Шыңғыстайға жол түссе, ең әуелі іздейтініміз – екі қария. Екеуі де жазушы Оралхан Бөкейдің бала күнгі, бозбала шағындағы, есейген кездегі достары. Екеуі де қаламгердің кейіпкерлері. Көзі тірі кейіпкерлері. Бірі – Аманжан Нұқсарин, екіншісі – Нұрлан Әкімбаев.
Жақында Шыңғыстайға барғанымызда Оралхан Бөкейдің ауылдағы сыныптасы, бала күнгі досы Нұрлан Әкімбаев ақсақалмен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.
Мені Шойынқұлақ, оны Қиқар деп атайтын
Бізді ақсақалдың үйіне Шыңғыстай ауылының бұрынғы тұрғыны, бүгінде Катонқарағай ауылында тұратын Қайнар Қсекин ағамыз бастап барған. «Облыстық ауруханадан келіп отырмын. Мына жамбасым мүлде қозғалмай қалған (сол жақ аяғын көрсетті). Соған операция жасады» деген ақсақал әңгіме басталмас бұрын өзінің күйі келмей отырғанын аңғартып.
«Оралхан Бөкей жайында аз айтылып, аз жазылған жоқ қой. Дегенмен Сіздің ішіңізде жүрген, айтылмаған дүниелер бар ма?» дедік біз Оралханды айтсақ көңілінің кілті шешілер деген екіұшты оймен. «Түгім жоқ. Бәрі біткен» деді әуелде сөзге сараңдық танытып. Бірдеңеге өкпелі секілді. Көңілінде бір кірбің бар сияқты.
«Бала кезінде Оралханға ең жақын болған адамдардың бірі сіз дейді ғой» дедік жазушы есімін екі мәрте қайталап. Содан кейін ғана ақсақалдың қабағы жазылып, операция жасалғанын бір сәт ұмытқандай аздап ашыла сөйлей бастаған. «Жасым 76-ны бітіріп қалды. 50 жылдан бері айтылмаған не қалды?! Содан бері келмеген кісі жоқ. Мені мына Шымкент көп жырлады ғой. Екі-үш жыл бойы телевизорынан түсірмей. «Айғақ» деген газетті білемісің. Соның президенті Дулат Әбіш деген азамат Оралханды іздеп, 2009 жылы келген. Содан кейін жыл сайын келіп отырды. Одан бөлек жыл сайын Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқуларына барып тұрамын» деген бір тыныстап. Бұдан әрі әңгіме ауаны балалық шаққа ойысқан. Бір байқағанымыз, Нұрлан ақсақалға Оралхан Бөкейдің ел таныған жазушылығы, қайраткерлігі емес, бала кездегі достығы, сыныптастығы қымбат секілді. Оны «анау», «ол» деп өзіне жылы тарта сөйлеген сөздерінен аңғарғандай болдық. «Менің әкем Сейтен мен Оралханның әкесі Бөкейдің үйі Шыңғыстай ауылының күншығыс жақ шетінде болды. Арамызда үй жоқ. «Нағыз достық бала кездегі достық» дейді ғой. Сол дәуреніміз бірге өтті. Бірінші сыныпқа бірге бардық. Оншақты бала ауылда бірге өстік. Соның ішінде Оралхан мені тәуір көрді. Мен қара күшке мығым болдым. Анау (О.Бөкей) қара тілге мығым болды. Төбелесті анау бастап береді, мен аяқтаймын, әкри (күлді). Қарулы, күшті болғандықтан ба, мені бәрі Шойынқұлақ деп атайтын. Оралханды Қиқар дейтінбіз. Ол өзі ұнатпаған, жақтырмаған адамымен дұрыс сөйлеспейтін. Теріс жауап беріп, кекетіп сөйлейтін әдеті бар-тын. Содан балалар «осы ылғи қиқарланып тұрады» деп Қиқар атап кеткенбіз. 1957, 1958, 1959 жылдары біз 15-16 жасқа келіп, енді ес біліп, етек-жеңімізді жиып жатқан кезде елдің жағдайы ауыр болды. Соғыстан кейінгі елең-алаң шақ. Ол кезде осында 6-7 жеті бала болса бір күпәйкені мектепке түске дейін бір бала, түстен кейін бір бала киіп барып келетін. Екінші ауысымға баратын бала әлгі күпәйкені күтіп отыратын. Сол жылдары мектеп бітіру кешіне киіп баратын жөні түзу кәстөм таба алмадық қой. Оралханның жағдайы да мәз болды дей алмаймын. Бір аяқ қара көже мен бір тілім қарма нан табылса, соған қанағат қылып жүре беретінбіз. Жасыратыны жоқ, 60-70 жылдарға дейін бүтін шалбар киген жоқпыз. Ылғи жамалған шалбар кидік. Сөмке деген атымен жоқ. Оралхан бастаған төрт-бес бала матадан тігілген дорбаны алып мектепке баратынбыз. Сондай жағдайда өмір сүрдік. Біздің балалық шағымыз сондай заманмен тұспа-тұс келді. Оралхан үйде төрт қыздың арасында жалғыз ұл болды. Мен – он баланың үлкенімін. Еңбекке ерте араласып, ерте есейдік. Жазғы, көктемгі каникул кездерінде үлкендерге болысып, мал азығын дайындадық. Мал фермаларына барып, қар күреп, қи ойдық. Жаз айларында Шабанбай жайлауына барып шөп шаптық. Оралхан екеуіміздің бір жыл трактордың артында кәселкеде отырғанымыз бар. Ат жегіп те шөп шаптық талай. Сәл есейген соң шөмеленің түбінде тұрып шөп әпердік. Қысқасы, Оралхан Алматыға кеткенше қатты араласта болдық. Бірінші әйелі Айманмен шаңырақ көтергенде мені күйеу жолдас қылды. Одан кейін қойымды құрттап, айранымды ұрттап өз шаруаммен жүрдім де, Оралхан келген кезде кейде ауылда болмай қалып жүрдім (әңгіме осы тұсқа келгенде «Сонда да келген сайын шәйға шақырып отырдық қой» деп сөзге қосылды самауырдан бізге бабын келтіріп шай құйып отырған жеңгеміз). Мені совхоздың жұмысы оңдырама-ей. Бір күн қалып қойсаң совхоздан не жұмыстан шығарып тастайды» деп бір тоқтады. Тоқтады да, совхоз жұмысынан сол кезде шыға алмағанына, Оралханмен бірге бола алмағанына өкінгендей кейіп білдірді. Сөйтті де «Мына біреуіңді қойып отырмысың-ей» деп үстел үстінде жатқан диктофоныма көз қиығымен үрке қарады.
Мені неміс қызына ғашық қып жазып қойыпты
«Оралхан туралы жылда айтам, – деп жалғастырған одан әрі әңгімесін. – Былтыр ауданымыздағы Белқарағай атындағы мектепке Оралхан Бөкейдің есімі берілді. Ауыл азаматтары Оралханның 75 жылдығына орай 10 медаль істетіпті. Соның біреуін менің кеудеме тағып, шапан жапты. Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқуларында да ылғи айтам. Студенттер іздеп келеді. Оралхан жайында айтудайын айтып-ақ келе жатырмын».
«Сонда айтылмаған не қалды?» дейміз біз тықақтап Оралхан Бөкей жайында ешкім естімеген, жосыны бөлек әңгіменің шеті шығар ма екен деп. «Ештеңе қалған жоқ қой деймін» деп осы жерде тағы да сөзге араласты бізге самауырдан баптап шай құйып отырған жеңгеміз.
«Сіз алтын сандықсыз ғой. Ол кісінің бүкіл сырын білесіз» деп үстемелете түсеміз біз. «Сырын білгенде, Оралхан кісіге қосылмайтын. Сондай тәкәппар болатын. Мен айтам ғой: «Өй, аспанға қарап тұрасың ғой сен. Неменеге қарайсың?» деп. «Аспанға қарап тұратыным, мына, төменге аяғыңның басына қарап, мұрныңды шұқып тұрсаң, сені албасты басады. «Аспанда Құдайдан басқа сенерің жоқ қой» деп қарап тұрамын. Қызғанасыңдар ма соны» дейтін. Оралханның Алматыдағы жазушы достарының біразын білемін. Ол Алматыда да сол тәкәппар мінезінен танбапты. Жазушылардың барлығы Оралханнан қорқады екен-ей сол кезде. Оралханмен бірге жүрген Серік Жанәбіл деген жазушы маған айтып еді: «Оооо, Оралхан келе жатқанда «Алтайдың кербұғысы келе жатыр» дейтінбіз. Ол келе жатқанда алдынан шыққан адамдардың қол беретініне қол береді де, қол бермейтінінің тұсына келгенде саусағының ұшын ғана беріп «әуп, пүшт» деп түшкіріп, жүріп кететін». Расында, оның мінезі өзгеше болды. Мектепте жүргенде де бізге қарағанда біртүрлі өзгешелеу болды» деп өзгеше мінезді жазушының өзгеше мінездерін сағына еске алды.
– Нұрлан аға, Сіз Оралхан Бөкейдің бірнеше шығармасына кейіпкер болыпсыз. «Мынау әппақ дүниедегі» неміс қызы Луизаға ғашық болатын Нұрлан Сіз емес пе? «Дүние аппақ нұрға шомылған... аппақ дүние, сол аппақ дүниеде Луиза екеуі астарында ақбоз ат бар, қатарласа шауып жарысады. Күміс жалды ат не шаппай, не ұшпай беймәлім сапар, мақсатсыз бағытқа баяу қалықтап барады-ай. Нұрлан алғашында бір орында тұрғандай сезінді. Астындағы аттың аппақ жалы мен неміс қызының алтын шашы желмен желбіреп, мынау ақбоз әлемнің жалындаған жалауына айналған...» деп суреттеп еді сол әңгімеде жазушы Сіздің көрген түсіңізді.
– Ол өзі ғой, әкри. Нұрлан деп мені неміс қызына ғашық қып жазып қойыпты.
– Сонда ғашық болғаныңыз рас па, өтірік пе?
– Қалай ғашық боласың?! Оның жасы үлкен ғой. Ол кезде ауылдарға дәрігерлерді, механиктерді сырттан әкелді емес пе?! Әңгімедегі агроном қыз сол кезде келген. Өзі әппақ, шашы әңгімеде суреттелгендей алтындай сап-сары болатын. Жүріс-тұрысының өзі қызық. Біздің көршіміз орыс еді. Ол сонда тұрды. Балалар әлгі қызға сыртынан қызыға қарап жүретінбіз. Біздің ауылда екі-үш жыл жұмыс істеді. Соны келтіріп алған ғой. Анау қиыстырғанға бәле болатын.
– Сізді неміс қызына ғашық қып қойды. Оны шығарманы оқығанда білдіңіз бе? Ренжімедіңіз бе?
– Жоқ, қайта қуандым.
– Апай, Сіз ренжіген жоқсыз ба? Ағамызды ғашық қып қойғанына.
– Жоқ, ол кезде біз үйленбегенбіз. Бұл кісі кімге ғашық болмады?! Қайсыбірін айтайын, – деп әзілдеді жеңгеміз.
– Оралхан Бөкейдің тағы қандай шығармаларына кейіпкер болдыңыз?
– Екі повесть, екі әңгімесіне кейіпкер болыппын. «Қасқыр ұлыған түн» деген әңгімесінде тағы да Нұрлан болдым. «Шұғыла» деген әңгімесінде өзін Нұрлан, мен Мұқтар деп қойыпты. Сосын «Қар қызында» мені Нұржан деп алыпты.
– Ол кісі «Сені шығармаларыма кейіпкер қылам» деп Сізге айтушы ма еді?
– Айтпады. Шынымды айтайын, мен оның жазғандарын ол өмірден өткенше оқығам жоқ. «Сенің жазғандарың маған жақпайды» деуші едім өзіне. Ол қайтыс болғаннан соң шығармаларын түк қалдырмай оқып шықтым. Адамды тірі кезінде бағаламаймыз ғой. Оралхан ортамыздан кетіп қалғаннан кейін бала кезден бірге өскен достығымыз, өткен-кеткен жәйттер көз алдыма келіп, көңілім босап жыладым.
«Газетке орап, қойып қой. Шешеме апарып беремін»
Осы жерде жұбайымен бірге Нұрлан Әкімбаевтың халін сұрай келген, өзін Гүлсара Қашқынбаева деп таныстырған апамыз сөзге араласты. Мені бір таңғалдырғаны, Нұрлан Әкімбаев ағамыз сияқты бұл кісі де жазушы шығармаларын дүниеден өткен соң жата-жастана оқи бастапты. «Ауылдаспыз ғой. Оралхан менен 4 жас үлкен. Оны көргенде «Сен өтірік жазасың» дейтінмін. Сонда айтатын: «Сендер қандай қызықсыңдар? Әңгімелерімнің 30 проценті шындық болса, қалғаны көркемдік қиял. Әйтпесе қарабайыр болып шығады» дейтін. Нұрлан аға да айтып отыр ғой. Оралханның көзі тірісінде әңгіме-повесьтерін кішкене оқып: «Ой, қойшы, кейін оқырмыз» деп жөнді мән бермей, тастай салатынбыз. Кейіннен біз Шыңғыстайдан көшіп, Өскеменнің шетіне барып тұрдық. Бұл кезде Оралхан өмірден өткен. Басқа қала, басқа жер. Ауылымызды, Шыңғыстайды сағынамыз. Үйде Оралханның үш-төрт кітабы бар. Шал екеуіміз Оралханның баяғыда оқымаған кітаптарын бірінен кейін бірін оқып, жатқа білетін болдық. Оқимыз да, Шыңғыстайда жүргендей боламыз. Ауылдың көшелерін кезіп, қай жерде қандай арық бар, содан аттап келе жатқандай әсерде боламыз. Суреттегенде, ғажап суреттейді ғой. Әншейін сөзбен картина салған сияқты. Сөйтіп, ауылға деген сағынышымыз басылады. Шынын айтқанда, Оралхан шығармасы арқылы өзіміздің жақтың әдемілігін, қымбаттылығын, жанымызға соншалықты жақындығын сезіндік. Қазір ойлап отырсам, Оралханға бұрынырақта айтқан сөздеріміз ол кісіге еркелегендіктен айтылған ба деп ойлаймын. Әйтпесе жазушыны ерекше құрметтейміз» деп ағынан жарыла сөйлеген Гүлсара апайымыздың сөзінен жерлестері қаламгерді көзі тірісінде дұрыс бағаламай алмады деген ойдың ұшқынын аңғарғандай болдық.
«Оралхан бұлай болады, мұндай дәрежеге жетеді деп ойлаған жоқпыз. Бала кезде әкеміздің жыртық етік, жыртық шалбарын киіп, әлгі қолдан тіккен шүберек сөмкеге жарты қармадан салып алып мектепке баратынбыз. Ел жүдеу. Екі үйдің жағдайы да ауыр. Оралханның шаңырағында өздері 5 бала, әкесінің екі інісі, екі қарындасы тұрды. Әкесі аурушаң болды. Мен 10 бітіргем жоқ. «Шопыр болам» деп 8 бітірдім де кетіп қалдым. Әкем фронтовик. Оралхан екеуміздің үйіміздің ортасында бір ақ тас болатын. Оралхан 10 бітіргенде мұғалімдер «мектеп бітіру кешіне міндетті түрде кәстөм киіп келулерің керек» депті. Сенемісің, ол кезде кәстөм дегеннің не екенін білмейміз. Әлгі ақ тастың үстінде отырып алып «кәстөмді қайттік?» деп бас қатырдық. Менде әкем құдалықтан киіп келген жаман кәстөм бар еді. Ол да жарамады. Сөйтіп аңтарылып отырғанда Оралханның әкесі Бөкей: «Мен қазір магазинге барып, біліп келейінші» деді. Бір заманда Бөкей келді. Қолтығына бірдеме қыстырып алған. «Міне» деп қолымызға ұстатты. Ақ тастан түсіп қарасақ, әкелген дүниесі жылт-жылт етеді. Астары жоқ. Бертін білдік, қазір бақуатты адамдар киетін түнгі пижама екен. Оны ана кісі де білмеген. «Жылтылдап тұр, жақсы» дейді. Содан не керек, Оралхан кәстөм таба алмай бір ақ көйлекпен мектеп бітіру кешіне кетті ғой деймін.
– Біздің білуімізше, Оралхан Бөкейдің отбасында жазушы жоқ. Жазушы болуына не әсер етті?
– Әрине, әуелі Алла берген өзінің бойындағы таланты. Екіншіден, ол кезде «Лениншіл жас» газеті мен Жұлдыз» журналының дүркіреп тұрған кезі. Екі үйдің ортасында совхоздың бай кітапханасы болды. Оралхан жоғарыда мен атаған газет пен журналды үзбей оқитын. «Фариза Оңғарсынованың өлеңін қарашы, мына жазушының әңгімесін қарашы» деп әдебиетке бала кезден ынтық болды. Оралхан ауылдағы үлкен кітапхананың барлық кітабын тауысты десем артық айтпаспын. Далада, көк шөпте жатып алып кітапты бірге оқитынбыз. Соның бәрі әсер еткен болуы керек. Әкесі Бөкей тұйық адам болды. Көп сөйлемейтін. Шешесі Күлия адуынды, ширақ кісі еді. Үйіне барғанда: «Неғып жүрсің? Арақ іздеп келдің бе?» деп бас-аяғыңды тексеріп отыратын. Оралханның да қызық мінездері көп. Ауылға келгенде дастархан жайып, жамбас қоямыз ғой. Сонда «Ей, андағы жамбасыңды кеспе» дейді. «Неге?» десең, «Газетке орап, қойып қой. Шешеме апарып беремін» дейтін. Шешесін керемет құрметтеді. Қай үйге барса да, сөйтетін. Шешесі де «Әлгі жалғызым» деп еміреніп отыратын.
Жалпы, Оралхан ауылға келген сайын үйге шақырмасаң да өзі келетін. Әкесінің інісінің үйі бар. Соған кетіп бара жатады да бізге кіріп шығады. Кейде үйдің ішіне ескерту жасап: «Әлі кедейсіңдер ғой өздерің, бәленбай да түгенбай, тамақтарың қалай піскен, ана төсекті қалай салғансың, киімің қалай» деген сыңайдағы сөздерді айтады. Мына кісі қысылатын. «Сөйтіп отырып шәйді өліп-талып ішеді. Етті де жейді. Мінезі сондай қызық еді. Қалжыңы қайсы, шыны қайсы, соны ұқпай қалатын едік» деп осы жерде сөзге қосылды самауырдан баптап шәй құйып отырған жеңгеміз. Жеңгеміздің сөзін ары қарай Нұрлан ағамыздың халін сұрауға келген Гүлсара апа жалғап кетті. «Оралханның қылықтарын еске алып жатырмыз ғой. Оның шешесі Күлия толық, етжеңді кісі болды. Жуан кісінің эталоны Күлия болатын. Бір күні Оралхан бүй дейді: «Бәрің «Күлия-Күлия» деуші едіңдер. Ауыл толған Күлия бопсыңдар ғой». Иә, бүгінде біз де толып кеттік қой» деді Гүлсара апа сөзінің соңын әзілге сүйеп.
– Нұрлан аға, Оралхан Бөкейді соңғы рет қашан көрдіңіз?
– Соңғы рет Ардақ деген екінші әйелімен келген кезде көрдім. Аудан басшылары, жора-жолдастарымен бірге судың бойына көкке шықтық. Сонда «Мына әйелді қайдан тауып алғансың? 20 жас кіші ғой» дедім өзіне. «Бұл Жазушылар Одағының алдында бізді тексеріп отыратын дәрігер, медбике. Сол жерде таныстым» деді Оралхан. Ана келіншек: «Мына кісі «башпайым ауырып тұр, саусағым ауырып тұр» деп ылғи келетін» деді әзілдеп. Соңғы рет көргенім сол. Аманжан секілді Оралхан мені де Алматыға шақырған. Ол кезде екі балам бар. Көп-көрім бригадир болып жұмыс істеп жүрдім де, «Алматыда не бар?» дедім.
Әуелде «Түгім жоқ. Бәрі біткен» деп сөзге сараңдық танытқан ақсақал Оралхан жайында сөйлеген сайын шапқан сайын тынысы ашылатын кәнігі тұлпарлардай бауырын жазып, ағынан жарылды. Көкейде жүрген сырларын, әлдекімдерге айта алмай жүрген өкпе-назын да жасырмады. «Былтыр Оралханның 75 жылдығын біздің аудан дұрыс атап өте алмадық. Мәселе көтеріп едік: «90 жылдықты әзер өткіздік. Қаражат жоқ» деді. Тек Белқарағай мектебі ғана мал сойып, құран оқытып, атап өтті. Оралхан күн өткен сайын ұмытылып бара ма деп қорқамын. Астанада жазушы Әлібек Асқаров бар. Оралханды анда-санда қозғап, қаузап жүреді. Дидахмет қайтыс болып кетті.
Әй, Азамат, Оралхан бүйтіп айтатын ей. «Басқа өңірлерге, әсіресе оңтүстік облыстарға барғанда ауданның бірінші хатшысы шекараға дейін әкеп тастаса, келесі бір хатшы шекарада тосып тұрып, алып кететін. Катонға келсем, Шыңғыстайға жете алмаймын. Аудандық газет редакциясының жаман «Урал» мотоциклімен әрең әкеп тастайды» дейтін еді жарықтық кейіп. Бір жағы Совет заманында ауданның бірінші хатшылары мен совхоз директорларының көпшілігі өзге ұлт өкілдері болды ғой. Бұл да әсер еткен шығар. Не десек те, туған ауданында көзі тірісінде лайықты бағаланбады. 28 қыркүйек туған күні ғой. Былтыр аудан оны да өткізбей қойды. Біздің жергілікті халық қызық қой. Ауылдың қарапайым адамдары кейде «Оралхан бізге не беріпті?» деп орынсыз пікір айтып жатады. Жастау кезімде осы үшін қызыл кеңірдек болып дауласып, төбелеске дейін баратынмын. «Оралхан сендерге не береді? Қапшық-қапшық ақша бере ме? «Катон деген ел бар, Шыңғыстай деген жер бар» деп алақандай ауылды төрткүл дүниеге танытқан жоқ па? Содан артық не керек? Ауылдағы жалғыз көшеге асфальт салдырған Оралхан ғой. Сендер қызғанасыңдар. Тіпті қыз алып, қыз беріскен өзге өңірдің азаматтары «Оралхан ауылымен құда болдық» деп мақтанады. Сендер отырып алып бір-бірлеріңді күндейсіңдер» деймін ыза болып. Қазір адамдарға міндетті түрде бірдеме беру керек. Одан басқа түк керек жоқ.
Орайы келгенде бір жәйді айтайын. Жоғарыда Оңтүстікке барғанымды айттым ғой. Сол кезде оңтүстік жұртының Оралханға деген зор құрметіне риза болдым. Сарыағаш ауданында жарық көретін бір газет 1-інші бетіне «Біздің елге Оралханның досы келді» деп үлкен мақала беріпті. Сарыағашта менімен кездесу жасап, шапан кигізді. Таңғалғаным, ондағы адамдар «Мына ақсақал Оралханның бірге өскен досы» деп дауыстарын шығармай, бір-бірімен сыбырлап сөйлесті. «Көке» деп қолтығымнан алып, айрықша құрмет көрсетті. Ешқайсысы алдыңнан кесе көлденең өтпейді. Сөйтіп, «Көке» атандым. «Менің өзіме мынадай қошемет болса, Оралханның өзін қалай құрметтер еді» деп ойладым іштей. Өскеменде Оралханды дәріптеп жүрген Таңатқан Түменбаев деген мықты азамат бар. 44 мектептің бұрынғы директоры. Оралхан рухына ас беріп, бізді қонаққа шақырды. Аманжан екеумізге жол-қаражататтарыңа деп 5 мың теңге салып жіберіпті. Ұжыммен жақсы кездесу өткіздік. Оралхан есімін ұлықтап жүрген осындай жекелеген азаматтарға риза боласың. Ал енді Оралханның 75 жылдығында өзіміздің ауданның азаматтарына аздап кейідім. Қазір зейнеткермін. Жиі ауырып қаламын. Бір-екі сиырым мен 5-ақ қойым бар. «Жомарттың қолын жоқ байлайды. Жылқым болса, Оралханның 75 жылдығына апарып, сойдырып, Құран бағыштар едім» деп сол кезде қатты қапаландым. Шынымды айтайыншы, бұрын Оралханды мен де мойындамай жүретұғынмын. Соңғы кезде шын жүрегіммен мойындадым. Сынбайтын темір, өтпейтін адам жоқ. Оралхан мені тәуір көрді. Қалған елге жалғанда дес бермейтін Оралхан менің сөзіме тоқтайтын. Өмір өтті. «Құлан құдыққа құласа құлағында құрбақа ойнайды», «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген қазақтың мақалдары бекерге айтылмаған екен. Кәртәйіп шама кеткен соң құдыққа құлаған құлан секілдісің. Құлағыңда құрбақалар ойнайды. Ыза боласың. Қазір Оралханды ойлай берем. Бала кезден, жас кезден бірге өскен соң ұмытылмайды екен» деп түйді сөзін ақсақал.
Түйін
Мақала басында «Ақсақал бірдеңеге өкпелі секілді. Көңілінде бір кірбің бар сияқты» дедік қой. Түйінде сол түйінді ашпасақ болмайтын секілді. Шыңғыстайда Оралханға талас бар екен. Талас дегеннен гөрі аз-кем түсінбестік дегеніміз дұрыс болатын шығар. Мұндай түсінбестік басқа емес осы ауылдағы өзіміз ерекше құрметтейтін қос ақсақал Аманжан Нұқсарин мен Нұрлан Әкімбаев ағамыздың арасында да бар секілді. Әңгіме «Оралханға ең жақын кім, кім Оралханмен бірге көп жүрген, Оралхан туралы естелікті неге ол айтады, мен неге айтпаймын?» деген сөздерден шыққан сияқты. Біздіңше, қос қария да Оралханға жақын. Бірі бала күнгі, екіншісі бозбала шағындағы, есейген кездегі айнымас достары. Екі ақсақалды да бөліп-жаруға болмайтын секілді. Өйткені, Оралхан Бөкей екеуін де жақсы көргені, өзіне жақын тұтқаны анық. Нұрлан Әкімбаевтың өз сөзімен айтсақ, «Оралхан менікі деп айтуға ешкімнің хақы жоқ шығар. Оралхан халықтікі».
Иә, біз бұл жазбамызда жазушыға өз кейіпкерлерінің, өз ауылдастарының көзімен қарауға, Алатаудағы емес, Алтайдағы, қаладағы емес, даладағы Оралханның шынайы бейне-болмысына үңілуге тырыстық.
Азамат ҚАСЫМ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Шыңғыстай ауылы
egemen.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.