Фәнидің қызығы күлкі мен көз жастың арасында. Жылап келіп, күліп өтетіндей өмір сүр деп үйретеді пәлсапашылар. Бірақ күліп өмір сүру үшін адам алдымен жылап үйренуі тиіс екенін ескертпейді. Егер жылай алмасаң, ендеше риясыз күлкінің де қадірін жете түсінбессің. Күлген адам сол сәтте жүрегі қан жылап тұрған адам ғой. Яғни, оның сыртқы әлпеті мен ішкі жан дүниесі теңгерімде. Тақуаның күш-қуаты үнсіздігінде. Айғайшының бар ниеті – назарға шөлдеуінде. Бұл да теңгерім. Қарама-қайшылықтардың қиюласуынан өмірлік нәрдің теңгерімі туады. Сол теңгерімнен өмірдің мәні пайда болады.
Айналаға қарасақ, көз жасы кеуіп кеткен миллиондаған адам жүр. Көз жанары нұрсыз, түпсіз. Олар жылай алмайды. Өмірден түңілгені сонша, жылайын десе, бір тамшы жас шықпайды. Тасжүрекке айналған. Егер адам шын күлмесе, онда ол жылай да алмай қалады екен. Кім шын күлсе, сол адамның жылауы да табиғи. Егер адам шын күліп, шын жыласа, әлі де өмір сүріп жатқаны. Сіз өмір сүріп жүрсіз бе? Әлде тірі өліктің кебін киіп жүрсіз бе? Әр адам белгілі бір белеске келгенде «Осы мен не жақсылық жасадым?» - деп өзінен есеп алып отырғанын абзал дейміз. Бірақ бұл сұраққа тұшымды жауап беретіндер қатары сирек. Негізі әр адам өмірінде шын жүректен алғысын тек көз жасымен айтады екен. Кейде тиктоктағы бейнероликтерден африкалық балаларға әлдекім қайырымдылық жасап, су жаңа кроссовки сыйлағанда, жата қап жылағанын көресіз. Қосыла жылайсыз. Себебі, риясыз алғыс. Мөп-мөлдір. Шын жүректен. «Мен жыласам, ел не дейді» демейтін алғыс. Тас қаланың өркениеті көз жасты адам болмысының сипаты емес, осалдығы деп қана сіңіріп жатыр. Бұл да адамзатты өз қалыбынан ажыратудың бір амалы шығар. Осындайда қазақтардың о дүниеге аттанған адамға арнап айтатын жоқтауының терең психологиялық астары болғанын пайымдайсың. Өлген дүниенің бәрі жоқталуы керек. Адам, сезім, құбылыс. Сонда көңілдің кірі жуылады. Көз жас өзінің болмысты жетілдіретін қызметін орындағаны. Себебі, көз жас адам жүрегін сезім елжіреткенде ағылады. Оны ұстап, шектеп қою мүмкін емес. Ырықсыз. Көз жастың бәрі қайғының салдары емес. Кейде жоқтау, кейде разылық, кейде махаббаттан болып жатады. Жүректі толтырған сезімнің табиғатына қарай көз жасың еріксіз ағылады. Кей адам дұға жасағанда, Жаратушының мейірімін сезінгенде жылайды. Көздің жасы дүниені тануды үйретеді. Өйткені, жылаған көз жанары ғана шындықты анық көреді екен. Өмірдің шын ғажабы мен кереметін сезіндіреді. Сүйінші хабардан жылайтындар бар. Бұл да жүректегі сезімнен. Көргеніңе, жеткеніңе, сезінгеніңе тәубә дейсің. Психологтар жылаған адам мен күлген адамның айырмашылығы жоқ дейді екен. Эмоциясын шығаратын адам – болмысы бүтін адам. Біреу сезімін көз жасымен шығарса, біреу күлкімен шығарады. Интроверт оңашада жылап алғанды құп көрсе, экстраверт елдің көзінше күліп алғанды жақсы көреді. Бұл фәнидің өзі екі түрлі тарапқа бөлінгеннен – ер мен әйел, жақсы мен жаман, күн мен түн, өмір мен өлім. Әлемнің дуалды танымын бірдей түсіну – адамзаттың эволюциясына әсер ететін фактор.
Жалпы күлкі мен көз жастың астарына үңілуге итермелеген Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі және көз жасы» кітабы еді. Қазақтың жаны үшін күрескен қайраткердің жылдар бойы ашық айтып өткен өмірлік көзқарастарын білдіретін эссе, әңгімелері. Бұл кітаптан тәуелсіз отыз жылдың ішіндегі қоғамдық формациядағы өзгерістер мен өзгермей қалған қағидаларды айқын көресіз. «Әкелер мен балалар» деген сатиралық әңгімесіне жазған эпиграфы ретінде алынған мәтелі назар аудартты. «Атам, анам бар болсын, аузы-мұрын жоқ болсын». Әрине, әке мен бала деген мәңгілік майдан, мәңгілік ерегес талай толымды шығармалар арқау еткен тақырып. Уақыт кеңістігіндегі заманға деген талас, заманға деген соны көзқарас пен ескі көзқарастың арпалысын сипаттаған ирония ойлантпай қоймады. Өткен мен бүгіннің ақиқаты әр түрлі екенін, бір-бірін құрметтеу арқылы ғана тыныштық орнатуы ықтимал екенін, шындап келгенде мәні жоқ тайталастың ешкімге пайдалы болмасын, кім көрінгенге күлкі болу екенін көрсету. Қадірсіз сақал, қышыған қызыл иек, озандаған құлын дауыс, өндіршегі зор, тексіз тантық, қуаяқ жырынды дегеннің бәрі сол мәңгілік тақырыпқа тұздық бопты. Бастысы, иерархиялық патриархалды қоғамдағы үлкен мен кіші, ақсақал мен бозбаланың арасындағы диалогтың парасат даңғылынан ауып кетіп, кедір-бұдыр тар сүрлеуге түскенін еске салған. Үлкен үлкендігін істемей, кіші кішілігін істемейтінін айқындаған көзқарасты астарлап жеткізген. Санасы шау тартып, алжуы басталып кетсе де, атақ-дәрежеден дәметкен ақын-жазушылар, күш-қуаты кетсе де, абырой-беделден жұрдай болса да, креслоға жабысқан саясаткерлер, зейнеткерлікке шықса да, ақшасын қимай, шәкірт алдында сүйкімін кетірген ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер көз алдыңа елестеп кетеді екен. Өмірдің шындығы. Шұрық-тесік джинсы киіп, шашын белден жалбыратқан, қолында «Дизиі» бар бозбаланың көше сыпырып жүрген қарияға ерегесіп, қалбырын көзінше лақтырып кетуі де осы әңгіменің бір қалтарысында тұрғандай. Бұл да біздің өмірдің бір шындығы. Қабыспай жатқан тәрбиенің ақсаған, тоқыраған, тозығы жеткен тұсын ашып көрсету – түзеуге тиіс дүниеге назар аудартқаны. Ұлттық тәрбиенің уыстан шыққаны. Білімнің тиянақсыздығы. Ғылымның жүйесіздігі. Аманатқа қиянат жасалғаны. Ұрпақ деген аманат, сол аманатқа түрлі эксперименттер арқылы кесіріміздің тиіп жатқанына «замандастың бәрі виноват» екенін көресіз. Бізге өзгеріс керек! Ұрпақтың көз жасы кімнің мойнында?
Мансапқұмарлықтың жұқпалы дерті туралы «Түсінікті» деген әңгімесінде қысқа да нұсқа суреттеген. Өзін бағалаудың шегін білмесе, адамның астамшылдыққа ұрынуы оп-оңай. Әсіресе, өзін өзгемен салыстырудың түбінде опық жегізетінін ап-айқын көрсеткен. Көрер көзге, әрине. Сөзді сол күйі жұтып қоятындар қаншама?! Айнаға қарап шаш тарау деген өзгенің алдында өз менін өсіру деп ойлайтындардың заманында ол да мүмкін екенін түйсінеміз. «Шойын бақа» әңгімесінде «Ауылдасымызбен сөйлессек – әдепкі әңгіме, «басқалармен» әңгімеміз – жатқан саясат» деп басталады. Қазіргі саясаттың ұстыны, рушылдық, жершілдіктің белең алуы, шенділердің команда жинауды мақтанышқа айналдыруын әжуалаған әңгіме. Жағымпаз, жарамсақ, жалбақ, жалпаң, жәркелеш, жәреуке, құлдық ұрғыш мінездің қыр-сырын мейлінше қанық қылып сипаттаған. Қазақтың бір қисық мінезі осы тақылеттес келетіні әмбеге аян. Бұл да өзін өзгемен салыстырумен өсуді көздейтін теріс жолдың бірі. Өсу, жетілу – өз менін толықтыру екенін ескеру. Әр адамның мансап жолындағы тазалығы – өз ниетіне, амал еткен іс-әрекетіне сай бағалануы тиіс екенін пайымдататын әңгіме. Руластың, ауылдастың мансабынан әлдене дәмету – құймышаққа жабысқан боқты ғана елестетінін көрсеткен әңгіме. Осындайда бір ғұлама туралы аңыз еске түсе кеткені. Ғұлама бір күні киелі ағаштың түбінде отырса, оған бейтаныс тобыр кеп, әбден келемеждеп, кекетіп, мұқатыпты. Бірақ ғұлама ләм-мим деп жауап қатпаған. Сонда шәкірттері: «Бізге батаңды берсең, мына надандардың аузын жабайық» деп дат сұрапты. Ғұлама сәл жымиып: «Олардың мені келемеждеуден қандай рақат сезімге бөленгенін көрдіңдер ме? Сендер мені құрметтегенде сондай рақат сезімге бөленесіңдер. Олар керісінше. Егер рақат сезімге бөлесем, онда бөгет жасамайын. Әркім өзінше ұстамды болсын: ешкімді жек көрмеңдер – Ілімнің өзегі осы. Бізге берілген аманат та осы» деген екен. Ешкімді жек көрместен соңыңнан ілестіре білу де өнер. Еліктеудің де, қарсы тұрудың да, дамудың да өз парасаты болуы тиіс. Біреудің киімін киіп оған еліктеу бір бөлек, өзгенің жолын жүріп, дағдысын меңгеру бір бөлек. Соның бәрін зерттеп, өз жолыңды табу бір бөлек. Еліктеу адамға тән қасиет, өз жолыңды табу – рухани жол. Автордың әңгімелері ешкімге күлуге де, жылауға да кедергі келтірмей, өзіңді іздеуге түсіретінімен құнды.
«Осы...» деген әңгімесінде жарыстың түр-түрі өтіп жатыр, неге жарамсақтар жарысы жоқ деген мәселені көтереді. Бүгінде мақтау-марапатсыз жиын өтпейтін боп алған. Қарап та, көріп те, жарысып та, жеңіп те – тойған шығарсыз. Тіпті мақтау қағазын үздіктерге ғана үлестіретін орта мектептің өзінде мақтау қағаздың номинациясы көбейіп кеткен. Таң қаласыз. Бір жапырақ қағазға санасы байланған қағазбасты қоғам құрып жатқанымыз өтірік емес. Осы көш балабақшадан басталып, университетпен бітіп жатса, мейлі екен, бітпейді. Әр семинар, әр конференция, әр байқау, әр дөңгелек үстел – мақтау қағаз үлестірудің жарқын көрінісіне айналған. Мақтау қағаз үлестіруді табыс көзіне айналдырып алған білім олимпиадаларын қалай аттап кетеміз?! Баланың ғана емес, тұтас қоғамның сағын сындыратын салмақсыз дүниелер көбейген сайын қоғамдағы құндылықтардың құны түсіп, елеулі дүниенің бәрінің бағасы арзандап барады. «Айна сарайдың» ішінде қамалған жамағаттаймыз. Біз іздеген ақиқат бізді іздемепті. «Шешеннің беделі – тек орайы келген сөзді айтумен артпайды, реті келмеген сөзді айтпай қалуымен де өседі» депті баяғының бір ғұламасы. Адам өмірі ас ішу, аяқ босатудан ғана тұрмасын. Адамның негізгі болмысы – жан рақатын сезіну. Бұл ізгілік жасаудан шаршамаңдар деген үндеу болса керек. Ақылды адам ізгілік жасаудың мың түрін, амалын, айласын табады. Себебі, шын бақытты тек жақсылықтан табады. Айналаң бақытты болмайынша, сенің де бақытың түгелденбейтіні анық. «Күлкі және көз жасы» – қазіргі қазақ қоғамның дерттенгенін айтқан. Қазір емес, баяғыда-ақ айтқан. Ол дерт бәрімізге ортақ. Қоғамның қан айналымы – тіл десек, тілдің өзі мүкіс, дертті. Қан айналым сау болмаған соң басқа мүшенің бәрі дертке ұшырауы тек уақыт еншісіндегі құбылыс қой. «Күлкі» деген әңгімесінде мемлекеттік тілдің өзге тілдер арасындағы қорғансыздың күйін кешу хикаясы баяндалыпты. Бұдан артық та, кем де айта алмаспыз. «Домбырасында» – ұлттық код, ұлттық ерекшелікті сіңіретін домбыраның төрден түсіп, қайда қалғанын білмейтін заманға жеткенімізді суреттепті. Домбырасы жоқ үй – қазақтың үйі емес. Бөтен үй. Жат үй. Қазақылығын жатсынатын, бөтенситін қоғамға айналып барамыз. Ішің азынап кетеді. Домбырасы жоқтаусыз, бесігі қоқыста қалған қоғам болдық. Қазақ тамырынан үзіле жаздап тұрғандай. Мектеп табалдырығын аттаған әр балаға сіңіретін бір ілім болса, ол күй еді. Күй жоқтаусыз қап барады. Күй – қазақтың тамырсыздық дертіне ем жалғыз дәру. Біздің қоғам – сеніміне селкеу түсірген қоғам. Неге сенерімізді, сенісерімізді білмейміз. Айнала толған халтура. Түзу жол жоқ. Бәрі де көмескі сүрлеу. Сенім – әр адамның жеке қалауы. Тек өз күшіңмен тауып, жүрегіңде сақтайсың. Сенім болсын. Пәленшенің сенімі жоқ деп өз сеніміңіз шайқалып кетпесін. Сенімді жетілдіріп, ақылды тәрбиелеу керек. Соқыр сенім түнекке жетелер. Ақылға қонған сенім азаттыққа бастайды. Жаттанды дүние ерте ме, кеш пе мезі етеді. Сондықтан ойланып істеген істің ләззаты зор. Картаны зерттегеннен саяхаттау рақатқа бөлейтіні рас қой?! Жақсы мен жаманды адамның зияты ажыратады. Шын бақыт тек дұрыс таңдаудың нәтижесінде мүмкін. Таңдауды зият шешеді. Сол секілді қоғамның дамуы да ресурсты қалай қолдануына тәуелді. Зият шайқалып тұрса, тазалықты таңдай алмаса – жанжал туады, тайталас басталады. Бүгінгі келеңсіздіктің бәрі осы шайқалған зияттың кесірінен туындап жатыр. Сенімсіздіктен. Жақсы мен жаманды ажырату қабілетімізден айырылмасақ деп тілейік.
«Қарыз» деген әңгімесінде байлықтың жайын сөз еткен. Қазіргі заманда сән болған тренд – бай мен кедейдің ойлау жүйесіндегі өзгешелік, сәйкессіздікті ирониямен әдемі жеткізген. Ең бастысы, байсың ба, кедейсің бе, ешкімге қарыз болмасаң болғаны. Бәлкім, астарында елдегі байлар мен кедейлер арасындағы алынбас қамалды да айтқысы келген болар. Күлкілі әрі аянышты. Бір қоғамның тең жарылуы қауіпті. Ал оның жүзге, руға, жерге, тілге, дінге, жамағатқа, оқыған мектебіне, бітірген университетіне қарай бөлініске түсіп кеткені – ұлтты ұйыстыру емес, «бөліп ал да, билей бер» тәсілін еске түсіреді. Цицерон айтпақшы, «бай адамдарды ең жақсы деп санаған билік – түбі шірік билік». Ел ішінің ала тайдай бөлініске түсе беруі түптің түбінде біреуге керек болғаны. Ақырына жеткізбейтін жолға түспесек, зардабы ауыр. Дамыған елдер тастаған қоқыстың өзін кәдеге жаратып жатқанда, біздің ел қоқыс төгудің де мәдениетін үйрене алмай-ақ қойғанын-ай... Өндірісі жоққа тән елден шығып жатқан талай миллиардерлерді ойлап, таңдай қағасыз... Осының бәрін өткір тілмен жеткізген авторға разы боласыз. Ойға батасыз.
Жалпы ақиқат біреу, ал шындық әр түрлі болатынына көңіл иланады. Бақытты қоғам құру үшін сын да, мін де маңызды. Ұлтты ұйыстыру – ұлтты бақытты ету десек, кез келген бақыттың төрт тағаны бар: ақиқат, ізгі істер, бейбітшілік және сүйіспеншілік. Елдің қауіпсіздігі, дамуы, жетістігінің кепілі осы төрт тұғырдан басталуы тиіс. Кім ұмытса, сол іргетасты шайқалтқаны. Біздің ел ұмытты. Ұмыттырды. Біздің ақиқат үнемі билік пен халық арасындағы орға жығыла берді. Біреулер таққа таласып, біреулер қоқым теріп жеп жүр. Егер әлдекім бүгінгі таңдағы қазақ қоғамындағы саяси ахуал мен әлеуметтік жағдайды сипаттайтын шығарма жазғысы келсе, ешкім әуре болмасын. Бәрі де жазылған, айтылған. «Күлкі мен көз жасты» оқысаңыз да жеткілікті. Тек шын күлуге, шын жылауға дайын болсаңыз болғаны. «Өзің сүймеген Отанды сынауға қақың жоқ» депті сол Цицерон. Сүйгенін сынауға ешкімнің қақысы жоқ шығар. Ал, Отанды сүюдің үлгісі кімде бар?
Адам есейген сайын бойында түрлі сезімдердің трансформациясы жүреді. Қалыпты дүние. Есейген сайын аз күлеміз. Бала күніне бес жүз рет күлсе, ересек адам он есе аз күледі екен. Аз жылаймыз. Есею жолы оңай емес. Сол секілді белгілі бір қоғамның да есею жолы эволюциялық тұрғыда жүруі тиіс. Бірақ эволюцияны теріс айналдырып, елдің уақытын ұрлау – қылмыс па? Оның жазасы не? Ен байлақтың үстінде отырған еркін елдің отыз жылда жеткен жетістігі не? Мақтау мен мерейтой өткізудегі жарыс па? Санасы ояудың бәрін шетел асыру ма? Ғылыми мақаланың өзін ғалымдар жазбай, Scopus-қа ақысын төлеп жаздыртады. Жетістік пе? Халықаралық жетістік. Күлкің келеді, бірақ жылайсың. Қиюласпайтын дүниелердің үстінен ағаш көпір сап тастайтын әдетімізден жаңылмадық. Дамыған елдерге еліктеп, солықтап болсақ, өз жолымызды неге салмасқа? Трансформацияның ақыры немен тынатынын білесіз бе? Шектен шығумен. Шектен шыққанда бәрі өзгереді.
Бәлкім, шектен шығып болдық. Енді өзіміздің құндылықты іздесек. Ел болудың өзегі – тәрбие екенін, сол тәрбиені ұлттық құндылықтармен толтырсақ. Дәстүрдің кейбірін модернизациялап, бүгінгінің баласының санасына сай лайықтасақ, қажетсізін өз заманына қалдырсақ. Санасы сау азаматтық қоғам қалыптасты. Сол қоғамды бір тілде сөйлетсек. Билік басындағы өзгерістер ұлтқа қызмет етуден басталса. ХХІ ғасырдағы қазақ көші білім мен технология заманына не береді, не аладыны екшесе. Зиялының тілін алсақ, күлкі мен көз жастың теңгерімін тең ұстар ек. Ұрпаққа ұялмайтын енші қалдыруды ойлансақ, шіркін...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.