(әңгіме)
Түске таман оянды. Оянды да тың тыңдап біраз жатты. Ас үй жақтан таныс табаның таныс шыжылы естіліп, танауына таныс иіс келді. «Ештеңе өзгермеген сияқты, - деп ойлады, - Бүгін не тындырсам екен?» Іргеге қарай аунап түсіп, көзін жұмды. «Өзі, бірдеңе істейтін де уақыт жоқ...»
- Илектеліп жата бересің бе? Бұл енді келіншегінің әр күні әрқалай тәпсірлейтін шәй суып қалдысы еді.
- Фейсбук не болып жатыр екен? – деп міңгірлеген.
- А? – деді шығып бара жатып мойын бұрған келіншегі.
- Ештеңе. Ештеңесін баласының түпкі бөлмеден естілген бажылы жұтып қойды.
«Осындай да уайымсыз адам болады екен-ау. Шеберсің ғой, Құдай. Мен болсам таң атты, кеш батты – дүниенің дүрмегін түгендеймін деп қайта-қайта ұшталған қарындаштай мүжіліп таусылар болдым. Ал бұның тесік шұлығын бүтін шарқайы жазысырып тұрса болды, әйтеуір...» Ыңырана басын көтеріп, аяғын төсектен салбыратып отырды. «Бір, екі, үш, төрт, бес...» Екінші аяғында да бес башпайы барына өзі де таңырқағандай. Бет-ауызды бұрай ысып, сосын аты жоқпен көзінің алдын сығып тастады да оюлы киіз сүйретпесін іліп алды. Тырп-тырп, тырп-тырп басып жуынатын бөлмеге өтті. Есік ашқанда қарсыдан да бір кісі кіріп келе жатқан. Қол жуғыштың жақтауын таянып айнаға үңілді. Арғы жақтағы қисық беттеу, көзінің астына қалта байланған жүдеу кісі де бұған тесірейе қалыпты. «Мұртым ағара бастапты ә...»
***
- Барасың ғой? Бұл құлықсыз бас изеді.
- Өзің-ақ барып тұратын адамсың ғой, уақытымен. Алашапқын қылмай.
- Ммм.
Төсектен тұрғалы келіншегінің бетіне қараған жоқ. Қазір, міне, қолындағы кесесі де дағдылы қимылмен аузына өзі келіп-қайтып тұр. Бұл смартфон шұқылап отырды. Өзі рахаттана тімтініп, өзгелерді: «Біресе күпсиген, біресе күңіренген неткен адамдар!» - деп іштей сыбайтынын қайтерсің. Көшеде көрсе танымай-білмей өте шығатын, дүниенің екі басында отырып алып, нәжіс шашысып ойнайтын виртуал достары мен қастарын да ойлап қояды арасында.
- Болсаңшы енді. Селк ете түсіп, енді аузына апара берген шайын алдына төгіп алды.
- Өй, қатын! Шошыттың ғой, кісіні.
***
Жейдесінің өңірін түймеленіп тұрып терезеден сыртқа қарады. «Көкжиек көрші үйдің тасасында қалған мына қалада таңның қалай атып, күннің қалай батқанын көру де арман екен-ау». Кеңірдегін созып қарсыдағы үйдің қабат-қабатын тінте сүзіп шықты. Үшінші қабаттағы бесінші терезенің алдында мысық отыр. «Терезеден телміруді бұлар адамнан үйренсін. Қызық, бұл байғұстар да біз секілді қиялы жеткенімен, аяғы жетпейтін қиянға ойша безіп бара жата ма екен?..»
- Кіммен сөйлесіп тұрсың, тағы? Өзім ертіп барайын ба? – деді келіншегі. Үнінде абыржу бар.
- Жоқ а. Жолды білем ғой. Дәрім қайда?
- Қазір... Қазір берем. Жолда ешқайда бұрылмай, түзу барып, түзу қайт. Қағаздарың сол жақта... Келіншегі жүре сөйлеп, әлдебір құтының қақпағын ашып, мұның алақанына екі түйір дәрі салды. Жүгіріп су алып келді. Галстугын байлап беріп, костюмін кигізді. Еңкейіп етігінің бауын байлап беріп жатыр:
- Тез бар. Әйтпесе өздері жетіп келеді. Ел-жұрттан ұят тіпті.
«Иә, ел-жұрттан ұят...» Бұл күбірлеп есіктің кілтін бұрап жатқан.
- Әй, тоқтай тұр, - деді келіншегі, - Суретке түсіріп алайын.
***
Жолдың астымен өтетін суағар құбырға бөксесі симай қалып, тоңқаңдап жатқан кісінің әрекетін бағып аз тұрды да, қасына тізе бүкті.
- Не істеп жатырсыз?
- Сырғамды іздеп жатырмын! – деген әйел адамның зілді дауысы күңгірлеп естілді. Сосын суырылып өзі де шыққан. Мұны көріп мына әрекетінен қысылды ма, әлде кеңсе адамынша киінген еркекті әлдекімге ұқсатты ма екен, әйел сасқалақтап үсті-басын жөндей берді:
- Біз... мұнда... – деді ту сыртында шұқыланып жүрген қыз-келіншектерді көрсетіп, - өз еркімізбен сенбілікке шыққан едік...
- Бәсе, өтіп бара жатыр ем, мынаған нетіп жатыр екенсіз, - деді бұл иегімен суағарды нұсқап.
- Көмейіне қарай кетіп қалған қоқысты бері шығарып жатқам ғой.
- Ааа. Қане, мен көрейін.
Әйел а деп ауыз ашқанша бұл екбетінен түсіп, тесікке қойып кетті. Әуелі қылтасына дейін көрінбей қалған. Сосын құйрығы құбырдың төбесіне тіреле тоңқайып барып тізесін жазып еді, қара санына дейін сыртқа шықты. Сөйтіп тағы бір-екі рет бүгіле созалаңдап барып өзімен бірге жарық дүниеге бір құшақ қоқыс алып шыққан.
- Түүү киміңізден не қалды...
- Дүниенің байлығы жатыр екен-ау, – деді көздері ғана жылтырап, – Тағы бір сүңгіп шықсам ба екен?..
- Жоқ, ойбай. Әйел бұл жолы алдын орайын деген кісіше ары-бері сипаланып еді түк таппады, білем, басындағы орамалын сыпырып алып, ішкі таза жағымен мұның бет-аузының шаңын сүрте бастады. Екі иығын, кеудесі мен арқасын, жеңі мен етегін ысқылап тазалап жатыр. Бұл болса жыланға арбалған торғайдай қалықтаған да қалған. Келіншектің жарқыраған маңдайы, тершіген сүйкімді мұрыны, бетіне сусып түскен шашты астыңғы ернін сәл қиғаш дүрдите беріп «фы» деп желпіп қалып, дәл иегінің астынан ентіге тыныстағаны көңілін қыттықтап өті. «Неткен жаратылыс! Бұл бір Құдайекеңнің әділетті ісі екен...» - деп ойлап үлгергені сол еді, келіншек енді мұның қарсы алдына тізерлеп отыра қалып, шалбарының шаңын сүртуге кіріскен.
- Адамдар қызық, осыншама қоқсытуға бола ма екен?
- Адамның өзі де қоқысқа айналған ғой. Оларды да тазартатын бір қол керек.
- Қойыңызшы, қайдағыны айтпай. Сіз бе, қоқыс? Әлде қоқысқа аунап жатқан мені меңзеп тұрсыз ба? Бұл иығын қиқаң еткізді. Енді байқады, бөтен еркек пен таныстарының тосын, ебедейсіз әрекетіне елітіп басқа қыз-келіншектер де жиналып қалған екен.
- Балқия Құмарована, тапайдың тал түсінде не істеп жатырсыздар?
- Не істеуші ек, тазалап беріп жатырмын.
- Мына кісі кім? – деді іштеріндегі қылжақбас біреуі. Деді де бірдің аузындағы, бәрінің көзіндегі сұрақтың жауабын да өзі сарт еткізді:
- Кім дегенің біреу боп шықпасын... Сөзді екіншісі іліп әкетті:
- Байқаңыз, Балқия апай, бөтен еркектің шаңын қағып жатқаныңызды күйеуіңіз көріп қойып, өзіңіздің шаңыңызды шығарып жүрмесін...
Мынаның күйеуі туралы айтылғанда, өзінің де келіншегі есіне түсіп, бағанадан бөтен әйелдің алдында аса бір ләззатты тәкаппарлықпен талтайып тұрған бұл аяқ асты мүләйім күйге еніп, аяғын епті қолдан сілке тартып шегіне беріп еді жаңағы қылжақпас:
- Ибәй, шымшып алдыңыз ба? – деп тағы бір түйреп өтті.
Не керек, ойда жоқта ұшырасқан қыз-қырқын тегін күлкіге қарық болды да қалды. Бірақ осы сәт топты күлкінің жықпылынан еміс-еміс шалынғандай болды да, артынша анық естілген. Жедел жәрдемнің ащы дабылы. Иә, таяп қалған секілді. Бұл әй-шәйсіз жалт бұрылып, зыта жөнелді.
Галстугы сырықтың басына байланған жалаудай желпілдеп, қарсы келген, қалып бара жатқан жұрттың жанарын іліп әкетіп, тапырақтап қашып келеді. Тротуарда қолтықтасқан екі кемпір қапылыста сытылып кеткен қалта қаққыш деп ойлаған шығар, әуелі бұған жырылып жол ашты да, артынша-ақ бажылдап қала берді. Жедел жәрдемнің дабылы да бірде еміс, бірде анық естіліп өкшелеп келеді. «Кеп қалды-ау... Ұстай алмайды... Қазір көк желкеңнен бүріп түскенде көрем... Қолға түссең өткен жолғыдан да сорақысы болады... О жолы қатынның тілін алам деп құрыған ең, ал бүгінгің не тыртың?!.» Өзімен-өзі дауласқан күйі құйғытып келіп көшені тұйықтай көлденең тұрған ғимараттың ашық есігінен ішке зып берді. Жедел жәрдем қапталдағы аулалардың біріне бұрылып өз жөнімен кеткенін білген де жоқ.
Бұл кіргені кинотеатр болатын. Табалдырықтан күтіп алған кезекші:
- Болыңыз, басталайын деп жатыр. Касса ана жақта, - деп жөн сілтеді.
Бұған да керегі сол. Екі-ақ аттап жетіп барды. Екпіні тап билет беретін тесіктен ары өте шығардай еді.
- Қиқоңыз, - деді кассир қыз іннің аузындай ойықтан қылтиып қарап.
- Кімді айтасыз?
- Фильмді айтам. «Қиқоңыз» деген кино. Билет аласыз ба? Тездетпесе ана жүнді білек жендеттер мұның өзін қиша домалатарын ойлап үлгерді.
- Иә... беріңіз... Бір билет, – деді әлі де ентігін баса алмаған күйі дірілдеген қолымен төс қалтасынан ақша суырып жатып...
***
...Кадрда жер шарындай домалақ қи тұр еді. Кенет бірін-бірі өкшелей қуып экранға шыққан екі қоңыз әлгі домаланған қиға таласа кетті. Әуелі алты аяқты, құрыш сауытты құбыжықтар жер шарының қос бүйірінен келіп қысқан еді, қи-шар дүлей күшке шыдамай қақ бөлінді. Енді жауласқан екеу біресе мүйіздесіп, біресе ортасынан опырылып, ұрыс алаңына айналған қиды үңги іреп, ойнақ салып жүр. Ақыры бағанағы жұп-жұмыр сүйкімді қи жаймалана шашылды да қалды. Сол-ақ екен мына екеуі түк болмағандай тайғанай жорғалап екі жаққа тайып тұрды.
Кадрға үшінші қоңыз кірген. Бұның да тұрқы мен түсі жаңағы екеуінен аумайды. Тырбаңдаған жүрісі де. Тек бұның миссиясы мүлдем бөлек екен. Ә дегенде ағайындары боршалап кеткен қидың ірілі-ұсақты үгіндісін артқы және ортаңғы жұп аяқтарымен итеріп, тиісінше алдыңғы екі аяғымен жер тірей жылжып, әудем жерден өткен әлдебір жануардың тұяқ ізіне қарай таси бастады. Содан соң іздің ернеуінен ішке үңілген. Із түбіне қақ суы тұнған екен. Қоңыз еш ойланбай суға күмп берді де, ортасына дейін жүзіп барып, кері қайтты. Сөйтті де су тиген денесімен әлгі үйме-жайма қидың үстінен ары-бері өте бастады. Осы әрекет әлденеше рет қайталанған. Қоңыз енді дағды бойынша алдыңғы аяқтарымен жер тіреп, артқы, ортаңғы аяқтарымен әжептәуір дымқылданған үгінді қиды шірене итеріп, біріктіре бастады. Тағы да қақ суына малшынып келді, тағы да үйме қидың үстімен ары-бері өтті. Сөйтіп әбден иледі. Ең соңында бағанағыдай емес ұйысып, жөнге кеп қалған қи-кесекті артқы аяқтарымен бір жақ астынан көтеріп, мүйізімен жер тіреп тұрып, алдыңғы екі аяғымен кедір-бұдырын іргеден жоғары қарай түре қуып сылауға кірісті. Өстіген аз ғана машақаттан кейін қи да домаланып жолға түскен.
Бұл тағы бір қызыққа таң қалды. Басы салбырап, алдыңғы екі аяғымен жер тіреп, артқы төрт аяғымен таудай қиды домалатқан өжет қоңызыңыз біраз жүрген соң тоқтай қалып, өзі итеріп келе жатқан кесектің үстіне шығап, төрт тарапқа барлай қарап, бағыт-бағдарын бір пысықтап алады екен. Сөйтеді де ары қарай сапарлайды...
Қиқоңыздың ұзақ та азапты сапары немен аяқталғанын бұл көре алған жоқ. Пыс-пыс етіп ұйықтап отырған жерінен қасындағы кісі түртіп оятты. Фильм аяқталып, жұрт дабырлап сыртқа шығып жатыр екен. «Қиқоңыз мұратына жетті ме екен?» - деп ойлады. Ойлады да есінеді.
***
Үйге кештетіп жеткен. Келіншегі тымырайып қарсы алды. Әдеттегі айқай-ұйқайы ұшты-күйлі. Бұл да ләм-мимсіз сылқ етіп отыра кетіп еді, кіші ұлы еңбектеп келіп аяғына жармасты. Тырмыса өрмелеп түрегелді де, әкесінің тізесінен иіскеді. Бойының жеткен жері сол ғана. Қалт-құлт етіп құлағалы тұр. Балағына оратылған кішкентай періштені бұл «әуп» деп көтеріп алып, құшағына басып, құшырланып тұрып иіскеді. «Пах, шіркін! Пейіштің жұпары ғой, мынау. Аңқып тұр!» - деген содан соң. Құшыры қанбай иіскей берді, иіскей берді. Иіген сайын бойы бусанып, жеңілейіп барады. Құдды бала көрмегендей өпті-ай келіп. Қара тастың борша үгілгенін сәби де сезсе керек, кішкентай қолдарымен бұның шашынан, көзінінен, мұрнынан ұстап көріп, сосын бет-аузын сілекейлеп сүйе бастады. Осы кезде есіктің қоңырауы шылдыр ете түскені еді, келіншегі аршып жатқан картобын тастай салып тұра жүгірді:
- Өзім ашам... Жүрегі су ете түсті. Сезгендей-ақ ақ халатты жүнді қол жендеттер саусылдап кіріп келе жатқан...
Ал бұл уақытта фейсбук тұрғындары қисық бет, мұртты, жүдеу өңді, бірақ жөндем киінген ер азаматтың жағдайын қызу талқылап жатқан еді. «Көрген біреу-міреу болса хабарын берсеңіздер екен», - деп телефон нөмірін жазып, суретін қоса жариялаған келіншегінің айтуынша психиатриялық орталықта тіркеуде тұрған көрінеді. Түсте үйден шығып кеткен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.