Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұржан Қуантайұлының романы туралы немесе ЗАМАНА...

18.01.2016 4503

Нұржан Қуантайұлының романы туралы немесе ЗАМАНАУИ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ КУӘСІ

Нұржан Қуантайұлының романы туралы  немесе  ЗАМАНАУИ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ КУӘСІ - adebiportal.kz


1414471290_chel1.jpg

Қазіргі қазақ әдебиетінің жас буын өкілдері жайында білетінім, шынымды айтсам, жұпыны, үстірт, шолақ. Мұным үлкен олқылық екенін мойындаймын. Нұржан Қуантайұлы деген жазушының барын таяуда ғана білдім. Өкінішті, әрине. Нұржанның «Қараөзек» атты романынқызыға, қарындашпен ерекше ұнаған жерлерін сыза отырып, мұқият оқып шықтым.


Екі нәрсеге ерекше назар аудардым:


1. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды сондай дәлдікпен, нақтылықпен, шынайы деталь-көріністермен бейнеленген кеңестік дәуірдегі түрме өмірінің қыртыс-қалтарыстарын нанымды және жан-жақты ашып суреттеген көркем шығарманы тұңғыш рет оқығаным. Есіме әрдайым Достоевскийдің «Записки из мертвого дома» дегені түсіп отырды. Қазақ тілінің табиғатында жоқ әрі жат ұғым-түсініктер – кормушка, гайдамак, трюм, ШИЗО, шконка, кум, бродяга, отстойка, промзона, ходка, унитаз, еж, кабур, стрела, конь т.с.с. Хақназар есімді қазақ жігітінің басынан өткен, біз сияқты оқырманға бейтаныс өмірден ( бетін аулақ қылсын!) хабар береді. 1986-жылдың қанды дүрбелеңіне қатысып, Қазақ ССР-інің Қылмыстық Кодексінің 94-інші және 65-інші баптары бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылып, күшейтілген режимдегі еңбекпен түзеу колониясына жөнелтілген Хақназар Шығайұлы Шығаевтың көрген қорлық-нәубеттерін оқып отырып, «апырай, сондай да заман болған екен-ау!», «қазақ баласы мұндайға қалай шыдап жүр?!», «осы Хақназар автордың өзі емес пе екен?» деп амалсыз таң қалып отырасыз. Өзім түмеде отырғандай әсерде болдым.


2. «Қараөзек» - қазіргі күрделі өміріміздің бет-пердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, өтірік-жалғансыз айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты Һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлылығына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім. Базарлы экономиканың келеңсіздіктерін автор жіті байқаған, пайымдаған.


«Ал біз... мұнай да бар, қазба байлық та бар, Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар деп ісіп-кепкенде сондаймыз, кәне жақсы өміріміз? Байлықты шетке шығарып, сатып та жатыр екенбіз, қайда сол ақша? Халық неге аш, жалаңаш? Жетпіс процент қоңыз теріп жүр, қазба байлықтан не пайда?» - деген ой жұмыс таппай, тентіреп жүрген Хақназарды да, авторды да, оқырман мені де мазалайды, қапаландырады.


Көлемі шақ романның (қазіргі жас қазақ жазушылары қысқа жазуды меңгеріп келеді; қарны қампиған романдардың азаюы мені әжептауір қуантады) өн бойында көркем прозамен астарласып, публицистикалық әуендер көп және орынды кездесіп отырады. Бұл кездің жастары заманауи өзгерістердің куәсі бола жүріп, саясаттың құйтырқы сыры-қырына күмәнмен қарайды. Маған ол диалектикалды ойлау, пайымдаудың нышаны болып елестейді.


Психологиялық тұрғыдан да, кейіпкерлердің жан дүниесін бейнелеп көрсетуде де, қоғамдағы қым-қуат тартыс оқиғаларды нанымды, шынайы таңдауда (сұрыптауда) да романның дөп шыққан тұстары аз емес. Баяндау машығы, тіл оралымдары, қазіргі жастардың сленгіге құрылған сөз саптауы, шымыр диалогтар көңілге қонады. Романның бұл қырына арнайы тоқталған жөн болар еді. Бұл жағын таратып айтуға менің дәл қазір уақытым жоқ.


Нұржан Қуантайұлы есімді жазушының барлығына қуандым. Оның «Қараөзегін» қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар роман деп бағалаймын.



Герольд Бельгер

Жазушылар мен публицисттердің

Халықаралық қауымдастығының (МАПП) мүшесі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар