Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Көркем шындыққа айналған өмір шындығының кейбір сы...

20.06.2022 7191

Көркем шындыққа айналған өмір шындығының кейбір сырлары 12+

Көркем шындыққа айналған өмір шындығының кейбір сырлары - adebiportal.kz

Әдеби шығармадағы бедерленген көркем шындық өмір шындығынан терең арналарынан тамыр тартады, нәрленеді. Автор өмір шындығының терең қойнауларын өзінің көркемдік идеялары алатын, жеткізетін өмірлік фактілерді саралайды, сұрыптайды, жинақтайды. Керек емес фактілерді екінші планға ысырып, маңызды дегендерін іріктейді. Міне осы маңызды дегендерінен шығармадағы көркемдік шындық түзіледі. Осы өмірлік шындықты іріктеудегі көркемдік процесте өмір шындығына деген авторлық қатынаста объективті факторлар да субьективті факторларда аралас жүреді. Ал автор іріктеген өмір шындығының құбылыстары мен жеке тұлғаларға қатысты субьективті факторлардың аясында автор ұстанған идеялық платформа, бағыт-бағдар, тенденция, дүниетаным жатса ше?! Міне мәселе осында болып тұр! Көркем шығарма арқылы қабылданған оқырман санасындағы жекелеген оқиғалар мен тұлғаларға қатысты ой-пікірлер, көзқарас-тұжырымдар, не болмаса паттерн (үлгі, шаблон, жүйе) балталаса бұзылмайтын күйде өшпейді, жоғалмайды.

Міне осы автор тарапынан оқырман санасына байланып отырған көзқарас-тұжырымдар шын мәнінде обьективті ме, әлде субьективті ме оны оқырман тарапы ажыратып жатпайды. Автор тарапынан болатын осындай оқиғалар мен құбылыстарға деген, жеке тұлғаларға деген жаңсақ, теріс байлам-пікірлер көзқарастар оның дүниетанымынан, ұстанған идеялық байлам тұғырынан стигматикалық (көпшіліктің, ортаның көзқарасы – үкімі) жағдаяттардан туындап, түзіледі. Мысалға Пушкиннің әйгілі «Моцарт пен Сальери», Іляс Жансүгіровтың атақты «Құлагер» шығармаларын алайық. Біздер, оқырмандар тарапы үшін Пушкиндегі Сальери Моцарт сияқты адамзаттың ұлы композиторіне, данышпан тұлғасына у беріп өлтірген зұлым. Оның образынан өнердегі қызғаншақ жанды, опасыз, міскін жанды көреміз. Басқа түкте емес ! Сальери десе осы сипаттар көз алдымызға келеді.

Ал Жансүгіровтегі Батыраш пен Қотыраш ше ? Олардың образы бізге нені ұқтырады!? Сексен жылдан аса қазақ оқырмандарының санасына әдеби образы асқан жауыздық пен қорқаулықтың, аярлықтың, қатыгездіктің бейнесі ретінде әбден сіңді.Біздің қазақ ақындарының ішінде оларды жауыздықтың зұлымдықтың бейнесі ретінде суреттемегені кемде-кем шығар!? Некен-саяқ десе болады.

Ал енді осы тұлғаларға қатысты соңғы зерттеулер нені көрсетіп отыр! Соған үңілейік. Пушкиннің әйгілі шығармасындағы Моцарт пен Сальери ғұмырын зерттеушілер басқа қорытындыға келіп отыр. Моцарт уланбаған. Сальери у бермеген. Моцарт мәйітін экскумациялағанда өлер шағында оның ағзасынан у табылмаған! Енді қайтпек керкек?! Сальери байғұсқа қандай үкім шығарамыз?! Ештеңені де өзгерте алмаймыз! Енді біз Сальеридің Моцартқа у бермегенін білеміз. Ол пендешілік тұрғыда ақталды. Бірақ әдебиет әлемінде, көркемдік шындықты Пушкин оған көркемдік үкім шығарып қойған! Ұлы ақынның әйгілі шығармасының көркемдік құндылығы өте жоғары! Әдеби тұлғаларға, персонаждарға келгенде көркемдік шарттылықтардың осындай мызғымас, қатал өз заңдылықтары бар!

Енді Батыраш пен Қотыраш тұлғаларына оралайық. Әдеби персонаждар ретіндегі олардың бейнесі бізге түсінікті. Олай болса өмірдегі Батыраш пен Қотырашқа келейік. Батыраш пен Қотыраш өмірін зерттей келгенде екеуінің тіпті бұл оқиғаға қатысы болмай шықты. Сонау ХХ ғасырдың 20 жылдары жазылған Мағжанның «Ақан сері» атты зерттеу очеркінде де бұлардың бұл оқиғаға қатысы мүлдем айтылмайды. Кінәлілер де басқалар. Мағжан Құлагерді мерт қылған Барақбай дейді. Өнер зерттеушілері де осыны растайды! Енді қайтпек керек!? Батыраш пен Қотыраш кінәсіз болып шықты! Алайда қазақтың дүлдүл ақыны Ілиястың әйгілі «Құлагер» поэмасында Батыраш пен Қотырашқа көркемдік үкім шығарылып қойған! Оқырмандар санасындағы стериотипті де бұзу қиын. Шығармадағы оқиғалар мен құбылыстар да жеке тұлғалар да көркемдік әлемнің бір бөлшегі ретінде әдеби шығарманың көркемдік логикасы неғұрлым қуатты күшті болса, жағымсыз бейнелердің оқырмандарға деген әсері де, ықпалы да соғұрлым күшті де әсерлі болмақ. Міне, өнер заңдылығы!

Әдеби образдарға түпнегіз (прообраз, прототип) болған тұлғалар өмірде обьективті тұрғыда өз болмысына лайық, сай болса, ол әдеби шығармада сол болмысына керағар, не мүлдем кереағар сомдалуы мүмкін. Ол қаламгер ұстанған идеялық, саяси тенденцияға, платформаға, бағыт-бағдарға, дүниетанымға байланысты болып келеді. Көркем шығармада авторлық тұрғы (позиция) қалай болса, кейіпкерлер тағдыры да солай шешіліп жатады.Мысалға М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбай, Майбасар, Жиренше, Бөжей, Сүйіндік, Байсал, Алшынбай, Дүтбай, Тәкежан, Шұбар бейнелері авторлық тұрғы (позиция) арқылы сомдалып шыққан. Тек Шұбардың Дәрмен сияқты көркемдік эквиваленті жағымды сипат иеленеді романда. Сол сияқты Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романындағы Мадияр (Міржақып Дулатов), Базархан Меделханов (Әлихан Бөкейханов), Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысындағы» Науан Хазірет, Жалмұқан төре, Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романындағы Тұрлыбек Көменов, Науан хазіреттерде біз айтып отырған идеялық бағдар, авторлық тұрғы арқылы сомдалғаны жасырын емес. Бірақ кейіпкерлер көркем заңдылықтың аясында тірілік етіп, өздерінің жағымсыз сипатымен оқырмандар санасына эстетикалық әсер-ықпалымен көрінсе, алайда кейіпкерлерге түпнегіз (прототип) болған тұлғалар былайғы өмірде көркемдік әлем заңдылықтарынан тыс, автордың тенденциясынан тәуелсіз өздерінің адамдық, кісілік келбет, болмыстарын иеленіп, өмір сүрері хақ. Сондықтанда өз дәуірінің таным-түсінігінің негізінде көркемдік үкімін шығарып қойған авторларға, біз кейіпкерлер тағдырын қайта қарау талабын мүлде қоя алмаймыз! Ал Пушкиндегі Сальери ме, Жансүгіровтегі Батыраш пен Қотыраштар бола ма, олар шығармадағы көркемдік әлемнің аясында әдеби образ ретіндегі көркемдік қызметін әрі қарай жалғастыра берері хақ! Осыдан да өз ғұмырында украин халқының бостандығы үшін күрескен гетман Мазепа Пушкиннің осы аттас әйгілі шығармасында жағымсыз сипат иеленген.

Қалай айтсақ та көркем шығарманның осы заңдылық сыр-сипаты қаламгердің ұстанған әдеби ағымына, идеялық бағдарына, авторлық тұрғысына (позиция) тікелей байланысты болып жатады.Француз әдебиетінің ең ұлы тұлғасы Бальзак пен Гюгоны алайық. Бальзак – реалист жазушы да, Гюго – романтик. Әдеби мәселелерде екеуінің тарысы піспейді, басы бір қазанға сыймайды. Екеуінің әдеби ағым, бағыттары да, идеялық бағдары да екі түрлі. Гюго – республикашыл бағыттың өкілі болса, Бальзак – монархиялық, реалистік (корольдік өкімет) бағытты қолдаушылардың бірі.

1830 жылы Бальзак Францияда көп кездесетін романтикалық үйірмелерді ащы мысқылға алатын «Романтикалық акафистер» (мадақтаушылар) атты қызғылықты очеркін жариялайды. Осындай романтикалық салондарға ақын-романтиктерді ұнататын оқырман қауым жиналып, жаңа шығармалар тыңдауға келетін. Бальзак осындай үйірмелердің отырыстарын мысқылға алады.

Бальзак ХVIII ғ 20 жылдарындағы романтикалық үйірмелердің сыртқы эффектіге құрылған романтиктардың «жаңашылдығына» қатты мән беретін мінездері мен талғамын өткір сынға алады. Осы кезеңдерде ол Гюгоның «Эрнани» драмасына рецензия жазады. 1830 жылы сахналанған бұл қойылым ескі классикалық театрды күйретуде елеулі рөл атқарады. Бірақ бұл шығарманы Бальзак басқа қырынан реалист-суреткер ретінде сынайды. Оған драмадағы Карл V образының сомдалуы көңілінен шықпайды. Бальзак былай деп жазады ! «Бұл Карл V пе! О, Құдайым! Виктор Гюго тарихты қайдан оқыған? Ол мүмкіндігі болса монсиньор герцог Орлеанскийдің музейіне не галереясына барсын! Карл V-тің портретінің алдында жарты-ақ сағат тұрсын! Сонда ғана ол мүмкін тіпті Дон Карлостың өзіне де бірде-бір оқиға немесе сөзді жапсыруға болмайтындығын түсінер еді.

Өзінің идеялық тұрғыда қарсыласы болса да Гюго Бальзактің қабірінің басында тұрып: «Ол қаласын, қаламасын, келіссін, келіспесін, осы бір асқақта, таңғажайып туындылардың авторы төңкерісшіл жазушылардың кесек те ірі буынына жататыны сөзсіз», - деп ағынан жарылады. Бұл ұлыны ұлының түсінуі деп білеміз. Идеялық бағдарлары тоғыспаса да. Бұл жерде Бальзак сияқты ұлы реалист жазушының өмір шындығын шынайылықпен шыншыл, бейнелеуі оның идеялық бағдары мен дүниетанысына қайшы келгендігін айтуымыз қажет. Гюго сияқты ұлы жазушының меңзеп отырғаны осы болса керек.

Бір қаламгерді екінші бір қаламгердің өз шығармасына түпнегіз (прототип) қылып алып аяусыз сынауы ағылшын әдебиетінің тарихында да кездеседі. Әлемге әйгілі «Ұлыма хатты» жазған, ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен ағылшын жазушысы, публицист тарихшы Честерфилдт деген болған. Осы бір халыққа қадірлі тұлғаны ағылшынның ұлы жазушысы Ч.Диккенс «Барнеби Редж» (1841) атты романына кейіпкер етіп алған. Алғанда жай алмай, Джон Честер деген атпен карикатуралық образ ретінде алып, қадірлі тұлғаны оқырман жұртшылық алдында әбден масқаралап, сынайды. Оқырмандар қауымы болса Честерфилдтей адамның Джон Честер секілді жексұрын кейіпкерге айналуына қарсы шығып, түпнегіз (прототип) болған тұлғаны қарғап, сол кездегі баспасөз беттеріне дүркін-дүркін хат жазған екен. Әдебиетшілер қауымы өзара айтысқа түскен!

Енді орыс әдебиетінің тарихындағы Достоевский мен Тургенов сияқты ұлы тұлғалардың басындағы кепке оралайық. Достоевскийдің идеялық бағыты – туған топырақ пен ескі укладтағы орыстың ұлттық құндылықтарын уағыздайтын славянофилшілдік болса, Тургеновте – батыстық құндылықтарға иек артатын либерализим бағыты. Достоевский мен Тургеновтың тіпті жай тұрмыстағы қарым-қатынасы онша болмаса керек. Парижде тұрмыс тапшылығын үнемі сезініп қаражат жетімсіздігін көріп жүрген Достоевский Тургеневтен елу таллер қарыз ақша алса керек. Бірақ оны Достоевский дер уақытында қайтара алмаған сыңайлы. Осы кикілжіңнің арты дау-дамайға, соттасуға ұласып, Тургенев: «Достоевский менен елу таллер емес, жүз таллер алған», - деуге дейін барады. Бұл тұрмыстағы келіспеушілік болса, ал идеялық тұрғыда екеуінің ұстанған бағыты кереғар келіп, олар кездескенде Ресейдің болашағы жөнінде әңгімелескенде, әңгімелерінің арты үнемі бітіспес дауға айналатын болған. Бадендегі кездесулеріне Тургенев Достоевскийдің шынайы орыс патриоты мен христиандық сенімдегі сезімдерін қорлайды. Әрине мұның бәрін Достоевский ұмыта қоймайды. Достоевскийдің замандасы Е.Н.Опочинин 1879 жылғы 19 желтоқсанда Достоевскиймен Тургенев жайында әңгімелескен екеуара сұқбатын былайша еске алады: «Федор Михайлович Достоевский. Наружность незначительная; немного сутуловат; волосы и борода рыжеваты, лицо худое, с выдавшимися скулами; на правой щеке бородавка. Глаза угрюмые, временами мелькает в них подозрительность и недоверчивость, но большею частью видно какая-то дума и будто печаль. В разговоре временами взор загорается, а иногда и грозит (разговор о Тургенева). Он всю мою жизнь дарил меня своей презрительной снисходительностью, а за спиной сплетничал, злословил и клеветал! …А талантам его Бог не обидел: может и тронуть, и увлечь. Но все-таки даже и в самых молодых и как будто бы искренних его вещах чувствуется как бы преднамеренность, какая-то холодная снисходительность. Чувствуется, что он совсем не любит того, кого сталь трогоательным образом описывает. Словно игра одна актёрская, смотрите мол, как я умею чувствовать. Даже и слезами иногда разольется».

Опочинин: «Фёдор Михайлович сөйлегенде қатты күйгелектенетін, қолдарын еркінен тыс сермеп, не үстелдегі қағаздарды аударыстырумен болды. Тек соңында қанша ащы сөздерді келтірсе де ол ақырын, жайымен сөйлесе де, бірақ оның езуінен мысқыл күлкі табы кетпеді», - деп еске алады осы бір сұқбат жайында (Соколов Б. Расшифрованный Достоевский. Москва «Эксмо», «Яуза» 2007. стр. 239-241).

Тургенеевтің соңғы романы «Дым» («Түтін») 1867 жылы «Руский вестник» журналының N3 санында жарияланған. Жеке басылымы 1868 жылы жарық көрді. Роман алты айдың ішінде жазылып шықты. Романның негізгі ой-қазығы, ой-өзегі тіпті ертеректе Тургенеевтің философиялық, әлеуметтік-саяси дискуссияларынан кейін туындап пісіп жетілген сияқты. Бадендегі Достоевскиймен болған дискуссия да ұмыт қалмаған.

Тургенеев бұл шығармасында Губаревтің (Н.Огаревке емеурін) басшылығындағы «еркін ойлылар» қауымын суреттей отырып, оларға деген ащы мысқылына ерік береді. Романдағы Ворошилов – ақын К.К.Случевскийдің прототипі болса, Губарёв Огарёвтың прототипі екен. Романның композициясында дәстүрлі композициядан өзгешеліктер бар. Көркемдік шешім, кульминациялпр байқалмайды. Романдағы әйел образы Ирина Осинина да, Тургенев сомдаған әйелдер образынан өзгеше, характеры тосын, жаңашыл. Басты кейіпкерлер көрінбейді. Алайда, байқампаз оқырман роман желісіндегі оқиғалар Литвинов пен Попугин сияқты кейіпкерлердің төңірегіне жинақталғанын байқайды. Романда мемлекетшіл-патриот Григорий Литвинов пен Созонт Потугиннің арасында Ресей тағдыры жөнінде дау өрістейді. Романдағы барлық дискуссия да осы даудан өрбиді. Романның «Түтін» («Дым»), аталауында үлкен мән Тургеневтің «Дым» романын оқыған көзі қарақты, сұңғыла, аңғарымпаз, ойлы оқырман 1867 жылдары айтылған Ресейде көптеген мәселелердің тіпті осы күнге дейін шешімін таппаған зәру мәселе екенін аңғарады. Бұл жерде Литвинов сияқты кейіпкердің сезімінің екі әйелдің (Ирина, Татьяна) арасында қақ жарылуын, көптеген мәселелердің Ресейдің тағдырында күні бүгінге дейін дилемма (екі ұдай) болып тұруы шығарма атауының («Дым») неге осылай аталғандығынан хабардар етсе керек.

Ал Потугин сияқты кейіпкердің бойында автордың қоғамның демократиялық бөлігінің батысшыл позициясын білдіретін авторлық позиция жасырылған. Осыдан романдағы Литвинов-Достоевский, Потугин-Тургенов желісі айқындалады. Потугин шығармада Белинскийдің батысшыл идеяларын келтіреді. Ал Тургенев өзін Белинскийдің шәкірті санаған Потугин де Тургенев сияқты білімді, оқыған адамдар халыққа Батыс өркениетін тарату қажет деп санайды. Орыс халқының тарихтағы өзіндік орны мен өзіндік ерекшелігі деген мәселені Потугин де Тургенев те асыра айтылған деп санайды.

Тургеневтің «Дым» романына қатты шамырқанған Достоевский жеке кездесуінде автордың Ресейдің төлтума өзіндік ерекшелік идеясына қатысты пікірін білдірмек болады. Алайда Тургеневтің жеке ой-пікірі ешқандай да төлтума орыстық бастаулардың жай сөз екенін, барлық жол соқпақтар Еуропа өркениетіне бұрылады дегенге саятын. Мұндай ой-пікірді қабылдамаған Достоевский Иван Сергеевичке телескоп сатып алып, өзі тұрған шетелден отанының алыс қиырларына көз жүгіртіп онда не болып жатқанын бақылаңыз деген кеңес береді. Осылайша екі жазушының арасында салқындық, өшпенділік қарым-қатынас орнайды.

Тургеневке деген ұзақ жылғы өшпенділік Достоевскийді «Дымның» авторынан өте қатал әдеби кек алуға итермелеп, қанаттандырып отырды. Оның «Бесы» («Жындар») романындағы жазушы Кармазинов жазушы И.С.Тургеневтің түпнегізі (прототипі) болып табылады. Достоевский туралы ғұмырнамалық очеркінде Е.Соловьев Достоевский «Жындар» («Бесы») романында жазушы Кармазинов арқылы Тургеневті аса қатты әжуаға алғанын жазады. «Жындарда» ол ұлы жазушы Кармазинов бейнесі арқылы «бадендік буржуаның» келбетін беруге тырысқан. Бадендегі Тургеневтің орыс патриоты және кәміл христианын ретіндегі Достоевскийді айыптап, намысына тиген жайды ұмытпай, ол «Жындарда» («Бесы») өзін қорлаған жәбірлеушіден өте өшпенділіпен кек алады. Достоевскийдің Тургеневке (Кармазинов) карикатурасы өзінің көркемдік биігі тұрғысынан «Степанчиково селосы және оның тұрғындары» («Село Степанчикове и его обитателях») атты шығармасындағы Гогольге деген карикатурасынан бірде төмен емес деп айтады зерттеушілер.

Тургеневтің кейіпкерін Литвинов деп атағаны Достоевскийдің арғы бабасы бояр Данила Иванович Иртищевтар Речь Поспалитаядан шыққан. Ол кезде осы өңірдегі белорустарды литвиндер деп атаған. Тургенев осыны меңзесе керек.

Енді қазақ әдебиетіндегі осы мәселелердің жәй күйіне оралсақ. Идеялық бағдарлары қарама-қарсы Сәкен мен Мағжан арасында да осындай қарым-қатынас орнады. Екеуі XX ғасыр басында бір уақытта, бір қалада, біо рқу орнында қатар оқиды. Бұл жайында әдебиеттанушы ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Қазақтың «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенінің кері келді. Алла-Тағалам Омбының көп оқу орындарының ішінде Сәкен мен Мағжанды бір семинарияда тоқайластыруы – таңқаларлық кездейсоқтық. Бір-бірін күнде көріп жүрген адамдардың түсінік-қатынасы онша жайлы бола бермейді. Оның үстіне шығармашылық қабілеті барлардың бірін-бірі менсіне, мойындай қоюы да қиын сауда. Сонсын, мінез-құлықтың да атқарар «қызметі» аз емес», - деп жазды.

Сәкен мен Мағжан арасындағы идеялық тұрғыдағы келіспеушілік Омбыда оқып жүрген жылдардағы жастар арасындағы «Бірлік» қоғамындағы пікір талас кештеріндегі қайшылықтардан бастау алса керек. Сәкен 1916 жылдың қаңтарында «Бір...яш» деген өлең жазады. Өлеңнің атауындағы «яш» сөздік кезінде Мағжан ақынның Уфада, татар, башқұрт арасында оқығанын меңзеп отырғанын түсінеміз. Сәкен:

Қазаққа татарға

«Таң болып» атарға,

«Тр-тр» ұштым, тырыстым

Кіруге қатарға.

Жақыңды жақтадым,

Ақаңды мақтадым,

Жүсіптен жасырып,

Сөз алдым асырып,

Абайдан абайлап,

Тоқайдан тоқайлап,

Сөз алдым білдіртпей,

Көп ойлап, «шең» ойлап.

Онымды ақтадым.

Жай қарап жатпадым,

Сөзімді сатпадым.

Кітапша бастырдым,

Жан-жаққа шаштырдым. –

дейді. Бұл жерде Сәкен Мағжан болып, сөйлеп отыр. Бұған Мағжан да қарап қалмай, кекесін сипатты «Заманымыздың ақыны» деген өлеңінде Сәкенге қарата, Сәкен боп сөйлеп, былай дейді:

Терезеге қараймын,

Қарындашты жалаймын,

Келтіремін деп өлшеуге.

Сөздерді іштен санаймын.

Басқаға мойын бұрмаймын,

Бітірмей жазып тұрмаймын.

Не керек жұрт сезбейді,

Ақырын Феттен ұрлаймын.

Сәкеннің бұлардан басқа «Ұлтшыл ақынға» деген өлеңі де бар. Қысқасы екі ақынның өлеңінде де ащы мысқыл, кекесін басым. Шығармаларында қарсы саяси таптың өкілдері қатты шенеліп, сыналатын жазушылардың бірі – Сәбит Мұқанов.

Сәбит Мұқановтың шығармашылығы жайында белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, сәбиттанушы Құлбек Ергөбеков былай деп жазды: «...Көзі тірісінде даңқ тұғырына көтерілу, халық айтқан марапат сөздерді есіту – сөз жоқ, жазушы бақыты. Міне, осындай соқпа-соқпасы көп, тар жол тайғақ кешулерден өткен Сәбит Мұқанұлы тағдыры күрделі жазушы болып тұлғаланады. Алайда, қайталап айтамыз, бұл тақтайдай тегіс жол емес. Сәбит Мұқанұлы үлкен жазушы бола жүріп үлкен қателіктерге де ұрынды.

...Алайда ол жылдары адасқан бір Сәбит Мұқанұлы емес, бірсыпыра қазақ жазушылары бар еді. Ол жылдары адасқан бір қазақ жазушылары емес, бүкіл Кеңес жазушылары. Адастырған уақыт. Адастырған – үкімет пен партия басшылары. ...Бұл – Сәбит Мұқанұлының көзқарасына, өмір жолына қатысты мәселе. Өмір жолына ғана қатысты ма? Шығарма – дүниетаным жемісі. Сондықтан бұл қате көзқарас оның шығармашылығына да біраз салқынын тигізді. Жиі жазылар публицистикалық мақалаларында Алашорда өкілдері туралы ащы айтылған сөздер бар. «Адасқандар», «Теміртас», «Жұмбақ жалау» романдарында да қазақтың оқыған бірсыпыра азаматына (Алашорда өкілдері) ызғар төгіледі. «Теміртас» романында Смағұл Садуақасовтай аяулымыз жамандалады. (Құлбек Ергөбек. Келбет. (Сәбит Мұқанов тағдыры) «Фолиант» баспасы. Нұр-Сұлтан, 2020. 6-10 б.б).

Жазушының «Ботагөз» романындағы Алаш оқығандары – Базархан Меделханов (Ә.Бөкейханов), Мадияр (М.Дулатов), Сарыбас іс-әрекеттерін ерте кезең оқырмандары теріс бағалады. «Адасқандар», «Мөлдір махаббат» романдарындағы Жақыпбек Дәуітовтың түпнегізі – Мыржақып Дулатов, Жүнісбек Мауытбаевтың түпнегізі – Жүсіпбек Аймауытов, Әзімбай Қыдырбаевтың түпнегізі – Сейдәзім Кәдірбаев. Өмірде бұл оқығандар Сұлтанбек (Бүркіт), Бәтимаға (Бәтес) қамқор жандар. Мыржақып Сұлтанбекке де Мұстафаға да туған нағашы болып келеді. Алайда өмірдегі осы абзал жандар романда екі жастың махаббатына қарсы, ескіліктің сойылын соғушылар болып шыққан. Тіпті Сұлтанбектің (Бүркіт) өмірдегі мейірбан әкесі – Әбеудің өзі жырынды, қатыгез жанға айналған. «Уақыт желінің қалай құбылып соғарын күні бұрын біліп отыратын барынша әккі, мейлінше жырынды Әбеудің тұптұлғасы да – Әбеу. Бірақ өмірдегі Әбеу өнердегі Әбеуге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өмірдегі Әбеу жаңаның жағдайын; оқудың қадірін білетін көзі ашық, көкірегі ояу жан. Сұлтанбекті (Бүркіт) жастайынан оқуға беруінің өзі сол ілгерішіл көзқарас көрінісі. Романда ұнамсыз кейіпкерге айналып соры қайнаған әкенің жалғыз жазығы – баласы Сұлтанбектің Бәтиманы жар етіп алуына қарсылығы» - деп жазады профессор Құлбек Ергөбек.

Екі роман да көркемдік-эстетикалық тұрғыда өте биік өреде жазылған туындылар. «Ботагөз» – С.Мұқанов қана емес, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зор табысына кепіл» (Р.Нұрғалиев). «Мөлдір махаббат – қазақ әдебиетіндегі дәуір психологиясын, адамдар – жан-дүниесін недәуір сәтті ашқан әлеуметтік-психологиялық роман» (Қ.Ергөбек).

Көркем туынды дүниеге келді. Енді ондағы жағымсыз сипат иеленген кейіпкерлерді, тұлғаларды қайта сомдау біздің де автордың да ырқындағы нәрсе емес! Бұл көркем образдардың жағымсыз сипат иеленуі сол кездегі дәуір психологиясынан, дәуірдің саяси талап-тілектерінен, автор ұстанған тенденциядан туындаған көркемдік үкім болатын. Өнер заңдылығының бір қыры осындай!

Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы мемуарлық жанрда жазылғандықтан онда түпнегіздер жоқ. Барлығы да өмірдегі кейіпкерлер. Жанр табиғаты осылай. Ал енді жазушының екі шығармасы – «Бандыны қуған Хамит» пен аяқталмай қалған романы «Біздің тұрмыста» түпнегіз «прототип» бар. Ол «Бандыны қуған Хамиттағы» Хамит пен «Біздің тұрмыстағы» Аян мен Қайыпназар. Хамитта 20 жылдары (ХХғ.) Көкшетауда политотдел де (саяси басқарма) қызмет еткен Сәбит Мұқановтың тұлғасы сомдалған.

Бірақта Хамиттің сом тұлғасы мен кескін келбетін өз болмысынан көшіріп сомдаған, «Біздің тұрмыстағы» сайранды сүйер, сері болмысты Аян мен болмысы жоғары, парасат иесі Қайыпназар Сәкеннің өз бейнесі. Осы жерде жазушы өз бейнесін екіге жарған. Тұлғаның екіге жарылуы – модернизм жемісі.

Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, публицист, экономист, Алаш ардақтысы Смағұл Сәдуақасұлының өз кезеңінде халыққа белгілі, екі үлкен қаламгерді түпнегіз (прототип) етіп алған екі шығармасы бар. Олар – «Күміс қоңырау» мен «Күләш» әңгімелері. «Күміс қоңырау» «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы 10-11, 12 және 1928 жылғы 1-2 сандарында басылған. 1993 жылға дейін баспа жүзін көрмеген. «Күлпәш» «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы 6 және «Әйел теңдігі» журналының 1927 жылғы 4,5 сандарында жарық көрген. Содан кейін баспа бетін көрмеген.

«Күміс қоңыраудың» басты кейіпкерлері – оқыған жігіт Сейілбек пен қазақтың сұлу қызы – Сәлима. Әңгімедегі сюжет желісіне, оқиға басына көз жүгіртіп отырсақ, көп нәрсенің беті ашылғандай. Оқыған жігіт Сейілбектің бойынан, өмірдегі Сәкен Сейфуллин болмысын танысақ, Сәлимадан – Сәкен сүйген сұлу, халық арасында «Көкеш сұлу» атанып кеткен өмірдегі Гүлнар Мусина деген қазақ аруын таныдық. С.Сәдуақасұлы өмірдегі бір болып өткен оқиғаның ізімен осы әңгімені жазған сияқты. Әңгімедегі Қошқарбай, өмірдегі Сәкеннің жан-достары Әлкей мен Қаскей Өтекиндер тұлғасынан алынған сияқты. Осы бір сәтсіз махаббат драмасы арқылы көркем шығарма мәтінінің өн бойында жазушы идеялық тұрғыдығы қарсыласы Сәкенді, оның көркем образы арқылы шенегісі, айыптағысы келген сияқты. Бұған да біз ештеңе айта алмаймыз. Авторлық тұрғы (позиция), оның идеялық бағдарына бағынған көркем туынды өнердегі өз заңдылығына бағынып, үкім, көркемдік шешімін шығарған.

Жазушының екінші әңгімесінің кейіпкері – Жұмажан. Бұл әңгімедегі Күлпәштің сүйген жігіті оқыған азамат, Жұмажан. Әңгімені бажайлап оқып отырғанда, бұл кейіпкердің түпнегізінде Мағжан ақынның болмысы сұлбаланып көрінетін сияқты. Осы ойымызды шығарманың соңындағы бір эпизод айғақтайтын сияқты. «Күлпаш тағы да есіктің ілмешектерін салды да сандығынан бір орамалдық ақ бәтесті алып, қайтадан кестелей басталды.

Кестелеп отыр... кестелеп отыр, Түн ортасы болды. Күлпәш әлі отыр. Кестелеп отыр. Түн ортасынан ауды. Ауылдың бәрі ұйықтады. Жым-жырт Күлпәш әлі отыр.

Күлпәштің есі-дерті таң атқанша осы орамалды кестелеп бітіру. Бұдан басқа көңілінде ешбір ой жоқ. Анда-санда ақырын дауыспен әнсалып қояды.

Күлпәш отыра берді. Орамал кестелене берді. Ақырын ғана анда-санда ән салып қояды:

Орамалды жарыма

Бітірем қашан кестелеп.» (Смағұл Сәдуақасұлы. Таңдамалы 1993. 178-179б.б).

Зер салып отырсақ Күлпәштің бұл ақырын әндетіп отырған өлеңі – Мағжанның «Орамал» деген туындысы екен. Кейіпкер мен Мағжан қатынасына автор осылай емеуірін танытып отырғандай.

Ендігі біздің тағы бір тоқталғалы отырған жазушымыз – кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің негізін салушы классик жазушыларымыздың бірі – Бейімбет Майлин. Бейімбеттің оқырмандарға мәлім шығармаларының бірі – «Азамат Азаматыч» романы. Романның басты кейіпкері – Азамат Азаматычтың түпнегізі (прототипі) зерттеушілердің пайымдауынша Сәкен Сейфуллин екені ақиқат. Ал романдағы жұбайы Мәриямнан – Сәкеннің ертеректегі алғашқы жары болған – Рахиманың бейнесі сұлбаланып көрініс береді. Кейіпкердің Азамат аталуы – Сәкеннің «Жас қазақ марселъезасындағы» азамат деген сөзге екпін, акцент беруімен байланысып, бұл атау Сәкеннің болмыс-бітімін айғақтайтын сияқты болып көрінеді.

Романдағы Азамат Азаматычтың қызмет ететін қаласы – Қарасай, ол Сәкеннің революциялық қызметі өткен қала – орыстар Акмолинск, ал қазақтар Ақмола атаған қала. Ал сонда Қарасай мен Ақмоланың қандай байланысы бар? Енді осы атауға бажайлап, үңілсек. Ақмоланың бекініс ретіндегі алғашқы атауы Қараөткел бекінісі емес пе еді? Олай болса Қараөткел мен Қарасай туыстас ұғымдар ретінде көрініс беріп, жазушы романында Қараөткел Қарасай атауына көшкен, ауысқан. Өмірде Сәкеннің қайын атасы, Рахиманың әкесі бай көпес, Уәли Халфин болса, романда Азаматтың қайын атасы – Жүндібай қажы. Ал енді осы жағымсыз сипат иеленген Жүндібай қажының бәйбішесі, Мәриямның шешесі Ақбілек деп аталады. Алашшыл бағыттағы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың романының атауы да Ақбілек. Бұл жерде жазушы өзінің идеялық қарсыласы ретіндегі қаламгердің шығармасының атауын бір шымшып қалып отырған сияқты.

Романда тағы бір жағымсыз сипат иеленген кейіпкер бар. Бірақ оның есімі аталмайды. Ол Мәриямның бұрынғы сүйген жігіті. Ол Мәриямға арнап «Қазақ қызы» деген роман жазған тапал бойлы, қара сұр жігіт, Мәриямды қиылып сүйетін жазушы. «Жас» Мәриям, «еркектен қорқатын» Мәриям, ойынын үдетемін деп жүріп өзі қақпанға іліккенін білмей қалды: егілді, елжіреді, «от боп» жанды!

Қою қара шаш,

Ақ жүзді бермен аш,

Айым күнім туды

Ал білегім айқас! -

деп сүйетінді шығарды әлгі «жазушы!» - дейді роман авторы. Романдағы осы Мәриямды сүйетін, жағымсыз сипат иелеген, «Қазақ қызы» деген роман жазған жазушының түпнегізі (прототипі) кім деп ойлап көрдік пе? «Қазақ қызы» деген романның атауы біраз ойларға жетелейтіндей. Әдебиетіміздің өткен тарихына бажайлай бағамдасақ, «Қазақ қызы» деген роман жазбаса да осы романға тікелей қатысы бар бір тұлға суырылып алға шыға береді. Ол – қазақтың талантты да ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев. Мағжан әрине «Қазақ қызы» деген роман жазған жоқ. «Қазақ қызы» романы жазған Мағжан Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқығанда, оның сүйікті ұстазы болған, татардың әйгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов. Роман 1911 жылы жарық көоген. Оған Ғалымжан Ибрагимов Мағжанның 1910 жылдары жазылған «Айға» деген өлеңінің мына бір:

Кең дала көресің ғой анау жатқан,

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан,

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

Әне сал анам еді мені тапқан, -

деген шумағын эпиграф етіп алған: Жазушы қарсы бағыттағы қаламгердің образын беруде ащы юмор мен иронияны аяп қалғаны көрініс береді.

Өздеріне қарсы бағыттағы қаламгер бейнесі Ілияс Есенберлиннің «Қатерлі өткел» романында да суреттеледі. Романдағы қазақтың ескі оқыған, зиялы қауымының өкілі, солардың жетекшісі, көсемі ретіндегі ақын Ақан бейнесі – көз алдымызға қазақ ағартушысы, ақын Ахмет Байтұрсынов тұлғасы әкеледі. Романдағы Ақанның шәкірті Бүркіттің тұлғасындағы – қазақтың қос қаламгері Мұхтар Әуезовтің де Мағжан Жұмабаевтың да тұлғалары қатар сомдалғанын байқаймыз. Ақан бейнесінде сонымен қатар Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың тұлғасы тұрғанын да ұмытпауымыз қажет. Ал кедей, жарлы-жақыбайлардың сөзін сөйлейтін, халықтан шыққан Хасен бейнесі – өз-өзінен Сәбит Мұқанов бейнесін көз алдымызға әкеледі. Осы романда адасқан Бүркітті түзу жолға салады. Мұнда сол кездің идеялық таным-түсінігі жатыр. Қорыта кеткенде, кезінде әр түрлі идеялық бағдар, бағыт, таным ұстанған қаламгерлердің көркем туындаларындағы кодталған, ширфленген көркемдік түйіндерде алып, жітірек тану алдағы уақыттағы міндеттеріміз болмақ!

Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар