Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Күңгірт оттың шуағы...

10.02.2016 3241

Күңгірт оттың шуағы

Күңгірт оттың шуағы - adebiportal.kz


Өлең-сөзге ден қойған жұрт Серік Қапшықбаев есімімен етене таныс болуға тиіс. Өйткені, Қапшықбайұлының қажырлы қадамы қазақ поэзиясының құнарлы топырағына өзіне ғана тән, өзгеше өрнегі бар өшпес із қалдырып келе жатқан соқталы сүрлеу.


Шынжаң қазақ әдебиетінде Қажығұмар Шабданұлы, Мағаз Разданұлы, Қызырбек Орал, Жақсылық Сәмитұлы, Задақан Мыңбайұлы, Жәнетхан Тұтқабекұлы, Серік Қапшықбайұлының жырлары мен шығармаларынан азаттықтың ақ таңын алмағайып бір тұстан өлең-сөздің өзегіне өріп нұсқап жіберетіндей, әлдебір үмітпен қадала қарап, елеңдеп отырушы едік. Онсыз да күңгірттеу Қапшықбаев өлеңдерінің қалтарыс-бұлтарысында әлдене жасырынып жатпады ма екен деп өлеңдерінің өн бойына үңіле қарап, үміттеніп отырар едік.


Солардың бірі, әрі бірегейі ақын Серік Қапшықбайұлы еді. Әрине, қолға алғаш қалам алған тұста Секең де жас, тебіренгіш жанымен партияға, жаңа әлеуметтік өмірге бозбалалық құшағын айқара ашып, адал көңіл, ақ ниетімен жыр арнамай қалған жоқ, арнады, әрине. Ол үшін ақынға кінә артайық деп отырған жоқпыз. Тек есіл еңбектің аспанға атқан оқтай зая кеткені ғана өкініш болды.


Олай деуге себеп: институтты енді ғана бітіріп, ағарту саласында екі-ақ жыл жұмыс істеген Серікті, жаңағы «жанындай жақсы көрген» партиясы «ұлтшыл», «оңшыл» деген қылмыс қамытын мойнына кигізіп, еңбекпен өзгерту лагеріне айдаған да жіберген. Бұндай еркелік сендердей бұратана халыққа жараса қоймайды десе керек. Өз ұлтыңның саяси қайраткерлері бас болып, өз қолыңмен құрған («Алаш» партиясы сияқты) өзіңнің ұлттық партияң болмағаннан кейін, өзге біреудің партиясы кісіге опа бермейді екен ғой. Сен жақсы көргенмен, ол сені жақсы көре қоймайды екен. Жақсы көрген жаңағы партия күнәсіз жасты ойға-түске кірмеген жаңағыдай жалалы қылмысқа кіріптар етіп, қара түндей қасірет арқалатып тынғаны, әнеки. Секең бұл қасіреттен жасы елуге таяп, тарландаған шағында зорға құтылды. Жастық көктемді тұтастай коммунистік партияға беріп, жанын амандап әрең алып қалды. Партия жүрегіне майша тиген болу керек, Секең содан қайтып партия тақырыбына көп жоламайтын болды.


Секең бастаған бірлі-жарым ақындар айқай-аттаннан оңаша, адамның жан дүниесіне әсер ететін өлеңдер жазды, сондай тамаша лириканы бастаған ақын осы Қапшықбай ұлы болатын:


Осы бір шағын атырап

Көңілді неткен күй еді.

Жер бетін жасыл жапырақ

Жапқанын жаным сүйеді, – деген шырайлы шумақтар сол 50-жылдардың басында Секеңнің қаламынан туған. Табиғаттың сұлу суретін ақын көкірегіндегі көркемдікке бөлеп, жүрегіңе жылы шуақ шаштырып, көз алдыңа қайтадан алып келеді. «Жапқанын жаным сүйеді, жер бетін жасыл жапырақ» дейді. Қандай мейірлі сөз, қайырлы сезім! Шағын ғана атыраптың көңілге ұялатқан «көрікті күйі» ақын жанынан қаншама аяулы арманды тудырып, алау сезімді аспанға әуелетіп алып кеткен. Осы өлеңді оқыған оқырманның өзі жер бетін жасыл жапырақ жапса деген асыл үмітпен, ақынның арманшыл жанымен қол ұстасып, көрікті көкжиектерге қарай қалықтап ұшып кетпей ме!? Инсанның көкірегіне эстетикалық тыныс беріп, жаныңды жылы мұңға батыратын, мейірімге толы осындай мыңболғыр сәулелі шумақтар көкірегіңе қайырлы сезімдер ұялатып, жаныңды тербетіп, сезіміңді селдетіп әкетпей ме!


Серік ақын өлеңді осылайша сыр мен сезімге бөлеп, аса тосын өзгеше көркем сөз кестесімен өрнектеп шығаруға бүкіл өмірін сарп етіп келе жатқан ақын. Одан тапқан олжасы аз емес. «Бұл Серіктің өлеңі ғой дейтін» жырларына өзіне ғана тән өзгеше өрнек тапты.


Серік ақын өлең жазудың жаңаша түрін жасауға, түрі болғанда өлеңнің бүкіл мазмұны мен формасына өзгеріс жасауға талпынған ақын. Өзі де осы жолға бүкіл өмірін сарп етті. Тапқан олжасы да бар шығар, тайып кеткен тұстары да бар шығар, оны талдау бұл мақаланың міндеті емес.


Қаптаған қалың айқай-аттаннан, ел-көшті, жау жеттілеген өлеңдердің арасынан анда-санда осындай шырайлы шумақтарды кездестіріп қалғанда өлең дегеніміз міне осындай адамның жан сезімін тербететін сұлу сөзбен өрнектелген, нәзік те, бейуаз, көркем сөз кестесінің «қиыннан қиыстырылған» өзгеше өрілімдері болса қандай ғажап болар еді деп армандайсың.


Ақын небәрі 24 жасында саяси қуғын-сүргінге ұшырап кетті. Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ жас ақынға бұл оңай бола қойған жоқ. Секеңді заң бойынша бәленше деген бабпен соттап, абақтысына кіргізіп жіберсе бір сәрі еді ғой, бір өлеңінде өзі айтқанындай онда «арман да болмас» еді. Бірақ, зәлім саясат жас ақынды қорлаудың адамның ойына келмейтін басқаша тәсілін тапқан. Оны ауылдағы тобырдың қолына апарып тапсырып берген ғой. «Мынау ұлтшыл оңбаған, бұзық адам, бұны бүгіннен бастап сендердің қолдарыңа тапсырып береміз, бұған білгендеріңді істеп, қатаң тепкінің астына алып, әкесін танытып, құдай тәубесін есіне түсірулеріңе болады» деген санасы қортық, өңкей әумесер, әңгүдік белсенділердің қолына тапсырып беріп тұрып, ноқай, топас тобырлар көктен тілегені жерден табылғанына қуанып: «қолға берсең болды, ар жағын өзіміз жақсы білеміз ғой, сүйікті партия» деп шу ете қалған. Секең міне, осылардың тепкісінде 24 жыл өмірін өткізген. Солардың қолында мерт болып кетпей, қалай аман қалғанына қайран қаласың. Сол Секең ол тозақтан да аман-есен құтылып, мінеки, бүгін сексеннің сеңгіріне аман-есен шығып отыр. Өмірдің күнгейі мен теріскейін қатар көріп, көңіліне көп сыр түйген жұмбақтау жан бүгінде халқының қадірлі абыз ақсақалы. Қазақ поэзиясына өзгеше өрнек әкелген, сыры да, сыпаты да бөлек талантты тарланбоз.


«Менің сақтағаным» деген өлеңінде ақын:


Көмірдей шашым қара еді,

Айырылдым ерте,

Тайды өңім.

Өмір, көркің бар еді,

Қорлығың да бар сенің!

…Ойла, десең тұнжырап,

Ойна десең, ойнағам.

Таудың үстін бұлдырап,

Көк сұр бұлттай торлағам.

Осы менің тапқаным,

(Күндер өтті, жыл өтті.)

Өмірді мен сақтадым,

Сақтадым мен жүректі.

Көзімнің үңгір түбінен,

Бір меруерт көрінер,

Амандассаң менімен,

Соған қарай беріңдер, – дейді.


Көзінің терең түбіне сақтаған меруерті-өлеңі болса керек. Жастық шағын жыртып, өлеңіне тамызық етіп жағып жүріп, Секең ақындығын аман сақтап қалды. Сол қуғында жүрген күндерінің өзінде Секең мүмкін болғанынша өлең жазуын тоқтатпаған екен. Қуанышқа жарлы өгейлікпен өткен бүкіл жастық өмірін, жабырқаған жанын, жасыған жүрегін жырмен әлдилеп, мұңлы жырларын жанына жамылыш етіп отырған.


Ақынды жаңағы қызыл көз белсенділер бір мезгіл өз беттерінше, заңсыз, сотсыз түрмеге де қамап тастаған екен. Абақтыда өткізген күндерін, ондағы үміт, қайғы, жан дүние арпалыстарын ақын «Абақты дастаны» атты поэма жазып баяндап берген болатын. «1968 жыл» деген өлеңін оқып көрелік:


Ақырын соқпа,

Қатты соқ,

Қорғанды боран кимеле!

Жейдем жыртық,

Тоным жоқ,

Мен отырмын түрмеде….

Көз жасым-ау, өкпең не?

Көрсетпесем уайым.

Бақытты күнде төксем де,

Бақытсыз күнде тияйын.

Шам жақпаймын жарық қып,

Көңіліме түспес, не қылам?

Арманымды азық қып,

Үмітімді жамылам.


Серік ақын жүрегінің сырын, сезімінің селін, көңілінің көкжиегін, өзегінде бас көтерген өзгеше түйсінулері мен сүйсінулерін өлең-сөздің әлем-жәлем, алабажақ түстерімен емес, барандау бояуымен бояп, көмескілеу етіп кестелеп жеткізуге ден қойған ақын. Өлең – ақын жан сезімінің тіл кестесімен көрініс табатын көшірмесі екенін де әманда қаперінде ұстап отырған. Ол дүниені ақындық көзімен көріп, ақындық сезіммен танып-түсініп, оны қиялының қанатымен алыс көкжиектерге алып кетіп, қоғамдық өмірдің лас қоқсығынан ауаша, сол кіршіксіз таза кеңістікте оны қайтадан әрлеп, ажарлап, жүрегінің сүзгісінен өткізіп, сонан кейін ғана қара жерге аспаннан қайта алып түсетін ақын.


Ақынның «Еренқабырға» деген дастаны бар. Секеңнің өлеңдері хақындағы сөзімізге осы дастаны да дәлел болады ғой деп ойлаймыз. Қиялға, ойға, сезімге, ишарат-нышандарға, символдарға құрылған ғажайып жыр. Оқып көрейік:


Шақырасың жүректі,

Қай жақта еді сорабың.

Иіскеп көкжиекті,

Езу тартып қоямын.

Абыржыған ой қағып,

Шертем дейді не сырын?

Жүр аша алмай сол ғарып,

Жүрегімнің есігін.

Бүйтпе көңіл ала боп,

Дей бер бірақ алаңмын,

Тағдырында шама жоқ,

Дәм айдаған адамның.


Жыр, міне, өстіп жосылып жүре береді. Сені де ұлы таудың қойнауына бастап алып барады. Тұмасынан су ішкізіп, тұнығына бас қойғызады. Ата-бабаның Қара қыстауларына, құт қонған қойнауларына, ұйықты жұрт, өрісті өлкелеріне апарады. Торғын тұманың үстімен қалықтатады. Көне тарихтың қойнауларына да барып қайтасың. Осы алып таудың өзін арғы бабалар жаугершіліктен көз ашпаған жау іші жәлем заманда мал-жаныма қорған болсын деп, зар тілегін айтып жүріп тәңірден тілеп, ғайыптан туғызып алған екен. Қасиетті аналардың біреуі етегіне салып ер жеткізіп, алып тауға айналдырып жіберген «қазақтың шекпенінен» шыққан төлтума аталас тауы екен. Табиғат аясында өмір сүрген, қазақ сияқты көшпелі нәсілден жаралған көне халықтың алып таулардың өзін тәңірден тілеп туғызып алса несі айып, несі қисынсыз! Сол тау жаралғанда сол таудың қойнауында қазақтан басқа қандай халық өмір сүріп, от жағып, отан етті дейсіз?!


Ақын жаны жабырқап, өмірден өгейлік көріп, жадынан қасиетті құндылықтар тонала бастаған кезде баба тауға тектен-тек келе жатқан жоқ. «Жаңылғанды аңғартып, түсір менің ойыма» деуі тегін дейсіз бе!? Баяғы бабалар тәңірден тілеп, туғызып алған пана таумен өгей өмірден өзегіне өксік түскен, жастық көктемінен жұрдай болып тоналған ақын жаны келіп кездеседі. Сол кезде ақынның көңіліне нелер келіп, нелер кетпейді! Жабырқаған жан сезімін, арманшыл асыл мақсат-мұраттарын баба тауға сыр қылып шертіп, жанына түскен жарасын да, жадынан жоғалтқан жаңылысын да соған сыр қылып айтпағанда оны басқа кімге айтады!? Кіммен бөліседі?! Бабаның көзін көрген ұлы тау бәріне куә емес пе еді:


…жас күнімді ырыс қып,

Қандырмадың айызын.

Енді қайда жылыстық,

Өмір, сен де қарызым.

Жетпісінші жыл өтті,

Сермеп маған сойылды,

Қалжыратты жүректі,

Төбем сонда ойылды.


Өз тағдырын осылай баян еткен ақын, ендігі кезекте ата заманнан қалған, бабалар тәңірден тілеп алған қасиетті тауды жат-жаладан, бәле-қазадан, жаттың сұғанақ-сұғынан аман болса екен деп бағзыдағы аталар сияқты ақын да тәңірден тілек тілейді:


…сындыр, сынсын мүйізім,

Мүйізсіз де кім едім?

Сал азапқа күндізім,

Сал азапқа түнегім.

Ей, көк дауыл, жалындым,

Кетір менің кейпімді,

Бұзба сиқын тауымның!

Ей, жебір құрт жалындым,

Ақ та, емес көк те емес,

Тасын теспе тауымның,

Мені мұжы, мені тес!..


Ақынның жүйрік жаны ұлы таудың ұлары болып ұшып жүріп, ұлағатты үн көтереді, тау ақын жанының сая табар тұрағы, арманының ұшып-қонар тұғыры сыпатты. Бұл өлеңнен қарадүрсін оқиға іздеп қаңғырудың қажеті жоқ. Әркім өзінің ішкі сезімдік сұранысын, жанының қалауын өлеңнің өнбойынан тауып ала беруіне болады. Шуақты жыр сені беймәлім шалық сезімге бөлеп, әр қиырды бір нұсқап, қиялыңа қанат бітіріп, алыстарға жетелеп алып кете береді. Поэзия деген әне сол. Әлде кімнен естіген қарабайыр оқиғаны қарадүрсін тілмен тізбелеп айтып беру емес қой ол.


Серік ақын өлең жазудың жаңаша түрін жасауға, түрі болғанда өлеңнің бүкіл мазмұны мен формасына өзгеріс жасауға талпынған ақын. Өзі де осы жолға бүкіл өмірін сарп етті. Тапқан олжасы да бар шығар, тайып кеткен тұстары да бар шығар, оны талдау бұл мақаланың міндеті емес.


Серік ақынның жырларын, әсіресе соңғы кездегі өлеңдерін жазбай танисың: «Бөкен» деген өлеңін оқып көрейік:


Аяқтар –

Жүріп,

Шығармақ

Не бүлік?

Мүйізіне –

Іліксем сиырдың.

Түйрелер

Шап,

Бүйірім.

Шығып

Дөңге

Жел

Мен де!..

Шөп-шалаң

Белден кеп!

Төбелер

Көкпең-көк.

«Желбір-жекен

Желіп өткен –

Жайлауда,

Біз бір бөкен!»

10.09.2005.


Серік өлеңдерін күңгірт, ұғымға ауыр деушілер табылады. Ол сөз бұл жақта да, ол жақта да айтылмай жүрген сөз емес. Оны Секеңнің өзі де біледі. Бізге күңгірт болғанмен, өзіне айдан анық болу керек. Ол жағын біз жақсы біле бермейміз ғой. Ал, енді, күңгірт, көмескі деген сөз ақын өлеңдерін жоққа шығарып кете алған жоқ. Ақынның жақсы өлеңдері ондай сөздердің өзін жоққа шығарып кете беретін тұстары да аз болмайды. Өлеңді өнер ретіндегі өреге көтеріп, нағыз сөз өнерінің биігіне шығарып, күрделі өлең жаза алмайтындардың барлығы ақын өлеңдеріне қырын қарап келгені де рас. Сондықтан осы күнге дейін Серік өлеңдері туралы маңдайдан сипар жылы сөзді ірі ақын Омарғазы Айтанұлынан басқа ешкім айта қоймаған сияқты. Ал, өз басым оқырман ретінде ақынның ертеректе жазған өлеңдерін (кейінгі кездегі өлеңдерін мынадай еді деп айта алмаймын) қазақ поэзиясының ірі жетістігі ретінде бағалаймын. Өзегіндегі өз сөзін басқа ешкімге ұқсамайтын өзгеше бояумен жеткізген, ешкімге еліктеп-солықтамаған басқа бір ақынды тағы да айта алмаймын. Қалайда былайғы жұртқа ақын өлеңдерінде ашық-шашық жатқан ешнәрсе жоқ екені – ол да шындық. Сөз ақынның соңғы кездегі өлеңдері туралы болып жатыр ғой. Бұл «сырқат» Секеңе кейінірек жабысты. 1980 жылдардың соңына дейін Қапшықбаев та өлеңдерін «қазақша» қара өлең мәнерімен жазып келген болатын. Кейінірек қой, ақынның «әлемдік тілге» аунап кеткені. Ол тілді білетін жандар біздің ортамызда тым тапшы болып шықты да, көбіміз ақыннан адасып қалдық. Адасқамыз жоқ-ау, «қашан көрсең – ошан көр, өз түсімен көріне алған ала жылқы да бір, ол да бір» (Ж. Қамай, А.Тойшан) ақынды тікелей түсінуге көбіміздің қолымыз жетпей, қор болып қалдық.


Секең қашан көрсең бойын таза ұстап, тік жүретін, бәйгеге қосатын жүйріктей өзін тоқ-жарау қалпында ұстайтын, сері де, сырбаз ақын. Соншама көп шығармалар жазған танымалдылығы да аса жоғары тарланбоз ғой. Бірақ, соның өзінде ақын болып лепіріп, кеудесін керіп, жағасын жайлауға жіберіп көрген жан емес. Мен өз басым Секеңнің сонша том-том өлеңдер жазса да, соларының болмаса бір-екеуін әртүрлі сахналардан, болмаса, радио, телевидениеден оқығанын, тіптен ағайынның той-томалағына да арнап бір шумақ жыр оқығанын көрген емеспін. Ақын өмір бойы біреуге «арнау» өлең жазған емес. Ол өлеңді кез келген кәдеге жаратып, қолжаулық етіп, қадырын кетіріп, қасиетін төмендеткен жан емес. Екі-үш өлең жазып алып, көзіне микрофон, қарсы алдынан сахна көрінсе болды, әлгісін оқуға тапырақтап тұра жүгіретін ақындарға Секең аяушылықпен қарап, миығынан күліп, отырар еді. Бір өлеңінде ақын:


Уытын жайып ісікше,

Өзгенің асса атағы.

Атағым менің күшікше,

Үйшігінде жатады! – дейтіні бар. Ақынның өмірлік ұстанымы да, адамдық болмыс-бітімі де осы сөзге келіп саяды.



Әрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, сыншы.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар