Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Мөлдір Төлепбай. Бәрінің мақсаты – бір адамзат үш...

16.11.2023 1744

Мөлдір Төлепбай. Бәрінің мақсаты – бір адамзат үшін 14+

Мөлдір Төлепбай. Бәрінің мақсаты – бір  адамзат үшін - adebiportal.kz

Қиссалардың бізге жетуі

 

Халқымыздың құнды мұраларының бірі – қисса. Қазақ әдебиеті тарихында қисса жанры ІХ ғасырда пайда болған. Ал, қазақ тіліндегі қиссалар ХІХ ғасырда жарық көре бастайды. Алдымен шығыс шығармалары діни мазмұнмен қисса жанрында (араб тілінде: кисса – «тарих, оқиға»), кейін әр түрлі поэтикалық кітаптар болып шыға бастапты. Қисса жанрының төңірегінде румитанушы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері Мөлдір Төлепбай ханыммен сұхбаттасып едік. Оқи отырыңыз.

- Әңгімемізді қазақ әдебиеттану ғылымындағы қисса жанрының зерттелу тарихынан бастасақ деп едік?

- Ғасырлар қойнауында жатып, бізге жеткен қисса дәстүрі соңғы жылдары даму қарқыны үдей түсіп, бүгінгінің баласы мен қариясының тілінде, жүрегінде жүр! Қуантарлық сезім. Өйткені қисса – жүректің бальзамы. Сана мен қанымызда қайнап жатқан дүниелерді түйін сөздермен жеткізе алу өнерін шарпи түскендей! Ауыздан ауызға тарап, ұрпаққа жеткен ұлағатты сөздер орамын бүгінгінің баласы аудионұсқалы кітаптар мен қысқа метражды видеотаспалардан көре алып, тыңдай да алып және бойы  мен ойына сіңіре алып жүр. Бұл деген – мәдениеттің өркендей түсуі. Сол бір мәдениеттің ежелден келе жатқан өзекті тарауының бірі – кітап. Қазір сол әлеуметтік мәдениетіміздің құрамындағы ғылымның жеке саласына айналды. Сонымен қатар, мәдениеттің өзге түрлері – архитектура, музыка, бейнелеу өнерлерімен салыстырғанда кітаптың өмір көрінісін қамту мүмкінідігі молая түсіп, тереңге тамырын тастап, сарқылмас жемісімен азықтандырып келеді. Таусылмақ емес. Өйткені қалдырған мұрасы мен жеткізері көп. Өткенге үңіліп барып, бүгінге келсек, ІІ ғасырды кейін шегертсек. Бізге қалды немесе біздерге не жетті?

Ресейдің алғашқы қадамы ұлан байтақ қазақ жеріне экспедициялар жіберіп, зерттеу, қамал салу, бекініс жасаудан басталған. 1734 жылы Әбілқайырдың Петербургке елші қылып жіберген баласы Ералыханның өтінішімен Ор өзені бойынан Ор атты қамал салуға обер-сенатор И.К. Кириллов бастаған экспедиция жіберіледі. Бұл экспедицияның құрамына тау-кен маманы, артиллеристер, геодезистер, ботаник, лекарь және 1687 жылы Москвада ашылған славян-латын-грек академиясының студенттерін жібереді. Осыдан кейін әр жылдары қазақтардың арасында болып, олардың тіршілік-тынысымен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен танысқан профессор Г. Миллер, И.Г. Георги, тарихшы-археолог И. Фишер, жазушы В. Могутов, әдебиетші-публицист Ф. Ефремов т.с.с. білімпаз ойшылдар көптеген кітаптар жазып қалдырады. Ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында – қазақтардың тарихы, мемлекеттік құрлысы, ауыз және жазба әдебиеттері туралы көптеген материалдар жиналып, белгілі жүйеге келтіруге алғашқы талпыныстар жасалып, көне ескерткіштерді іздеу, мазмұны мен мәнін зерттеу жұмыстары қолға алынады. Оқу-ағартудың негізі салынады. ХVIII ғасырдан бастап қазақ жеріндегі ғылыми-зерттеу, өлкетану ісімен айналысқан жеке ғалымдардың бірлі-жарым еңбектері жарық көреді. 

- Орта Азия мен Қазақстан жеріне 1844 жылға дейін саяхатшылардың сапары 22 рет ұйымдастырылып, ХІХ ғасырда жылына 2 реттен экспедициялар жіберіліпті. Соған сәйкес зерттеуші ғалымдардың да сандары арта түскен екен. Бұл саяси, экономикалық өзгерістер Қазақстандағы баспа мен баспасөздің дамуына айтарлықтай әсер етті ме? 

- Иә, әлбетте. Қазақстан жайында ізгілікті істер мен еңбектер қалдырған орыс саяхатшыларының, әдебиетшілері мен ғалымдарының және шығысты зерттеуші – түрколог, шығыстанушылар саны көбейе түседі. Бұл ретте Г.Н.Потанин, И.Н.Березин, Н.Н.Пантусов, П.М. Мелиоранский, Н.И.Ильминский, А.Е.Алекторов, А.Ч.Шренк, П.П. Семенов-Тян-Шанский, Н. Абрамов, Е. Баранов және т.б. ғалымдардың еңбектерін атап өткен жөн. Олар ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ ғылымының этнография, тарих, тіл, әдебиет сияқты салаларына қатысты құнды білімдер жинап, елеулі үлес қосып және жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізіп, көп мұраларды қалдырған. Қазақ халқының қиссалары әңгімелерінің сюжеті негізінен ислам дінін насихаттайтын әңгімелер мен аңыздардан тұрды. Содан кейін махаббат туралы әңгімелері жарық көре бастайды. Олар – «Салсал», «Сейіт Баттал», «Бәдір», «Мұхаммед-Ханафия», «Сияр Шәріп», «Әбілқарыс», «Шах-Мұрад» сияқты діни үлгідегі шығармалар қазақ жұртшылығын ислам әдебиетімен таныстырды. Осы бір жанрда көптеген еңбектер жиналып, халық аузынан жазылып алынған деректерді де шығыстанушы, әдебиетші ғалымдар да жинап қалдырған. 

Бүгінде осы көп мұраларға аз-кем тоқталып, оны жинап қалдырған тұлғалардың бірін және бірнеше еңбектерін ұсынсақ. Николай Николаевич Пантусов 1849-1909 жж. өмір сүрген – шығыстанушы, этнограф. Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген соң, Түркістан өлкесінде қызмет істеген. 1872–1908ж. ол өлкеде әр түрлі әкімшілік қызметтер (Жетісу облысы әскери губернаторының кеңсе меңгерушісі, Жетісу облысы мен Құлжа ауданы бойынша оқу мекемелерінің меңгерушісі, Түркістан генерал-губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, т.б.) атқара жүріп, Қоқан жорығына қатысқан. Пантусов әкімшілік қызметін ғылыми жұмыстарымен сабақтастыра жүргізіп, қазақ, өзбек, тараншы (ұйғыр), т.б. шығыс тілдерін үйренумен тыңғылықты шұғылданады. Оның ғылыми ізденісі негізінен Жетісудың тарих, археология, нумизматика, этнография, лингвистика мәселелері және шығыс қолжазбаларын зерттеу болған. Түркістан өлкесінен көптеген көне мұраларды (шығыс қолжазбаларын, көне түркі жазба тастарын, теңгелерді) жинап, Ресей мен Түркістан, Жетісу облысы музейлеріне өткізіп тұрған. Жетісу өлкесінен сирия-түркі жазуларын тауып, оқиды, Қоқан хандарының архивін алғашқылардың бірі болып зерттеген. Пантусов басқа да көптеген ғылыми еңбектер жариялаумен бірге Жетісу облысы халықтарының тарихы, археологиясы, этнографиясы, тілі, нумизматикасы жөнінде бірнеше еңбектер, әсіресе Жетісу, Құлжа өлкелеріндегі ұйғыр, қазақ халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, көптеген еңбектер жариялады. Оның қазақ тілі мен фольклорына байланысты жазған «Материалы к изучению казак-киргизского наречия» (1899–1904) және «Образцы киргизской литературы» (1909) еңбектерінің құндылығы жоғары. Бүгін біз кітапхана қорындағы 1909 жылы Казань Типо-литографиясынан шыққан, «Образцы киргизской народной литературы. Тексты и переводы» деген кітабындағы бір шығармасын арнайы ұсынуды жөн көрдік. 

- Кітаптың ішіне қандай дүниелер жинақталған? Осы жайлы айтып өтсеңіз.

- Кітап қисса үлгісінде жазылған және танымдық жағынан өте көп ой саларлық дүние жинақталыпты. Кітаптың алғы бетіне «Арнайы жиналып, басылған» - деген жазбасы бар. Мазмұны – Әулие ишан туралы ертегі; Ақталған хан ертегісі; Хан мен Қызыр туралы ертегі; Сүлеймен пайғамбар туралы ертегі; Көгершіндер туралы ертегі; Момынбай мен 7 ұры туралы ертегі; Шығайбай мен Алдар-көсе туралы ертегісі. Кітап Қырғыз ертегілері деген тақырыппен басталып, әулие ишанның хикаясымен жалғасып кетеді. Ең қызығы «Хан мен Қызыр» туралы ертегісі. Бастауы – өткен ғасырда бір хан болыпты, кім маған Қызырды көрсетсе, соған ат басындай алтын беремін, деп жар салады. Алайда ханға Қызырды мен көрсетемін деген ешкім болмады. Бірақ бір ойымпаз, босқын, ішкілікке салынған адам сол ат басындай алтынды мен алайынды ойға алып, ханға барып 40 күннен соң көрсетейін деп, алтынды жұмсап, ит өмірден Хандай 40 күн өмір кешкенім жақсыны мақсат тұтады. Ханмен шарт жасасып, алдымен алтынды алайын, Қызырды сосын алып келемін деп уағдаласып, ішіп-жеп, тойынып, 40 күннің өткенін де байқамай қалады. Хан нөкерлері сарайға сүйрей келгенде бір бейтаныс ілесе кіріп, ханға шаруамен келдімге салып, бірге кіреді. Сарайға келген ойынпаз кедейге: 

- Сен таптың ба Қызырды? - деп сұрайды. 

Кедей: - Хан ием, мен сияқты бақытсызға Қызыр қайдан кезіксін. Мен ойын ойнап, ішімдіктің түбінде жүрген кедеймін. Кінәлімін, алам десеңіз міне басым  – деп, хан алдына тізерлейді. 

Сол кезде хан уәзірлерінен сұрайды, не істесек болады, мұның жазасы қандай болмақ? – дейді. 

Сонда жанында тұрған бірінші уәзір: «Мал ұқсатып, бауыздау керек» - деді. Сонда жандарында тұрған бейтаныс: «Дұрыс, бұл уәзір әкесі не істесе соны уәж етеді» - дейді. Хан екінші уәзірінен сұрайды, ол болса балғамен ұрып, сүйек-саяғын қалдырмай майдалау керектігін айтады. Бейтаныс: «Бұл да әкесінен көргенін айтуда» – дейді. Хан ендігі үшінші уәзірінен сұрайды. Сонда ол: «О Хан ием, бұл ойынпаз, ішкіліктің түбінде жүрген кедей ғой. Ол өтірік айтса да, ендігі шынын айтып тұр. Сені бізге Құдай жіберген әділетті хансың және мәртсің. Бұл адамның сенен алған алтынынан сен кедей болып қалғаның жоқ, мұны өлтіріп ешқандай да мақсатқа да, шындыққа жетпейсің. Егер өмір сыйласаң, қайырымды іс қылғаның. Одан да өмір сыйлаңыз» - дейді. Бейтаныс тағы да: «Өте жақсы, бұл да өз әкесінен көргенін айтып тұр».

Сонда барып хан сұрайды: «Сен кім болдың, менің уәзірлерімнің әкелерінің кім болғанын қайдан білесің? Егер де бір білерің болса айт». Бейтаныс: «Бірінші уәзіріңнің әкесі – қасапшы болған, әкесінің малды қалай бауыздағанын баласы көріп өскен, сондықтан да саған кедейді малша бауыздай керектігін айтып тұр. Ал, екінші уәзіріңнің әкесі – ұста болған, әкесінің балғамен темірді ұрып, ұсақтағанын көріп өскен, сондықтан да саған кедейді ұрып жазалауға кеңес беріп тұр. Үшінші уәзірдің әкесі сенің әкеңнің бірінші уәзірі болған. Сенің әкең әділ де шыншыл болса да, бұл өз әкесін көріп өскен, сондықтан да саған бейшараға өмір сыйлауға кеңес беріп тұр». – «Егер сен Қызырды көрсең, мына бейшараға тағы ат басындай алтын берер ме едің?». Хан: «Әрине, берер едім». Сонда бейтаныс: «Міне, мен Қызырмын!» деп әп-сәтте жоқ болады. Қуанып, таңқалған хан, кедейге ат басындай алтын беріп, үшінші уәзірін бас уәзір етіп сайлап, екі уәзірін сарайдан алыстатып, олардың орнына басқа уәзірлерді тағайындапты.

Міне, бұл жинақтың бір әңгімесінен үзінді ғана. Отбасындағы әке тәрбиесін т.с.с. көп еңбектерді шығыс сарынды еңбектер деп те, жинап, барынша тұшымды етіп, қалдырған. Бұл еңбектердің барлығы да бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтқан емес. Отбасымен қоғам және әлеуметтің қазіргі хәлі мен ахуалы жағдайында өте таптырмас құнды қазына деп айта аламыз және ұсынамыз. Келіңіз, зерттеңіз, аударыңыз, бабалар мұрасын тіпті шет жүрген және өзге ұлттың ғалымдарының өзі жазып қалдырған. Бәрінің мақсаты бір – адамзат үшін. 

- Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңіз үшін мың алғыс!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар