Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мырзан Кенжебай: Таланттың қайнар көзі тектілікте...

16.11.2017 7154

Мырзан Кенжебай: Таланттың қайнар көзі тектілікте

Мырзан Кенжебай: Таланттың қайнар көзі тектілікте - adebiportal.kz

Мұрат Әуезовтің «Ділім» атты кітабы туралы ой-толғау

Қалай десек те біз бүгінде саяси да, рухани да ең бір аласапыран, ең бір құбылмалы құйтырқы, адам санасына түсініксіз заманды басымыздан өткерудеміз. Сөйте тұра, «Білмеймін дейтін бір жан жоқ, жұрт ақылға толған күн» деп ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері айтпақшы, осының бәріне әркім өзінше мән беріп оны өзінше ұғынып, онысын жұрттық санасына өзінше сіңіргісі келеді. Алайда, қай заманда, қандай қоғамда да ең әділ, ең ақиқат, ең кесімді сөзді сол кезеңнің әдебиеті, мәдениеті, тарих саласындағы ең гуманист, адамгершілік түйсік түсінігі, пайымы өте жоғары азамат қана айта алады. Аллаһтағала қазақты ондай ерекше қасиетті ұл-қыздан ешқашан кенде қылған емес. Солардың бірі бүгінде есімін көзі ашық, көкірегі ояу қазақ түгел білетін ел азаматы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов екеніне ешкім таласа қоймас. Иә, ол –осынау кең дүниенің кемелдігін де, кемшілігін де көре білген, көргенін көркем сөзбен әлем халықтарының тілінде жеткізіп, айтып бере білген кемеңгер Мұхтар Әуезовтың ұлы. Бұлай дейтін себебіміз адам баласының ұрпағына бүкіл жақсы-жаманды қасиет атаулының қай-қайсы да арғы ата тегінің қанымен келеді. Қазақ соған қарап тектілікті айқындайды. Жақында Мұрат Әуезовтің «Ділім» деген көлемді еңбегін оқып шыққаннан кейін қайран қазекемнің осы бір әулиелігі есіме түсті.

Иә, ол кітабын «Ділім» деп атапты. «Діл» сөзінің түп-төркіні парсының жүректі солай атауында жатыр. Алайда, оның қазақ тілінде беретін ұғымы, түсінігі, қамтитын ауқымы одан әлдеқайда кең. Яғни, діл дегеніміз анау шет-шегі жоқ ғарыш, жер-су, адам, махаббат, жарық пен қараңғы, осынау жалпақ әлем, жанды-жансыз жаратылыс, өзіңе Алла өлшеп берген кесімді ғұмыр туралы адамның көзқарасы, ойы, пиғылы, ниетінің жиынтығы деуге болады. (Оны қазіргі қазақтар менталитет деуді сән көреді). Мұрат Әуезов осы кітабын «Ділім» деп атаса да бұл еңбек тек оның емес, бүкіл тірі пенде атаулының діліндегі әртүрлілікті айтарлықтай кеңінен қамтыған еңбек екен. Кітапта автор, әсіресе қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті көңіл де жетпес, көз жетпес тылсымдармен астасып, ұштасып жатқан қасиетті ділі туралы, қоғам мен мемлекетте атқарылып жатқан жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс аралас, сапырылысқан сан сала тіршілікті өз ой-толғаныстары арқылы тұңғиық тереңдікпен әңгімелеп, тебірене толғанып айта алғаны оқырманын сәт сайын алуан сезімге бөлейді. Және кейбір тым еуропашыл, тым өркениетшіл, тым глобализацияшыл әсіре «общечеловеческий мыслительдерше» емес не айтса да ең әуелі өз ұлтының мұрат-мақсатын алға тартудан бастайды. Кезінде сондай бір орыстілді азаматқа арнап:

Для него Ислам или католик,

Без разницы! Өлдің екен, жат өліп.

Біле ме екен, күшенсе де бұл ағам,

Бола алмасын «Соломонов потомок»...

Қайтыс бопты «Планетарный масштаб»

Жүрмейікші қоштасудан қалыс қап, -

деп раввин, молда, лама, поп сонда

Оқыр екен қандай дұға бағыштап?

Қалсаң-дағы парызыңды кеш біліп,

Құбылаға бет бұру да – естілік.

Тіршілікте ұл болмасаң бір ұлтқа –

Өлгеннен соң есіне алмас ешбір ұлт, - деп әзіл (эпиграмма) жазған едік.

Иә, тіршілікте әуелі өз ұлтының ұлы болып алмай, бүкіл адамзаттың қамын ойлаймын деу онша естілік емес. Мұрат өте ойшыл, өте жоғары парасат иесі екені оның өзін ең әуелі ұлтымның, қазағымның ұлымын, соның алдында көзім тірісінде парызымды да, қарызымды да өтеуге бар ерік-жігерімді саламын дейтінінен әрдайым байқалып отырады. Ол сонау бір күндері жастықтың буымен бе, әлде ол кезде қоғам, мемлекеттік құбылыс солай етуге мәжбүрледі ме әйтеуір өзінің де ұлттық тілден, ұлттық салт-дәстүрден сәл алшақтаңқырап қалғанын да сөз түсінер адамға сыпайылап отырып-ақ жеткізіп айтып береді. Ол бұл туралы «Тілден де, діннен де айырылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал ділден ше? Одан айырылу мүлдем мүмкін емес, тек сол діл саулығы, діл тазалығы, діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық», – дейді. Мұрат Мұхтарұлы осыны жақсы түсінеді. Ал жасы 80-нің сеңгіріне жетсе де әлі де өз ұлтының тілін де, дінін де қорашсынып, әдебиеті мен өнерін де менсінбей үстем ұлтқа табынумен келе жатқан емқонбастар да бар емес пе?! Осының бәрі тәуелсіздік, діл, тіл, дін, ұлт мәселелері дегеніміз бүгінгі заман, бүгінгі өмір салты туғызған қажеттіліктер. Сондықтан да, ол ел, ұлт тәуелсіздігі туралы тоқсан тарау толғаныстардың бір саласын «Қазақстанның түпқазығы – қазақ. Бізді өздерімен тең көргісі келмей, кем көргісі келетіндердің қазақ – көшпенді халық, олар ғасырлар бойы қоныстан-қонысқа көшіп жүріп, өзін-өзі осылай қайталай бергесін жоғары сапалы мәдениет, рухани дүние жасап қалдырмаған дегендері ешқандай шындыққа жанаспайды», – дей келіп, ойын «Біз сан алуан маневрлер жасау арқылы қалай да Ұлттық мемлекет құруға қарай жылжуымыз керек. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес. Ал ұлттық мемлекет құру үшін ұлттық патриоттардың басын біріктіретін аса күшті саяси ұйым керек», – деген тұжырымға келеді. Міне, осы идеялар тек жоғарыдағылардың немесе жоғарыдағы біреудің ісханасында (кабинетінде) дүниеге келмейді. Ұлы идеялар, ұлт болашағына арналған батыл бағдарламалар, баянды бастамалар Мұхтар Мұхтарұлы сияқты халықтың, өз ұлтының қақ ортасында жүрген, ұлтының жан сезімін, жүрек дүрсілін ден қоя тыңдап, оны естіп, онымен бірге қуанып, бірге қайғыратын адамдардың ақыл-парасатымен келетініне көз жеткізеді екенсің.

Ұлы идеялар демекші, мейлің қаламгер, мейлің философ, мейлің техниканың тілімен ғана түсініскен ғалым бол, егер өз ұлтыңның бүгіні мен өткеніне шын жанашырлықпен қарап, түпсіз терең тарихында оның басынан өткерген өкініштері мен өксіктерін өз замандастарыңа, өзіңнен кейінгі ұрпаққа мағлұмдап отыру ең басты парызыңның бірі екенін білу де – парыз. Өйткені, өткенін білмейтін халық заманның шартарапқа тартылып жатқан сүрлеу-соқпағында есінен айырылған адамша теңселіп жүре береді. Өткен тарих – болашаққа жол сілтер қарт ұстаз. Мұрат Әуезов Қызыл үкіметтің қылышынан қан тамып тұрған сонау жылдары, 30-дан енді асқан жас шағында-ақ осы бір ұлы парызды түсіне де, түйсіне білген сияқты. Оның «Ділім» кітабында берілген 1975 жылдың 15-қыркүйегінде Қазақстан жазушылар одағының пленумында сөйлеген сөзінен үзінді келтірсек артық болмас:

«... Бұл орайда Бахтин өте дұрыс айтқан: «Тек тірі, жанды, толыққанды есте сақталған кезеңдер ғана заманмен бірге ілесіп, ілгері жылжып отырады. Ол бір ұлттың тарихының сәттілікке толы, бақ жұлдызы жарқырап туған кезеңдері ғана емес, ол - сол ұлттың тағдыры талқыға, күйзеліске түскен, ұлттық апатқа ұшыраған кезеңдері.

Інжілдегі Жүсіптің өзі құлдыққа сатып жіберген бауырларының бірі бұл туралы ешкімге айтудың керегі жоқ, ол жайлы ауыз ашып үн шығармасақ бұл қасіреттің болғаны ұмытылып кетеді депті. Бұл пікірді айтқан Иуда болатын. Әрине, күнкөрістен басқаны ойламайтын тіршілікте бұл дұрыс та шығар. Жақыптың балалары қашан қылмыс жасап, ол күнәларының жазасын өтеп болғанша олар ешнәрсені сездірмеген, ар-ұяттың азабын тарту дегенді ойына да алмаған. Сөйтіп арада бірнеше ондаған мамыражай жылдар өтті. Бірақ адамзат тарихында қарғысқа ұшыраған және рухани қасиет атаулыға залал келтіруші ретінде тарихқа кірген сол Иуда еді. Ал көркемдік сана оның екіжүзділікке толы сайқали даналық - сымақтарын үлгі ете алмайды.

1932-33 жылдары Қазақстандағы ұжымдастыру кезінде жіберілген асыра сілтеушіліктердің кесірінен жаппай ашаршылық болып, ел қынадай қырылды. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақтардың саны күрт кеміп кетті. Бұны әр қазақ отбасы әлі де біледі. Бірақ олар қағаз, құжаттардан, сурет кенептерінен, экраннан әлі де көрсетілмейді. Дәлірек айтсақ, бұл қасірет туралы біздің көркемдік санамыз, яғни көркем шығармаларымыз біле тұра білмейді. Міне, қазақ бастан өткерген осы жағдаятқа көңіл аудара алмаған қазақ көркем өнер ықылым заманнан өзіне тән басты қасиетінен – ақиқатшылдығы мен қырағылығынан айырылып қалған. Міне, осының салдарынан қазақтың көркем өнердегі, көркем әдебиеттегі санасы сол замандардағы ел жағдайына драмалық түр бермек түгіл нақты да айқын жетістіктерімізді, артықшылықтарымызды айту қабілетінен де айырылып қалды. Әрине, кез келген күйреген, қираған нәрсенің де орнына жаңа құрылыстар салынады, бірақ соның өзінде де өткен тарихты естен шығармай ақиқатты айтқанда ғана халықтың рухани жан-жарасы жазылады», – дейді Мұрат Әуезов. Ақиқаты сол! Сол кезде коммунистік биліктің сойылын соғуды ел бірлігін ойлау деп көсемсіп жүрген небір ақсақалдар біле тұра айтпаған бұл ақиқатты жасы 30-дан енді асқан Мұрат Мұхтарұлы биік мінбеден бар даусымен саңқылдап тұрып осылай айтып берген еді. Қайран қазекемнің «Қасқа айғырдан ең болмағанда төбел құлын туады» дегені осындайда еске түседі екен. Мұрат Әуезовтей озық ойлы, талдауы терең азаматтың арғы тегіне көз жүгірткенде:

Тектілікті Алла қолдаса,

Шалқиды шаттық шуағы.

Кемеңгер Мұхтар болмаса,

Мұраттар қайдан туады, -

деп әзілдегенім бар.

Иә, тақырыбымыз айтып тұрғандай қай нәрсе де тектілікпен келеді. Біз бүгінде біріміз олай, біріміз бұлай тартып талқыға салып жатқан латын әліпбиі мәселесін Мұрат ағамыз бұдан әлденеше жыл бұрын күн тәртібіне ұсынған болатын. Ол сонау жылдары-ақ «Латынға көшуді қолдан қиындата беруді қою керек. Ағылшын, неміс, француз тілін меңгерген интернет заманында латын әліпбиіне көшу түк те қиындық тудырмайды» деген болатын. Бүгін осы «Ділім» атты кітабында ол оған үлкен саяси, ұлттық маңызы бар мәселе ретінде қайта оралыпты. Қазақ көркем әдебиетінің ең шоқтығы биік шығармасы «Абай жолын» дүниеге әкелген оның әкесі Мұхтар Әуезов көзін арабшамен, сосын латыншамен ашқан. Осы арада Мұхтар ағамыз әліпбидің де саяси құрал екенін айта келіп, ол ұзақ жылдар бойы отаршыл Ресейдің басқыншылық саясатының, қазақ ұлтын ұлттық санасынан айырып, мәңгүрттендіру құралы екенін дәлелдеп береді. Үзінді келтірейік: Біз әдетте ауызекі тілде сөйлескенде көрші қарақалпақ, өзбек, ноғай, татарларды өте жақсы түсінеміз. Кезінде осы туысқан халықтардың бәрін кириллицаға көшіру отаршыл Ресей империясының араға жік салу пиғылымен қасақана қолданған саяси құралы болғанын түсіну қиын емес. Кириллицаға ауысқанда түркілерге онсыз да түсінікті ортақ дыбыстар басқаша өңге айналған. Ал енді түркі тектес халықтар латынға қайта келу арқылы бір-біріне жақындап, бір жұдырықтай жұмылып, тарихи - саяси сахнада басқалар бізбен санасатын күшке айналамыз дейді Мұрат Әуезов. Азаматтың нағыз ұлт ұлының терең ақыл – парасатпен ордалы оймен, қайталап айтайық Мұхтар Әуезовтен келген тектілікпен айтылған сөзі бұл.

Мұрат Әуезов пен оның «Ділім» кітабы туралы айтқанда оның жүрегі, бүкіл жан әлемі жалынға, күш жігерге толы сонау жылдары Мәскеуде оқып жүргенде Б.Тайжан, М.Сембі сияқты жігіттермен бірлесіп құрған «Жас тұлпар» ұйымы еріксіз еске түседі. Кітапта КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қырына іліккен бұл қозғалысқа аз ғана аялдама жасалады. Кезінде Мұхтар-әкенің «Қилы заманы» өз дәуіріндегі жастардың ұлттық санасына ой салса, «Жас тұлпар» соның ендігі бір жалғасындай еді. Бұл қозғалыс Алаш идеясынан әкесі арқылы нәр алған жас Мұраттың ел тарихында қалар еңбегі болды. Мұрат осы «Ділім» кітабында сол бір өткен заманды еске алып қана қоймай, бұл тақырыпқа, бұл ұлттық мәселеге жаңаша және әбден пісіп жетілген ұлттық санамен келгені көрініп тұр.

Ойлап отырсаңыз, Мұрат Мұхтарұлының осы «Ділім» атты кітабында ол қай тақырыпқа мейлі әдебиет, мейлі өнер, мейлі тарих, мейлі тіл, тіпті, қазақ ұлтының кешелі-бүгінгі тағдыры туралы сөз қозғалса да ол сол кезеңдермен бетпе-бет сырласа біледі. Оның біздің дәуірімізге шейінгі жер бетінде тіршілік еткен Гилгамеш пен Энкидудың тағдыры туралы ой-толғамының өзінде тереңін толқын тербеген тұңғиық зерделілік, атадан қанмен келген парасат жатқаны өз алдына бір үлкен әңгімеге өзек болар еді. Міне, Мұрат бойындағы біз байқаған, киеліліктер мен қасиеттіліктердің шет пұшпағы осындай. Өйткені! Өйткені, оның жаратылысында тектілікпен келген қасиетпен қатар ұлттық зерделілік, ұлттық ар-намыс, ұлттық сана, қанға біткен еркіндік бар. Және сол еркіндік арқылы Мұрат Мұхтарұлы ғаламдық, ғарыштық еркіндікке қанат қаққан қуатты бір құлшыныс бар.

Әрине, ел ішінде Мұрат Әуезов сияқты елім, ұлтым, жер-суым, тілім, дінім, ділім не күйде, оның ертеңі не болар екен деп күйзеліп ойы оңға, санасы санға бөлініп жүрген тұлғалар аз емес. Бірақ олар қарабасының қамымен әйтеуір аты-жөнім жұртқа жариялы болсын деп ұрандатып, мадақнамалар, арнау өлеңдер жазып, ақша төлеп шетелде кітап шығарғанына мәз болып жүрген пысықай жазғыштар сияқты көбаса көзге түсе бермейді. Егер азаматтықтың тұтас бір ұлт қана емес, адамзат алдындағы ауыр жүгін қолдан келгенше көтеріп тұрған «Ділім» атты бұл кітап орыстан бастап, өзге де шетелдер тіліне тәржімәланса ұлтымыздың, еліміздің ешкімнен артық болмаса кем емес екенін көрсететін іргелі дүниенің бір боларына сөз жоқ.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын,

Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар