18-23 қазан күндері Астана қаласында көрнекті театр және кино әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық артисі Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың 100 жылдығына арналған театр фестивалі өткен еді. Фестивальге еліміздің беделді де белді театрлары қатысты. Нақтырақ айтар болсақ, фестиваль аясында Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры «Жұт» шығармасын, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Гарсиа Лорканың «Оян қалыңдық» пьесасын, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін», Федор Достаевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры А.Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын», Ақмола облыстық орыс драма театры Антон Чеховтың «Шағала» шығармасын, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік музыка-академиялық театры тарихи драма «Алтайдан ауған ел» қойылымын, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры жазушы Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» шығармасын, Республикалық неміс драма театры Макс Фриштің «Андорра» қойылымдарын сахналады.
Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы бері ұйымдастырылып отырған жиырма сегізінші республикалық фестиваль. Көрермендердің көл-көсір қошеметі мен ықыласына бөленген драмалық қойылымдар әділ-қазылардың талқысына салынып, қателіктері мен олқы тұстары айтылып, ал әртістердің шеберліктері жоғары дәрежеде бағаланды деуге болады. Әділ-қазы алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәния Дүйсенханқызы, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі, өнертану кандидаты Амангелді Оразбайұлы, өнертану докторы, профессор Нұрпейіс Бақыткәкиқызы, Қуат Мұратұлы сынды білікті театртанушылар болды.
Аты аталған фестивалді арнайы барып тамашаладық. Тәжірибелі театрларды бір-бірінен бөліп-жаруға келмес. Десе де, бізге Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахналаған «Оян қалыңдық» қойылымы ерекше ұнады. Испан жазушысы Федерико Гарсиа Лорканың «Қанды той» («Крововая свадьба») пьесасы негізінде сахналанған «Оян, қалыңдық» драмасының қоюшы режиссері халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте лауреаты Дина Жұмабаева. «Оян қалыңдық» қойылымы жайлы театр сыншысы Зухра Исламбаеваның пікірін сұраған едік. Ол кісі де сөзімізді жерге тастамады.
- Қойылым сізге ұнады ма, Зухра ханым?
- Иә, әлбетте! Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілген Қазақстан драма театрларының XXVIII Республикалық фестивалінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры испан драматургы Гарсия Лорканың «Қанды үйлену тойы» («Кровавая свадьба») трагедиясы негізінде сахналаған «Оян, қалыңдық» спектаклі өзіме өте ұнады. Расында, бұл қойылым алғаш сахнаға шыққан күннен бастап-ақ көпшіліктің қызығушылығын оятқан еді. Негізінен пьесаны жазу ойы авторға Испанияның Альмерия қаласында болған шынайы оқиғаны 1928 жылы баспасөз бетінен оқыған сәтінде туындаған екен. Пьесаның финалында орын алатын трагедияның сарыны экспозициядағы Күйеу жігіттің анасынан пышақ сұраған тұсынан-ақ байқалады. Демек, шығармада пышақ (қанжар) басты роль атқарады. Одан әрі драматург сол пышақтан өлген Күйеу жігіттің әкесі мен ағасының қазасына Феликстер отбасының қатысы барын, Леонардоның отбасы болғанымен бақытсыз күйін, Қалыңдықтың шығатын күйеуін ұнатпайтындығын, ақыры ұзату тойы үстінде ғашықтардың бірге қашып кетіп, артынша екі жігіттің өлім құшқанын баяндайды. Жалпы пьеса осындай қанды оқиғаны баяндау тәсілінде жазылған.
- Театр ұжымы шығарманың негізгі идеясын жеткізе алды ма?
- Мұнда не қызу әрі шытырман тартысты, не ширыққан мінездерді кездестіре алмаймыз. Сол сияқты режиссерге берілген нақты репликалар жоқ. Демек, бұл – қоюшының шығармамен, актерлермен, сахна атмосферасымен кеңінен жұмыс жасауына мүмкіндік мол деген сөз. Спектакльдің режиссері Дина Жұмабай сондай мүмкіндікті ұтымды пайдаланыпты. Шымылдығы жоқ шағын кеңістіктегі көрерменмен біте қайнасқан спектакльде ең алдымен көзге түскені жоғары-төмен керілген жіптердегі ілінген киімдер болды. Бұл болып жатқан драмалық, трагедиялық ситуациялардың куәсі болған көпшіліктің функциясын атқарады. Спектакль Динара Нұрболаттың орындауындағы Өлімнің тоқтаусыз күлкісінен басталады. Бұл алдағы болатын жайсыздықтан хабар бергендей әсер етеді. Ажалдың сол жағымсыз күлкісінде, төрдегі орындықтарды көрерменге қарай кезек-кезек тасып, оның үстінде еркінси жүруінде, көпшілікке бірде күле, бірде сынай, енді бірде келемеждеп қарауында үлкен мән бар. Актрисаның әрбір қозғалысы мен мимикасынан дәл қазіргі күндегі адам өлімінің тым етек алып отырғандығын, сол өлім адамның әрбір қадамында кездесетіндігін, сол сияқты адамзатты өзінің уысынан шығарғысы келмейтін үстемдігін байқаймыз. Кейбір көріністерде бір сәт үнсіз қалып, ситуацияны сырттан бақылап жүретін бұл кейіпкердің пьесадағы автор баяндаған сипатын Д.Нұрболат дәл ашып берген.
- Театр әртістерінің сахнадағы образына көңіліңіз толды ма? Кейіпкерлердің болмысы ашылды деп ойлайсыз ба?
- Негізінен шығармадағы Леонардодан басталған оқиға сол жігіттің өлімімен аяқталады. Демек, ол – трагедияны тудырушы кейіпкер. Осы тұрғыдан алғанда актер үшін арада біршама уақыт өтсе де ғашықтық құштарлығын жоғалтпаған, махаббат сезіміне адал мұндай қаһарманның мінез ерекшелігін, психологиялық толғанысын орындаудың жүгі жеңіл емес. Рольдегі Дархан Сүлейменов алғашқы көріністе Леонардоның жұбайына деген көңілінің суықтығын байқатса, оқиғаның даму барысында бақытсыз өмірге бұдан әрі төзе алмайтындығын ашып көрсетеді. Актердің көзқарасынан, бет-жүзінің құбылуынан, қимыл-қозғалысынан Леонардоның отбасы болғанымен бұған дейін жүрегінің төрінен орын алған сүйіктісіне сезімінің адалдығын аңғарамыз. Онда сезім мен эмоцияға берілу де, айтқанынан қайтпайтын қыңыр мінезі де бар. Сол сияқты пьесадан Қалыңдық әкесінің жағымды немесе жағымсыз мінезін байқай алмаймыз. Тек кішкентай адамның қарапайым бейнесі ғана бар. Ал, спектакльде Әсет Иманғали өзінің кейіпкерін үрейлі, үнемі әлденеден қорқып жүретін бейбақ адам ретінде көрсетеді. Әке – Ә.Иманғалиға қызы тезірек отбасын құрып, өз бақытын тапқаны дұрыс. Кейіпкердің осы мақсатын жеткізуде, оның әлеуметтік кейпін беруде актер тіпті керілген жіптегі киімдерді қызының ішіне салып, оның балалы бола алатындығын да айтып салады. Жалпы сөзбен бірге әрекетті қиюластырып, пьесада жоқ мінезді көрсеткен Ә.Иманғалидің ойыны жарқырай көрінді.
- Қоюшы режиссер қандай ұтымды тәсілдерге барған деп ойлайсыз?
- Д.Жұмабайдың пьесада драматург тарапынан нақты іс-әрекеттер арқылы баяндалмайтын, тек кейбір кейіпкерлердің аузымен ғана айтылатын екі жігіттің өлімін қанжарды қайта-қайта жерге қадау арқылы жеткізген шешімі өте ұтымды шықты. Қанжар жерге әрбір қадалған сайын олардың арасындағы психологиялық-моральдық тартыстың соншалықты тереңдігін байқаймыз. Осы тұстағы шелектегі шартты түрде алынған қанның айқасқан екі жігіттің үстіне шашылып-құйылуы шығарманың трагедиялық нүктесін қойып берді. Әрине қазақстандық театрларда У.Шекпирдің «Ричард ІІІ», «Ромео – Джульетта», Г.Бюхнердің «Войцек», Ш.Айтматовтың «Жан пида», «Ана – Жер ана» тәрізді қойылымдық нұсқасы ой мен білім тереңдігін қажет ететін аса күрделі пьесаларды сахналаған Д.Жұмабайдың өзіндік стилін білеміз. Бұл жолы да ол өзінің осындай тосыннан үрей немесе таңданыс тудыратын шешімінен жаңылмаған. Пьесаның негізгі кілті ол – махаббат құштарлығы, сол махаббат үшін күрес десек, Д.Жұмабайдың қойылымында ғашықтардың өз бақыты үшін күресі, жарқын өмірге деген құштарлығы, сол жолда құрбан болған аянышты тағдыры бар.
- Шынайы ой-көзқарасыңызбен бөліскеніңіз үшін мың алғыс, Зухра ханым!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.