Тыңдамайын десең де...
Өмірдің сен күтпеген қызығы көп. Кейде тіпті қарапайым телефоныңның өзі анау-мынау театрға татиды. Айталық, сен телефон тұтқасын көтердің. Аржақта еркек пен әйел сөйлесіп жатыр. Еріксіз бөгелесің. Тыңдайсың. Өйткені телефон өзіңдікі ғой.
Еркек: Сонымен қалай ұйғардың, келесің бе?
Әйел: Білмеймін, шұлықтарымның бәрі жыртық... Көшеге киіп шығарым жоқ.
Еркек: Онда саған мен барайын.
Әйел: Ендеше, сыра аларсың... Жоқ, арақ ал...
Еркек: Арағыңды өзің алып, өзің іш... Менде өзіме керегімді өзім алайын...
Әйел: ?!
Еркек: Болды. Сағат жетіде күт мені.
Әңгіме үзілді. Дың-дың... Ал сен ұялдың ба, ойландың ба, оны өзің білесің...
Бақытты жандар
Аялдама. Сеңдей соғылысқан халық. Ұзын тізбектің бір басынан бір оғаш көрініс елес берді. Арқасында қап па, адам ба, бір бейшара міскін келе жатыр. Сырт қарап әлгінің жасын болжау қиын: кәрі дейін десең, қарны шартиып кетіпті, жүктілігі анық байқалады; жас дейін десең, бетінде қан-сөл жоқ, әжім-әжім, өрттен шыққандай боп қарайып кеткен. Денесі де, үстіндегі киімі де өмірі су көрмегендей күс-күс, сауыс-сауыс. Ластығы сондай көз тоқтатып қарауға адам дәті жетпейтіндей. Алайда арқасындағы қап емес, адам екен. Адам болғанда да бала емес, соқтауылдай егде еркек. Оның да түр әлпеті мен киген киімі кір-қожалақ жүрек айнытқандай. Бомж екендері анық. Қандай үңгір-қуыстан шыққандарын бір Құдайым білсін. Олардың бойынан тараған сасық иіс улы газбен шабуылдағаннан артық түспесе, кем түспейді-ақ. Жолындағыларды дүрліктіре, түре ығыстырып келе жатыр.
Еркегін арқалап алған әйел бейне бір мұзжарғыш кеме сияқты. Қарсы кездескендерді жапыра-мапыра өтіп, автобусқа көтерілді. Ондағылар да дүрлігіп, жолдан тайып, салон түкпіріне қарай үрейлене ығысып жатыр. Екеуі қалаған тұстан босаған орынға барып емін-еркін жайғасып алды. Олардың осынау былайғы «тәуір» жұртқа оғаш та жексұрын көрінген жүріс-тұрыстарында өзінше сыр мен мазмұн бар сияқты. Аялдамадағы, автобустағы бұлардан алапес көргендей ығысқан жұрт: «жиіркендік», «түршіктік» десе, «әй, кереметтер, сендердің кеуделеріңде бір жан, біздің кеудемізде де бір жан; мынау жалған дүниеден сендер де өтесіңдер, біз де өтерміз. Ал қазір, дәл осы сәт, сендерден біз мықтымыз. Әйтпесе, неге ығыстыңдар бізден?!» –дейтін сияқты-ау. Жарық дүниеге кездейсоқ келген күйкі жандармыз, сорлы бейшарамыз демей, керісінше, өз болмыс-тіршіліктеріне дән риза, соған іштей тояттап масайрап отырғандай, сірә.
Олар өздерінше бақытты еді...
25.01.1995
Қақпақылға түскен алты мың
Демалыс үйі, аурухана сияқты жерлерде адамдар үлкен-кіші, мықты-осал болып бөлініп рәсім сақтай бермейді. Біз де оны Коля деп атап кеттік. Еңгезердей денелі жігіт. Еңбекпен көз ашып, адал нан жеп үйренген. Кенші. Мінезі ақжарқын, ақкөңіл екен өзі. Жарты күн, бір күннің ішінде көбімізбен емен-жарқын боп араласып-ақ кетті. Ә, дегенде-ақ адам жылағысы келетін оқиғаның өзін анекдот сияқтандырып қызықтыра айтып берді.
– Жасыратыны жоқ, Жезқазғаннан шығарда жолдастардың ықылас көңіл дүрмегімен біраз жұтыңқырап алған ем,- деп бір күліп алды. Таңертең басым ауырыңқырап ояндым. Әне-міне дегенше асыққан Қарағандыма да жеттім-ау. Пойыздан түсе сала жақын дүңгіршектің бірінен сыра алып іштім.
Бір бөтелке сырамен таңдайымды жібітіп, енді жүре бермек болғанымда, алғашқы қардан кейін жер тайғақ еді, бір аяғым бүгіліңкіреп кеткені. Сөйткенше болған жоқ, дәл тұмсығым алдынан милицияның көше кезіп жүретін кезекші машинасы келіп тоқтай қалды. Ішінен соқтауылдай-соқтауылдай үш мент түсті. Олар мені әй-шайға қаратпай машинаға тықты да жіберді. Әуелі үшеулеп біраз пергіштеп алды. Қабырғам қайысып, мұрным майысты. Тап бір дүлей дауылға немесе топан су астына кезіккендеймін. Түгімді қоймай қалталарымды тінткілеп алты мың теңгемді түгел сыпырып алды. «Бұрын да жарытпаған, ал қазір қайбір оңып тұр дейсің аурухананың тамағы, оны-мұны алып жеп тұрарсың» деп, «сосын аурушаң енең үшін бізде жоқ қат дәрі аларсың» деп, балалардың аузынан жырып жинап әйелім берген ақша еді...
Кімсің, қайдансың дегендей әлдебір қағаздарды толтырды. «Маскүнемсің» деп жер-жебіріме жетіп, небір анайы боқтық сөздермен балағаттап қорқытты. Мені тапқан да, адам қылған да осылар сияқты. Біздің қоғамда бұлардан басқа жібі түзу пенде баласы жоқ секілді. Хан да өздері, би де өздері, білікті де өздері. Ұрғандары аздай, балағаттағандары аздай, машина ішіндегі жыртқыш қамайтын темір торға бөледі де тастады. Содан кейін төрт сағаттай қаланы аралап, көше-көшені сүзді. Қисалаңдап жүрген, көк мұзға аяғы тайып кетіп, сүріне жаздаған ешкім көздеріне түспеген соң, темір жол бекетіне қайтып келді. Күні бойы темір тордың ішінде қарны ашып, шөлдеп отырған маған адамсың-ау, итсің-ау деп қараған да жоқ. Менен басқа оңай олжа түспегенге ызаланды-ау деймін, қабақтары қатулы шетінен.
– Қане, табаныңды жалтырат,- дейді. Және неғұрлым тезірек кетіп қалсаң, соғұрлым өзіңе жақсы болады.
– Алты мың теңге ақшамды беріңдер. Сақтап қоюға деп алмаған шығарсыңдар?
– Тілінің қыршаңқысын қарайгөр,- деді біреуі, кәдімгідей таңғалып.
– Ондай тілді түбірімен кесіп тастау керек қой,- деді екіншісі ысқырынып.
– Әй, саған алты мың теңге қымбат па, әлде алты қабырғаң қымбат па?- деді үшіншісі. Ашу-ызадан екі беті білемдей боп ісініп кеткен. Бізге сенің алты қабырғаңды үгітіп жіберу түк емес.
– Оны аз десең, алты ай түрмені қоса арқалатамыз, -деді біріншісі таңғалғанын қойып, түсін суытып,- Қалауыңды өзің таңдап ала ғой. Еркін елдің ерікті азаматысың.
Мәлім болды. Не дейін сосын. Ыржалаңдап тұрып рахаттана күлдім.
– Жә, жә, бас жаққа барыспайық, осы көрсеткен пейілдерің жетеді, көп рахмет. Милициям – менің қорғаным. Ұлы Дзержинскийдің алғыр да адал ұрпағы, аман-сау екенсіңдер. Сендер аман тұрғанда революция ісі өлмейді, коммунизм мұраты өшпейді,- дедім де, машина есігінен оқтай атылып сыртқа шығып кеттім. Далаға шығысымен тұншығып оянған адамдай кеудем ентігіп, таза ауаны қомағайлана қарманып жатырмын-ау.
Біз бәріне көнгенбіз. Жезқазғанға, әйеліме телефон шалып, осылай да осылай деп басымнан өткен жағдайды хабарладым. Мың болғыр, не күмән келтіріп ежіктемеді, не ұрсып шаптықпады, айтқан сөзіме сүттей ұйыды. Өз атымның сыры өзіме мәлім деп қазақтар айтатындай, әсілі милициямыздың қандай екенін үлкен-кіші, кәрі-жас бәріміз де жақсы білеміз-ау деймін.
Қарыз алды ма, әлде іске татырлық бірдеңесін сатты ма, ол жағын білмедім, әйтеуір әйелім мың теңге жіберіп, сонымен ілдебайлап жаным қалып тұр.
Коляның әңгімесін үнсіз ұйып тыңдадық. Не ойласақ та, әркімнің өз ішінде қалды. Ең құрығанда: «Оу, заң бар емес пе?» деп айтқан бір адам шықсайшы арамыздан. Беу, дүние жалған-ай...
(Кәсіптік аурулар институты)
Бір үзім нан
Досым Тоқан үйінде шәй ішіп отырмыз. Өмір бойы шахта қазып, зейнетке шыққан кісі еді. Зейнетақымен күн көру қиын, дүкенде жүкші болып қосымша жұмыс істейді.
– Жақында бастығым баздан тауар әкелуге жұмсады. Келсем баздың ауласында еңгезердей-еңгезердей он бес шақты жігіт жүр. Кейіптерінен қара тастың өзін сығып суын алатындай алапат күш иелері екені сезіледі. Екеу-үшеуден, үш-төрттен топтанып, бір-бірлеріне жақтырмай суықкөздене қарап, әрлі-берлі теңселе басып өтеді. Будақтатып темекі шегіп, аяқтары астына шырт-шырт түкірісіп қояды. Баздың жұмысшылары деуге онша келіңкіремейді-ақ.
Тауар алып тұрып қоймашыдан: Мыналар кім? Жауға шабардай түрлері тым сұсты екен,- деп сұраймын ғой. Ол жайбарақат қана: Қазір білесің,- дей салды.
Баз іргесіндегі шойынжолмен шашылып қалардай салдырлап-күлдірлеп пойыз келді. Пойыз болғанда жалғыз вагон сүйреткен күйелеш тепловоз.
Жалғыз қызыл вагонды әкелген жеріне тастады да, күйелеш тепловоз келген ізімен қайта тайып тұрды. Бұл кезде жаңағы он бес шақты жігіт күйелеш вагонның алдына үймелесе қалған еді. Бірақ қоймашыны көргенде бәрі үн-түнсіз жарылып орталарынан жол аша қойды. Қоймашы алға өтіп, артқа бұрылып, қолын көтерді:
– Жігіттер, бұл партияда шетелдік маргарин майы. Таласпай түсіремін десеңдер, бәріңе де жетеді.
– Жоқ!- деді жұлып алғандай бір жуан дауыс.- Кешеден бері құр босқа сенделіп жүрміз. Ақшадан тарығып қалдық. Бөтендер боғын пышақтамасын, кетсін.
Қоймадан алған тауарларымды машинаға тиеп болғам, қызық тамашалағандай анадайдан қарап тұрмын. Гүжілдек жуан дауыстың иесі, бойы екі метрге тақау, аяқтары бір-бір келсаптай, жуан бөксе, бірақ иығы сәл қушықтау, алып денеге жәй қондыра салған доп сияқты басы да кішкенелеу, тәмпіш мұрынды қара бұжыр екен. Оның сыртын ала үлкен шоғыр жиналыпты. Ерінбей санап жібердім. Қара бұжырмен тоғыз адам.
– Бөтенің кім? Мына біз бе?- деп, қарабұжырдың қоқанлоққысына қыңбағанын білдіріп, жіңішкелеу, бірақ балғамен төс ұрғандай шыңылтыр шымыр дауыс саңқ етті. Бұл дауыстың да иесіне көз салып қойдым. Ортадан сәл биіктеу, иықты, бірақ ашаң, жағына пышақ жанып алғандай қарасұр, аяқтары шегірткенің сирағындай сорайған ұзын біреу.
– Біз де бұл жерге тойынғаннан кеп тұрған жоқпыз. Кетсеңдер, өздерің кетіңдер.
Бұл топ қарасұрмен алты адам екен.
– Тоймаған аш болсаң, мен сені қазір тойғызып жіберейін, -деп қарабұжыр бірінші болып алдымен ұмтылды. Бір қойып өтіп, қарсыласын сілейтіп тастап үйренген әдеті ме, күрзі білегін сілтеудейін сілтеген-ақ еді, бірақ көздеген нысанасына дарыта алмады. Қарасұр жалтарып үлгерді. Жалтарды да өз салмағының әсерімен тұсынан қалбалақтап өте берген қарабұжырды көк желке тұстан көз ілеспес шапшаңдықпен жұдырықтап қойып кеп жіберді. Қарабұжыр машинадан лақтырылған бір қап картоптай боп зымырап, мұрнымен жер сызып бара жатты. Абырой болғанда, қарасұрдың тобындағылар оны жерге жеткізбей қос қолтығынан ұстап қағып алды да, бойын тіктетіп, бетін кері бұрып, қарасұрдың өзіне қарай итеріп қалды.
Қарабұжыр жұдырық сілтеп абырой таппасын білді-ау деймін, енді құйрығын қайқайтып, жауырынын күжірейтіп, қос қолын алға қарай созып жіберіп, қарсыласын ұстап алуға қамданды. Қарасұрдың білегі ме, сирағы ма, белі ме, қай жері болса да, әйтеуір бір жері қолға ілінсе, қышқаштай қысып, шым-шымдап құшағына бір түсіріп, аржағында білек пен белдің жойқын күшіне салып күлдейғып үгітіп жібермек. Қарасұр оған да қыңбады, бір оңға, бір солға ойқастап шегіншектеп жүрді де, кенет қабыландай атылды. Сорайған шегіртке аяқтары аспаннан көрінді де, қарабұжырдың бетіне былш-былш соғылды. Қарасұр тағы бір секіргенде қарабұжырдың кеудесіне қонып отырған қарақұс секілденіп те кетті. Келесі сәтте аузы-мұрнынан қан құсып қарабұжыр жер қауып жатты.
Қарасұрдың соңындағылардың бәрі де өзіндей ме, кім білсін, әйтеуір Қарабұжыр жағындағылардың көптігіне қарамастан қаймығып қалғаны анық байқалды.
– Кімді кім тойғызғанын көрдіңдер ғой, -деді Қарасұр аспай-саспай сөйлеп,- Күш сынасқыларың келсе, сендерге де осы сыбаға. Әйтпесе анау пахандарыңды алыңдар да бұл жерден тез қайқайыңдар. Ал бірақ мен аса қомағай емеспін: жүк көбейген кезде сендерге де вогон түсіруге рұқсат, процентін төлесеңдер болды.
Мен баздан кетерде қоймашымен қоштасып тұрып:
– Апырмай, жұмысқа таласқанның мұндай да түрі болады екен-ау, мұндай сорақыны кім көрген, адамның қиялы жетпейтіндей сұмдық қой мынау,- дедім жаным езіле тұрып.
– Е, бұл нешауа,- деді ол жайбарақат,- екі жақ бетпе-бет келіп бірін-бірі таяқпен бе, арматура темір шыбықпен бе, қолдарына не түссе, сонымен соққыласқандарын көрсең ғой...
Зейнеткер шахтер досымның әңгімесін әркім өзімізше ұғып, іштей қорытып үнсіз отырып қалдық. «Нарық-қабілет бәсекесі». Ақылы аз, айла-амалы, білімі аз ел алдымен қара күшке жүгініп, жабайылығын көрсетеді екен-ау», деген бір запырандай ащы ой келгені маған...
31.09.1995
(Кәсіптік аурулар институты)
Өксік өмір
Әдеп сақтап ауызда кезек күткен. Инабатына сай үстінде киімі де тәп-тәуір. Өзін сылап-сипап таза ұстайтыны көрініп-ақ тұр. Бірақ бойында әлдебір жағымсыз шалығы бары да бірден аңғарылады. Көкшіл көзі түйіліп, бірауық бетіңе біртүрлі тесіле ұзақ қарап қояды. Сөзіңнің астарын өзіңнен бұрын аршып алғысы келетіндей ыңғай танытады. Сосын ұқтым дегендей көз қарашығын бір айналдырып тастап, шалқая беріп, үзіп-жұлып бірдеңелерді былдырлап айта бастайды. Адам аттарын, кейбір оқиғаларды жадында жөн-жосықсыз сақтаған.
– Кім боласыз? Қайдан жүрсіз?
– Анна Романовна Лужинамын. Майқұдықтың 16 шағын ауданында 22 үй, 36 пәтерінде тұрамын. Жалғыз.
– Балаларыңыз...
– Екі қызым бар, бірі Қарағанды – Сұрыптау стансасында, екіншісі Майқұдықта тұрып жатыр. Бірінде ұл, екіншісінде қыз – кішкентай немерелер өсіп келеді.
– Бұрын жұмыс істеген боларсыз?
– О, әрине, көмір өндіріснде. Жұмыста зорығып, кіндігімнен грыжа болғам. 1231 теңге зейнетақы аламын.
– Маған нақты қандай шаруамен келдіңіз?
Бейтаныс әйел маған тесіле қарап көз қарашығын шыр-шыр айналдырды.
– О, айналамның бәрі маскүнем, мені әбден тонап бітті. Түк қалдырмады. Күнде ұрыс-керіс, төбелес. Төбемнен ылғи су ағызады. Қорқытады. Қорлайды. Қолымды да сындырды. Тіпті ас ішетін соңғы тарелкеме дейін алып кетті. Аузымды ашсам болды, жарыместер ауруханаға апарып тығып тастайды.
– Ауырады екенсіз ғой.
– О, иә. Екінші топтағы мүгедекпін. Сау едім, жарымес етті. Дәрігер психиатр Сафронова Тамара Петровна қараған. Қорыққансың. Баладан кейін есіргенсің. Ондай-ондай болады дейді. Шынында мен қорқыныш-зорлық көрген адаммын. Зорлаушымды өзім әшкереледім де.
– Түсінбедім...
– Кешкісін ұйықтар алдында жыныс қынабыма ине салып қоямын.
– Ине? Жыныс қуысына?
– Иә, дәл солай. Күрзі балғасын инеге жаралап әшкереленді ғой.
– Адам ба өзі, кім екен?
– Шавриков Виктор Андреевич, менің күйеуім. Лунин болуы да мүмкін.
– Сонда сізге екі адам бірдей зорлық жасап жүрген бе?
– Жоқ, екеуі бір адам. Бір адам. Тек екі фамилиясы бар.
– Кешіріңіз, менен қандай нақты көмек сұрайсыз?
– А-а, сұрағың өте орынды. Мен тау-кен техникумында оқығам ғой. Жала жауып, дипломымды бермей қойған. Әділдік салтанат құруға тиіс.Дипломымды алуым керек.
Әйел тағы біраз отырды. Тағы да әрнені бір айтты. Осы шыдағанымда жетер деп, майда сөзбен сылап-сипап шығарып салдым. Екі баласы бар екен. Екеуі де тәп-тәуір тұрмыс құрып жатыр екен. Ал өзі мынадай. Иә, қорлық пен зорлық көрген. Адам, қоғам, заң – бәрі де оған теріс қарапты. Менен де оған қайыр жоқ. Қайсыбір ақынның:
– Өмір деген өксік қой,
Өксікпенен өстік қой,- деген өзек жарды ащы жан күйзелісі еске еріксіз түседі осындайда...
Көрнекісурет: ашық интернет көзінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.