– ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» дәстүрлі Жолдауына байланысты өз ойыңызбен бөліссеңіз...
– Нұрлы жол дейтін ұғым қазір халықтың санасында қалыптаса бастады. Бұрыннан келе жатқан Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы жолдар бізде болды. Кезінде оның да әжептәуір қызметі болды. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің түскен жолымыз тіптен басқа жол. Бұл азаттықтың, тәуелсіздіктің жолы. Сондықтан бұл жолдың өзі нұрлы жол еді. Сол нұрлы жолды одан сайын нұрлы етіп отырған тәуелсіздікті алып келген, халқымен бірге талай жылдар ата-бабамыздың арманына жеткізген ол Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан, нұрлы жол десе дегендей қазір біз бас-аяғы 23 жыл болды ғой, қарап тұрсаң 23 жыл деген қас-қағым сияқты, есікті ашып-жапқан сияқты уақыт қана. Соның өзінде біз ақылға сыймайтын, қиял жете алмаған жетістіктерге жеттік. 2008-2009 жылдары басталған әлемдік дағдарыста біздің елбасымыз ертерек қамданып, елін қыл көпірден , қиындықтан аман алып шықты. Біздер маманы емеспіз, бірақ жұрттың айтуына қарағанда келе жатқан дағдарыстың салмағы ауыр сияқты. Талай елдер осы дағдарыстың салдарынан әлсіреп кетті. Бұл жығылған үстіне жұдырық болайын деп отыр. Әдетте біздің Президентіміз өзінің жолдауын жылдың басында, Парламентте жариялайтын еді. Бұл жолы басқаша болды. Ұмытпасам бұл он тоғызыншы Жолдауы. Біз осының барлығына куә болып келе жатырмыз. Биыл неге ерте жолданды? Себебі, уақыт күттірмеді. Біз дағдарыстың алдын алуымыз керек деді. Сондықтан, қазір біздің ырғалып-жырғалып жүруге ешқандай мұршамыз жоқ. Біз алдын алып, шешетін нәрсенің барлығын шешуіміз керек. «Нұрлы жол» да әдеттегі дәстүрлі Жодлдаулар сияқты халқымыздың экономикасын, ішкі саясатын да, сыртқы саясатын да, өндірісін де, өнеркәсібін де дамытады деп ойлаймын. Бұл жолдауда әсіресе маған қатты ұнағаны – сондай қиындықтарға қарамастан біз Қазақстанда осы Жолдауға байланысты нұрлы жолдар пайда болайын деп жатыр. Алматы-Астана арасындағы жол, Қазақстанның барлық аймағын даңғыл жолмен жалғастыратын үлкен нұрлы жол бар. Біздің әлеуметтік саламыз бұрынғыдан күшеймесе әлсіремейді деп ойлаймын. Оған бөлінген қаражаттың барлығы ауқымды. Мәселен, аралас, 3 аусымды мектептердің жағдайына қарау, құлау алдында тұрған мектептердің алдын алу, балабақшалардың жағдайын жасау бұл келешек деген сөз. Бұрын Қазақстанда басталып кеткен үлкен индустриялы жоба ЭКСПО-ға жетелейтін үлкен үрдіске кіріп кеттік. Осыған байланысты әуежайлардың жағдайын жасау, сол ЭКСПО-ның өтетін жерін жаңа бір қалашыққа айналдыру мақсатында қалаға да көп қаражат бөлінді. Елбасының Жолдауларының орындалмай қалғанын, аяқсыз қалғанын көргеніміз жоқ. Дағдарыстың қай кезде келетінін, қай маңайға жақындап қалғанын білмейміз ғой, бірақ, келе қалған жағдайда да Қазақстан Елбасының Жодауының арқасында, 2050 стратегиясының арқасында қазақ халқы қиналмай, қиындықтың өткелінен аман-есен өтеді деп ойлаймын.
– Мырзатай Жолдасбекұлы, ең қиын кезеңде Елбасының жанында болдып, жауапты жылдарды, ел үшін, келешек үшін түн ұйқы төрт бөлінген ауыр жылдарды бірге өткіздіңіз. Елге де, ерге де сын болған сол бір жылдарда халықты адастырмай алып шығу – ердің еріне, азаматтың ақылы мен арына артылған ауыр жүк, тарихи аманат еді. Сіз бұл міндетті абыроймен орындап шықтыңыз. Елбасымыздың жанында қызмет бабымен жүрген кезіңізде қазақ елі біле бермейтін, Сіз аңғарған қандай да бір ерекшеліктері туралы айтып беріңізші...
– Қазақта текті деген жақсы сөз бар. Елбасымыз текті адам ғой. Нұрсұлтан – түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ тарихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұңғышы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы.
Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулиелерді аралап, ақыры Райымбек батырдың басына кеп түнеген түні түс көреді... Түсінде ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді. Жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мылтықты көтеріп алып, иығына салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады...
Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: «Құрсақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен», – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі.
Айтса айтқандай, ес жиып, етек жапқаннан бері Нұрсұлтанның өмірі ел үшін, болашақ үшін күреспен өтіп келеді.
Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Қажырлы, еңселі болатын. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Намысшыл болатын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін.
Болат кездік қын түбінде жатпайды дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді.
Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді.
Асылы, ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – кесек, біртуар тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жасынан көзге ілігіп, қай істе де мақсаткерлік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы.
Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,
Қарындағы баланың хан боларын кім біледі,
– дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.
Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қаласына, онда да оқуға емес, жұмысқа тартып кеткенін, кейіннен өзге де қазақстандық жастармен Днепродзержинскіге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақстан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке – Орталық Комитеттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағындағы ең жас Совмин Төрағасы болып бекітілгенін де бүгінде халық жақсы біледі. Осы кезден бастап біздер қайта араласа бастадық. Ол кезде мен ҚазГу-дың филология факультетінің деканы болатынмын. Мәскеуге барып, Талдықорған педагогикалық институтына ректор болып бекітіліп келгенімде менің қасымда нұрсұлтанмен бірге оқыған Сейдолда деген азамат бар еді. Ол кезде ол Алматы қаласы оқу бөлімінің бастығы болатын. Сол екеуміз ұшақтан бірге түстік. Сол кезде сейдолда телефон соққан екен. Арнайы қарағандыдан келіп, әуежайда мені қарсы алып тұр екен. Не деген азамат айналайын! Соған уақыт тауып, мән беріп келгеніне әлі күнге риза боламын. Сол кезде әлі есімде Алматыда М.Әуезов атындағы драма татрының жанында әңгіме айтып, сыр шерттік. Сол күні ұлпалап әдемі қар жауып тұрды, ауа-райы да жібектей болып тұрды. Сонда көзім жетті, әбден піскен екен. Содан бері біздің байланысымыз үзілген жоқ. Қиын жылдарда қасында болдым. тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Н.Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекеттерін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегінен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген адаммын. Жан-жақтан анталаған кезеңде жанында болған, ерлігін, қайсарлығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нөкерлерінің бірімін. Сол жылдары 5 жыл Елбасының қасында идеологияны басқардым. Біз өте ауыр кезеңде келдік. Партия құлап, оның орнына басқа нәрсе келе жатқан, оның не болатынын білмейтін кезең. Талай күрес болды. Талай ұйқысыз түндер өтті. Тәуелсіздік үшін күрес басталды. Ешкім қолына қару алған жоқ. Бұл ақылдың күресі болды. Кейін тәуелсіздік жарияланды. Жарияланғаннан кейін біздің кейбір бауырларымыз «бұл қандай тәуелсіздік, жерде жатқан тәуелсіздік. Қансыз келген тіуелсіздік» деп көкіп шыға келді. Ол азаматтарға айтуға тура келді: Сенің сан мың жылдар бойы бабаларыңның күресі, солардың төгілген қаны, шашылған сүйегі, қиған жаны аз болды ма? Аз болған жоқ! Біз осы тәуелсіздік үшін мыңдаған жылдар бойы күрестік. Ешбір елде ешбір ұлт өзінің ұлтының санын өз мемлекетінде 50 пайыздан аспай тәуелсіздікке жете алмайды. Ал, біз 39,7 пайызбен тәуелсіздік алдық. Бұл жерде де Нұрекеңнің еңбегі орасан зор болды. Қарсы шыққандар, келіспейтіндер деген топтарды жеке-жеке шақырып алып сөйлесті. Оларды ақылға шақырды. Тәуелсіздік алғаннанкейін елдің есі шығып кетті. Қуанғаны сол, шерулер қаптап кетті. Неше түрлі қозғалыстар пайда болды. Кейбір адамдар, тіпті қыздар шықты айқайлап. Кейде жөнсіздік етек алды. Соның барлығына Елбасы сабырмен қарады. Елбасы аузынан тастамайтын, біз үшін де маңызды бір мәселе бар. Ол тәуелсіздік орнағаннан кейін сол тәуелсіздіктің туы етіп Қазақстанды мекендеген халықтың бірлігі мен ынтымағын алды. Содан бері осы жодан айнымай келеміз. Тәуелсіздік әкелген, елімен осы тәуелсіздікке жеткен, мемлекеттігін құрған, қалыптастырған, экономикасын дамытқан, Қазақстанды әлемге танытқан, оны мойындатқан, қазақтың есіктегі басын төрге сүйреген Елбасы. Мен Президент туралы 10 мақала жазған адаммын. Соның біреуінде мен жазғам: «қазаққа адам жақпайды. Басқа елді басқару оңай болуы мүмкін, қазақты басқару қиын. Ең қияметтің қиыны осы» деп. Өйткені, біздер шетінен данышпанбыз, шетінен ақын, жырау, батыр, көсембіз. Бір нәрсе жақпай қалса шалқасынан түсетін халықпыз. Ал, осыны ақылмен ұстап отыру деген қиынның қиыны. Қонаев тірі кезінде көктегі жұлдызымыз деп барлығымыз көзі тірісенде табындық. Сол кісі бір сәтте Құдайдың құдіретімен торғайдай жерге топ етіп түскен кезде қазақ сырт айналып шыға келді. Қазақтың осы бір мінезін сынаған жоқ па Абай?! Елбасын әрдайым қолдайтын да осы қазақ халқы. Құдайдан кейін ең үлкені – халық. Одан асқан ешкім жоқ.
– Бір сұхбатыңызда: «менің эсселерім, ғылыми мақалаларым, ой-толғаныстарым – бәрі де тәуелсіздік тағылымына, кісілікке, адамгершілікке, ынтымақ-бірлікке, ұлт мүддесіне, болашақ ұрпаққа арналып келеді» деген екенсіз. Осы мақсатта жазған тәуелсіздік туралы тағы бір ой-толғанысыңызбен бөліссеңіз...
– Мен өзімді қазақты таныған, оның жақсысын да, жаманын да білетін, Нұрекең сияқты кемшілігін көріп отырып кешіре білетін деңгейге жеткен адаммын деп ойлаймын. Өзімді де қазақ таныған кісі деп ойлаймын. Менің жазғандарым да, жазып жүргенім де ылғи қазақ туралы. Қазақтың тарихы, бүгіні мен болашағы. Қазақтың болмысы, қазақтың қайраткерлері, қазақтың салты мен дәстүрі, мәдениеті. Осы төңіректен шыға алмаймын. Абылай нашарлап жатыр екен. Әдетте қазақ халқында көңіл сұрау деген бар ғой. Бұқар бабамыз бастап, кілең игі жақсылар келіп көңіл сұрап отыр екен. Сонда жаны ашып, қабырғасының қайысқаны ғой Бұқар жырау: «»Ей, Абылай, сенің жолыңа үш жүзден үш кісіні құрбан шалсам жаның қаоар ма екен депті. Не деген сөз! Не деген бағалау! Сонда сұрайды: «не арманың бар?!» деп. Сонда Абылай: «қала салсам деп едім, сала алмадым, үш жүздің басын қоссам деп едім, қоса алмадым, жер-жерде босып жүрген халқымның басын біріктіріп, ел етсем деп едім, оны да ете алмадым, бұл менің келешекке аманатым» деген екен. Ел етсем деп отырғаны ел деген мемлекет деген сөз. Сол аманатты Елбасы орындады! Қала салды, үш жүздің басын қосты, іргелі мемлекет орнатты. Сол Абылайдың аманатын 300 жылдан кейін Назарбаев орындап отыр.
– Аллаға шүкір, армандарымызға жеттік. Абылайдың да, ата-бабамыздың да сан ғасырлық арманы орындалды. Мен сіздің мемлекет және қоғам қайраткері ретінде ендігі арманыңызды білгім келеді...
– Арман шексіз дүние ғой. Мен арманым – қазақ халқының басына енді бұлт үйірілмесе екен деймін. Қазақ халқы аз жылаған жоқ. Алла енді біздерді жылатпаса екен деймін. Осы алған бетінен, «Нұрлы жолынан» таймаса екен деймін. Біздің ұрпағымыз әлемдегі, жер бетіндегі тіршілік еткен халықтың ең бақыттысы болса екен деп армандаймын. Қазақ халқын қиындықтардан аман алып келе жатқан, аштыққа ұрындырмай, бәле-жаладан сақтап келе жатқан Елбасымыз аман болсын! Есейген еліміз, еңселі еріміз аман болсын!
– Айтқаныңыз келсін! Әңгімеңізге рахмет!
P/S: Тарихты халық қана емес, ұлы адамдар да жасайды. Ұлы адамдарды бұл дүниеге ана әкелгенімен, олар ержете, есейе келе тарихи қажеттіліктерді басқалардан гөрі айқын сезінеді, оларды уақытында іске асыру үшін күштерді дұрыс ұйымдастыра біледі, қиын сәттерден, қарсы күштерден қалай шығуды дөп басады, оларға басшылық етеді. Басшы басқарған ел – ең бай мемлекет, халқы ең бақытты халық. Қазақстанның еңсесін көтеріп, тәуелсіздік жолымен алып жүру міндеті Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайына жазылды. Бұл жолда да тәуелсіздікті тәу ететін, шынайы демократияға ұмтылған, ұлтаралық түсіністік пен достықты өмір салты еткен, болашағына сеніммен қадам басқан қазақстандықтардың символына айнала білді. Сондықтан, әрбір қазақ Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлеп, қолдай білуі – үлкен парыздың жүгі...
Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа