Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Лев Толстойдың күнделік жазбалары...

28.03.2024 1401

Лев Толстойдың күнделік жазбалары 14+

Лев Толстойдың  күнделік  жазбалары - adebiportal.kz

Кемеңгер жазушы Лев Толстойдың күнделік жазбалары оның әдеби шығармашылық және дүниетанымдық мұрасының өте маңызды бөлігі болып табылады. 

Қазан университетінің 18  жастағы студенті  Лев Толстой  1847 жылы өзінің қабілетін дамыту, кемшіліктерінен арылу, өзін-өзі жетілдіру және өзін бақылау үшін күнделік бастап: «Менің ешқашанда күнделігім болған емес, өйткені күнделіктен ешқандай пайда көрген емеспін. Енді, міне,  мен өзімнің қабілетімді дамытумен айналыса бастағанда күнделік арқылы өзімнің даму барысымды қадағалай аламын» - деп жазады. 

Лев Толстой 63 жыл 8 ай күнделік жазған адам, бүгінгі күнде оның барлығы 31 күнделік  дәптері  сақталған, олардың қолжазба күйіндегі мәтіні 4700 парақты құрайды. Күнделіктегі ең бірінші жазба 1847 жылы наурыз айында, ал соңғысы қайтыс боларынан 4 күн бұрын 1910 жылы 3 қарашада Астапово станциясында түсірілген. 

Бастапқы кезде Толстой күнделік дәптерлерге өзінің тәрбиесіне, өзін жетілдіруге қатысты  алдына қойған міндеттерді жазады. 1847 жылғы 27 қаңтардан бастап бұған арнайы журнал бастайды,  журналда өзіне қажетті өмірлік  ережелерді жасап, алдына қойған  міндеттерді жазады. Күнделік ең алдымен өзі орнатқан ережелерден туындайтын әрекеттерді бақылау үшін керек деп анықтайды. 1847 жылдың қаңтар - наурыз айларында осындай  ережелердің 3 қолжазбасы сақталған, содан кейін 1847 жылғы 16 маусымда күнделіктегі жазбалар тоқтап қалады. Тек 3 жылдан кейін, 1850 жылы 14 маусымда Ясная Полянада Лев Толстой күнделік жүргізуді қайтадан жалғастырады.

Лев Толстой  өзінің алдына  қойған  міндеттерді орындауға  барлық ақыл ойы мен күш жігерін салады. Ол күнделігінде өзінің бүгінгісін және болашағын болжай алатын күнделік жазудың әдісін жасайды. Күнделік жазбаларында өткен күнде істелген  істерге сілтеме жасап, келесі күнге қойған  жоспарларды жазып тұрады. Лев Николаевич өзінің  іс-әрекеттерін адамшылық құндылықтар шкаласы бойынша бағалап отырады. Өзі жасаған қағидалар ақиқатының  моральдық идеалына сәйкес болуы үшін өмірінің өткені мен болашағын күнделік жазбаларында ұштастыруға тырысады. 

1851 жылғы 30 мамырда Кавказға келгеннен кейін күнделік жазу Толстой үшін қажеттілікке айналады, ол Кавказда әскери қызметте жүрген кездегі үрейлері мен үмітін жаза бастайды. Сол уақытты есіне түсірген Лев Николаевич 1859 жылғы сәуір айының соңында: «Кавказда өмір сүрген кезде маған қиын болды. Мен сол кездегі жазғандарымды қайтадан оқи отырып, мен өзімнің ақыл-ойымды жетілдіре алатынымды түсіндім. Бұл менің өмірімдегі ауыр, азапты күндер болды, бірақ жақсы уақыт еді. Ешқашан, бұрын да, кейін де, мұндай ойлау биігіме жеткен емеспін. Мен сол кезде түсінгендерім менің өмірімдегі сенімдерім болып қала береді» деп жазады.

Толстой күнделіктеріне өзінің сезімдері мен ойларын, өмірдегі көзқарастарын  күндегісін күнде түсіріп, өзі жасаған қағидалар арқылы өмірін реттеуге тырысқан кемеңгер жазушының жан дүниесін көруге болады.

Лев Толстойдың күнделігі жазбаларынан:

5 сәуір 1847 ж. (Сағат таңғы  6.) 

Мен өзіммен айналыса бастағаннан бері көп нәрсеге үйрендім, бірақ мен әлі де өзіме өте риза емеспін. Өзіңді жетілдіруде неғұрлым алға жылжыған сайын, соғұрлым өз кемшіліктеріңді көресің. Сократ адам кемелдігінің ең жоғары биігі  оның ештеңені білмейтіні туралы мойындауы екенін айтады.

9 сәуір 1847 ж.  (Сағат таңғы 6). 

Мен кешегі күнгі өзіме өте ризамын. Мен өзімнің еркіме өзім ие бола бастадым; бірақ ақыл-ойым әлі әлсіз. Шыдамдылық пен еңбекқорлық керек, мен қалағанымның  бәріне қол жеткізетініме сенімдімін.

 1851. 29 қараша.

Тифлис. Мен ешқашанда әйелге ғашық болған емеспін. 13 не 14 жасымда ма екен, махаббатқа ұқсас бір күшті сезімді басымнан өткердім; бірақ оның махаббат екеніне сенімді емеспін; өйткені ол толықша келген қызметші қыз болатын (шынымен де кішкене беті өте әдемі еді), 13 пен 15 жас аралығында  ер бала үшін ең  бейберекет (балдәурен) кез  болатын: не істеу керектігін білмейтінмін, осы кезде құмарлық маған ерекше күшпен әрекет ететін.

1852. қаңтардың 2-і.

 Мен бақыт іздегенде, үнемі жамандыққа ұрынып қалатынмын; енді мен бұл өмірде бақытсыз болмау керектігін түсінген кезде, мені желіктіретіндердің бәрі бірте бірте жойыла бастады. Мен ізгі адам болатыныма және бақытсыз болмауға болатынына сенімдімін.

Мен көңілімді көтергім келгенде, көңілім менен қашатын, мен одан сайын зарығып, ішім пысып қиын жағдайларға тап болатынмын - мұндай жағдайларда жақсыға да жаманға да ұрынып қалуға болады; әсіресе соңғысына тап болу оңай. Енді мен зарығудан аулақ болуға тырысамын, бәрінен де ләззат аламын.

Бақытты болу үшін уайым қайғыдан аулақ болу керек, көңілді болу үшін  зарығудан аулақ жүру керек.

Tout vient a point a celui qui sait attendre [Шыдап күте алатын адамға бәріде өз уақытында келеді (фр.)].

Платонның айтуынша, ізгі адам үш қасиеттен: әділеттен,                                                                                                                                                                                                                                                                         сабырлықтан және қайсарлықтан тұрады. Әділдік деген, менің ойымша, ол өнегелі сабырлық. Мынау  әлемде ережені ұстанудан - артық ештеңе жоқ – сабырлы боласыз. Платонның айтқан үшінші қасиет - бұл ережеге лайық келетін құрал- қайсарлықта  тұрған артық ештеңе жоқ.

1853 жылғы желтоқсан- 1854 жылғы қаңтар 

Ережелер мен жорамалдар

Түзелу ережелері

[...] 3) Қиын болған кезде бұдан да нашар болуы мүмкін еді деп жиі ойлауға тырыс.

4) Бос, іссіз және безберекет жүргеннен қорық.

5) Болашақтан ештеңе күтпе.

6) Жалған, өтірік сөйлегеннен және оны туғызатын даңғойлықтан сақтан.

7) Қатты әсер бойыңды билеген кезде өзіңді ұстауға тырыс.

 8) Деніңнің саулығы мен  ақыл-ойыңды тәртіпке келтіріп тұр.

9) Жағдай неғұрлым нашар болған сайын, соғұрлым жігеріңді арттыр.

10) Менменшілдіктен сақтан.

11) Зарығып жалыққанда  ойын-сауықпен емес, еңбекпен жеңуге тырыс.

12) Біреуді қорлайтын кез -келген әрекет пен ойдан аулақ бол.

13) Жайлы, байыпты күйде болған кезде ғана біреуге бұйрық бер.

14) Жақсылық жасау үшін жағдай тап.

Негізгі ережелер

1) Істеген әр ісіңнің мақсаты жақын адамның бақытты болуы үшін жаса.

2) Қолыңда барға қанағат қыл.

Іс жүзіндегі ережелер

15) Жалпы, әсіресе жақын адамдармен түсінбейтін қайшылықтардан сақ бол. 

16) Барлық керекті ақпарат пен ойларды есте сақта, жазып жүр.

17) Күн шықпастан бұрын ерте тұр.

18) Жаман ба, жақсы ма – әрқашанда жұмыс істе.

19) Жанжал кезіндегі  ойларға сенбе.

20) Қарыз алма және ақша берме.

21) Күн сайын ауада дем алып, қозғал.

22) Бірдеңені талқылаудан және оны біреуге жеткізуден аулақ бол.

23) Басқа адамдардың ойын қайталамауға тырыс .

24) Өзіңе жақын адамдардың өмірін жақсы етуге тырыс.

Әдеби ережелер

1) Әр шығарманың мақсатында жақсылық - ізгілік болуы керек.

2) Шығарманың тақырыбы жоғары болуы керек.

3) Жалықтыратын жазу әдістерінен аулақ бол.

4) Шығарманы толығымен аяқтағаннан кейін, оны қайта қара, артық нәрселерді алып таста, бірақ ештеңе қоспа. [...]

Келешек жорамалдар

1) Адамгершілік журналын шығару.

2) Қарапайым халыққа уағыз жасаған кезде оқитын діни нұсқаулық жасау.

3) Михаил Романовтан бастап Александр Благословенныйға дейінгі олардың бүкіл адамшылық тарихи оқиғаларын түсіндіре отырып, орыс тарихын жазу.

4) Дұғаларды түзету.

5) Есте сақтау үшін орыс тарихынан үзінді жазу.

6) Деревняда өмір сүру ережелерін жазу.

7) Адамға өмір сүру үшін керек қағидаларды жазу.

8) Қиындықтар туған кезде мінезіңді жетілдіруге жұмса.

9) «Орыс помещигі туралы роман» жазу

10) Шағын пайдалы әңгімелер жазу.

1850 жылғы желтоқсаннан бастап Лев  Толстойдың әдеби шығармашылық  қызметі басталады. 1852 жылы қыркүйекте алғашқы туындысы «Балалық шақ» повесі жарық көрді. Жеке өмірінің тәрбиесінен тыс күнделік жазбалары тағы бір маңызды мақсатқа бағытталды, күнделік Толстойдың шығармашылығы  үшін пайдаланылды, Толстой бұл туралы былай деп жазады: «Әр түрлі кітаптарда өз ойларыңды, бақылауларыңды, өмірлік қағидаларыңды жазу идеясы қызық нәрсе. Мен үшін әдеби еңбек, ал басқалар үшін жағымды оқу болуы үшін күнделікке үнемі бәрін жазып тұрған дұрыс» (1853 жылғы 22 қазан айында жазылған).

Күнделік мазмұны жылдан жылға өзгеріп, әр түрлі бағытта және сипатта жалғасады. Толстой өзінің тәрбиесі туралы жазбалардан басқа, оны қоршаған айналаға көзқарасын, адамдарға қатысты қызықты бақылауларын, қоғамдық-саяси, философиялық, этикалық, эстетикалық тақырыптарға қатысты көптеген ойларын жазады.  Күнделік орталығында  автордың өзі, оның  рухани мақсаты, жетілуі, адамның ішкі рухани әлеміне қатысты Толстойды алаңдатқан көптеген қоғамдық – әлеуметтік мәселелерді, адамзат дүниесін жетілдіру мақсатынан туындайтын  философиялық ойларымен байланысты жазбаларды оқуға болады.

1880 жылдардың басындағы ішкі рухани дағдарыстан кейін көзқарастарының өзгеруіне  байланысты күнделік жазбаларында дін, адам, болмыс,  этика,  жаһандық  мәселелер  туралы терең ой пайымдары орын алады. Толстой күнделіктері әртүрлі мәселелерге қатысты ой пікірлерге  толы: Платон, Августин, Декарт, Локк, Стерн, Руссо, Кант, Фихте, Шеллинг, Шопенгауэр, Маркстің ойларына, пікірлеріне қатысты Толстой өзінің ой толғаныстарын, жеке пікірлерін де білдіреді. Айта кету керек, Толстой батыстық философиялық және әдеби деректі көздермен шектелген емес, ол жеке тұлға деген ұғымға балама  іздеу барысында индуизм мен буддизм  туралы білгісі келеді, сол кезде Конфуций мен Лао Цзыларды оқыған. Толстой алғаш рет 1877 жылы қытай ойшылдары Конфуций мен Лао Цзы туралы дінтанушы Страховқа жазған  хаттарында  атайды. Ал 1884 жылы ол  «Круг чтения» дайындау барысында Конфуций мен Лао Цзыды оқи бастағанын да жазады. 

Толстой қоғамдық жұмыстарға араласқан жылдары немесе шығармашылығы кезінде  күнделік жазу бірнеше  айға, тіпті жылдарға үзіліп қалады, мысалы, «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» романы туындыларын жазу кезінде Толстой күнделік жазуды тоқтатқан. 1855 жылдан бастап әр түрлі қысқа жазбалар үшін Лев Толстой қалта кітапшаларын пайдаланған, барлық ойларын сол кітапшаларында жазған, бүгінгі таңда сондай 55 жазба кітапша сақталған.

 Лев Толстойдың күнделігі жазбаларынан:

1885. 5 сәуір сияқты.

Менің өмірімдегі барлық ісім (өкінішке қарай, бұл өмірдің тайғақ, алдамшы жолын кешу) ол адамның ой санасын және ақиқатын түсіндіру. Көбінесе маған пайдалы жарқын ойлар келеді, бірақ оларға орын таппай, оларды ұмытып кетемін. Мен енді жазып тұратын боламын. Біреу -міреуге пайдасы тиер.

Бүгін. Мен өзімнің бақытсыз отбасым: менің қасымда тұратын әйелім, ұлдарым, қыздарым ойыма  түсті, олар менімен бірге өмір сүріп,  өмірлерінің  жалғандығын  әшкерелейтін, оларды барлық азаптан құтқаратын ақиқат пен ізгілікті көрмеу үшін олар менің  және өздері  арасында шымылдық кереді.

Олар басқалардың еңбегімен келген бос, сенделген өмірлерін түсінсе ғой, тек бір нәрсе оларды құтқаруы мүмкін: ол бос уақыттарын ойлауға пайдаланса ғой. Олар өздерінің бос уақыттарын зарығып, әбігерге салады, ойлауға аз уақыт қалдырады.

19 қаңтар 1901.

Москва. Осы уақыт ішінде қатты ауырдым, әлі де әлсізбін. Өткен күндерде Нижнийға Серебренниковке ұзақ хат жаздым. Көңіл күйім жақсы, егер уайымым аз болса ғой.

Осы уақыт ішінде жазылғандар:

1) Адамдар өздерінің ойларымен, басқалардың ойларымен, өздерінің сезімдерімен, басқалардың сезімдерімен өмір сүреді (яғни, басқалардың сезімдерін түсіну, оларды басшылыққа алу). Ең жақсы адам - негізінен өзінің ойымен және өзгелердің сезімдерімен өмір сүретін адам, адамның ең нашар сорты - басқалардың ойлары мен басқалардың сезімдерімен өмір сүретін адам. Осы төрт негіздің әртүрлі комбинациялары, іс-әрекетінің мотивтерімен барлық адамдар бірінен бірі   ерекшеленеді.

Өзінің де, басқаның да ойлары, сезімдері жоқ,  тек басқалардың сезімдерімен өмір сүретін адамдар болады - олар ақымақтар; тек өзінің сезімдерімен өмір сүретін адамдар болады – олар жануарлар. Тек өзінің ойларымен өмір сүретін адамдар бар - олар данышпандар, пайғамбарлар; тек басқа адамдардың ойларымен өмір сүретіндер болады - олар ғалым ақымақтар. Осы күрделі мінездер әртүрлі күштеріне қарай әуре сарсаңға салады.

Толстой өмірінің соңғы жылдарында күнделіктерінде Ресейдегі  оғамдық-саяси өмірге, тарихи оқиғаларға қатысты көзқарастары мен ой – пікірлерін де күнделіктен көруге болады, орындалған немесе іске асырылмаған мақсаттары туралы да көп толғанады. Өзінің денсаулығы мен көңіл күйін, ойындағы  жағымсыз пікірлерін,  отбасы ішіндегі қарым – қатынастарды, балалары туралы және олардың тәрбиесі туралы да күнделігіне енгізеді.

Толстойдың күнделік  жазу дәстүрі өмірінің соңғы жылдары тағы  2 дәптермен толысады: олар «Күндізгі» және «Түнгі» деп  бөлінді. «Күндізгі» дәптері  әрқашан жиде көйлегінің қалтасында жүрген, «Түнгі» дәптері оның үстелі үстінде жатқан. Толстой ұйқысыздық мазалағанда немесе оянып кеткен кезде «Түнгі» кітапшасына ойында жүрген нәрселерді жазып тұрған.

Лев Толстойдың «әдебиеттен кеткісі» келген, бұл 1859 жылы, 1869-1870 және 1874-1875 жылдары болатын. Осындай ішкі күйзелістер кезінде Толстой жазбалардың басқа түрлеріне ауысқан, мысалы, хаттар мен педагогикалық жазбаларға арналғанын  күнделіктен оқуға болады, мысалы, Толстой өзінің өмірбаяны туралы немесе мемуарлық естеліктер жазуға екі рет әрекет жасаған, екеуінде 1878 жылы «Менің өмірім» және 1903-1906 жылдары «Естеліктер» аяқталмай қалған.

Толстой күнделіктеріндегі жазбалар немесе оның жазған хаттары өз алдына дүниетанымдық күнделік – кітап, олар адамның ішкі жан дүниесіне, ішкі әлеміне жасалған тәжірибе. Адам қандай болуы керек, адамдар арасындағы қарым-  қатынастар қандай болуы керек, адамдардың қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауап іздеп, ойлары мен сезімдерін жазған адамның өмірлік жазбалары. Толстой күнделік жазбалары адамдарды ізгілікке, моралдық – этикалық тәртіпке үйретеді, өмірде адал болуына шақырады. Толстой өзінің алдындағы ұлылар мен даналарды көп оқыған кемеңгер, оның алдындағы ілімдерді негізге алған, адам өзін қалай тәрбиелеуі керек, қалай өмір сүруі керек деген мәңгі мәселелерді жалғастырды, Толстой Конфуцийді оқығаннан кейін күнделігінде:  «Конфуций - жалғыз өзі әлі де жеміс беріп келе жатқан ілім, ол адамның өзіне мұқият қарау керектігі туралы, өзіне ерекше назар аудару керектігі туралы ілім» дейді.

 Лев Толстойда адам жанына, оның өміріне және дүниетанымына керекті дүниелерді күнделігіне жазып, адам баласының ақиқатына бойлаған ұлы кемеңгер жазушы. 

2014 жылдың 9 қыркүйегінде Лев Толстойдың туған күніне орай Л.Н.Толстой мемлекеттік мұражайы ABBYY компаниясының  ұйымдастыруымен  «Бір рет түртіп - Толстойды оқы» краудсорсингтік жобасы бойынша Толстойды оқитын барша оқырманды ұлы жазушының сирек кездесетін өмірбаяндық жазбаларын, оның күнделіктерімен, дәптерлерімен, хаттарымен танысуға мүмкіндік бергенін де айта кеткім келеді.

Лев Толстойдың күнделігі жазбаларынан :

14 сәуір 1903.

Ясная Поляна. Көптен бері жазған емеспін. Осы уақыт ішінде рухани әлсіздікті сезінемін. Үшінші күн денсаулығым көтермейді: мұрнымнан  су ағып, жөтеле беремін. Бүгін, әлсізбін,  бірақ Тороны оқып, кішкене  рухани көтеріліп қалдым. [...] Мен мұнда 2 сәуірге дейін жазғандарымды жазып отырмын.

1) Әдетте адамдар өркениетті техникалық, ғылыми жетістіктермен өлшеп, өркениет адамдарды ізгілікке  жетелейді  деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Руссо да, жабайы, патриархалдық өмірді аңсайтындардың да,  өркениетке таңданатындардың да ойлары дұрыс та, бұрыс та емес. Ең жоғары, жетілген өркениетті, мәдениетті  адамдардың да  және ең қарапайым өмір сүретін қарабайыр адамдардың да бойындағы ізгілік бірдей. Адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді ғылыммен, өркениетпен, мәдениетпен дамытуға  болады  деу су  үстіндегі бір судан басқа жердегі су жоғары деу сияқты мүмкін емес. Адамдардың  ізгілігін  тек барлық адамдарға тең келетін сүйіспеншілік арқылы дамытуға болады; ғылыми, техникалық жетістіктер -  бұл уақыт еншісіндегі  мәселе, ал өркениетті  адамдар өздерінің  ізгілігі  жағынан өркениеті  дамымаған  адамдардан сәл ғана асады, бұл дегенің ересек адамның  ересек емес адамнан артық дегенмен бірдей.  Ізгілік  махаббатпен, сүйіспеншілікпен ғана келеді. [...]

3  маусым 1903 ж.

 Ясная Поляна. Асқазаным оңбай тұр. Күресіп бағамын. Кеше  Николай туралы  жаздым. Бүгін оған хат жазып, мыналарды жаздым:

 1) Барлық билік халықтың надандығы арқасында өмір сүріп, билік етеді, сондықтанда билік барлық түйсігімен ағартушылықтан қорқадыоны жек көреді. Алайда, билік өз еркімен  ағартушылықты қамқорлығына алып, кейін өзінің қолына алған соң бағыттаса болар еді. Бірақ  биліктің зорлық  күшінің зорлығы сондай  тіпті бұлай істегісі де келмейді.  Николай  мұны түсініп,  осылай істеді және  солай әрекет етті.

2) Николай барлық адамдарды оны қоршаған адамдарға  ұқсас  деп санайды. Ал оны қоршаған адамдар - залымдар; сондықтанда  ол барлық адамдарды залымдар  деп санайды. [...]

31 шілде 1905.

 Ясная Поляна. 28 күн болды ештеңе  жазбадым. Осынша  ұзақ уақытқа созылады деп тіпті ойламаппын. Осы уақыт ішінде  физикалық тұрғыдан  өте саумын, бірақ рухани жағынан әлі әлсізбін: аз жаздым. 

1) Былай жазылған: Ресейде сылбыр  революция басталды.

2) Ресейдегі сияқты  қазіргі күрес кезінде ең  бірінші керектісі: бір немесе екінші тарапқа көмектесуден бас тарту; екіншісі:  оларды татуластырудың жолдарын іздеу.

3) зиялы қауым халықтың өміріне жақсылықтан гөрі жүз есе көп жамандық істеді.

5) Революция енді 100 жыл бұрын болған нәрсені қайтара  алмайды. 30, 48 жылдардағы революциялар сәтсіздікке ұшырады, өйткені олардың идеалдары болған жоқ,  олар үлкен революция  қалдықтарынан шабыт алды. Енді орыс революциясын жасайтындардың ешқандай идеалдары жоқ: экономикалық идеалдар ол революция мақсатына жатпайды.

14) менің ашуланғаным да, ақымақтығым да, жексұрындығым да  қандай жақсы, мен оны өзім ғана ішімнен  білемін. Тек осының арқасында мен (өкінішке қарай, кейде) момын жүрегіммен өзімді кешіре аламын, басқалардың ашуланшақтығына, ақымақтығына,  жамандығына шыдай аламын.

[...] 16) сені жақсы көретін сенің сана - сезімің  сені   жақсылыққа итермелейді. Ол сенің  сүйікті болуыңды, бақытты  болуыңды тудыратын нәрселерді, махаббатыңды қоздыратындарды, сенің жаның сезінетіндерді  нәзіктікпен жасайды.

17) егер сені алаңдататындар,  ренжітетіндер, сені сынайтындар болмаса  өмір сүру  саған тым жақсы болар еді, тым  оңай болар еді. 

18) адамдардың  өмірінде жасалатын  барлық өзгерістер,  елеулі өзгерістер  рухани себептермен жасалады. Бірақ бұл өзгерістер ерікті дегенді білдірмейді, керісінше, олардың еріксіз екенін көрсетеді, өйткені  рухани  өзгерістер адамның билігінен тыс күш   - оларды өмірдің өзі  жасайды.

19) жалған христиандық өркениет христиан халықтарын осындай тығырыққа тіреді, одан шығудың жолы жоқ екені анық, ол үшін артқа қозғалу керек, артқа емес, жолдың тығырыққа тірелген бөлігін  қайта жүріп өту керек.

20) біз аулада, тамақ ішіп отырмыз, күмістен ішіп- жеп, балмұздақ жеп отырмыз, малайлар қызмет көрсетіп жүр, бірмезгілде  қайыршылар келді, ал біз  мейірімді жандар  балмұздақты тыныш жей береміз. Керемет!!!!

[...] 24) орыс революциясы қазір орнаған  тәртіпті бұзуы керек, бірақ зорлық-зомбылықпен емес, енжар түрде, бағынбау арқылы. [...] 31 шілде 1905.

29 мамыр.  1906ж.

Ясная Поляна.  Өзімнің  өмірімнің  ұяттылығынан  маған өте  қиын. Не істерімді білмеймін. Жаратушы  Ием, маған көмектесе гөр. Ең жақсысы қазір аз ойлаймын және жиі өзіме өлім тілеймін. Бұл жақсы. Көп нәрсені жазу  керек:

[...] 7)  Адам санасы  арқылы  зұлымдықтан арыла алады -  өзі үшін, әлем үшін бәрін  игілікке айналдыра алады.

8) Адамның  бойында сүйіспеншілік  болмағанда  дене мүшем  ауырғаны  сияқты жанымның  қиналатынын  сеземін, ал адамның  бойында сүйіспеншілік  болғанда  жаныммен  махабатты сеземін. 

Бүгін 30 шілде 1906 ж.

Ясная Поляна. Ұзақ уақыты жазбадым. «Екі жол» мақаласын аяқтадым,  жаман шықпады. Тіпті өте риза болдым. Чертков келді, оның келгеніне  өте қуаныштымын. «Үкімет, революционерлер, халық» мақаламды   енгізілген өзгерістермен қоса  беруге шешім қабылдадым. Жазатын көп нәрсе бар.

[...] Жазу керек:

1) Құдай бар ма?  Білмеймін. Алайда рухани болмысымды билейтін  заңдардың барын  білемін. Бұл заңдардың  болуына себепші  құдай ғана.

2) Басқаларға неғұрлым көп қызмет етсеңіз (күш-жігермен), соғұрлым қуаныштысыз; өзіңе неғұрлым көп қызмет етсеңіз (күш салмай), өмір соғұрлым қиынырық.

3) Орыс халқының  алдында тұрған мәселе – халықты осындай жағдайға  жеткізген  билік күнәсінің күрмеуін шешу керек. Ал оның күнәсінің күрмеуін тек билікті қолдауды тоқтатып, оған бағынбау арқылы шешуге болады.

[...] 6) білімі аз адамдар  көбінесе дөрекі  және қыңыр келеді. Өйткені олар ақыл ойдың әртүрлі жолдармен жұмыс істейтінін  білмейді. [...]

Бүгін 13 ақпан 1907ж.

[...] 14) Өзгелерді өзіңдей көр. Өйткені, олар сенің өзіңсің. Сондықтан олардың жаман істері сенің өзіңмен болып жатқандай, сен өзіңе қалай қарайтындай, оларға мейіріміңмен қара. Өз күнәларың сияқты, олардың да өздерінің күнәларынан  арылып, тәубаға келуіне, түзелуінен  үміттен.

 [15 ақпан] 1910 ж.

Ерте тұрған жоқпын. Хирьяковке хат жаздым. Жер алғысы келетін жұмысшы келді. Адамдарға  әсер еткісі келеді. Кеше Булгаковпен оны күтіп тұрған шақырту туралы жақсы әңгімелестік. Еш қызығы жоқ  хаттарды қайта оқыдым, жұмысқа отырамын. Жазу керек:

1) Өмір сүру  өте  нашар болғандықтан менде нашар өмір сүремін. Нашар өмір, өйткені,  біз адамдар  нашар  өмір сүреміз. Егер біз адамдар жақсы өмір сүрсек,  өмірде  жақсы болар еді,  мен үшін де өмір сүру жаман болмас еді. Егер мен барлық адамдарды жақсы өмір сүруге мәжбүрлей алмасам, мен  өзімді  жақсы ету арқылы адамдардың  өмірін,  өзімнің өмірімді сәл жақсарта аламын. Мұндай ойымды  барлық адамдар қабылдаса екен деймін, ал бұл  ойым өте дұрыс, онда мен үшін де, барлық адамдар үшін де өмір жақсы болар еді. [...]                                                                                                                                     

                                                                                           Аударған Салауат Кәрім


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар