Бұл оқиға 1969 жылдың ақпан айында Бостонның солтүстігінде, Кембриджде болған еді. Мен оқиғаның ізін суытпай сол кезде жазып алмадым, өйткені, менің бірінші ойым ақыл есімнен айырылмас үшін ұмыту болатын. Енді міне, 1972 жылы, егер мен мұны әңгіме етсем, оқырмандар бәрін ойдан шығарды деуі мүмкін, өткен жылдар осы оқиғаға мені де дәл солай қарауға мәжбүр етуі мүмкін.
Сол сәтте мен көп нәрсені басымнан өткіздім, алайда ең қиыны ұйқысыз өткен түндер болды. Бұл оқиға адамдарды толғандырады дегенді де білдірмейді.
Сағат таңертеңгі он болатын. Мен Чарльз өзенінің жанында орындық арқалығына шалқая керіліп отырдым. Оң жағымда, менен бес жүз қадам жерде биік мұнара тұрды, оның қалай аталатынын білмеймін. Өзен суы мұз қатпарларын ағызып жатты. Әрине, өзен өткен уақыт туралы ой салды. Гераклит салған мыңжалдық сурет. Кеше түнде тыныш ұйықтадым: студенттерге кеште оқыған дәріс ұнаса керек.
Айналада бір жан жоқ еді.
Кенет маған бір нәрсе көрінгендей болды (психологтар мұны жалпы шаршағаннан деп түсіндіреді) мен бұрын бұған ұқсас нәрсені көрген едім, бұрын да сезінген едім. Менің жаныма келіп орындыққа біреу отырды. Мен жалғыз отырғым келсе де, әдепсіз көрінбейін деп орнымнан тұрып кетпедім. Қасымдағы басқа біреу бір нәрселерді әндетіп ысқыра бастады. Мен таңертеңнен бері алғашқы ішкі толғанысты бастан кештім: ол Элиас Регулестің аргентиналық «Ескі лашық» әнінің әуенін ысқырып, не ысқыруға тырысып отырды (менің есту түйсігім аса емес еді). Әннің әуені мені жоқ ауланың ішіне түсіріп, бұдан көп жыл бұрын қайтыс болған Альваро Мелиана Лафинурды еске салды. Содан кейін оныншы жылдары айтылған әннің сөздері естілді. Әннің әуені Альвароға ұқсамады, бірақ орындаушы Альвароға еліктегені анық. Мен дауысты шошып барып таныдым.
Қасымда отырған көршіме жылжи түсіп:
- Сеньор, сіз уругвайлықсыз ба, әлде аргентиналықсыз ба? - дедім.
- Мен аргентиналықпын, он төртінші жылдан бері Женевада тұрамын, - деп ол жауап берді.
Ұзақ үнсіздіктен кейін мен одан тағы:
- Маланьяда, он жетінші нөмірлі, орыс ғибадатханасына қарама-қарсы үйде тұрасыз ба? - деп сұрадым.
Ол растап басын изеді.
Онда сіздің атыңыз Хорхе Луис Борхес ғой. – Біз қазір 1969 жылы Кембридж қаласында тұрмыз, - дедім.
- Жоқ, - деді, ол менің өзімнің даусыммен, аздап алыстан жауап бергендей болды.
Екі-үш минуттан кейін ол өзіне сенімді дауыспен:
- Жоқ, мен Ронадан бірнеше метр жерде Женевада орындықта отырмын. Ең қызығы, біз өте ұқсаспыз, бірақ сіз менен әлдеқайда үлкенсіз, ақ шаштысыз, - деді.
Мен оған:
- Дәлелдей аламын, өтірік айтпаймын. Үй ішіндегілер ғана білетін нәрселерді айтайын. Біздің үйде үлкен атамыз Перуден алып келген бұралған ұзын аяғы бар күміс мате, ер-тоқымға байланатын күміс ыдыс бар. Сенің бөлмеңдегі кітап шкафтың сөрелерінде екі қатарда кітаптар тізіліп тұр. Сөрелерде әр тараудан кейін өрнектелген және түсініктемелері ұсақ қаріппен жазылған Лейннің «Мың бір түн» кітабының үш томы; Кишердің латын сөздігі, Тациттің латын тіліндегі және Гордон аудармасындағы «Германия» кітабы, Гарнье баспасынан шыққан «Дон Кихот», Ривера Индартенің авторлық арнау жазылған «Қанды театры», Карлейлдің «Sartor Resartus», Амьеля өмірбаяны кітаптары және қалың томдардың артында жасырын тұрған Балқан халықтарының жыныстық әдет-ғұрыптары туралы әбден тозығы жеткен кітап бар, - деп жауап бердім. Мен Плас Дюбурдың жоғары бөктерлеріндегі қас қарайған шақты да айтуға ұмытпадым.
- Дюфур, - деп ол мені түзеді.
- Жақсы. Дюфур болсын, енді сенің көзің жетті ме?
- Жоқ, - деп жауап қайырды. - Мұның бәрі дәлел емес. Егер мен сізді түсімде көріп отырсам, менің білетінімді сіз де білуіңіз керек.
Оның мұндай ескертуі орынды еді. Мен оған:
- Егер бұл таң болса, кездесу тек түсімізде болса, екеуімізде ол ұйықтап жатып түсінде армандайды деп ойлауға қақымыз бар. Біздің оянуымыз да мүмкін, оянбауымыз да мүмкін. Әйтсе де мен бір нәрсені білемін «біз осы түсті өңімізде деп қабылдауымыз керек, ғаламды қалай қабылдайтындай, өмір сүріп, көзімізбен көріп, дем алып, ауа жұтатындай қабылдауымыз керек», - дедім.
- Ал ұйқы ұзаққа созылса? -деді, ол мазасызданып.
Оны да және өзімді тыныштандыру үшін:
- Несі бар? Менің түсім, міне, жетпіс жылға созылып келеді, – дедім оған еркінсіп. - Сайып келгенде, егер сенің есіңде шығар, өзін-өзі кездестірген адамдар болмаған. Бұл қазір тек бізбен, екеумізбен ғана болып жатыр. Мүмкін менің өткен өмірімнен сенің келешек өміріңде болатын кейбір нәрселерді білгің келмей ме?
Ол үнсіз тағы басын изеді. Мен ойыма келген барлық нәрселерді оған айта жөнелдім:
- Анам тірі, сау, Буэнос-Айрестегі Чаркас пен Майлу көшелері үйіне жақын жерде өмір сүріп жатыр; әкем отыз жыл бұрын жүректен қайтыс болды. Бірақ сал ауруы оны бұрын жеңді, оның денесінің сол жақ жартысы солып, оның сол қолы алыптың қолында сәби қолы жатқандай оң қолы үстінде салбырап жатты. Ол өлімді асықтырып өмірден кетті, бірақ ауруға бола бір ыңырсыған емес. Біздің әжеміз сол біздің үйде қайтыс болды. Өмірінің аяғына бірнеше күн қалғанда әжем бәрімізді жинап: «Мен асықпай, ақырын, өлетін кәрі кемпірмін. Әбігерленіп, әуреленіп қажет жоқ: өлім әдеттегі нәрсе», - деді. Сенің әпкең Нора күйеуге шықты, екі ұлы бар. Айтпақшы, олар қалай тұрып жатыр?
- Өте жақсы тұрып жатыр, әкем, өзінің әдетіндей дінді мазақ қылады. Кеше түнде ол Иисус та біздің гаучо сияқты, бірдеңеге ұшырап қалғанды ұнатпайды, сондықтан да астарлап айтқанды жөн көретінін айтты.
Ол сезіктеніп, менен:
- Ал сіз қалай өмір сүріп жатырсыз? – деп сұрады.
- Сен жазатын кітаптардың санын білмеймін, білетінім олардың саны тым көп. Сен өлең жазасың, артынан фантастикалық әңгімелер жазасың, олар саған ғажап қуаныш сыйлайды. Сенде әкең сияқты, біздің тұқымдағы басқалар сияқты сабақ бере бастайсың.
Ол менен жазған кітаптарым сәтті не сәтсіз шықты ма деп сұрамағанына ырза болдым. Ол әңгімені басқа сарында жалғастырды:
- Егер тарихқа жүгінсек. Сол қарсыластардың қатысуымен тағы бір соғыс болды. Франция тұтқынға тез берілді, Англия мен Америка Гитлер деген неміс диктаторымен шайқасты, содан кейін Ватерлоо шайқасын қайталады. Мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылы Буэнос-Айреске дейін біздің тұңғышымызға өте ұқсас екінші нөмірлі Розасана дүниеге келді. Елу бесінші жылы Кордоба провинциясы бұрын Энтре-Риосты құтқарғандай бізді де құтқарып қалды. Қазір жағдай күрделі. Ресей жер жүзінде өз ықпалын күшейтуде, Америка демократияның жауы ретінде танымал болудан қорқып, империя болуға батылы бармайды. Біздің еліміз барған сайын жершілдікке терең батуда. Жершілдік пен жалған намыс оның көзіне шыққан бір сүйел сияқты. Егер латынды оқытуды бір күні гуарани дәрістерімен ауыстырылса мен оған таң қалмас едім.
Мен оның тыңдамай отырғанын байқадым. Ол түсінбестіктен, маған ашылудан қорқып тырп етпей отырды. Мен әке болған емеспін, бірақ та жақын отырған мына бишара бала менің нәзік сезімдерімді оятқан болды. Мен оның қолында майыстырып отырған кітапты көріп, не оқып жүргенін сұрадым:
- Федор Достоевскийдің «Қиялилары», дәлірек айтсам, «Сайтандар» романы - деп, мақтанышпен жауап берді.
- Есіме түспеді. Саған ұнай ма? – деп сұрадым.
Сөзім аяғына жетпестен қойған сұрағымның орынсыз екенін түсіндім.
- Орыс классигі, одан артық орыс жанына ешкім терең барған емес деп тақылдап жауап берді. Өзінің сөзге шешен екенін көрсетіп, ағыннан жарылып, маған ол тынышталғандай көрінді.
Мен одан бұл классиктің басқа тағы қандай кітаптарын оқыдың?- деп сұрадым. Ол екі-үшеуін оқығанын, оның ішінде «Телқосақты» айтты. Мен одан Джозеф Конрадты оқығандай оның да кейіпкерлерін анық түсіне аласың ба, толық шығармалары жинағын оқып шығу ойыңда бар ма? - дедім.
- Шынын айтсам жоқ, - деді, ол күтпеген жерден.
Мен оның не жазып жүргенін сұрағанда «Діни қызыл жырлар» деп аталатын поэтикалық жинақ әзірлеп жатқанын, сондай-ақ «Қызыл ырғақтарды» жазу туралы да ойланып жүргенін айтты.
- Неге тырыспасқа? - Сен алдыңдағы атақты ақындарға сүйене аласың. Рубен Дарионың көк өлеңдерін, Верленнің сұр өлеңін есіңе түсір, - деп оған қолдау білдірдім.
Ол менің сөзіме құлақ аспай өзінің кітабы жер жүзіндегі адамдардың бауырластығы туралы екенін түсіндірді. Біздің заманның ақыны дәуіріне қарсы тұрмауы керек - деді.
Көп ойланып, одан шынымен де барлық жерлеу рәсімдерін салтанатты өткізетіндерді, барлық хат тасушыларды, ақшаға бола барлық суға сүңгитіндерді, ғимарат көше тротуарларында түнейтіндердің барлығын; сайлауда дауыс беруге құқықтары жоқтарды және тағы басқалардың бәрін өзінің бауырлары санай ма деп сұрадым.
Ол өзінің кітабы езілгендерге, еркі жоқ халықтарға арналғанын айтты.
- Сенің езілгендерің, еркі жоқ парийлер дегендерің бар болғаны абстрактілі ұғым. Егер біреу бар болса ол жеке индивидум ғана. «Бүгінгі сен, енді кешегі емессің» - деген бір грек. - Біз екеуміз осы орындықта отырып, Женевада ма, Кембриджде ме бұған дәлел бола аламыз, - дедім.
Тарих тақтайшаларында жазылғандардан басқа ұмытылмайтын оқиғалар жалынды сөз тіркестерінсіз жазылады. Адам өлерінің алдында көз алдына не бала кезінде көрген өрнек суретті еске алады, сарбаздар шайқас алдында әр нәрсе туралы не өзінің сержанты туралы сөйлескісі келеді.
Біздің кездесу бұрын болмаған кездесу еді, шынын айтқанда, біз оған дайын емес едік. Кінәлі деп санамаңыз, біз әдебиет пен тіл туралы сөйлестік, әдетте журналистерге айтқандардан артық мен оған жаңа ештеңе айтқан жоқпын. Менің «alter ego» нәпсім оған сөз тауып, шешен сөйлеп, ашылу керек деп ойлады, алайда менің сөзім өзімнің қиялымнан туған кейіпкерлердің, жалпы түсінік ұғымдарымнан туған адамның қартаюы, құлдырауы, түсі, өмірі, уақыты және ағыс сумен жарысын білдіретін сөздер еді. Мен оған бірнеше жылдардан бұрын кітаптарымда жазған ойларымды айтып бердім.
Ол мені әрең тыңдап отырды. Содан кейін ол бірден:
- Егер сіз мен болсаңыз, 1918 жылы Борхес екенін айтқан қарт сеньормен кездескеніңізді ұмытып кеткеніңізді қалай түсіндіресіз? - деді.
Мен мұндай ыңғайсыз сұрақ қояды деп ойлаған емеспін, оған нақтылы жауап бере де алмадым:
- Оқиға сол сәтте таңқалдырғаны сонша, оны ұмытуға тырыстым, - деп жауап бердім. Ол:
- Ал сіздің есте сақтау қабылетіңіз нашарлады ма? - деп ұялыңқырап барып, шешіліп сұрады.
Мен өзімнің әлі жиырмаға тола қоймаған балаға жетпістегі еркек жартылай өлік болып көрінетінін түсіндім.
- Жалпы, бірдеңелерді ұмытқанға ұқсаймын, бірақ өзіме артқан нәрселерге төтеп бере аламын. Мен ағылшын тілін үйреніп жүрмін, класта ең соңы емеспін, - деп жауап бердім.
Біздің әңгіме адам түсінде болмайтындай ұзақ уақытқа созылды.
Маған күтпеген жерден ой келіп:
- Мен саған осы сәт өңімізде болып жатқанын дәлелдей аламын, сен мені шынымен өңіңде көріп тұрсың. - Сен ешқашанда оқымаған, бірақ есіме түскен мына өлеңді тыңдашы, - дедім. Мен ақырын осынау ғажап өлең жолдарын:
- L'hydre-univers tordant son corps caill d'astres* оқып бердім.
Мен оның таңырқап тұрған көз жанарынан тіпті қорқынышты көрдім. Ол үндемей ішінен өлеңді қайталап, осынау керемет сөздерден ләззат алды.
- Шынында да ғажап екен, - деп ол міңгірлеп. - Мен мұндай ғажап нәрсені ешқашанда жаза алмас едім, - деді.
Гюго бізді жақындастырды.
Бұның алдында ол өлеңді ықыласымен жатқа оқыды, оның оқыған өлеңі Уолт Уитменнен шағын үзінді екені, өлеңде ақын түнде екеуі теңіз жағасында нағыз бақытқа бөленген сәтін есіне түсіреді.
Мен өз кезегімде оған:
- Егер Уитмен түнді жырлап, ол түнді аңсаған болса, өкінішке қарай түн болмаған ғой, сірә. Поэмада өткен қуаныш емес, ақынның құштарлық сезімдері таңдандырады, - дедім.
Ол маған түнере қарап, дауысын шығарып:
- Сіз оны білмейсіз, Уитмен өтірік айта алмайды! - деді.
Жарты ғасыр бекер өтпейді. Екеуміздің әңгімеден әр түрлі дәрежедегі, әр түрлі талғамы бар оқыған екі адамның бірін бір түсінбейтінін байқадым, ал мұндай кезде әңгімелесу қиын еді. Біз екеуміз де күлкілі едік, келемеж едік. Сосын әңгімеге осынша уақыт бөлетіндей тым жасанды болатын. Дауласу немесе ақыл айтудың да қажеті жоқ еді, өйткені оның өткен өмірі менің өмірімнен сөзсіз аумайтын еді.
Маған Колридждің қиялдарынан бір оқиға есіме түсті. Бір адамға жұмақта серуендеп жүргені түсіне кіреді, онда түсін растау үшін оған гүл сыйлайды. Оянған кезде әлгі адам жерде жатқан гүлді көреді. Мен де дәл сондай нәрсені қайталағым келді.
- Тыңдаңызшы, сенде қолма-қол ақша бар ма? - дедім.
- Иә, жиырма франк бар, мен бүгін кешке Симон Жиклинскийді қолтырауын етіне шақырғанмын, - деді.
- Симонға сәлем айта бар, ол Каружада медицинаны жатқа оқып, адамдарға көп жақсылық жасайды. Жарайды, маған бір ақшаңды берші.
Ол үш күміс франк пен ұсақ-түйек монеталарды қолына алып, маған күміс монетаны ұсынды. Мен оған әр түрлі құны бар, бірақ әрқашан бірдей пішіндегі ерсі көрінетін американдық ақшалардың бірін бердім. Ол оны қызығып қарады.
- Мүмкін емес - деп айқайлап жіберді. Мұнда 1964 шығарылған жылы көрсетілген! (Бірнеше айдан кейін біреу маған банкноттарға күн қойылмайтынын айтты.)
- Мұның бәрі ғажап, - деп әрең сөйлеп, - ғажайыптар маған әрқашанда үрей туғызады. Лазарьдың қайта тірілгенін көргендердің зәрелері ұшып кетер еді.
Біздің әңгіме алға баспады, кітаптар туралы бір сарында әңгімеге ұласты.
Ол банкнотты жыртып- жыртып тастады, маған монетаны қалдырды.
Мен оны өзенге лақтырып тастауға шештім, ұшып барып суға күмп ете түскенде, осы оқиғаның шындығын көрсетер ме еді, бірақ тағдыр басқаша шешілді.
Мен табиғаттан тыс нәрселер қайталана берсе, қорқынышты болудан қалады –деп, оған екі түрлі дәуірде, екі түрлі жерде тұратынымызды дәлелдеу үшін осы жерде ертең кездесуді ұсындым.
Ол бірден келісіп, сағатына қарамастан кететін уақыт болғанын білдірді. Біз екеумізде өтірік айтып, мұны жақсы білдік. Мен оған менің артымнан қазір адамдар келеді дедім.
- Сіздің артыңыздан келе ме? - деп ол таңырқап қарады.
- Иә. Сен менің өңімде болғанда, мүлдем көру қабілетіңді жоғалтар едің. Сен сары түсті, көлеңкені және күнді ғана көре аласың. Бірақ уайымдама. Біртіндеп келетін соқырлық сондай ауыр қайғы емес. Бұл ымырт жайлап, кештің батқаны сияқты.
Біз жанаспай қоштастық. Келесі күні мен ол жаққа бармадым. Басқа біреуде бармаған шығар.
Мен кездесу туралы көп ойландым, ешкімге тіс жармадым. Меніңше, енді ғана ақиқатына жеттім. Кездесу шынында болды, ал басқа біреу менімен түсінде сөйлесті, сондықтан да мені ол ұмытуы мүмкін. Мен онымен өңімде сөйлестім, сондықтанда кездесу осы күнге дейін маған маза бермейді.
Басқа біреу мені түсінде көрді, бірақ жеткілікті анық көрген жоқ.
Түсінікті болғаны басқаға мен елес көріндім, доллар жылының болмауы да содан.
____________________________________________________
* Жылан – Жұлдыз жылтыр - қабыршық денесін ирелеңдеткен (франц.)
Тәржімалаған Салауат Кәрім
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.