Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Күмбір де, күмбір күй төккен...

30.04.2020 4696

Күмбір де, күмбір күй төккен 12+

Күмбір де, күмбір күй төккен - adebiportal.kz

(Күйші Қайрақбай Шәлекенұлы туралы)

Жалғасы. Басы мына жерде.

«ҚҰР ОЙНАҚ» ЖӘНЕ АҚЫМЖАН КҮЙШІ

Табиғат аясында адам баласы сүйінетін, таң қалып, тамсанатын құбылыстар жетерлік. Соның бір құр ойнақ құстың ойыны. Құр деген құс аспандап ұша алмайтын құс болғанымен, есесіне көктемнің алшындаған кезінде немесе күздің жаймашуағында құр атаулы бүк өскен бүргеннің ішіне жиналып алып, шұрқырап, шу көтеріп, ойран-асыр ойынға басады. Құрдың ойынға берілетіні сонша айналасына жиылған адамдарды да байқамайтын, аңқау, адал құс. Табиғаттың осы тамашасы талай адамды өзіне тартып, талай өнерпаздың өнеріне арқау болған екен. Қазақ күй өнерінде ондай мысал жетерлік. Байжігіттің «Бұлғын-сусар» күйі соның айғағы. Дала құсының осы мәрт мінезі күйші Қайрақбайға да ерекше әсер етіп, құрдың кербез ойнағын күй тіліне түсірген екен.

Бір күні Қайрақбай ел аралап келе жатса Құнанбай деген кісінің Нәсілбай деген сегіз жастар шамасындағы аурушаң баласы қолына қара көсеуді алып, соны домбыра етіп, өзінің «Құр ойнақ» күйін ауызымен ыңылдап шертіп отырғанын байқап қалады. «Қара көсеуімен» кербез күйді келісті шертіп отырған қаршадай баланың талабына сүйінген Қайрақбай баланы үйіне әкеп, емдетіп, арнайы домбыра шаптырып беріп, күй өнеріне баулиды. Кейін бұл кісі келергі ұрпаққа Қайрақбай күйлерін жеткізуші, сыбызғышы Ақымжан Болдырғанұлы сынды айтулы күйшіге айналады.

Күйші Мұқаш Таңғытұлының жазбасына қарағанда 1910 жылдары Мамырбек бір топ нөкерімен Алтайға сапарлай барғанда, әнші-күйшілердің қатарында осы Ақымжан Болдырғанұлын ертіп алады. Сыбызғышы Алтайдағы Мәми би ауылында болған бір топта Қайрақбайдың «Құр ойнақ» күйінен бастап, өзінің «Алмажай», «Жылқының шұрылы» атты күйлерін бірінен соң бірін тартып, тәмәм елді тәнті етеді. Сонда «Құр ойнақты» тыңдап отырып Мәми: «Әй, құрша далбыраған өмір-ай, жаңағы күй тілінде далбыраған құрша бізде дабырға толы дүниені өткізіп жатырмыз ғой», - деп күрсінген екен. Сол жылдары Ақымжан қазақ-мұңғыл арасындағы үлкен сиезде сыбызғы жарысына түсіп бас бәйгені алады. Кейін Мамырбек төренің бастауымен Іле өңіріне барған Ақымжан, Қайрақбай күйлерін тұтас Шығыс Түркістан қазақтары арасында таралуына көп себепкер болады.

1940 жылы Тарбағатайдың Шолақорда жайлауында Сығай зәңгі қатарлы азаматтардың ұйымдастыруымен «Шұға», «Жалбыр» пьесалары қойылады. Қойылымның музыкалық жетекшісі Масғұт Татенов сол жолы Қайрақбайдың немересі Заманбек Әнжанұлына күй шерткізеді. Заманбек «Атамның алты қоңыры» еді деп Қайрекеңнің қоңыр күйлерінен тартып, қырыққа жуық күй шертеді. Бұл күйлерге қатты қызыққан Масғұт, алғаш рет «Құр ойнақ» күйін қарапайым нотаға түсіріп алады.

«АЛТАЙКЕР» НЕМЕСЕ ЕНШІМЕН ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗ

Қайрақбай бір атадан үш ағайынды болған. Ағасының аты Байбөпе, қарындасының есімі Құяң. Құяң бойжетіп үлпілдеп өсіп келе жатқан шағында, текті әулетпен құда болмаққа ниет етіп, әркім сөз салып, құдаласпақ пейілмен Қайрақбайдың алдына көп келетін болған. Сонда Қайрекең келген елдің баршасын: «Жалғыз қарындасым, оны қалың малға сатып, қорамды малға толтыруға арым бармайды. Әкенің малына ұл мұрагер болғанда қыз неге қағыс қалу керек? Қазақтағы жер дауы мен жесір дауының баршасы осындай әділетсіздіктің кесірінен келіп шыққан. Мен осыны өзгертуге бел будым. Қарындасымды енші беріп ұзатамын. Қыз бен жігіт өзара теңін тауып табысса болғаны», - деп құдаласа келгендерді қайтарып жіберіп отырады. Қайрекеңнің бұл өнегелі ісі ел ішінде әртүрлі аңыс қозғайды. Әркім әртүрлі жориды. Сүйтіп жүргенде Алтайдағы Буыршын өңірінің Алшағыр деген ауқатты адамының, солқылдап өсіп келе жатқан Оразбай деген баласы қыз таңдап, ел аралап жүріп, Қайрақбай ауылына келіп түседі. Боз бала Оразбай мен Құяң қыз өзара дидарласқаннан кейін, араға аз уақыт салып жас жігіт Қайрақбай ауылына қайта келеді. Бұл жайдың тегін емес екенін біліп, Қайрекеңнің байбішесі жеңгелері арқылы сұрап көрсе, болашақ күйеу бала ақылына мінезі сай, сыпайы қара қоңыр жігіттің өзі екен. Қыз бен жігіт бір-бірін шынайы ұнатып, сөз байласқанын біледі. Содан көп өтпей Алшағыр Алтай бетіне әйгілі Кері ат деген жүйрігін үкілеп, Қайрекеңе құдалық түсе келеді. Қайрекең: «Айтқаным айтқан, қалың малын алмаймын. Үштің бірі еншісін беріп, ортамнан ойып қыстауы мен жайлауын, күзеулігі мен егістік жерін қоса беріп ұзатамын», - деп ағынан ақтарылады. Бұндай ен дәулетке ие бола кеткен құдасы, бір жағы жердің шұрайлылығына қызығып көшіп келсем, іргелес отырсақ деп тілек айтады. Бұған Қайрекең: «Мен алдымен қарындасымды ұзатайын. Еліңе барып байырқалап біраз жыл отырарсың. Бұл істі айналаңдағы ел түгел білетін болсын. Өздерінше ой түйсін. Бұл жаңа салт, жаңа нышан түмен елге тәлім болса менің арманымның орындалғаны. Онан кейін көшіп келем десең жерің күреулі», - депті. Алшағыр құдасы бірнеше жылдан кейін Тарбағатайдағы келінінің еншілі жеріне көшіп келеді. Алшағырдың сол ұлы Оразбай кейін ел арасында «Қарақоңыр» атанып кетеді. Ұрпақтары бүгінге дейін сол елде өсіп-өніп келеді. Қайрекеңе Алшағырдың Алтайдан мініп келген аты айрықша ұнап, кейін оған «Алтайкер» деп күй арнаған екен. Күйшілердің айтуынша Қайрақбайдың сыбызғыдан домбыраға түсіп шертіле бермейтін, күрделі күйлерінің бір парасы осы «Алтайкер» күйі болса керек.

ЖҰМБАҚ БИЛІК

Бұтабай сұлтан ауылының жұмық елінің бір азаматы, Алтайдың Қаба өңірінен бір қызды алып қашады. Намысқа шыдамаған Алтайдың алпыс жігіті атқа мініп, артынан қуа шығып, Бұтабай ауылына кеп: «Қызымызды қайтарыңдар, болмаса орынына бір қыз бересіңдер, әйтпесе екі қыздың қалың малын төлеңдер!» - деп аттан салады. Қайтерін білмеген Бұтабай іргедегі Қайрақбайға кісі шаптырады. Болған істің баршасын толық тыңдап болған Төбе би толғанып отырып, алдымен алақанын жайып, содан соң жұдырығын түйеді. Екінші рет төрт саусағын жазып, қайтадан жұмады. Үшінші рет сұқ саусағы мен бармағын шығарып барып: «Өз еркімен қашып келген қыздың жолы осы», - деп соңғы сөзді ашық жария айтады. Шабарман жігіт Төбе би Қайрекеңнің жұмбақ билігін қаз-қалпында жиналған қауымға жеткізеді. Оны дауласқан екі жақтың адамдары әрқалай түсініп, әртүрлі жорамал айта бастайды. Даугерлер жағы би ағаң бізге елу қара айдат деп отыр, әйтпесе бес саусағын бірдей бүге ме деп шұрқырасса, жұмық жағы би ағаң екі саусағын шығарғаны, бізге екі қара айдатып, жолға салыңдар дегені деп даурығыпты. Енді бір тобы алақанын жұмғаны даугерлерді түгел тұтқындаңдар дегені деп елдің көңіліне үрей ұялатады. Осылайша жұрт дағдарып, жұмбағы көп биліктің мәнісін аша алмай тұрғанда, ел ортасынан бір байсал тартқан кісі шығып: «Уа, жамағат, бұған таласудың қажеті жоқ. Қайрекеңнің әділдігі елге аян, ол өз қарындасын енші беріп ұзатқан. Ол кісілігін Алтай мен Тарбағатай тегіс біледі. Мен білсем бұл жұмбақтың шешімі мынандай: төрт саусағын көрсеткені қырық байтал қызда қалсын дегені. Ал соңындағы бас бармақ пен сұқ саусағын шығарғаны, қыз бен жігіттің өз еркімен қосылғанының нышаны. Адал махаббаттың құрбаны үшін, қыздан қалың мал алмай, жігітке салмақ салмай, екі қарамен бітсін дегені...» - депті. Өзінің туған қарындасын қалыңсыз ұзатқан Қайрақбайдың бұл шешіміне ешкім дәт айта алмай, жұрт осы келісімге келіп тарқасыпты. Сол жұмбақ биліктен кейін «Елу байтал елде қалды, қырық байтал қызда қалды. Өз еркімен табысқан екі жастың жолы – бір ат, бір түйе» деген аталы сөз ел аузында тәмсіл болыпты.

ҚҰЛЫНЫН ІЗДЕГЕН ҚҰЛАН – ЕЛ

Отыншы би айналасына небір өнерпаз жігіттерді жинап, салтанатымен сән құра білетін дегдар адам болған екен. Ел аузына ілінген марқасқалардың бәрін өз жанында ұстау ежелгі өнегесі болған. Сол қатарда орданың бас батыры, атақты Дәрібай мерген де бар. Бір реткі мергендер сайысында Дәрібайдың атқан жебесі Қанжардың жүзін қақ тіліп, содан атағы аспандаған ер екен. Бір күні Қайрақбай осы жігіттің сойы Дәрібайды жанына алып, бір топ нөкерімен Құбының құмына аңға шығады. Құбының ұшы-қиыры жоқ мың жылдық кәрі тораңғылы, сыңсыған жыңғылы, ойдым-ойдым қамысты сайында қоңыр аң қойдай өріп жүретін кез. Түлкі мен қарсаққа қарамай, құлан мен бөкенді қуалап, астарындағы сайгүліктерін сынаған аңшылар құмды ендей кесіп, белден белге асып көп жүреді. Осындай дала серуенінің үстінде оларға бір құлан кезігеді. Үйірінен бөлек қалып, аласұра кісінеп, арлы-берлі шапқылап жүрген құланның бейнесіне қарап, неде болса жоқ іздеп не құлынын іздеп жүрген тағы болса керек деп жобалайды. Бұндайды қалт жібермейтін Дәрібай мерген садағын кезей бергенде, Қайрақбай қолын қайтарып тастайды да: «Еее, мергенім, мен десең осыны атпа. Мынау құлынынан айрылған құланның биесіне ұқсайды. Мұның басындағы мұң мен зар біздің баста да бар ғой. Өзіміз бұнда жүргенмен, артымыз сонау Тарбағатайда. Онда да әке баладан, қыз анадан айрылып қан жұтып жүргендер қаншама. Небір боздақтарымыз жаудың шебінде опат болды. Мына хайуанды атсақ наласына қалармыз. Соңына түсіп бақылап көрелік, қайтер екен», - деп кеңес береді. Олар құланның қимылын бір сәт бақылап тұрса, дала аңы ары ойқастап, бері ойқастап, ана жер, мына жерді иіскелеп, көп жортыпты. Бір кезде бір құм төбешіктің үйір-үйір жыңғылының түбіне барып, құмды қазғылап, көміп кеткен құлынын аршып шығарып, ауыздандыра бастайды. Құлын тәлтіректеп орнынан тұрып, аяғын тіктеп тіршілікке бейімделе бастайды. Осы көріністің бәріне көз алмастан қарап тұрған Қайрақбай өткен мен кеткенді шолып, құлан тағдыры мен ел тағдырын үндестіріп, беліндегі сыбызғысын суырып алып, әлде бір мұңлы күйді боздата жөнеледі. Күйден құла түзде құлынын іздеп аласұрған құлан ананың арпалысқа түскен азапты бейнесі, аналық махаббаты, ақыры құлынын тауып, екеуінің ен далда ескен желдей еркіндік құшағында бірге кетіп бара жатқан азат болмысы кереметтей кестелі тілмен көмкеріледі. Қайрақбайдың сол күйі «Құлынын іздеген құлан» деген атпен ел есінде қалған екен.

«ЕМЕН ТОЛҚЫНЫНДАҒЫ» ҚАҺАРЛЫ КАСПИЙ

Қайрақбай өмірінде алты алаштың баласы түгелдей бас қосқан салтанатты сиездер көп болған. Солардың бірі кіші жүз жерінде болған Көкирім сиезі. Осы сиезге орта жүзден Алшынбай, Құнанбай, Қайрақбай билер қатысады. Бұл сонау даланың қиыр батысындағы Каспий теңізі жағасындағы шекті руының жайлаған жері екен. Сиез уағында ашылмай кіші жүздің Бабақан атты белді биін күтіп қалады. Бабақан бидің елі жылдағы дағдысы бойынша Каспий теңізінің арғы жағасына өтіп, арттағы елдің толық өтіп болуын күтіп отырғанда, аяқ асты қарлы боран тұрып, жаңа қатқан теңіз суына қызыл су жүріп, теңіз ойылып, арттағы ауыл тұтастай теңізге шөгіп кетеді. Сол теңізге құлаған көштің қатарында Бабақан бидің бес отауы мал жанымен батып кетеді. Бабақан би бұл ауыр қазаны көтере алмай жатып қалады. Кіші жүз елінің барша игі жақсылары келіп жұбатқанымен қаралы би орнынан қозғалып, көңілін желдете алмаған көрінеді. Атаулы жиналысқа келе алмай кешігіп жатқаны осыдан екен дейді. Содан елдің жақсылары алыс сапардан келген орта жүздің билеріне жүгініп, мән-жайды баян етеді. Ақыл сұрап, бидің басын бері қаратарға ықылас сұрайды. Сонымен үш би Бабақан бидің шаңырағына барып, көңіл айтады. Бабақанның ауыр хәлі үшеуінің де қабырғасына қатты батады. Қаралы жанға деген Қайрақбайдың азалы көңілі қатты толқиды. Осы шерлі сәт алқымын кернеп, сыбызғысынан зар боп төгіледі. Қайрақбай Бабақанның отының басында отырып сарыны тылсым, теңіздей күңірентіп күй шалады. Теңізге шашылған тағдырдың ауыр күйзелісі күйдің әр қатпарынан көрініп отырады. Күй «сабыр, сабыр, би аға» деген өксікпен аяқталады. Осы күй отырған жұрттың жан дүниесін шымырлатып барып басылғанда, Алшынбай би сөз алады. «Еее, Бабақан би, жал-құйрықтан айрылып, жаныңды аямастай жаралап, кәрі Каспийдің кәріне жолыққан өзіңе, аңырап қалған еліңе көңіл айта келіп отырмыз, қайғыңа ортақпыз, - деп арғы тарихтан тартып, ескі, шежірелі әңгімелерден қайыра келе, - Мынау, емен дейтін ағаш болады. Теңіздің дауылына да, боранына да сынбайды, тек иіледі. Өзің де еліңнің емендей аға биісің, басыңды көтер, мына, қаралы күй де соны меңзеп тұрған жоқ па?», - деп ұзақ көсіліп тоқтайды. Дәм ортасында Құнанбай да отты сөзімен Бабақан биге дем беріп, үш жүздің баласы алыс-жақыннан тегіс жиналған сиез өзіңді ғана күтіп отыр, белді буып, бізбен бірге жүріңіз деп алыстан қайырады. Бабақан бір емес алыстан ат арытып келген үш бірдей арыстың айтқанына тоқтаған екен дейді. Қайрақбайдың күйіне ырзашылығын білдіріп, қайыра тыңдап шер тарқатқан екен. Күйдің атын сол жерде Алшынбай би атағандай «Емен толқыны» деп атайды. Бұл күйді күйшінің немересі Заманбектен, арнайы үйіне жатып күйші Жұмажан Садықұлы үйренеді. Кейін 1979 жылы Жұмажан «Шыңжаң» газетіне: «Бұл күндері Қайрақбайдың қоңыр күйлерін әркім әртүрлі шертіп жүр. Қазір «Емен толқыны», «Көркем қайнар» деген атпен шертіліп жүрген күйлерді мен кезінде «Қайрақбай», «Мұңлы қоңыр» деген атпен елге таратып едім», - деп жазады. Демек, кейінгілер «Еміл толқыны» деп шертіп жүрген күйлер Қайрақбайдың «Емен толқыны» екен. Қайрақбай Шәлекенұлының 175 жылдық мерейтойында, Толы ауданында өткен жиналыста Ырыс Жұмажанқызы: «Қайрақбай атамыздың «Емен толқыны» деген күйін әкем Жұмажан «Қайрақбай» деп шертуші еді. Бәлкім, осы тарихи тамаша күйді басқалар иемденіп кете ме десе керек», - деп әңгімелейді.

Қайрақбай күйлерінің уақыт пен заман ағысына сай әртүрлі өзгерістерге ұшырауы мен басқалардың атына телініп кетуі туралы Қасымбай Құсайынұлы 1992 жылы «Іле айдыны» журналында былай деп баяндайды. «Майдақоңыр» күйінің бұрынғы аты «Мұңлы қоңыр» еді. 1953 жылы Шанхайда менің таныстыруыммен оркестрге түсірілді. Ол кезде Әшім, Тайыр, Белгібай сынды дәулескерлеріміздің көзі тірі еді. Дегенмен, сол кездегі саясаттың салқынына орай, бұл күйді аздап мұңынан арылтуға тура келді. «Көнені жаңарту» деген желеумен аты да өзгертіліп орындалып жүрді. Осындай аумалы-төкпелі уақытта Қайрақбайдың кейбір күйлерін өзгертіп, оны «Еміл толқыны» деп өз атынан орындағандар да болды. Кейде бұл Әшімнің атына да телініп жүрді. Бізге Заманбек арқылы жеткен бұл күйді бұрыннан білуші едік. Халық арасында оны «Қайрақбай» деп шертетін деп еске алады.

КҮРМЕУІ КӨП КҮЙ МҰРАСЫ

Қайрақбай өмірінде екі әйел алған адам. Бәйбішесінен Әнжан, Тынжан, Сабырбай атты үш ұл туған. Екінші әйелінен Қабылбай есімді атамыз тарайды. Қайрекеңнің ұлдарының арасында Әнжан ата жолын қуып, би болған адам. Оның даңқы 1896 жылғы Көктұмандағы қаракерей сиезінде көзге түсіп, ел аузында Әнжан би атанады. Әнжаннан Шам, Әшім, Заманбек сынды ұлдар тарайды. Осы Заманбек Әнжанұлы Қайрақбай кіндігінен тараған тұқымның ішінде, күй мұрасын ұстаған бірден бір перезент. Қазақ шертпе күй өнерінің айтулы өкілі. Қайрақбай күйлерінің көбі сыбызғыда орындалып келсе, Заманбек оны домбыраға түсіріп, атасынан жеткен күйлердің баршасын орындаған және Қайрақбай күйлерінің қалпын бұзбай, ұрпақтан ұрпаққа таралуына алтын көпір болған дегдер күйші. Ол алғаш Мамырбек төренің ауылында күй тартып, жұртқа танылып, күйші Заманбек атанған. Өзі де күй шығарған дәулескер. Заманбек Әнжанұлы 1893 жылы Тарбағатайдың Қабырғатал деген жерінде туған. 1946 жылы наурыз айында Майлының Үкілісай деген жерінде, өз қыстауында 53 жасында өмірден өтеді. Заманбек атасының күйлерін алғаш әкесі Әнжан қажыдан, одан соң Қайрақбайдың ағасы Байбөпенің Сүлеймен есімді баласынан, Насылбай Қонақбайұлынан, Қайрекеңнің шәкірті Кербез Өмірден үйренеді. Үлкендердің айтуынша ол Қайрақбай күйлерін жиырма жасқа дейін толық меңгеріп үйренген екен. 1915 жылы Мамырбек үкірдай өзінің үлкен ұлы Тұрысбекке салтанатты ас беріп, арғы-бергі беттегі исі жақын жұрттың бәрін шақырады. Тұрысбектің асын басқару Заманбектің елінен Қыдырмолла деген қажы атанған кісі басқаратын болады. Астың соңындағы тұл аудару салтының салтанатын арттыру үшін, ас басқарушылар ақылдасып, соңғы дауыс айтудың алдында Заманбекке бір зарлы күй тартуды тапсырады. Күйді шығаруға жарты жыл уақыт беріледі. Мәрелі уақыт келіп, ас соңына жетіп, тұл аудару салты кезінде Заманбек ұзақтап баптап шығарған зарлы бір күйін шертеді. Зарлы саз бүкіл Құлыстай мен Қоңыроба алқабын күңірентеді. Жиналған жұрттың сай сүйегін сырқыратады. Көңілі көлдей толқыған бозінген текті елді онан сайын боздатады. Міне бұл күй осылайша ел есінде «Заманбектің зар күйі» деген атпен қалады. Заманбек Қайрақбай күйлерінің бүгінгі ұрпаққа жетуіне ықпалы мол болған, ұрпақ сабақтастығын айнытпай жалғаған қасиетке ие адам. 1989 жылы 84 жасқа кеп отырған ақсақал күйші Қажыбек Шалғынбайұлы былай деп естелік әңгімесінде: «Бала кезімізде Жұмажан Сыдықұлы екеуміз ән мен күйге құмар боп өстік. Біздің кіші әкеміз Сәлімжан ауылға өнер адамдарын жиі ертіп келетін. Әнші Әсет, ақын Әріпжандарды да сол кісінің жомарт көңілінің арқасында, бір дастарханның басында отырып тыңдап едік. Сол Сәлімжан әкеміз 1930 жылдары ауылға Заманбек күйшіні шақырып қонақ етті. Сол орайда Жұмажан екеуміз Зәкеңнен атасы Қайрақбайдың күйлерін үйрендік. Заманбек күйші кейінде бірнеше рет келді, өзіміз де арнайы үйіне іздеп барып жата жастана күйін тыңдап, өнерін үйреніп қалуға тырыстық. Жұмажан ол кісінің қасында көбірек болды. Маған қарағанда Қайрақбай күйлерін көбірек үйренді», - деп еске алады. Өз заманында Заманбек Әнжанұлы Қайрақбайдай ұлы күйшінің жоқтығын білдірмеген, орынын ойсыратпаған, домбырашылдығымен Шығыс Түркістан өңіріндегі ең даңықты күйшілердің бірі болған. 1918 жылы cәуір айында Ахмет, Міржақып бастаған Алаш қайраткерлері Шәуешекке барған сапарында, Тарбағатай елін аралаған Арқаның азаматтары алдында күй шертіп мол ықыласқа бөленген, арманы асқақ болғанымен, дәрмені аз, көңілі сынық алаш арыстарын күймен мәпелеген текті күйші. Әсіресе сол сапарда Міржақып Дулатұлы Заманбектің күй шертісіне құлай сүйсініп айрықша ырзалығын білдіреді. Қысқасы Заманбек Қайрақбай күй мұрасын жеткізудің тұтастай мектебін қалыптастырған тұлға. Заманбектен Сайлыбай Далабайұлы, Бейісбай Шабанбайұлы, Ақымжан Болдырғанұлы, Рүстем Дүйсенбайұлы, Жұмажан Сыдықұлы, Кәсімбай Құсайынұлы, Таңғыт Мұқатұлы қатарлы күйшілер бірінен біріне Қайрақбайдың шерлі күйлерінің шебін бұзбай, қалпын сақтап бүгінгі заманға жеткізіп отыр. Осылардың алтын саусағының арқасында, Қайрақбай күйлері алты алаштың аспанынан әлі күнге әуелеп келеді.

ҚАЙРАҚБАЙ КҮЙЛЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Қайрақбай Шәлекенұлының күйлерін алғаш қолға алып зерттей бастаған адам Тарбағатай өңірінің шежірешісі Әнуар Қоңқаұлы. Ол кісі Қайрақбайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді 1940 жылдардан бастап, жинақтап, хатқа түсіріп зерделей бастағанға ұқсайды. Күйшінің өміріне қатысты деректерді, кейінгі зерттеушілер осы Әнуар ақсақалдың қолжазба мұраларына сүйене отырып пайымдаған. Әнуар Қоңқаұлы бұл деректерді ел ішіндегі құйма құлақ қариялардан, Қайрақбайдың алдын көрген үлкендерден естіп білуі бойынша жазып қалдырып отырған. Сол қолжазба мұраларында бала Қайрақбайдың алғаш күй өнеріне әуес болғанын былай сипаттап жазады: «Қайрақбайдың әкесі Шалекенмен аталас Тойшан деген кісі сыбызғышы болған екен. Бала Қайрақбай Тойшанның сыбызғы шалысына тамсанып, қасынан екі елі қалмай тыңдап жүреді екен. Бір күні үйінде сыбызғы шалып отырған Тойшан, өзіне үңіле қарап, шошайып күй тыңдап отырған Қайрақбайға: «Неменеге телміріп отырсың, шық үйден», - деп қуып салыпты. Бала күйші сонда да ұрдалып күй тыңдағанын қоймапты. Бір күні Тойшан сыртта жүргенде үйіндегі сыбызғысын алып, балалықпен қызықтап, шәлкемдеп күй шалып тұрғанда, сырттан кіріп келген Тойшан бұлқан-талқан болып: «Баланы неге еркіне жібересіңдер! Әкесі Шәлекенге жұқпаған күйшілік, бұған қайдан қонсын», - деп от алып қопаға түсіпті. Содан Қайрақбай үлкендердің сыбызғы жасағанын аңдый жүріп, өзіне бір өгіз қурайдан ойып сыбызғы жасап алып, соны тартып жүреді. Бір күні Тойшан үйінде отырса, даладан тамылжыған сыбызғының әуені шығады дейді. Құлақ түріп тыңдаса өзі көп шалатын «Бозінген» күйі екен. Тіпті өзінің нәшіне келтіріп тартатын шеберлігінен бірде кем емес. Содан кім болды екен деп далаға шықса, қаршадай ғана Қайрақбай өзі жасаған добалдау сыбызғысымен күй тартып тұр екен. Өзінің ожар қылығына өкінген Тойшан баланы жанына шақырып, маңдайынан иіскеп, жанына ертіп бар білген өнерін үйреткен екен деседі».

Қайрақбай күйлерін зерттеу, ғылыми деректермен пайымдау, нотаға түсіру сында жұмыстар негізінен 1980 жылдардан бастап жүйелене бастады. Оған күйші Дәулет Халықұлы мен Баяқын Әлімбекұлы бірлесе жазған «Күй қайнары» атты ғылыми еңбек куә. Одан ары бұл үрдісті індетіп, дамытқан зерттеушілер Қайрақбайдың шөбересі болып келетін Әліпбай ақсақал мен шөпшегі Дәлеш Шеризатұлының ғылыми мақалалары болып табылады. Соңғы уақыттары Қайрақбайдың күйшілік келбетін, рухани мұрасын барынша жинақтап, зерттеп жүрген ғалым, кәсібіи маман, дәулескер күйші Мұқаш Таңғытұлы. Осындай дәстүр сабақтастығы мен рухани алтын арқаудың үзілмеуі нәтижесінде Қайрақбай күйлері тұтастай қазақ халқының жәдігеріне айналып отыр.

Бұл күнде сонау Шәуешек қаласының мұсылмандар зиратындағы Қайрақбай күйшінің кесенесі алыстан көз тартып тұр. Күмбез төрт қырлы етіліп өріліп, бетіне қара мәрмәр, екі шетіне күрең мәрмәр орнатылған. Басына салмағы екі жүз килограмм келетін домбыра көлденең қойылған кесене өткен тарихтан үнсіз сыр шертердей, бар құпиясын ішіне бүгіп мұнарланып тұр. Мыңжылдық бабалар рухының байрағындай Қайрақбай Шәлекенұлы осында мәңгілік шат мекенін тапқан. Ал оның ардақты күйі, асыл сөзі күллі қазақтың көгін кезіп жүр. Әр жүрекке ажырамастай ұя салған. Алаш рухын аспандатқан асыл ердің аруағы алдында мәңгілік тағызым дейміз.

Көрнекі сурет Ералы Оспанұлының еңбегі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар