Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Нұрбек Нұржанұлы. А-Z. №15-Планета ...

14.11.2020 3622

Нұрбек Нұржанұлы. А-Z. №15-Планета 12+

Нұрбек Нұржанұлы. А-Z. №15-Планета  - adebiportal.kz

А-Z. №15 атты шағын планетада менен басқа ешбір пенденің қарасы көрінбейді. Бұл планетаға қалай, қашан келгенім қаперімде жоқ. Тек көзімді ашқанымда сансыз жұлдыздар менмұндалап мені аялай қарап тұрғаны ғана есімде қалыпты. Бұл планетада бес-алты адым аттасам болғаны-ақ тұрған жеріме қайтып ораламын. Сондай кішкентай. Құдды бір адамға ғана арналған ба дерсің. Планетамда - асулы тұрған жалғыз қоңыр щам, теледидар, орындық және сымды телефон бар. Теледидар күндіз-түні қосулы тұрғанына қарамастан мен оған көп те мән бере қойған емеспін. Менің есіл дертім ана-а-а-ау алқызыл реңкке боялған көктегі жолақтар. Олардың құшағындағы терең де сыршыл, құпияға толы бір әлем маған әлдене айтқысы келетін сияқты. Ал мен планетамнан орындығымның үстіне шығып алып ұшқым кеп секірген сайын, олар одан бетер алыстап бара жатқандай болады да тұрады. Сонау көктегі жұлдыздар да мендегі аспашамның бірі шығар деп ойлаймын. Оларда да мен сияқты тұрғындар мекен ететін болар, кім білсін. Анда-санда жалғыздықты сезінген сайын сол шамшырақтарға қарап қолымды бұлғаймын да тұрамын. Ол аз десең дауысым қарлыққанша айқайлаймын: «Әй, жұлдызда-а-а-а-р, мені естисіңдер ме...». Ал маған ешқандай да жауап келмейді. Үнсіздік. Кейде сол жұлдыздардың біреуі менің ертеңгі үйім іспетті елестейді де тұрады. Ондайда «иә, анау бір жұлдыз менің жұлдызым» деймін бармағымды жеті қарақшының жоғарғы жағындағы жыпылықтап тұрған жұлдызға нұсқап. Плантемның гүлзарын аралап, аспанның бақшасын көзіммен серуендеп шаршағанымда орындығыма келіп амалсыздан жайғасамын. Менің планетамда бір ғана қайың ағашы бар, ал гүлдер әр-әр жерге ретсіз өскен. Аспанға қарағыштаған сайын оларға көп көңіл бөлуді қойдым. Ондайда олар маған ренжіп теріс қарап алатын. Тіпті жұпарын да шашпай қоятын. Ал мен сонда әтірсіз күлімсі иіске тұншығып барып олардың маған өкпелемеуін жылап тұрып жалына сұрай қаламын. Сонда көзімнен аққан жас тамшылары оларды суғарып одан бетер құлпыра түсетін. Мен олардың қауыздарын сипалап жүріп қайта-қайта кешірім сұрай беремін. Гүлшанақтардың қауызы менің жанымдай нәзік екенін іштей сезінетінмін. Арамызда көзге көрінбес көпір барын да білем.

Орындығымның үстіне шығып аспашамды түн баласы бұрап сөндіріп қоятынмын. Сол кезде теледидар жарық әрі анық көрінуші еді. Мен теледидарды, «теледидар» дегеннен гөрі терезе дегенді жөн санайтынмын. Себебі ол менің планетамнан тыс басқа әлемді көрсетіп жататын. Мен мұндайда үйінен аулаға қарап тұрған баладай көрінетінмін. Алайда менің тереземдегі көріністерді көруді ешбір пендеге жазбасын дер едім. Күндіз-түні әйтеуір маған жат, бөгде бір адамдарды көрсетіп жататын. Олардың бір-бірін өлтіргені, таққа таласып, атақ-абырой үшін сатқындыққа барғаны, ештемеге тоймайтын құлқынға құл болып, соның қамымен күн-түнін өткізгені т.б. Айта берсем үрейден аяқ-қолым дірілдеп кете ме деп қорыққаннан үнсіз қалуды жөн санап отырмын. Міне, соның бәрін көріп отырып сондай планетада тумағаныма мен іштей қуанып та қаламын. Бірақ, ол планетада тек қан төгіс қана бар деп те айта алмаймын. Ол жақта түрлі-түсті бау-бақтар мен қазық боп қадалған таулар және көздің жауын алатын мұхит-теңіздер баршылық. Әрі аспаны күн, ай, жұлдыздармен де безендірілген. Түрлі кейіпке енетін бұлыт сәнқой келіншектей іңір түссе болды қызыл шәлісін оранып, алқызыл опа-далапқа бояна қалатынына да не дерсің. Алғашында көздің жауын алатын мынандай кереметтерге қарап отырып мен мұндай планетада тумағаным үшін жабырқай бастаған едім. Артынан әлгіндей зұлымдықтарға куә болғаннан соң қуықтай ғана планетама шүкірімді айтып отыра бердім. Менің планетамда да төрт мезгіл ауып отырады. Гүлдер суықта солса, көктемде қайта өсіп, гүлдей бастайды. Ал қайың талдың жапырақтарына планетам көміліп қалатын. Күз бойы соларды сыпырумен әлек боламын. Жазда қайыңның жапырақтары майда самалға тербеліп мен түсінбес әлдебір, ғайып сезімдердің жетегіне ертіп әкететін. Сол жапырақтар жанымда тербеліп, жүрегімде сыбдырлап жатқандай болатын да тұратын. Ал қыста қар күреуден қол босамайды. Тонымды жамылып ап, теледидар алдында мелшиіп отырғаннан басқа бітірер түгім жоқ. Ал күн бірер минут қана көрінеді де батып кетеді. Түн ұзақ. Ондай да күннің орынын төбемдегі аспашам алмастырып тұрады. Айтқандай ұмытып бара жатырмын теледидардың қасындағы үстелдің үстіндегі сымды телефон кей-кейде шырылдап қояды. Мен ала бергенше әлдекім тұтқаны қойып қояды. Ал бірде алып үлгерген болатынмын, тек ар жағындағы үнсіздік бірер сәт жалғасты да «дың-дың» етіп байланыс үзіліп кетті. Сосын орындығымды телефонның қасына жақындатып қойып ұзыннан ұзақ телефонның шырылын күтіп отырдым. Аспанға қарап маған қоңырау соғып тұрған анау бір жұлдыздардың біріндегі әлдекім шығар деп ойға шомамын. Олай да болуы мүмкін ғой. Зеріккенде теледидардың арналарын тоқтаусыз пультпен ауыстырамын. Біреуінде су тасқыны туралы хабар болып жатса, тағы бірінде аштық жалмаған елдімекенді көрсетіп жатады. Ал одан кейінгі арнада тамақ жеп жарысып жатқан жұртшылықты көресің. Соның артынан би-билеп көңіл көтергендердің өмірі жайлы бағдарлама боп жатады. Олардың шифонеріндегі киімдерінің біреуінің өзі бір отбасының бір жылдық тамағына сай көрінеді. Соларды мақтанышпен айтып зәулім сарайларын да аралатып шығады. Тағы бір арнаны ауыстырғанымда жаңалықтан өз-өзіне қол жұмсап биік ғимараттан секірген жас қыз жайында көрсетеді. Себебін сүйген жігіті көзіне шөп салған деп түсіндіреді. Ал келесі бірінде махаббаттан бастары айналып жүрген жас жігіт пен қыздың алғашқы таныстықтары туралы фильм боп жатады. Көзім іліне бере әзер пульттің тетігін басып келесі арнаға ауыстырғанымда тікелей эфирде бағдарлама болып жатыр екен. Ғашығын іздегендер осы жерден бір-бірін таба алатын көрінеді. Бұл мені аса қызықтыра қоймады. Теледидар алдында телміріп отырып шаршаған мен малтамды езіп отыра бермей телефон қасына жақындап маған күн сайын қоңырау соғып жүрген әлдебіреуге өзім бір қоңырау соғып көрейінші дедім. Елегізігенім бе, әлде жалғызсырағаным ба кім білсін, әйтеуір әлдекіммен сөйлескім шүйіркелескім келді. Бірақ кіммен? Оны өзім де білмеймін. Әйтеуір ойыма келген кез-келген нөмірді тере салдым. Дыңылдап бірнеше гудок барған кезде әлдебір ару тұтқаны көтерді:

– Ало, иә мен сізді тыңдап тұрмын...

– Ало...

– Ало, өзіңізді таныстырып өтсеңіз... – дегенде ғана әйелдің дауысы екі жақтан тұтқаның ар жағынан және теледидар тұсынан шығып тұрғанын байқадым. Ценсорлық экранға жақындағанда ғана қара шашы иығына төгілген, боянған, қара торы, орта бойлы менімен сөйлесіп тұрған бикешті көрдім. – Сіз мені естіп тұрсыз ба?

– Иә...

– Сұрағыңыз?..

Ойбай-ау мынау сұрағыңыз дейді ғой, мен де нендей сұрақ болушы еді. Деседе, не көп менде сұрақ көп еді.

– Сіздердің планеталарыңыз қалай аталады?

– Не... Сіз менімен қалжыңдасып тұрсыз ба? – деді экранның ар жағындағы бикеш қабағын шытып. – Біздің мына қос үміткерге деген сұрағыңыз... Қалай бұлар бір-біріне лайықты деп ойлайсыз ба? Әлде айтар басқа ұсынысыңыз бар ма? Соны айтсаңыз?

– Ханым, сіз мені дұрыс түсінбедіңіз... Мен өзге планетадан хабарласып тұр едім. Алдымен сіздердің планеталарыңыз қалай аталады соны біліп алайын дегенім еді...

– Қалай сонда... расымен де жат планетадан хабарласып тұрсыз ба? Міне, жаңалық! Міне, эксклюзив! - деді әлги бикештің көзі шарасынан шығып кете жаздап. Камераға қайта қарап, - мінеки, құрметті біздің телекөрермендер, естімеген елде көп дегендей, біздің арнамызға жат планеталық адам хабарласып тұр. Біздің бағдарламаны жер түгілі өзге ғаламшарлықтар да көреді деген сөз. Олай болса біздің бағдарламадан таса қалып қоймаңыздар. Әр сенбі, кешкі 18:30-да осы арнада теледидарыңыз қосулы болсын. Сіздер мен бірге мен... – дей бергенде мен оның сөзін бөліп жібердім.

– Менде сұрақ бар...

– Аа... – деді абдырап қалған ару, қызбаланып сөйлеп жатқан жерінен ойы шашырап. – олай болса біздің құлағымыз сізде... Айтқандай сіз Жер атты планетаға хабарласып тұрсыз... – деді қуаныштан қос көзі күлімсіреп.

– Сіздер неге соғыса бересіздер?

– Түсінбедім? – деді бикеш көзі жыпылықтап.

– Неге сіздер біріңізді біріңізден үстем көресіздер?

– Сіз қателестіңіз-ау деймін, ол басқа арнаның мәселесі болар. Біз мұнда жастарға теңін тауып беріп, бастарын қосамыз...

– Сіз мұнда ғашықтардың басын қосасыз, ол ғашықтар келесі арнада ажырасып жатыр, немесе солардың біреуі өз-өзіне қол жұмсап жатқанынан хабардарсыз ба. Ол аз десеңіз солардан туған бала жетімдер үйін паналап жатқаны және бар.

– Кешіріңіз, біздің сізбен қоштасуымызға тура келіп тұр, - деді бикештің өңі бұзылып.

– Сіз маған «қандай сұрағыңыз бар» дедіңіз ғой. Енді неге жалтарып жатырсыз... Сіздер неге табиғаттан алыстап кеттіңіздер? Оны қоя беріңізші, Құдайдан ше? Сіздер кімсіздер? Сондағы ақырғы мақсаттарыңыз не? Ал байыдыңыздар, мансап бәрі сіздердікі болды, қалауларыңыз орындалды, сосын, сосын ше?

– Неге тұтқаны қоймай жатырсыңдар, өшірсеңдерші тезірек! – деп жатыр экрандағы бикештің аузы-мұрыны жыбырлап.

– Адам ұрпақтары қайда бара жатырсыздар? – дей бергенім сол еді байланыс үзіліп кетті; дың-дың... – осылар менің сұрақтарым... Жауап...? – дей беріп мен де тұтқаны қойдым. Ал көк жәшік ішіндегі әлгі бикеш көрермендерден кешірім сұрап келесі үміткерді шымылдық ішіне шақырып жатты.

Жаздың бел ортасы болатын. Орындығымды батысқа қаратып қойып аспанда неше жұлдыз бар екенін санап отырған бетім еді. Қатарымен санап келе жатып 3453-ке келген кезде, бір жолын қайта санап шатасып кеттім-ау деймін, санымды бір соқтым да қайта басынан санауға көштім. Сол сәтте телефоным әдеттегідей шыр-р ете қалды. Бұл жолы «бәрібір де үлгермеймін» деп асықпастан телефонға жақындадым да, тұтқаны көтеріп:

– Ало, - дедім қарсы тараптан бір жауап күтпесем де.

– Ало, мырзам, - деген қартаң ер кісінің қарлыққан дауысы естілді. Мен өз құлағыма өзім сенбестен тағы да,

– Ало... – дедім. Қарсы тараптан әлгі қарлыққан дауыс қайта естілді.

– Сіз мені естіп тұрсыз ба?

– Иә, иә, естіп тұрмын... – дедім басқа не айтарымды білмей. – Бұл кім?

– Мен №7 перзентхананың бас дәрігері Алтынқұлұлы Досболмын.

– Ааа...

– Біз сізбен қаншама уақыттан бері байланысқа шыға алмай жүрміз. Қашан қоңырау шалсақ та телефоныңызды көтермейсіз?

– Жоқ, олай емес. Мен телефонды көтере бергенімде байланыс үзіліп кетеді. Немесе сіздердің дауыстарыңыз маған жетпей орта жолда қалып қояды. – дедім оны қалайда ренжітіп алмау үшін. Себебі мен күнде көктен қарап жүрген жап-жарық жұлдыздар тұрғынының бірі болуы да мүмкін. Бұндай өзгеріс менің өмірімде бірінші рет боп тұрғанын жасыра алмаймын.

– Онда интернет желісі дұрыс болмай тұрса керек. Сізге желі тағы да үзіліп кетпей тұрғанда көп сөзді қойып шұғыл түрде хабарламаны айтуым керек...

– Иә, менің құлағым сізде...

– Біз сізді бүгін алып кетеміз. Заттарыңызды дайындаңыз.

– Қалайша? Неге?

– Солай болуы керек, мырзам.

– Сонда мені басқа планетаға алып кетпексіздер ме? – дедім нақ төбемдегі жұлдыздардың біріне көз тастап. Дауысым толқып шықса керек.

– Егер әрине сіз қарсы болмасаңыз.

– Жо-жоқ, о не дегеніңіз... – дедім төбемдегі жұлдыздардан әлі де көзімді алмай. – енді менің басқа үйім болады ғой, солай ма?

– Дәл солай мырзам. Біз сізге пырақ жібереміз. Одан құлап қалмаңыз. Өйткені ол сіз елестеткеннен әлдеқайда жылдамырақ ұшады. Барынша тақымыңызды қысып ұстаңыз. Және көп зат ала көрмеңіз. Ең керек дегендерін ғана алсаңыз жеткілікті.

– Теледидар, орындық, телеф...- дей беріп едім қарлыққан дауыс сөзімді бөліп жіберді...

– О, жоқ, айта көрмеңіз. Сізге тағы қайталап айтамын тек керек заттарды ғана. Жылы киімдеріңіз бен сол сияқты майда-шүйде заттар жеткілікті. – деді де телефон тұтқасын қоя салды. Мен ары қарай не істерімді білмей аңырайып тұрдым да қалдым. Не арыға, не беріге жылжитын шамам жоқ. Бас дәрігердің айтқан сөздерін қаперімде оңайлықпен қорыта алатын емеспін. Одан соң өзімнің шағын планетама қимай көз тастадым. Қайың ағашы, орамалын бұлғаған ғашық арудай жапырақтарын тербетіп тұрды. Жұлдызға тағы бір көз тастадым да «менің кетуім керек» дедім өзді өзіме. Іштей қайыңнан кешірім сұрағандай болдым. Әлденелерді күбірлеп гүлшанақтарға сөйлеп жатқанымды қайыңды ойлап болған соң ғана барып аңғардым. Сондағысы «гүлдерім, солмаңдаршы» деп жатқаным екен. Теледидарды сөндірдім. Шкафтан шабаданымды алып жылы киімдерімнің бірнешеуін салдым. Одан өзге гүлдерімнің біреуін топырағымен алып құмыраға отырғыздым да оны да салдым. Қайыңның бір жапырағын төс қалтама салып қойдым. Шабаданымды жауып болып, орындық үстіне жайғасып, құс жолына үздіге қарап, келер пырағымды күтіп отырдым. Көп те күткенім жоқ, көзді ашып жұмғанша болған жоқ пырақ ұшып келіп менің планетама қонды. Бір қанатының өзі планетамды жауып қаларлықтай үлкендікте еді. Көзім шарасынан шыға таңырқап қарап тұрдым да қалдым. Ол сөйлегенде тіпті талып қалмағаныма қайран қаламын.

– Мен елшімін. Сізді алып кетуге келдім, мырзам, - деді алдыңғы аяқтарын бүгіп. Онысы арқама отыр дегені болар деп түсіндім.

– Біз анау бір жұлдызға барамыз ба, - дедім тістей беріп түлеп кеткен саусағыммен нұсқап. Пырақ көзін менен аударып саусағыммен нұсқаған жаққа басын бұрып қарады да:

– Иә біз сонда барамыз, мырзам. – деді қайтадан басын төмен түсіріп. Менің қуанышымда шек болмаған шығар. Тез-тез заттарымды аттың үстіне аудардым. Планетамның шамын соңғы рет бұрып өшірдім. Торлаған түнектен пырағымды әзер тауып арқасына отырып алдым. Ол асықпай орынынан көтеріліп көкке ұша бастады. Мен соңыма бұрылып қарағанымда менің планетам – менің мұңлы қарашығымдай жабырқап қалды. «А-Z. №15» планетасы менің бағалы заттарым, жиһаздарым көптеген естеліктерімді сақтап мәңгіге қалып қойды. «Аспанда адасып жүрген ғарыш кемелерінің біріне тұрақ болар» деген тәтті үмітпен оған соңғы рет көз тастадым да болашағыма аттанып кеттім. Біз көп жол жүрдік. Нақты қанша сағат, неше күн екенінен хабарым жоқ. Алғашында санап отырып, ақырында жаңылысып кеттім. Жолда небір шытырман оқиғаларға кезіксек екен деген іштей менде қанша қалау болғанымен, ондай жайттардың нышаны да көрінбеді. Тек ұзын сонар аспан жолындағы ұшу ғана.

Көз шырымын алып оянғанымда қанша ұйықтағаным белгісіз жан жағыма керіліп, есінеп көз тастадым. Бәлкім құс ұйқы шығар деп ойладым. Жоқ, сөйтсем әжептәуір уақыт ұйықтаған сыңайлымын. Себебі әлгі алыстан кел де кел деп тұрған жұлдыздарға жақындап қалғанымызды байқадым. Енді сәл тағат қылсам екінші үйіме де жетіп қалармын. Пырақтың жалынан сипалап, - біздің үй осы маңда ма?

– Жоқ, осы аспан денелерінен өткеннен соң ғана.

– Тезірек ұшасыз ба?

– Сәл сабыр етсеңіз жетіп қаламыз, мырзам.

Бірер сағаттан соң мен қаншама уақыттан бері жұлдыз деп ойлаған планеталардың қасынан өтіп бара жаттық.

– Сіздің көзіңіздің жауын алатын кереметтер алдыңыздан ойламаған жерден шығады. Оларға еріп кетпегейсіз. Небір дұшпандар бізді бұл маңда тұтқында ұстап қалу үшін бар-амал қайласын істеп бағады. Бұл планеталарда жақсы да, жаман да тұрғындар бар. Сақ болыңыз!

– Олар бізге не үшін қастандық жасасын! Бізде қандай әкесінің құны бар?

– Олардың ниеті сізді бара жатқан планетаңызға жеткізбей өз планеталарында тұтқында ұстау. Сондағысы сізді құл қылу. – деді астымдағы пырақ мені қатаң түрде ескертіп. Пырақтың ойламаған жерде мені ескертуі, бойымда үрей мен күрес сезімдерін туғызды. Қалайда олардың тұзағына түсіп қалмау үшін өз-өзімді іштей дайындадым. Алайда, үлкенді-кішілі планеталардың маңынан өте бергенімізде менің ойым сан саққа жүгіріп, шашырап кетті. Неге десеңіз көз алдымдағы көріністердің қарапайымдығы соншалық не үрейленерімді, не күлерімді білмедім. Оң жағымдағы шағын планетада бір әйел асүйінде тамақ әзірлеп жатыр екен. Ал еркек (күйеуі болса керек) аяқты аспанға беріп газет оқып жатыр. Ал анау бір планетада болса, бір кісі темекісін шегіп кеңістікке көз тастап отыр. Ар жағындағы магнитофоннан радио жүргізушісінің жарқын үні естіледі. Осылай тізбектелген менің әлемім іспеттес планеталар бұл жерде түкірсең түкірігің жететіндей қашықтықта қатар-қатар орналасқаны соншалық санап та тауыса алмассың. Біреуі шам жарығында дәріске дайындалса, енді бірі кешкі ауқатын ішіп отыр. Ал қартайған бірі әжімді тарамыс саусақтарын созып пианиноның тетіктерін басып әлдебір күйге бөленіп жатыр. Осынау аспан қалашығының кішкене планеталарындағы қарапайым тұрғындар менің қастарынан өтіп бара жатқаныма еш мән беріп қарамады. Тек қанаты тала бастаған пырағым, жұлдыздар қалашығынан шыға бере бір планетаның үстіне амалсыздан келіп қонды. Мен де үстінен жерге түсіп, айналама бажайлап көз тастай бастадым. Мұнда біреу-міреу мекендей ме деген ой еді сондағысы. Алайда ешкімнің қарасы көрінбеген соң жерге шалқамнан жаттым.

– Қатты ұйықтап кетпеңіз, сәлден соң жолға қайта қойыламыз, - деді менің ақылды пырағым. Ол да жатып тыныға бастады. Мен басымды изеп, жан-жағыма зер салдым да ешкімді байқамаған соң көз шырымын алуды ұйғардым. Көзім іліне бере бейтаныс бір әуенді сыбызғы үнін естідім. Орынымнан асықпай көтеріліп айналама тағы да бір бажайлап қарадым. Ешкім жоқ. Алайда, сыбызғының үні маза беретін емес. Ал пырағым болса ұйықтаған қалпынан тұратын түрі жоқ. Ақырын адымдап дауыс естілген жаққа қарай жүре бердім. Алдымнан алма ағашы шықты. Саясында сүттей аппақ, гүлдей жұпарлы, сұлу бикештің отырғанын байқадым. Көзін менен айырып алатын емес. Өне бойымды ішіп жеп бара жатқандай. Қолында тістелген алма. Оған жақындай бергенімде, ол найзадай кірпіктерін маған қадап:

– Келіңіз, ханзадам! Мен сізді күткеніме қаншама ғасыр болғанына еш шүбәңіз болмасын. – деді өзі отырған кілемнің шетін нәзік алақанымен отыр дегендей қағып. Менің ойымда ештеме жоқ қасына барып жайғастым. – Мына сіз көріп тұрған алып планета, менің патшалығым. Мен осы планетаның ханшайымымын.

– Мұнда жапан даладан өзге ештеме көзге ілінбейді ғой, ханшайым, - дедім.

– Бұл шет жағы. Біз қазір менің алтынмен апталып, күміспен күптелген алып сарайыма баратын боламыз. Соңымнан ілесіңіз, - деді орынынан түрегеліп.

– Мен пырағыммен бірге үйімізге қарай жол тартып бара жатқан бетіміз еді. Шақырғаныңызға рақмет, дегенмен біздің кетуіміз керек.

– Осы мекеннің ханзадасын жібере салу маған жараспас. Жүріңіз, ханзадам, ең болмаса сарайымнан дәм ауыз татып кетіңіз.

– Асығыспыз. Одан кейін мен ешқандай да ханзада емеспін. Мен қарапайым «А-Z. №15» планетаның тұрғынымын.

– Сізге бір ұсынысым бар, қаласаңыз, осы планетаны сіз билейтін боласыз, мың құлым сіздің әміріңізде болады. Бар болғаны менің қасымда қалсаңыз екен.

– Жоқ, мен қала алмаймын. Мені бас дәрігер күтіп қалды. Жолға аттануым керек. – дедім де бұрыла бергенім сол еді, әлгі ханшайым жыланға айналып кетті де аяғыма қарай оратыла бастады. Зәрем зәр түбіне кеткені соншалық, қалай алып-ұшып жүгіргенімді өзім де байқамай қалдым. Одан шөл далада олай бір, бұлай бір қашып ұзақ жүгірдім. Пырағымды алыстан көріп қуанғаным соншалық бар даусыммен айқайлай бастадым.

– Пыс-с-с-с, пыс-с-с-с сіз осында қалуыңыз керек, ханзадам, - дейді әлгі жылан аяқ жағымнан қалмай жорғалап келе жатып. Пырағым әлденені сезді-ау деймін қасыма қарай шауып келді де, үстіне мені өңгеріп алып көкке ұша жөнелді. Аяқ астымдағы жылан жалмауыз кемпірге айналып кетті де, сыпырғы үстіне отырып алып соңымыздан қуалай бастады. Алайда пырақтың күшіне жету оңайға соқпаса керек, жарты жолда қалып қойды. Әйтеуір алыстан үздік-үздік жалмауыз кемпірдің дауысы естіліп тұрды: «Ме... сізд... күтемін, ханз...дам...». Айлакер мыстанды шаң қаптырып кеткенімізге іштей масаттанып та қалдым. Іш пыстырарлық планетаның мендей тұрғыны үшін мұндай шытырман оқиға көңіл көтеруден кем түспейтін еді. Алайда пырағымның үні менің көңілді күйімді су сепкендей басты:

– Егер біз одан қашып құтылмағанымызда өмір бақи соның құлы болып қалатын едік. Ол бізді өзінің бар айласының құрбаны етіп, сиқырымен ойына келгенін істейтін еді. Құда сақтады.

– Ол мені алғашында сарайына апарамын деді. Мені сол сарайдың ханзадасы қыламын деп көндірмекші болды. Алайда мен сіздің ескертуіңізді ескеріп бұл да бір айлакерлік шығар деген оймен сізге тезірек жетуге асықтым.

– Оның ешқандай да сарайы да, тағы да жоқ. Ол ханшайым емес, кәдімгі мыстан кемпір.

Тағы да 10 күншілдік жол жүрген соң алып планета көріне бастады. Әрине мен одан он есе, жүз есе үлкен планеталарды көргенмін. Алайда бұл бәрінен де өзгеше әрі сұлу болатын. Бұнда қыз-қыз қайнап жатқан өмірдің нышаны білінеді. Тек жақындай бере мен бұл планетаны жазбай таныдым. Бұл мен ылғида теледидарымнан көріп жүретін қатыгездік пен зұлымдыққа толы Жер атты планета еді.

– Міне, біз жақындап та қалдық, мырзам. Қонуға дайындала беріңіз. Мұнда біз жолай көрген планеталардағы жақсы-жаман тұрғындардың бәрі де табылады. Тіпті біз кездестірген мыстан кемпірдің жүзі шығып, айласы одан сан есе асып түсетіндері және бар. Дайын болыңыз.

– Жоқ, мен бұл планетаға бара алмаймын. Кері қайттық, пырақ. Мені өз үйіме қайта апар.

– Сіз не деп тұрсыз, мырзам, - деді ол кісінеп.

– Мен сізге қайталап айтамын, мен бұл жерге бармаймын. Бұл мен ылғида теледидардан көріп жүрген үрейге толы планета. Мұнда адамдар азғындыққа батқаны соншалық, сөзбен айтудың өзі қорқынышты. Менің мұндай жерге барғым жоқ.

– Келісім беріп қойдыңыз. Өкінішке орай, енді бәрі де кеш, мырзам.

– Жоқ, кері қайтайықшы, - дедім, көзімнен жас шып-шып аға бастады. Менің көз алдыма теледидардан көрген сәбилерге, жан-жануарларға жасалған қиянаттар елестеп кетті.

– Салыңыз суға кетпесін. Мұнда сіз ойлағандай бәрі де жаман емес. Жақсы адамдар да өте көп. Кәдімгі жақсылық пен жамандықтың күресі. Мүмкін сіз келіп бұл әлем одан бетер жақсара түсетін шығар, кім білсін. Бұл жер сізді қажет ететін болар. Бәрі де өзіңізге байланысты. Сіз осы бір әлемді өзгерткіңіз келмей ме әлде. Планета тек ол емес, нағыз планета мына сізсіз. Нағыз әлем – сіздің жұмыр жүрегіңіз. Және бұл планетадан да кететін күн болады. Оған дейін көп болса жүз жыл жасарсыз. Содан соң тағы да басқа әлемге сапарға аттанамыз... Оған дейін көп уақыт бар. Әзірге бас қатырмай-ақ қойыңыз. – деді пырағым жерге жақындап қалғанда ары-бері айналып ұшып. Менің екі иінім салбырап амалсыз көндім. Алайда жерге жақындаған сайын жылағым келіп кеңірдегіме өксік тығыла берді. – Жер атты планетаға қош келдіңіз, мырзам, - деді қайтадан астымдағы ақылды пырақ. Жерге жетер-жетпес бақырып жылап та жібердім. Одан кейінгісі есімде жоқ.

№7 перзентхананың бас дәрігері Досбол Алтынқұлұлы шақалақты анасының кеудесіне қойып жатып «сіз ұлды болдыңыз, ханым. Құтты болсын!» деді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар