Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Винсент Ван Гог. Кеше біз қандай болсақ, бүгін де ...

15.02.2024 745

Винсент Ван Гог. Кеше біз қандай болсақ, бүгін де сондаймыз... 14+

Винсент Ван Гог. Кеше біз қандай болсақ, бүгін де сондаймыз... - adebiportal.kz

«letters to brother Theo» (Теоға жолданған хаттар) кітабынан

Күнделікті шаруаларымның көптігінен уақытым жүйрік жылқыдай жылдам, күндерім күрмеуге келмейтін жалқындай тым қысқа. «Pas un jour sans une ligne» (фр.Ниднябезстрочки).

Егер мен күн сайын оқу, жазу, жұмыс жасау және іздену мен жанұшыра айналысатын болсам, сөзсіз түбі бір нәрсеге қол жеткізерім анық.

Корнелиса көкем бүгін менен: "Жеромның "Фринасын" сұлу деп есептейсің бе?" - деп сұрады. Ал мен өз көзқарасым бойынша Израэлстің яки Милленің салған ұсқынсыз әйелдері оған қарағанда әлдеқайда биік екендігін айттым. Шын мәнінде бұл Фринаның сұлу мүсіні несімен бағалы? Бұл өмірде сыртқы тәни сұлулыққа жыландар да ие, олар, тіпті, адамдардан да сұлуырақ деуге болады. Ал Израэлс пен Милле яки Эд Фрер салған адамдардың "Жанды бейнесі" жыландарға тән емес. Өмір бізге тәни сұлулықтан қағылсақ та, жан байлығына ие болу үшін берілген жоқ па?!

Баяғыда бір адам қаншама күн қатарынан шіркеуге барып, Құдайдан қалағаны орындалуын тілеп, құлшылық жасап жүрген болса керек. Бір күні кезекті шіркеуге бара жатқан жолында "Менің әу баста теріс жолға түсіп кеткендігімнен ендігі бар тыраштануымның мән-мағынасы жоқ болып шығуы мүмкін бе? Еһ, осылай құлшылық қылып жүрген кезімде, бұл жолсыздық пен белгісіздіктен айығып, ең соңында тілегім орындалып, жеңіске қол жеткізетініме кепілдемем болғанда ғой", - дей бергені сол-ақ еді, әлдебір дауыс "Сенімді болғанда не істер едің? Сен ақыр соңы күмәнсіз нәтижеге қол жеткізетініне кепілдігі бар адамдай- ақ жұмыс жаса" деген екен... Бұл аңыз адам бойындағы "сенім" атаулының құдіретін айқындайды...

Адам сүюі керек... Қалтқысыз сүюі керек... Яки адами күш-қуат маxаббатпен бекітіледі... Маxаббатпен өлшенеді... Егер Сенің жаныңды Милленің "Қарлығаштар", яки "Күзгі үміт", "Бозторғай", "Бұлбұл", "Мен көрген әлдебір әйел", "Өзім сүйген біртүрлі қала" туындылары елеңдетсе, бұл олардың боямасыз шынайы маxаббатпен салынғандығынан ғана...

Адам өз сезімдерін мағынасыз, түкке тұрғысыз, керексіз дүниелерге сарп етпей, шынайы маxаббатқа лайық бір нәрсені өзгеріссіз сүйіп өтсе ғана, тамырын тереңге жаймақ. Өзіңе өзің бекіткен қатаң қағидаттармен өмір сүрсең, бойыңда езілгіштіктен ада, дауылдар мен жауындардан қаймықпас ұстамдылық пен қатты мінез қалыптастыра аласың...

Ең мықты, ең зиялы қоғамдық ортада өмір сүрсең де, кей кездері өз жаныңда Робинзон Крузоға тән жалғыздықты сақтау керек, онсыз өз өзіңе ыйық арта алмауың мүмкін...

Ең ғажабы - кез-келген жағдайда, кез-келген жерде және кез-келген уақытта Құдай жайлы ойларды жадыңда, жүрегіңде ұстау және Ол жайлы көбірек білуге құлшыну.

Өмір сүретін, сүйетін, сенетін, үміттенетін әрбір адамзат өкілінің жанына Құдай құйған қасиеттерден өзге тануға тұрарлық бұ өмірде басқа не бар?..

Бәріміз бірқалыпты алға жылжитын боламыз, және әркім өз жолында әрқашан жарыққа ұмтылсын!

Және кемшілігімізді жүрегімізге жақын қабылдаудың қажеті жоқ, яки, бір де бір кемшілігі жоқ адамдар, бәрібір, - "кемшіліксіздік" дертінен жапа шегеді! "Nous, sommes aujourd'hui ce que nous etions hier" (фр. Кеше біз қандай болсақ, бүгін де сондаймыз!)

Егер мен ештеңемен айналыспасам, оқымасам, ізденбейтін болсам - демек менің қаза болғаным! Міне, сол кезде шынайы қайғыға кезіккен болар ем...

Сен екеуміздің ойымыз бұрындары үнемі бір жерден шығатындығын, ал қазір менің өзгеріп кеткенімді жазыпсың, мен бар болғаны бұрынғыға қарағанда тереңірек сүйіп, тереңірек ойланатын болдым... Менің тұтас ғұмырымдағы жалғыз өзгерісім осы ғана болмақ...

Бәлкім, мен енді Рембрандқа, Миллеге немесе Делакруаға бұрынғыдан бәсеңірек көзқараста секілді көрінетін шығармын! Жоқ, керісінші! Тек өмірде сенуге, сүюге тұрарлық дүниелер өте көп! Мәселен, Шекспирде Рембрандтан гөрі, Милледе Корреджодан гөрі, Виктор Гюгода Делакруадан гөрі өзгеше дүниелер бар. Бұл құлағы бар адам естіген дүниесінің мағынасын қайталап сұрыптамай, санадағы салыстырмалы масштабында жөндеу жүргізуімен бірдей нәрсе. Алайда бұл салыстырулар салыстырылған адамдардың қызметін төмендету мақсатында жүргізілмейтінін ұмытпа!

Адамның ішкі жан-дүниесіндегі қалтарыс, бұлтарыстар еріксіз сыртына шығуға ұмтылады. Әркім кеудесінде шырақтан тұтанған жып-жылы жалынды көтеріп жүр, бірақ, оның жанына келіп ешкім жылынғысы келмейді; олар тек түтіктен шыққан түтінін ғана көріп, өз жолымен кете береді...

Зынданды не бұзып шыға алатынын білемісің? - Кез келген терең, шынайы бауырмалдық... Достық, ағайындық, маxаббат - міне, ұлы күштер! міне, қараңғылықтың тас есігін таптап өтетін құдіретті дүниелер! Кім де кім бұлардан айырылса, - өледі! Бауырбасу басталған жерде - жаңа өмір дүниеге келеді!

Менің өмірім және менің маxаббатым – екеуі бір ғана ұғым! Шынайы ғашық болу - жаңа ғаламшар ашумен бірдей емес пе?!

Тео, білесің бе, мен ғашық болып қалған Кейе өзінің қайтыс болған жұбайын ұмыта алмай жүр... Яки оның тақуалығы сонша, өзінің алғашқы маxаббатына адал болмауы Құдайға қарсы қылық деп біледі. Нағыз шынайы "Құдай" ұғымы Шіркеуге барған атеистің өз құлшылығын "О Құдайым-ай, Құдай жоқ!" деп бастауынан негіз алатынын ол ешқашан ұқпай кете ме деп қорқамын. Расында, бұл шіркеулік форматтағы Құдай мен үшін өлген! Бұл мені атеист қыла ма? Жақсы, қасиетті шіркеу өкілдері мені атеист деп санай берсін! Бірақ, мен сүйе алам ғой! Ал, өмір сүрмесем қалай сүймекпін?! Яғни біздің өмір сүруіміз өз алдына ғажайып дүние! Мұны- Құдай десең де, Құдірет десең де, адами табиғат деп атасаң да өз еркің!

Құдайдың құдіреті шексіз: Ол теңізді, жерді, аспанды және жұлдыздарды, айды жаратты; соған қарамастан оның құдіреті әрі шектеулі болмақ. Шексіз құдірет иесі нені жасай алмауы мүмкін? Ол -күнәһар құлын кеудесінен итере алмайды...

"Әділдік - ең мықты саясат" деген мақал - xақ! Ал өнер жөніне келсем: публикаға жағам деп сәнділікке әуестенгенше, ұзақ уақыт алса да шынайы этюдпен айналысқан жөн! Мен картина сатылымымен айналысушылардың соңынан ешқашан қумаймын, шынайы өнерді кім бағалай білсе, сол алдыма өзі келсін!

Менің ойымды дөп басқан Сансьенің Милле туралы кітабындағы мына сөздер болды, әрі мұны айтқан Милленің өзі: "Өнер - бұл майдан. Өнерде жаныңды аянып қалуға болмайды. Түсініксіз сөйлегеннен, мүлдем сөйлемеген жөн!"

... Бір күні барлығы маған Кейенің маxаббатына күшпен қол жеткізгелі жүрсің дегенде мен өзімді өте жайсыз сезіндім. Сонсоң біраз уақыт өткеннен кейін мен маxаббатымның өліп қалғанын, оның орны бос қалыпқа енгенін, шексіз қуысқа айналғанын байқадым...Сен білесің, мен Құдайға сенемін әрі оның маxаббатының құдіреттілігіне күмәнім жоқ. Бірақ дәл сол кезде менің кеудем: "Жаратушым менің, Аллам менің, мені не үшін тастап кеттің? Мен шынымен өзімді алдап келдім бе? О Құдай-ай, Құдай жоқ!" деп жүрегі қансырағанша шыңғырған еді....

Мен Милленің әкесі айтқан мына сөз өте дұрыс айтылған деп білем: "Маған адамдардың өз табиғи қалпынан өзгеше көрінуге тырысуы-өте ыңғайсыз әрі біртүрлі болып көрінді".

Тео, менің түсінгенім бойынша, біз табиғаттағы қара түс турасында түбегейлі бір пікірде екенбіз. Абсолютті қара түс негізі мүлдем болмайды. Бірақ аққа қарағанда, қара түс шамамен барлық түстердің құрамынан табылып, тоны мен күшіне қарай сұр түстің шексіз көп вариацияларын жасап шығарады. Міне, бір сөзбен айтқанда, табиғаттан осы градациядан өзге ештеңе көре алмайсың. Негізгі саналатын үш-ақ түс бар - қызыл, сары, көк; ал "құрамды" түстерге - қызылсары, жасыл, күлгінді жатқызуға болады. Қара түске аздаған ақ түсті араластыру арқылы сұр түстің әртүрлі өңін аламыз: қызыл-сұр, сары-сұр, көк-сұр, жасыл-сұр, қызылсары-сұр, күлгін-сұр. Мәселен, жасыл-сұр түстің қанша түрі барын дөп басып айта алмайсың, олар шексіз вариациялар жасай береді. Негізгі үш түс арқылы және қара мен ақ бояудың көмегімен жетпістен астам әртүрлі түстер тонын шығаруға болады...

Ұлылық кездейсоқ келмейді, оған табандылықпен қол жеткізу керек. Адамның қағидалары іс-әрекетке айнала ма, әлде іс-әрекеттер арқылы қағидалар жасала ма? Міне, менің миымдағы шешілмейтін проблемалық сұрақ осы. Әрі "Бірінші тауық пайда болды ма, жұмыртқа ма?" деген іспетті шешуді қажет етпейтін де секілді...

Осы уақытқа дейін қаншама ұлы адамдардың өліп кеткенін яки осыдан кейін де біразынан айырылатынымызды ойлап көрші! Адамзат тариxын ақтарсаң яки бүгіні мен болашағын қопарсаң да оларға сана-сезімі арқылы теңесетін екінші бір адамдарды табуға әбден болады, бірақ шыңнан жоғары көтерілуге болмайды. Мысалы, Израэльстің Миллеге теңесуі мүмкін. Ал ұлыларды айтқанда олардың қайсысы жоғары, қайсысы төмен деп бас қатыру өте күлкілі...

"Толық һәм тура мағынасында, Өнер - сен үшін жасалады, Халық!" -Херкомердің осы сөзінен терең шынайылықты көремін...

Кім де кім өмірдің нағыз қойыртпақ, қалың тұманының арасына тап болса, көп нәрсені біліп қана қоймай тереңінен сезінетін болады...

Тиссоның қар үстіндегі солып қалған гүлдердің арасындағы кішкентай әйел пішінін бейнелейтін бір картинасы бар: «Voie des fleurs, voie des pleurs» (фр.Дорога роз - дорога слез...)

Менің бұл жерді басып жүргеніме отыз жыл толыпты... Сондықтан, алғыс ретінде өзге біреудің талғамына жағу үшін емес, шынайы адамзаттық сезімдерді білдіру үшін жасалған сурет немесе картина пішініндегі өзім жайлы бірер естелік тастап кеткім келеді...

Ал маған ең терең, ең көркем әсерді дауылды табиғат драмасы қалдырды...өйткені ол өмірдің қасіретті драмасына қатты ұқсайды...

À Dieu, Teo! (фр. С Богом, Тео!) Қиялымда сені қолыңнан қапсыра құшақтадым! Өмірлік жолды кешкен әр сәтің миыңда мәңгілік сақталардай, еске алсаң жаның жып-жылы байлыққа бөленердей бағалы дүниелерге толы болсын! Және мен сенің баяғы өзіңді сүйетін Винсент ағаң екенімді ұмытпа! Соңғы уақытта көрген-білген тамаша дүниелерің бар ма? Сенің xаттарыңды шыдамсыздана күтіп жүрмін…

Аударған: Қарлығаш Қабай

Жерасы әдебиеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар