Армысың, атақоныс – Абыралы,
Басыңнан бағың қайда жамырады?
Төлеужан Ысмайылов
«...Семей полигонында жарылған 470 сынақтың жиынтық күші Жапонияның екі қаласына тасталған қос бомбадан (олардың күші 14 және 17 килотонна шамасында ) 2500 есе қуатты».
(М.Сәрсеке «Семей қасіреті» кітабынан)
«Аямастың айқарып қилы есігін,
Туажаттың сыпырып сый, несібін.
Қопарылыс,
Жарылыс жасап қолдан,
Табиғаттың бұзды адам үйлесімін!»
Күләш Ахметова
Қасірет кітабы
Дауасы әлі күнге табылмаған,
Жеткізген кер заманның зарын маған.
Семейдің қасіреті жұмбақ кітап,
Парағы жылдар бойы қалыңдаған.
Көрем де сол кітаптан сорын елдің,
Ұғамын мұң-қайғысын кәрі жердің.
Шертіліп кеудемдегі шерлі күйім,
Еңкілдеп ебіл-дебіл егілермін.
Тыңдасам өлген көлдің жасық әнін,
Күйреймін, баз кешемін, тосыламын.
Тыншыған дүмпулер мен жарылыстар,
Қайтадан оянардай шошынамын.
Басқандай тұл даланы мәңгі мұнар,
Ойлаймын онда қандай қалды құнар?!
Сарғайған осы кітап парағында,
Кінәсіз талай жанның тағдыры бар.
Көңілім соны ойласам тына берер,
Беймаза көкірегімнен сұрақ өрер.
Семейдің қасіретіне кінәлілер,
Кітаптан сұп-сұр болып шыға келер.
Қабағын торлап алған шер мен нала,
Кеудесі толған күйік, толған жара.
Өксігін басылмаған өмірге айтып,
Өксиді мүгедек боп қалған дала.
Өлкемді зобалаңнан қорғау үшін,
Бар мұнда қайрағандар ар-намысын.
Солардың таныдым мен нұрлы жүзін,
Солардың естідім мен жан дауысын.
Қолға алсаң қанды жылдар шежіресін,
Салқынын сол дәуірдің сезінесің.
Көмілген құрбандардың жүрегіне,
Ғасырдың шындығына кезігесің.
Замандар жанарына жас түнеген,
Қоздатты жүрегімнен тасқын өлең.
Сыр бүккен қасіретті бұл кітаптың,
Парағын сан жылдан соң аштым әрең!
«Омар қой сойған» бұлағы немесе әжемнің әңгімесі
Жаздың бір жайлы шағында,
Қырлардан асып өрлеген.
Қыстаудан туған ауылға,
Келеміз қайтып жолменен.
Еңсесін тіктеп көрінген,
Тоқтаймыз ауық кезеңге әр.
Көзінен шуақ төгілген,
Қасымда асыл әжем бар.
Жарысып желмен ағылған,
Кетемін ойнап, жүгіріп.
Келеді ілбіп соңымнан,
Ақ әжем белі бүгіліп.
Жүрекпен небір ой аулап,
Нұр жүзін торлап тәтті мұң.
Басады алға баяулап,
Баса алмай жүрек аптығын.
Бауырына жетіп қыраттың,
Ауылға туған шақ қалып.
Тартылып қалған бұлақтың,
Басына келіп тоқтадық.
Шөлдеппін кеуіп кенезем,
Кеткендей бейне сең соғып.
Демейді үнсіз мені әжем,
Қараймын оған теңселіп.
Болса егер шіркін бал бұлақ,
Ішер ем мөлдір суынан.
Кезеріп жатыр ол бірақ,
Суалып көзі құрыған.
«Арнасы қалай тартылды?
Суы жоқ неге бұлақтың?»
Кеудесі кеніш қартымды,
Астына алдым сұрақтың.
Асылым сонда шерленген,
Ішінен бордай езіліп.
Тұрды өзін сотта тергелген.
Кінәлі жандай сезініп.
Басты ма көңілін мұң-қайғы.
Жылауға сәл-сәл таяу қап,
Кешегі өткен бір жайды.
Бастады баппен баяндап.
Сонау бір тыныш жылдары,
Жататын тұнып сылдырап.
Қасіретті күннің құрбаны,
«Омар қой сойған» бұл бұлақ.
Айтатын асау желге сыр,
Ағатын ерен жөңкіліп.
Заулайтын еді көл-көсір
Дарияның суын толтырып.
Көшетін алға албырап
Қандырып шөлін даланың
Сүйетін еді бал құрақ.
Мөлт еткен мөлдір жанарын.
Сол жылы, сол күн есімде,
Жерімде зұлмат орнады.
Дегелең тауы төсінде,
Сынады алғаш бомбаны.
Топырағым солай сорлаған,
Арылмай аспан күркірден.
Ашпады көзін кең далам,
Жырылыс пенен дүмпуден.
Аждаһа үні әр күні,
Жаңғыртып жатты жапанды.
Жапырылып қырдың шалғыны,
Орманым өрттен оталды.
Мекені күш пен қайраттың –
Таулардың шықты талқаны.
Бауыры құтты аймақтың,
Базары солай тарқады.
Қасіреттің қара жалыны,
Алапты түгел шарпыды.
Белдердің сөнді жарығы,
Көлдердің қалмай тамтығы.
Қайғыға батып қаралы,
Батқан ел күллі зар-мұңға.
Кенеттен хабар тарады,
Қалмасын деген ел мұнда.
Көктемде күрең күз келді,
Тарылып кетті кең ірге.
Қаптаған әскер бізді енді,
Көшірді басқа өңірге.
Қимай да қимай аттандық,
Жаралы қырда жосылып.
Қара бір жолды бетке алдық
Қаралы көшке қосылып.
Қарсы боп шетке баруға.
Бұрмаймын деген көшімді.
Бар еді біздің ауылда,
Қария Омар есімді.
Бекініп, шыдам, қайратқа,
Шағында осы өлмелі.
Қалам деп туған аймақта,
Бұйрыққа қатал көнбеді.
Кешіріп мұңды күй бастан,
Кеткенше қимай қыр асып.
Ағайын-жұрты сыйласқан,
Қоштасты қартпен жыласып.
Шанақты жұрты кетерде,
Жанарын жасқа бұлаған.
Қалды үнсіз атамекенде.
Жападан жалғыз бір адам.
Қалса да елден жырақ тым,
Сақта деп Алла халықты.
Басында осы бұлақтың,
Қой сойып, құрбан шалыпты.
Сол сәтте тұрып бір дауыл,
Жарқ ете түскен шар отты.
Ғаламат күшпен зілмауыр.
Тас-талқан етті алапты.
Әкеліп қайғы мың батпан,
Қаусатқан мынау боз қырды.
Қасіретті сол бір зұлматтан,
Қасиетті қария көз жұмды.
Тағдыры ерте жалмаған,
Құрбаны – болған сынақтың.
Тарихы осы жан балам,
Омар қой сойған бұлақтың».
Солай деп әжем күрсінді.
Көзімен кезіп даланы,
Тәмамдай бере мың сырды,
Жасаурай берді жанары.
Ядролық жарылыстардың ошағы болған Дегелең атырабынан бұрын ғылымға белгісіз болып келген өсімдік табылды. Ғалымдар ол өсімдікке «Дегелеңикум» деген ат берді. (Газеттен)
Дегелеңикум
Сұрағы оның санаусыз, тұрағы оның сор дала,
Жапырағы – жалғыздық, көкірегі шер-нала.
Құрақ-құрақ кеудесі, қырық жылғы қырғыннан,
Пайда болған бүгінгі жалқы жұрнақ сол ғана.
Өспейді бір өркендеп, күн шуағын төккенде,
Найқалмайды ырғалып, жайқалмайды көктемде.
Қасиетінен тоналып туа жапа шеккен бе?
Қасіреттің ызғары тамырынан өткен бе?
Аңсамайды құнарлы, іздемейді нуды да,
Күштемейді жел оны, ішпейді екен суды да.
Мұңаяды әр күні мұңнан киіп дулыға,
Шықпайды екен көз жасы, жылайды үнсіз булыға.
Көшпейді екен ешқайда, өспейді екен бір елі,
Боянбайды шуаққа, оянбайды тілегі.
Мойымайды дауылға, илікпейді жауынға,
Мөлт етпейді жанары, селт етпейді жүрегі.
Қажет емес аңға да, қажет емес құсқа да,
Тікенектен тілі оның, тіліп түсер ұстара.
Жасанбайды жазда да, қурамайды күзде де,
Жаурамайды бүрісіп, қар жамылған қыста да.
Серік кетіп қасынан, ерік кетіп еті өлген,
Күрсінісін молайтып, күрк-күрк етіп жөтелген.
Таңданамын ол қандай жапандағы жалғыз гүл,
Салмақсыз-ақ тағдырдың бар салмағын көтерген.
Туды ма екен тұншығып, бір мезгілде өліара,
Келмейді оның түсі де не сұрға, не қараға.
Қызыл емес, сары емес, қоңыр емес, көк емес,
Мен көрмеппін о тоба, осындай гүл бола ма?
Сызығындай әжімнің, қыжылындай көмейдің,
Ұқсатамын мен оны қасіретіне Семейдің.
Зұлматтан соң сол жылғы, зарлап өскен ұрпақ па,
Кеміреді кеудемді кесірлі ойлар, өгей мұң.
Ұқсай ма екен білмеймін, қайғысына елдің ол,
Таусылмайтын уайым ба құшағына ендірер.
Ұқсатқым-ақ келеді қара жерге қатпарлы,
Мұң-наласын, азабын, төзіміне жеңдірер.
Оқталады тұруға қопарыла түбінен,
Аңтарылған ғасырдай, арпалысқан мұңымен.
Кеміреді өз-өзін, тістенеді күн сайын,
Бұлдыр-бұлдыр бітпейтін түс көреді түнімен.
Тақырда өскен сол бір гүл берер екен жерге не?
Санасында мың жұмбақ билейді үнсіз сенделе.
Түсініксіз түсінде дедек қаға жүгірген,
Дегелеңикум түсін жорыр едің сен неге?
Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» картинасы
Төзімімен көздің жасын құрғатқан,
Жүрегінде қасірет бар мың батпан.
Мына өмірге қолсыз келді Кәріпбек,
Адамзатқа ажал сепкен зұлматтан.
Сан арманы қираса да іште өліп,
Тағдыр оны ширатыпты күш беріп.
Үрейлі де сұрқай жылдар суретін,
Салып отыр кер қоғамға тістеніп.
Түнереді, күлмейді бір жадырап,
Кеудесінде жатыр әлем қаңырап.
Көшіреді сол әлемді қағазға,
Қылқаламын қайғысына малып ап.
...Бұл суретке үңіліп көр, сен енді,
Бара жатыр шымырлатып денемді.
Шулап жатқан орман өртке оранып,
Тулап жатқан кең тынысты көл өлді.
Ажарлы аймақ бола қалып боркемік,
Шалғын біткен жапырылды өртеніп.
Бір отты шар сұмдық дауыл тұрғызды,
Дүниені асты-үстіне төңкеріп.
Жадыраған өрісімді сор басып,
Дүмпулерден құстар көшті, аң қашып.
Төңірегім астаң-кестең алапат,
Өмір-өлім айқасуда арбасып.
Уға толы жалындаған өр ағын,
Жаныштады жас ғұмырын баланың.
Тарсылынан қан сасыған тажалдың,
Қарс айрылды көкірегі ананың.
Жоқтауға ұқсас басталды енді зарлы әуен,
Қосылды оған аза тұтқан бел-белең.
Өкініштің өлеңіне тұр ұйып,
Мылқау аспан, соқыр дала, тау керең.
Күн орнына жұлдызы жоқ түн шықты,
Ажал дейтін айналдырып ұршықты.
Қолқа қапқан қарақошқыл ауамен,
Тыныс алған тұлдыр дүние тұншықты.
Гүл жайнаған нұрлы шақтың жоқ бірі,
Алып тауым – қара нарым шөкті ірі.
Боп-боз болып жерім жатыр қан-сөлсіз,
Көтере алмай мұншама ауыр соққыны...
Суретке еніп тоқсан бояу төгілген,
Беттестім мен найзағайлы өмірмен.
Қазір мұнда жарылыстар сөйлейді,
Өр қазақтың үмітінен жеңілген.
Жігерді көр, мұқалмаған, сынбаған,
Шындықты көр, заманалар шыңдаған.
Соның бәрін ақтарылып айтады,
Суретшінің тісіндегі қылқалам.
Көз алдымда тіл қатады мың сурет,
Кәріпбектің жүрегіндей дүрсілдеп.
Жауыздықты жазалайды ол әр күні,
Мынау әлем тыныштықта тұрсын деп.
Сапарғали Бегалиннің Дегелең1 тауын жоқтауы
Гүліңнің көрдім семгенін,
Нұрыңның көрдім сөнгенін.
Бағымның көрдім көшкенін,
Тауымның көрдім өлгенін.
Қасқайып тұрған төбеден,
Анамдай болып демеген.
Әкемдей болып жебеген,
Өлдің бе қайран Дегелең?!
Тартқан ба еңкіш нар тұлғаң,
Ұзынбұлағың2 сарқылған.
Қара бұлт төніп басына,
Қарабұлағым2 тартылған.
Салмағы батып қайғыңның,
Қанатым сынып майрылдым.
Майлықарадай3 еңселі,
Ойлы данамнан айрылдым.
Төсіңде өрген аң қайда,
Өрісіңдегі мал қайда?
Бұрқылдап аққан бұлағың,
Булығып жатыр шалғайда.
Көл іздеп келіп шөл көрдім,
Тірідей бүгін жерлендім.
Баурыңнан ата-бабамның,
Моласын таппай сенделдім.
Көгімді қайғы торлаған,
Жерімді зұлмат жалмаған.
Тауымды жерлеп тұрмын мен,
Көңіл айтыңдар ал маған!
Жапан түз кешіп, жар бастым,
Тағдырмен тентек арбастым.
Тауымды менің алсаң да,
Тауымды шаға алмассың!
1991. Тамыздың жиырма тоғызы
Сол жылы,
Сол ай еді, сол күн еді,
Ерекше атқақтады ел жүрегі.
Қырық жыл қырғын көрген өр қазақтың,
Көзінен шаттық жасы мөлдіреді.
Сол күні атты күліп таң да арайлы,
Ғажайып самал есті жанға жайлы.
Аузына құм құйылды аждаһаның,
Жалмаған қалың елді, бар маңайды.
Атомнан бір кездері «зор саналған»,
Өлді арман келешекке аңсары ауған.
Жоғалттық осы жолда қанша асылды,
Айрылдық осы жолда қанша адамнан!
Құлдырап қыран көңіл асқардағы,
Таулардың жанарынан жас парлады.
Жерімнің шөлге айналып нұр желегі,
Елімнің ұшқан еді бастан бағы.
Қиылып қыршынынан өндір шағы,
Талай жас өзіне өзі қол жұмсады.
Шеңгелдеп дауасыз дерт, бейқам жұртты,
Бұзылмай тұрып алды шер құрсауы.
Әкенің мұңға толып көкірегі,
Ананың ақ үміті сетінеді.
Талқаны тумай жатып түгесіліп,
Кінәсіз нәрестелер шетінеді.
Аң біткен жапан түзде безіп өлді,
Өмірге үш аяқты қозы келді.
Жанарсыз құлын туды, бұзау туды,
Бәрін де шерлі жұрттың көзі көрді.
Зұлматтан бел уланды, тау уланды,
Таудың шөбін күйсеген мал уланды.
Тоналып құнарлы аймақ тұнығынан,
Уланған малды жеген жан уланды.
Қазақтың қасиеттің шаңырағы,
Құлазып, бордай тозып, қаңырады.
Ашынып заманаға зарын айтты,
Қарт Семей, Шыңғыстау мен Абыралы.
...Ақыры көп күттірген келді күнім,
Бұл жолда шықты жаным, солды гүлім.
Жеткізді Нұрсұлтандай көшбасшы ұлым ,
Әлемге шырқыраған елдің үнін.
Қанша рет санаса да заман қатты,
Қайратын бұл қазақтың ала алмапты.
Оралып Азаттығым алтын қанат,
Қоздаған үміт отын алаулатты.
Иә, солай көкірекке дүбір еніп,
Жетілдік азат күннің нұрын еміп.
Найқалдық қара жерден ажырамай,
Қасқайған қарағайдай діңі берік.
Ол тұрса кетеді аулақ мұнар-қайғы,
Ол тұрса шыңға көңіл шығандайды.
Соқса да қанша дауыл, қанша боран,
Қазақтай қарағайды жыға алмайды.
Алысып мың азаппен өттің елім,
Ал бүгін құзға өрледің, көк тіредің.
Ай-күнім болсын аман, жерім бүтін,
Жаратқан одан өзге жоқ тілегім!
Ерлік
Тұратын бір кездері жайраң қағып,
Жатқанда туған жері ойрандалып.
Мұхтардай заңғар бабам мұңға батты,
Сұрапыл қасіретке қайран қалып.
Өзендер қаңсып қалып, өлген көлі,
Қаусапты, бордай тозып, өрген жері.
Еңселі ел азыпты, бел тозыпты,
Шыңғысқа көргені осы – келгендегі.
Қайтқан соң жердің мүшкіл жайын көріп,
Көргенін Қанышқа айтқан уайымға еніп.
Мұхаңның қамырықты сөзін досы,
Тыңдаған ынта қойып, қайыл болып.
«Қаныш –дос! Хал-жағдайы қиын елдің,
Қалайша бұл нәубетке сүйінермін.
Мен туған жер жаралы, ел налалы,
Бола ма қайғы - мұңнан сейілер күн.
Бұл зұлмат өзгертті ғой өмірді күрт,
Басыпты қап-қара бір көгімді бұлт.
Жайымды ұғар деген өтінішпен,
Өзіңді келдім бүгін сенім қылып.
Айтпасқа саған мұны шыдамадым,
Найсаптар үдетті елді сынағанын.
Тарсылды құлақ жарған сиретсек те,
Әйтеуір жасау керек бір амалын.
Сен ғана сыр бөлісер жан серігім,
Өзіңде бар үмітім, зор сенімім.
Шырмап жүр көптен бері меңдеген дерт,
Білмеймін қалды дейсің қанша өмірім».
Мұны естіп Қаныш сонда шын егілген,
Жанымен тебіренген, жүрегімен.
Мұхтарды аттандырды сабырға ертіп,
Болар деп бір мәнісі тілегімен.
***
Cынаптай сырғып жатты өмір деген,
Мұхтардай досы да жоқ қадірлеген.
Арада қалған сол бір аманат сөз,
Қанышты дөңбекшітіп, жанын жеген.
Жабықты жапырақтай күзді өткерген,
Сан ойлар сансыратып тізбектелген.
Сол күні Сәтбаевты жұмысына,
Бақия Атшабаров4 іздеп келген.
Қанеке туған жерден келдім суыт,
Ызғарын сездім анық жердің суық.
Шыңғыстау, Қарқаралы, Семейдегі,
Қараорман елдің жүзін көрдім сынық.
Болмаған маған бұл жайт бұрын мәлім,
Аңғардым заманның күрт құбылғанын.
Бәріміз белді буып күресейік,
Көрмейік десек жұрттың қырылғанын.
Беймәлім дерт шығыпты: обыр, аққан,
Сол кесел қарашаны аңыратқан.
Зиянды сәуле тарап жарылыстан,
Халықтың бастан бағын жамыратқан.
Нәубеттен атамекен кешті үрейді,
Ажалдың өкпек желі есті дейді.
Тауқымет тартқандардың мұң мен зарын,
Кекжиген көп дөкейлер естімейді.
Улы ауа жылдар бойы тарап келген,
Кімдер бар зардабына қарап көрген.
Шағынып «жоғарыға» барғандарға,
Ауруды жояды деп арақ берген.
Сор еміп, күн кешуде сол маңдағы ел,
Олардың дәрмені жоқ қолдан келер.
Ішкені нәрсіз тағам тұрғындардың,
Деп «бірі» келтіріпті жалған дәлел.
Намысын елдің бекер таптамасын,
Кез келді ажыратар ақ-қарасын.
Хал –жайын туғандардың зертттемесек,
Білемін сұм сынақтың тоқтамасын.
Тұтқасы зертхананың 5 бар қолыңда,
Және бар айналаңа салмағың да.
Сыналар сын сағатта жәрдем бергін,
Кіріссе жүк қалмайды нар жолында.
Танысып Қаныш сонша ақпарменен,
Бұл міндет қанша ауыр соққанменен.
Тоқтамай тындырымды топ жасақтап,
Семейге тез арада аттан деген.
***
Бақия бастаған топ елге кірді,
Сұрланып, сыны қашқан көрді өңірді.
Алдында ақиқаттың сөйлетпекші,
Азаппен құрсауланған шерлі өмірді.
Тексеріп полигонның мал мен жанын,
Ұғынған бүкіл жұрттың қор болғанын.
Белгісіз дерт табылып дауасы жоқ,
Кесірі жарылыстың болған мәлім.
Бірі де жоқ майсаның түбіт ескен,
Құстар да жоқ даланы үні тескен.
Қариялар құлазып шықты алдынан,
Шолған алдын көзімен үміті өшкен.
Залалды стронций6 желмен тарап,
Адамды, жерді, суды келген талап.
Жалмаған күллі алапты жылдар бойы,
Зиянын кім бар дейсің көрген санап.
Жайылып көкке жетіп, шарықтаған,
Уыты зеңгір көкте қалықтаған.
«Қайнардың синдромы»7 деп танылды,
Аурудың жаңа түрі анықтаған.
Ресейлік «көп білгіштің» залалынан,
Табиғат ойрандалып, жан арыған.
Шындығы боздақтардың шыңғырады,
Солардың жалған күлген жанарынан.
Қала берді жауапсыз қанша сұрақ?
Қанша жұлдыз ақты екен, қанша шырақ?
Сталиннің дәурені салды бүлік,
Қатулы қабағынан қан шашырап.
Көрместен тұрғындардың жайын біліп,
Қиратты сан тағдырды «ойын қылып»,
Білдік біз зор кеселді бруцеллез деп,
Келгенін өтірікке тойындырып.
***
Ақыры ерте туып, кеш жүретін,
Бақия ақиқаттың ашты бетін.
Қамыққан қарашаға түсті араша,
Тартса да тар заманның тақсыретін.
Төрт жыл да соқпады оңай, болды қысым,
Ғалымдар терін төгіп, салды күшін.
Аяқтап бұлтартпайтын зерттеулер мен,
Жөнелтті Мәскеу жаққа барлық «ісін».
Дегелең, Қайнар, Сарыжал, Доғалаңның8,
Жөнелтті тауқыметін зобалаңның.
Илікпес империя түрме жасап,
Ғұмырын тәрк еткенін көп адамның.
Жөнелтті том-том болған айғақтарын,
Сан миллион тіршілікті жайратқанын.
«Елсіз» деп ел жайлаған атыраптың,
Төсінде улы жасын ойнатқанын.
Тапқанмен азап кешкен дала тыным,
Қалдықтың жер қойнында қалатынын.
Қанымен бір ұрпақтың, бір ұрпаққа,
Ғасырдан ғасырға асып баратынын.
***
Болғанша алапаттан жерім бостан,
Өтті ғой арпалыстар небір бастан.
Қорқыттың қобызындай күңіренді,
Қазақтың көкірегінде өмір – дастан.
Алдымнан шуақ шашты көрер күнім,
Жібіткен тәмам елдің шемен мұңын.
Сондықтан Мұхтар, Қаныш, Бақиядай,
Ерлердің еске аламын мен ерлігін.
Қайтпайтын қайсар мінез даналарым,
Біз үшін тұрды өтінде замананың.
Шырылдап шындықты айтып шықпаса олар,
Білмеуші ек мұның соңы не боларын.
Тікті олар әділет деп әз бастарын,
Намыстың жарқылдатып алдаспанын.
Үшеуден бастау алған қозғалыстың,
Білеміз сан күреспен жалғасқанын.
Хат жазып атышулы көңілі боздап,
Айқасты Кешірімдей 9 ерім боздақ.
Бұтақтай қарағайға қарсы бітті ол,
Лықсыған шанақты елдің шерін қозғап.
Алты Алаш андағайлап бұлқынғанда,
Олжас кеп шықты бастап жұртымды алға.
Көл болып көп тілеуі орға жықты,
Толтырған аждаһаны ұртын қанға.
Арқалап бір алапат ғасыр жүгін,
Нар қазақ полигонның өшірді үнін.
Қырық жыл жонымызға дүре соққан,
Келмеске кетті солай кесірлі күн.
Табыстап Алты алашқа бақ-несібін,
Азаттық байрақты елдің қақты есігін.
Келеміз содан бері шүкір деумен,
Тербетіп тыныштықтың ақ бесігін.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі. Ядролық қарусыз әлем
Сыналдың, көрдің қайғы, көрдің азап,
Мың өліп, мың тіріліп болдық азат.
Адамзатты бастадың бейбіт күнге,
Бар әлемге үлгі бол, енді қазақ!
Құрметтесін семсердей сертің үшін,
Ашқайсың жұмыр жердің сен тынысын.
Ысырып төбемізден үрей бұлтын,
Басқайсың бұл ғаламның қорқынышын.
Ғаламның шаттыққа ора шерлі жырын,
Шартарап беделіңді көрдің бүгін.
Естісін төрткүл дүние құлақ түріп,
Ядролық қарусыз елдің үнін,
Бейбіт түрі болмай ма жеңістің де,
Болмасын сорға бастар соғыс мүлде.
Солмасын жан мезгілсіз, гүл мезгілсіз,
Орнасын бейбітшілік жер үстінде.
Жерімнің дақ түсірмей бірлігіне,
Достассын жауласқандар шын біріге.
Ел елге келсін күліп, қабақ шытпай,
Қаруын тастап барсын бір-біріне.
Ел аз ба қайғы кешіп, сорлап өткен,
Сан ғасыр азаттықты арман еткен,
Қояйық көппен бірге ақпен бояп,
Қып-қызыл аймақтарды қанға бөккен.
Жол бермей зұлымдық пен есіруге,
Бастайық келешекті кешірімге!
Әлемнің әр сәбиі тербетілсін,
Қастерлі мейірімнің бесігінде.
Шүкір деп жарық күннің барына мың!
Салыңдар тыныштықтың әнұранын.
Келіңдер уық болып көтерейік,
Біз құрған ізгі әлемнің шаңырағын!!!
1Дегелең –ұсақ шоқылы тау. Семей облысы Жаңасемей ауданының батысындағы Қусақ пен Шаған өзендерінің су айрығы. Абсолютті биіктігі - 1010 метр, салыстырмалы биіктігі – 200-500 метр
2Ұзынбұлақ пен Қарабұлақ – Дегелең тауы бауырындағы бұлақ аттары.
3Майлықара – Дегелеңнің солтүстігіндегі тау аты
4Бақия Атшабаров Семей полигонының зардабын зерттеген дәрігер –ғалым. «Қайнар синдромы» сырқатының таралу мөлшерін анықтаған зерделі ғалым.
51955 жылы Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметінде болған еді. Осы жылдан бастап ол өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарды. Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен Бақия Атшабаровты Семей полигонын зерттеуге жіберген.
6Стронций аса зиянды химиялық элемент. Радиоактивті барлық заттардан стронцийдің жан –жануарлар дүниесіне залалы зор. Элементтің жерге сіңуі мен одан әрі таралуы түйіршік қалпында жүреді.
7 «Қайнар синдромы» - медицина ғылымына жаңадан енген дерттің атауы. Қыр елінде полигон зардабынан өрбіген жаңа аурудың танымал белгісін даралап, «Қайнар синдромы» деп атаған, радиация бөлшектері туғызатын дерт бойынша, Абай ауданының үш бірдей елді мекендерінен 1375 адамды мұқият тексеріп, солардың Қайнарда – 46,7; Саржалда – 53,6; Қарауылда – 38,4 пайызы осы ауруға шалдыққанын нақты анықталған.
8Доғалаң – Семей қаласына қарасты ауыл атауы
9Кешірім Бозтаев (1933-1999) - Қоғам және мемлекет қайраткері, Семей облысының бұрынғы бірінші хатшысы. Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап еткен тұңғыш азамат. КСРО әскери - өнеркәсіптік кешенінің қарсылығына қарамастан, полигонды жабу жолында 1991 жылға дейін үздіксіз күрес жүргізді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.