Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Мен көрген Қабдолов...

14.12.2022 2441

Мен көрген Қабдолов 14+

Мен көрген Қабдолов - adebiportal.kz

Ұрпаққа шын мәнінде ұлылығын ұқтырған ұстаздар тым аз. Солардың бірі де, бірегейі – академик Зекең, Зейнолла Қабдолов болды-ау деп ойлаймын. 90 жылдардың соңында Қытайдағы қазақтар, соның ішінде әдебиет сүйер қауым үшін «Сөз өнерінің» төте жазуда басылып шығуы сусаған жұрттың шөлін басқан, сарайын ашқан әдеби бұлақ болды. Жастанып оқып, негізгі мазмұнын жаттап алған кітаптарымның бірі де осы. Сонан да болар университетке түскен кезімде де сөз өнерінен сүрінген жоқпын. Зекең өзі де бұл кітабын түгелге жуық жатқа оқиды екен. 80 минуттық әр лекциясын «Менің Әуезовімнен» бастап «Сөз өнерімен» аяқтайтын ардақты ұстаздың алдын көрген соңғы, шәкірттері де біз болдық. Әдеби шығармаларын бастан аяқ жатқа оқитындар көп болар, соның бірі өзім, ал енді ғалыми шығармасын, толық кітабын жатқа оқитын, әрі кез келген жерінен сұрақ қойған шәкірттеріне кітаптағыдай тұшымды жауап беретін екі ұстазды көрдім. Бірі  - осы Зекең, екіншісі - профессор, қазақ әдебиеті сынының Күреңбайы Тұрсекең, Тұрсынбек Кәкішев еді. Екі ұстаздың да лекция оқуға келгенде кітап немесе қосымша материал алып келгенін, кітапқа қарап лекция оқығанын көргем жоқ, қашанда болса талай жылдар санасында қорытылған, өздеріне жаттанды болған қайталанбас ғылыми еңбектерін шәкірттеріне сіңірудің қамында жүретін.

Әдбиеттанудан сабақ берген Зейнолла Қабдоловтың кемел ой, терең білімі, образды шешен сөйлемдері әлі есімде. «Әдебиет ардың ісі» деп білген абыз тұлға сол биігінен аласармай өмірден өтті ғой. 

2003 жылдың күзі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің бірінші курсына түскен кезіміз. Бұл біздің талай жылғы арманымыздың бір шыңы еді, әсіресе туған жерінен жырақтап, атамекен ауасын аужал еткен біз үшін осыдан кең, осыдан жылы, осыдан тиянақты мекен жоқ еді, ол унивеситеттің филология факультетіне тиесілі 17 жатақханасы. Тағдырымыздың да жақындығынан болар Ресейдің Қосағашынан келген Алдаберген Хусаян мен Қытайдан келген Ерболат Әбікенұлы үшеуіміз ұялас күшіктердей ҚазҰУ-дың кең ауласын бірге тімтінетінбіз. Ол кезде Ерболаттың тегі жалғыз «.» (нүкте) болды, соның зары өткен-ау, кейіннен Қазақстан азаматтығын алған кезде, тегі деген жерге жетінші атасын жаздырып алып жүретін.

Студент жылдары біздің кураторымыз - Самал Дәрібайұлы болды. Бізге түрлі үйірмелерді басқартып,  шығармашылығымызды шыңдап, әдебиеттегі, өнердегі айтулы тұлғалармен кездесулер ұйымдастырып көз аямыздың кеңеюіне, шығармашылығымыздың дамуына ерекше ықпал жасады. Ағайдың баянмен сызылтып ән айтқаны бір кермет, тыңдай бергіміз келетін. Факультетте ағайымыз болғанымен өмірде аға, достай болып сыйласып келеміз. Өзінің ұстазы, қазақтың аяулы қызы Алма Қыраубаевадан көре қалған өнегесін өзі де шәкірттеріне ұқтырғысы келетін. Ол кезде курстастар жиналып Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына баратынбыз, қайтар жолдың елесі әлі көз алдымда, қызықтың бәрін шығаратын осы Ерболат еді.

Бірінші курстың екінші маусымында  «Сөз өнері» теореясынан Жолдасбек Мамбетов дәріс оқып жүрді. Жолдас ағай әр сабағында Қабдолов туралы айтатын. Ол кісінің айтуынан ойымызда образы қалыптасып қалған Қабдоловты біз көргенше асық едік. Бір күні Жолдас ағай:

- Ертеңнен бастап сендерге академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-ғалым Зейнолла Қабдолов дәріс оқиды, - деді дәстүрлі мақтауын тіпті де асырып, біз онан бетер көруге құмарттық. Бұл жолы алдамады, аңыз тұлға алдымызға келді, әдебиет теореясының терең білгірін шынайы өмірде көрдік. Әр сабағын асыға күтіп, әредік тауып тілдесіп қалуға тырысатынбыз.

- Зал салқын екен ә. Айдос, осы сенің шапаның (тоның) маған шақ секілді, - дейтін. Қапшағайлық Байшагиров шапшаң қимылдайтын жігіт еді, айтып үлгіргенше барып, шапанын ұстаздың иығына жауап үлгіретін. Екі жүзге тарта студенттердің арасында оншақты ұлдар оқыдық, кезектесіп барып шапандарымызды иығына жауып қоятынбыз.

Кейде кезекі дәрісінің арасында үй тапсырмаларын сұрайтын, әр шалғайдан бір айтып, көңіл тұщымды жауап бере алмай жаутаңдап қалғанымызда:

- Әй, сендер мына түрлеріңмен, - Абай мен Әуезов тіріліп келіпті, - десе селт етпейтін шығарсыңдар, - дейтін кейіген пішінде. Қысылғаннан шекеміз тершіп, пышылдап бұға беретінбіз.

- Талапжан, бүгін қандай өлең оқисың? - дейтін еді сабаққа келген кезінде үстеліне отырып жатып. Тәлімді ұстаздың дағдысына үйреніп қалғанбыз, орнымнан атып тұрып, жазылған жаңа өлеңімді оқи жөнелетінмін.

- Әй, бәрекелді, сөз өнері дертпен тең дегендей талай уы мен балын жұта жүріп есейесіңдер ғой. Алдыңғы сабақта қай жерге келіп тоқтадық? - дейтін сілтідей тынған тыңдаушылардың назарын бір сәт өзіне бұрып. 

- Әуезов сізді шақыртқан жерге, - дейді Ерболат езуін тарта орнынан тұрып.  Оның отырғаны мен тұрғаны бір болғасын ең алдыға жайғасатын. Зекең соңғы бір лекциясында күйзелісті көңілмен келді, сол кезде ауыр сырқаттанып жүреді екен ғой. Сабақ әредігінде Ерболатты нұсқап:

- Сенің атың кім еді? - деді.

- Ерболат, Ерболат.

 Бәріміз жан жақтан жамырай кетітк.

- Е, е,е, Ерболға ұйқастырып қойған ғой ә?

- Иә, алдымда Ербол деген ағам бар, соған ұйқастырып қойыпты, - деп Ерекең өзінің Еренқабырғада қалған ағасын еске алды.

- Сол, сол, «Абай жолындағы» Ерболға ұйқастырған ғой,- деді ұстаз, өзінің меншікті Әуезовінің әңгімесінің ауанын жалғап, бізде үн жоқ.

- Бірдеңе жазасың ба? - деп сұрады және де.

- Ол ақын, өлең жазады, - деді топбасы Жансая саңқ етіп. Шындығында ол кезде Ерекеңнің прозамен әуейлігі жоқ еді.

- Бәрекелді, ақын көп екен ғой бізде, бір жақсы әдеби кеш ұйымдастыру керек екен ә, Ербол, - дейді ұстазымыз бәрімізден ұміт күткендей шола қарап.

Сол күннен бастап Ерболат өлең жазатындардың шығармаларын жинап, әдеби кешке дайындалып кетті. Бәріміз қуана келісіп барымызды салып жатырмыз. Кеш тамаша өтті. Университетке келгелі әдеби кеш дегенді көргеніміз де осы еді. Зекең қатты разы болды, шын қуанғаны бізді желпіндіре сөйлеген әр сөзінен сезіліп тұрды. 

- Ербол жарайсың, саған алғысымды білдіремін, - деді мейірлене алғысын білдіріп. Содан да бір шарапат жұққан болар, бүгінде - Ерболат Әбікенұлы қазақ әдебиетіне, оқырман қауымға «Министр», «Дамбал», «Күйеу бала» әңгімелерімен танымал жазушы, бірнеше кітаптардың авторы. Бір қызығы Ерекең ол кезде әңгіме туралы ойламайтын да, шашы иықта, шерткені гитара, салғаны ән, сырасын ішіп, құмырасын жеп жүретін сал-сері, бірнеше рет төбелесіп, екінші курста тарих факультетінің студенттерімен болған айқаста көрсеткен «еңбегі» үшін ҚазҰУ-дың күзет басқармасы басшысы Қошан Мұстафаұлының «жарлығымен» жатақханадан қуылған еді, содан кейін жазушы болып шыға келді.

- Мен сендермен қоштасамын, осымен біздің сабағымыз аяқталды, бәріңнің мықты азамат болғандарыңды қалаймын. Ендігі сабақтарыңды Жолдас ағаларың жалғастырады, - деді қасында тұрған шәкірті Жолдасбек Мамбетовты көрсетіп. Біз қимай томсарып қалдық.

- Ұлтымыздың талай ұлы тұлғалары осы жерден өсіп өнген, сендер де сондай боласыңдар! - дейтін бізді желпіндіре. Мадақтауға  марқайған студенттер бір біріне қарап жымыңдап қоятын. 

2004 жылдың күзгі оқу маусымында Зекең университеттке келмеді, естуімізше сырқаттанып қалған екен. Арада көп өтпеді, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы ұлы ұстаз мәңгіліктің кемесіне мінді. Біз мейірлі ұстаздың мәйекті біліміне шөлдеген қалпымызда өткен жылы өз қолынан қолтаңбасымен алған «Менің Әуезовімді» құшақтап, ұлардай шулап қала бердік.

Талапбек Тынысбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар