Жас ақын Мөлдір Райымбекованың поэзияға деген алғашқы қадамы, бет-алысы жаман емес. Өлеңде өзіндік көзқарасын білдіріп, ойын ашық айтудан жасқанбайды. Кейде кәсіби ақындар сияқты ойды сәтті түйіндеп, кейде үлкен позияға енді қадам басқанын аңғартып, сөзді шашыратып алатыны бар. Бұның бәрі жүре түзеліп, тәжірибе арқылы толысатын шығар. Ең бастысы ақында өлеңді сезінетін түйсік бар. Оны баптап, шыңдап, танымын тереңдету өз қолында.
Мөлдірдің сыршыл да сыншыл өлеңдерін оқып, бағасын беруді оқырманның еншісіне қалдырдық. Алғашқы қадамы болғандықтан, аз-кем олқылықтарына көз жұма қарадық.
Мөлдiр Райымбекова 1992 жылы 4 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Тараз мемлекеттiк педагогикалық институтын тәмамдаған.
Ойлар
Өздi-өзiммен кей-кейде күбiрлесiп,
Өтiп жатыр күндерге күн iлесiп.
Менi қойшы, көнермiн,
Көндiккенмiн,
Тыншытпайтын ойлар ғой, дүбiрлесiп.
Шарқ ұратын,
Судағы шағаладай,
Жүрегiме бiр тыным табам қалай?!
Мен, әйтеуiр, мезгiлге өкпелiмiн,
Жүрмiн бе, әлде, сәттердi бағаламай?
Қарығанда жанымды күздiң демi,
Көктемдi аңсап,
Көңiлiм үздiгедi.
Қараша ауып, бұлт көшiп, күттiрген күн,
Келер, бәлкiм, кiм бiледi?
Түпсiз терең, батырып тұңғиыққа,
Ендi бiрде қондырып Күндi иыққа,
Желмаясы Ойлардың адастырмай,
Жетер, бәлкiм, түбi бiр Жерұйыққа.
***
Түйдек-түйдек бұлт көшкенде аспаннан,
Түйiр тасқа тамшы болып жас тамған.
Көңiлiммен арқа сүйеп жартасқа,
Жүрегiммен топырақты жастанғам.
Солай, солай... Сезесiң бе күйiмдi,
Жаным талай аярлыққа күйiндi.
Бiр Құдiрет тарқатарын бiлемiн,
Санадағы шырматылған түйiндi.
Сыбызғыдай сыңсып тұрған iшiмде,
Арзуым бар, түсiн, мейлi, түсiнбе.
Қанша тiлек көкке ұшты ғайып боп,
Қалыбына сыймайтұғын пiшiнде.
Нұрлы шуақ iздегенде жанарым,
Жақсылардың жанарына қарадым.
Тазалықты, дархандықты, өрлiктi,
Кең даланың құшағынан табамын.
Маңған шақта батысына келте күн,
Кiрпiк қағып оянады ерке түн.
Мен баяғы, үмiт, күдiк - шанағы,
Көкiректiң қылқобызын шертемiн.
Бұлбұл- дәурен
Көмейiне алғандай лағыл жұтып,
Бұлбұл-дәурен өтедi-ау тамылжытып.
Ойнақтайды уақыт ырық бермей,
Жорғалатып жылдарды, жалын тұтып.
Асауын-ай арманның, алқындырып
Шабуын-ай алысқа талпындырып.
Бұла көңiл көнбейдi-ау бұғалыққа,
Құба белден асса да жалын бүркiп...
Жалын бүркiп от-сезiм алауынан,
Жаңылмайды жан бiткен қалауынан.
Өзiмiздi iздеймiз сабылумен,
Өмiр атты кiтаптың тарауынан.
Қоңыр күзде
Сұр тұманмен сұрғылттанып сары бақ,
Жел еседi,
Қара желдiң демi - сыз.
Қоңыр күзде қоңырайып, жабырқап,
Күтiп жүрмiн!
Ненi, кiмдi белгiсiз...
Түрлi-түрлi түске енiп құбылып,
Жылт етедi,
Жапырақтай бiр үмiт.
Жаңғырығы секiлденiп кеуденiң,
Iшкi дауыс күбiрлейдi құмығып.
Күрсiнiсiн сыңары етiп жанымның,
Күркiресiн
Аспан мейлi, күз мейлi.
Елесiне бойласа да сағымның,
Көңiл, шiркiн, еш күдерiн үзбейдi!..
Дала
Бiз аспанға құштармыз, аспан бiзге,
Бiз құстарға iңкәрмiз құстар бiзге.
Ұмтыламыз шаһарға шуылы көп,
Шаһарлық асығады құла түзге.
Құла түздiң жап-жарық жарығы да,
Тұнық болып ағады арығы да.
Еркiндiк бар сыймайтын еш қалыпқа,
Бағынбайтын тар ұғым,-нарығыңа.
Өздi-өзiмен жәндiгi қыбырлайды,
Өз үнiмен қурайлар сыбдырлайды.
Құстары да сайрайды өз тiлiнде,
Самалы да уiлiмен сыбырлайды...
Арқау болар ұлылық дастанына,
Тауы асқақ даланың, тастары да.
Ақ бұлттарды иыққа iлiп алып,
Тiл қатады ақ шыңдар аспанына.
Жолдар
Жолдар,
Жолдар...
Қайда жетiп кiдiредi бiлмеймiн,
Кiдiргенше кiрпiгiмдi iлмеймiн.
Жанарымнан ыршып түскен ұрланып,
Бiр тамшыны көрсем-дағы көрмеймiн.
Мейлi, мейлi,
Бәлкiм мұны дейтiн болар - алданыш?!
Өмiр ғой бұл,-үмiт, күдiк, арпалыс.
Соқпағына салып алып өзiнiң,
Ескертусiз күтер алдан қалтарыс.
Ойдым-ойдым,
Иiндер бар, асу бермес өткелдер,
Сағым болып мұнартады көк белдер.
Күзi мұңды, жазы да бар шуақты,-
Бiр-бiрiне ұқсамайтын көктемдер.
Шұғылалы
Бiр жарыққа жету шығар талабым,
Мен түбiнде даңғыл жолды табамын.
Айдың күмiс сәулесiне шомылып,
Мақпал түнге маңып кетiп барамын...
Асылдар
Өтсе де қандай заманалар мен дәуiрлер,
Өтсе де қанша мыңжылдықтар мен ғасырлар,
Тарлығы басым жалғанға мынау шектеулi,
Сыя да алмай өтедi екен ғой асылдар
Қорқаулықтардың табылмай, әсте, бiр емi,
Құзғындай болып құзарда сақ-сақ күледi.
... Тұсалып текке өтедi екен ғой жасындар,
Өртенiп iштей, дерттенiп iштей жүрегi.
Бөрiдей ұлып, ұлылық iздеп сарылып,
Қырандай қалқып, қыран тектеске зарығып,
Өтедi екен ғой, өтедi екен ғой асылдар,
Ғаламнан мына, заманнан мына зар ұғып.
Ақ ұлпа қар
Ақ ұлпа қар, аппақ қар ұшқындаған,
Ақ аспаннан қылаулап ұштың маған.
Жау, жауа түс, ағартып жердiң бетiн,
Тазалықты өзiңнен ұқсын ғалам.
Аққу құстай, кiршiксiз көгiлдiрдей,
Ақ дүние тұра ма өңiн бермей?!
Алақанның ерисiң жылуына,
Мейiрiмге шөлдеген көңiлдердей.
Ақ ұлпа қар, мамық қар, мақтадайын,
Кiр жұқпасын жандағы аққа дәйiм.
Қарашыққа сiңiрiп ақ сәуленi,
Жарық дүние, өзiңнен бақ табамын.
Аппақ сәуле жанға нұр құяды да,
Жыр тулайды, жүректен күй ағыла.
Ақ ұлпа қар, сендегi аппақ әлем,
Қара жердiң төсiне сыяды ма?!
Дайындаған Бағлан Оразалы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.