисығын.

Кеңістік әлем – дүниенің көзсіз қармалап,

Жетелеп сені, келеді сені қорғалап.

Он рет сенің маңдайың тасқа тигенмен,

Сан рет сені сақтап та қалған сол ғана.

Адамның түйсігі данышпан. Ол болатын құбылысты алдын-ала болжай алады. Оны көп жағдайда, «жүрегім бірнәрсені сезді» - деп жатамыз. Негізінен оның барлығын түйсік сезеді. Кеңшілік ақын өлеңде бұл қасиеттерге өзінің әділ бағасын береді. Жеке пікірін білдіреді. Екі ұғымды шендестіре отырып, адам баласының басындағы проблеманы көтереді. Себебі, біз туғанымыздан түсінікке тәуелдіміз, жасандылыққа құмармыз. Бұл ретте Уильям Шекспирдің «Өмір дегеніміз – театр» деген сөзін сәл бұрмалап, өмір дегеніміз – түсінік, адам дегеніміз – түйсік, - деп баға берер едік.

Сен бірақ оған көтересің кеп кеудеңді,

Сен көкірексің, ол неге сонда көргенді?

…Бір шыбықпен айдай-ақ алмай өтем бе,

Өзекті жарып өзімнен туған сендерді.

Адам жанын асқан кемел, көргенді жаратылыс жоқ. Біз көп жағдайда үлкен ойлардың мекені, бастауы өзіміз екенін ұмытып жатамыз. Ұранға, айқайға, көзді арбайтын жалт-жұлт дүниеге қызығамыз. Еліктеу, солықтау, ығына жығылу, күшену – түсініктің еншісінде. Бұл тенденция аристократтық өнер поэзияға да жұқты. Түйсіну – қашан да жекенің олжасы. Кеңшілік Мырзабековтің бағасымен айтсақ, бұл күнде өлеңді түйсігімен емес, түсінігімен жазатын ақындар көбейді. Өмірді өзінше, түйсігімен, ішкі сезімімен сүретін адамдар азайды. Бәрі бір түсініктің айналасына топтасып, қолдан жасалған түсініктерге табынады. Соның айналасында пікір таластырады. Біз түсінігімізді түйсікке жеңдірген күні көп ойды өндіреміз. Тұлғаланамыз...

Жақсы өлең оқысақ, өз ішімізге сыймай, көзімізден жас ағып, көктемдей жаңарып қаламыз. Поэзияны түсінетін адамдардың арасында бұндай классикалық өлеңдерге анықтама берудің өзі ерсі көрінеді. Бірақ, кейбір заманы «мойындаған» ақындардың өлеңінен тұрмыстық, таптық, жеке бас есебіне құрылған элементтерді ашықтан-ашық көріп отырып, өзімнің және жас ізденімпаздардың зая кеткен уақытына налимын...

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар