Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ прозасында М.Әуезовтің Зересі мен Ұлжанындай биік парасат-пайым иелері болған әйелдердің образдары бар ма, М.Жұмабаевтың Шолпаны тәрізді кейіпкерлер болса, олардың ішкі жан дүниесінің қалтарыстары қаншалықты деңгейде ашылған, жалпы, бүгінгі күндегі қазақ прозасындағы қыз-келіншектеріміз, әйел-аналарымыз оқырманға несімен құнды деген сауалдарға жауап беру – бүгінгі әдебиеттану саласындағы міндеттердің бірі. Осы міндет тұрғысынан келіп, бүгінгі мақаламызда қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Аспанқора», «Құралайдың салқыны» повестеріндегі әйелдердің образдарын зерттеп-зерделедік.
«Аспанқора» повесіндегі Ханымкүл бейнесі М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі Шолпанды еске түсіреді. Мұның себебі, олардың күнәлі іске баруы және екеуінің де ұзақ уақыт бала сүйе алмауы. Алайда бұлар бір-біріне ұқсас типтік образдар болғанымен, олардың ерекшеліктері көп.
Шолпан – шығармадағы басты кейіпкер, әңгіме Шолпанның күнәлі іске баруындағы себеп-салдарды, психологиялық жай-күйді ашуға құрылған. Оның мұндай қадамға барардағы ішкі жан күйзелісі жан-жақты ашып көрсетілген. Шолпан Құдай қосқан қосағын жан-тәнімен сүйді, алғашында оған адал болды, махаббатына адалдығы сонша, тіпті, қазақ әйелдері үшін өмірдің мәні болған баланы да керек етпеді. Кейіннен бұл махаббатың баянсыздығын, «баласыз үйдің қу мазар» екенін түсінген сәттен бастап, бала сүю енді оның өмірлік мұратына айналды. Кейіннен оның Әзімбайға бауыр басып қалуының себебі де әңгімеде ашып көрсетіледі. «...Ердің әруағы басса, әйел адамдықтан шығып, жоққа айналады. Есінен айрылады. Тілі байланады. Ол уақытта мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айрылмайтын. Кімге берілсе де, жан-денесімен түгел берілетін әйел еді. Әзімбайға денесін уақытша беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады. Бірақ ой мен ісі бір-біріне қабыспады»[1]. М.Жұмабаев кейіпкерінің образын аша түсу үшін осындай авторлық баяндаулар арқылы Шолпан күнәсінің себебін психологиялық аспектіден қарастырады.
Ханымкүлге келсек, біріншіден, шығарманың басты тақырыбы – Ханымкүлдің күнәсі емес, Атанның қайсарлығы, атамекен – Аспанқораға деген махаббаты. Содан кейін ерлі-зайыптылық өмірдің алғашқы кезеңдеріндегі екеуара аяулы сезімдерді, ыстық ықыласты тұрмыс-тауқыметінің қалай өзгертіп, басқа арнаға салып жіберетіндігі шебер суреттелген. Әуелде Ханымкүлдің Атанға деген көңілі түзу болды. Шығарманың басында кейіпкер жағымды образда суреттеледі. «Қараторының әдемісі Ханымкүл қарақаттай тұнық, күлім көзі жайнаң қағып, кісінің ынтығын құртады. Үй мен түздің тіршілігін сылаң қаға шыр айналдырып, дөңгелетіп әкетті...», «...Жаратылысынан ашық-жарқын әйелі сықылықтап күліп, Атанның мойнына асылған сәтте жетегіне еріп кететінін сезбей де қалатын» [2, 6-б.].
Аспанқораға қой бағуға барып, тұрмыс-тіршілік қиындай түскенде Атанның кемдігінің көзге айқын көріне түсуі Ханымкүл екеуінің арасын алшақтата бастайды. Атан жалғыз қолымен шелектегі суды флягтарға құя алмай, кемдігіне налып тұрған сәтте әйелінің ойындағы өзгерісті байқайды: «Үйленгелі бері әйелінің бет-жүзінен мұндай сұмдықты аңғармап еді. Алдындағы тік өрден көз алмай жұқалтаң ернінің қанын шығаратындай қырқа тістеп алған Ханымкүлдің қарақат көзінде өміріне деген ренішпен аралас, әйел баласына тән астарлы сыр жатқан сияқты. Өткен өмірінің қызуына бой жылытып, қызығына қанып, енді мынау өзінің қол-аяғы балғадай жастық өмірінің нарқын түсірмейтін, бүтіндей басқа харекет аңсаған ұшқын көзінен анық сезіледі» [2, 8-б.]. Ендеше, Ханымкүлді күнәға бастаған – Шолпандікі сияқты «ізгі арман» – бала сүю емес, өзі типтес әйелдерге тән қарапайым пенделік.
Ханымкүл образын ашуда автор көбіне екеуара диалогқа сүйенген. Келіншектің жүрегіндегі ой-арманы, күйеуіне көңілі толмайтындығы және соны жасырмай айтып салатын асау мінезі оның Атанды үнемі өзге ер-азаматтармен салыстыра беруінен көрінеді. Қасымжомартпен ғана емес, әшейінде өзі жаратпайтын Сайлаубаймен де салыстырып, «Сенен Сайлаубай досыңның бір артықшылығы, әйеліне отынды үйіп тастайды» деген сөзді күйеуінің бір қолын соғысқа бергенін біле, көре тұра айтуы – Ханымкүл бейнесін, тіпті, аласартып жібергендей. Ол – көптеген қазақ шығармаларыдағыдай еріне мойынсұнған, дана да, парасатты әйел емес, керісінше, қолайлы сәт туғаннан ерін мұқата сөйлеуге дағдыланып алған, долы әйелге айналған еді. Шығарманың шарықтау шегінде, Шолпан үн-түнсіз күнәсін мойнымен көтеріп, күйеуінің соққысы мен тепкісіне қарсылық көрсетпей көнсе, Ханымкүл «басын сілкіп қалып, күйеуіне тіке, шабына сөйлейді».
« – Неғып тұрсың, ұр, өлтір!», – дейді. Міне, осы ерекшеліктердің бәрі Ханымкүл мен Шолпанның күнәсі бірдей болғанымен, оларлдың өзіне тән мінезі, өзіне тән ерекше қаиеттері бар екенін көрсетеді. Мағжан Жұмабаев ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде қалыптасқан «ары тапталған қазақ қызының адам болып жер басып жүруге қақы жоқ» дейтін қатаң мотив бойынша шығарманы Шолпанның өлімімен аяқтаса, Жұмабай Шаштайұлының шығармасында Ханымкүл басқа күйеуге тиіп, екі бала сүйіп, онымен қоймай, Атан оның сол «бақытты» өмірін өз көзімен көреді.
Академик Зейнолла Қабдолов: «Типтендіру проблемасы секілді типтің өзі де тым кесек һәм күрделі нәрсе. Неге десеңіз, мінез, бітім, әрекет, ұғым, рух, парасат жағынан байыптап қарасақ, нағыз суреткердің қолынан туған әрбір әдеби тип – әрі әбден жинақталған, сондықтан өзі секілділердің бәріне ұқсайтын жалпы тұлға, әрі әбден дараланған, сондықтан, өзінен өзге ешкімге ұқсамайтын жалқы тұлға» [3,106-б.], – дейді. Біз айтып отырған келіншектер де ел арасында кездесіп жататын типтік бейнелер болғанымен, мінез-құлықтары, ішкі ұстанымдары ерекше дараланған жеке тұлғалар. Рухани биіктікті ішкі ұстанымға қарай өлшеуге болатын болса, Шолпан Ханымкүлге қарағанда жоғары тұрған образ деуге болады. Себебі, Шолпанның бұл іске барардағы мотиві, себеп, сылтауы ашып айтылған. Шолпанды қажеттілік, шарасыздық бұл іске итермелегені нақты суреттелген, ал Ханымкүлде ондай ірі мақсат жоқ. Жоғарыда келтірілген үзінділерге қарап, оның мотиві – көңіл қалауы екенін аңғарамыз.
Осы шығармада едәуір ашылған тағы бір келіншек образы – Атанның Ханымкүлден кейін алған әйелі Қаламқастың бейнесі. Шығармада Қаламқас портреті «Моңғол кескінді, бүйрек бетті, қысыңқы көзді, дөңгеленген дембелше бетінде әлденеден тосырқау мен жүрексіну бар» жан ретінде суреттеледі. Атанның Қаламқас туралы «Басқа нобайы келіспесе де, көзі қап-қара тұнық екен» деген ойы арқылы оның асқан сұлу да еместігін, ең бастысы Атанның оған онша көңілі тола қоймағанын түсінеміз. Бірақ Қаламқас – «Ешқандай қағынды-ұшындысы жоқ», мейірімді, бірқалыпты, сабырлы жан. Қаламқастың сабырлы кейпі күйеуі орынсыз мазақ қылғанда оған «алара қарап, бүйрек бетінің шығыңқы қабақтарына дейін күреңіте ашуланғанымен», «ләм-мим деп жауапқа келмеуі» сияқты порттерттік суреттеулер арқылы сомдалған.
Осы тұста екі шығармада да ер мен әйелдің қарым-қатынасының тым нәзіктігін, әйел көңілінің сәл нәрседен құлазып қалатын босаңдығын көрсететін ұқсас сюжеттер бар. Шолпан бала сүю үшін құлшылық жасап, Құдайға жалбарынып жүргенде Сәрсенбай оны «бірәдар» деп мазақ қылса, енді бірде «қартайғанда жорға ашатын кәрі бозға» теңеп, көңілін қалдырады. «Аспанқора» повесінде де Қаламқасты күйеуінің «Жайбасар» деп атап, мазақ қылғаны оның шамына тиеді. «Босағаны аттағалы көп айлар өтсе де, бір-бірін мінеп-жасқап, артық сөзге бармаған» бұлардың арасына алғаш рет салқындық осы сөзден кейін орнайды, соншалықты сабырлы әрі мейірімді Қаламқастың алғаш рет «тілі ұзарып», күйеуінің жан-жарасына тұз себуіне себеп болған Атанның осы бір орынсыз әзілі әлде мазағы еді. Міне, осыған ұқсас эпизодтар ер мен әйелдің қарым-қатынас психологиясын ашып көрсетеді. «Аспанқора» шығармасында әйелдердің тілі ащы, шабалана, шаптыға түсетін тәрбиесіз жан ретінде көрінуіне Атанның кемдігінен бұрын, «әйелге ықылас білдірудің жөнін» таба алмайтын томаға-тұйықтығы да себеп болған сияқты.
Ресейлік ғалым Ю.М.Лотман әйелдер образын үш үлкен топқа бөледі: дәстүрлі (традицонная), батыр-қыздар (героини), шайтани (демонический) [4, 20-б].
Ханымкүлдің характеріне қарап, оны осы үшінші топтағы «демонический» деп аталған типке жатқызуға болады. Өйткені, шайтани «демонический» әйелдер деп ерлер жасаған барша шарттар мен стеоротиптерді батыл түрде бұзушы әйелдерді айтады. «Бұл типке орыс классиктерінің терминологиясы бойынша «ұятсыздар» (А.М.Ремезов) және «секіргіштер» (А.П.Чехов) деп аталған әйелдердің образы жатады[4, 20-б].
Ал Атанның екінші әйелі Қаламқас, керісінше, дәстүрлі (традиционная) типіндегі әйел образы. Дәстүрлі дегені ерін риясыз сүйетін, жақындары үшін жанын беруге даяр, қбірге қайғырып, бірге қуанатын, көнбіс әйелдердің образдары. Қаламқастың отбасының берекесін келтіруге ұмтылуы, ерін сыйлап, тіл ұшына келген сөзін іркіп қалуы оның осындай дәстүрлі типтегі әйелдердің бейнесін суреттейтінінің дәлелі.
Жұмабай Шаштайұлының «Құралайдың салқыны» повесі тың образдарымен ерекшеленетін шоқтығы биік шығарма. Тілінің мүкісі бар Демеуге жар болған Қадірсіздің сырт бейнесінің қандай екені шығарманың басында нақты суреттелмейді. Тек қана: « – Апа, өзімнің де қыз тапқым келіп жүрген жоқ, ол бейбақ та мен сияқты елдің мазағына айналып, сорлайтын шығар. Жамал жеңешем балаларын қорқытқанда Қадірсіз келе жатыр дейді екен»[2, 109-б.], – деген сөзінен және «Қадірсіздің дүрдиіңкі ерні», «ұясы терең көзі» деген қысқаша суреттеулерден оның сырт бейнесінің сұлу еместігін ептеп бағамдаймыз. Жауынның астында отырып, өткен өміріне көз жіберген Қадірсіздің: «Басына тартқан жаулығын ешқашан кір шалмайтын дөңгелек жүзді аққұба әйелдің шырайлы әлпеті көз алдына келе кетті. Өзіне бір ауық мүсіркей қарап: «Маңдайының бес елі соры бар қар-ау, ең құрығанда сұрың жетісіп тұрса ше, ұрғашы деген атың бар. Айналаңа қарап, бір мезгіл бойыңды күтсең болмай ма?» [2, 125-б.], – деп еске алуы, «алғашқы күннен-ақ бейшара деген сөзді қара кемпір бұған қимаған екен» деген естеліктері Қадірсіздің бүкіл өмірінің өкініші мен өксігінен хабар береді.
Ене мен қайын апаның қорлығы, жазықсыздан-жазықсыз соққыға жыққан күйеуінің зорлығы жанына батқан Қадірсіз емізулі баласын көтеріп, бас сауғалап кеткенде қазақ даласында «Құралайдың салқыны» аталған нөсер жауынның астында қалып, күннің күркіреуі мен найзағайдан шошынып, тілі күрмеліп ауырады. Қадірсіздің жанына күйеуінің таяғынан да гөрі тілі ащы ене мен қайын апасының ауыр сөздері қатты батады. Ұрқия келіп, жанжал шығарып, «Екі жартыкеш» деп балағаттағанннан кейінгі Қадірсіздің күйзелісі, уайымы шығармада өте жақсы суреттелген. Сол күні таңда Қадірсіз бақилық болады. Демеу әйелін жер қойнына тапсырғаннан кейін ғана оның қадірін білгендей, өкіріп жылайды. Тасболаттың «О, жазған Қадірсіз-ай, есіл өмірің ырың-жырыңмен өтті де кетті» деген сөзі осы шығарманы түйіндеп, Қадірсіз бейнесі – есіл өмірін қорлықпен, ауыр бейнетпен өткізіп, өмірден рақат таппай өтіп кетіп жатқан талай қазақ әйелдерінің типтік бейнесі екенін айшықтай түседі. Шығарма оқырманға «Бұл Қадірсіз неге сондай қадірсіз болды? Ауылда қой баққан қазақ әйелдерінің өмір жолы соншалықты ауыр болар ма?» деген өкінішті ой тастайды. Қазақ қоғамында отбасылық қарым-қатынас мәселесі, соның ішінде ене мен келін арасындағы мәселенің өте өзекті екені жасырын емес. Бұл шығарма кейіпкерлерінің өмірін қиындатқан мәселе сырттан, көлденеңнен келген апат, не басқа бір мәселелер емес, өз ара түсініспеушілік, сыйластықтың жоғы. Қойына қасқыр тигенде, Демеу «Енді әпкеме не айтамын?» деген ойдан сабырынан айрылып, Қадірсізді сабап тастайды. Кейіннен сол сәтте Демеу үшін ақырзаман орнағандай көрінген мәселе оңай шешіліп, ел-жұрты қасқырға жем болған қойының орнын толтырып береді. Осы сюжеттің өзі бұл шығармада көтерілген негізгі мәселе – қойға қасқырдың шабуы да емес, Демеудің тілінің мүкістігі де емес, әу бастан дұрыс жолға қойылмаған, келіннің түсуімен шиелене түскен отбасылық қарым-қатынас мәселесі екенін көрсетеді.
Жұмабай Шаштайұлы өзінің шыншылдығымен ерекшеленетін жазушы. Баспасөз құралдарына берген сұхбаттарында да ағынан жарылып, өзінің жетістіктеріне қоса, кемшін қалдым дейтін тұстарын ашық айтатынын байқалады. Автордың шығармаларындағы кейіпкерлер де өзі сияқты шынайы. Атан мен Ханымкүл де, Қаламқас та, Қадірсіз де қазақ қоғамында бар кейіпкерлер. Бұл әйелдердің кейде тым қарабайыр, жұпыны көрінетіні де автордың кейіпкерге романтикалық сипат беруден қашқақтап, мейлінше шынайы жазуды қалағанынан болар деген болжамымыз бар. Автор өз шығармаларындағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне түсініктеме беріп, оларды не ақтап, не даттап жатпайды. Жазушылық бейтараптық деген де шығарманың бәсін арттырар бір артықшылық десек, бұл тұрғыдан келгенде Жұмабай Шаштайұлының жоғарыда біз атап өткен шығармаларының бәсі жоғары. Бұл туралы әдебиетші ғалым Айгүл Ісімақова Ж.Шаштайұлымен бірге бірқатар жазушыларды атай келіп: «Аталған жазушылар өз кейіпкерлерін әдеттегідей дайын үлгідегі идеялар мен ұрандар құрсауынан құтқарып алғысы келеді» [5, 268-б.], деп жазады. Шынында да, кейіпкерлерін идеялизациялаудан қашып, мүмкіндігінше шынайы, табиғи қалпында жазуы Ж.Шаштайұлының образ сомдаудағы ерекшелігі деп атауға болады.
Әйелдер тақырыбын өз шығармаларына арқау еткен француз жазушысы Ги де Мопассан туралы «ол жазған әйелдер – қоғамның ауруы мен адамның соған бейімделуін өз өмірімен дәләлдеп беретін әйелдер»[6, 5-б.], – деген пікір бар. Негізі кез келген типтік образдың өзі қоғамда қалыптасқан проблемаларды ашып көрсетуге қызмет ететіні белгілі. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде қоғамның келбетін ашып көрсетуге, қоғамда қалыптасқан мәселелерге тереңнен үңілуге мүмкіндік беретін Ханымкүл, Қадірсіз тәрізді образдардың әдебиетте алар орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жұмабаев М. Шолпанның күнәсі. Әдебиет порталы (adebiportal.kz)
- Шаштайұлы Ж. Екі томдық таңдамалы шығармалар / Жұмабай Шаштайұлы. Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2010. Т.1. Тау мен дала. Повестер мен әңгімелер. – 360 б.
- Қабдолов Қ. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2007. – 360 б.
- В.Н.Кардапольцева. Женщина: хозяйка, героиня, муза. (о стеоротипах женского поведение). Вестник ТГУ, выпуск 4, 1999
- Ісімақова А.С. Асыл сөздің теориясы. – Алматы: «Таңбалы», 2009. – 376 бет.
- Адилбекова Ж. Қазіргі қазақ прозасындағы әйел-Ана бейнесі. (О.Бөкей, Ф.Оңғарсынова, Ш.Бейсенова прозалары негізінде). Автореферат.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.