Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өтен Ахмет. Жазушылар шайқасының құрбаны

23.04.2019 733

Өтен Ахмет. Жазушылар шайқасының құрбаны

(Жарияланбаған репортаж)

Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов жергілікті жазушыларға әр тоқсан сайын 10 мың теңгеден стипендия береді екен. Былтыр екінші тоқсаннан бастап мені сол қатарға қостық деген.

Облыстық тіл комитетінің бастығы Ахмет Кендірбекұлы биыл, 2007 жылы, стипендия сәл-пәл болса да көбейтілді деп жүр. Және «Талдықорғанда жазушылар қатары сенімен бес адамға жетті», - деп мақтанып та қояды.

Жазушылардың ХІІІ Құрылтайына жүрер алдында, 3 маусым күні, күндізгі сағат үште әкім қабылдайтын болыпты. Әңгімесін айтып, тілегін білдіріп, стипендиясын беріп, жүдеу жандарды бір мезгіл өстіп қарық қылып тастайтын жақсы әдеті бар екен.

Жазғы ақ түсті жеңіл киімдерімді киіп, өзімше әдеміленіп, сағат тура екі жарым болғанда әкімдікке келдім. Күзеттегі тізімде менің аты-жөнім болмай шықты. Мәдениет бөліміне телфон соқтым. Мүмкін ұмытып кеткен шығар, болады ғой ондай жағдай. Тізімде шын жоқ екенмін.

Әдетте Құрылтайға облыстан баратын жазушылардың жол қаражаты, көлік мәселесі алдын-ала шешіліп қояды. Менің құлағыма ондай да әңгіме жеткен жоқ еді. Әйтеуір, маған қарсы бір әрекеттер жасалып жүргенін ішім сезетін. Сол күдігім қазір ұлғая түсті.

Айтпақшы, 29 мамыр күні ғой деймін, мені телефонға шақырған. Алматыдан Мырзан Кенжебай деген жазушы екен. Бір жерден бас сауғалап қашып шыққандай өрекпіп тұрып айтқаны:

- Нұрлан Оразалин төраға болып ұзақ отырып қалды. Бақандай он бір жыл. Төраға болғаннан кейінгі бірінші Құрылтайды, төрт жыл орнына, араға алты жыл салып зорға өткізді. Мына екінші Құрылтайды төрт жыл орнына бес жыл үш айға созып отыр. Жарғы заңын бір емес, екі рет бұзды. Жалпы, жазушылардың біраз бөлігі басқарма жұмысына риза емес. Сондықтан олар басқарма жұмысын жақсарту керек деп есептейді. Осы пікірді жақтайтындардың Үндеуі дайындалып жатыр.

- Мен өз басым Жазушылар одағынан ешуақыт, ешқандай әлдебір пайда, қамқорлық көрген адам емеспін. Соған қарамастан оларға өкпе артып айтыс-тартыстарына араласып та, мән беріп те көрмеппін. Бірақ, шыны керек, Нұрлан 11 жылда басшы ретінде өзін сарқып бітті, енді қанша отырса да одақ жұмысына пәлендей өзгеріс жасай алмас, деген ой менде де бар. Сол себепті басқарма құрамының өзгергені дұрыс болар деген пікірді қолдаймын. Алайда мен осы жасым ішінде өмірі біреудің үстінен арыз хат жазып немесе Үндеу дегенді қолдап, қол қойып көрмеген едім. Маған біртүрлі ерсі де ұят сияқты мұндай әрекет.

- Мәселе негізінде Жазушылар одағының ертеңгі жағдайы не болады дегенге тіреліп тұр ғой, жеме-жемге келгенде өстіп тайқақтай беретін жасқаншақ әдетіміз-ай, - деп ренжіді Мырзан. Бұл бір астыртын жасалып жатқан әрекет емес қой. Маусымның 1 күні бір топ жазушыны Президент қабылдайтын болды. Онда осы мәселе көтерілмек. Елбасы қолдайды, - деді Мырзан барынша сендіре сөйлеп.

Мен бәрібір ыңғай бермедім.

- Сенбей тұрсаңыз, мен сізді Мереке Құлкеновке қосайын, сол кісі сөйлессін.

Мерекеге қосты. Ол:

- Өтеке, тайсақтайтын ештеңе жоқ. Бұл – пісуі жеткен, беті ашық мәселе, - деді. - Бізге тек жазушылар арасында осындай пікір барын білдіруіміз ғана керек еді.

Президент қабылдауына кімдер барады екен деп сұрадым. Ол: - Ә.Нұрпейісов, Қ.Мырза-Әлі, Д.Исабеков, Ә.Тарази, бесінші Р.Нұрғалиев болуы керек еді, бірақ ол екіойлы боп жүрген көрінеді, - деді.

- Рымғалиды білем ғой, курстасым. Ол мұндайға өте сақ, оған әуре болмаңдар, қосылмайды, - дедім.

Мен өзімше іштей былай ойладым: Құрылтай қарсаңында Президент қазақтың беделді деген жазушыларын не үшін қабылдайды? Ол кісінің әсілі өзгеріске қарсы болмағаны ғой. Бұл - бір. Екінші, мен «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көріп жүрмін. Мұндағы басшылардың мінезін білемін, көңілдерін қалдырсам, ертең маңайларына жолатпай қоюлары мүмкін. Осындай жасық оймен жеңіліп, «мәтіндеріңді жіберіңдер, танысып көрейін» дедім.

Факспен жіберді. Оқысам, бас жарып, көз шығарғандай түгі жоқ. Бар болғаны басқарма құрамын жаңартсақ қайтеді дегенге саяды екен. Осы ұсынысты қолдағандардың тізімі жасалыпты. Тәуір жазушы атанып жүргендердің де біразының қолы тұр. Мені де ақыры тобырлық инстинкт жеңді, қолымды қойдым.

Маусымның бесі күні Алматыға жетіп, Одаққа келсем, талдықорғандықтар түгел жүр: Әли Ысқабай, Тұрсын Әбдуали, Әбен Дәуренбеков.

-Оу, Өтеке, қайда жүрсіз? Сізді іздеп таппадық қой.

- Мен күні бойы ешқайда шықпай жұмыста отырам. Сосын үйімде болам. Басқа баратын жерім де жоқ. Шын іздеген болсаңдар, менің табылмауым мүмкін емес еді. Өтірік таппаған боп көлгірсімей-ақ қойыңдар. Мен бәрін білем.

- Қалайша?

- Жарылқаушы әкімдерің Серік Үмбетовтің стипендиясын алдыңдар ма?

- Алдық.

- Ендеше, ішінде мен неге жоқпын?

- Иә, соны білгенде біз де қайран қалдық, - деді Тұрсын.

- Ол кісі неге жоқ деп сұрадым, - деді Әли. - Алған жауабым, қарағандылық деп әкім сізді сызып тастапты-мыс.

- Үлкен лауазымды әкім ондай ұсақ іске бара қоймас, - дедім мен. –Егер жазушыларды туған жеріне қарап бөлетін болсақ, жетіскен екенбіз. Қазақ жазушысы деген ұғымды жойып, облыстың, ауданның, ру-тайпаның жазушысы бола бастағанбыз ғой, сірә...

«Отырар» мейманханасының сыртында «Қазақ қауымдастығының үйі» деген мекеме бар екен. Соның екінші қабаты «Мерей» деген қонақ үй. Бізді сонда апарып орналастырды. Әбен Дәуренбеков жол бойы мас болды. Алматыға келген соң да мастығы тарқаған жоқ. Мастықтан өмірі айықпай жүретін әріптесіміз.

Біз Әли екеуміз бір нөмірде болмақшы едік. Әбен бар деген жерінен қашып кетіп бізге келді.

-Ол молда, мен ішкішпін, екеуміз үйлеспейміз, - деп, өзінше ақталып та жатыр.

Молда жатыр деген бөлмеге мен бардым. Жолбарыс Баязитов деген қостанайлық жазушы, Меккеге үш барған қажы екен. Қайта, сонда ауысқаным дұрыс болды, таза, тыныш дегендей.

Әлилер Талдықорған қаласының әкімдігі бөлген жеңіл машинамен жүр екен. «Әкім орынбасары Ләззаттың машинасы!», - деп қояды мақтанып. Ол Жолбарыс екеумізді «Баспа үйіне» дейін жеткізіп салды. Мен «Баспа үйінің» астыңғы қабатындағы «Жалын» баспасына соғып, Гүлнұр, Нұргүл деген қыздарға әкелген қолжазбамды тапсырдым. Сосын жоғарғы қабаттарға көтерілдім. Мереке ғана бар екен. Амандастық. «Бәрі дұрыс болады, - деді ол. - Төрағалыққа бес адам ұсынылады. Есенғали Раушанға дауыс беретін болыңыз».

Ауызекі әңгімеден білгенім, шарға түсетіндер: Н.Оразалин, Д.Исабеков, Е.Раушан, тағы бір-екеудің атын айтты, аттары кейін есіме түсер, қазір ұмытып отырмын...

Қонақ үй бөлмесінде бірге жатқан қостанайлықтармен болған әңгімеде, мен оларға: «Егер осындай шын баламалы сайлау болса, Есенғалиды жақтар едім, - дедім. - Өзін сырттай ғана білемін. Өлеңдерін де көп жарытып оқымаппын, «Қарабауыр қасқалдағы» болмаса. Басқа үміткерлер туралы әртүрлі алыпқашпа сөздер бар. Дулат та өзінен аспаған, басшы болып еш жерді көгерте алған адам емес. Ал Есенғали туралы тек қана жақсы лебіз естимін. Сондықтан Есенғалиды қолдамақпын».

Бұл менің, Мереке айтып, шегелеп тапсырғандығынан емес, шын өз ойым, шешімім болатын.

Айтпақшы, Мерекемен арамызда болған әңгімеде:

- Мен мұндай іске өмірі араласып көрмеппін. Ертеңгі күні «жікшілдік», «топшылдық» деген жаман атқа қалып жүрмейміз бе? Сондықтан бұл мәселені Құрылтайда ашық көтергендерің дұрыс болмас па еді? - деген едім. Мереке:

- Одан үркетін ештеңе жоқ, жасырын іс емес, пісуі жеткен, - деп Құдайындай сендірді.

Сол, 5 күні, Сұлтан Оразалин бастаған ынталы топ деген пленум өткізбекші болса керек. Әдеттегідей у-шу, айқай сүрең... Ол әңгімеге мен онша құлақ түре қоймадым.

«Баспа үйінен» Әли екеуміз бірге қайтпақшы едік. Адасып қалдық. Мен оны «Баспа үйінің» алдында біраз уақыт күттім. Осы жерде ақын, прозашы, әдебиет сыншысы Бегділда Алдамжаровқа, баяғыда университетте бірге оқыған курстасым, кинорежиссер Серік Жармұханбетовке кездестім. Олармен амандық білісіп, әр нәрсенің басын бір шалып, біраз сөйлестік.

Әли көрінбеді, кетіп қалған шығар деп ойлап, ақыры мен де өз жөніме жылжыдым. Жолай «Арбат» бойынан тамақ алып іштім. Харчо, бифштекс, бір шыныаяқ шәй – 1200 теңге төлеп шықтым.

Қонақ үйіне келіп, демімді басып кісілермен сөйлесіп отырсам, сағат кешкі алтының кезі болатын, ашудан өрт сөндіргендей түтігіп Әли жетті. Мені іздеп, тосып жүріпті. Алақандай жерде жүріп бір-бірімізді таппағанымыз кездейсоқтық шығар. Сонда да ақталмадым. Өзімді ұятты сезіндім. Кешірім сұрап, Әлиді сабасына түсірдім.

Маусымның 6 күні Құрылтай дәл уақытында ашылып, басталып кетті. Ә дегеннен ештеңе өзгермейтіні, Нұрланның төрағалық орнында қалатыны бірден байқалды.

Президиумда баяғыша өзгермейтін тізімдегілер түгел отыр. Ішінде Дүкенбай ғана жоқ. Бұл қалай деймін іштей.

Үзіліс жарияланғанда сахнаға теңселе далбаңдап іздеген Дүкенбайым көтерілді. Сайрап берді: «Ана тілі» газетінде 200 жазушы қол қойған Үндеу жарияланыпты. Ішінде менің де фамилиям жүр екен. Құрған қақпандарына олар мені алдап түсірді», - деді. Дүкеңнің жайы мәлім болды. Айша анамызды ойнасқор етіп жазып, елді шулатқанда да, артынан кешірім сұрай салып, оп-оңай құтылып кеткен еді, тағы да сол әдісі. Иә, Дүкең сондай, оған ештеңе жұқпайды...

Ұйғыр ағайындар атынан сөйлеген Ахметжан Аширов: «Бізден келген екі-үш жазушыны да Үндеу ішіне сырттарынан тіркеп қойыпты», - деп, олар да ақталып шықты.

Осыдан кейін ғана мен де алданғанымды түсіндім. «Қағазға қол қоймауым керек еді» деймін іштей. Ең қызығы Үндеу «Ана тілі» газетіне жарияланыпты дегенді ұқпай отырғам. Бұл газет жұма күні шығады. Бүгін күн сенбі... Кейін білдім, жұма күні шығуға тиісті газеттің кезекті санын әдейі сенбіге жылжыта қойғандарын.

Бұл іске Мерекенің не себепті араласқанын да енді ғана түсінгендеймін.

«Жұлдыз», «Простор» журналдарын, «Қазақ әдебиеті» газетін Жазушылар одағы қайтадан өз қарамағына алатын болыпты. Президент жарайды, сүйтсеңдер сүйтіңдер, десе керек. Демек, бұл басылымдар Мерекенің уысынан шығып барады деген сөз. Әрине, бұл топтық мүддеге қарсы үлкен соққы еді.

Айтқандай, жазушылардың бұл айтысы топтық мүдделердің соғысы болып шыға келді. Ақырында, күресті бастаған топты, бәрін біліп, алдын-ала бес қаруын сайлап, жақсылап дайындалып отырған басқа үлкен топ жеңіп шықты. «Соғыс» кезінде тәп-тәуір дәмді болуға тиісті әңгіменің өңі қызыл көтеншек сияқты сыртқа айналып кетті. Мен сүйтіп жұрттың бәрін өзімдей көретін кісіге сенгіштігім арқасында, қосақ арасында бірге кеттім. Бірақ оған еш өкінбеймін. Жазушы деген халықтың қандай болатынын тани түстім.

Үзіліс кезінде Бексұлтан Нұржекеевпен сөйлескем. «Егер кітабым шықсын десең, - деді ол маған қарап саусағын шошайта зілденіп, - Алматыдан Батыс жаққа немесе Арқа, Солтүстік жаққа дауыс бермейсің».

-Оу, не боп қалды сонша?

-Әбдіжәміл Нұрпейісовтердің істеп жүрген ісі бұл. Оның мақсаты Жазушылар ұйымын Астанаға қарай ауыстырып жіберіп, ғимаратты Пен-клубқа алып қалу.

-Жөн. Бірақ мен Пленум мүшесі емеспін ғой. Менде дауыс жоқ. Басым да өзімдікі емес, басқа біреудің иығында жүр...

Қойшы, сонымен, тізімдеп дауысқа салып, өткізетіндерін өткізіп алып жатты. Ақсақалдар алқасы деген де бірдеңені шығарды, Парламентпен қосарланған Қазақстан халқы Ассамблеясына ұқсатып.

Берекесіз у-шудың аяғын күтпей-ақ талдықорғандықтар аулымызға қайтып кеткенді жөн көрдік. Жолға шыққанбыз. Ішетіндер ғой, жақсы қамданып, арақтарын алды. Бұлардың бетіне бажырайып құр қарап отырғаным жөн болмас, ортаға ыңғайсыздық туғызармын деп, мен де өзіме қымбат қызыл шарап алғам. Жолда тоқтап дәм іштік. Мен шарабымнан ептеп ауыз тидім де, қалғанын қасымдағыларға бөліп бердім.

Қызған соң ба, құрдасым, аңқылдаған ақкөңіл Тұрсын бір қызық әңгіме айтты. Әкімнің мені стипендиядан сызған себебі, оның үстінен арыз жазылған екен де, сол арызға мен де, яғни Өтен Ахмет те қол қойыппын-мыс. Мен Қарағанды-Жезқазған аймағында жүргенімде өсектің өрмекшінің торынан да асқан небір ғажайып түрлерінің куәсі болған едім. Ал мына өсек компьютер болмаса, жұмыр басты тірі пенденің қолынан келмейтіндей ғажайыптың ғажайыбы екен. Бәлкім, фантастика десем дұрыс болар ма...

Артымыздан Ахмет Кендірбекұлы қуып жетті. Ол аяқ астынан дәрежесі өсіп, Пленум мүшесі болған еді. Біз оны Көксу ауданының шекарасында тосып тұрғанбыз. Келді. Алқа-қотан отыра қалып, олар тағы арақ ішті. Кендірбекұлы естіген-білген жаңалығын айтты. Басқарма бастықтары негізінен бұрынғы құрамында қалыпты. Тек екінші хатшылыққа ақын Ғалым Жайлыбайды бекіткен. Мен туралы: «Сіз Пленум мүшелігіне өтеді екенсіз. Басында солай ұйғарып қойған екен. Бірақ Үндеуге қол қойғандар ішінде болғаныңыз себепті түсіріп тастапты», - деді.

Күлдім де қойдым. Иә, біздің топтасып, айтысып жүретін қазақ жазушылары арасында өз көзқарас-пікіріңнің болуы рушыл-жікшілдер үшін – «халық жауының» дұшпандық әрекетімен тең деңгейдегі ұғым. Бұны, өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы, яғни советтік- большевиктік кезеңдегі қазақ жазушыларының бірін-бірі қаралап құртқан «ерекше» күрес әдісінің заңды жалғасы десек те болады. Бір жақсысы, қазір бұрынғыдай жеңілгендердің кеудесіне оқ атылмайды, түрмеге қамалмайды. Бірақ төрге шығу үміті үзіледі. Атақ таратқанда, сыйлықтар бергенде, басқа да Үкімет, қоғамдық ұйымдар тарапынан келетін алуан түрлі жылы-жұмсақтарды бөлгенде бәрінен құр қалады, оған енді ит жемейтін толарсақ та тимейді.

Мысалы, Қалихан Ысқақ шешендік бар өнерін салып жазушылар арасынан жау іздеу, оларды тауып, тамырымен жұлып тастау бағытында жалындатып ұзақ сөз сөйледі.

Жол үстіндегі осы отырыста мен Жазушылар одағында жүзеге асырмақшы бір өзгеріске өз ойымды білдірдім. «Егер, - дедім, - «Жұлдыз», «Простор» журналдары, «Қазақ әдебиеті» газеті Жазушылар Одағының құзырына өтетін болса, онда Үкімет Одақты мемлекет бюджетіне алуы керек. Өйтпеген жағдайда үлкен үш басылым шықпа жаным, шықпаның күнін керері анық. Қызметкерлер еңбекақыға жарымайды, ал авторлар қаламақыны тек түсінде ғана көретін болады».

Жазушылар соғысынан аман-сау шыққан талдықорғандық бір топ қаламгер, ішінде «басқа елдің адамы», жазушылар шайқасының құрбаны мен де бармын, жүз грамдатып, пәлсапа соғып, көңілімізді бір демдеп алдық та, алда әлі біраз жол бар, машинаға отырдық.

P.S. Арада қанша уақыт өтсе де, содан бері, мені өздерінің арам ісіне пайдаланған «күрескерлер», ағадан ұят болды-ау, құрбандыққа шалып босқа арандатып алдық, ең болмаса халін білейікші, көңілі құлазып жүрген шығар деп, бір хабарласқан емес. Міне, сондай «бауырлар»...

Күнделіктен. 08.06.2007 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар