Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Марлен Ғилымхан. Адам өз тағдырымен оңаша қалады...

22.06.2022 4760

Марлен Ғилымхан. Адам өз тағдырымен оңаша қалады 12+

Марлен Ғилымхан. Адам өз тағдырымен оңаша қалады - adebiportal.kz


Поэзияны үлкен құлып десек, ᴏны ашатын алтын ᴋілт – ақынның жүрегі. Ол өзін толғандырған, толқытқан, торықтырған сəттердің елесін аулап, ақ параққа сөзбен кескіндейді. Жырлары да көркем. Жұп-жұмыр. Шымыр һəм жинақы. Жауабы жұмбақ жаратылыстың құпиясына терең бойлай отырып, əсем суреттер салады. Ойы да, сезімі-түйсігі де өзгеше өрнектеледі. Жырларында шексіздікке шырмалған жанның сансыз сұрағы мен мұңлы əуезі бар.


Бүгін ақын, аудармашы Марлен Ғилымханмен жасаған сұхбатымызды оқи отырыңыз, мəртебелі оқырман! Мархабат!


Ар ма, Марлен бауырым! Өзіңізді жас қаламгерлер арасындағы болмысы ерек, тойнағы бөлек талант ретінде танимыз. Əлқисса, əңгімемізді əдебиетке адалдық жайынан бастайық. Əдебиет майданында өзіңіз айтпақшы, «Құсалылардан шырын қылғытып жүріп» беймəлім дерт жұқтырған қаламгерлер аз емес. Көптеген ақындардың əңгімесіне құлақ түрсек, өлеңді «жазылмас, айықпас дерт» дейді. Бəлкім мұны дерт дегеннен гөрі дағды, əдет, қалып дегенге көбірек келіңкіремей ме? Егер өлең сіз үшін дерт болса, оны қайдан жұқтырдым деп ойлайсыз?

– Аман-есенбіз, Ислам бауырым! Рахмет! Меніңше, өлең ауыртпайды, өлең емдейді. Жасым жиырма беске де жеткен жоқ, дегенмен, өзім үшін күрделі кезеңдерден мені дін аман алып шыққан – əдебиет екенін айтқым келеді. Компьютерлік технология қарыштап дамып жатқан заманда өлеңнің не керегі бар дейтіндер де кездеседі. Жалпы əдеби туындыларды жан-жақты зерттей білген дұрыс. Адам қайғысын қалай жеңілдетеді? Өзіне таныс күйді кешкен жанмен əңгімелескенде немесе бастан кешіп жатқан сезімін дəл суреттеген жазбаны оқығанда... Ол жазба өлең болуы мүмкін. Кез-келген шығармашылық туынды осы жүкті арқалай алады. Адам ішкі əлемін өзгертпей, қоғамды сол жағымсыз қалпында қабылдай беруі мүмкін. Жақсы əсер сыйламайтын ойларды санадан сызып тастауға көмектесетін де – өлең.


Марқұм атам Ғилымхан Ғабдоллаұлы қашан көрсем де, кітап оқып отыратын. Қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарған нағашы əжем Меңзипа Рамазанқызы кішкентайымнан əдеби кітаптарды оқытты. Əкем əн мəтіндеріне мəн беріп, оларды таңдап тыңдайды. Анамның ауық-ауық бір-екі шумақ жазып тастайтын əдеті бар. Өнерге ерекше құрметпен қарайтын басқа да ағайын-туыс менің өлеңмен шұғылданғанымды құптап, жетістіктеріме əр кез қуанды. Ата-анам алаңсыз шығармашылықпен айналысуыма мүмкіндік туғызды. Соның арқасында қазақ жəне əлем əдебиеті жауһарларымен танысқаныма шын қуанамын. Яғни, мен ештеңеге алаңдамай, тек қана əдебиетпен айналысуға моральдық-материалдық тұрғыда дайын болдым.

Студенттік шақтарда жазғы каникулда тəулігіне 12-13 сағат бойы кітап оқып, жазу-сызумен айналыстым. Бүгінде шығармашылыққа барынша уақыт тауып, жоспарларымды толыққанды орындап жүруге тырысамын. Маған Қадыр Мырза Əлидің табандылығы үлгі. Оқушы кезімде көрші балалар боранмен алысып, ойын қуып жүргенде, мен ішкі ойларыммен арпалысып, бірдеңе жазып жататынмын. Адам тағдырдан қаша алмайды, адам өз тағдырымен қашанда оңаша қалады.

– Марқұм Есенғали Раушанов көзі тірісінде бір топ оралдық ақынның шығармашылығымен танысып көріп: «Ендігі қазақ өлеңінің бұлты Жайыққа қарай ауған екен», – депті. Сол айтпақшы, Ғұмар Қараш, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Əли, Сағат Əбдуғалиев секілді даңғайыр шайырлар туған өлкеден жаңа талап, жас ақындардың шықпауы əсте мүмкін емес. Бұл алтын көпірді кейін тəуелсіздік жылдары туған Айбол Исламғалиев, Шерхан Талап, Жандарбек Жұмағұлов, Аслан Тілегенов сынды жаңа буын жалғады. Ізіне өздеріңіз ілестіңіздер. Жайық ақындарының қазіргі хəлі қалай? Шығармашылық топтарыңыз қалай құрылды? Осы жайлы айтып өтсеңіз?

– 2015 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «өзім секілділерді» іздей бастадым. Аталмыш оқу орнында менен екі курс жоғары оқитын аға-бауырым Меңдібек Лукбанов бар еді. Меңдібекпен Жаңақала жерінде танысып, етене араласып кеткенбіз. Кейіннен алдымнан арқырап атыраулық Асланбек Шығыр шыға келді. Дауысы гүрілдеп, түрлі іс-шараларда жыр оқып, БҚМУ-дың жұлдызы болып ол жүрді. Мадияр Төлеуов мағыналы жырларымен жиі қуантатын.


Филолог атануды мақсат тұтқан топтағы жеті ұлдың бесеуі өлең жазды. Өзге топтарда да біраз студент өздерінің өлеңге таласы бар екенін байқата бастады. Алғашқы 1-курс студенттері арасында өткізілген мүшəйрада отыз қатысушы болды. Кейін бұл қатар бірте-бірте сиреді. Ақтілеу Қалдыбай, Əнуар Аманжоловпен шығармашылық ізденісіміз бір арнада тоғысып, Орал қаласындағы сол кездегі Достық даңғылын талай мəрте бірге кезіп, Жұбан, Хамза кітапханаларын жағаладық. Жарыса кітап оқыдық. Əдебиетке қатысы бар қатарлас достарымызды кітап оқуға, фильм көруге, сапалы, жақсы өлең жазуға шақырдық. Бір-екі жыл өткен соң арамызға алып-ұшып Азамат Бақиев, Төрехан Нəсиев қосылды. Уақыт өткен сайын көбейдік. Мен 2017-2018 жылдары 3-курсты əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыдым. Алматыдан Оралға оралғаннан кейін де ақын достарым құшақ жая қарсы алды. Бұрынғыша емен-жарқын араласып, əңгімеміз жарасты. Алайда, кейбір қыз-жігіттер оқуды тəмамдап, туған жеріне немесе облыс аумағындағы аудандарға жұмысқа кеткен болатын. Мен де оқуды бітірдім. Осылайша азая бердік. Бəрі қазір естелікке айналды. Жиі бас сұғатын дəмханаларымыз бар еді. Бірінің атауы өзгерген, бірі жұмысын мүлде тоқтатқан. Нысандардың жоғалған бұрынғы келбеті секілді сол бір шақтар да уақыт өте келе менен алыстай берді. Ұмытылмайтын кезеңге деген сағынышымды «Провинция» атты өлеңіме сыйғызуға тырыстым.

...Иə, рас, марқұм Есенғали Раушанов бізге өлең оқытып, болашағымызға сəттілік тіледі. Ағамыз айтқан «өлең бұлтының» Оралға қайта айналып тағы бір соғатынына əлі де сенемін. Нұртілеу Қадырқұл мен Аманжол Исламғалидың талпынысы қуантады. Жанкештілік танытып, ең қымбат құндылық – уақытты өз-өзін дамытудың жолында сарп етсе, олардың да нақты нəтижеге қол жеткізетіні сөзсіз.

Ақын Айбол Исламғали екеуіңіз бірігіп Юкио Мисиманың «Бозбала ақын» əңгімесін, ақын Ақтілеу Қалдыбаймен бірігіп Рюнэске Акутагаваның «Нақұрыстың өмірі» новелласын шыққан екенсіздер. Бұдан соң америкалық ақын Карл Сэндбергтің, Қазақстандық неміс ақыны Эльза Ульмердің де бір топ өлеңін өзіңіз аударып шықтыңыз. Бұл аз да болса біздегі аударма ісіне қосқан сүбелі үлесіңіз болар. Қазіргі жеке шығармашылық шеберханаңыз жайлы айтып өтсеңіз? Алдағы уақытта əлем əдебиетінің қай өкілін аудару жоспарыңызда бар?

– Мен көбіне өзіме ұнаған шығармаларды ғана аударамын. Еркін аудармамен бірнеше шетел қаламгерін қазақшаладым. «Дайын тұрған сұлбаның көшірмесін өз материалыммен жасаған кезде оның ішкі əлеміне енуге жəне ондағы құбылыстарды сезінуге талпынамын. Ойлантқан, толғантқан дүниелерді ғана аударамын. Себебі, мені тебірентпеген туындыны тəржімалағым келмейді. Өзіме таныс күйді аудару, жырлау – соншалықты оңай, соншалықты қиын!» деп сəл бұрынырақ айтқан болатынмын. Қаламгердің нені аударатыны өз еркінде, алайда, қалам тербейтін тақырыбын зерттеп алғаны абзал! Аудармашының жан дүниесі мен аударылғалы тұрған туындының мазмұны арасында терең байланыс болуы тиіс!

– Соңғы бір-екі жылдың бедерінде Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық драма театрында «Жусан» атты психологиялық драмаңыз жарық көрді. Бұл – сіздің алғашқы драматургиялық туындыңыз екен. Діни көзқарасы адасқан жандарды Сириядағы оқ пен оттың ортасынан аман алып келу билік тарапынан жүзеге асырылған құптарлық іс ғой. Əйткенмен алғашқы драмалық туындыңызды нақ осы тақырыпқа арнауыңыздың мəні бар ма? Əлде бұл тапсырыспен жазылған дүние ме?

– Иə, бұл пьеса Батыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша жазылды. Алайда, осы тақырып төңірегінде бұрыннан ізденіп жүрдім. Спектакль көрермен тарапынан жақсы бағаланды. Сынағандар да болды. Психологиялық драманы жазу барысында ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен, дін мамандарымен кеңестім. «Жусан» операциясымен елге оралған əйел адаммен сұхбаттастым. Шизофрениялық, галлюцинациялық бейнелердің арасында адасқан, сандырақтаудан, жабырқаудан, үрейленуден шаршаған жас жігіттің жай-күйін, бастан кешкен оқиғаларын суреттедім.

2019 жылы із-түссіз кеткен ақын Əділ Ботпановқа қатысты «Болжам» атты ой-толғам түрінде берілген жазбаңызды оқып шықтық. Жазбаңыздың соңында марқұм Əмірхан Балқыбектің «Əдебиет тек өткенді жазу емес, белгілілі бір бір дəрежеде болашақты болжау құралы» деген сөзін келтіре отырып, Əділ Ботпановты өз тағдырын болжап қойды ма екен дейсіз? Əділ Ботпанов əлі тірі болған күннің өзінде біздегі əдебиет өкілдері «селк» ете қояр ма екен? Меніңше, ештеңе өзгермейтін секілді. Сіз қалай ойлайсыз?


– Менікі тек гипотеза ғана. Анығы бір Жаратушыға аян. Əділ Ботпанов жайлы біраз оқыдым, іздендім. «Өмірзаясын» парақтап, жан дүниесін түсінуге ұмтылдым. Қаламгер қанша жерден сыр ашпаса да, оның ойлары, кейіпкерлері сөйлеп қояды. Ең болмаса, солар арқылы істің мəн-жайын білгім келді. Ақыры белгісіздікке тап болдым...

– Соңғы уақыттары сирек жазып жүргендейсіз. Мұның себебі бар ма?

