Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Нодар Думбадзе. Ит ...

17.03.2020 5556

Нодар Думбадзе. Ит 12+

Нодар Думбадзе. Ит  - adebiportal.kz

(әңгіме)

Бұл оқиға қырық бірдің тамызында басталып, екі жылдан кейін аяқталып еді.

…Соғыстың суық демі біздің ауылды арада ай өтпей-ақ шарпып үлгерген. Баршылыққа әбден үйреніп қалған колхозшы мына сұмдықтың арты не боларын ә дегенде аңдай алған жоқ, өзінің шамасы қаншаға жетерін есептемепті, сөйтіп көп үйдің қорасы мен қоймасы тамыздың өзінде тып-типыл болған, ал біздікі тіпті одан да ертерек... Байғұс Спиридон атам еңсесі езіліп ертелі-кеш камин түбінде отырады да қояды, бүткіл шаруашылық енді менің мойныма артылды. Шаруашылық деген аты ғана! Сол жылдары орманнан қанша отын-шөмшек тасығаным есіме түссе, қазір де арқам ауырып кетеді: байғұс шал жылусыз бір күн де өмір сүре алмас еді.

25 тамызда мчадидің соңғы түйірі желінді. Атам қабырға шкафтан аузы тығындаулы он литрлік арақ құйылған бөтелкені алды да былай деді:

— Себетке салып ал да Чохатауриға тарт, бір пұт жүгеріге айырбастайсың. Одан аз ұсынған адамның басына мына арақты құя сал, бөтелкесін шақ та үйге қайт... Тұттан ашытылған, сексен градустай бар, соны түсініп алсын!.. Тап солай.

Атам мұңайып бөтелкеге қарады да ауыр күрсінді:

— Бар енді!

…Бөтелкені шағудың қажеті болған жоқ. Базардан арақтың құнын білетін адам табыла кетті де, мендегі тауардың бағасын бірден шығарып берді. Еш сөзге келместен қабыма бір пұт іріктелген сары жүгеріні аудара салды, қалтама отыздық қызыл құлақтан бірді сүңгітті, сөйтіп бетімнен сипап тұрып келер апта тағы келуімді өтінді.

Бірер минуттан соң мен базардың қарсысындағы асханада тұрдым.

— Котлет барма? – дедім буфетшіге.

— Ал сенің ақшаң бар ма? – деп буфетші қарсы сұрақ қойды.

— Бар!

— Қанша?

— Отыз рубль!

— Көрсет!

— Міне!

— Отыра бер, қазір әкелем!

— Үш адамға! – дедім мен арқамдағы себерті түсіріп, стөлге отырып жатып.

— Сен не, балақай, ақылыңнан алжастың ба? – деді буфетші таңырқай қарап.

— Жоқ, қарным ашты! – дедім мен.

— Картоппен бе, макаронмен бе?

— Екеуін макаронмен, біреуін картоппен. Әрқайсысын жеке-жеке.

— Лимонадтан қанша?

— Үшеу! – дедім де алдын ала белбеуімді босатып қойдым.

Буфетші маған күдіктене қарады, бірақ үндеген жоқ. Үш табақ котлет пен үш бөтелке лимонадты үтелге қойып жатып:

— Жаңағы отыздықты қайда жібердің, а, балақай? – деді мейірлене тіл қатып.

— Міне! – дедім мен де абыройлы түрде ақшаны көрсетіп.

Буфетші отыздықты алды да саусақ ұшымен уқалап көрді, жарыққа тосып қарады, сосын күс-күс халатын түрді де одан да күс шалбарының қалтасын керіп тұрып сонда тастай салды.

— Сен боссың! – деп жымиды да бұрылып жүре берді.

Асханаға тұрқы ұзын, аяқтары қысқа, бүкшиген бір арық қара ит кіріп кетті. Ол маған көзінің қырымен қараған күйі бөлмені бірнеше айнала тіміскілеп шықты, сосын батыл басып жақын келді. Котлетті аяп, мен оған макарон лақтырдым. Ол қақшып алып қылғыта салды. Мен тағы лақтырдым. Келер сәтте менің назарымды аударғысы келген ит жасқаншақтай шылпылдатып езуін жалады.

— Жоғал, сүмелек! – деп буфетші итке айғай салды.

— Аты не бұның? – деп сұрадым.

— Ит біліп пе!

— Кімдікі екен?

— Мен қайдан білем, иесімен бірге құрып кетсін! Кет, жоғал! – деп буфетші итке қолын сермеген.

Ит құйрығын бұтына қысып алды да сыртқа қарай зыта жөнелді.

…Тамақтанып болған соң себетімді алып есікке беттедім.

— Ақшаның қалғаны қайтарылмай ма? – деп үмітті көзбен буфетшіге қарағам.

— Тағы не? – деді тыржиып.

— Ештеңе қалмады ма? – дедім бірден беріле салғым келмей.

— Бар, балақай, жөніңді тап!

Шыға берісте бағанағы итті көрдім – жан-жағына жалтақтай қарап есікке таяп келеді екен.

Он неше қадам аттап үлгергем жоқ, құлағыма иттің жан түршігерлік қаңқылы жетті. Артынша өзі де аяғымның астынан жүгіріп өттіп, көпір астындағы суға қойып кетті, келер сәт жағаға атып шығып құм үстінде қыңсылай шоршып жүрді.

Мен бұрылып асхана жаққа қарағам. Босағадан қолында қазаны бар буфетшіні көрдім. Қазанның буы бұрқырап тұрды.

— Итті ұрдың ба? – деп сұрағам.

— Жоқ, аздап табанын жылтып бердім! – деді жынды кісіше ыржалақтап.

— Есек екенсің! Әкең де есек! – деп айғай салдым.

Буфетші сілейіп тұрып қалды. Сөйтті де зәрі бетіне шығып, білегін жүре түрініп, маған қарай жақындай бастады.

— Тұра тұр бәлем! – деді қалшылдап.

Мен байыппен арқамдағы себепті түсіріп, еңкейіп жерден үлкен тас алдым.

Буфетші тартыншақтап тұрып қалды. Тұрды-тұрды да басын шайқап кері қайтты.

***

Ит күйген тұмсығын алдыңғы аяқтарымен бүркеп, көпірдің астында жатыр екен, мұң шаққандай қыңсылайды. Мені көре сала әуелі жым болды, сосын естілер-естілмес күңк етті. Мен жанына жақын барып, үңіліп қарадым. Байғұстың алдыңғы оң табаны да күйіп қалған екен.

— Қане, бері әкел, қарап жіберейін! – дедім де қарсы алдына тізе бүктім.

«Эх, адамдар, бұларың қайткендерің!» - деді күбірлеп. Сол жақ, жараланбаған көзінен жас парлап жатты. Мен жейдемді шештім де, ортасынан қақ айырып, сулап әкеліп иттің көзін, сосын табанын таңдым. Ауырсынғаны сәл басылса керек, ол маған ризашылықпен бір қарады да тағы жылады. Сол сәт мен де өзімді ұстай алмай, құмға отыра қалып қоса жыладым. Ал ит – сіз оны жануар дерсіз: адамның неге жылағанын жақсы біледі. Жараланған ит баурымен жылжып қасыма таяды да ақырын ғана тұмсығын тіземе қойды...

…Есімде, бірде – ол кезде он төрт жаста едім – Герваси Джабудың қызы – Тинаны Набеглави ауылындағы Арсен Сиамашвилиге ұзатқанда, мен алғаш рет құдайға жалбарынғам: «Жаратқан ием, мына жасыма алты жас қосшы, және Тина сұлуды Арсенге бұйырта көрме...» - деп. Ал қазір міне тағы да іштей жалбарынып отырмын: «Құдай, буфетшінің сазайын берер күш дарыта гөр, ал содан соң жанымды алсаң да еркің!..» Содан қайтіп тілегім орындалса екен деп тап сол жолы, көпір астында иесіз итті құшақтап отырған сәттегідей жалынбаған шығармын...

— Мынауың не?! – деп атам таң қала тіл қатқан, мен себеттен таяқ жеген итті шығарып жатқанда.

— Ит! – дедім.

— Ит емес, қоқсық! – деді де атам жерге бір түкірді.

— Қоқсық тұрғой түгі де жоқ! Буфетші ғой үстіне ыстық су шашып жіберген!

— Себебі болған да. Сұғанақ!

— Бұл аш! – дедім итке жақтасып.

— Қане, шеш шүберектерді!

Мен таңғышты шешіп, атам иттің күйген жерлерін қарады.

— Иә-ә, күйдіретін уақытты тапқан екен, жаналғыш неме! Мына ыстықта жарасы жуыр маңда жазыла қоймас... Жарайды, табанын өзі-ақ жалап жазар, ал көзі...

…Келесі күні таңертең біздің ауладан әупілдеген иттің өні шығып жатты. Жасқана әрі ақырын үреді, бірақ иттің үрігені...

Біз оны не деп атамадық дейсіз – Жек, Жолбарыс, Беляк, Мурка – ит бұлардың біріне де елеңдеген жоқ. Сосын біз оны жәй ғана Ит дей салдық. Арада ай өткенде табаны жазылды, тұмсығындағы жара біразға созылды, күйіктің орнына қою майда жүн өсіп шықты. Сөйтіп бұрын соңды аулымызда болмаған көңілді әрі сүйкімді итке айналып шыға келді.

Қандай да бір өнерімен, шынымды айтсам, көзге түскен емес, бірақ ақымақ та емес еді: балалар мен әйелдерге тиіспейтін, ауылдың барлық тауықтарының арасынан біздің үйдің біздің жалғыз мекиенін жазбай таниды, тіпті оған ұнайтын да. Ал енді еркектер жағына келсек – атам екеумізден басқа жан баласын жақтырмайды. Оларды жек көру Иттің бойында сол баяғы буфетшіден қорлық көрген күні пайда болғанына еш күмәнім жоқ.

Көршілер атама жиі шағымданып жататын:

— Бұл қалай болғаны, Спиридон! Саған қонаққа да келе алмай қалдық қой! Сен мына қаңғыбас итті қайдан тауып алдың! Тіпті ағаш басына да құс қондырмайтын болды, қарғыс атқыр! Қуып жіберетін неменің өзі, тіпті болмаса шынжырлап қойсаң етті!

Атам күледі де қояды. Оның итпен достасқаны сонша, үйден бұны емес мені қуып жіберуге бар. Ит те соны сезеді. Ара тұра, орманға отынға немесе түнде – диырменге барғанда, ізімнен ереді, басқа кезде аса бір құлшыныспен бұйрық күтіп, мұңды әрі сүйіспеншілікке толы көздерін аударып-төңкеріп атамның аяғының астында жатады да қояды. Ағаштан алма не алмұрт үзіліп түссе болды, Ит орнынан қарғып тұрып, торайдың алдын орай тұра жүгіреді де, жерге түскен жемісті қақшып алып атама әкеліп береді. Атам алдымен еркелете сипап, сосын жемісті тазалап, аршып жейді де, қабағын Итке сыйлайды. Сөйтіп әлгінде өзі әкелген алма не алмұрттан Ит те дәм татады. Ал енді Иттің әңгімені қалай тыңдайтынын білсең ғой! Шамасы, атам жүзінші рет қайталап отырған оқиғаға сағаттап құлақ түретін жалғыз тіршілік иесі өзі болуы керек. Әңгіме ұзаққа созылған сайын, Ит те мұқият құлақ түреді, тіпті көздерінен: «Құдай үшін бір сөзін де қалдырмашы!» дейтін жалынышты аңғарғандайсың.

Бірде мен мынадай диалогтың куәсі болдым.

— Еее, достым, мына сұм соғыс болмағанда, шіріген алмұрттың қабығына күнің қарар ма еді?! – дейді атам Итке, мұңая бас шайқап.

— Соны айтам! – дейді бұл басын изеп.

— Еттің де дәмін ұмытып қалған шығарсың, байғұсым?

— Ұмытпағанда! – дейді Ит күрсініп.

— Түк етпейді, әлі-ақ дүние қалпына келеді, - деді атам итке басу айтып, - қарада тұр, Гогитаның әкесі – Арсен келеді, бәрімізге қамқор болады. А? Қалай ойлайсың, сөйтеді ғой ә? – Ит менің әкемді білмейтін, бірақ сонда да құптаған кейіппен бас изеді. Атам сөзін ары қарай жалғастырды:

— Бұл соғыс та түбі бір аяқталар, қарғыс атқыр!.. Мен де аурудан сауғармын. А? Солай емес пе ә?..

Осылайша олар үнемі балконда күнге қыздырынып, әрқайсысы әрнені ойлап отырар еді: атам – соғыстың біткенін, ұлының оралғанын, Ит... Ит, шамасы, ет туралы ойланатын болуы керек...

Ал басқа кезде біздің Ит те әлемдегі басқа иттер секілді. Түнде аулада жатады. Әтештің шақырғанына, мысықтың мияулағанына, шибөрінің ұлығанына үріп белгі беруді өзінің борышы санайды. Аю таудың тасасынан дөңгеленіп шығып келе жатқан айға қарап әупілдейді. Өзінің махаббати шаруаларын тындырады. Бақшадағы жаңа көктеген селдірдің түбіне бір аяғын көтеріп тұрып сіркіретіп сиіп кетеді. Сосын тағы: соғыстағы күйеуінен, ұлы не ағасынан қара қағаз келіп, көріс айтқан бақытсыз әйелдің зары аулақтан құлағына жетсе болды, тұмсығын көкке көтеріп алып қосыла ұлиды.

Күндер өтіп жатты. Біз де соғыс кезіндегі адамдар мен иттер секілді тіршілік кешіп жаттық...

1943 жылдың 22 тамызы түнде ауыл иттерінің үргені, ырылы мен ұлығанынан құлақ тұнды. Кездейсоққа жорып, ол шуға жұрт онша мән бере қойған жоқ.

Таңертең Аслан Тавберидзе бұлақ басынан қатты таланған итті көріпті. Бұл да тосын оқиға саналған жоқ. Жемтікті көміп тастады.

Түсте ауылда бір бөтен адам пайда болады, итін іздеп жүрсе керек. Оны Асыланға жібереді. Мен де сол жерге бара қалдым. Әлгі адам өзін:

— Кирилле Мамаладзе, Хевиденмін, - деп таныстырды.

— Бәрекелді. Не көмек қажет? – деді Асылан да сыпайы түрде.

— Итім жоғалып кетті... Бүгін сіз бір иттің жемтігін көмді дей ме?

— Иә-иә. Көмдік – мен ғой сол адам. Сонда не... өйтпеуіміз керек пе еді?

— О не дегеніңіз, керісінше, назар аударғаныңызға рахмет. Көмген жеріңізді көрсете аласыз ба?

— Әрине.

Мамаладзе иттің жемтігін қазды да, ары-бері қарап көрді.

— Менікі! – деді сенімді түрде.

— Алып кетесіз бе? – деді Асылан мысқылдап.

— Күлетін нәрсе емес! – деді Мамаладзе. – Кеше бұ неме менің баламды қауып алды, сосын қашып кеткен. Пастер станциясындағылар миына анализ жасау үшін басын әкел деп жатыр. Егер, құдай бетін әрі қылсын, құтырған боп шықса, балаға қырық екпе салу керек. Түсініп тұрсыз ба? Қырық екепе? Бала онсыз да әл үстінде!

Мамаладзе күрсінді де қаптан балта алып шықты.

Мен жалт бұрылдым да үйге тарттым.

Менің әңгімемді естіген атам жақтырмай бетін тыржитты.

— Дұрыс болмаған екен! – деді атам қаннен қаперсіз аяғының астында жатқан Итке қарап.

Кешке біздікіне бас сұққан көршіміз Бадриа атамнан мылтығын сұрады.

— Қаруды қайтпексің, Бадриа? – деді атам.

— Итімді атап тастамақшымын.

— Оның не кінәсі бар?

— Сен білмейтін бе едің? Кеше біреудің иті біздің итті талаған екен. Сен де естіп едің ғой, балақай, ана иттің иесі не дегенін! Баланы қауып алған дейді.

— Бірақ ол итім құтырған деген жоқ! – дедім мен.

— Ақымақ! Есі дұрыс ит иесіне тиісеме ме? – деді Бадриа.

Мен жым болдым.

— Ондай іске бола мен саған қару бере алмаймын! – деп атам шорт кесті.

— Сонда немен өлтірем?

— Сойылмен.

— Мен не, жыртқыш па екем? – деп Бадриа өкпелей қалды.

— Онда өзің біл...

Бадриа кетіп қалды.

— Түнде итті қораға қама! – деп бұйыра сөйлеген атам Итті еркелетіп басынан сипады.

Алғашқы мылтық дауысы мен иттің жантүршігерлік қаңқылы Аслан Таверидзенің ауласынан шықты.

— Бүгін қай күн? – деді атам.

— Жиырма үшінші тамыз.

— Варфоломей түні басталды!

Алғашқы қару дауысы екінші, үшінші, төртіншісіне ұласты... Жан-жақтан мылтықтың гүрсілі, иттің үргені мен ұлығаны, еркетердің айғайы, әйелдердің шаңқылы, баланың жылағаны, сиырдың мөңірегені естіліп жатты. Көрші Барианың ауласынан гүрс етті, артынша – Алистархтікінен, міне енді қапталымыздағы Макарианыкінен. Иттің үнінен құлағым бітеліп қалды.

— Байғұс ит!.. Макариа қаруын қайта оқтағанша қиналатын болды-ау жануар – деп күңкілдеген атам дірілдеген қолдарымен құлағын бітеді.

Иттерді аяусыз қыру науқаны бүтін бір сағатқа созылды. Ауыл үсті сағаттап ызы-шу болды. Және соншама уақыт бойы біздің қораға қамаулы Ит ызалана шәуілдеп, сыртқа ұмтылып, есікті тырналаумен болды.

Біртіндеп бәрі тыныштала бастады. Алыстан соңғы рет гүрс еткен дыбыс естілді, сосын өлі тыныштық орнады. Кенет біреудің:

— Э-ге-ге-ге-ей! – деген жеңімпаз айқайы естілді.

— Бітті. Аяқталды... Құдіретті құдай, ауыр күнәмізді кешіре гөр... – деді атам күрсініп.

…Таң атты.

Әтеш шақырды.

Сиыр мөңіреді.

Ешкі бақылдады.

Тауықтар қытқыттап жүр.

Концхоулидың қырқасынан күн көтеріліп келе жатты.

Бәрі баяғыша еді, бірақ сонда да баяғысына ұқсамайтын бір таң еді.

Ауылға бірдеңе жетпей тұрды – көзге түсе бермейтін, бірақ тұрмыста бар, жанға жақын, тумысты бірдеңе. Ал, ауылдың шаңдақ жолымен аяңдап келе жатқан, иығына асқан балтасы бар Аслан Таверидзе жаюлы кірдің ара-арасынан қылаң беріп, иесінің соңында арсалаңдап жүретін салпаң құлақ Тузик көзге шалынбаған сәтте-ақ не жетпей тұрғанын түсіндім: бұл ауылдың ішек-қарнымен араласып кеткен бір мүшесі ит екен – кәдімгі ауыл иті.

1943 жылы 24 тамыздың таңы біздің ауылда итсіз атты...

***

…Біздің Ит күні бойы шарбақтан шыққан жоқ, не тамақ жемеді, не үрмеді. Көзін жұмып, табандарын тарбитып атамның аяғының астында жатты да қойды. Егер іші бір көтеріліп, бір басылып жатпағанда, Итті өлдіге жоруға болатындай.

— Жағдайы қалай? – деп сұрадым атамнан.

— Өткен түнге қайғырып жатыр, - деді ол, - Түк етпейді, әлі-ақ бәрін ұмытады. Атам Итті сипаған еді, тырп етпеді.

Кешке қарай Бадриа қызара бөртіп тағы келді.

— Қайырлы кеш, Спиридон!

— Амансың ба, Бадриа! – деді атам, бірақ қонақты аулаға шақырған жоқ.

— Спиридон! – деді Бадриа имене тіл қатып. – Халық... әлгі... разы емес... Спиридонның ауласынан кеше мылтық дауысы естілмеді деп жатыр...

— Сонда не, соғыс аяқталып па еді? Әлде Арсенім оралды ма екен? Әлде кеше түнде жаңа жылды қарсы алдық па? Ненің құрметіне мылтық атуым керек?

— Спиридон, бір итке бола ауылды өкпелетпе... Өлтіріп таста. Біздің иттер сенікінен нашар емес-тін. Әлде жалғыз мейірімді жан өзің бе едің?

— Жоқ, Бадриа, табытымның басына кеп ұлитын итсіз қалғым келмейді!

— Байқа, Спиридон! Құдай бетін әрі қылсын, егер итің құтырып балаларымды қабатын болса, үйіңді өзіңмен қоса жоқ қылам! – деді Бадриа айбат шегіп, сосын теңселе басып кетіп бара жатқан.

Ымырт үйірілген шақ еді, бірақ мен атамның сұп-сұры жүзін анық аңғардым.

— Бадриа! – деп айғай салды ол.

Бадриа бері бұрылды.

— Тыңда мені, боқмұрын! Тіліңді тартып сөйле, әйтпесе сенің үйіңнің күліне кәрі сүйегімді жылытармын! Ұқтың ба?

Аңтарылып тұрып қалған Бадрианың не ойлағанын білмеймін, бірақ оның орнында мен болсам, сол түні көз ілмей шығар едім: атамның сөзі мен ісі бір екенін ел біледі.

…Түн ортасы ауған шақ, ауламыздың түкпірінен қатарынан екі рет мылтық атылды. Артынша иттің қаңқ еткен ызалы әрі аянышты үні шықты. Мен төсектен атып тұрып, қаруды ала сала мылтық атылған жерге қарай құстай ұштым. Біреу бұтаны бытырлата басып өте шықты. Сосын тапырақтап қашып бара жатқан адамның аяқ дыбысын естідім.

Ит дуал түбінде ақырын қыңсылап жатты. Мен оны көтеріп алдым да үйге жүгіріп келдім. Атам шам жағып үлгерген екен, енді міне камин түбінде тулақтың үстінде отыр. Ол Иттің жарасын қарап, спиртпен шайды да, табак сеуіп, мықтап таңып тастады.

— Түк етпейді, - деді атам, - сүйегі аман.

Ол сұраулы жүзбен Итке қарады. Ит мұңды жанарын атама қадады.

— Кім атты? – деп сұрады атам.

— Білмеймін...

— Ал мынау біледі! Білсе де айта алмайды! – деп басын шайқаған атам Иттің көзіндегі жасты сүртті.

***

Таңертең атам өзін балконға шығаруымды өтінді. Ит ақсаңдай басып атамның ізінен ере шықты да, аяғының астына жата кетті.

Біздің үй төбе басында еді. Атам құдды алғаш көріп тұрғандай, ауылға мұқият көз жүгіртті. Ұзақ үнсіздіктен кейін ол бұрылып маған қарады да ақырын ғана тіл қатты:

— Мыналардікі жөн, балам... ит үшін ауылды өкпелетуге болмайды... Мылтықты ал, Итті де ерт, сосын... Тек ауылдан аулағырақ кетерсің, маған ештеңе естілмейтіндей...

— Ауыл сыртында не істеуім керек? – деп сұраған мен иегім кемсеңдеп, астыңғы ернім қымқырыла бастағанын сездім.

— Көршілеріміздің істегенін істейсің, - деді атам теріс қарап тұрып, - Бара ғой балам...

Мен бөлмеден мылтық алып шықтым да, Иттің мойнына жіп байлап, жетектемек болдым. Ит орнынан қозғалмай қойды.

— Жүр, Ит! – деп жіптен тағы да тарттым.

Ит жалынышты көзбен атама қарады.

— Бар, мынаған ер, Ит! – деді де атам алақанымен бетін басты...

Біз ауылды кесіп өтіп, үлкен жолдан бұрылып, тау баурайындағы өзенге апаратын соқпаққа түстік.

Ит, бағынышты кейіппен ақсаңдай басып кейіппен соңымнан еріп келеді және жол бойы маған бір рет те қараған жоқ.

Біз өзен жағасына келдік. Мен Иттің мойнындағы жіпті шештім де үлкен қойтасқа құйрық бастым. Бетімді суық тер жауып кетті, жүрегім атқақтап тұр. Сәл аптығымды басқан соң иығымдағы қаруды қолыма алдым. Сол сәтте Ит басын көтеріп, мейірімді әрі жалынышты көзбен маған тесіле қарады. Мен оның бұл қарасына шыдай алмай, көзімді тайдырып әкеттім, сосын мылтықтағы екі гильзаны тез-тез суырдым да, өзенге атып жібердім.

Иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Орнымнан тұрып терең тыныстадым да үсті-басымды жөндедім. Ит жасқаншақтай басып қасыма келді де қолымды жалады, сосын кенет тұра жүгірген бойда өзенге қойып кетті, секіріп, аунап, айнала шауып, су шашып ойнап жүр. Жағаға шығысымен сілкінді де қажыған кейіппен құмға жата кетті. Табанындағы жарадан қан саулап, көзінен жас парлап жатты. Бірақ мен тап қазір ант-су ішуге әзірмін – Ит күліп жатты!

— Ал енді бара ғой, Итім! Басың ауған жаққа кет, үріме, адамдарға ырылдама, тіпті солардан аулақ жүруге тырысшы. Сені құтырған санайды да өлтіріп тастайды. Оның несі жақсы. Ауылға аттап баспа! Атамның не дегенін естідің ғой: итке бола халықпен даласуға болмайды! Болмайды! Мен атама өтірік айтатын болдым! Ал сен бара бер, өтінем, ауылға қайтып келуші болма! Мүмкін сен шынымен де құтырған шығарсың! Күнә арқалап қайтесің! Ал, бара ғой менің сүйкімдім!..

Мені түсінді ме, жоқ па білмеймін, бірақ келген ізіммен кері қайтқанымда Ит сол шоңқиып отырған орнынан қозғалған жоқ...

— Ал, қалай? – деді атам.

Мен үнсіз иығымдағы мылтықты алып ұсындым. Ол шақпақты ашып, қосы ұңғы арқылы жарыққа сығалап қарады.

— Саған мынаны айтайын, балам: егер үнемі осылай істер болсаң, тағдырың оңайға соқпайды...

…Арада апта өткенде, түнде, Эквтимэ Сирадзенің шарбақта тұрған ешкісін шибөрі жарып кетті.

Тағы үш күннен кейін біреудің тауық қорасына түлкі түсіп, үш тауығын көтеріп кетіпті.

Сосын белгісіз біреу Аслан Таверидзенің он пұттық құмырасын жылан жалағандай қылып босатып кеткен.

Тапайдың тал түсінде Бердзенишвилидің сиыры біздің ауладағы төрт ағашты тып-типыл қылғанын көріп – атам қатты өкпелеп еді.

Соның артынша ауылдағы Нина Дзнеледзенің сауын сиыры мен Сипито Матиташвилидің тұқымдық бұқашығы ұшты күйлі жоғалып кетті.

Бір күні түнде Кирилле Титмеридің қорасынан сегіз пұт екшелген жүгерісін үптеп кеткен.

Халық ойбайға басты. Ұрыс-керіс, күдік-күмән жайлап алды, бірімен бірі соттасуға дейін, ақталып, ант-су ішісуге дейін барды.

Ауылдан береке кетті.

***

15 қазанда шелекеп жаңбыр жауды, ел мұндайды бұрын соңды көрмесе керек. Губазоулиде тұрған диірменді сел ағызып әкетті.

16 қазанда атам маған Горабережоулидегі ғайыптың күшімен аман қалған диірменге баруды бұйырды.

Менің жүгерім түн ортасында тартылып болды. Сөйтіп ұн толы қапты арқама асып жүргелі тұр едім, кенет диірменнің есігі шалқасынан ашылып, табалдырықтан Кирилле Мамаладзе аттап келе жатты.

— Қалайсың, Теофан! – деп диірменшімен амандасты. Кирилле мені таныған жоқ.

— Балаңыздың жағдайы қалай? – дедім мен Мамаладзеге.

— Қай баланы айтасың?

— Әлгі құтырған ит қапқан.

— А-а-а, соны айтасың ба? Ит сап-сау болып шықты ғой!

— Не дедіңіз?!

— Ештеңе емес! Ит құтырмаған екен...

— Құтырмаған дейсіз бе?!.. Ал сіз... Ал олар... Қарабетсіз, Кирилле Мамаладзе! Қарабетсіз! – дедім көзім бұлдырап, сөлбірейген қалпы қаптың үстіне сылқ етіп отыра кеттім.

— Теофан, мына надан кімнің баласы? – деді Мамаладзе диірменшіге таңдана қарап.

— Кімнің баласысың? – деп диірменші менен сұрады.

— Ешкімнің! – деп дүңк ете түстім де, қоштаспаған күйі диірменнен шығып жүре бердім.

17 қазанда диірмендегі кездесу жайлы атама айтсам ба, айтпасам ба деп күні бойы ой үстінде жүрдім. Ақыры айтудың қажеті жоқ деп шештім.

18 қазанда атам төсектен тұрғысы келмеді.

20 қазанда оның қалауымен үйден шыққам жоқ.

25 қазанда атамның оң қолы мен аяғы ісіп кетті.

27 қазанда ол мені қасына шақырып алып, қойманың кілтін табыстады.

28 қазанда атам мені қарсы алдына, аласа орындыққа отырғызып қойып былай деді:

— Дүниедегі бәр нәрсенің басы мен аяғы бар, балам... Бүгін болмаса, ертең менің де ақырғы күнім келеді... Кетуің керек, бірақ қайда баратыныңды білмейсің – бұл өте қорқынышты нәрсе. Сондықтан да жасырмай шынымды айтайын – мен өлімнен қорқамын... ал сен қорықпа, балам!.. Егер ана жақта, о дүниеде ештеңе жоқ болса, онда қорқудың да қажеті жоқ! Мен бұл өмірге қайта оралам, басқа кейіпте оралам – ағаш, шөп, құс, мүмкін ит... Сөйтіп үнемі сенің қасыңда боламын!.. Мен сені ешқашан жалғыз тастамаймын! Есіңде болсын, балам, саған жылу мен қуаныш сыйлайтын нәрсенің бәрі – тіпті қара тас болса да – ол мен деп біл, өзіңнің кәрі атаң. Сондықтан өзіңді ешқашан жалғыз қалдым деп ойлама, жалғыздықтан қорықпағын... Сенен бір-ақ нәрсе өтінем – туған үйімізді тастап кетпе, ошағымыздың отын өшірме!.. Сенің әкең оралады – сонда оған осы үйден от, бір түйір мчади мен стақан шарап табылуы керек. Қалғанын өзі жайғар... міне, бір апта болды түсіме о дүиеліктер кіріп жүр, ал сенің әкеңді бір рет те көргем жоқ. Демек ол тірі! Оның туған үйі мен абыройлы атын сақта, балам!.. Соғыс та аяқталар! Соғысты бастаған адамдар, нүктесін де солар қояды. Ал енді бара ғой, көбірек отын әкел...

Сол түні көз ілмедім. Атам да каминдегі алаулаған отқа үнсіз телміріп, әлденеге жымиумен болды.

29 қазанда жағдайы ауырлап кетті. Мен оның басын көтеріп, жастығын қабаттап салдым.

— Келе жатыр, әне келе жатыр, жарылқаушым, бірақ өте баяу жылжып келеді... – деді ол.

30 қазанда атам мені тағы шақырды:

— Дайын бол, балам... Ертең ол жүрекке жетеді... Сен қорықпа... Не істеу керегін көршілер өздері біледі... Тек үйде мені жоқтап дауыс салатын әйелдің жоғы өкінішті.

1 қараша, түн ортасында атам төсегінен түсіп, бөлменің ортасына келіп тұрды.

— Гогита, мен оны көрдім! – деді ол. Дауысында қайғының табы бар еді.

— Кімді, ата? – дедім мен төсегімнен қарғып тұрып.

Атам үстел үстіне екпеттей құлады, сосын төмен қарай ақырын сырғып бара жатып шалқасынан түсті.

— Ата! – деп айғай салдым, - Ата!

Атамның тынысы тоқтаған еді.

Бәрі менің мейірімді де абыз атам қалағандай болды...

Мен киініп, барлық есік-терезені аштым да балконға шықтым.

2 қарашаның таңы атты.

Суық әрі айнадай жарқыраған аспанда жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп жатты.

***

Мен аулаға шықтым да шық тұнған шөппен жалаң аяқ жүрдім. Суық діріл тұла бойымды шарпып өтті... Жиналмаған жүгерінің сабағы сусылдады... Алмұрт ағашының тұсынан өтіп бара жатып, еріктен тыс еңкейіп, жерден алмұрт алдым да бір тістедім, сонда ғана аузым құрғап қалғанын сездім.

Сабырлы түрде қақпаны ашып, жолдан өттім де, көршінің шарбағына барып дауыстадым:

— Маргалита!

Ешкім жауап қатпады, әлі ерте болатын. Мен қаттырақ айқайладым.

Есік сықырлап, балконға ұйқылы-ояу әйел шықты.

— Бұл кім?

— Мен ғой, Гогита!

— Не керек?

— Сыртқа шықшы, шаруам бар.

— Сен не, массың ба, балақай?

— Атам қайтыс болды, Маргалита… Жоқтау айтатын ешкім жоқ... Сенен соны өтінем...

— Не айтып тұрсың!

— Иә, атам қайтыс болды. Өтінем сенен, Маргалита, бас тартпашы...

Маргалита ештеңе демей – шашы таралмаған, жалаң аяқ – сатымен төмен жүгіріп түсті. Екеуміз біздің үйге таяғанда, мен оны алға өткіздім. Әйел сатыны басты да, кенет тоқтай қалып, абыржып маған қарады.

— Қорықпа! – дедім сыбырлап, сосын өзім дымқыл шөпке отыра кеттім.

Маргалита балконға шықты да ауылға жүзін бұрып, шашын жайып жіберді...

Атамды 1943 жылы 4 қараша, жексенбі күні жерледік.

Түс ауа ел ағыла бастады. Туыстығына немесе тұрған жерлеріне қарай топ-тобымен келіп жатты. Көңіл айтушы топтың алдында дауыс салағандар мен қаралы гүл ұстаған екі бала келе жатады.

Қаралы үйдің бар шаруасын мойындарына алған көрші әйелдер атамнан гөрі мен үшін көбірек қайғырды:

— Бақытсыз ба-ла-қааай, жапа... жапа-дан жалғыз қалай күн көрер екенсің, байғұс жетіме-е-ек!..

Қолыма қара шүберек байлап есік алдында тұрған мен, ешқандай жылап-сықтаусыз көңіл айта келгендердің қолын алып тұрдым.

— Сен жыла, жылап ал, Гогита, жеңілдеп қаласың! – деді Маргалита құлағыма сыбырлап. Мен келіскендей бас изедім.

Балкон, аула, тіпті жолға дейін кісіге толып кетті. Үйіріліп, дауласып, кесім айтып, жаңалық сұрасып, тіпті күліп тұрғандар да болды...

Кенет жұрт гу ете түсті. Әуелі дүрліге шулаған, артынша өлі тыныштық орнады. Адамдар жырылып жол ашты да, дәлізде ошарылып тұрғандардың сабалақ жүнді, үсті басы сауыс-сауыс, тікенек-тікенек Итке көзі түсті. Ит адамдарға назар аудармаған күйі ауланы көктей өтіп, балконға көтеріліп, атамның бөлмесіне үңілді. Ол жерден ешкімді таппаған соң, залға кірді де, табытқа жақындап келіп, артқы аяқтарымен тік тұрып, алдыңғы аяқтарымен диванға асылған күйі мойнын созды да... қатып қалды. Ит атамның байсалды, мейірімді әрі сұлу жүзіне ұзақ үңілді, сосын бұрылып менің қасыма келді де үнсіз аяғымның астына жата кетті.

— Құдай жар болсын! – деп қалды біреу.

Сол-ақ екен өзімді тежей алмаған мен қолыммен бетімді басып, өкіріп жыладым.

Кешкі бестерге таман тағы бір ғажайыптың куәсі болдық.

Бөлмеге Бадриа кірген. Менің аяғымның астында жатқан Итті көрген бетте ол әуелі шошып қалды да, артынша бойын жинап, жағдайға қарай жүзін құбылтып маған қарай жүрген. Ит те атып тұрып, жоны күдірейіп, азуын ақситып ызалана ырылдады.

Бадриа шегініп, Ит алға ұмтылды.

— Жә, жә, кет әрі! – деді Бадриа жүзі сұрланып.

Ит одан ашулы көздерін алар емес.

— Қайтқан кісіге көңіл айтайық та! – деді Бадриа қызарақтай жымиып.

Ит ызалана ырылдап оған таяй түсті.

— Мынауыңа бірдеңе десеңші! – деп сасқалақтаған Бадриа маған қарады.

«Ал мынау біледі! Білсе де айта алмайды!» - атамның осы сөзі есіме түсті:

— Бадриа, үйден шық!

«Егер үнемі осылай істер болсаң, тағдырың оңайға соқпайды», - атамның және бір айтқаны есіме түсіп, жаңағы сөзімді тағы қайталадым:

— Бадриа, кет менің үйімнен!

Бадриа кетіп қалды.

***

Таңертең әлдебір айқайдан оянып кеттім. Дамбалшаң балконға атып шыққам.

— Гогита, қарғыс атқыр итіңнің жағын қарыстыр, қауып ала жаздады! – деп орындығын алуға келген көршім айғайлап тұр екен.

…Мен ауылға барлай көз тастадым.

Үйлердің үстінде жеңіл ақ түтін керіліп тұр екен.

Әтеш шақырды.

Сиыр мөңіреді.

Ешкі бақылдады.

Тауықтар қытқыттап жүр.

Концхоулидің төбесіне күн көтеріліп келе жатты.

Бойымды бір жылу кернеп, құлағыма қоңыраудың көңілді үні жетті.

Менің ауламда ит үрді.

Орыс тілінен аударған Нұрлан Қабдайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар