Академик Салық Зиманов жайлы аз ғана сөз…
«Ол – әр ортаның жарық жұлдыз секілді төңірегіне шұғыла шаша жанып, жарқырап тұратын айрықша асыл тұлғасы бола білді... Біздің ғылымда да тамаша таланттар шоғыры болды, бар және бола береді. Солардың бірі де бірегейі – Зиманов».
Зейнолла Қабдолов
Конституция күні десе болғаны, неге екенін білмеймін, есіме көрнекті ғалым, қазіргі қазақ құқықтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі Салық Зиманов түседі. Әрине, Салық ағамыз жайлы айтсақ, сан тақырыпқа жүк. Соның ішінде академиктің тірнектеп жинаған «Қазақтың ата заңдары» деген 10 томдық еңбегі – нарқын білген адамға шынымен-ақ ғажайып дүние. Мен бұл еңбектерді жата-жастанып оқыған адам ретінде арнайы айтып отырмын.
С.Зимановтың жетекшілігімен жарық көрген бұл еңбекте ілкідегі қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениеті мен билер сотының түрлі тәжірибесі айрықша сөз болады. Академик сол құндылықтарды жинап ғана қоймай, тарихи құжат пен деректер арқылы негіздейді. Бұл жинақ көшпенділер дүниесінің әлемдік мәдениетке қосқан бір үлесі десек, асыра айтпаған болар едік. Қайыра айтайық, нақты құжаттар мен деректер сүйенген он томдық бұл еңбек 2000 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізінде жарық көрген болатын. Осы еңбектің мәні мен мағынасы жайлы автордың өзі былай дейді: «Көшпелі өркениет (цивилизация) адамзат тарихында болған десек, онда оның өзіндік ерекшеліктерімен толастай түскен байтақ аймағы Ұлы Дала аталатын, жер шарының Орталық-Азиялық бөлігі саналмақ. Сол кездегі осы аймақтағы елдердің этникалық құрамын негізінен түркі тектес халықтар құрады. Сондықтан да бұл даланы мәдени-этникалық мағынада Тұран, Түркістан деп атаған. Қазақтың көне құқығы – ұлан-ғайыр «еркін» аймақта орналасқан түркі тілді көшпелі өркениеттің төл туындысы, әрі мәдени жемісі, әрі мұрасы. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар өмірінде көптеген ғасырлар бойы астан-кестен оқиғалар мен өзгерістер болды. Осындай қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды, ол - Сөз құдіреті мен Заң құдіреті», – дейді.
Мінекей, академик алға тартып отырған сол сөз құдіретінің дерегін біз осы он том еңбектен барынша бажайлай аламыз.
Осы он том еңбектің денін билердің небір қиын сәттердегі сот шешімдері құрайды екен.
Бәріңізге мәлім, қазақ халқы өзінің билер сотын XIX ғасырдың аяғына дейін сақтап келгені белгілі. Еңбектен етене түсінгеніміз бізде адам құқығы дегенде «Дала заңының» билігі салтанат құрды.
Ал оны жүзеге асырушылар сөз жоқ билер соты болды. Би, ең алдымен, сот (судья). Бидің бай тәжірибесі халықтың байырғы тарихымен етене байланысып жатыр. Бір түсінгеніміз, билердің әлеуметтік мәртебесінің кей жағдайда ханнан да жоғары болғандығын көреміз. Оған Бұхардың хан Абылайға айтқан мына сөздері куә.
...Ашуланба, Абылай,
Ашулансаң, Абылай,
Көтерермін, көнермін,
Көтеріп қазға салармын.
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма...».
Қазақ топырағында болған әйгілі орыс зерттеушісі А.Е.Алекторов «Істі қарастыру кезінде би атаулы дауласушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды. Ол екі жақтың да дәлелдемелерін әбден тыңдап болған соң ғана өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешімдер міндетті түрде орындалған» десе, ХІХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ғалымы Ш.Уәлиханов «Билердің беделі Еуропадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздерінің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған еді» дейді. Сөз жоқ, би қараша жадысында ақиқаттың ақ туын көтеруші адам ретінде сипатталады.
Айталық, «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Әділсіз болса, би оңбас, әйелсіз болса, үй оңбас», «Елге бай құт емес, би құт», «Батыр дегенді екі қатынның бірі табады, би дегенді ілуде біреуі табады», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» ұғымдары осы ойымыздың айғағы.
Бұл ұғымдар ілкідегі «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысынан» бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар десек, әсіре айтпаған болар едік.
Осыны терең зерделеген С. Зиманов: «Міне, осыған сәйкес билерге қойылатын талаптардың да түр-сипаты, «қаталдығы» да өзгеріп отырған. Баласының табиғи дарынын байқаған ата-анасы оған би болу жолында дұрыс бағыт-бағдардағы тәрбие беруге тырысқан. Ең алдымен, отбасында оған қазақтың айшықты сөз өнерін, әдеттік-құқықтық дәстүрлері мен ережелерін үйреткен, логикалық мәселелерді шешуді, яғни соттық қызмет барысында кездесетін сан қилы өмірлік мәселенің түпкі негізін табуды үйренуіне көмектескен, қисынды сөзбен үйлестірілген жұмбақ сөздің астарын табуға баулыған», – дейді.
Қазақтың айтулы биін айтқанда, сол тізімнің ішіне Абайдың да есім-сойының кіретіні анық. Абайтанушылардың айтуынша, ол 13 жасынан бастап билік ісіне араласа бастаған. Бұл жайында М.Әуезов: «Руаралық күрестің дем берушілерінің арасында жүріп табиғатынан дарынды Абай қаруы – шешендік, ақыл-парасат болған, сөз сайысын жүргізудің сан қилы тәсілдерін жіті меңгерген еді», – дейді.
Абай дедік, айтпақшы, осы он томдықтың ішіне енген Абайға қатысты мына бір естелікті де оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Естелік 1964 жылы Ескендір есімді ақсақалдың ауызынан жазылып алынған екен.
«Бір жылы Абайдың үйінде көп кісі түстеніп отырса, Көтібақ қара Қазыбек дейтін өсекші, қыдырмашы кіріп келіпті. Ол есіктен кіре сәлем беріп:
– Е, құдай айдап, бұйырған тағамға кез келгенімді қарашы, – деп қолын жумастан табаққа қарай ентелеп келе жатса, Абай зілді үнмен:
Қайда барасың өңмеңдеп, отыр сол жерге! – депті. Қазыбек не дерін білмей сылқ етіп отыра кетіпті.
Абай Қазыбекті қайырып тастаған соң бір сөз айтпастан, қонақтарымен етті жей беріпті. Ет артынан шай ішіліпті. Қазыбекті шайға да шақырмапты. Тамақ ішіп болысымен, жұрттың бәрі шығып бара жатқанда Қазыбек те кете бермек болып түрегелгенде, Абай «отыр» деп ишара жасапты. Қазыбек қайыра отырыпты. Сонда Абай: Сен өзің өсек жинайсың, біреудің дауын сатып алып, айтысқа түсесің. Осының бәрі бір құдайдың бұйрығы ма? – депті. Қазыбек ештеңе деп үндей алмапты.
Ал сен жаңа «Құдай айдап, бұйырған тағамға тап келдім-ау» деп едің. Бұйырды ма сол тағам, жоқ па? – депті.
Қазыбек: Бұйырмады, – депті.
Абай: Ол солай. Сен ас үшін арыңды сатып, бұйырмаған астан ішемін дедің. Оны бұйырып тұр дедің. Кәне, бұйырғаны. Онан да «қаңғырып жүріп ас үстіне кез болдым-ау» деп неге айтпадың? Жейтін тамағыңды шыныңды айтып жесең нең кетеді? – деп ұрсыпты. Сонда Қазыбек отырып:
Абай, қазақтың бір ырым салты бар-тын. Үлкенін сыйлаушы еді, тым болмағанда сақалымды сыйласаң етті, – депті.
Сонда Абай: Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық. Сенің үлкендігің мен сақалыңның қадірлі екендігі рас. Бірақ соның қадірін өзің кетіріп жүрсің ғой. Өзің сыйламаған сақалды жұрт не қылсын? – деп жауап қатқан екен» («Қазақтың ата заңдары», IX том, 196 бет).
Ең қызығы, осы еңбектерді оқып отырып қазақта түрме түсінігінің болмағанын көресің. Академик, Салық Зиманов абақты сөзі орыстың «вахта» сөзінен балалап шығуы мүмкін екендігін, сондай-ақ, қазақ тарихында түрмелер мен зындандар, құныкерді бас бостандығынан айыру, денеге зақым келтіру жазалары атымен болмағанын, керісінше қылмыскерді ұялтатын, материалдық бітімгершілік және өзге де жазалау нысандары қолданылғанын айтады. Дала заңында жазалау мен жауапкершілікке тартудың негізгі екі түрі болғанын білеміз. Ең бастысы, «құн төлеу» (көбіне бұл кісі өлімі орын алған жағдайда төленеді). Осы төленетін құнның да «ер құны», «сүйек құны» , «өнер құны», «ар құны» деген секілді жекелей түрлері бар.
Әрине, бұлардың көбі мал, әсіресе жылқы басымен төленіп отырған. Төлененетін құнның мөлшері мерт болған адамның әлеуметтік статусына тікелей қатысты болған.
Енді екіншісіне келейік. Екіншісі – «ат-айып» төлеу ұғымы. Ол көбінесе ат-тон айып, дүние мүлік төлеу мәселесімен ғана реттеліп отырған.
Сонымен дала заңынан туған қазақтың ата заңдары, бір халықтың байырғы құқықтық мәдениеті ретінде нышан берсе, екінші жағынан, көшпелі дәуірде өмір сүрген көптеген халықтардың құқықтық үлгілерін өз бойына жинақтаған жүйе ретінде де жұмыс жасап келген еді.
Қазақ ата заңдарының мәнін тек Қазақияның этно-мәдени шекарасындағы өзіндік төл рөлімен түсіндіруге болмайды. Ол бір мезгілде бірнеше қызмет түрлерін атқарып отырды. Жекелей жіліктеп айтар болсақ, реттеушілік, басқарушылық, біріктірушілік, қорғаушылық және адамгершілік рөлдері... Мұны кең мағынада түсіндірер болсақ, көшпелілер өркениетінде заң да, билік те, рухани құндылық та болды.
Қазақ құқығының түбегейлі құрылымы кешегі жаңа заман дәуіріне дейін қоғамдағы ықпалын еш жоймады.
XIX ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов жазғандай: «Билер соты, 50 жыл бойғы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім, мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды».
Салық Зимановтың бұған дейінгі «Қазақ халқының мемлекеттілігі», «Автономиялық құрылымдары», «Одақтас республикалардың құқықтық мәртебесі» жайлы сан алуан тақырыптан тұратын зерттеулерін сөз етпегенде, осы орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген 10 томдық еңбегі қазақ халқының құқықтық ойлау жүйесінің тарихын жан-жақты зерделеген бірегей еңбек болды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарға «ұлтшыл» деген негізсіз айып тағылып жатқанда қасқайып тұрып билікке қарсы батыл көзқарасын білдірген де осы Зиманов еді. Сонда сөйлеген сөзінде академик былай дейді:
«Ашығын айтайық. Бұл оқиғаға қазақтың да, орыстың да үлкендері кінәлі. Біз жастардың алдында қазақша сөйлеуді мүлде доғардық. Қазақша сөйлемеген соң біздің сөзіміз оларға жетпейтін де болды. Өз басым Қазақстан компартиясы орталық комитеті саяси бюро мүшелерінің қазақ жастарының алдында қазақша сөйлегенін көрген емеспін. Тыңдаушы жастарды 90 пайызы қазақ болса да, орысша сөйлейді. Мен заңгер ретінде осы мәселені дұрыс қарастыруды, жастарды текке айыптамауды сұраймын».
Бұл оның шын мәнінде ел мүддесін жеке басынан жоғары қойғандығының нақты дәлелі дейміз. Салық ағамыз осы бірбеткей турашылдығынан бір таймастан дүниеден озды. Сол үшін де ғалымның ұлы рухына басымызды иеміз.
Қазақтың құқықтану саласында дербес мектеп қалыптастырып, қисапсыз шәкірт тәрбиелеген ол ежелгі Грекиядағы «Афина мектебі» іспетті «Зиманов мектебі» деген ұлы ұғымды біздің жадымызға мәңгілік бәдіздеп кетті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.