– Иə, осыдан 3-4 жыл бұрын көктем мезгілінде аптасына 4-5 өлең жазатын кездер болатын. Əсіресе, бұл көп ізденіп, алаңсыз шығармашылықпен айналысып жүрген шақтарда қайталанатын. Негізі жазып жүрмін. Алайда, сирек жариялаймын. Шынымды айтсам, жан дүниемдегі құбылыстардың талқыға түскенін қаламаймын.

– Əлемдік кино өнерінің арт-хаус жанрында өзіндік қолтаңбасын қалдырған кəріс елінің кинорежиссері Ким Ки Дуктың туындыларымен уақытында біршама қазақ қаламгерлері ауырғаны мəлім. Тіпті, сіз «Біртүрлі қалпымда қалсам деймін» атты сұхбатын да қазақша тəржімалаған екенсіз. Байқауымызша, режиссердің «Қайта оралған мезгілін» ерекше жақсы көретінге ұқсайсыз. Фильмнің астынғы қабаттарында жасырынған идеяны сезініп көрдіңіз бе? Меніңше, фильмде қателіктердің қайталану жайы қозғалатын секілді. Ылғи қайталана беретін осы қателіктерді өз айналаңыздан көресіз бе?

– Қазақ «Текті жерден қыз алсаң, ошағың сөнбейді» деп бекер айтпаған. Ешкім жаратылысынан алыстай алмайды. Қанға сіңген қасиет қанша тұншықтырсаң да, күндердің бір күні жария болады.


– Бақытыңызды уақыттың соты орынсыз қаралаған кезі болды ма?


– Болды. Бірақ, уақыт бəрін өзінің орнына қойды. Уақыт адамның идея-ойлары, ниет-пиғылдары арқылы тосын сый əзірлеуді əсте ұмытпайды.

– Асылы, барша шығармашылық иесіне тəн өтпелі кезеңдер болады ғой. Дəл қазір қай маусымды бастан кешудесіз?


– Бұрын өз-өзіне қол жұмсаған ақын-жазушылар жайлы көп оқитынмын. Қазір мені ол тақырып қызықтырмайды. Себебі, тəн де – Тəңірдің берген сыйы. Оған пенде ретінде құрметпен қарауға тиіспіз. Адамға бес күн жалғанда белгілі бір деңгейде жауапкершілік жүктеледі. Сол жауапкершілік үдесінен шығу парыз. Бүгінде ізденіс үстіндемін.

– Біздегі əдеби элита өкілдеріне көңіліңіз тола ма?

– Əркімнің өз пікірі, көзқарасы бар. Кез-келген мəселеге салқынқандылықпен қарап, шектен тыс қарапайымдылық пен ашықтықтан арылған əдеби элита өкілдері сапалы дүниелерімен қуантуда. Олар қоғам сұранысын қанағаттандыру бағытында жүйелі жұмыс істеуде. Сондықтан əрбір қазақстандықтың талғамы биік болуы керек.

– Қазіргі өзіңіз құралпылас жастардан кімді тұшынып оқисыз?


– Қатарластарымды барынша бақылап отырамын. Өлеңдерінің бəрін шедевр етіп жазған жас ақын жоқ. Дегенмен, жақсы өлеңдер бар. Керемет ойды кейде өлеңнің қалыбы бұзса, кейде көркемдік деңгейі төмен жолдар белгісіз бір əуенмен оқыла жөнеледі. Əрине, мұны бір ізге салу, толыққанды сапалы дүние жасау – қиын шаруа. Біз томаға-тұйықпыз. Қабілет- қарымымыздың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін ашыла түсуіміз керек.


– Алдағы уақытта жаңа эксперименттерге бару ойыңызда бар ма?


– Жалпы адам өмірі эксперименттерден құралады. Мен өзімді жан-жақты сынап отырамын. Əуелі жаңашылдық, еркіндік ұғымдарының мəн-мағынасына назар аударайық. Еркіндік – ойға не келсе, соны жүзеге асыру деген сөз емес. Оның да өзіндік шектеулері бар. Ал, жаңашылдықтың түп тамырында ескілік жатады. Демек, бастамалардың іргетасын дұрыс қалағанымыз жөн.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар