Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Нобель сыйлығын иеленген И.Буниннің «Зұлматты күн...

19.04.2018 8998

Нобель сыйлығын иеленген И.Буниннің «Зұлматты күндер» шығармасы

Нобель сыйлығын иеленген И.Буниннің «Зұлматты  күндер» шығармасы  - adebiportal.kz

Әлем әдебиетінің жауһар туындыларын қазақ тіліне аударған жазушылар кемде кем. Сол аудармашылардың ішінде Марал Хасеннің орны бөлек. Себебі көрнекті жазушымыз әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген авторлардың шығармашаларын ана тілімізде сөйлете білді.

Алдағы уақытта «Әдебиет порталы» М.Хасеннің аудармаларын оқырман қауымға сериялы түрде ұсынып отырады. Алғашқы туынды – әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Иван Буниннің «Зұлматты күндер» шығармасы.

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ

Иван БУНИН

БУНИН Иван Алексеевич (1870-1953), орыс жазушысы. Лирикада классикалық дәстүрлерді жалғастырды («Қоңыр күз» жинағы, 1901), әңгімелер мен повестерінде дворяндық мекенжайлардың жүдеубас тартуын, деревняның ауыр тіршілігін («Деревня», 1910, «Кебір аңғар», 1911), буржуазияның рухани бос кеуделілігін көрсетті («Сан-Францискодан шыққан мырза», 1915). Махаббат жайлы шиеленіскен драмалы новеллалар («Митяның махаббаты», 1925, «Қараңғы саяжолдар», 1943) дүниеге келді. «Арсеньевтің өмірі» романы, Мемуарлары 1930 ж. жарық көрді. Г. Лонгфеллоның «Гайавата жайлы дастанын» (1896) аударған.

1920 жылы эмиграцияға кетіп қалады. Эмиграцияға кетер алдындағы күнделіктерінен «Зұлматты күндер» деп аталатын естелігі қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр. 1933 жылы оған орыс жазушыларының арасында тұңғыш рет Нобель сыйлығы берілді. Ол «Толстойдың азат етілуі» (Париж), «Естеліктер» (Париж), деген кітаптардың авторы. Бунин – шағын повестердің, әңгіме, новелланың шебері, нәзік стилист, өткір тілді қаламгер.

Ал қаламгердің бейнесі толықтау болуы үшін атақты жазушы Константин Паустовскийдің ол жайлы айтқан мына бір пікірлерін де келтіре кетпей болмайды:

...Бұл Ресейден баз-базда алды-артыңа қарамастан безе қашқың келетін. Бірақ оған кім көрінген бата алмаған. Бунин де өзінің бірден-бір сүйікті елінен кетті. Ғажап тәкаппар және қатал адам, ол өзінің соңғы тынысына дейін Ресей деп қайғы-қасірет шегіп, Париж бен Грастың бөгде түндерінде жасырын көз жастарын көп төккен. Өзін-өзі Отанынан өз еркімен қуған адамның жастарын төккен.

...Кеңес жазушыларының ІІ съезі «Бунин орыс әдебиетіне қайтарылуы керек» деген сөздерді ду қол шапалақтаумен қарсы алды. Сөйтіп ол қайтарылды. Отанға Буниннің аса құнды шығармалары, олардың ішінде «Арсеньевтің өмірі» де қайтарылды.

...Буниннің прозасы мен поэзиясында өмірде негізінде адамның туғанынан өлгенге дейінгі аралықтағы ғажайып жол санатындағы сезіну айқын көрінеді. Ол – таза, егер бейнелеп айтса, поэзияның кастальялық мектебінің ұлы өкілі. Оның өлеңдері әлі күнге дейін тиісті бағасын алған жоқ.

...Бунин аса күрделі, кейде қарама-қайшы ғұмыр кешті. Ол көп көрді және білді, көп сүйді және жек көрді, көп еңбек етті, кейде қатты шатасты да, бірақ бұл өмірдегі ең ұлы, ең маңызды, мызғымайтын махаббаты туған елі – Ресей болып қалды.

Марал ХАСЕН

ЗҰЛМАТТЫ КҮНДЕР

Мәскеу, 1918 ж.

1 қаңтар (ескі стиль).

Лағынет соққан мына жыл да аяқталды-ау... Бірақ алда не болмақ? Бәлкім, бұдан да әрман үрейлі болатын шығар. Тіпті солай болар.

Ал айналаң таңғаларлық дүние: елдің бәрі дерлік неге екені белгісіз керемет көңілді – көшеден кімді көрсең, беттері бал-бұл жанады:

– Әкетай, жетер енді! Екі-үш аптадан кейін өзіңіз де аптығыңызды басарсыз...

Ширақ түрде, көңілді нәзіктікпен (мендей ақымақты аяған сезіммен) қолымды қысады да, әрі қарай жөнеп кете барады.

Міне, және сондай кездесу – «Русские Ведомостидегі» Сперанский жолықты. Одан кейін Мерзляков орамынан бір кемпірді ұшырастырдым. Тоқтады, дірілдеген қолдарымен балдағына сүйенді де, жылап қоя берді:

– Әкетайым-ай, сен мені қарауыңа ала көрші! Біз енді қайда барамыз? Ресей құрыды, он үш жылға құрыды десіп жатыр!

7 қаңтар

«Жазушылар кітап баспасының» отырысына қатысып едім, жасындай жаңалық жарқ ете түсті: «Құрылтай жиналысын» тас-талқан етіпті!

Брюсов жайлы: барған сайын солшылдар жаққа ойысып барады, «деген порымды большевик» дерсің. Таңғаларлығы жоқ. 1904 жылы патшаның шексіз билігін асқақтатты, дереу Константинопольді басып алуды (тура Тютчев сияқты!) талап етті. 1905-те Горькийдің «Күресінде» «Қанжарымен» шыға келді. Немістермен соғыс басталғаннан бері аттан-патриотқа айналды. Енді міне – большевик.

5 ақпан.

Бірінші ақпаннан былай қарай жаңа стильмен жүруге бұйрық болды. Ендеше оларша алғанда бүгін ендігі он сегізі.

Кеше «Среданың» жиналысында болдым. «Жастар» көп келді. Маяковский, жалпы алғанда, өзін айтарлықтай байыпты ұстады, бірақ әлдебір арсыз тәуелсіздікпен, төтеден соғар пікірлерін көлденеңдете берді. Өзі, неге екені белгісіз, пенжегінің жағасы көтерілген, жұмсақ жейде киіп алыпты, әдетте сиықсыз нөмірлерде тұратын, таң атқанда зәрханаға баратын шала қырынған әлдебіреулер тәрізді.

Эренбург, Вера Инбер өлеңдерін оқыды. Саша Койранский олар жайлы былай деп соқты:

Завывает Эренбург,

Жадно ловит Инбер клич его,

Ни Москва, ни Петербург

Не заменят им Бердичева

(Тәржімашыдан: И.А. Буниннің өлеңдері ілгеріде де кездесіп отырады. Мұндай алып ақынның поэзиясына менің тісім батпайды, сондықтан оның дүниелерін түпнұсқада бергенді жөн көрдім – әрі мына күнделіктердің оқырмандары орысшаға жүйрік қой. М.Х.)

6 ақпан.

Гәзиттер немістер бастаған шабуылды жазып, шулап жатыр. Бәрі де: «Ех, солай болса ғой!» десуде.

Лубянкаға бардық. Ойдым-ойдым митингілер. Қаракөл дөңгелек жағасы бар пәлте киген әлдебір жиренбас, жаңа ғана қырынып опаланған жағын және бұйра жирен қастарын қозғалақтатып, алтын тістермен сықитып тастаған ауызын ашып-жауып, тура мәтін оқығандай, бұрынғы биліктің әділетсіздіктері жайлы жай ғана баяндап тұр. Оған бадыраңкөз, таңқытанау мырза едіреңдей қарсыласуда. Әйелдер болса, жөн-жосықсыз әлгі жиренбас айтқандай, табанды текетіреске әредік қызу кірісіп кетіп, өздерінің жеке тіршіліктерін көлденеңдетіп, не болып жатқанын шайтан да білмес жағдаятқа тіреліп жатқанын алға тартуда. Бірнеше солдат, шамасы, ештеңе де ұқпай тұр-ау деймін, бірақ, әдеттегідей, әлденеге (әлде бәріне де ме) күмәнданған сыңайда бастарын шайқап қояды.

Жақтары бозарып, ісініп кеткен, сақалы шошайған қарт мұжық жақындап келді, сақалын күні бойы айтылғанды тыңдап тұрған екі мырзаның жеңдерінің арасынан сұқты да, ештеңе түсінбесе де, ешкімге сенбесе де, мұқият тыңдай бастады. Ұзын бойлы көккөз жұмысшы мен қолдарында күнбағыстары бар екі солдат та тақалды. Жұмысшының бет-бейнесінде көңілді де кекесінді менсінбеушілік пайда болды: мен жай ғана кідірдім, өйткені елдің не оттайтынын бұрыннан білемін деген сыңай танытты.

Бір бикеш нансыз қалғандығы туралы арызын асығыс айтуда – бұрындары мектебі болған екен, енді оқушы қыздардың бәрін қоя беріпті, себебі оларға беретін тамағы жоқ:

– Осы большевиктерден кімнің көсегесі көгерді? Елдің бәрі тозып кетті, алдымен халыққа қиын соқты!

Оның үстінен кимелеп, әлдебір әлем-жәлем боянған салдақы килікті – осыдан немістер келсе, бәріңнің де істегендерің үшін көкелеріңе көрістіреді деп көкіді.

– Немістер келерден бұрын біз бәріңді бауыздап тастаймыз, – деді жұмысшы салқын ғана, сөйтті де, жөніне кетті.

Солдаттар: «Міне, дұрысы осы!» деп мақұлдады да, олар да жайына жөнелді.

Жұмысшы мен прапорщик керісіп жатқан өзге жердегі әңгіменің төркіні де осындай болды. Прапорщик қисындамалатып сөйлеп, жұмсақтаса да, жұмысшы едіреңдеуін, қояр емес:

– Сендер бар ғой, сөзді азайтыңдар, білдің бе? Халықтың ішіне іріткі салғанды доғарыңдар!

К. кеше оларда Р.-дың тағы болғанын айтады. Төрт сағат бойына отырып, үстелде жатқан, магнит толқындары жайлы біреуден қалған кітапшаны мағына бермей аударыстырумен болды, содан оларға берілген шайды ішіп, нанды жеп алды дейді. Ол өзі болмысында арсыз емес, жуас та тыныш пенде-тін, енді келіп қожайындарына селт етпестен олардың бар тамақтарын жеп алатынды шығарды. Адамның азуы оп-оңай екен!

Блок ашық түрде большевиктерге қосылды. Коганға (П.С.) өліп-талған мақала шығарыпты. Мен әлі оны оқығаным жоқ, бірақ онда не айтылғанын жобалап Эренбургке жеткізіп едім, тұп-тура сондай болып шығыпты. Жалпы, белгілі әуен ғой, ал Блогыңыз ақымақ адам.

Горькийдің «Новая Жизнь»-інен:

«Бүгінгі күннен бастап, халық комиссарларының ерлігі мен революциялық абыройы былай тұрсын, тіпті қарапайым адалдығы турасында сөз қозғауға болмайтындығы кез келген пендеге аян болмақ. Біздің алдымызда өз мүдделері үшін, өлім алдындағы патшаның шексіз билігінің жанталасын бірер аптаға соза тұру үшін ресейлік пролетариаттың мүдделерін сатқан, оның атынан Романовтардың бос қалған тағында ойран салып, Отан мен революцияның мүдделерін ұятсыздықпен сатуға әзір тұрған содырлардың тобыры тұр».

«Власть Народа»-дан:

«Жұмысшы депутаттар Кеңесінде жауап алу кезінде қамауға алынғандарды сабау жағдаяттары дәйім қайталана беретіндіктен Халық Комиссарлары Кеңесінен осындай аюандық іс-әрекеттердің алдын алуын өтінеміз...» Бұл – Боровичиден келіп түскен шағым.

«Русское Слова»-дан:

Покровск селосындағы тамбовтық мұжықтар хаттама құрастырыпты: «Біз, қоғам, 30-ыншы қаңтар күні екі жыртқыштың, өзіміздің азаматтарымыз Никита Александрович Булкин мен Адриан Александрович Кудиновтың соңына түстік. Біздің қоғамымыздың пәтуасы бойынша, олар қолға түсірілгеннен кейінгі сол сәтте өлтірілді».

Осының ізінше әлгі «қоғам» қылмысқа деген жазалар жайлы «заңдар жинағын» жасап шығарыпты:

– Егер біреу біреуді соғып қалса, онда жәбірленуші қиянат көрсетушіні он рет соғуы тиіс;

– Егер біреу біреуді ұрып жараласа, әйтпесе сүйегін сындырса, онда жәбірлеуші өлтірілсін;

– Егер біреу ұрлық жасаса яки ұрланғанды қабылдап алса, онда ол өлтірілсін;

– Егер біреу өрт қойып ұсталса, онда ол өлтірілсін.

Көп ұзамай екі ұры «жұмыс істінде» ұсталыпты. Оларды сол сәтте «соттап» өлім жазасына бұйырған. Әуелі біреуін өлтірген: басын безбенмен жарып, бүйіріне айыр тыққан, сонсоң өлі күйінде тырдай жалаңаш шешіндіріп өткінші жолға тастаған. Содан екіншісіне қол салған...

Бүгінде мұндайды күн сайын оқитын болдық.

Петровкада монахтар мұз ойып жатады. Әрлі-берлі өткендер рахаттанады, келеке етеді:

– Ә! Қуып шықты ма? Енді, бауырым, сөйтеді!

Поварская көшесіндегі бір үйдің ауласында тері күрте киген солдат отын жарып жатады. Өтіп бара жатқан мұжық ұзақ уақыт қарап тұрады, сонсоң басын шайқап, күйіне былай дейді:

– Е, саған сол керек! Ал, қашаған. Саған сол керек! Құрыдың ба, о Ресей!

7 ақпан.

«Власть Народа» гәзитіндегі бас мақала: «Қатерлі сағат туды – Ресей мен Революция өлім ауызында! Бәріміз де жақында ғана күллі әлемге нұрын шашқан революцияны қорғауға дүр көтерілейік!» – Ол қашан шашып еді, көрсоқырлар-ау?

«Русское Слово»: «Штаб бастығы генерал Янушкевич қаза тапты. Ол Черниговте тұтқындалып, жергілікті революциялық трибуналдың бұйрығына сай оны Петроградтағы Петропавл қамалына отырғызуға әкеле жатты. Жолда оны екі қызылгвардияшы күзеткен. Пойыз түнде Оребеж стансасына жақындап қалғанда күзетшілердің бірі оны төрт оқ атып өлтірген».

Әлі қыстағыдай жарқ-жұрқ еткен қар жатыр, бірақ аспан бұлт буларының арасынан көктемгі шақтағыдай айқын көгеріп тұр.

Страстная алаңында Яворскаяның бенефисі жайлы жарнама іліп жатты. Қызғылт-жирен дәу қатын долдана:

– Ана қарашы жапсыруларын! Ал қабырғаларды кім жумақ? Буржуйлар болса, театр аралайды. Ал мына біз өйтпейміз. Немістер келеді деп күнде қорқытады, өздері келмей қойды ғой, түге!

Тверск желекжолында көзіне тосар ілген, солдаттың бөркін, жирен түсті пүліш жекет, жыртық белдемше, зәрең кетерлік кәлөш киген бикеш келе жатты.

Қаптаған әйелдер, курстардың оқушы қыздары және офицерлер бұрыш-бұрышта әлекей-шүлекейлерді сатып әлектенуде.

Трамвайдың вагонына жас офицер кірді де, қызараңдап «өкінішке орай билетке төлей алмайтындығын» айтты.

Кешқұрым. Қызыл алаңда еңкейген күннің сәулесі көз қарықтырады, айнадай жарқыраған қар бүркіп тұр. Аяз білінеді. Кремльге кірдік. Аспанда ай және қызғылт бұлттар көрінеді. Тыныштық, омбы қардың дәу үйінділері. Артиллериялық қойманың жанында тұлып киген, бет-ауызын тура ағаштан ойып жасағандай әлдебір солдат пималарын сықырлатып секиіп тұр. Тап қазір осы күзеттің түкке керегі жоқ сияқты.

Кремльден шығып едік – өрекпіген дауыспен балақайлар бақыра жүгіріп келеді:

– Неміс әскерлері Могилевті алыпты!

8 ақпан.

Андрей (бауырым Юлийдің малайы) таза құтырынып барады, тіпті айтарға қорқынышты.

Қызмет еткеніне жиырма жылға жуықтап қалды, әрі бізге әманда жадағай, жайлы, ақылды, сыпайы, жүрекжарды болатын. Енді тура есінен ауып қалғандай. Әлі де ұқыпты қызмет көрсетеді, бірақ онысына өзін күштейтіні байқалады, әңгімелесуден қашқақтайды, ызадан тұла бойы дірілдейді, ал үнсіздігіне ие болмай қалғанда беталды бірдеңені соғып тұратынды шығарды.

Бүгін таңертең біз Юлийдікінде отырғанымызда, Н.Н. әдеттегідей бәрі бітті, Ресей шыңырауға құлады дегенді алға тартты. Үстелге ыдыс-аяқ қойып жатқан Андрейдің кенет қолдары ербеңдеп, бет-ауызы жанып кетті:

– Иә, иә, құлады, құлады! Ал сонда кінәлі кімдер? Буржуазия! Енді оны қалай қасаптайтынын әлі-ақ көресіздер! Сонда өз генералдарыңыз Алексеевті (1917 ж. орыс әскерлерінің бас қолбасшысы. – Ауд.) естеріңізге аласыздар! – деді ентіге.

Юлий сауал қойды:

– Андрей, тым болмаса жөнін айтыңызшы, сіз оны елдің бәрінен әрман неге жеккөресіз, осы?

Андрей бізге көз тастамастан күбірге көшті:

– Менің еш түсіндірерім жоқ... Сіздер өздеріңіз түсінуге тиістісіздер...

– Бірақ сіз осыдан бір апта бұрын ғана оны таудай қорғап едіңіз ғой. Не болып қалды?

– Не болды? Шыдай тұрыңыздар, түсінесіздер...

Д. келді – Симферопольдан қашып кетіпті. Онда «суреттеуге тіл жетпейтін сұмдық», солдаттар мен жұмысшылар «тура тізеден қан кешіп жүр» дейді. Әлдебір қарт полковникті паровоздың оттығына тірідей салып жіберген.

9 ақпан.

Кеше Б.-нікінде болдық. Бірқыдыру халық жиналыпты – және бәрі де бір дауыспен: немістер, Құдайға шүкір, біртіндеп жақындап келеді. Смоленск мен Бологоені алыпты.

Таңертең қалаға бардым.

Жақындап келіп, құлақ түрдім. Қолында жеңқабы бар бикеш пен танауы делдиген қатын. Бикеш аптыға сөйлейді, толқығаннан қызарақтап, шатасып жатыр.

– Бұл мен үшін құр тас емес, – дейді бикеш безектеп, – бұл монастырь мен үшін қасиетті шіркеу, ал сіз болсаңыз өзгеше дәлелдеуге тырысасыз...

– Маған тырысудың қажеті де жоқ, – деп бетсіздікпен киліге кетті ана қатын, – ол сен үшін қасиетті шығар, ал бізге тасқа қаланған тас қана! Білеміз біз де! Владимирде не болғанын көріп пе едің? Бояушы тақтайды алды да, сылай салды, міне, сенің Құдайың. Бар, оныңа өзің бар да, құлдық ұра бер.

– Бұдан кейін менің сізбен сөйлескім келмейді.

– Сөйлеспесең әрман әрі!

Жағында ақ қылтығы бар сары тісті шал жұмысшымен керісіп тұр:

– Сендерде, әрине, Құдай да, ұят та, дәнеңе де қалған жоқ, – дейді ол.

– Иә, қалған жоқ.

– Сендер бесі күні бейбіт жұртты атқыладыңдар.

– Ана қарашы! Ал сендер үш жүз жыл бойына атқылағандарың қайда қалмақ?

Тверск алаңында күміс көзілдірік киген, қара папахалы, өң-түссіз қарт генерал бірдеңе сатып тұр, сұлбасы тура қайыршы сияқты солғын-ақ...

Елдің бәрі сонша қалай тез арада рухы түсіп, жүнжіп кеткен, ә!

Баршамызды құтқаруға келе жатқан поляктардың қайдағы бір легиондары жайлы сыбыс шығады. Айтқандайын, – неге тура «легионның» өзі? Өңкей қаптап кеткен кеудемсоқ та соны сөздер! Қайда барсаң ойын-сауық, айқай-шу, «биік» стиль, көлкіген өтірік...

Кремльге бекінген барлық иттің көтіндей шулаған мықтыбайлардың әйелдері бұл күнде әрқилы тікелей желілерде тура үйлеріндегі телефондарындай сөйлеседі.

10 ақпан.

«Бейбіт тірлік, бейбіт тірлік, ал сол бейбіт тірлік ғайып болған. Менің халқымның арасында күнәһарлар баршылық; құс аулаушылар сиқатты жер бауырлап жатып тор құрып, пенделерді аулайды. Сөйтіп Менің халқым осыны жөн көреді. Тыңдағын, жер: міне, Мен халыққа өз ойының жемісі – осынау бейнетті ажалды ала келемін».

Бұл – Иеремиядан үзінді, – ұзақты таңға інжілді оқумен болдым. Керемет. Әсіресе, мына жері: «Сөйтіп Менің халқым осыны жөн көреді... міне, Мен халыққа өз ойының жемісі – осынау бейнетті ажалды ала келемін».

Сонсоң Горькийдің «Парус» кітап баспасына арнаған өз «Деревнямның» корректурасын оқыдым. Шайтанның мені осынау мекемемен шатастыруын қарашы! Ал «Деревня» десе дағы ғажайып дүние. Бірақ оған Ресейді білетіндердің қолы ғана жетеді. Ал оны кім біледі?

Одан 16 жылдағы өз өлеңдерімді (тағы да «Парус» үшін) қарастырдым.

Хозяин умер, дом забит,

Цветет на стеклах купорос,

Сарай крапивою зарос,

Варок, давно пустой, раскрыт,

И по хлевам чадит навоз..

Жара, страда... Куда летит

Через усадьбу шалый пес?

Мен мұны 16 жылдың жазында, Васильевскіде отырғанда, шамасы, деревняда тұрғандардың халыққа жақын тұрғанда, сол күндері алдын ала сезілгенді бажайлай отырғанда жазып едім.

Өткен жылдың жазында осының бәрі толықтай көз алдымыздан өтті:

Вот рожь горит, зерно течет,

А кто же будет жать, вязать?

Вот дым валит, набат гудет,

Да кто ж решится заливать?

Вот встанет бес новатых рать

И как Мамай всю Русь пройдет...

Осы күнге дейін түсінбеймін – біз қалайша 17 жылдың жазында деревняда бас көтермей отыруға бел буып, әрі біздің басымыз қалай, неге сау қалған.

«Орыс революциясын еш риясыз, әділ тексеріп, түсінетін уақыт әлі туа қойған жоқ...» Мұндайды енді минөт сайын еститін болдық. Әділ де риясыз! Бірақ деген еш риясыздық пен әділдік ешқашанда орнықпайды. Ал ең бастысы: біздің әділетсіздігіміз болашақ тарихшы үшін өте, өте қиыншылыққа түседі ғой. Тек қана «революцияшыл халықтың» «ынтызарлығы» ғана маңызды ма? Сонда біз не – адам емеспіз бе?

Кешкісін «Среда»-да болдым. Ауслендер әлдебір мүсәпір дүниесін – Оскар Уайльдке еліктеген бе, қалай? – оқыды. Өзі тұла бойы семіп қалған, кепкен жанарындағы алтын сәуле сия бояуындай жылтылдайды.

Немістер, әдеттегі соғыстай шайқасып, жаулап алып емес, Петерборды иелену үшін «жай ғана темір жолмен келе жатқан көрінеді». Ал мұныңыз артық-кемі жоқ 48 сағаттың жобасында жүзеге асады-мыс.

«Известияларда» «Кеңестерді» Кутузовпен теңгерген мақала жүр. Бұлардан әрман кәззаптарды ғалам көрмесе керек.

14 ақпан.

Жылы қар бүркеп тұр.

Трамвайда тура тозақтың өзі, қап сүйреткен солдаттар бұлтша қаптаған – олар өздерін Петерборды немістен қорғауға жібереді деп қорқып Мәскеуден қашып жатыр.

Елдің бәрі немістердің Ресейді жаулауы ендігі басталды дегенге ден қойған. Бұл жайлы халық та айтып жатыр: «Міне, енді неміс келеді, тәртіп орнатады».

Әдеттегідей кинематографтардың маңайында жарнамаларды жанталаса қарастырып жатқан халық масқара көп. Кеш сайын кинематографтарды таза кернеп кетеді. Осыдан қыс бойына солай.

Никитинск Қақпаларының алдында арбакеш автокөлікпен соқтығысып қалып қанатын майыстырып жіберді. Еңгезердей жиренсақал арбакеш таза аңтарылып қалды:

– Құдай ақына кешіре көріңіз, аяғыңызға жығылайын! Төртбақ, қорасан бет шопыр түсін суытып еді, бірақ райынан қайтты:

– Аяққа жығылып қайтесің? Сен де мен сияқты жұмысшы пендесің. Бірақ байқа, екіншілей менің қолыма түсіп қалып жүрме!

Өзін бастық сезініп тұр, әрі онысы тегіннен емес. Жаңа мырзалар ғой.

Гәзиттер ақ бағаналармен шығып жатыр – цензура. Муралов (Мәскеуді қорғаған генерал. – Ауд.) Мәскеуді тастап шығыпты.

«Праганың» қасында тұрған кіреші көңілді, әрі сақ-сақ күледі:

– Несі бар, келсе келсін. Ана немісіңіз бұрындары да біздің ішімізге сан кірген. Ол ана жақта ең басты отыз жебірейді тұтқындапты деседі. Ал бізге не? Біз қараңғы халықпыз. Біреуіне «қозғал» десе, қалғанымыз әлгінің соңынан шаба жөнелеміз.

15 ақпан.

Немістер Петерборды ендігі басып алыпты деген кешегі кешкісінгі хабарлардан кейін гәзиттер мына болмыстан таза түңіліп қалған сыңайлы. Сол баяғы «немістік ақгвардияшыларға қарсы күреске бір кісідей көтерілейік» деген ұрандар ғана.

Луначарский тіпті гимназияшыларды да «Гиденбургпен күресуге» қызыл гвардияға жазылуға үндеп жатыр.

Сонымен біз немістерге миллиондаған зеңбіректер, броневикетер, пойыздар мен снарядтарға 35 губерниямызды береміз...

Жылы қар тағы да себездеп тұр. Гимназияшы қыздар сол қардың астында келе жатыр – қуаныш пен сұлулық. Әсіресе, әнебіреуі ғажайып екен – бетіне қарай көтерген үлбір жеңқабының астынан көкпеңбек көздері нұр жайнайды... Ал осынау жастық дәуренді алда не тосып тұр?

Кешке қарай тап бір көктемдегідей айналаның бәрі күннен қызынады. Батыста – алтынға малынған бұлттар. Шалшықтар және әлі ери қоймаған әппақ та жұмсақ қар.

16 ақпан.

Кеше кешкісін Т.-нікінде отырдық. Әңгіме, әрине, баяғы бір сарында – не болып жатыр... Елдің бәрінде зәре жоқ, тек жалғыз Шмелев қана берілер емес, айғай салады:

– Жоқ, мен орыс халқына сенемін!

Бүгін таңертеңгілік қаланы көп араладым. Өтіп бара жатқан екі солдаттың әңгімесі көтеріңкі, әрі көңілді:

– Мәскеу, бауырым, ендігі ... де тұрмайды.

– Ендігі провинцияң да ... де тұрмайды.

– Міне, енді неміс келеді, тәртіп орнатады.

– Әрине. Ал бізге бәрібір билік жоқ. Қайда барсаң, өңкей мүйізділер.

– Ал сол мүйізділер болмаса, мына біз екеуіміз окопта шіріп жатар едік қой...

Беловтың дүкенінде әбден тойынған, масаң жас солдат елу пұт сарымайды ұсынады, өзі әңгірлеп тұр:

– Біздің енді қымсынатын ештеңеміз жоқ. Әне, біздің қазіргі бас қолбасшымыз Муралов та мына мен сияқты солдаттай, жақында патшаның жиырма мыңдық алтын ақшасын ішіп қойыпты.

Жиырма мың! Бәлкім, сұмырайлық қияли ойдың туындысы шығар. Бірақ, шайтан алсын соныңды, – мүмкін шын да болар.

Сағат төртте Көркемөнер Үйірмесінде журналистердің жиналысы басталды – «большевиктік цензураға қарсылық білдіруді қалыптастыру». Мельгунов (орыс тарихшысы және публицисі. – Ауд.) төрағалық етті. Кускова (публицист, «экономизмнің» идеологы. – Ауд.) қарсылық ретінде гәзиттерді мүлде шығармай қоюға шақырды. Ойпырмай, большевиктер соныңнан қорқа қояды деген! Сонсоң бірін бірі мүлде бітуге жақын қалды деп қызу сендіріп жатты – әлден Мәскеуден отбасыларын алып кетіп жатқан көрінеді. Мәселеңки, Фриче ендігі алып кетіпті.

Саликовский жайлы айтып жатты:

– Оу, сендер тек ойлаңдаршы! Қайдағы бір сұмпайы журналист еді, енді мына күлкің келетін Раданы қара – Саликовский Киевтің генерал-губернаторы болып шыға келген!

Чириковпен бірге қайттым. Онда деген үр жаңа әрі дәлме-дәл мәліметтер: генерал Каменев атылып өліпті; Поварскаяға немістердің бас штабы орын теуіпті; онда тұру өте қауіпті, сондықтан ең қайнаған шайқас осы жерде болады; большевиктер монархистермен және белді көпестермен тіл табысуға ұмтылуда; Мирбахпен (герм. дипломаты, 1918 ж. солшыл эсер Блюмкиннің қолынан қаза тапқан. – Ауд.) келісім бойынша, патшалыққа Самаринді (Қасиетті Синодтың обер-прокуроры. – Ауд.) сайлау шешіліпті... Сонда ең қайнаған шайқас кіммен болмақ?

Түнде.

Чириковпен қоштасқанда Поварская тыртық, жалба-жұлба, жексұрын, өзі өле мас жап-жас солдатты ұшырастырдым. Тұмсығымен кеудемді нұқып қалып, қиқалақтап кейін шегінді, бетіме бір түкірді де:

– О жауыз, иттің баласы! – деді.

Енді міне, өз қолжазбаларымды, қилы қағаздарымды аударыстырып отырмын – оңтүстікке әзірленетін кез келді, – сөйтіп, өзімнің «жауыздығымның» қайсыбір дәлелдемелерін таптым. Міне 15 жылдың 22 ақпанындағы жазба:

– Біздің қызметші қыз Таня, шамасы, кітап оқығанды қанатты ұнатады білем. Менің жазу үстелімнің астындағы жыртылған шимай қағаздарым толтырылған кәрзеңкені алып шыққанда, кейбіреуін былай қойып, жинақтап, бос уақытында асықпай, баяу жымиып оқып отырады. Ал менен кітапша сұрауға бата алмайды, қысылады... Біз неге осынша қайырымсызбыз, жиіркенішті тіршілік кешеміз!

Міне, Васильевскідегі 16 жылдың қысы:

– Кеш артта қалған, кабинетте, ескі, жайлы орындықта, жылы да рахат жерде, тамаша ежелгі шамның қасында кітап оқып отырмын. Мария Петровна келіп, сұрғылт кір қағаздан жасалған конвертті ұсынды:

– Пұлға қоссын дейді. Халқыңыз ұяттан мүлдем безді.

Бұрынғыдай, конвертте измалковтық телеграфшының қолымен ақшыл көк сиямен: «Шабарманға жетпіс тиын төленсін» деп жазылған. Және бұрынғыдай, қарындашпен жеті цифры өрескел түрде сегізге түзетілген, оны жасайтын «шабарманның», яғни бізге ділгәрам таситын измалковтық Махоточка дейтін қатынның балақайы. Орнымнан тұрдым да, қараңғы қонақ бөлмеден және қараңғы залдан өтіп ауыз үйге бардым. Кіреберісте ағаш үй мен қой жүнінен сырған шолақ тонның иісін бұрқыратып, қырау басқан шәлісін басына оранған, қолына қамшы ұстаған келте бойлы, тәштек қатын тұр.

– Махоточка, әкелгеніңе және қостың ба? Және қосуды сұраймысың?

– Мырзам, – деп жауап қайтарды Махоточка, аяздан ағаштай сықырлаған дауысымен, – өзің жолдың қандай екенін қарашы. Ойқы-шойқы, соқпа да соқпа. Шыбын жанымды шығарды. Оның үстіне ызың қаққан аяз мынау, терден тізелерім таза сіресіп қалды. Әрі әрлі-берлі жиырма шақырым ғой...

Жақтырмай басымды шайқаймын, сонсоң Махоточкаға бір сом ұсынамын. Қонақүй арқылы қайтарда терезелерге көз тастаймын: мұздай айлы түн қарлы албарда жайнап-ақ тұр. Сол сәтте көз жетпес ашық дала, жарқыраған соқпалы жол, оған соғылып бара жатқан жайдақ шана, қырауға малынып, сұрғылт кірпіктері ағараңдаған бүйірлі кішкене ат – бәрі де алдыңа келеді... Суық пен жұлқынған желден бүрісіп, алғы бұрышқа бір уыс болып қисайып қалған Махоточка не ойлап барады екен.

Кабинетте: «Күллі Стрельнаямен бірге орыс әдебиетінің абыройы мен даңқын кеулеп ішіп жатырмыз!» деген ділгәрамды дал-дал қылып жыртып тастадым. Міне, осы шатпақты жеткізу үшін Махоточка жиырма шақырымдық соқпаларда сүмең қақты ғой...

17 ақпан.

Кеше журналистер бірауыздан шындығында немістермен бейбітшілікке қол қойылды дегенге сенбейтіндіктерін көлденең тартты.

– Елестете алмаймын, – деді А.А. Яблоновский, – Гогенцоллерн (Германияның сол кездегі кайзері ІІ Вильгельмді меңзейді. – Ауд.) мен Бронштейннің (Л.Д. Троцкий) қолдарының қатар тұрғанын көз алдыма елестете алмаймын!

Әлгінде Зубовтың (Поварскаядағы) үйінде болдым. Ол жерде Коля кітап атаулыларды сұрыптап жатты. Көктем мүлде келген, айнала қар мен күннен көкшіл көгілдір түсті қайыңдардағы бұтақтардан жайнап тұр, аспан болса айдай ашық.

Айқын күнге малынған Арбат алаңында, төрт жарымның кезінде, топ-топ халық «Вечерние Новостиді» гәзетшілердің қолдарынан жұлып алып жатыр: бейбітшілікке қол қойылыпты!

«Власть Народаға» ызбандадым: қол қойылғаны шын ба? Оларға осы әлгінде ғана «Известиядан» қоңырау соғыпты: иә, қол қойылды деген табанды жауап жетіпті.

Ал «елестете алмаймын» керек болса.

18 ақпан.

Таңертеңгілік «Жазушылардың Кітап баспасында» жиын болды. Отырыс басталғанша мен барынша сөлекет сөздермен большевиктердің сазайын тарттырдым. Клестов-Ангарский – ол әлдебір комиссар көрінеді – лә деген жоқ.

Біреулердің үйлерінің қабырғаларына Троцкий мен Лениннің немістермен байланыстары, оларды немістердің сатып алғандықтары жайлы жарнамалар жапсырып кетіпті. Клестовтан сұрадым:

– Ал ана сұмпайылар қаншадан алған сонда?

– Алаңдамаңыз, – деп жауап қайырды анау бұлдыр кекесінмен, – бірталай... Қала шу-шу етеді:

– Бейбітшілік Ресейдің тарапынан ұсынылған, немістер қол қоюдан бас тартыпты...

Өзіңді өзің ақымақтықпен жұбату.

Кешке қарай шіркеулердің крестері күңгірт қызғылт алтын түспен сәулеленіп тұрды.

19 ақпан.

Коган маған әділет комиссары Штейнберг жайлы әңгіме етті: ескіні қолдаушы, құдайға берілген жебірей, өлексенің етін жемейді, сенбіні қасиеттейді екен... Сонсоң Блок туралы: қазір Мәскеуде, жалындаған большевик, Луначарскийдің жеке хатшысы. Коганның әйелі оны үздіге қорғаштап жатыр:

– Оған ауыр пікір айтпаңдаршы! Ол мүлде сәби сияқты ғой!

Кешкі бесте Воздвиженкадағы Офицерлердің Экономикалық Қоғамы ғимаратына мас солдаттар бомба тастапты. Әлде алпыс, әлде сексен адам опат болыпты деседі.

«Азат Ресей» линкорының теңізшілері шығарған, Севостопольден бүгін жеткізілген «қарарды» оқыдым. Өте тамаша шығарма:

– Барша-баршаларыңа және Севастопольдың шеткейін еш мағынасыз, беталды атқылап жатқандарға!

– Жолдастар, мына сиықтарыңмен қолдағыларыңды атып тауысасыңдар да, шоңқиып қаласыңдар, сонда сендей көгершіндерді бостан босқа қолдарына қондыра салады.

– Жолдастар, буржуазия табыттар мен бейіттерде жатқандарды да қылғып жатыр. Ал сендер, сатқындар мен атқыштар, патрондарыңды босқа боратып, оларға қалғандарды да қылғытуға көмектесіп жатырсыңдар. Біз барлық жолдастардың бізге қосылып, ат бастылардың баршасына атуға тыйым салуға шақырамыз.

– Жолдастар, келіңдер, бүгіннен бастап былай істейік: әрбір атылған оқ бізге: «Бір буржуй, бір социалист опат болды!» дегізетіндей болсын. Біздің атқан әрбір оғымыз қойнаудың суын көпіртпей, тойынған қарынға қадалуы керек.

– Жолдастар! Патрондарыңды көздің қарашығынан әрман сақтаңдар! Бір көзбен өмір сүруге болады, ал патрондарсыз мән болмайды.

– Егер тақаудағы адам жерлеулер кезінде қала мен қойнауда атыс қайталанатын болса, онда естеріңде болсын, біз де – «Азат Ресей» линкорының теңізшілері де бірер рет тарс еткіземіз, сонда құлақтарыңның жарғақтары мен терезелеріңнің шынылары жарылып кететін болса, онда бізге өкпелемеңдер!

– Сонымен, жолдастар, енді Севастопольде бостекі, есалаң атысқа жол жоқ, атыс судың беті мен аспанға емес, тек іскерлік тұрғыда – контрреволюция мен буржуазияға тікелей бағытталатын болады, ал айдын мен аспансыз ешкім де бір сәт тірлік ете алмайды!

20 ақпан.

Николаев вокзалына барып едім.

Күніңіз жайнап, тіпті тым жайнап тұр және сәл-пәл ғана аяз. Мясницк қақпаларының ар жағындағы таудан – көкшіл сұр да, үйілген үйлер, шіркеулердің алтын күмбездері бері қарай келе жатқандай. Ех, Мәскеу! Вокзалдың алдындағы алаң еріп жатыр, бүкіл алаң алтынмен, айналармен жар-жұрқ етеді. Өңкей жәшік артқан жүк арбалардағы арбакештердің ауыр да күш көтерер қалпы мынау. Ойпырай осынша жігердің, молшылықтың біткені ме? Қаптаған мұжықтар мен көрінген қару ілген, сан түрлі шенел киген солдаттар: біреулерінің қылышы салбаңдайды, қайсыбіреулері винтовка асынған, ал және біреулері беліне дәу револьвер қыстырған... Енді мынаның бәрінің, мына таудай байлықтың иелері – осылар...

Трамвайда, әрине, сығылыс.

Екі кемпір «үкіметтің» әкесін танытып жатыр:

– Көздерің су қараңғы болғырлар, күніне бір әшмүшке қытырлақ нан береді, онысының өзі жыл бойы жатып қалған шығар, тісіңе бассаң, сасық иісі қолқаңды қабады!

Олардың қасында мұжық отыр, мақұлықша тыңдайды, оғаш, жансыз, есалаң күлкімен ырбаңдайды. Ақ маньчжуркасының кір-кір қомыттары бет-аузына жалпылдап тұр. Көздері ағарып кеткен.

Ал өзге отырғандар мен тұрғандардың ортасында зіңгіттей елдің бәрінен едәуір биік әскери адам тұр: үстінде сұр шинель, белін әлді белбеумен буып тастапты, кезінде Үшінші Александр киіп жүргендей дөңгелек әскери бөрік. Өзі де тым ірі, текті, жалт-жұлт еткен, күрекке ұқсас қоңыр сақалы анау, биялай киген қолында Інжіл ұстапты. Баршаға мүлде өгей, могикандардың соңғысы дерсің.

Қайтар жолда күнге тіке тартып бара жатқандай көше жанарыңды қарықтырады. Кенет айналадағының бәрі кілт көтеріңкіленіп, қарап тұрғандай әсер береді: тура Суриковтың картинасындағыдай ежелгі Мәскеудің бейнесі – төсемелі жолға құлап, жанталасып жатқан атын ағытып жатқан, қарабидай түстес шекпен және қызыл бөрік киген мұжықты қоршап алған келте тонды қатындар мен еркектер; әлгі ат қаққанда сабан үйген жайдақ шаналардың тертелерін айналдырып жіберіпті. Мұжық бар дауысымен бақырып жатыр: «Жігіттер, көмектесіңдерші!» бірақ, ешкім де қозғалмайды.

Сағат алтыда шықтық. М.-ны кездестірдік. Кремльді миналап жатыр, немістер келгенде жаратын көрінеді дегенді әлгінде ғана естідім деді. Мен осы кезде Кремльдің заңғарындағы ғажайып жасыл аспанға, оның бағзы заманғы күмбездеріндегі ертедегі алтынға қарап тұрғам... Ұлы княздер, әдемі үйлер, Ормандағы Спас, Архангельск шіркеуі – жаныңа жақын осынау дүниелерді енді ғана терең түсінгендейсің, сезінгендейсің! Соларды жара ма? Бәрі де мүмкін. Қазір бәрі де ғажап емес.

Сыбыс шықты: екі аптадан кейін монархия және құрамында Адрианов, Сандецкий, Мищенко бар үкімет орнайды; ең жақсы мейманханалар немістерге әзірлендіріліп жатқан көрінеді.

Эсерлер жанжал шығарайын деп жатыр деседі. Солдаттар солардың жағында көрінеді.

21 ақпан.

Каменская келіп кетті. Оларды да жүздеген өзгелер секілді шығарып жатқан көрінеді. Небәрі 48 сағат қана уақыт берілген, ал олардың пәтерін бір аптада да жинастыра алмайсың.

Сперанскийді жолықтырдым. «Русское Ведомостидің» ақпарларына қарағанда, Петерборға осындағы неміс тұрғындарына келтірілген зиян-кесірдің көлемін есептеу үшін неміс комиссиясы келетін болыпты және мұнда неміс полициясы құрылыпты; Мәскеуде де сөйтеді, ендігі неміс штабы орнығыпты; Ленин Мәскеуде, Кремльде отырған көрінеді, сондықтан Кремльді қоршауда тұр деп жарияланыпты дейді.

22 ақпан.

Таңертең мұңлы шаруаға кірістік: кітаптарды қайсысын қалдырамыз, қайсысын сатамыз деп екшелеп жатырмыз (кетерлікке ақша жинаудамын).

Юлийге «Власть Народадан» «ең айқын мәліметтер беріліпті»: Петербор еркін қала деп жарияланыпты; қаланың бастықтығына Луначарский тағайындалмақ. (Қаланың бастығы Луначарский!) Сонсоң: ертең мәскеулік банкілер немістерге берілмек; немістердің шабуылы жалғасуда... Тура сайтанның өзі сирағын сындырарлық жайт!

Кешкісін Үлкен театрға бардым. Көшелер, қашандағы қазіргідей, қараңғылыққа малынған, бірақ театр алдындағы алаңдарда біраз панарлар бар, ал одан аспанның түнегі тіпті қоюлана түскендей. Театрдың кіреберісі қайғылы да кісі көмердегідей күй көрсетеді, бұрындарғы күймелер мен автокөліктер ендігі жоқ. Іші бос дерлік, тек кейбір ложаларда жұрт отыр. Қоңыр тазы бар, жақтарындағы ақшыл сақалын қырған және алтын көзілдірік ілген әлдебір жебірей бөгетке отырып алған қара қошқарға ұқсас көк көйлекті қызын көтенге сабалап отырды. Бұл «эмиссарлардың» бірі көрінеді десті.

Театрдан шыққанымызда бағаналар тізбегінің арасынан қараңғы да көгілдір аспан, екі-үш тұманды көк жұлдыздар ғана көрінді, күрт салқын жел есіп тұрды. Көлікке міну де қорқынышты. Никитинская көшесінде жарық жоқ, көрдегідей қараңғы, қара үйлер күңгірт жасыл аспанда жаңаша үлкейіп, едірейісіп тұр. Өткіншілер жоқ дерлік, ал әрлі-берлі жүргендер жүгіре басып барады.

Орта ғасырларыңыз қайда! Онда ел-жұрт тым құрыса қаруланған болатын, үйлерге кіру мүмкін емес-тін...

Поварская мен Мерзляковский көшелерінің қиылысында мылтық асынған екі солдат тұр. Күзетшілер ме, әлде тонаушылар ма? Олай да, бұлай да болуы кәдік.

23 ақпан.

«Буржуазиялық гәзиттер» тағы да аңқиған бос орындармен шыға бастады.

К.-ні кездестірдік. «Бірер күннен кейін немістер Мәскеуге жетеді. Бірақ зәрең ұшады: орыстарды одақтастарға қарсы майданға айдайтын көрінеді». Иә, бәз-баяғы әңгіме. Сол баяғы үрейлі, мазасыз күй кешу, шешімін таппай қойған тосу да тосу.

Бәріміз де қайда кететінімізді талқылаудамыз. Кешкісін Юлийдікінде болдым, үйге қайтып келе жатып, атысқа килігіп қалдым. Поварскаяның жоғарғы жағындағы бір жерде винтовкаларды жындана гүрсілдетіп жатты.

П.-нікінде еден жуушылар жүр екен. Бірі бүгіліп қалған, қызыл күрең жейде киген майлы қара шашты, екіншісі шұбар бет, буырқанған бұйрабас. Ырғаңдай билеп кетті, шаштарын сілкіледі, беттері дымқыл, маңдайлары терлеген. Сауал қойдық:

– Ал, мырзалар, нендей жақсы хабарларың бар?

– Е, не айтарлығы бар. Бәрі жаман.

– Ал сендерше алда не болмақ?

– Оны бір Құдай біледі, – деді бұйрабас. – Біз қараңғы халықпыз. Не білеміз біз? Мен шамалы қара танимын, ал мынау таза қараңғы. Не болмақ? Болғанның әкесі енді болады: түрмелерден қылмыскерлерді қоя беріп жатыр, міне солар бізді божылайтын болады, ал оларды шығармай, баяғыда қырып тастау керек еді. Патшаны аластаттық, ал оның тұсында мұндай болған емес. Енді мына большевиктерге қарсы қауқар жоқ. Халық қалжырады. Ал мен оларға қарсы шықпақ түгілі тауықты да бауыздай алмаймын. Қалжырады халық. Аналарың небәрі жүз мыңның маңайында, ал біз болсақ, бірнеше миллионбыз, сонда да қолдан келер түк жоқ. Одан да қазыналық үйлердің қақпасын ашып, бізді қоя берер ме еді, – бәрін де пәтерлерінен пәрше-пәршелерін шығарар едік.

– Ондағылардың бәрі жебірейлер, – деді қарасы.

– Поляктары және бар. Мына Ленин де нағыз өзі емес, оны баяғыда өлтіріп тастапты дейді ғой...

– Ал немістермен келісім жайлы не ойлайсыңдар?

– Еш келісім болмайды. Оны ілгеріде доғарады. Ал поляктар қайтадан біздікі болады. Ең бастысы нан жоқ. Мынау кеше үш теңгеге бір тілім күлше алды, ал мен болсам құр сорпаны ұрттағыштадым...

24 ақпан.

Жуырда бір қадақ темекі сатып алып, кеуіп қалмасын деп жіппен байлап, желдеткіштердің арасына кәсекке іліп қойдым. Терезелер аулаға қарап тұратын. Бүгін таңғы алтыда әлдене терезеге сарт ете түсті. Атып тұрып қарасам – еденде тас жатыр, шынылар шашылған, темекі жоқ, ал әлдекім терезеден әрі қарай зытып барады. Қайда барсаң тонау!

Шарбы бұлттар, баз-базда күн көрінеді, шалшықтардың көкшіл үзіктері...

Біздің қасымыздағы үйде ғибадат жүріп жатыр – «Күтпеген Қуаныш» иконасы әкелініпті, священниктер әндетуде. Бұл күнде мұныңыз өте оғаш көрінеді. Әрі жаныңа тиеді. Көбісі жылап жатты.

Тағы да қақсап жатыр: большевиктердің арасында монархистер өте көп көрінеді және осы большевизм түгелдей монархизмді қалпына келтіруге бағытталған. Тағы да большевиктердің өздері шығарған оттаубай.

Савич пен Алексеев қазір Псковте көрінеді, «үкімет құрып жатыр» дейді.

«Власть Народаның» стансасына әлдекім телефон шалады: 60-42-ні қосыңыз дейді. Қосады. Сөйтсе желі бос емес екен, «Власть Народа» әлдебіреудің Кремльмен сөйлесіп жатқанын естиді:

– Менде он бес офицер және Калединнің адъютанты бар. Не істейін?

– Дереу атып тастаңдар.

Анархистер жайлы: аса көңілді әрі биязы адамдар көрінеді; большевиктер «Кеңесі» олардан едәуір қорқады екен; бастығы – Бармаш деген, нағыз есалаң кавказдықтың өзі.

Севастопольде матростардың «атаманы» Ривкин деген бойы бір аршын, будасақал толып жатқан тонаулар мен кісі өлтірулерге қатысқан; «жаны жаялықтай адам».

Көптеген халық ылғи өзінде ешкімде жоқ ақпарат бар деген сыңай танытады.

Біраз ел Филипповтың кофеханасында бір кездегі мәскеулік қала нәшәндігін көріпті. Ол, Андрианов, бұл күнде «Жұмысшы депутаттардың Кеңесіндегі» ең басты құпия кеңесшілердің бірі көрінеді.

25 ақпан.

Юрка Саблин, – әскерлердің командашасы! Жиырма жасар жеткіншек, кэкуокудың (негрлердің биі. – Ауд.) маманы, тілі балдай балдырған...

Сыбыс: одақтастар – иә, енді одақтастар! – немістермен пәтуаға келіпті, оларға Ресейде тәртіп орнатуды тапсырыпты.

Тағы да әлдеқандай шеру, жалаулар, плакаттар, музыка – кім кіммен бірге, айырып болмайды, жүздеген өңіш:

– Дүр сілкін, көтеріл, жұмысшы халық!

Дауыстар тура көкіректен шығады, іштен буырқанады. Әйелдердің ұсқыны чуваштар мен мордвалар сияқты, еркектер әдейі екшегендей өңкей қылмыстылар, біреулерін тіпті Сахалиннен келген бе дерсің.

Римдиктер өз қылмыскерлерінің бетіне «Cave furem» деген таңба басқан. Ал мыналарға өйтіп керегі жоқ, кім екендіктері онсыз да көзге ұрып тұр.

Енді бұл жерде мыналардың ең оңбағандық түрде сатқындық жасаған сонау француздар «Марсеьезасының» жазығы не?

26 ақпан.

Мұжық па, әлде жұмысшы ма, әлдебіреу Поварская көшесінің бұрышындағы «Вечерний Час» гәзиті жайлы хабарландыруды оқып, ондағы қызметкерлерді тізбелеп жатыр. Оқып шықты да:

– Өңкей оңбағандар. Ал атақтарың жер жарады!

«Русские Ведомостидің» редакциясынан: Троцкий – неміс шпионы, кезінде Нижнегородскідегі күзет бөлімшесінде тыңшы болған. Мұны Троцкийге бар ыза-наласын төгіп «Правдада» Стучка (заң наркомы. – Ауд.) жазыпты.

27 ақпан.

Тағы мереке – революцияның бір жылдығы. Бірақ еш жерде халық көрінбейді және биылғы қыс пен бораннан емес. Ел мұндайдан әбден мезі болған.

Және бір зәреңді аларлық пәле: бізде күні бойы телефон өзінен өзі безілдеп, от бүркуде.

«Бәрі безіп барады! Карахан – Константинопольге, Каменев – Берлинге елші етіп жіберілген...»

Лениннің мақаласымағын оқыдық. Түкке алғысыз алдамшы бірдеңе – біресе интернационал, біресе «орыстың ұлттық өрлеуі!»

28 ақпан.

Қыс қайта оралды. Қар қалың, күн ашық, үйлердің терезелері жарқ-жұрқ етеді.

Сретенкадан хабар жетті – неміс солдаттары Спасск казармаларын иеленіпті.

Петерборға немістердің бір корпусы еніпті деседі. Ертең банкілерді мемлекет меншігіне алу басталады. Тағы да осының бәрі большевиктердің ойлап тауып, бізді әдейі нақұрыстандырып отырғаны шығар деп ойлайсың.

Ал телефон болса, әлі дырылдап, ызылдап, қып-қызыл от ұшқындарын шашуда!

1 наурыз.

Ш.-нікіндегі кеш.

Оған бара жатып атбекет Т.-ны көрдік. Өзінің үйіне қызыл атпен келді. Іркіліп амандастық. Сергек екен, бұл күнде большевиктер тек бір ғана шаруамен айналысуда: «шама келгенше тонап, барынша ақша қағу, өйткені өздерінің биліктері бітетіндігін тамаша біледі» дейді.

Ш.-нікінде бізден басқа Д. мен Грузинский де отырды.

Грузинскийге трамвайда бір солдат былай депті:

«Жұмыссыз жүрмін, депутаттар Кеңесіне барып орын сұрадым – орын жоқ деседі, есесіне, міне, саған тінту жүргізуге рұқсат беретін екі ордер, айтарлықтай олжа табасың деседі. Мен оларды әкелерінен әрман бір сілтедім де, жайыма кеттім, мен адал адаммын...»

Д. Ростовтан ақпарат алыпты: корниколовтық қозғалыс әлсіз көрінеді. Г. – керісінше, ол күшейіп, өсіп келеді деп қарсы шықты. Д. былай деп қосты: «Большевиктер Ростовта зәре ұшарлық аюандықтар жасауда. Калединнің қабірін қазып тастаған, 600 мейірбикені қырып салыпты...» Тіпті алты жүз болмаса да, бірталай болғаны анық. Осы мейірбикелердің өздері біздің Құдайға жығылған мұжық жайлы сан қилы аңыз таратқан жоқ па, оларды сабау мен күштеудің әкесі әлі алда.

Мәскеу немістердің билігіне он жетінші наурызда кіретін көрінеді. Қаланың бастығы Будберг болады деседі.

Ярдағы аспаз маған оның отыз жыл бойына плитаның қасында тоқсан градус жалынның астында тұрып тапқан оны-мұны мүлгінің бәрін тартып алғанын айтты. «Ал Орлов-Давыдов өз мұжықтарына былай деп ділгәрам салыпты, өзім оқыдым: үйді өртеңдер, малды сойыңдар, орманды шабыңдар, тек жалғыз ғана қайың – өздеріңді сабауға – және өздеріңді асып қоятын бір шырша қалдырыңдар депті».

Мәскеуде немістер тыңшылық бөлімше ашыпты; большевиктердің селт еткен қимылын бақылап, бәрін тізбектеп, бәрін жазып отырады екен деген сыбыс шықты.

Біздің деревнядан жеткен хабар: мұжықтар, помещиктерге талап алғандарын қайтарып жатқан көрінеді.

Соңғы сөзде, айтары жоқ, шындық та бар. Көшелерден естимін: – Жоқ, енді солдаттар шалбарына жібере бастады. Ә дегенде, – ал неміс келе берсін, оларды шайтан қақсын деп едіреңдеп, әулекіленіп еді, – енді шаруа насырға шапқанда, қатты қорқа бастапты. Жазаласа, өзімізге де сол керек, шынын айтқанда, біз де шошқадан әрман болып кетіп едік деп тәубаларына келе бастаған сияқты.

Иә, егер шын мәнінде әлдебір «байыптылық» себездесе, мына «ұлы орыс революциясының сұрапылдығы» тез жуасыр еді. Өткен жылғы жазда қалай бетімен кетті, Васильевскіде тұру қандай тозаққа айналды десеңізші! Енді міне сыбыс: Корнилов өлім жазасын енгізіп еді – Васильевск бүкіл шілде бойы бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалды. Ал мамыр мен маусымда көшеге шығуға зәрең кететін, әр түн сайын не мына, не ана жерде қара көкжиекте шалқыған өрттің алқызыл шапағы! Бірде бізде таң алдында қырманға от қойылды, бүкіл деревня жүгіріп келіп, оны біздің өзіміз деревняны өртеу үшін жақтық деп ойбайласты. Ал сол күні талтүсте көршінің мал қорасы өртенсін: тағы да бүкіл селодан лап қойып, мені отқа лақтыруға тырысты, өртті мынау қойды деп айғайлады, менің жанымды өкірген тобырға өзімнің долдана ұмтылғаным ғана алып қалды.

2 наурыз.

«Азғын, маскүнем Распутин, Ресейдің ұлы зұлымы». Әрине, тәп-тәуір мұжзық еді кезінде. Ал «Аюлар» мен «Қаңғыбас иттерден» шықпайтындар, сендер кімсіңдер?

Жаңа әдеби әдепсіздік: одан әрі барар жер жоқ – қайдағы бір мейманханада «Музыкалық шақша» деген ашылыпты – алыпсатарлар, алаяқтар, жезөкшелер отыр, әрқайсысы жүз теңгелік күміс ақша тұратын бәліштерді көмейлеп, ханжаны (нашар спиртті ішімдік. – Ауд.) тікелей шәйнектерден тартып жатыр, ал ақындар мен беллетристер (Алеша Толстой, Брюсов және тағы басқалар әлгілерге өздерінің ең былапыт деген шығармаларын таңдап алып оқиды екен. Брюсов «Гаврилиаданы» көп нүктелермен айырбасталған жерлерін тұтастай толықтырып оқып беріпті дейді. Алешканың маған да оқуға ұсыныс жасауға батылы барды, көп қаламақы береміз деп қарап тұр.

«Мынадай Мәскеуден безе қашар ма еді!» дейсің. Бірақ қимайсың. Қазір ол әсіресе күндіз таңғаларлықтай жексұрын. Ауа райы ылғалды, айналаның бәрі лас, шалшық, жаяужолдар мен соқпаларда – өңкей мұздақ шұңқырлар, ал тобырлар жайлы айтарлық мүлде ештеңе жоқ. Ал кешкісін, әйтпесе түн баласында жан жоқ, аспан сирек шамдардан қабағы түйіле, еңсесі түскен. Бірақ, міне, мүлде қараңғы, тыныш қалтарыс көше, келе жатсаң – кенет ашық қақпаларды көресің, олардың ар жағында, ауланың ойдымында, түнгі аспан астында – бұл жердегі заңғар мүлде бөлек – болар-болмас қана қарайып тұрған ескі үйдің әдемі сүлбесі алдыңнан шығады, ал оның алдында жүз жылдық ағаш аса ауқымды жапырақты шатырының қара өрнегі көз тояттатады...

Треневтің жаңа әңгімесін оқыдым («Батырақтар»). Жүрегің айниды. Тап қазіргідей, барып тұрған жалған, әлдебір өте қорқынышты ахуалдар жайлы баяндағысы келетін дүние, бірақ, қорқарлық түгі де жоқ, өйткені автордың «көрегендігі» мен тілінің «халықтық» екендігінен, әрі баяндау мәнеріне қарап бір-ақ түкіріп тастағың келеді. Мұнысын ешкім де көрмейді, сезбейді, түсінбейді – есесіне бәрі де аспандатады. «Бояуы қандай қою қаныққан!» деседі.

«Кеңестер съезі». Лениннің сөзі. Мынауың не деген мал, ә!

Теңіздің түбінде тұрған өліктер – атылған, тұншықтырып суға батырылған офицерлер жайлы оқыдым. Ал мына жерде – «Әуенді шақша».

3 наурыз.

Немістер Николаев пен Одессаны алыпты. Мәскеу он жетісі күні алынады деседі, бірақ мен сенбеймін және оңтүстікке кетпекке жиналудамын.

Маяковскийді гимназияда Идиот Полифемович деп атаған.

5 наурыз.

Күн сұрғылт, қылаулаған қар. Ильинкада, банкілердің маңайы құжынаған халық – ақылды пенделер ақшаларын алып жатыр. Жалпы, елдің көбісі астыртын кетуге дайындалып жатқан жайлар бар.

Кешкі гәзиттерде – немістердің Харьковты алғандықтары жайлы жазылған. Маған гәзит берген берген сатушы:

– Даңқын ассын, Жасаған. Ленинге қарағанда шайтандар көп ілгері, – деді.

7 наурыз.

Қалада:

– Олар жеті жастағы балалардан бастап жұрттың түгін қалдырмай, кейін біздің заманымызды бір жан есіне қалдырмас үшін жаппай бауыздауға бел шешіпті, – деседі.

Аула сыпырушыдан сұрап тұрмын:

– Қалай ойлайсың, рас па? – Анау күрсінеді:

– Бәрі де мүмкін, бәрі де мүмкін.

– Нәғып халық жол бермек?

– Жол береді, қымбатты байбатшам, жол бергенде қандай! Енді оларға не лаж бар? Татарлар, кезінде бізді екі жүз жыл билеген дейді, ал сонда тап қазіргідей әлжуаз болып па еді ел?

Түнде Тверск желекжолымен келе жатырмыз: Пушкин бұлтты, әлсіз сәулелі аспанның астында, тағы да басын күйіне төмен иіп: «О, Құдайым, қаншалықты қамыққан Ресейім менің!» деп тұрғандай.

Айнала тірі бір жан жоқ, тек әредік солдаттар мен жезөкшелер ұшырасады.

8 наурыз.

Спиридонова жайлы К. П. былай деді:

– Соның мені ешқашанда еліктірген емес. Революцияның соңында елбеңдеген көлгір, есірік әйел болатын. Өзі бұрындары көкке көтерген Фигнердің бір түрі еді...

Иә, кезінде сол Спиридонова қандай қаһарман болған десеңші.

Біздің маңайымыздағы (Поварскаядағы) зәулім үйлерді бірінен соң бірін тәркілеп жатыр. Олардағы жиһаз, кілемдер, картиналар, гүлдер мен өсімдіктерді қопара шығарып, әлдеқайда әкетуде – бүгін кіреберістің жанында үлкен пальма күні бойы тұрды – жаңбыр мен қардан сілікпесі шыққан, әбден жаураған – аянышты-ақ. Ал бұл үйлерге, қайдағы бір «үкіметтік» мекемелері орнығуы керек сияқты, кеңселердің керек-жарақтарын үйіп-төгуде...

Шынымен де олар өздерінің ұзақ та табанды өмір сүретіндіктеріне сенімді ме?

«Жәбір сөз жүрегімді жұлып түсті...»

9 наурыз.

Бүгін В.В. В. – өзі ұзын етік, белі бүрмелі, астары жүн тон киіп алып, әлі «жердегі гусардың» рөлін ойнап жүр – тағы да әбден зықымызды шығарған әңгімені көйіте бастады.

– Ресейдің түбіне халықтың мұң-мұқтажын, үміт-арманын көздемеген, сіресіп қалған, өз мүддесін ғана діттеген билік жетті... Осыдан барып, шарасыздан революция сахнаға шықты...

Мен жауап қайтардым:

– Революцияны бастаған халық емес, сендерсіңдер. Әйтпесе сол халыққа біздің не қажетсінгендігіміздің, неге наразы екендігіміздің пұты бес тиын. Мен сендермен революция туралы айтысып отырған жоқпын, – ол амалсыз келсін, тамаша болсын, не болса ол болсын. Бірақ сендер халыққа сенбейсіңдер – сендердің жауапты министрліктеріңнің, Щегловитовтерді Малянтовичтермен айырбастауларыңның, сан қилы цензураларды өзгертулеріңнің керектігі оларға өткінші қар сияқты ғана, және ол мұны уақытша үкіметті де, құрылтайлық жиналысты да, «орыс адамдарының ең үздік ұрпақтары шейіт болғанның», өздерің айтатындай, «жеңіске жеткенше!» дейтіндеріңнің күллісін талқан қылып қатаң да жеріне жеткізе дәлелдеп берді.

10 наурыз.

Адамдар тек өздерінің қабілеттіліктерінің әлсіздігімен – елестетудің, ілтипатының, ойының әлсіздігін айтып құтылады, әйтпесе өмір сүріп болмас еді.

Толстой бірде өзі жайлы былай:

– Бар гәп менің елестету қасиетімнің өзгелерден шамалы ғана ширақтығында жатыр, – деген екен...

Сондай пәле менде де бар.

Ауа райы лас та қараңғы, әредік қар ұшқындайды.

Сатуға деген кітаптарды екшелеп жатырмыз, ақша жинап жүрмін, кету керек, мынадай тірлікті тірідей көтере алар емеспін.

Кешқұрым Б.-нікінде болдық. Жақында көрген Фриче жайлы айтты. «Иә, иә, бертінде ғана реңі кеткен, мыж-мыж сүртік киген байғұс еді ғой, енді бұл күнде – дыңдай тұлға – сыртқы істер комиссары, әппақ қайырма жағалы пенжек киіп алыпты!» Бахтың фисгармониясында венгерлердің халық әндерін орындап беріпті. Ғаламат әдемі! Сонсоң ескі кітаптарды парақтадық, – қандай әріптер, қандай ою суреттер!.. Міне, мұның бәрі ендігі мәңгілік қаза болған алтын ғасыр. Баяғыдан бері қай салада болмасын тереңге құлау орын алған.

Бізге күзетшінің өзі есікті қаншалықты еріне, жақтырмай ашты десеңізші! Қайда барсаң да елдің бәрінде қандай болмасын еңбекке деген сұмдық жиіркенішті керенаулық алдыңнан шығады.

11 наурыз.

Сәулеткер Малиновскийдің лақабас мақұлық әйелі ғұмырында театрға титтей «жазығы» болмаса да, енді театрлардың комыссары болып шыға келді: бар себебі, олар күйеуі екеуі сонау Нижний Новгородтан Горькиймен әмпей ғой. Таңертең «Жазушылардың Кітапбаспасында» болдық, сонда Гонтарев бір сағат бойына Ш.-ның әлдебір кіреберісте Малиновскаяны тосып алып, ақыры ол мінген автокөлік келіп жеткенде, ананы түсіріп алуға тура малайша жылмаңдап жүгіріп барғанын айтты.

Грузинский:

– Мен қазір пәлендей қажет болмаса, көшеге шыққым келмейді. Және әлдекім желкемнен бір пере ме дегеннен емес, көшелердегі бұл кездегі жағдайды көруден қорқамын, – деді.

Мен оны өте жақсы түсінемін, өйткені өзім де сондай күй кешемін, тек одан гөрі де тереңдеу сезінемін-ау деймін.

Жел тура көктемдегідей бозғылт, сұр аспана сирек бұлттарды тарақтап жатыр, жаяужолдардың маңайы жарқ-жұрқ етеді, көктемгі су тыным таппай ағуда.

12 наурыз.

Атбекет Малянтовичті ұшырастырдым. Бұл да министр болған. Мұндайларға әлі күнде той, дым болмағандай қаз қалпында. Қызараңдап, ентігіп тұр:

– Жоқ, сіз еш алаңдамаңыз. Ресейдің опат болмауына Еуропа бір себептің өзінен жол бермейді: еуропалық тепе-теңдікті сақтау қажеттігі қаперіңізде болсын.

«Паруста» менің шығармаларымды басып шығару жағдайымен, Горькийге ылғи жарамсақтанып күнін көріп жүрген Тихоновта болдым. Иә, мынауың өзі бір түсініксіз баспа! Горькийге бұл «Парус» неменеге керек болған – жыл бойына Маяковскийдің жалғыз кітапшасын шығару үшін ғана ма? Горький алдын ала он жеті мың төлеп, мені сатып алды да, содан бері бір томды да шығармағаны несі? «Парустың» маңдайшасындағы жазуда жасырын не бар? Және ерекше айтарлығы – осынау Горький, Тихонов, Гиммер-Сухановтардың тобыры большевиктермен нендей қарым-қатынаста өздері? Олармен күресіп жатырмыз деседі, ал мына Тихонов пен Гиммер большевиктер тәркілеген «Ұлттық Мейманханаға» қоныстапты, ал оларға бұл ғимараттың большевиктік «комендантынан» алған рұқсат қағазбен сатылардың алдындағы алаңқайларда винтовкалы сірескен солдаттар күзетінен әрең өттім. Тихонов пен Гиммер өздерін әкесінің үйлеріндегідей сезінеді. Қабырғада Ленин мен Троцкийдің пәдіреттері. Сұрағыма: «Алаңдамаңыз, әне-міне бастырамыз» деп мәймөңкелетті.

Большевиктердің билікті басып алып, әлі күнге қалай ұстап отырғандықтарына өздері де таңғалатындықтарын айтты:

– Луначарский төңкерістен кейін екі апта бойына көздері төбесіне шыға бақырайған күйі безек қағып жүгірумен болды: жоға, мынаны ойға алыңыз – біз тек қана шеру өткіземіз дегенбіз, сонда кенет күтпеген табысқа кенелдік те қалдық!

13 наурыз.

Не деген масқара?! Патриарх пен шіркеудің барлық князьдері Кремльге барып құлдық ұрыпты!

В.В.-ны көрдім. Одақтастардың жер-жебіріне жетіп жатты: келіп, Ресейді басып алудың орнына, большевиктермен келіссөзге кіреді!

Горькийдің әуелгі әйелі Е.П.-нікінде түскі дәм ішіп, кешті өткердім, Бах (білікті революционер, қарт эмигрант), Тихонов пен Миролюбов та болды. Бұл орыс халқын, яғни мұжықтарды аспандатты: Мейірімді халық, ғажайып халық!» Бах болса (бар ғұмыры шетелде өткендіктен Ресей жайлы түк те түсінігі жоқ қой):

– Сіздер неменеге керісесіздер, мырзалар! Ал француз революциясында қатыгездіктер болмап па еді? Орыс елі де басқа халықтардай халық. Әрине, жарамсыз қылықтары баршылық, бірақ жалпы алғанда жақсы жақтары молдау... – дейді.

Тихоновпен бірге қайттым. Ол жол бойы большевиктерге өте етене адам ретінде олар жайлы көп сөйледі: Ленин мен Троцкий Ресейді қыспақта ұстап және еуропалық пролетариат сахнаға шыққан сәтке дейін қыру-жою мен азаматтық соғысты тоқтатуға бел буып отыр. Олардың неміс штабына берілгендігі ме? Жоқ, бұл сандырақ, олар – фанатиктер, әлемді шарпыған өртке сенеді. Және, дүниенің бәрінен оттан әрман қорқады, оларға көз алдына дәйім әдейі жасалған қастандық елестейді. Әлі күнге өз өмірлерінен де, өз биліктерінен де зәрелері кетеді. – Олар, қайталап айтайын, қазан айында жеңіске жетеміз деп еш күткен емес. Мәскеу құлағанда естерінен танып қалды, бізге, «Новая Жизньге» жүгіріп келіп министр болыңдар деп жалбарынды, лауазымдар ұсынды...

15 наурыз.

Баяғы сол аязды күндер. Еш жерде от жақпайды, пәтерлер сұмдық суық.

Савинковтың мақаласынан кейін «Русские Ведомостиді» жауып тастады.

Көпшілікке Савинков Ленинді өлтіретін сияқты көрінеді.

«Баспалар жөніндегі комиссар» Подбельский «халыққа үрей мен дүрбелең салатын мақалаға орын бергені үшін» «Фонарьды» жауып, сотқа тартты. Минөт сайын шабылып, қырылып жатқан халыққа көрсетілген қамқорлықтың сиқы!

22 наурыз.

Кеше кешкісін, дымқыл ағаштардың ар жағынан ендігі жарық жылтылдағанда, алғаш рет ұзақтарды көрдім.

Бүгінде бұлттарда жарық мол болғанмен, сыздауытты, әрі бұлыңғыр.

Гәзиттерді әлдебір ыза буған рахаттылықтан жылай жаздап, әрлі-берлі қопарыстыра оқып жатырмын. Жалпы мына кейінгі жыл, маған соңғы он жылға татитын шығар, сірә!

Түнде, қаралы көкшіл аспанда мамық бұлттар баяу жүзеді, араларынан сирек те айқын жұлдыздар сығараңдайды. Көшелер қараңғы. Аспанға бірлесіп, биік кеткендей болған үйлер зәулім-ақ; олардың жарық терезелері жұмсақ та қызғылт сәуле себездейді.

23 наурыз.

Бар Лубянская алаңы күн көзінде жарқырап тұр. Сұйық шалшық дөңгелектердің астынан аямай бүркіп жатыр. Және Азия, Азия – көшіп келгендей – солдаттар, балалар, пірәндік, халуа, көкнәр плиткалар, темекі сатып жатқан ел. Шығыстық айғай, сөз сөйлес, – бәрі де бет-ауыздары сап-сары, шаштары тышқан түсті албастылар! Әрлі-берлі сартылдаған жүк мәшинелеріндегі солдаттар мен жұмысшылардың сиықтары мақтанған кейіпте.

Кәрі букинист Волнухин, келте тон киіп, көзілдірік іліп алыпты. Сүйкімді ақылгөй; мұңайған, ілтипатты көзқарас.

Н.-ның туған күні. «Н»-дан басталған сөздердің бәрі үшін ішу керек деп жатыр. «Ескі режиміңіз» әлі мықты.

Премировтың «Кабагы». Айтары жоқ, талант. Е, не дері бар? Әдебиеттің сәбізі бітті. Ал, Көркем Театрда тағы «На Дне» жүріп жатыр. Дәлме-дәл келуін қараңыз! Тағы да баяғы әбден жалықтырған Лука!

К.П. әлі күнге Ресейді тек Минор ғана құтқара алады деп сенеді.

Меньшевиктер гәзиті – «Вперед». Баяғы сол бір әуен, баяғы сол бір ызың!

Барлық комиссарлардың әйелдері түгелдей комиссар етілген.

Қызылгвардияшылар ротасы. Алқам-салқам, сүрініп-жығылып, бірі төсемелі көшемен, бірі жаяужолмен келе жатыр. «Нұсқаушы»: «Тұра қалыңдар, жолдастар!» деп айғай салады.

Гәзитші, бұрынғы солдат:

– Ой, оңбаған сұмырайлар! Соғысқа кетіп барады – қызалақтарды қоса әкетуде! Құдай ақына, қараңызшы – әне, әнебіреу бір сайқалды қолтығына қысып алыпты!

Қап-қараңғы көктемгі түн. Шіркеудің үстіндегі қараңғылықты қоюлата түсетін ашық жерлер, ақ жалтырақ шашқан жұлдыздар.

Цейтлиндердің Поварскаядағы жеке үйлерін анархистер басып алыпты. Кіреберістің қарайтылған маңдайшасында ақ әріптермен жазылған жазу. Іші жарқырап тұр: тұтас перделердің ар жағында күңгірт аспашамдар.

24 наурыз.

Енді біз байғұстар, Ресейге көмекке Жапонияның шыққаны, Қиыр Шығысқа десант түсіргені жайлы; тағы да енді бір сомның түк тұрмайтыны, ұныңыздың бір пұты мың сомға жеткені, қор жинау керек болғанын айтамыз... Айтамыз да қоямыз – екі қадақ ұн сатып аламыз да, тынышталамыз.

Үлкен Левшинскіде тұратын Н.В. Давыдовтікіндеміз. Ауладағы, қара шатыры бар, қақпаларында қара шәшкелері бар темір қоршаудың ар жағындағы сарғыш кішкене үй (бір кездері жазушы Загоскиннің тұрған үйі). Ағаштың желісіндегі көгілдір феруза аспан. Әне-міне мәңгілікке сәбізі біткелі тұрған ескі Мәскеу.

П.-ның асүйінде дәу басты, мысықтардікіндей көздері екі түрлі солдат тұр. Әрине, бұл күнде социализмге жол жоқ, десе дағы, буржуйларды бауыздап тастау керек. «Троцкий мықты, аналардың әкелерін таныстырып жатыр».

Байсалды ашарық әйел мен көзілдірік ілген кішкентай қыз. Көшеде темекі сатып тұр.

«Задругойда» басылып шыққан большевиктер жайлы кітап сатып алдым. Каторжниковтердің масқара галереясы! Жас Луначарскийдің мойыны тура жарты аршын.

ОДЕССА, 1919 ж.

12 сәуір (ескі стильмен).

Біздің өлермен халге душар болғанымызға ендігі үш аптадай болды.

Ештеңе жазбай келгеніме өте өкінемін, әр сәтті дерлік жазып отыруым керек еді. Бірақ мүлде шамам келмеді. Бізге 21 наурыз күні төңкеріліп түскен естен танарлық оқыс оқиғаның өзі не тұрады. 21-і күнгі талтүсте Анюта (біздің үй қызметшіміз) мені телефонға шақырды. «Ал қайдан қоңырау соғуда?» – «Редакциядан-ау деймін» – яғни «Наше Словоның» редакциясынан, біз оны Одессада бас қосқан «Русское Словоның» бұрынғы қызметкерлері 19 наурыздан бастап «Мәскеуге оралғанша» азды-көпті бейбіт қатар өмір сүреміз ғой деген нық сеніммен шығара бастаған болатынбыз. Трубканы алдым: «Кім сөйлеп тұр?» – «Валентин Катаев. Адам сенбестей жаңалықты хабарлауға асығып тұрмын – француздар кетіп жатыр». – «Не дейді, қайда, қашан?» – «Осы сәтте» – «Сіздің есіңіз дұрыс па?» – «Ант етейін, жоқ! Үдере қашып жатыр!» – үйден атып шықтым, көшір ұстап алдым, сөйтіп өзіме өзім сенер емеспін: жүк артылған есектер, жорық киімін киіп алған француз және грек солдаттары кетіп барады, әрқилы әскери керек-жарақ тиеп алған қос доңғалақты арбалар зырылдайды... Ал редакцияда тілгәрам жатыр: «Клемансоның министрлігі құлады, Парижде баррикадалар, революция...»

Осыдан он екі жыл бұрын біз В. (Вера Николаевна Муромцева-Бунина 881-1961) екеуміз Палестинаға бара жатқанда Одессаға келгенбіз. Содан бергі өзгерістер ертегідей! Өлген, қараң қалған кемежай, бос, лас қала... Біздің балаларымыз, немерелеріміз көз алдарына кезінде (яғни кеше ғана) біз тұрған, осынау қуаттылықты, күрделілікті, байлық пен бақытты бағаламаған, түсінбеген Ресейді еш елестете алмайды...

Бүгін таңертеңгілікте оянардың алдында әлдекімнің өтіп бара жатқанын, өлгенін көрдім түсімде. Бұл күнде ажалды өте жиі көретін болдым – әйтеуір достардың, жақындардың, туыстардың біреуі өліп жатады, әсіресе Юлий ағам (Юлий Алексеевич Бунин (1857-1951) қазаға жиі ұшырайды, ол жайлы ойлауға да қорқам: не тірлік кешіп жүр, тірі ме өзі? Ол туралы соңғы хабар өткен жылдың 6 желтоқсанында келді. Ал оның Мәскеуден В.-ға 10 тамызда жазған хаты бүгін ғана жетті. Айтқандайын, орыс поштасы бізде баяғыда, 17 жылдың жазында алғаш рет еуропалық мәністе «пошталар мен телеграфтардың министрі» пайда болғаннан бері құрылған болатын. Тап сонда алғаш рет «еңбек министрі» де пайда болған, сол кезден бүкіл Ресей жұмысты доғарған-ды. Тіпті бауырлық, теңдік және бостандық ұрандары жария болған сәттен бастап-ақ Ресейге опасыздықтың, қанішерліктің және деген тағылық бетімен кетушіліктің ішқыжылдық сайтаны өз лебін үздіге ұрды. Қалт еткен қарама-қайшылық үшін барлығы бір-біріне: «Мен сені қамауға аламын, иттің баласы!» деп ұмтылысты. Мені 17 жылғы наурыздың аяғында Арбат алаңында мені әлдебір солдат өлтіре жаздады – жазығым гәзит сатушының маған алыңыз деп тықпалаған «Социал-Демократты» шайтан алсын деп «сөз бостандығын» шамалы қолданып едім. Оңбаған солддат мені түтіп жесе де ештеңе болмайтынын анық біліп тұр – бізді қоршаған тобыр да, гәзит сатушы да оны жақтап шыға келді: «Десе дегендей, ей жолдас, еңбеккер елдің қамын жеген халық гәзитінен неге жиіркенесің? Яғни сен контрасың ғой?» – Осы революция атаулылардың бәрі бір-бірінен аумайтыны қалай! Француз революциясы кезінде де бірден толып жатқан жаңа әкімшілік мекемелер қаптап кеткен, декреттердің, өкімдердің ағыны лақ ете қалды, комиссарлардың – неге екені белгісіз, онда да комиссарлардың – жалпы, сан қилы билік орындарының саны есепке көнбеді, комитеттер, одақтар, партиялар саңырауқұлақтай қаптап кетті, «әрі бірін бірі жалмап жатты», «жан тәсілімін бергелі жатқан қаскөй биліктің тарапына ағытылған боқтық сөздермен араласып кеткен өзеуреген аттан-ойбайдан тұратын» ерекше тіл пайда болған. Осының баршасының қайталануы бәрінен бұрын революция атаулылардың ең басты қасиеті – ойынға, бағалағанға, жалған әлпетке деген жанталаса ұмтылыс. Адамда маймыл ояна бастайды.

Ох, осы өлім жайлы түстер-ай! Мына өлім онсыз да келте ғұмырымыздың қаншама ауқымын кернейді! Ал осынау жылдар туралы еш айтарлығы жоқ: күні-түні сол ажалдың ойранында малтығып жатырмыз. Әрі бәрі де «жарқын болашақ» үшін – ол тура осы жын-перінің түнегінен дүниеге келетін сияқты. Сөйтіп әлемде ендігі адамдардың аман-емендігін діттеу жөніндегі мамандар мен мердігерлердің тұтас қолы жасақталды. Кезінде қоңырау соғушының Ибсеннен: «Мына болашақ қай жылы туады өзі? – деп сұрағаны сияқты. Ылғи «әне-міне» деседі: «Бұл ең соңғы һәм шешуші шешуші шайқас болмақ!» – Қызыл бұқашық жайлы мәңгілік бәйіт.

Түнде жаңбыр құйды. Күн сұрғылт әрі суық. Ауламызда жасыл желек жамыла бастаған ағаш бозарып кетті. Мына көктем де әлдебір зұлматты! Ең бастысы – Көктемнің иісі жоқ мүлде. Ендігі оның қажеті не?

Сапырылысып жатқан сыбыстар. Тірлік тоқтаусыз тосумен өтіп жатыр (өткен қыс бойы осында, Одессада, оның алдындағы қыста Мәскеуде бәрімізді немістер құтқарады деп күткендей). Және осынау телміре тосу әне-міне жетіп келіп баршамызды қарық қылатындай – жоқ, жоқ, біз өйтіп-бүйтіп тірі қалсақ та текке кетпейді – жан-дүниемізді тас-талқан етпек! Ал бар бастан өткеннің әр жағында тым болмаса үздіге тосу, яғни үміт еткен үміт болмаса, не болар еді мына жалған?!

«О Құдайым, маған қай ғасырда тууға пәрмен еткенсің, Сен!»

13 сәуір.

Кеше біздікінде ақын Волошин ұзақ отырды. Өз қызметін көрсетем деп («бірінші мамыр қарсаңында қаланы безендіру ісіне») пәлеге ұрыныпты. Мен: «оларға елпектемеңіз, өйту төменшік ниет қана емес, ақымақтық, өйткені олар сіздің күні кеше ғана кім болғаныңызды жақсы біледі ғой» деп сақтандырдым. Ол болса: «Көркемөнер уақыттың сыртында, саясаттың сыртында жатыр, мен безендіруге тек ақын және суретші санатында ғана қатысамын» деп соқты. Нені безендіруге? Дарды ма, ертең өзін асатын дарды ма? Сонда да кетті. Ал ертеңіне «Известияда»: «Бізге Волошин жәмпеңдеді, бұл күнде көрінген иттің баласы сөйтетін болды...» – деген мақала шықты. Енді Волошин ізгілікті ызаға толы «редакцияға хат» жазғысы келеді. Онысы тіпті ақымақтық.

Сыбыстар да сыбыстар. Финдер – Петерборды, Колчак – Сызрань мен Царицынды алыпты... Гинденбург әлде Одессаға, әлде Мәскеуге төніп келеді-мыс... Бәріміз де әлдекімнен, әлденеден, әлдебір кереметтен, табиғаттан көмек күтеміз! Біз енді күн сайын Николаев жаяужолына барамыз: Құдай сақтай көрсін, неге екені белгісіз, айлақтың кіреберісінде тұрған француз кемесін жанға дауа көруші едік, кетіп қалған жоқ па екен әлі?

15 сәуір.

Осыдан он ай бұрын әлдебір Шпан деген жұлым-жұлым біреу – сиқы нашар сауда агенті ме немене – маған келгіштеп, менің импресариом ретінде онымен бірге Николаевқа, Харьковқа, Херсонға барып ел алдында «әр кеш үшін Думалық мың сомға» өз шығармаларымды оқуымды ұсынып жүретін. Енді оны көшеде кездестірдім: ол бүгінде ана есінен танған сұмырай, профессор Щепкиннің (тарихшы Евгений Николаевич Щепкин (1860-1920) айылын соғушы, театр істері жөніндегі комиссар, өзі таза қырынған, тойынған – алдымен тойынғандығы көрініп тұр – астары қалың әрі жұмсақ, артында кең белдемшесі бар тамаша ағылшын пәлтесін киіп алыпты.

Біздің терезелердің қарсысында винтовкасын иығына жіппен ілген қара табан – «қызыл милиционер» тұр. Күллі көше одан бұрындары бір мың қаһарлы полицей көргеннен әрман қорқады. Мына дүние не боп кетті өзі? Қайдағы бір «григорьевшілдер», бір уыс каторгадан қашқандар мен жүліктер басқарған алты жүз адам миллион халқы бар, аста-төк қаланы қамауға алды емес пе? Елдің бәрі қорқыныштан сілейіп, жақтары қарысты да қалды. Мәселен, осыдан бір ай бұрын ерікті жасақтарды талқандағандардың бәрі қайда кетті?

16 сәуір.

Кеше кешке қарай қыдырыстап біраз жүрдік. Жан-дүниеңдегі зілмауыр салмақты бейнелеуге тіл жетпейді. Бұл күнде көше-көшені кернеп кететін халықты көтере алмаймын, осына мал сияқты тобырдан әбден сілікпем шықты. Шіркін-ай, дем алар ма еді, бір жаққа, мәселен Австралияға безіп кетер ме еді! Қайдағы, бұл күнде күллі жолдар, күллі беталыстар жабық. Қазір үлкен субұрқаққа өтудің өзі орындалмас арман: рұқсатсыз қадам баса алмайсың, ит тәрізді атып тастай салады.

Л.И. Гальберштатты жолықтырдық («Русские Ведомости», «Русская Мысльдің» бұрынғы қызметкері). Бұл да «қайта боянып алыпты». Сол, кешегі қаһарлы ақгвардияшы, француздар қашқанда көз жасын төккен (шын мәнінде) сабаз бұл күнде «Голос Красноармейца» гәзитіне ілігіпті. Өзінің Еуропадан келген жаңалықтардан «тура бастығырылып» қалғанын айтып, ұрыларша сыбырлады: ол жаққа «орыстардың ішкі шаруаларына еш араласпаймыз» деп бекем бел шешіпті... Иә, иә, бұл – көрші үйде, талтүсте қанішерлер талап, бауыздап жатқанда «ішкі шаруалар» деп аталады!

Кешкісін біздікінде Волошин тағы отырды. Масқара! Күні бойы төтенше комитеттің бастығы Северныймен (Юзофовичпен) бірге болдым, «жаны мөп-мөлдір» таза екен дейді. Тура осылай – «мөп-мөлдір таза!» деді.

«Халық ағарту комиссары» проф. Евгений Щепкин университетті басқаруды талтүсте, шырақ салсаң да табылмайтын «революцияшыл студенттердің жеті өкіліне» тапсырыпты деседі.

«Голос Красноармейцада» «румындардың Кеңестік Венгрияға үңги кіргені» жайлы хабар жүр. Біз бәріміз де қуаныштымыз. Ал саған «ішкі шаруаларға» араласпау керек болса! Айтқандайын, бұл енді Ресей емес қой.

«Блок Ресей мен революцияны ескен желдей сезінеді...» О, сандырақбайлар! Өзендей аққан қан, көз жасы анау теңіздей, ал оларға бәрібір.

Өз әріптестерімнің орыс халқының өңкей қара бояумен кескінделген бейнесін қандай наразылықпен қарсы алғанын жиі есіме аламын. Оның үстіне, күні бүгінге дейін сөйтеді, сонда кімдер дейсіз ғой? Жүз жыл бойына «бір аты жоқ» әлдебір «халық» пен әрине «жастар» және жалаңаяқтардан басқа күллі таптарды, яғни «попты», «тоғышарды», мещанды, шенеунікті, полицейді, жер иелерін, қауқарлы шаруаны мазақ еткен сол әдебиет суарғандардың өздері.

17 сәуір.

«Әбден көнерген, шіріп біткен билік күйреп түсті, келмеске кетті... Халық, жалындаған, ентелеген екпінмен Романовтардың шіріген тағын мәңгілікке төңкеріп тастады...»

Егер олай болса, реакциядан, қалыпқа келтіруден зәресі кеткен бәріміз наурыздың алғашқы күндерінен бастап-ақ есімізден неге танып қалдық?

«Адамзатқа алтын ұйқы себездер есалаңға ізет ет...» Осыны айтып ырылдағанды жақсы көруші еді ғой Горький! Сондағы түс фабри канттың басын жарып, қалтасын қағып, сол фабриканттан әрман албастыға айналу болатын.

«Революциялар таза қол, ақ қолғаптармен жасалмайды...» Онда контрреволюциялар қатал ұстаумен жасалады деп зілденгеннен не пайда, не парық?

«Күллі Құддыстың (Иерусалим. – Ауд.) қасіретіне бола тапшы қане, жұбаныш!» Таңғы асқа дейін жанарымды жауып алып, төсекте жаттым да қойдым.

Савина (актриса Мария Гавриловна Савина (1854-1915) туралы кітапты оқып жатырмын – құдай аманаты, әйтеуір бірдеңе істеу керек қой, не екені бүгінде бәрібір, өйткені басты сезім қазіргі тірліктің өмір емес екені анық. Ал сонсоң, қайталап айтамын, мына жаныңды жегідей жейтін күту де тосу: осылай жалғаса беруі мүмкін емес қой, бізді әлдекім, әйтпесе әлдене – ертең, бүрсігүні, бәлкім, тіпті бүгін түнде құтқаратын шығар!

Таңертеңгілік күн сұрғылттанып тұрды, түстен жауған жаңбыр, кешке нөсерлетті.

Олардың 1-інші мамырдағы мерекелерін көрейінші деп көшеге екі рет шықтым. Өзімді күштедім, өйткені мұндай көріністерден менің жаным ойран-асыр болады. «Мен әйтеуір адамдарды тәніммен сеземін», – деп жазған екен бірде өзі жайлы Толстой. Мен де сөйтемін. Толстойдың онысын түсінбеген, мендегіні де түсінбейді, содан барып кейде менің құштарлығыма, «біржақтылығыма» таңғалысады. Көпшілікке тіпті осы кезге дейін «халық», «пролетариат» сөз ғана, ал мен үшін митингідегі сөз – оны шығарып тұрған табиғи дүние.

Күндіз шыққанымда жаңбыр сіркіреп тұрды. Собор алаңына біраз жұрт жиналыпты, бірақ мына жүріп жатқан шайқымазақ ойран-топырға мақаулана қарап тұр. Әрине, қызыл және қара жалаулар желбіреткен шерулер өтті, қағаз гүлдер, таспалар мен тулар ілген, әлеміштенген әлдебір күйме арбалар өтті – олардың ортасында әртіс еркектер мен әйелдер опералық-халықтық киім киіп алып, «пролетариатты» жұбатып жатты, «жұмысшы әлемнің әндемдігі мен әсемдігін» «бауырларша» құшақтасқан коммунистерді, былғары алжапқыш ілген «қаһарлы» жұмысшылар мен «бейіт пейзандарды» бейнелейтін «тірі картиналар» өтті, қысқасы, Мәскеуден, ана сұмпайы Луначарскийден түскен бұйрыққа сәйкес болмақтың бәрі сахнаға шығарылды. Осы қайсыбір большевиктердің қара халыққа жасаған пасықтықпен барынша қорлауы, оның жаны мен ішкі дүниесін сатып алуы қай тұста іркіліп және адалдығы, жүйкелік сүйсінушілігінің белгілі бір үлесті бөлігі қайдан басталады екен, ә! Мәселен, Горький қалай шалдыққан және өрекпиді! Капридегі Рождествода болар, нижнегородтықтарша «о» қарпіне екпін бере сөйлеп: «Енді, жігіттер, жүріңдер, алаңға барайық: ұғасыңдар ма, ондағы қауым бұрын-соңды көрмеген дүниелерді көлденең тартады, күллі жұрт билеп, балақайлар шайтанша өкіріп, құрметті ләпкешілердің танауларының астына шартылдақтарды жарып, мың шақты сыбызғыларды кернейлетіп жатыр... Түсінсеңдер, бірталай өте қызықты цехтық шерулер болады, көшелік тамаша әндерді әуелетеді...» Ал өзінің жасыл көздеріне жас іркілген.

Кеш түсер алдында Екатерина алаңында болдым. Түнеріңкі, ылғалды, Екатеринаның ескерткішін қымтап, бастан-аяқ кірлі, суланған жұлық-жұлық шүберектермен орап, жіппен буған, ағаш қызыл жұлдыздармен жапсырмалап тастапты. Ал ескерткіштің қарсысында – төтенше комиссияның кеңесі, дымқыл асфальтта жаңбырдан солбырайған және содан тіпті сөлекет көрінетін қызыл тулардың сәулесі жидіген қан болып ағып жатыр.

Кешкісін бүкіл қала дерлік қараңғылыққа көміледі: тосын қорлау, жаңа декрет – бар болса да электр шам жағуға рұқсат жоқ. Ал кәресін мен шырағданды ешқайдан таба алмайсың, содан әр жерден, терезе қақпақтарының арасында күңгірт жарық байқалады: қолдан жасалған майшамдар түтіндейді. Бұл кімнің көрсеткен қорлығы? Әрине, сайып келгенде, халықтық қорлау, өйткені халыққа жағамыз деп жасап жатыр. Бұрын «Одесские Новости» орналасқан, кейін большевиктер кірген үйдің қақпасының алдында тұрғын кәрі жұмысшы есімде қалыпты. Кенет қақпаның ар жағынан әлгінде ғана басылған пора-пора «Известияларды» ұстаған айғайлаған балалар тобыры шыға келді: «Одессалық буржуйларға 500 миллион сом соғыс салығы салынды!» – Жұмысшы ыза мен табалаушылықтан таза булығып: «Аз! Аз!» деп аттандады. – Әрине, большевиктер нағыз «жұмысшы-шаруа билігі». Ал бұл күнде ғаламды билеуге, барша мәдениеттің, құқықтық, ар-ожданның, дін мен өнердің аяқ алысын басқаруға шақырылып отырған осынау «халықтың» «бар арманы» қандай екендігі белгілі ғой.

«Германияның жері тартып алынып, соғыс салығы салынбасын!» – «Мінеки, жөн болған!» – «Ресейден бес жүз миллиард сом соғыс салығы алынсын!» – «Аз ғой, аз!»

«Солшылдар» революцияның барлық «ұшқалақтықтарын» ескі режимге, қара жүздіктер – жебірейлерге жабады. Ал халықтың еш жазығы жоқ! Сонсоң халықтың өзі өзгелерді – көршілері мен жебірейлерді кінәлайтын болады: «Мен не? Илья не болса, мен де сол. Осының бәріне душар қылған жебірейлер...»

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар