Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Көрерменді ынтықтырған «әйел құпиясы»...

30.05.2024 1583

Көрерменді ынтықтырған «әйел құпиясы»

Көрерменді ынтықтырған «әйел құпиясы» - adebiportal.kz

Кеше Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Әйел құпиясы» спектаклінің премьерасы болды. «Әйел құпиясы» деп аталғанымен әлемге әйгілі драматург Эдуардо Де Филиппоның бұл шығармасының о баста аты басқа болғаны белгілі. Кейін бұның негізінде фильм де түсірілген. 

 Оқиға ауқатты итальяндықтың үйінде, неополитандық шағын сарайда өтіп жатыр, столға аппақ жабын жабылып, шарап бокалдары мен гүлдер қойылған, осы арқылы да Италияның өткен ғасырының атмосферасына ене береміз.  Жасы шамамен қырықтың үстіне шыққан әйел Филумена Мартурано өлім аузында жатады. Ол соңғы сәтінде осы үйдің иесі Доминико Сорианомен некелескісі келген тілегін білдіреді. Қай ұлт, қай дінде болсын, адамның соңғы тілегін орындауға тырысады ғой, әйелдің тілегіне Доминико да қарсы келе алмайды. Шіркеу қызметкері келіп неке жоралғыларын жасап кеткеннен кейін өледі деген әйел сол бойда «сырқатынан жазылып», өзінің не үшін осы қадамға барған құпиясын ашады. Осылай бастапқыда біз әйелдің қулығынан жапа шеккен, алданған Доминико Сорианоның осы мәжбүрлі некеге тап болғанына  күйініп жатқанын көреміз. 

Бірақ, Филуменаның да уәжі бар екен: ол жиырма бес жыл бойына осы үйде қызмет етіп келеді, өмірін тек әйелдермен көңіл көтеруге және ат бәйгесіне, саяхаттарға арнап келе жатқан Доминиконың ауру шешесін баққан, мырзаның бизнестегі шаруаларын реттеп отыруда да аянбаған. Филумена осы үйге қызметке келгеннен кейін екі жылдан соң Доминико Сорианоның әйелі қайтыс болады да, осы жылдар ішінде бұл екеуінің арасында жақын байланыстар болғанымен, Доминико оған үйлену туралы ұсыныс білдірмеген. 

Осы ұсынысты ұзақ жыл күткен әйел ең соңында Доминиконың жас «медбике» Дианаға үйлену жоспарын біліп қояды, сөйтіп мырзасы мен жас қыздың арасындағы қатынастың күш алғанынан іш жиған Фелумена осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған. Және осы жерде Фелумена өзінің үш баласы барын айтады. Ол бүкіл қажыры мен ақшасын аямай, ешкімге білдірмей осы үш баласын бағып жеткізеді, ол үш бала әкелерінің кім екенін білмейді. 

Айқай-шудан соң "үш баланың бірі сенікі" дегенді айтып, Филумена үйден кетіп қалады. Осы кезде бүкіл әңгімені естіп қанық болған медбике қыз да: «бес жасымда әкем шешем екеумізді осылай үйден қуып жіберген еді» деп неке келісімшартын қақ бөліп, ол да адвокатпен кетіп қалады да, ақыры Доминико жалғыз қалып қойды. Кейін  арада біраз уақыт өткенде Доминико Филуменаның өзі үшін орны қаншалықты бөлек жан екенін түсініп, оған үйленем деп ұсыныс білдіреді. Қойылымнан кейін көрермен ретінде көңілде бір жақсы әсер қалды. Әрине, езу тартатын жерлері де болды. Дегенмен ойландыратын жерлері молырақ. Қанша дегенмен классиканың аты классика, о бастан материалы сапалы болғандықтан, ерекше сипаты мен салтанаты көрінеді, сендіретін оқиғасынан, атмосфера беретін декорациядан бастап комедия мен драма, әзіл мен мұң, әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынас философиясы, өмірлік құндылықтар жайындағы ойлардың бір-бірін басып кетпей,  тепе-теңдік ұстап отыратыны байқалады. Филуменаны ойнаған актрисаның (Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Чайкина​​​​​​​) сахнаға шыққаннан, бастапқы сөзін айтқаннан бастап сол рольге кіріп, сол адамға айналып кеткені, өзінің кейіпкерінің өмірін кешіп жүргені сезіледі, ойыны ұнады.  Филумена тұрмыс ауыр, өте кедей, үйде кісі көп болғандықтан, ешкім ешкімге "қайырлы таң" деп айтпайтын, "қайырлы түн" тілемейтін көңілсіз  отбасында туып, көп қиындық көріп, әр нәрседен секем алып қалған үркек қыздан өзгеріп, өзіне сенімді көңілдеске айналған, яғни өзінің неополитандық ынтазар оты бар әйел екеніне сендіреді, енді бірде өліп бара жатқанда да өзінің балапандары үшін аянып қалмайтын қайратын, әйел ретіндегі өрлігін көреміз. Доминико Сориано​​​​ (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов) арқылы адамның өзі үшін ғұмыр кешкен өзімшілдігі, даңғойлығына мысал беріледі, осы қарама-қайшы қасиеттер арқылы өз балаларына соншалықты берілген аналық махаббат асқақ көтеріледі. 

Кейіпкерлердің, әсіресе, Филуменаның ең соңындағы шын жүректен ағынан жарылуы Доминиконың жүрегіндегі немқұрайлылықтың мұзын ерітеді, біз осы кезде бас кейіпкердің өзінің үйінде, қасында соншама ғұмырын өткізген, өзін соншама жақсы көрген әйелге көңілі қандай екенін байқаймыз. Қойылымның кульминациясында  бір-бірлеп тізген тізбек арқылы жалғанып отыратын шаңырақ бүтіндігі, отбасылық құндылықтың мәні жайлы ой жатыр. Қойылым жеңіл, көңілді көрінгенімен, жастықтың тез өтетіндігі, адалдық, махаббат, кешірім, әйелдер мен еркектердің кейде бір-бірінің өмірді қабылдау ерекшелігін қабылдауға құлықсыз кереғар мінездері төңірегіндегі ойларға әкеліп отырады. 

Бір кейіпкер екіншісінің ойын аяқтайды. Үш ұлдың ойындары да, әсіресе, ерлер костюмін сататын ұлдың ойыны тартымды болды. Олардың Доминиконың өтініші бойынша ария орындаған кездері қандай әдемі шықты! «Үш ұлдың қайсысы менің ұлым екен» деп Доминико біресе беттеріне бажайлай қарап, біресе ән салдырып көретін жері көңіл көтереді. Сондай-ақ, Розалия Солимене (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері​​​​​​​​​ Зибагүл Карина) деген әйелдің өмірі де адам таңғаларлық. Әкесі мұғалім, шешесі кір жуушы болған, кедей болса да тәрбиелі отбасынан шыққан әйел күйеуге шығып, үшем дүниеге әкеледі, сол кезде әлде қуаныштан, әлде «шок» болғаннан ба, күйеуі бөшкедегі суға түсіп, жантәсілім етеді. Ес-түсін білмей сырқаттанған әйел есін жиса үш баласын балалар үйіне тапсырған, құжаттары да қалмайды. Өзі кедей, өзі панасыз, шарасыз әйел қаңғып қалғанда оны Фелумене тауып әкеліп, осы үйге жұмысқа орналастырған екен. Ал финалда осы Розалина өзінің екі баласымен қауышады, яғни Фелумененің қамқорлап, ақша салып жүрген балаларының екеуі осы кісінікі екен. Енді ол да осындағы адал қызметші еркек Альфредо Аморозомен (​​​​Мәдениет саласының үздігі Аманжол Молдахмет) көңіл жарастырса деп отырдық. 

Ең соңында осы кезге дейін құйрық-жалсыз, өз қызығымен жүріп ғұмыр кешкен жалғызбасты, мұрагерсіз бай еркек Доминико үлкен отбасыға айналғанын көреміз, Итальян қалашығындағы қала оттары жанғанын көрсететін фотоколлаж да үйлесімді. Комедиялық пьесаны лирикалық драмаға айналдырған режиссерайналасы сағат жарым ішінде бреулерлердің ғұмырын сүріп көргендей сезім сыйлады. Ол заманның шығармасы арқылы бұл заманның проблемаларын, жалғызбасты аналардың мұңы, әкесіз балалардың жайы, қоғамдағы қарапайым адамдардың құқының қорғалуы жайлы айтады.  Мысалы, Филимоненің аузына: "біз сияқты қарапайым адамдардың құқы қорғалмайды"  деген сөз салады.

Эдуардо Де Фелиппоның атақты шығармасы бойынша қойылған қойылымды қазақшалаған – Тасболат Омаров. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов. Композитор – Қайрат Тоқымбетов. Хореограф  - Салтанат Сұңғат. Хормейстер – Ержан Сансызбаев.

 

         

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар