(Қазақ поэзиясына музыкалық сілкініс әкелген ақын)
«Жарығым Ләйла!
Сары сағыныштан қашалған қабірің қайда?...
Қара жердегі қайғы мен күнадан қашып,
Қайың боп көктеп жайдың ба тамырыңды айға?!»
Жұматай ақынның Ләйласын ағасының аспан текті қолымен сипап, бұлтқа бөленген сәбилердің шапағатшы мейірімімен аялаған ақын тура осы ұйқасқа адал бола отырып, алақанынан аялап ұшырған енді бір өлеңіне баяулық пен ән сезімін қатар қосып, жоғарыдағы Жұматай ағасының атынан Ләйлаға арнаған өлеңіндегі ерке де тепең ырғақтың күшін ақырындап солғындатады. Оның:
«Қызғылтым ерінің -
Қып-қызыл жалын ба елігім?
Кеудемді тербетіп керім үн,
Ерінім тимей-ақ ерідім» деп айтып тұрғанынан-ақ демалған сананы байқайсыз. Біз ақынның өлеңде қолданған әртүрлі сүйікті ырғақтары туралы айтып жатқандығымыздан, Ләйла, махаббат, өлеңнің мәнін талдау, жіктеу сияқты тақырыптар неге айталмай қалды деген ойдың туындамауы қажет екенін ескертеміз.
Ақын жаны нәзік көрінгенімен, жанының ішінде жасырынып жатқан қылыштан қысқа қанжары барын байқатып, сол қысқа қанжармен қысқа буынды, қыран тұяқты бір өлеңді ойнатып шыға келеді. Ақынды осыдан кейін мүлде басқа ырғаққа ауысып кетті деуге болады. Бұл ырғақты қалай атамақ екен? Ерке де, тепең ырғақ. Қысқа буынды, сұңғақ болмасада сол сұңғақ қарағайлардың тіп-тіктігі мұнда сезіліп тұрады. Мұны «Өткір ырғақ» деуге болама?
«Ол -
Ақшамда туған ай еді,
Ажалға ғашық!
Жым-жылас!
Сол - Аспанның жесір әйелі,
«Ағарған шашы мың құлаш» деп бұл өлеңінде жоғарыдағы Ләйла сұлу туралы ойдың үзіндісін жалғап, екі асау ойды осы ырғаққа әкеліп отырғызады. Ақын енді тура осы өлеңдегідей кезекті ұйқаспен, 7~8 буынды тағы бір өлеңді жазады да, бірақ тебінін кекілінен сылап басып, сабырға шақырғандай болған«Тоқтау ырғақпен» бүлкілдетеді:
«Там құласа, топырақ -
Топыраққа қосылар,
Тал құласа, жапырақ -
Атырапқа шашылар.
Шашылды ма жапырақ,
Кетті. Қайта келмейді.
Қосылды ма топырақ,
Құласа да өлмейді».
Ақын осындай қос бунақты өлеңін енді шалыс ұйқаспен жазып көріп, «Тоқтау ырғаққа» жақын оқылатын, бірақ өжет екпін араласып кететін, тоқтаумен, сабырмен оқылатыны немесе өжеттене түсетіні бірден айырыла бермейтін, оқи келе ырғағына сіздің ілестіретін парасатты үнмен тіл қататын шумақтарды жазады. Мұндағы екпін тым үдеу емес, оның екпінін «Тоқтау ырғақтың» сабырлылығы тоқтатып отырады. Мұны «Тежем ырғақ» деуге болатын шығар?!
«Көбелектің қанатынан,
Мен зілмәуір қайғы ұқтым.
Көзімдегі көлеңкені
Аспандағы ай жұтты»
Ақын, енді егіз ұйқас пен шұбыртпалы ұйқасты қатар пайдаланып, жаңа бір өлеңінің беташарын егіз ұйқаспен бастап, шұбыртпалы ұйқаспен жүргізіп әкетеді. Ұйқас жағынан құрлымы өзгергенімен, біз мұны да «Тежем ырғаққа» жатқызамыз. Ырғақтың кейде ұйқастардың өзгерісіне бағынбайтын күшін сезінуіміз керек.
«Мамыр кеуде, мас кірпік,
Жасыл күлкі, жас бүршік.
Көктем қызы - Гүл қарғам,
Сен кеткелі бұл маңнан,
Мен дос таптым кәдімгі,
Жезтырнақтан, жындардан.
Ізде менің жанымды,
Құлазыған құмдардан,
Ізде менің әнімді,
Бұлақтардан бұлданған».
«Тежем ырғақтан» кейін, ақын «Тоқтау ырғағымен», шашылған жапырақтың қайта ұйыса алмағанын, қосылған топырақтың ендігәрі өлмейтінін айтып сабыр табытына денесін суытып, мұздап кеткен соң күздің басына шаншылған сары қайыңдай болып қайта тік түрегеледі.
Сабырға шақырған самарқау ойлардың сазы суып, күрең шайын ұрттап отырған, күзгі іңірге күреңкей бетті қаратқан ақын күрсініп, «неге осы мен?» деген жалғыз сұрақ қойып қағазға қарақат ұшты қаламмен қара ноқат салады.
«Неге осы мен?»
Тыншып біраз отырады. Содан кейін жағымды сөздегі жағымсыз ойға оралып:
«Неге осы мен,
Қиналам қызыл іңір елесімен?», -деп «Неге осы мен?» сөзін әрі ұйқас әрі бөлек бір жолдың қызметін атқаратын ең қысқа жасалған қызықты жол ретінде алып, оған «елесімен» деген сөзді ұйқастырып, осы бір өлеңінің әрбір шумағының басын осындай «Неге осы мен?», «Ауыр шығын», «Жасыл отпен» деген бір өзі бір жолға татитын қысқа ұйқастармен бастап отырады да, қалған жолдарын осы сөздермен ұйқастырып, оларды бұрымдай ұзартып қояды.
«Неге осы мен,
Қиналам қызыл іңір елесімен?
Басы жоқ бауырларым мәйханада
Жүр билеп жүрексіз құр денесімен».
Келесі бір шумағында тағы да жалғыз сөз өзі ұйқас, өзі қысқа буынды жол болып, ұзын өрілген қалған жолдардың басында шоқпардай үкісімен шоқиып бөлек тұрады:
«Жасыл отпен
Жанымды аластауға нәсіп еткен» деп.
Өлең өз дүркірімен осылай жалғаса береді. Ерекше ырғаққа құрылған өлең әр шумағының бірінші жолының қысқа болуына табандылық ету арқылы осы ырғақты жасап тұр. Ақынның осы ырғаққа түсіріп жазған, қара өлең ұйқасына құрылған, буын сандары арттырылып, құйрығы тіпті шұбалаң тартқан өлеңі де бар. Екеуінен бір ырғақ сезінесіз. Алайда, буын сандары артқан соң, ол бұдан гөрі сәл тездетіліп оқылады.
«Қашанғы сол қансыраған қара дөңге батады күн,
Таңдайымнан тамшылаған жерге сіңіп жатады үнім.
Көкірегім ауырлады-ау, қайда Хафиз, қайран шәйір,
Ей, Шығыстың арулары-ау,
Мен - Шираздың шаһарымын»?
Ақын тура осы ырғақты алады да, енді бір өлеңінде осындай қысқа ұйқасты өлеңнің әр шумағының бірінші жолына емес, екінші жолына орналастырып отырады да, керісінше бірінші жолын ұзын жол етіп қояды. Бұл ақынның осы ырғақты сүйіспеншілікпен түрлендіре білуі. «Жылжиды дымқыл тұман жер бауырлап» деген өлең жолын жазады да, мұндағы «Жер бауырлап» деген ұйқаспен ұйқасатын «Мен де ауырлап» деген сөзді тауып, оның алдына ешқандай сөз қоспай екінші жолды осылай қысқа буынды ұйқас етіп жоғарыдағы ырғақ түріне салып жазғанымен, ішкі мәнерінде айырмашылық тұрады.
«Жылжиды дымқыл тұман жер бауырлап,
Мен де ауырлап.
...
Жапырақ - қызыл күрең, дерт емгендей,
Немесе өртенгендей»
Енді ақын келесі бір өлеңдердің қатарында көптеген ақындар көсілте басып жүрген «Көсілме ырғақпен» керіле басады:
«Аспан да аңырады үнсіз ғана,
Тастар да қамығады үнсіз ғана,
Жас тал да жабығады үнсіз ғана,
Үнсіз мұң
Үнсіз жүрек,
Үнсіз өмір,
Әйтеуір тілін кескен тылсым дала...»
Жоғарыдағы шумаққа қарасаңыз, ақын ерекше ырғақ тудыру үшін негізгі ұйқасты сөз соңына қоймай әр жолдың соңына таяу тұрған жерге - «аңырады», «қамығады», «жабығады» деп орналастырып, бұл ұйқастардың артына ұйқаспайтын «үнсіз ғана» сөзін қатарынан тізбелеп отырып, суда шоршыған балықтай қылып одан кейінгі бір жолды еркін ойнатып алады да, төртінші жолын осы «үнсіз ғана» сөзіне ұйқастырып, «тылсым дала» деп бүлк еткізгенде сөзге елітіп отырған оқырман бірден көз шырағы жанып, мейірімі қана қалады. Сондықтан, ақынды көптеген ақындар жазатын «көсілме ырғақты» түрлендіруші деп қабылдауға болады.
Енді «Баяу ырғаққа» түседі:
«Түсімде,
От болып ояндым, түнектің ішінде,
Білемін құба құм, шөлдеп сен жыладың,
Кел!
Келеді көз жасым ішуге...»
«Кел!» деп көкірегі құрғаған құба құмды көз жасын ішуге шақырады. Өлең баяу, тымық біріңғай ырғақпен оқылады. Тағы оқисыз, тағы да мимирт жүріспен дем алып қаласыз.
Енді ақын «Көсілме ырғақ» пен «Баяу ырғақтың» арасындағы ырғақ жібін тауып, соның өрмегін астынан көтеріп тұрып сөйлейді. Бұл ырғақта демігу мен тездеу, баяулаған қоңыр мақам араласып жататындықтан, мұны «демік ырғақ» деуге болады. Ақын «демік ырғақпен» былай сөйлейді:
«Көкшіл теңіз.
Көне қайық.
Ғайып күн.
Сағынады от құшағын жайып кім?
Елес... Елес...
Ескек сілтеп отыр ол
Құшағында құлазыған қайықтың».
Автор осы «демік ырғақты» бір шоқ гүлдей кеудесіне тигізіп, иіскеп, сәл самарқау тартып тұрады да, көңілденіп ашылған терезе алдындағы әлемге барып, осы ырғақтың алдына тепеңдеу ырғақ қосып, соңы түгел осы «демік ырғақтың» қосынынан тұратын бір өлеңді айна-көзіне сәулелеп түсіреді. Бұл өлеңді біз тепең күйінде көргенімізбен, бәрібір «демік ырғақпен» ырғап-ырғап ақырластырамыз. Мұны бөлек ырғақ ретінде атай алмайды екенбіз:
«Кәдімгі сол кәрі қыз,
Салқын көңіл, сары күз -
Мұңайғыш,
Аяушы еді адам қашан,
Жылайды іш.
Ей, қиялшаң мезгілім,
Жемтігіңе үймелер,
Қанатына қырау қонған құмай-қыс».
Ақынның ойлы да әсем табиғатқа ие, өзіндік қолтаңбасы саналатын негізгі өлеңдерінің бағын ашқан - осы ырғақ.
Осы ырғақпен сомдалған, бунақ саны артып, буыны бекемделе түскен, қабырғасы бөлек келесі бір өлеңінің келбетін берейік:
«Өртеп таудың өркешін күн батады күйгелек,
Көнетоз сол көрпесін түн келеді сүйрелеп.
Сағыныштың реңі сағат сайын сарғайған,
Жүрегімде жүреді -
Құрт-құмырсқа үймелеп...»
Бастап оқып кеп жібергенде, жоғарыдағы екі түрлі өлеңді оқып беріп тұрған «демік ырғаққа» ұқсап кететін, алайда оқыла келе тынып аққан өзен екенін сездіртетін, қан тамырының бұлқынысын басып тыныштандыруға алақан созатын жаңа бір ырғақты байқаймыз. Мұны «ойшыл ырғақ» деуге де болар. Мүмкін, сағынышты сезімдерге байланысты жаңа атау ойлап табуға болады. Біз атауы әзірге белгісіз болып тұрған ой мен сағыныштың сарқынын шайқауға өте үйлесімді бұл ырғаққа жататын, автордың көктемге айналып кеткен бір сетер өлеңінен бір шумақты әуеден түсірейік:
«Бір өлеңнің қолын иіскеп көктемде,
Көз жасы боп кетем сіңіп шөптерге.
Сағынышым сағымдана толқиды,
Сан ғасырдың иісі сіңген бөктерде».
Ақын осы екі өлеңінде қолданылған ырғақты ұзартып, оның деміккен тебінін сәл әлсіретіп ойға қызмет еттіре бастайды да:
«Уақыт деген тән ұрысы, тілінен у тамызған,
Жұматайдың сағынышы кетті айналып аңызға...
Көлеңкенің көзіндегі мазарлықты шая алмас,
Асау мезгіл өзендері тау мен тасты ағызған» деген қазақ поэзиясында біраз уақыттан бері танымал ырғақтың иіріміне түсіп ширап, бұл иірімге барынша еркелеп, мұңын иіріп ойнайды бала-көңіл, дала-жүрек сыршыл ақын. Бұл ырғақ «демік ырғақтан» кейінгі тебінді демігі азайған, ойы басым болған есейу ырғағына тән болғандықтан, мұндай ырғақпен жазылған өлеңдер солқылдаған соқпақты жүрісімен ойшылдығымен қатар танылатындықтан, бұл ырғақпен не жазсаңыз да өлеңіңізден есею мен ой табы көрініп қалатындықтан, мұны «Есею ырғағы» деуге болады.
Ақынның сан түрлі ырғақтарды өз жүрегінің шәйнегінде шырқ айналдыра қайнатуы мұнымен тоқтамайды. Ақын өте тез оқуыңызды талап ететін жаңаша ырғақтан көгілдір мешпет тоқып, кеуде тұсыңызға көтеріп ұстап тұрады да, өрнектерін көзіңмен оқы дейді. Біз келесі бір ырғақ туралы айтқалы отырмыз. Сіз осы ырғаққа сай шыққан өлеңіндегі өрнектерді көзіңізбен асығып оқып, тұлпар мініп ту алып, құйындатып, шаңдатып кетіп бара жатып, асығыс садақ тартсада жебесі нысанасын қақ жарып өтетін дәлдік пен келісті көріністі, жылдамдықты қатарынан көресіз. Жеделдетіп келе жатып, екіленіп бір тоқтап толқытып алып отыратын бұл ырғақты «тізгінді ырғақ» деуге болады. Әр шумақтың бірінші және үшінші жолдары еркін жүрген аттың жүрісіне ұқсайды да, әр шумақтың екінші, соңғы жолдары іркіліп барып қоңыр мақаммен сөйлеп тұра қалады. Тізгінді тарттыңыз. Ол тоқтап көмейіне жиналған сөзді бүркіп алады. Одан кейін қайта жүріп зар желіске түсіп, одан кейінгі тізгін тартуыңызды күтеді:
«Жүрегім тоңып жүргенде, жаным,
Ымыртта –
Самарқау күздің саптаяғынан мұң ұрттап…
Ай болып үнсіз жымидың маған, Жылу жоқ!
Күңгірт өлкеде күрсіну бар да күлу жоқ».
Ақынның осы мақала басталғанда дір ете қалған «Жарығым Ләйла!
Сары сағыныштан қашалған қабірің қайда?...» деген лүпілі бар еді. Ақын келесі бір өлеңінде тура осы өлеңнің бастауындағыдай «Қарындас Ләйла» дейді де, қалған жолдарын «Қара жердегі қайғы мен күнадан қашып, қайың боп көктеп жайдың ба тамырыңды айға?!» деген аяулы, сезімге толы оқылатын ырғақпен емес, ұтымды, шапшаң ырғақпен алып, түрлендіріп, аяқ астынан жаңа ырғаққа тап болып, бұл ырғақтың атын қалай қоюыңызды өзіңізге тапсырады:
«Қарындас Ләйла -
Қарақат көзін мөлдіреткенде,
Өмірді көрдім,
Қоңыраулы қоңыр кештерге қолымды бердім.
Қарлығаш қайда?
Соңғы күз солғын көйлегін
Көлбіреткенде -
Өлімді көрдім,
Келеді тоңған гүлдерге тонымды бергім»
Масаңдау, сыршыл ақынның жұмбақ поэзияның өндірушісі, гүлбуынды сөздердің бағбаны болғаны сізді қызықтырып, қызықтырып әкеліп, «Бұл ақын кім?» деген сұрақ туындатады. Осы «Төре өлеңдердің» иесінің атын осыншама шұғылалы шумақтарымен қызықтырып, қызықтырып барып айтамын: Бұл ақын - Ерлан Нұрдықанұлы еді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.