Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрдәулет Ақыш: Бір авантюралық роман жазу ойымда ...

15.06.2016 6480

Нұрдәулет Ақыш: Бір авантюралық роман жазу ойымда жүр

Нұрдәулет Ақыш: Бір авантюралық роман жазу ойымда жүр - adebiportal.kz


нурдаулет ага.jpg

Бүгін белгілі жазушы, әдебиет танушы, ғалым, философия ғылымдарының кандитаты, Әдебиет және өнер иститутының ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш 66 жасқа толып отыр. Осыған орай қаламгерден шағын сұхбат алған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.


- Нұрдәулет аға, асқаралы алпыс алты жасыңыз құтты болсын! Осы өміріңізде қазақ көркем әдебиетіне де, әдебиет ғылымына да бір адамдай еңбек сіңірдіңіз. Сондықтан бүгінгі әдебиет саласында терең ой айта алатын алдыңғы буын аға ретінде қараймыз сізге. Жалпы, еліміздегі әдеби үрдіс қандай деңгейде? Қалай дамып келеді? Сол жайында ойыңызбен бөлісе отырсаңыз.


- Қазіргі кезеңдегі көркем әдебиеттің жазылуы жағынан қапы жоқ. Сандық көрсеткіш жағынган айтам. Барлық жанрда түрлі туындылар жарыса өмірге келуде. Басым бөлігінің жазылуы деңгейі жаман емес. Бірақ бүгінгі таңда жас қаламгерлердің өздеріне тән бағыт-бағдарын тауып алу оңай шаруа болмай тұр.Оған себеп жазу стилін игеру, көңілге келген әдемі ойды көркемдеп жеткізу жағы шеберлікті қажет етеді. Өз қаламыңа тән стиль-соқпақты тауып алу жағы да қиындау. Бұрынғы өткен кесек қаламгерлердің соқпағына түсіп кету өз стиліңді табу болып табылмайтынын ескерген жөн. Бірақ ең бастысы бүгінгі әдебиетімізде замана ағымына ілесу, жаңа тақырыптарды қаузап жеткізуге деген ұмытылыс бар. Бүгінгі жазылған туындылармен таныса отырып, ең бастысы замана рухын сезіне аласыз.


- Жалпы жастардың прозаға бетбұрысы қалай? Мәслен жуырда Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау» романы жарыққа шықты. Сол шығарма туралы не айтасыз?


- Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау» романының кейіпкерлері Америка Құрама Штаттарында тұрақты тұратын қазақ ұлтының шашырандылары. Жаһандану тынысы айқын бұл шығармадан бүгінгі ғасырдың жастарын көреміз. Бірақ оқиғасы шымыр, писхологиялық-моральдық қақтығыстар айқын аңғарылатын шағын роман белгілі бір оқырмандар арасында өзінің көркемдік міндетін біршама тәуір атқара алатын шығар деп үміттенеміз. Жетіспей жатқаны – ұлттық характерлердің бұлдырлығы, жекелеген сөйлем құрудағы олақтықтар.


- Өзіңіз балалар әдебиетіне де өлшеусіз үлес қосқан адамсыз. Кезінде «Бейуақта жанған от», «Әбдіреден шыққан қылыш» сынды әңгімелеріңізді қызыға оқыдық. Қазіргі кезде балалар әдебиеті қалай дамуда? Жыл сайын өтіп келе жатқан «Дарабоз» байқауы туралы не айтасыз? Одан жүлделі орын алып жатқан шығармалардың көркемдік деңгейі қандай?


- Рахмет. «Өлшеусіз үлес қостың» деу артық баға. Балалар әдебиетіне там-тұмдап ықыластана қалам тартқаным болмаса, өлшеусіз үлес қосқан емеспін. Өз кезінде қатардағы өкілдерінің бірі ғана болдым.


Қазіргі балалар әдебиетіне қатысты 2013 жылы «Кәусар бұлақ» деген атпен шыққан «Дарабоз» бәйгесінің 7-жинағы жайлы айтқан пікірім мынандай. Жинаққа он екі автор кіріпті. Мазмұн ретімен атап айтқанда, олар – Тұрдақын Жексенбай, Гүлзат Шойбекова, Серік Байхонов, Нарбин Кенжеғұлова, Пернебай Дүйсенбин, Ділдәр Мамырбаева, Алтынай Амангелді, Жәркен Бөдешұлы, Дінәш Ахметұлы, Есенәлі Ералы, Алмат Исәділ, Кеңес Оразбекұлы. Бұл қалам иелерінің қалам тартқан жанрлары лирика, ертегі, хикаят, әңгіме, драма сияқты әр түрлі. Олардың қайқайсысына да ортақ ұнамды сипат – жас буынның дұрыс тәрбиесіне сөз өнері арқылы тамшыдай болса да азды-көпті үлес қосу. Бұның өзі қаламгердің жүрек түпкірінен шыққан құптарлық, ұнасымды идея екендігі сөзсіз.


Дәстүр бойынша алдымен тоқталатынымыз – әдебиетіміздің бастау кезі болып келе жатқан поэзиялық туындылар. Аса көп болмағанымен, көзді ғана емес, көңілді де қуанта алатын шумақтар қатарының кездесуі шүкір дегізеді.


Мысалы:

Жаз келді

Жадырап,

Жайнаңдап.

Жайлауда,

Оңаша қойнауда

Сайрандап,

Ақ тайлақ

Ойнайды тайраңдап.

(88-б)


Бұл балалар поэзиясында тер төгіп жүрген кәнігі, сақа ақынның сақ қаламынан ғана туатын жолдар. Ал сонда бұның авторы кім дейсіз ғой. Жас та, жасамыс та емес, әдебиетімізде аты танымал болса да, поэзия өлкесінде кездестіреміз деп ойламай жүрген қаламгеріміз, кәдімгі Серік Байхонов.


Бәйгесін жеңіп алып, жинаққа енген басқа өлеңдердің бәрі де осылайша бастан-аяқ жұмыр шығыпты деуге әділдігіміз жетпесе керек. Тәп-тәуір өлеңдер болғанымен, бәріне тұтастай тұщымды лебіз білдіру қиын. Өйткені көркемдік өлшемнің үдесінен толығымен шыға алмай жатқандықтан, талапқа сай емес тұстары, азды-көпті кібіртіктері байқалып жатады.


Мысалы:

«Қора-қора қой емес,

Түмен-түмен түйе емес» (183-б.)

«Таудай болса талабым,

Биіктерге барамын»

(244-б.)


«Түмен-түмен түйе емес» немесе «Биіктерге барамын» деген жолдардағы сөздер мен тіркестер әдеби нормадан ауытқып тұр. Түйенің үйірін қазақша «келе» деп атаушы еді. Қазақ «Биіктерге барамын» демейді «Биіктерге жетемін» деп айтады. Осы жолдардағы тұрақты сөз тіркестерін перефраз жасап, басқа сөздермен алмастыру үрдісі өзін өзі ақтап тұрған жоқ.

Алдағы уақытта бұл жолдардың авторлары сөздеріне уақап болса екен деп тілейміз.

«Мектебіме» атты өлеңнің ұйқас формалары біркелкі емес. Бір өлеңнің ішінде кезекті ұйқас, шалыс ұйқас аралас жүр. Алмат Исәділдің жаңылтпаштарында мазмұн, түр жағынан жаңалыққа ұмтылу нышандары айқын. Осы ұмтылыстың өзі аз да болса, көңіл жылытарлық.


Балаларға өлең жазудың бір қиындығы әдеби норманы бұза беру мүмкіндігінің шектеулі болып келуі. Бәлкім, ересектер үшін жазғанда, көркемдік талаптарын белден басып, ерсілі-қарсылы сөйлей беруге аздап кешірім жасауға болатын шығар. Ал тілі енді-енді ғана шығып, қалыптаса бастаған балалардың аузына теріс тіркестер мен ұғымдарды салып жіберсек, тілбұзарлыққа қарай бастап берген болмаймыз ба?


Бәйге алған шығармалардың ішінен проза бойынша алдыңғы қатарында аталуға лайықтысы – Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт» хикаясы. Автор өзінің шығармашылық сапарының көркемдік кредосы болып табылатын жалғыз тақырыбы адам мен табиғат арақатынасын одан әрман індете түскен. Шығармада қызмет етуге тиісті негізгі көркемдік атрибуттардың барлығы жүйесімен іске асқан, хикаятта сюжет те, тартыс түрлері де, кейіпкер бейнелері де бар. Қызықтырып әкететін сюжеттің тосын түйінмен аяқталуы да шығарма ұсынар әсерді күшейтіп тұр. Тек бір кінәрат хикаяттың экспозициясындағы көсемсөз табиғатына тән екі-үш азат жолдың бөлектеніп, хикаят болмысына сіңісе алмай тұруы ғана.


Ал «Дарабоздың» басқа жеңімпаздарының ішінде аһ дейтін прозалық шығармаларды байқамағандықтан, қалғандарына талдау жасап, өлшеулі уақыттарыңызды алғым келмейді.


- ХХІ ғасыр – кітаптың соңғы ғасыры деп жатады. Кейбіреулер керісінше «Қазір ақшаң болса, кітап жазу оңайдың-оңайы» деген пікірде. Сіздің ойыңызша, қазіргі кітаптың тағдыры қандай?


- Ғасырдың қандай екендігіне қарамастан көркем әдебиет шығармалары алдағы уақыттарда да жазыла беретін шығар деп ойлаймын. Бірақ көркем ойды жеткізу форматтарының түрлі өзгерістерге түсуі әбден мүмкін. Бұрыннан қалыптасып келеген әдебиетке қойылар көркемдік талаптардың қуаты бұрынғыдай болмайды-ау деп ойдаймын. Көзі ашық дейтін оқыған қаламгерлердің кейбірі «Әдебиетке қойылатын талаптар өзгеруде. Алдағы уақытта көркемдік нысандарына басқаша қарайтын ұрпақ келеді» деген пайымдауға тізгін беріп жүр. Бірақ негізгі талаптарды өзгертетін болсақ, бәрібір әдебиеттің деңгейі де түсіп қалуы ғажап емес. Дүмбілез шығармалар ұсыну оқырманның эстетикалық талғамын бұзу деген сөз.


- Қазір не жазып жүрсіз? Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?


- Менің өзі нашар әдеттерім де жоқ емес. Соның бірі не жазып жатқанымды алдын ала дабыралатып айта бермейтіндігім. Өйткені жұмыс үстіндегі шығармамның көркемдік деңгейі қандай болып шығатындығы басқаны былай қойып, автор ретінде өзіме де беймәлім. Сондықтан жариялай беру шарт па деп ойлаймын.

Сұрап қалғаннан кейін айтайын, әзірше тиіп-қашты шимайлап жүргенім қазақ тарихында елеулі із қалдырған бір тарихи тұлға турасындағы роман. Егер ғұмыр жетіп жатса, тағы бір мақсатым біреулер жанр ретінде күні өтіп кеткен деп санайтын бір авантюралық роман жазу. Тарихи болған уақиғалардың негізінде жалпы жобасын, басты фабуласын басымда сызып қойғанмын. Соны аяқтасам ғой деп қиялдаймын. Бәрін бір Алла біледі.


- Алла Тағала арманыңызға жетуді жазсын. Әңгімеңізге мың алғыс! Тағы да мерейлі мерекеңіз құтты болып, көп жасаңыз, аға!


Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар