Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кобо Абэнің "Құм құрсауындағы әйел" романына рецен...

17.02.2017 8610

Кобо Абэнің "Құм құрсауындағы әйел" романына рецензия

Кобо Абэнің "Құм құрсауындағы әйел" романына рецензия - adebiportal.kz

Керемет тақырып! 

Жапоншасын қайдам, бірақ орысша «Женщина в песках» дегеннен гөрі «Құм құрсауындағы әйел» деген тақырып адамды өзіне ынтықтыра түседі екен. Кітапты бастамас бұрын ұзақ ойландым… Құмда жүрген бұл не әйел екен, адасып кетті ме екен… әлде… қысқасы түрлі ойлар келді. Ал шығарма біткеннен кейін сәтті қойылған тақырыпқа еріксіз риза болдым.

01af596f2e0cf52b6dbbfd82ed8ca05c.jpg


Сенген жоқ едім... 

Өзім жаңадан танысқан Кобо Абэнің жазушылық шеберлігіне тәнтімін. «Құм құрсауындағы әйел» адамның ойына келмейтін сюжеттермен өріледі. Ники Дзюмпэй атты 31 жастағы мұғалім, этномолог, бір жұмбақ жәндікті іздеп жүріп, теңіз жағалауындағы құм ішінде орналасқан ауылға кез болады. Түнеп шығуға үй сұраған соң, бір шал оны үлкен шұңқыр түбіндегі үйге арқан саты арқылы түсіреді. Жалғыз үйдің тұрғыны күйеуі мен қызы құм көшкінінен қайтыс болған жалғызбасты әйел екен. Құм жөніндегі «әйелдің сауатсыздығына қорланған» Ники оған, оның тұрмысына жоғарыдан қарап, менсініңкіремей отырады. Бір түнеп шығып кетем деп ойлайды. Көкірекке орнаған қайран менмендік! Ертеңіне арқан сатының жоғаларын, өркениеттен ауылы алыс сол бір үйшікте, сол бір шұңқырда, өзі «сауатсыз» санаған әйелдің жанында мәңгілікке қалып қоятынын Ники байғұс сол сәтте білді дейсіздер ме?! Білген жоқ. Романды оқып отырған мен де білген жоқ едім, жоқ білдім ғой (роман басында Ники Дзюмпэй атты мұғалімнің із-түссіз жоғалғаны, арада 7 жыл өткеннен кейін табылмаған соң, өлдіге саналғаны айтылады), дұрысы сенген жоқ едім. Қалай сенемін?! Таңертең ұйқысынан оянып, қайтуға жиналған Ники арқан сатынының жоғалғанын көргенде жанында мен де болдым ғой. Шұңқырдан шықпақ болып, қанша тыраштанса да, сусылдаған құмның сырғытып оны үйдің жанына әкеліп тастағанын оқығанда, оған тілекші болған едім ғой. Киімдерін қиып, арқан жасап, шұңқырдан қашып шығып, ауыл адамдары қайта ұстап әкелгенде, онымен бірге менің де жүрегім ауырған еді… Сөйткен адамның сол шұңқырда мәңгілікке қалып қоятынына қалай сенейін. Бірақ Ники қалып қойды… Күнде үнсіз, көнгіш әйелді құм ішіндегі өмірін тастауға үгіттеуші еді. Бірақ ол әйел басқа өмірге ұмтылмайтын да… Сөйткен әйелдің жанында қалды… Роман соңын жазушы тамаша аяқтаған.

e776d951c7745e92b7d3855973141d79.jpg



Құм маған ұнайтын еді... 

Оралханның «Барханы» естеріңізде ме? Ондағы «құм ән салатын, сөйлейтін». Оралханның жазуындағы құмды жақсы көретінмін. Ал Кобо Абэ суреттеген мына құмды ұнатпай қалдым. Жоқ, ұнатпай қалдым дегенім жай сөз болар, жек көріп кеттім. Тамақтың да, киімнің де арасында жүреді, үйді басып қалады, заттарды шірітіп жібереді. Сондай құмды жақсы көруге бола ма екен?! Бірақ Абэнің кейіпкері құмын қатты жақсы көрді. Ол қандай зияндық әкелсе де, өмір сүруін ауырлатса да ол ӘЙЕЛ құмды жақсы көрді, ол жерден кеткісі келмеді, өмірін өзгерткісі келмеді. Никидің құм ортасынан тіршілік көзі – суды тауып, келесі жылға дейін қалып қоятын жері бар еді ғой… Ал маған Никидің құм ішінен тауып алған тіршілік көзі – сол әйел секілді көріне беретіні несі екен… 

8092444d6d3d0060f0e57180f7c5a5cf.jpg


Көзқарастың өзгеруі 

Маған алғашында құмдағы Әйел тағдырына көнген, құмнан басқа өмірден хабары да жоқ сорлы әйел сияқты көрінген. Енді ойлап отырсам, олай емес сияқты. Ол Әйелдің құм күреуден басқаны білмейтін тіршілігінде өмір бар… Қандай өмір дейсіздер ғой? Менің, сенің, оның өмірі бар екен… Әрқайсымыз өз шұңқырымыздан шыға алмай, тура сол әйел сияқты өмір сүріп жатыр екенбіз ғой. Өзімізше ол әйелге жанымыз ашиды. Бірақ біздің өмірдің оның өмірінен еш айырмашылығы жоқ. Ол Әйелді байғұс деудің де қажеті жоқ. Ол бақытты… Құмымен бақытты… Өзі көңілі толған өмірімен бақытты… Никидің кейін ол жерден кетіп қалмауының себебі де, құм арасынан өзіне ғана тән бақытты тапқанында… 

af4e59f41fc5ef83f22fb494906f9175.jpg


Күресейік пе, жоқ әлде көнейік пе? 

Автор әлемдік мәселені көтереді. Адамның өмір сүрудегі мәні неде? Әйел сияқты көндігіп, өз шұңқырымызда өмір сүре береміз бе? Жоқ, Ники секілді күресіп көруіміз керек пе екен? Не істейміз достар, күрессек пе екен, көнсек пе екен? 

Пы.сы. Бұл туынды туралы әлі де кеңінен жазуға болады. Өйткені, санама Абэ салған ой жақын арада оңайшылықпен шығып кететін ой емес. Ал менің мына жазғаным, кітапты оқып бітіргеннен кейінгі алғашқы әсер ғана…


Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар