Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Құлтөлеу Мұқаш. Кий мен күй...

25.11.2018 4853

Құлтөлеу Мұқаш. Кий мен күй

Құлтөлеу Мұқаш. Кий мен күй - adebiportal.kz

Жиырма жеті жасында «Елім-ай» сынды тарихи роман жазып, халық құрметіне бөленген көрнекті жазушы Софы Сматаев қаламынан бүгінге дейін отыздан аса кітап туған екен.

Біз, әсіресе, бертінгі жылдары ұлт тағдырына көбірек алаңдап, халық көкейіндегі сөзді батыл айтып, қоғамдағы келеңсіздіктермен талмай арпалысып жүрген жазушының қаламнан қол бостағы ермегі сырына қызығушылық таныттық.

Әнге әуестік

– Сонау алпысыншы жылдардың басында Мәскеудің Болат және қорытпалар институтында оқыдым. Сыртқа көп шығып көрмеген жас жігіт ет-бауыры елжіреп ел-жұртын сағынбай ма! Туған жерін, ата-анасын аңсамай ма! Сондайда жүрегімді ән тербеуші еді. Нәтижесінде сөзіне қосып бірқатар әуен туғызған екенмін.

Кезекті каникулда үйге оралғанда соларды ыңылдап айтып «пісіріп» отыратынымды өзімнің жақын ағам, белгілі композитор Сыдық Мұхамеджанов аңғарып, сыртымнан бақылап жүреді екен. Бірде реті келгенде пікірін жасырмай:

– Софыжан-ау, әндерің бірде «Нохча вальсіне», бірде орыс частушкаларына ұқсап кете ме, немене?! Талап жақсы ғой, бірақ сенің қолыңда қалам бар, музыканы қоя тұрып сол романдарың мен дастандарыңды жазып жүре берсең де жетпей ме?! – деп жымиды.

Қысылып қалдым, әрине. Бәрібір қыңғам жоқ. Өйткені әлгі әндерді Сыдыкең ұнатпағанымен, бірталай өзге сазгер азаматтар жатырқамады. Тіпті, қазіргі танымал мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов қолдап, нотаға түсіртіп, насихаттауға да ыңғай танытты. Дегенмен, өзім тартындым. Солай бола тұра бүгіндері де жанға жақын әлгі әуендерді кейде бір оңаша қалған сәттерде домбыраға, гитараға немесе баянға қосып айтып қоямын.

Тастаяқ – тірлік өрнегі

– Бильярдқа деген үйірлігім де сол студенттік жылдарда басталған секілді. Жатақханамыздың астыңғы қабатында жақсы бильярд тақтасы тұратын еді. Қалт еткен бос уақытта бір топ жігіт кийлеріміздің ұшын борлап алып, дүниенің төрт бұрышына ұқсайтын тақтадағы он алты шарды сартылдата соққылап шығуға асығатынбыз.

Кейінірек есейіп, қызметке араласа бастағанда Қазақстан Жазушылар одағындағы фойэнің екінші қабатына Ғабит аға Мүсіреповтің өзі арнайы алдырып қойғызған бортты да жағалап, сол кісілердің өздерімен тайталасуға тырмысып жүрдік қой. Біздің өзара ағалы-інілердей бүкпесіз араласып кетуімізге ақсүйектер ойыны саналатын сол тастаяқ көбірек ықпал еткен сияқты.

Ұмытпасам, 1983-нің жазында болуы керек, белгілі шаруаға өзге тірліктің бәрін тастап табандап кірісетін әдетімше жазушылардың шығармашылық үйіне жолдаманы үш-төрт айға бір-ақ алып жатқанымда, қатар бөлмеге орналасқан Ғабең:

– Ай, Софы, бильярдқа жақын жігіттердің бірқатары жиналып қалған сияқты ғой. Осы, босқа ойнай бергенше, солардың арасында бәйге ұйымдастырайық та. Мен төраға болайын, сен – хатшы... Тізім жаса. Жарыстың кестесін түз! – деді.

Бір жарым-екі сағат жазудан соң жиырма-отыз минуттей ойнап қайтуға әдеттенген мен тез келісемін ғой. Бірақ:

– Ғабе-ау, ақшасын кім төлейді оның?! – деймін күліп.

– Ой, мен-ақ төлейін. Ырым болсын. Шарттасып ойнағанымыз жақсы!..

Жауап осы болды. Кесте де түзілді. Ойын да өтті. Он бір-он екі адам шыққанбыз. Кімдер болғаны анық есімде жоқ... Сафуан ағамыз, Жаппар Өмірбеков, Сәкен Жүнісов, Оралхан марқұм, Қажығали Мұханбетқалиев...

Бірінші орынға – 200, екіншіге – 150, үшіншіге – 100 сомнан тігілді. О кезде әжептәуір ақша. Тіпті, Ғабең ең соңында қалған ойыншыға да ынталансын деп 50 сом белгіледі. Жәй жанкүйер болып бос жүргендер де құр қалған жоқ. Ғабең оларға да қолтаңбасын қойып 5 теңгеден үлестіріп берді. Өзім сол жолы ұтқан ақшаны әлі күнге дейін сақтап жүрмін...

Әлгі ойыннан соң-ақ бұған дейін әр бөлмеде өз-өздерімен жеке-жеке бұйығып отырған қаламгерлердің қарым-қатынасы нығая түсті. Өзара сыйластық, ілтипат күшейді. Кемеңгер аға өнегесінің бір мәні осында да жатыр еді.

Тегінде, бильярд мен үшін хоббидан да, ермектен де гөрі тірлігімнің екінші бір өрнегі десем болады. Сондықтан үйдің төменгі қабатына бильярд тақтасын қойып қойғанмын.

Мұхаңның кеңесімен

– Бір тәуірі, картаға әуестенген жоқпын. Бұл әдеттен аулақ болу туралы менің КазГУ-дің филология факультетіндегі оқуымды тастап, «Жазушыға аналитикалық ақыл керек. Оны, негізінен, техникалық оқу орнынан алу қолайлы. Сондықтан сен Болат және қорытпалар институтына барып түс! Москваның бай кітапханаларындағы классиктерді түгес. Жақсы жазушылардан үйрен, жаманынан жирен!» – деп Мәскеуге ауысуыма тікелей ықпал еткен әйгілі Әуезов Мұхтар ағамыздың (әкеміздің десек те болады) берген кеңесі ойымнан кетпейді. Мәскеуге келген сайын сонда оқитын баласы Мұрат екеумізді шақыртып алатын еді; бір сапарында «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» демекші, ұлына құлаққағыс қылғаны ма, маған қарап:

– Әй, Сарбала! (Мені солай атайтын). Сен жазуға талаптанып жүрсің ғой. Ал, нағыз қаламгер адам үш нәрседен қашық болуы қажет. Карта ойнама! Оған салынсаң құмарпаздыққа ұшырап, алтын уақыттан ұтыласың. Бір-біріңе ырың-жырың қарыз болып тәжікелесіп жүріп, достарыңнан ажырайсың. Одан соң қазіргі кезде темекі тартуға құмар жастар көп. Ол денсаулыққа өте зиянды нәрсе. Аздап арақ-шараптан татуға болады. Бұрынғылар айтпақшы, арақ аздап ішсең – дәру, көп ішсең – у... Тағы бір айтарым – сендер елден шалғайда шетелдіктер арасында, жат жұртта жүрсіңдер. Әр қыз бен жігіт тек өз ұлтының адамына қосылуға ұмтылсын! Осыны естен шығармаңдар. Өйткені ұлт тазалығын сақтап қалу сендерге байланысты. Біз ертеректе біріміз орыс қызына, екіншіміз татарға.... башқұртқа үйленіп қателік жібердік. Мұндайдан аулақ болыңдар! – деді.

Нысана көздеу... Ғабеңдер һәм «бақыршы бала»

– Мақтанғаным емес, ит жүгіртіп құс салуға құмар дала баласы болғандығымнан шығар, шәкірт кезде нысана көздеп, мылтық ату үйірмесіне қатысып, үшінші разрядқа жеткенім бар. Жүз ұпайдан тоқсан, тоқсан екісін алып жүрдім.

Сондықтан аңқұмар Ғабеңдерге еріп қырға да талай шыққанмын. Бірақ мені үлкендер жассынып, тек бақыршы ретінде (немесе тамақ пісіріп беретін «бақыраш бала» ғой) ілестіргісі келетін. Бірде Ғабең, Сыдық Мұхамеджанов, Қанабек Байсейітовтерге еріп бардым. Бақанас жаққа... Шіл, дуадақ атамыз деп... О кісілер межелі жерге жеткен соң ықтасын орынға жақсылап жайғасып, жамбастап жата-жата кетіседі. Үйден алып шыққан мол дастарханды жайып тастап, келген істі ұмытады. Таң атқанша гөй-гөй әңгіме сосын. Күйбеңдеп от жағып жүретін – мен. Кейде тықыршып, Сыдыкеңе сыбырлаймын. Келген соң негізгі іске кіріспейміз бе... Жылжу керек қой. Осы әрекетімді аңғарған Ғабең:

– Әй-и, бала-а! – деп қояды. – Неге асығасың-ң. Келгеніміз жаң-а-а ғана ғой-й қаладан-н. Таза ауасынан жұтып алайық та мына-а көк майсаның-ң. Әлсіреп жүріп қалай аң атамыз біз-з?! Тынығып-п, «шынығып» алайық, содан кейін асықпай ата-мыз-ыз!

Келесі күні қозғалады-ау. Мен де жинақталамын.

– Оу, сен қала тұрсаңшы!

– Қашан атамын мен сонда?!

– Сен ана тамақты пісіре бер! Саған әлі қайда-а-а... Әлі жассың. Үлгересің біздің жасымызға келгенде-е...

Не дерсің. Көнесің амалсыз.

Кейде құс кездеспейді. Шөлмек, қалбыр тігіп атып, бос қайтамыз.

Кейін ақырындап сол ағалардың жасына да келдік қой. Бірақ аңға шығу қайда енді... Және заман мұндай болып кетеді деп кім ойлаған.

Тағы да кий немесе тазалық туралы

– Карта шулерлері қулық-сұмдыққа көп барады. Ал, бильярдта олай емес. Кийге жаттыққан қол да, бас та таза келеді.

Жалпы, әр жазушының лабораториясы әрқалай. Өз басым, әлгінде айтқанымдай, жазуға кіріскенде ұзақ уақыт бойы өзге шаруаның бәрін жиыстырып қойып, кейіпкерлерімнің әлеміне жан-тәніммен еніп кетемін. Солармен бірге тыныстайсың. Қаһарманның жүрек дүрсілі, бет-жүзі, киген шапаны мен тымағының түр-түсіне дейін жіті сезіп, көріп, бейнелеп отырып, өмірге дендеп бойлауыңа тура келеді. Кейде үздіксіз ауыр ой еңбегі қажытады да. Кийдің қасиеті сонда, ұстаған бойда-ақ бір сәт жазу азабын ұмыттырып, сергітіп сала береді. Қарсыласың мықты болса тіпті жақсы. Одан оза түсуге тырысып, барыңды салып жүргеніңде тез арада-ақ құрысқан бой да жазылады, шаршаған ми да тынығады, жан дүниең де тазара түседі.

Әсілі, әсемдікке, ізгілікке жетелеп, шабытты шыңдайтын әуестікке не жетсін! Өз ойымша, шығармашылығы жемісті көптеген әріптестерімнің табыс сыры да олардың осы тәрізді хоббиларына байланысты болатын сияқты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар