Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өнердің жазығы жоқ...

28.09.2023 2116

Өнердің жазығы жоқ 12+

Өнердің жазығы жоқ - adebiportal.kz

Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желіде айтыс өнерінің тағдырын талқыға салған пікірталас қызу өрбіп сала берді. Ғылыми-технологиялық прогрестің мейлінше дамып, кемелденген кезінде, әдебиет пен өнер әлем өркениетімен  тығыз байланысқа түскен шақта айтыс өнерінің қажеті жоқ екен. Қоғамның барлық саласы заманауи сипат алып жатқан ХХI ғасырда бізде заманға икемделуміз керек-мыс. Бұл ескіліктің, кешегі көшпелі қазақ қоғамына тән өнер екен. 

Осы пікірді қолдаушыларда шығып жатты. Әрине, айғай қайдан шығады деп отырғандар үшін аса күйіп-пісудің де қажеті жоқ еді. Бірақ аракідік  әдебиет пен өнерде танылған есім-сойы барша қазаққа танымал тұлғалардың да «айтыс керек жоқ» пікірін қолдағандарын көргенде еріксіз таң қалдық.

Халқымыздың рухани байлығы сөз өнері. Кіндігін сөзге байлаған жыршылық, термешілік, әншілік, айтыскерлік өнер түрлерінің барлығын халық өзі тудырып, қалыптастырған, дамытқан. Өнердің иесі халық. Сенің уақытың таусылды деп айтыс өнерінің жаназасын шығаруға ешкімнің хақысы жоқ. Жыршылық, термешілік ХIХ ғасырға тән өнер қазір оның керегі жоқ деп есі дұрыс адам айтпасы белгілі. Айтыс өнері де тура сондай. Рас, қазіргі айтыс өнері уақыт ағымына қарай жетіліп, заманауи сипатқа икемделе бастаған өнер. Егер әңгіме арқауы бекзада өнердің табиғи болмысын сақтап қалу жайында өрбісе, әрине оны түсінуге болады. 

Жалпы, айтыс өнерінің жазығы жоқ... Мәселе, сол атамұра өнерді насихаттаушыларда болып тұрған сияқты. Қазір Қазақстанда айтыс сахнасына шығып жүрген 150-180 дей ақындар тобы бар. Ақиқатын айтсақ осы топтың ішінде «от ауызды, орақ тілді» нағыз дарындар жоқ емес, бар. Бірақ бәрі сондай деп айта алмаймыз. Осы ақындардың бәрі шын мәнінде Сүйінбай мен Жамбыл, Шөже мен Кемпірбайлардай бойларына тәңір қасиет дарытқан нағыз табиғи дарын иелері ме?! Әлде, дүние қуып, көп дүрмектің ішінде жүргендер ме?! Мәселе осында болып тұр. Егер дарынсыз әнші сахнада әннің абыройын төксе, ең алдымен әрине ән өнеріне обал болар еді... Айтыс өнері де тура сол кейіпте... 

***

Кезінде академик, жазушы Сәбит Мұқанов айтыс өнері туралы былайша ой өрбіткен еді: «Рухани құндылықтар бастауының қайнар көзі – айтыс өлеңдері. Айтыс – халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдениет дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы, әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау болып бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады» 

Қоғамдық пікір қалыптастырудың басты шарты – шындық. Шынайы шындыққа көзі толық жетіп, оны сезінген бұқара халық өзі өмір сүріп отырған қоғамның бүгіні мен болашағын байыпты бағамдай алады. Сол арқылы келешекке қадам басып, көштерін түзейді. Кейде газеттен оқып, теледидардан айтылған ресми сөздерден гөрі халықтың жан-дүние, сезіміне зор әсер ететін насихат түрлері болады. Ондай руханият көзі – әрине, айтыс өнері екендігі ақиқат. Ақынның үн-әуезі, дауыс ырғағы, домбыра шертісі жыр шумақтарына үстеме мағына беріп, тыңдаушы-көрерменге зор әсер етеді. 

Ең бастысы, қоғамның көлеңкелі тұстары мен күнгейін көрсете отырып, айтыс ақындарының белгілі бір ойға-пікірге халық мүддесін топтастыра біледі. Бұл тұрғыдан, сөз жоқ, айтыс өнері үлкен рухани ықпалға ие болды. Сөз өнері тұрғысынан алып қарар болсақ, айтыс өлеңдерінің өзіне тән табиғи ерекшелігі болады. Мәселен, көркем әдебиетті адам оқу арқылы санасына сіңіреді. Газет-журнал материалдарын да дәл солай қабылдайды. Бұл жердегі айтыс жырларының ерекшелігі сөз құдіреті тыңдаушыға немесе көрерменге үн-әуез, айтысушы ақынның ым-ишарат, қимыл-әрекеті арқылы, бірнеше үстеме сипаттар арқылы сіңеді. Кітап пен газет-журналды әр адам өз көзқарас, түсінік деңгейінде қабылдайды. Ал, саз аспабы арқылы әуенмен әспеттелген жырлардың немесе сөздің тыңдаушыға әсері өзгеше болмақ. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов мынадай пікірлер айтады: «Сөздің асыл болуы – ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі, әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады».

Ұлы тұлғалармыздың бұл пікірлері айтыс өнерінің қандай заман қандай қоғам болсын қажеттігін көрсетіп, өміршең өнер екендігін дәлелдеп тұрған жоқ па?! Сондықтанда атамұра айтыс өнеріміздің тамырына балта шапқысы келетіндер ең алдымен ұлы тұлғалар айтып кеткен ұлағатты пікірлерге құлақ асқандары жөн.

***

Таяуда ұлы Торғай даласын сапарлап қайттым. Қостанай облысының Аманкелді ауданында халық батыры Амангелді Имамановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Ардагер Амангелді – ердің ері» атты республикалық айтыс болып өтті. Айтысты Қазақтан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, ақтаңгер айтыс ақыны Аманжол Әлтай жүргізіп отырды. Халық ақыны Әсия Беркенова бастаған бес адамдық қазылар алқасы сөз додасына төрелік етті. Құрамында халық қалаулысы, ақын Жанарбек Әшімжан, ақын-ғалымдар Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Айбек Қалиевтар бар қазылар құрамының әділ шешіміне көрермен қауым зор ризашылық танытты. Айтысқа бас-аяғы он төрт ақын қатысты. Оның алтауы Қостанай-Торғай өңірінің ақындары болса, қалған сегіз ақын республикамыздың әр аймағынан келген екен. 

Алғашқы өз сайысы алматылық Қазырет Бердіхан мен Аманкелді ауданының тумасы Батырлан Сағынтаев арасында өрбіді. Қазыреттің есімі елге жақсы таныс, кейінгі жылдарда ел мақтауына ілігіп жүрген азулы ақын. Әлі үлкен додалы айтыстарға шыға қоймаған жас ақын Батырланның сөз саптауын елеңдей күткеніміз рас. Алдында ғана әлі отыз жасқа да іліге қоймаған осы Батырланның ел мен жердің шежіресін түпсіз білетін тереңдігіне, білімдарлығына куә болған едік. Біз сол ұшан-теңіз білімнің айтыс сахнасында көл-көсір төгілуін күткен едік...Бірақ Батырлан тыңдаушыға сол білетіндерін там-тұмдап қана жеткізді. Әрине, үйде дайындалған шумақтарды тыңдай отырып, аяқ-асты шығып қалатын қағытпаларды қапысыз аңдып отырдық. Қазырет Алматыдағы асыл домбыра айтысында Батырланның кезекті айтыстан бас тартып шықпай қалғанын тілге тиек етіп: - Қырғи көрген торғайдай бұғып қалдың, - деп бір түйреп өтті.Торғайдай деп ақынды айтты ма, әлде жалпы Торғай өңірін меңзедіме екен... ол жағын білмедік. Одан кейін Батырланға: «Таяуда үйленіпсің, ұйқың қанбай жүр ме, - деген қалжыңдарында жанамалап жеткізді. Батырлан да қарап қалған жоқ:

Ірілік танытатын жерге келіп,

Ініңнің жыр арнама төсегіне – 

деп жауап қайтарды. Жалпы алғашқы жұп болған соң ба айтыс соншалықты биік деңгейге көтеріле алған жоқ. Айтыс жыры «аттың жалы, түйенің қомында» туатын туатын сөз барымтасы ғой. Көрермен сахнадағы айтыскерлерден аяқ асты айтылатын, жауаптаса отырып бір-бірімен қағысатын сөз қарымтасын күтеді. Қазіргі айтыстағы қатып қалған қағида – айтыстың үш кезекке құрылуы. Базбіреулер айтып жүргендей айтысқа деген теріс көзқарасты осы қатып қалған үш кезек қалыптастырған-ау деп ойлаймын. Екі ақын ұзақ сонар үш кезек жыр толғайды. Айтыс үш кезектен болу керек деген заң қайдан шыққанын, кім ойлап тапқанын білмеймін. Неге бес, сегіз, он кезек болмайды. Қысқа, қысқа қайырып айтысса сол үш кезекте жырлаған уақыттың жартысы ғана кетер еді-ау. Ұзағынан толғау жыршы, жыраулардың табиғатына тән емес пе?! Үш кезекке дағдыланған ақындар соңғы кезекте халықпен қоштасу одасы мен қарсыласын мақтауға немесе бата мен тілек айтуға ыңғайлана бастайды. ХIХ ғасырдағы айтыс үлгілерінен үш кезекке құрылған жыр сайысын өз басым кезіктірген жоқпын. Сексенінші жылдардағы Жүрсін Ерман ұйымдастырған телевизялық айтыстарда «Қайым», «Түре», «Өтірік айтыс», «Қыз бен жігіт», «Тақырып» сияқты айтыс түрлері болатын. «Сүре» айтысқа тек облыстың бас ақындары ғана шығатын. Ал қазіргі айтыстың бәрі сүре айтысы болып кеткен...

Қостанайлық айтыскер Тоба Өтебаев пен Абай елінен келген ақын қыз Әсем Ереженің айтысы көп-көрім көңілімізді көтеріп тастады. Мезетті қамтыған шынайылық көрерменге жақсы әсер қалдырары сөзсіз. Әрине, қазіргі айтыстан ел көбіне әзіл-қалжыңды күтері сөзсіз. Әсіресе қыз бен жігіт айтысынан. Әсемнің бұл айтыстағы ерекшелігі әзілдесіп отырып-ақ ел мен жер проблемасын сабақтасыра алғандығы дер едік. - Осында келін қылып алып қаламыз, - деген Тоба ақынның сөзіне - Державин елді мекенінің ойқы-шойқы жолымен құдалар қалай келмек, - деп көпшіліктің көкейінде жүрген сауалды да орынды ескертіп өтті. Тек Тоба ақынның Әсемді «Дикий аруға» теңегеніне қап әттеген-ай деп қалдық.

Қостанайлық Мамай Ізтілеуов пен ақтөбелік Жұлдыз Қожабекованың айтысы да жарасымды деңгейде өтті. Жалпы кез-келген айтыста ақыннан бір ауыз сөз қалғанға не жетсін. Кейде алпыс шумақ жырдан ауыз толтырып айтатын бір ауыз сөз есіңде қалмайды. Есті сөз қайтседе ел есінде қалады. Мысалы Жұлдыз ақынның: «Әбілахат әндері, әбілхаят суындай», «Еркелікті жаралап кетер болсаң, елің соны ерлікке балайды ма» сияқты қайрымдары сол мезетте-ақ санада жатталып қалған. 

Қостанайлық ақын Марғұлан Оспанов пен ұлытаулық Төлеген Жамановтың сөз қағысы да биік дәрежеде болған жоқ. Айтысты асқақ үн, адуынды жырмен бастаған Марғұлан ақын екінші кезекте жүрісінен жаңылып сала берді. Бұл әрине, сөз жоқ жаттап келген шумақтарын ұмытып қалғанның көрнісі. Нақты суырып салып отырған ақын сөзден абдырап, жырдан жаңылмаса керек. Талғамы терең көрермен айтыстың көркемдік деңгейінің де жоғары болғанын қалайды. Мысалы «Қарулы сарбаз қылған қараңғы елді», «Ел өртеніп» деген сөздердің айтылып қалуы мен «Пейіліңді» деген сөзді айту үшін «үйіріңді», «түйініңді» деп қарадүрсін ұйқастарға ұрынып сөз мағынасын арзандату ақынға абырой әпермесі анық. Төлеген ақын жырының көркемдік деңгейі қаншалықты биік болғанымен қарсылас ақын деңгейінен қара үзіп кете алмады.

Бесінші жұптағы Сыр бойының ақыны Мұхтар Ниязов пен алматылық Шұғайып Сезімхан арасындағы сөз сайысы  белгілі дәрежеде айтыс табиғатын ашқан тартымды қағысу болды. Қағытпа сөздің шебері Мұхтар ақын Шұғайыптың қандай уәжі болсын орынды жауап қайтарып отырды. Жоғарыда айтып өткен ұзақ сонар толғаудай емес, Мұхтар ақынның айтысу стилі халық көңіліне бір табан жақын. Мұхтарда қарсыласпен қағысу, қарпысу жиі көрніс тауып жатады. Дегенменде екінші күні Батырламен айтысқан Мұхтар ақын «Шалбарыңның ауы тізеңе барғанша жүрдің» деген сөзі ыңғайсыздау естілді. Белгілі бір орталарда ғана айтылатын сөздер болады. Тілде тиек болмайды десекте жас та, үлкен де отырған көпшіліктің алдында мұндай сөздерге абай болған жөн. Сахна мәдениеті, сөз әдебі дегенді де естен шығармайық ақын бауырлар! 

Алтыншы жұп болып шыққан Арқалық қаласының ақыны Айбар Рағатов пен астаналық Мейірбек Сұлтанханның арасындағы айтыста ой қайшылығы болғанымен логикалық тұрғыдан үйлесімділік болмады. Бәлкім Айбардың тәжірибесінің аздығы болар, Мейірбек ағасының шабытын тұсаулап тастағандай әсер қалдырды. Бата бердің, бата алдым деп шыйырлай беру тыңдаушыны жалықтырып жібереді. Болмайтын, сөз қылмайтын тақырыпқа байланып қалу айтыстың әрін кетіреді. Жырлаймын десе тақырып өте ауқымды еді...

Соңғы сөз сайысы шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен қостанайлық Салтанат Өтелбаеваның арасында өтті. Сөз жоқ екі күнде де қыздармен айтысқан Нұрлан ақын бұл айтысқа шалқар шабытпен келген екен. Қыздармен айтыстым деп елдік сөзді де ысырып тастамады. Төгілтіп жырлады. Ел мен жердің тағдырын жасын жырына арқау етті. Арулармен жарасымды әзіл өрбітті. Дегенменде Нұрланның Жұлдыз ақынмен айтысқанда қыздың омыртқасын бетонға, қабырғасын арматураға теңегенін жылы қабылдай қоймадық.

Сонымен екі күнге созылған жыр додасы да аяқталды. Ақтық сынға жолдама алған Нұрлан Есенқұлов, Әсем Ереже, Мұхтар Ниязов, Шұғайып Сезімхан, Батырлан Сағынтаев, Жұлдыз Қожабековалар болды. Финалдық айтысытың көлеңкелі, күнгей тұстары туралы жоғарыда аз-кем тоқталып өттік. Ең бастысы айтыс көпшіліктің көңілінен шықты. Стадионға жиналған қара құрым халықта қисап жоқ деседе болады. Халыққа айтыс өнері керек екен. Айтыстың болашағы ақындардың қолында. Абадан өнердің абыройын арзан сөзге, шынайылығын шоуға айналдырып алмайық ақын бауырлар! Өнердің жазығы жоқ... Бәрі өзімізге байланысты.

Қойлыбай Асан

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Айтыстанушы ғалым

Арқалық-Аманкелді-Қарағанды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар