Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Мархабат Байғұт. Бір дорба диплом...

02.03.2019 6161

Мархабат Байғұт. Бір дорба диплом

Мархабат Байғұт. Бір дорба диплом - adebiportal.kz

Әңгіме

Кенет кенеп дорба мода болды да кетті. Мода сырттай оқитындарға тез сіңе қоймайды. Декан ағайдың айтуына қарағанда, бізге білім де жарытып дарымас. Ол кісі біздің аудиторияға жиырма бес адам жетелеп, жиырма бес адам айдап келе жатқандай азапты кейіппен кіреді. Кейде ғана күлімсірер. Онысының өзі де жүз пайыз мысқылдан ғана құралар.

Декан ағай сырттай оқу дегенді тіпті де жаратпайды. Ол кісінің анық білетініндей, осы аудиторияда отырған елу студенттің бірде-бірінің басында «бірдеңені білсем-ау, білім алсам-ау» деген ой жоқ. Бəрінің ойы – қайткен күнде де, қалай еткенде де емтиханнан құлап қалмау, құлап қалса да сүйретіліп, сүметіліп жүріп, əйтеуір тапсыру. Сөйтіп, түптің-түбінде диплом алу. Иə, əйтеуір диплом алу ғана. Ол кісінің тəжірибесі тіпті де аз емес. Сырттай оқып бітіріп кеткендердің бірде-бірі «мен осы институтта оқыдым-ау, мені осындай адамдар оқытып еді-ау» деп еске алмайды да, ескермейді де. Дипломды алып, қалтаға салған күні-ақ бəрін ұмытып кетеді. Шіркін, оқыған соң іштей оқығанға не жетсін! Олар кəдімгі ағайындай араласып, бауырдай біте қайнасып кетеді. Ұмытпайды. Сəлем беріп тұрады. Талай-талайы оқуды одан əрі жалғастырады, диссертация қорғайды. Институт бітіргендеріне он жыл толғанда, он бес, жиырма жыл толғанда кездесулерге келеді, оқытушыларын, декандары мен ректорларын шақырады. Міне, олардікі – нағыз оқу, нағыз өмір. Мəселен, жиырма бес жылдың (декан ағайдың жұмыс стажы ғой) ішінде сырттай оқығандардың бас қосып, кездесу өткізгенін көрсе, көзі шықсын ағайдың. Сырттай оқығандарда мейірім де аз болады, ұйымшылдық та нашар, білім де төмен.

Міне, декан ағай осылай дейді. Ол кісі бізге кешірек келді. Егер бірінші курста кезіккенде, құдай біледі-ау, біріміз де қалмай, күндізгі оқуға ауысар ма едік немесе сырттай оқығаны құрысын деп, екі қолымызды төбемізге қойып, бет-бетімізге безіп жөнелер ме едік. Бұл ағайдың бізге кешірек декан болғанын-ай. Біз бұл кезде сырттан оқудың нағыз сарбаздары болып үлгергенбіз. Бізді алған бетімізден қайтару оңай емес енді. Отқа салса күймеспіз, суға салса батпаспыз. Тіпті өзгені былай қойғанда, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің тілін жілік-жілік етіп жатқан батырлармыз мына біз.

– Пішту-у-у, – деді миссис Майра мода бола бастаған кенеп дорбасынан косметикалық жасау-жабдықтарын алып отырып.

– Біздің жүнімізді жығып, алдына салып бір шыбықпен айдамақ. Поли-и-ти-ка! Əйтпесе декан адам да осындай сөз айта ма?

Декан ағай тағы бірде келіп, сазарып отырып алды. Тағы да сырттай оқудың бос əурешілік екенін ескертіп өтіп, бірақ, өкінішке қарай, осындай оқу бар болғасын, өзін декан қойғасын, талай-талай нəрсені талап ететінін, оқимын дегендер ойлануы керектігін, өзгелері өздері білетінін айтты.

– Сонда бұл кісіні біреу бізге декан бол деп зорлаған ба? – деді мистер Мамыр.

– Сырттай оқудың ит терісін басына қаптап алып, талапты күшейтемін дегеніне жол болсын? – деді миссис Майра.

Біз, обалы не керек, жаман оқымайтынбыз. Тіпті деканнан өзге оқытушыларымыз біздің курсқа айрықша риза. Өткен сессия кезінде ағылшын тілі апталығын өткізгенбіз. «Миссис Майра» мен «мистер Мамыр» – сол апталықтың нəтижелері. Филологтар емеспіз бе, тағы бірде неміс тілі апталығын ұйымдастырдық. Біздегілер үшке бөлініп, ағылшын, неміс, француз тілдерін оқитын. Қостанайлық Ажар ағылшынша тап-таза сөйлей жөнелгенде, жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Сағымбаев ағай көзəйнегін жерге түсіріп алды.

– Айналайындар-ау, – деген доцент Сағымбаев көзəйнегін сүртіп тұрып, – күндізгі бөлімде тап осылай таза ағылшынша сөйлейтін бала бар ма екен?!

– Осы біз ағылшын тілі апталығын өткіздік, неміс тіліне ерекше назар аудардық, французша газет шығардық. Ал неге Орхон-Енисей жазбаларына апталық арнамаймыз? – деді Қаншайым.

– Осы онкүндік, апталық дегендер мода боп барады. Одан да емтихандарды аман-есен тапсырып алайықшы, – дегендер де бар. Қаншайымның айтқанын жерде қалдыру мүмкін емес-ті. Декан ағай сырттай оқудың мəнсіздігі туралы талай-талай əңгімелер айтқанда, Қаншайым қатыспаған. Егер ол болғанда, декан ағай дəл сондағыдай көсіле алмас па еді? Қаншайым бізге екінші курстың соңын ала қосылған. О баста күндізгі бөлімде болған көрінеді. Қазіргі декан ағайымыз соңына түскен дейді. Соңына қалай түскенін, неге түскенін кім білген, əйтеуір, Қаншайым сырттай оқуға ауысып тынған. Содан бірер жыл жоламай кетіп, бізге екінші курста қосылды ғой. Өзі ешкіммен де шешіліп сырласа бермейді. Екі қасының ортасында зорлықпен, беймезгіл түскені бірден білінер терең-терең екі сызық бар. Соларға қарап-ақ ешқайсымыз батыл сұрақ қоя алмаймыз. Керек десеңіз, еркін əзілдеп, оңай оспақтауға шеберлердің өзі шерменде. Сəл де болса менімен шүйіркелеседі. Себебі, сырттай оқуға ауысу жағынан екеуіміздің тағдырымыз аздап ұқсас. Мына мен де бірінші курсты күндізгі бөлімде оқып, студенттік өмірдің шырын дəмін шындап татыңқыраған адам едім. «Сен оқу бітіргенше төрт бүктетіліп тірі жүре тұрармын» дейтін шешем сөз үдесінен шыға алмады. Көздері жаутаңдаған інілерімді қайда тастап кетермін, сөйтіп сегізжылдық мектепке мұғалім болып, сырттай оқуға ауыстық. Декан ағай мұндайды білмейді ғой, сырттай оқуға адам мəз болғанынан ауыса ма?

Сырымды əбден тыңдап болып, Қаншайымның бейнебір менің үлкен əпкем секілденіп, шашымнан абайсызда сипап қойғаны да рас. «Тағдырымызда ұқсастық бар екен, мен де алыс ауылдағы сегізжылдықтамын. Қайта сенің інілерің бар, отбасы құрыпсың, ал менің ешкімім де жоқ, болмайтын да шығар...» – деген.

Бір таң қалғаным, декан ағай кездейсоқ келіп, бесенеден белгілі əңгімелерін қайталайтын кезде Қаншайым жоқ болып шығады. Осы кісінің келе жатқанын көріп, сыртта сытылып қала ма, білдірмей шығып кете ме, білмейсің. Қаншайым екеуіміз қала көшесімен биікке қарай өрлеп келеміз. Емтиханнан шыққан бетіміз. Сағымбаев ағай екеуімізге де «өте жақсы» деген баға қойып, көзəйнегін қайта-қайта сүртіп:

– Сен екеуің неге күндізгі бөлімде емессіңдер, а? – деген. Көзəйнегін киіп, Қаншайымға қайта қараған. – Сен осы, Серперова, очныйда біраз оқымадың ба?!

– Мен де оқығанмын, ағай, – деймін мен.

– Сен есімде қалмапсың, а вот мына Серперованың оқығаны ойымда. Екеуің де қызыл диплом алатын-ақ адамсыңдар. Бірақ сырттай бітіргендерге қызыл диплом беру біздің институтта əсте болмаған нəрсе. Екеуіміз үн-түнсіз келе жаттық. Бір кезде екеуіміз де үш қабатты, терезелерінің астында ақ белдеулері бар сары үйге жалт қараппыз. Бұл жатақханада ол да бір жыл тұрыпты. Мен де бір жылдай уақыт ғұмыр кешкенмін.

– Торыбайдың туған күнінде твист билегенім ғана есімде қалыпты, – деді ол кекесінділеу кейіппен. Ол осылай деген, бірақ есінде көп-көп нəрсе бар екенін, твист билегені тек бергі беткейдегі оқиға екенін сезінгенмін. – Ол қазір ғылым кандидаты, біздің деканның адал шəкірті.

– Ауылда жүріп осы сары үйдің қоңыр қандаласын сағынып өле жаздаймын, – дедім мен оны ойдан сейілтпек ниетпен. – Ал осында қандалаға таланып жатқанда, ауылдағы қой қораның қиын аңсайтын бəлем бар еді.

– Кеті ары-и, қайдағыны айтады екенсің, – деп күлді ол. Қаншайымды осылай күлдіргеніме төбем көкке жетті. Ол сирек күлетін. Жұмыр-қоңыр балтырына шыбын қонды ма, бояусыз да қып-қызыл тырнағымен шертіп жібереді еңкейіп. Жан адам жоқ асфальт алаңқайға шыға келгенбіз.

– Твисті былай билеуші едім, – деді де Қаншайым əндете жұлынып ала жөнелді. Сəлден соң мені де жұлқылап, ілестіріп əкетті. Дір-ір-р, дір-ір-р еткен қос анарға қарамауға болмады. Бір кезде ол бетін басып тұрып қалды. Құлап кетердей көрінген соң, батылсыздау жақындап, сүйемелдеген болдым. Сөйтіп ем, мойныма асылып, солқылдап жылап қоя берді. Енді қайттім? Енді бұлар өстеді. Мистер Мамырдың айтуынша, сырттай оқитындардың бəрі осындай. Бə-ə-рі осы ғой, осы... Ол жылап тұр. Мен неше түрлі ойларды басымнан зуылдатып өткізудемін-ай. Бұл сəтте мен басты кейіпкермін. Аспай-саспай көз жасын сүртемін қазір. Сосын не болады? Белгілі ғой арғы жағы, бəрі де бас кейіпкердің өз еркінде... Бірақ батылым барар емес. Сегізжылдық мектебімді, үйіме баратын жалғыз аяқ сүрлеудің ажырық басқан сорабын ойлап кеттім бе-ау... Селт етіп оянып кеткендей болдым. Ояндым да, «оралыңның барында ойна да күлді» іштей қайталап алып, оң қолымды оның беліне енді ғана орамаққа бекіндім. Белінен жоғарыраққа кетіп қалсам керек, əлдебір ілмешік-түймешіктерге тиді қолым. Сол шіркіндердің өздері де күйіп-жанып, өртеніп тұрғандай ма, қалай?! Ол кеудемнен кері итергендей болды. Жанұшыра қайта ұмтылғым келді. Қолымнан келмеді. Алдымда сес көрсете жымиып тұр Қаншайым. Өң де, түс те осымен тəмəм...

– Кешір, минутная слабость, – деді ол. Кенеп дорбасынан беторамал, тағы бірдеңелер алып жатыр.

– Кенеп дорба саған да жетіпті ғой, – дедім мен де ештеңе болмағанын айрықша атап көрсеткім келгендей.

– Модаға еліктемейтін сияқты едің.

– Ыңғайлы, қарапайым жағын жатырқамаймын. Одан əрі не деуім керек. «Минутная слабость». Сонда жаңағы қиял-ғажайып ертегі бір-ақ минутқа созылды ма? Мүмкін емес. Неге қысқа қайырылды? Қап!.. Тағы да биікке қарай аяңдап келеміз. Ең болмаса, енді айтар ғұмырнамасын. Неге сырттай оқуға ауысты? Басынан нендей оқиға өтті? Бəрін айтатын болар. Жаңа ғана мойныма, мына менің мойныма асылып, ағыл-тегіл жылады ғой. Бірақ ол ештеңе айтпады. Тар көше таусылар тұста қоштасты. Жалдап тұратын пəтеріне кетіп бара жатып, қайта кідірді.

– Орхонша сөйлеуге үйреніп жүрсің бе? – деді. Қараңғылық қоюлана бастап еді. Ол сол көне тарихи жазбаның арасынан шыға келген жұмбақ қыздай қорқынышты көрініп кетті. Екеуіміз ені тар көшеде емес, Енесайдың бойында немесе Аңқараның аңғарында тұрғандаймыз. Құйынды жел көтеріліп, оның қоңыр шашын жайып кеп жіберсін.

– Орхон-Енисей жазбаларына арнап кеш өткіземіз деп едік, есіңнен шығып кеткен бе? – деді ол үшкір темірлі қоршаудың жанында тұрып. Дулығалы, найзалы жауынгерлер қоршауында қалғандаймыз.

– Күндізгі бөлімдегілерді де шақырамыз, жақсылап дайындал.

– Қаған олуртым, қаған олурып, чығани будунығ коп қылтым, – дедім мен дулығалы, найзалы қоршаудан, қорқынышты əлемнен əзілмен шыққым келіп. «Хан болдым, хан болып, кедей халқымды бай қылдым» деген сөздер еді, жазбадан жаттап жүргенмін. Мен мəн бермей-ақ айта салып едім, ол ойланып барып:

– Шынында да сол биіктен көріндің. Рахмет, – деді. Əне, бұлар сөйтеді ғой, сөйтеді. Қазір қуанған сыңайда, хан көтеріп, мақтап тұр. Күндердің күнінде мысқылдап күлері хақ. Менің минут ішінде жүнжіп қалғанымды сезді. Қайтадан жақындап келіп, жып-жылы алақанымен жүні үрпиген жағымды сипап-сипап қойды.

– Тун удысықым келмейті, кунтүз олурсықым келмейті, – деді де, билей басып кете барды. «Түнде ұйқым келмейді, күндіз күлкім келмейді» деп, бабалар жазбасының бүгінгі баламасын қайталап, қайтып келе жатырмын. Əрине, ол əзілдеп айтты, дегенмен мазағы да жоқ емес. Бəрібір мен оған ренжи алмаймын. Қандай сиқыры бар екенін қайдам, мені оп-оңай ілестіріп əкете береді. Өзі ештеңе айта қоймайды, маған айтқызбағаны қалмайды. Ішегімнің қырындысына дейін білетін жырынды болды да шықты. Əңгімеден əңгіме суыртпақтап, кейбір жерін қайып тіккендей, келіншегім туралы да көбірек сұрайтынын байқамай не көрініпті маған. Сырттай оқудың қаншалықты қиын екенін бастан кешкен адам ғана білер. Декан ағай білмейді оны, білгісі келмейді. Мəселен, мына мені алайық. Сегізжылдық мектепте мұғаліммін. Осы мына қалаға емес, пойызға отыратын станцияға жетудің өзіне жарты күн уақыт кетеді. Станцияға жету онша қиын емес-ау, сегізжылдық мектептен суырылып шығуды айтсайшы. Шақыру қағазын директор емес, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары табыс етер. Жай тапсыра салмайды. Мектептің жартысын өртеп жіберген адамға қарағандай, түсі суып кетеді. «Сессияға бару-бармауың менің қолымда» дегенді желімдеп қойғандай жымқырып алған еріндерімен емеуріндейді. Сессияда тапсыратын емтихандарға дайындық үшін қосымша уақыт бөлудің орнына орынбасар қосымша тапсырмаларды үйіп-төгеді дейсің-ай... «Бала» дейді. Институтымыздан шақырту қағазы келген минуттан бастап, аттанып кеткенше «бала» боп шыға келемін. «Бала, қалаға барам десең, Саймасаевтың, Баймұсаевтың, Бармақовтың кабинеттерін жөндегін». «Бала, əдебиет үйірмесінің кезекті сабағын да, кезексіз сабағын да ұйымдастырып, қабырға газеттерінің байқауын өткізбесең, емтихандарыңды жинап-теріп жазда тапсырасың». «Бала, екі-үш күн кешігіп барсаң, ботқадан құр қалмассың, елкаға Аяз ата боп бересің». Директорымыз жаман адам емес, бірақ көбінесе совхоздың, ауданның қоғамдық жұмыстарында жүреді. Партия, совет жұмысына алып кетеді деген сөз бар. Өссе, осындайлар өсуге тиіс қой, себебі алдыңнан шыға келгенде аңқылдап:

– Əй, сен əлі жүрсің ғой! – дейді. Сонысының өзіне сессияға барып, бір-екі емтиханыңды тапсырып қойғандай қуанып қаласың. Артынша күмілжисің:

– Жүрміз əлі. Завуч ағай тапсырма беріп...

– Ой, ол кісі де қызық екен. Жарайт, маған жолықшы. Ертеңіне таба алмайсың. Ауданнан келе жатып, тағы да алдыңнан шығады.

– Сен əлі кетпегенсің бе?

– Рұқсат бермей жатыр.

– Жүрші бері, жүр, – дейді директор.

Тек сол күннің ертеңіне ғана, кейде екі-үш күн, кейде бес-алты күн кешігіп, жолға шығасың. Адыр-адырлардан асып бара жатып, арттағы ауылға қайта-қайта қарайсың. Əрине, мектеп директорының орынбасарын қимағандықтан емес. Одан емес дейсің-ау, алайда, ол кісіні де кінəлау қиын. Сегізжылдық мектептің тірлігі оңай ма екен?! Орынбасардың сөзі Саймасаев, Баймұсаевтарға онша өте бермейді. Олар сырттай оқымайды. Сессияға бармайды. Олар жасарын жасаған. Асарымызды асадық демейді бірақ. Қит етсе, осында өткерген отыз-қырық жылдарын санап шыға келеді. Ал, ол отыз жыл, қырық қысы қалай өтті, не берді, мəуесі қандай? Ол жағын есептемейді. Адыр-адырдан асып бара жатып алдымен ойлайтының – өз класың. Қайта оралғанша біраз баланың ілгері жылжудың орнына кері кетеріне анық көзің жетеді. Оны ойласаң, орынбасарға суыған ішің аздап жылығандай болады. Өз класыңнан кейін ғана өз бала-шағаңды уайымдайсың. Үлкеніне əперген бəтеңкенің табан жүні тықырлау еді, сыз өтіп жүр ме, кеше түнде жөтеліп шықты ғой. Кішісі мықты-ы, шешесі болмаса...

Онда қысқы сессияға кеткенмін. «Алаңдамай, сынақтарыңды жөндеп тапсыр, өзің келгенде алдыңнан ұлыңды көтеріп шығармын» деген. Біздің жақта қыстың қытымырлығы жоқ, бірақ кейде қара суық деген кеселі ұстаса, жер дүниені үсітіп кетеді. Сондай күннің бірінде келіншегімді толғақ қысыпты. Ауылдағы жалғыз машинаның бензині таусылыпты. Амал жоқ, інім екеуі екі атқа қонып, таудан асады. Кіші асуда жеңгесі сүйретіліп жерге түседі, сəл уақыт өтпей-ақ сəбидің даусы шар ете қалады.

– Пышақ керек, пышақ! – дейді жеңгесі.

– Жоқ менде, жоқ, жеңеше! – деп қайнысы жылап қоя береді. – Пышағымды аға шопан алып еді. Төменгі ауылға шабайын... Қайнысы қайтып келгенше қай уақ?! Мына бала қатып қалса қайтеді? Айналада шақпақ тастар аппақ болып жатыр екен. Екі тасты алып, өзі-ақ кеседі. Кіндігі кесілген баланы көйлегінің ішіне салып жіберіп, төменге құлдырай жөнеледі. Төменгі ауылға апаратын жол екіге бөлінер. Сондықтан да Дамбалсай деп аталар. Қайнысы Дамбалсайдың сол балағымен өрлегенде, жеңгесі оң балағымен түскен.

Көмекші шопан кезеңге шауып шыға келсе, жантайып жатқан жеңге де жоқ, шырқырап қалған атбайлар да жоқ. Мəңкиіп қойға мінетін аты тұр...

Кіші асудың кезеңінде туған кіші ұл балпақтай болып өсті, бірақ шешесі сорлы содан оңалмады. Алыс қалаларға апарып емдететін бұл ма, жүрісі мынау ғой. Келіншегінің кіртиген көздерін ойласа, сессияны тастай қашқысы келеді кейде. Менің осы əңгімемнен кейін Қаншайым келіншегім туралы көп сұрамайтын болған. Міне, сырттай оқудың бағасы біз үшін осындай, декан ағай. Сізге бізді түсіну қайда-а-а. Түсінгенде, сізге біз өзге талап қоймаспыз. Тек сырттай оқуды түкке алғысыз етіп жамандамасаңыз, онсыз да жұқарып жүрген жүйкемізге өзіңіз тым интеллектуалды деп ойлайтын бетондау бет-жүзіңізбен тым сұғына бермесеңіз, сол жетеді. Орхон-Енисей жазбаларына арналған кешімізге келгеніңізге рақмет. Онда да кекесінмен кемсітіп отырдыңыз. Кешті өзгелер өте жоғары бағалады, күндізгі бөлімдегілер қатты қызарақтады. Декан ағай, сіз неге қуанбайсыз? Сырттай оқушылар Орхон-Енисей жазбалары тілінде қалай сөйлейді, ə?! Ал сіз...

Сіз...

Сіз сол бір күні миссис Майрамен қайда кетіп бара жаттыңыз?..

Сессия да аяқталған.

«Күн йеме, түн йеме йадағ йелу тегдіміз...» Күн демей, түн демей, жайдақ желіп жеттік-ау. Дипломға да жеткенбіз. Қаншайым екеуімізге Сағымбаев ағай жетекші болды. Диплом жұмысын жазуға аттай төрт ай беріледі екен. Директорымыз желкесін қасып жымиды, орынбасары жылап жібере жаздады. Сол кісіні жылатпайын деп жақсы оқысам керек, диплом жұмысын жазу маған қиынға соққан жоқ. Төрт ай емес, төрт аптада тап-тұйнақтай етіп бітіріп, кафедраға кіріп, Сағымбаев ағайдың алдына қойғанымда, көзəйнегін паркетті еденге тағы түсіріп алды. Ертеңіне кенеп дорбасына менің еңбегімді салып алып, іздеп келді.

– Шырағым-ау, мынауың жарты диссертация ғой! – деп, саусақтарын шаттана шытырлатты. – Сен, шырағым, балалық жасама, мына тақырыбыңды ығытын тауып бекіттіріп кет. Шын айтамын, шырағым. Əне, декан ағай, сегізжылдық мектептің сырттай оқитын мұғалімі институтыңызды үздік бітіріп, жарты диссертация жазып тастады.

Ал сіз...

Миссис Майраға ғана жетекші болдыңыз. Бұл жəйтті естіген күні Қаншайым мен Майра қатты ұрсып қалыпты. Ұрыстың қандай қиян-кескі жағдайда өткеніне куə болған жоқпыз. Шет-жағасын естідік. Өзгеріп-өңделіп жетуі де бек мүмкін.

Біреулер айтады, Қаншайымдікі дұрыс деп, екіншілері болжайды, қызғаныштан туған ұрыс деп. Қаншайым: «Жолама, жылайсың», – депті. Миссис Майра бетбақтырмай, ағылшынша ағылған секілді. «Ұрсысып қалғаным рас», – деді Қаншайым. Арғы жағын айтпаған. Тағы бірде ол күйініп келді.

– Атаңа нəлеті! – деді ол. Оңтүстіктің əп-əдемі қыздары ашуланғанда осы сөзді соғып жіберетін, амал не. – Атаңа нəлет-ай, əдейі аңдыдым, оны да қармағына түсіріп алыпты! Сорлы күйеу баламызды аядым. «Күйеу баласы» – миссис Майраның жолдасы еді. Мал дəрігері. Жыл сайын əйтеуір бір сессияда келіп кететін. Декан ағай-ай, сізбен де ыржиып, екі езуі екі құлағына жетіп, туған ағасын көргендей қуанып тұрып танысып еді, есіңізде ме? «Майраның, миссис атанып кеткен Майра Мұқашеваның жолдасымын, аға. Өзіңіздің, сіздің, тікелей декан ағамыздың Майрашқа жетекші болғанына керемет қуаныштымын, аға...»

Майра ұзын бойлы, тіп-тік жүретін, сымбатты миссис еді. Қатты өзгеріп кетті. Өзгерісті байқамайтын бала ма едік. Біз сіз ойлағандай, сіз айтқандай болмадық, декан ағай. Қырық қыз (қыздарымыз отыз алты еді, дөңгелектеп қырық қыз дейтінбіз) бен он шақты жігіттің бəрі де сырттай оқуды жаман аяқтамады. Диплом қорғалар күндері күйеу баламыз самолетпен ұшып жетті. Миссис Майраның беті секпілденіп қалған. «Екі диплом!» – деп мал дəрігері мəз.

– Бұл ұл болуға тиіс, – дейді ол. – Əжеміз айтушы еді, қыз табатын əйел қытымыр болады деп. Ал енді, байқайсыңдар ма, Майраш мамыражай ғой тіпті, мамыражай.

– Мамыражай-мамыражай... Тұрыңдар былай жамырамай! – деп мистер Мамыр жайсыздау бір хабар айтпақ болды.

– Не болды, жау шапты ма, түге? – десіп жатыр қыздар.

– Декан ағайдың дұғай сəлемін əкелдім, – деді Мамыр демін баса алмай. – Бас корпусқа бара қалып едім, екі-үш күндей қол тимейді деді. Госкомиссияның председателі де қол қоймапты əлі.

– Ойбай-ай, сонда босқа салпақтап жүреміз бе?! – деп шу ете түсті қырық қыз.

Методисіміз де, старостамыз да декреттік демалысына қатар шығып, қатты қиналғанбыз. Старостаның орнына Қаншайым белгіленген. Декан жақтырмаған, біз сайлағанбыз. Азулы адам керек.

– Қолы тимейтіндей не бопты сонша, əке-шешесі ертеректе өліп қойған сияқты еді ғой, – деп Қаншайым деканшалап сазарды.

– Ректордың жасы алпысқа толады екен, бүкіл қала қапылыста, – деді мистер Мамыр. – Ал деканды аспаннан іздейміз енді.

– Елуіміз бір ректордың қасында кімбіз сонша. Тырнағының астындағы кірге татырмыз ба? Өзіміз тағы сырттай оқыған сорлымыз, – деп жылап жіберді бүгін-ертең босанғалы жүрген бір келіншегіміз.

– Ойпырай-а, сұранған күнімнің соңғысы бүгін еді, самолетке билет алып қойып ек, онда, Майражан, өзің қаласың енді, – деді мал дəрігері маңдайының терін сүртіп.

– Естімеген елде көп. Диплом тапсырудың орнына декандар тойға кетеді. Кеше мен бір əңгіме естідім. Біздің Георгиевканың роддомында бір бала туылыпты. Туа сала сөйлепті. Сестраның қолында жатқан күйі сөйлеген екен, əлгі байқұс əзер тастап жібермепті, əйтеуір, – Мұны айтып тұрған Жуалыдан келетін Жусанбай еді.

– Қойшы зарламай...

– Айтсын-айтсын, оқуын бітірдік қой, дипломы қашпас енді...

– Сонымен, əлгі медсестраның қолында жатып сөйлеген бала: «Соғыс болмайды, бірақ жер жүзінде техникадан адам көп өледі», – депті. Қазір оған бес медсестраны бекітіп, тағы не айтар екен деп, жапонша жақсы магнитофон қосып қойған дейді.

– Ойдойт, соғыңдар, дипломды өсекшілер!

– Е, қарап отырғанша, қалғиық та. Қаншайым осы кезде алға шыққан. Бəрі тына қалды. Ол маған:

– Жүр! – деді бұйырып. Өзгелерге қарап:

– Бізді күтіңдер. Осында! – деді шегелеп. Мен оған əзер еріп жүрмін. Жүрісі сұмдық еді сонда. Бас корпустағы оқу бөліміне кіріп кетті. Жарты сағаттай шықпады. Ақырында кенеп дорбасын толтырып бірдеңені алып шықты-ау.

– Мынауың, немене?

– Диплом.

– Қой, айналайын!

– Айналайынды дұрыстап айтсай, интонациясын келтіріп. Көтеріп. Диплом! Сенікі де осының ішінде. Дорбада.

– Берші, көрейінші! Ай-на-ла-йын-н-н!

– Сүй мені, сүйші... Ол бетін тосты. Шынымен-ақ. Шіркін-ай, сүюге батылым бармады.

– Онда, көрсетпеймін. Жүр тез! Профессор күтіп отыр бізді.

– Қайда? Ол кім?

– Үйінде. Госкомиссияның председателі. Əнеукүнгі əйел ше!

– Шынымен бе?! Үйіне мен де кіремін бе?!

– Немене, профессорлар адам жей ме екен. Бөлмелері кең екен, алып бара жатқан дəнеңесі де жоқ. Тұтасымен жасыл желек – гүл-əлем.

– Қарапайым тұрады екенсіз ғой, апай, – дейді Қаншайым емін-еркін. Госкомиссия председателі де емен-жарқын.

– Айналайын, кешіріңдер. Қатты ауырып қалдым. Бүгін ғана басымды көтеріп отырмын. Дипломдарың құтты болсын. Бипускілеріңе бек риза болдым. Сырттай оқығандарың білінбейді тегі. Қаншайым дипломдарды шетінен бір-бірлеп əпере бастады. Үлкен кісі асықпай қол қойып отыр. Қол қойып болып, бірнеше жерге телефон шалды. Қатты шаршады. Жүзі қайтадан қуқылданып, ерні көгеріп, суды да ыммен əзер сұрады. Өзіне-өзі келгендей болып, айтқандағысы сол, диплом тапсыратын адам жоқ екен. Бəрі де ректордың юбилейіне кетіпті.

– Айналайындар-ай, ертең демалыс, бекерге сандалып, ауылдарыңнан кешігесіндер ғой, –деді профессор апай қиналып. Аудиториядамыз. Үлкен дағдарыс үстіндеміз. Мөр басылған, қолдар түгел қойылған бір дорба диплом бар. Тапсыратын адам жоқ. Диплом толы дорба үстел үстінде жамбастап жатыр. Қырық қыз бен он шақты жігіт жапа-тармағай бас салуға бар. Қаншайымнан бата алмайды.

– Мистер Мамыр, гүл əкел! –деп санқ етті Қаншайым. Гүл жиырма минутта жеткен. Оған дейін Қаншайым мені оңаша шақырған. Еркеккіндіктің ересегі ретінде бір дорба дипломды мына мен тапсырамын. Солай шешілді. Қаншайым Серперова солай шешті. Бұл оқиға тарихта қалмақ. Қаншайымның бір шарты бар. Дипломдарды тапсыра отырып, қырық қызды түп-түгел сүйіп шығуым керек. Əйтпесе менің дипломым Қаншайыммен бірге Оңтүстік облысқа сапар шегеді.

– Солай. Бір қызды сүйе алмаған ынжықтығың үшін мен саған қырық қызды сүйгіземін... Гүл келген соң Қаншайым сөз сөйледі. Алты жыл бойғы көрген азабымызды айтты, неше алуан қызықты окиғаларды ойға түсірді.

Қырық қыздың біразы жылап та алған. Қаншайым кенеп дорбаға қос қолын салған. Ол оқып, маған береді. Салтанатты түрде. Мен қыз-келіншектердің қолын қысып, бетін сүйіп, қатырма қағазды табыс етемін. Ду-ду қол шапалақталады. Ректор келмесе де деканымыздың өзі тапсырар деуші едік, амал не. Бірақ өзіміздікі де шеккі емес-ау. Жиырма қызға жетер-жетпесте басым айналып, көзім қарауытып кетті. Миссис Майраны сүйдім бе, сүймедім бе есімде жоқ. Əлден уақытта есімді жиғандай болып, қарасам, Қаншайым жігіттер жағына тапсыра бастапты. Жігіттер оның бетінен шөп-шөп сүйеді. Маған да кезек келді. Ол қолымды қысты. Мен сүйе алмадым.

– Бомайды! Бомайды! – десті бəрі.

– Қаншайым, сенің дипломың қайда?! Оны да «декан» табыс етсін! Сүйсін! –деп шулайды қырық қыз. «Декан» деген атқа диплом тапсыру үстінде-ақ ие болыппын. Өз ойымша, онша жақсы ат емес. Кенеп дорбаның түбінде жалғыз диплом қалыпты. Қаншайымның қолын қысып, он шақты жігіт сүйген бетінен емес, бұл сəтте бояусыз-ақ алаулап, дымқылданып тұрған ернінен сүйіп алғанымды білемін. Ұзақ ду-ду қол шапалақталды... Кешір мені, сегізжылдық мектебім! Кешіргейсің. Кешіргейсің, кіші асуда босанып, кішкентайымның кіндігін таспен кескен Талбикем! Содан бет-бетімізге тарап кете бардық. Сырттай окығанның аты сырттай оқыған екен. Жарты жылдай ғана бірен-саранымыз хат жазысып, хабарласып тұрдық-ау. Бірте-бірте ұмыттық. Он жыл деп, жиырма жыл деп кездеспейтін де, курстас, институттас деп бір-бірімізге қол ұшын бермейтін де болармыз. Декан ағайдың айтқандары шынымен расқа айналғаны ма?! Күндердің күнінде Талбикені дəрігерлерге қаратқалы үлкен қалаға барғанымда миссис Майраны көріп қалдым. Жап-жас, баяғы кездеріндегідей. Тек селқос, ықылассыздау амандасты. Малдəрігер күйеу жігітіміз бала жетелеп келеді екен. Ыржиғаннан-ыржиып, қос қолын бірдей ұсынды. Оны да қанағат тұтпай, құшағын жайып жіберді. Бəрі – баяғысы!

– Жігіттерің үлкен боп қапты ғой!

– Баяғы екі дипломның біреуі – осы. Мен атын Декан қойып ем, Майражан көнбей, Диқан деп өзгертті. Бəрібір мен Декан дейім. Майражанның жетекшісі ше, баяғы, – дейді малдəрігер.

Миссис Майра қабағын шытынды. Ағылшыншалап бірдеңені айтқан. Ойыма түсіре алмай, əлектендім. Тілімнің ұшында тұр. Жақсы сөз емес күйеуіне айтқаны. Сосын қайбір жылы Қаншайымды кездестіріп қалғанын, əлі күйеуге шықпағанын əңгімеледі. Сол сегізжылдық мектепте көрінеді. Кетуге асығып, жаңағы ағылшынша жаман сөзін тағы айтты малдəрігерге. Аудармасы тілімнің ұшында тұрып, аузыма түспеді.

Иə, ағылшын тілін мүлде ұмытыппын. Бəрін де ұмытатын шығармыз. Сырттай оқығанның аты сырттай оқыған ғой. «Күн йеме, түн йеме йадағ йелу...» біздікі.

Сурет ponedelnik.info сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар