Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мақсат Мәлік. Ағаш адам

08.03.2019 897

Мақсат Мәлік. Ағаш адам

(әңгіме)

Түн. Саябақта адам аяғы басылған. Самаладай шамдардың қалтарысынан жартыкеш ай сығалайды. Ақиқатында зер салған жан ғана сұлбасын бажайлайды. Тық-тық… дың-дың… Ол ауаны кере жұтты да, бар екпінмен кері үрлегенде ағаш жаңқалары сау етіп шашылып түсті. Бүгін ісінің өнгеніне көңілі тояттаса да асып-сасып, дегбірі қашқан. Оның үстіне, балға мен қашауды ұрғылаған сайын жаны мұрнының ұшына келіп, денесі солқ-солқ етеді. Қолынан қашауы түсіп кеткенде азапты түннің солығы басылғандай күйге енді. Оған қоса шаршағанын сезінген. Бұл кезде құланиектеніп таң атып келе жатқан еді…

***

Алматыда түрлі кейіптегі арт нысандар бой көрсеткеніне көп болмаған. Қаланың әр қуысына қонжиған мүсіндер келешекте шаһардың бұрқ-сарқ қайнаған мәдени өмірінің ажырамас бір бөлшегі ретінде есептеліп, ел аяғы үзілмейтін көрікті орынға айнала ма, әлде бір-екі жыл қалқайып тұрған қалпы омақасып, қонған тұғырынан құлап тына ма, о жағы белгісіз… Бәлкім қаланы кісі танымастай көмкеріп, көше бойын еуропалық үлгіде гүлдендіреміз, сол арқылы мегаполисті өзгеше реңкке келтіріп қана қоймай, адамдардың санасына да төңкеріс жасаймыз дейтіндердің бір ойлағаны бар шығар… Алайда арт нысан төңірегіндегі дау қаланың қақ ортасындағы Атакенттің алдына алып тиіннің мүсіні қойылғанда тіптен ушықты. Сабаннан соғылған тиіннің көзге түрпідей тигені сонша, оған қанша қаржы жұмсалғанын естіген жұрт шалқортасынан түсе жаздады. «Осыншама қаржыны желге шашқанша, жетім-жесірге таратып, сауабын алу керек», — деп айқайға басты блогер. «Сабан тиін мәңгілік емес, сондықтан қала басшылығы бұдан гөрі игі іске бас қатырғаны абзал», — деді әлдебір телеарна тілшісі. Алматыға сыймаған тиіннің әлегі Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап, шетелді де шарлаған. Түбі бір шудың болатынын алдын ала сезгендей, мүсінді орнатушылардың жауабы нақпа-нақ.

— Сабаннан тоқылған мүсін отқа оранса не істемекпіз?

— Біз оны өртке қауіпсіз етіп жасадық!

— Мұндай ысырапшыл даңғазалық кімге қажет?

— Осы арқылы қаламыздың өзге ел алдында имиджін жақсартып, тегін жарнама жасауға мүмкіндік алдық.

Бір қызығы, таң алакеуімнен қызыл кеңірдек болып айтысқан, тайталасып тартысқандар кешкілік отбасымен көшеде сейіл құрғанда алып тиінмен суретке түсіп жататын. Шынымды айтсам, мен үшін осы даудың құны көк тиын еді… Бірақ, қалада небір пішіндегі арт нысандардың қатары көбеймесе азайған жоқ.

***

Түн. Жарқыраған көше шамы. Бүгін аспанды бұлт торлаған. Адасқан ай кеңістіктің қай бұрышында діріл қағатынын болжау қиын. Алғаш рет денесі тоңазып, жаурағанын сезінді. Тіпті, қалшылдап барады. «Сәл шыда… сабыр ет…» деп өз-өзін жұбатты да, қашау мен балғаны алма кезек ауыстырып, қимылын үдете түсті. Тық-тық… дың-дың… Етінен ет кесіп жатқандай қатты ауырсынды. Тоқтамады. Сәл кідірсе, бойын үрей билей жөнеледі. Неден? Кімнен? Әйтеуір тұңғыш мәрте өзінің қатты қорыққанын есіне түсірді. Қашан еді?.. Бір жыл, екі жыл… мүмкін арада үш-төрт жыл өтті ме екен?.. Ол жайқалып өскен ағаш болатын. Иә, осы қаланың көрікті ауданы Көктөбе жақта тамыр жайған. Еңселі үйдің иесі күн ыстықта сая болатын ағашқа ерекше құрметпен қарайтын. Тек ол терек пе, қара ағаш па, әлде емен бе, оған бас ауыртқан емес. Бәрі-бәрі жайқалған ағаштың өзіне аян. Күндердің күнінде үй иесі қызметкерлеріне ағашты кесіп тастауға бұйрық берді. Иә, ең алғаш сол кезде қатты қорқып, бойын үрей билеген еді. «Не жазығым бар» деп ышқынған оның жапырақтары байыз таппай сыбдыр қағып, желмен бірге уілдеді. Ешкім естімеді. Бір жағына қисайып, балтаға түссе де не себепті мұндай үкім кесілгенін түсінбеді. Қызметкерлер әуелі бұтақтарды бұтарлап, соңында сидиып қалған діңін аралап тастады. Бірі шөрке секілді, бірі құлаштан ұзын, қысқасы түрлі көлемдегі кесінді ағаштарды қызметкерлер қөшенің арғы бетінде тұрған жүк көлігіне тасып жатқанда жандарына бейтаныс кісі жақындаған.

— Сәт санап қаланың тынысы тарылып жатқанда жасыл-желекті отағандарыңа жол болсын.

— Еріккеннен жүр дейсіз бе, ағасы… Бізде жазық жоқ. Үй иесінің бұйрығы.

— Түсінікті.

Бейтаныс жан қызметкерлер көтерген кесінділерге қарап, өз көзіне өзі сенбеді.

— Жігіттер, мынаның қандай ағаш екенін білесіңдер ме?

— Білмедік… Бәрі дұрыс па? Түріңіз бұзылып кетті ғой.

Бейтаныс жан жауап қатпады. Өңі өрт сөндіргендей күреңітіп, жүрегі қысылды. Бар тілге келгені:

— Жігіттер, керек десеңіздер ақысын төлейін. Мына ұзындығы екі метрдей дөңбекті маған беріңіздер? – деп сұрады.

— Оны не істемексіз, ағасы?

— Ағаш шебері едім. Бір жағынан мүсіншімін. Бір қажетіме жарап қалар.

Аяусыз бұтарланған ағаш кесінділері тиелген көлік орнынан қозғалғанда ағаш шебері аттай қалап сұрап алған екі метр дөңбекке сүйеніп қалған.

***

Арт нысандарға қатысты өршіген шуға ешкім тоқтау салмаса да, уақыттың ағысы бәрін шетке ығыстырып, түк болмағандай ұмыттырып жіберетіні бар. Бәлкім бір-екі аптаның жүзінде бұл әңгімелер маңызын жоғалтып, іші толған жұрт өзге тақырыпты төңіректеп кетер ме еді?! Тек бүгін кешкі жаңалықтардан берілген ақпарат елді тағы елеңдетіп кеткендей әсер қалдырды. Орталықтағы саябақтағы ағаштан ойып жасалған арт нысан ұрланыпты. Тілші таратқан мәліметке орай, бұл өткен аптада өмірден өткен мүсіншінің туындысы екен. Аяқталмаған. Оның аманаты бойынша орталық саябаққа қойылған. Басқа мардымды ештеңе жоқ.

***

Таң атқан. Саябақтағы қоқысты жинап жүрген көше сыпырушысы өз-өзінен күңкілдейді. «Түсінсем бұйырмасын, еріккен адамның ермегі таусылмайды екен ғой. Бір істі бастадың ба, елдің алдына әкелмей тұрып аяқтап алмайсың ба? Түнде келіп жонып кететіні несі, антұрғанның… Кеше кешкілік қана сыпырып кетіп едім. Қарашы, тағы шашылып жатыр». Екі қалақтан астам ағаш жаңқасын жылжымалы қоқыс жәшігіне салып алған көше сыпырушысы бұрқылдай сөйлеп әрі жөнелді. Бір кезде кілт тоқтап, басын кері бұрды. Жаңа сөйлеп жүріп байқамапты, мүсін орнында жоқ екен. Тек, қашау мен балға ғана жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар