Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мырзан Кенжебай: Өлеңшілер өлермен келеді...

19.04.2017 2948

Мырзан Кенжебай: Өлеңшілер өлермен келеді...

Қазір қазақтың ақын атаулысына да, екі-үш ұйқаспен өлең құрастыратын өлеңшілеріне де тән бір ауру пайда болды. Ол - өзіне сын айтқан адамды жерден алып, жерге салып, бар бәлені үйіп-төгетін ауыр сырқат. Сондай өлеңшінің бірі Серік Ақсұңқарұлы деген. Өткен жылы Жазушылар одағының жыл қортындысында Аманхан Әлім оның өлең деуге келмейтін өлеңдерінен сыпайылап-ақ мысалдар келтіріп еді. Серік өлеңші сонан бері Аманханның соңына түсіп алды. Әдетте ең дарынсыз адамдар Пушкинше айтқанда «полу полулар», яғни, жартыкеш ақындар көзге түсудің, жұртқа танымал болудың алуан-алуан айла-шарғысын білетін өлермен келеді. Ал енді мынадай өлең жазған Серік Ақсұңқарұлының мемлекеттік сыйлыққа өзін-өзі ұсынуы да ұят емес пе?!

Қараңызшы:

Қазақтың жыры орыстың жырынан тым бөлек,

Нұр да көп онда, самал жел, жамал гүл де көп.

Есінен танып, түнекте жүрген Есенин(?)

Мағымұрланғанда Мағжан көкем -

Күнге кеп!(?)

Қазақтың жыры Қаражорғамен желем деу(?),

Блоктан - Сырбай,

Тихоновтан - Темірхан тереңдеу.

Кеңшілік сынды керемет ақын жоқ онда,

Ө. Нұрғалиев -

Ю. Кузнецовтан кемелдеу.

Бұл не? Поэзия ма, әдеби сын ба, орыс поэзиясына баға беру ме, әлде аузына келгенін айта салу ма? Әлде Серіктің махаббат лирикасы ма? Осылардың біреуі ғой десең, жұрт өзіңді жындысың ба, әлде аурусың ба деуі мүмкін-ау. Әлде орыс-қазақ поэзиялық қатынастары туралы ұлтаралық саяси лирика деп аталатын, Серік Ақсұңқарұлы ашқан жаңа жанр ма? Әйтеуір, сау адамның сөзі деу қиын.

Әдебиет болғаннан кейін, әдебиеттің жанашыры болғаннан кейін сын, пікір айтылады. Аманхан Әлім М. Мағауин, Олжас, т.б. туралы өз пікірін айтты. Ал М.Мақатаевтың поэзиясы өзінен бұрын шыққан Аманхан айтқан марқұм ақынның (Ө.Қожамұратов) өлеңдерімен үндес екені рас. Аманхан олардың ешқайсысын жамандаған емес. Серік Аманханның пікірлерін басқаша бұрмалап, беріп отыр. С. Ақсұңқарұлы жай өлеңші емес, шын ақын болса, өйтпес еді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар