Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Пауло Коэльо. Күн жауынгерінің кітабы ...

13.10.2018 4309

Пауло Коэльо. Күн жауынгерінің кітабы

Пауло Коэльо. Күн жауынгерінің кітабы   - adebiportal.kz

Шәкірті ұстазынан биік болмайды,

бірақ ол жетіле келе ұстазындай болады.

Лк VI:40

- Ауылдың шығыс жағына қарай жүрсең теңіз жағасында қоңырауға толы алып шіркеуді көресің, - деп үн қатты бейтаныс әйел.

Әйелдің басындағы жамылғысы, үстіндегі киімі ғажап еді, бала бұны мүлт жібермеді, ол бұрын мұндай керемет сұлулықты көрген емес.

- Көріп тұрсың ба? Сен сол жерге бар, көргендеріңді кейін маған айтып келесің, - деп жалғады әйел.

Бала әйелдің керемет көркіне таң қалады, айтқанына көніп, көрсеткен жеріне барады. Құм жағалау үстіне жайғасып, әдетіндей көк аспанды, көк теңізді көреді.

Көңілі қалған бала балықшылар ауылына асыға жетіп, ауыл тұрғындарынан алып шіркеу тұрған аралды біле ме екен, шіркеу қайда?- деп сұрайды.

- Ее, ол бұрын, баяғыда, атам заманда болған, - дейді қарт балықшы. Содан кейін жер сілкініп, арал су астына кетті. Шіркеу теңіздің астында қалды, біздер шіркеуді көрмесекте, теңіз тұңғиығынан қоңырау сылдырын кейде естиміз, - дейді.

Бала жағалауға қайтып оралады, қоңырау сылдырын естімекші болады, теңіз жағасында кеш батқанға дейін отырады, теңіз толқынын, шағалар даусын естиді.

Қараңғы батқанда әке- шешесі жағалауға келіп, баланы үйге алып кетеді. Бала ертеңіне ертемен жағалауға қайта келеді, оны сұлу әйел алдады дегенге сенбейді.

Бала сұлу әйелмен кездейсоқ тағы кездесе қалса, ол аралды көрмегенін, бірақ теңіз астындағы ағыстар шіркеу қоңырауларын тербеткенін, олардың сылдыры туралы айтқысы келеді.

Осылай бірнеше ай өтеді, бейтаныс сұлу әйел келмейді, бала оны ұмытады, ол су астына кеткен шіркеу байлығын, оның қай жерде жатқанын анықтап, теңіз астынан табуға бел буады.

Осындай күймен жүріп баланың оқуға ынтасы жоғалады, достарымен қатынасы үзіледі. Құрбылары: «Ол – бізбен бірге енді ойнамайды, теңізден шықпайды»,- деп күледі.

Достары теңіз жағасында күнде мұңайып отырған баланы көріп, енді оны жұбата бастайды.

Сонымен бала теңіз астына кеткен қоңырау сылдырын естімеді, бірақ ол басқа нәрсеге үйренеді. Ол толқынның соғысын ести бастады, шағала шыңғырығын, араның ызылын, пальма жапырағының теңселгенін, гуілін тыңдап үйренеді, олар баланың ойын бұрынғыдай бөлмейтін еді.

Бейтаныс әйелмен кездескеннен кейін тағы бір алты ай өтеді, теңіздің айқай- шуы баланы енді мазаламады, ол мұхит астына кеткен шіркеу қоңырауын естімейді.

Балықшылар балаға: «Біз қоңырау сылдырын естігенбіз» дейді. Ал бала қоңырау сылдырын естімейді.

Біраз уақыт өткеннен кейін балықшылар баламен басқаша сөйлесе бастайды: «Сен қоңырау сылдырын естимін деп босқа шашылма, ұмыт, достарыңа қайт. Қоңырау сылдырын балықшылар ғана естиді» дейді.

Бір жылдан кейін бала: «Мүмкін балықшылардың айтқаны дұрыс шығар, өскенде менде балықшы боламын, сонда мынау жағалауға мүлдем келмеймін, жағалау маған ұнамайды» деп бұртиады, ішінен: «Бұл аңыз, су астында қираған қоңыраулар ешқашанда сылдырламайды» дейді. Сол күні үйіне қайтады.

Ол жағалауда отырып мұхитпен қоштасады. Бала көкжиекке көз жібереді, теңіз астынан қоңырау сылдырын естудің қажет еместігін өзін көндіреді, шағалар шыңғырығына, толқын шуына, желдің ысқырығына, пальма гүріліне көңіл аудармастан жүрегі жылуға толады. Алыстан балаға достарының даусы естіледі, ол ертең өзінің балалық дәуреніне қайта оралатынына қуанады.

Ол мына жарық дүниеде өмір сүргеніне тәуба етеді. Ол уақытының босқа кетпегеніне, өзінің табиғатты түсіне бастағанына іштей қуанады.

Бала толқын шуын, шағалар ысқырығын, жапырақ гуілін, алыста ойнап жүрген құрбыларының дауысын анық естиді, сол сәтте бірінші қоңырау сылдыр етеді. Одан кейін тағы бір қоңырау сылдырлайды.

Тағы бір қоңырау, одан соң тағы бір қоңырау сылдыры, тағы бір сылдыр, баланың жаны шаттыққа бөленеді, суға батқан шіркеу қоңырауларының сылдырларын бала анық естиді.

Көп жылдар өткеннен кейін, ол есейгенде өзінің балалық шағы өткен ауыл жағасына келеді. Ол теңіз астына кеткен байлықты көтерем деген райынан қайтады, құлағына естілген шіркеу қоңырау сылдырлары бала кездегі арманы екенін түсінеді. Сөйткенмен ол жағалауды бір аралап, желдің гуілін, шағалар айқайын естігісі келеді.

Ол арал жағалауына келгенде шіркеу қоңыраулары туралы айтқан сулу әйелдің отырғанына таңқалғаны сонша:

- Сіз бұнда не істеп жүрсіз? – деп айқайлап жібереді.

- Сені күтіп отырмын, - деп жауап береді әйел.

Көп жылдар өтсе де әйелдің көркі сол қалпында еді, алғашқы көргендей еді, әйелдің басындағы жамылғысы өңінде, түсінде жоймаған еді.

Әйел оған көкпен қапталған ақ қағаз дәптерді ұсынды.

- Жаз: «Күн жауынгері бала көздеріне мұқият қарайды, оған бала көзінің қарашығынан мұңсыз әлемді көруді бұйыртқан, Күн жауынгері адамның сенімін білгісі келгенде, адамға бала көзімен қарайды».

- «Күн жауынгері» деген кім?

- Өзің білесің, – деп күлімсірейді әйел, - Күн жауынгері өмірдің ғаламат сырына өзі жететін, өмірдің тұңғиығынан қоңырау жаңғырықтарын еститін, өмірінің соңына дейін өзінің сенімі үшін күресетін адам.

Бала ешқашанда өзін жауынгер санаған емес. Ал әйел болса: «Бұл әркімнің қолынан келеді, ешкімде өзін күн жауынгері санамайды, бірақ әркім күн жауынгері бола алады», - дейді.

Ол дәптер бетіне үңілді. Әйел оған күле қарап:

- Күн жауынгері туралы жаз, – дейді.

***

Күн жауынгері ешқашанда жақсылықты ұмытпайды.

Ұрыс алдында аруақтар оған қол ұшын созады, аспан үстіндегі әулиелер оның жеңіске жетуіне жағдай туғызады, барлығы өзінің орнында тұрады.

«Жолы болғыш екен!» - дейді оның жолдастары. Күн жауынгеріне адам құдыретінен жоғары күш берілген. Ол күн шығар алдында тізесімен отырып Құдырет Нұрына алғыс білдіреді.

Күн жауынгері рухымен шектелмейді, ол достарында ұмытпайды, өйткені ол ұрыс алаңында жолдастарымен бірге қан төкті.

Күн жауынгеріне жақсылық туралы айта берудің қажеті жоқ, ол жақсылықты ешқашанда ұмытпайды, ол жеңісін достарымен бөліседі.

***

Барлық жол күн жауынгерінің жүрегіне апарады,өмірге құштар ол құздан жалтақтамай секіреді.

Ол қалағанын таңдайды, ержүрек, артына қарамайды, кейде ақылға салмай шешім қабылдайды.

Ол өмірдің құштарлық дәмін татты. Ол әрбір жеңісіне қуанады, жеңіс - оның өмірі, ол жеңіске жеткендердің жаны шаттыққа бөленетінін біледі.

Күн жауынгері ғасырдан ғасырға ауысатындарды да біледі, олардың бұғауы мықты, уақытта олардың алдында қауқарсыз екенін ұмытпайды.

Күн жауынгері бұрыннан өсиет қалғандарды ажырата алады.

***

Күн жауынгері өзінің күшіне ғана сеніп қоймайды, сондай-ақ қарсыласының күшінде пайдаланады.

Ол көп жылдар дайындалған соң қарсыласына жауап беру үшін айқасқа шығады. Бірақ қарсыласын жеңу үшін шабыты да, өмірлік тәжірибесі де жеткіліксіз екенін түсінеді.Ол айналасына жүрегін айқара ашады, қарсыласының соққысына шыдайды, оның әрбір соққысынан сабақ алады, Құдайдан төзім сұрайды.

«Оның сенімі жалған екен», - дейді серіктестері. – Ол шайқасын тоқтатып, құдайға жалбарына бастайды, қарсыласына керегі де осы еді.

Күн жауынгері мысқыл сөзге керең, ол бұл дүниеде жігерсіз, өмірлік тәжірибесіз оның білгендері бос нәрсе екенін түсінеді.

***

Күн жауынгері ешқашанда зұлымдық жасамайды, бірақ қарсыласын жолынан адастыра алады.

Ол күмәнданса да мақсатына жету үшін өзінің жолынан таймайды, ол солай стратег атанады.

Ол күшінің таусылғанын сезеді, қарсы шығуға асықпайды.

Ол оң қанаттан шабуылға жиналып, әскерін сол қанатқа жетелейді, дереу ұрысқа әзірленіп, бірмезгілде қалғып кетеді.

«Қараңдар, оның жауынгерлік рухы жығылды», - дейді достары. Күн жауынгері ескертулерге құлақ аспайды, айқас алаңында оның айласын түсіну достарына берілмеген.

Күн жауынгері не керегін өзі біледі. Ол өзінің жоспарын біреуге түсіндіруді қажет санамайды.

***

Күн жауынгері ешкімді ақымақ санамайды, кімді болса да үйрету үшін қанша уақыт керек болса да адамды өмірдің өзі үйрететінін біледі.

Күн жауынгері біреуді үйрету үшін өзіндегі бар жақсыны ұсынады, басқалардан да соны күтеді. Кімнің болмасын үйренуге қабылетті екенін адал көңілімен, жомарттығымен білдіреді.

«Адамдар жақсылықты білмейді», - дейді оның ісіне қарсы кейбір серіктері.

Күн жауынгері бұндай сөздерді көңілге алмайды. Ол адамға көмек беруін ешқашанда тоқтатпайды, адамдарды өмірден үйренуге үйретеді, бұл ісінен өзі де қанаттанады.

***

Күн жауынгері махабатсыз өмір сүре алмайды. Құдай адамды қалай жаратқандай: адамды аялауда, адамға жылу сыйлауда оның табиғатында, ол күн батарда өзін бақытты сезінбесе, дұрыс емес деп санайды.

Сол кезде ол айқасын тоқтатады, өмірлік серігін іздеуге кіріседі, ол ешқашанда жалғыз болғысы келмейді.

Серігін табу қиынға соққанда: «Мен біреуге жақындауға неге қорқамын? Мен неге адам жылуын сезбеймін?» деп өзінен сұрайды.

Күн жауынгері жалғыз, бірақ жалғыздықтың оны пайдалануына жол бермейді.

***

Күн жауынгерін толғандырмайтын нәрселер болмайды.

Ол айналаны кең жарық дүние күйінде көреді, оған бәрі таныс, бәрі жақын - ол өзінің түсініктерімен өмір сүреді. Күн жауынгері самал жел жұтып, жер әлемде не болып жатыр екен деп шатыры ішінде тыныш жатпайды, ол қандай болмасын қауіп - қатерді қорықпай қабылдайды, өйткені ол оған өзгеруі үшін керек.

Кейде ол жолынан шатасады, ұзақ адасып жүреді, бірақ алған бетінен қайтпайды.

***

Күн жауынгері әділетсіздікке қарсы.

Ол жер бетінде қанша адам болсын қандай болмасын жалғыздың қайғысы бүкіл әлемге ауыр тиетінін біледі.

Біреудің қайғысын көргенде ол қылышын қынабынан суырады.

Қарсыласына қарсы шығады, бірақ ол ешқашанда жауын кінәләмайды, өйткені Құдайдың алдында әркім өзі жауап беретінін ол біледі.

Мақсатына жеткен күннің өзінде ол жауы туралы жаман сөз айтпайды.

***

Күн жауынгері қорқуды білмейді.

Қашу қорғану жолы екенін білсе де, ол зәре құты қашқанда тұра сала қашпайды. Ол қашқаннан гөрі, жеңілгенді жөн санайды, ол жеңіледі, содан кейін барып ұрыс жарасын емдеуге кіріседі.

Жеңу мүмкін емес болғанда, ол жеңілгенін мойындайды.

***

Күн жауынгері әрқашанда сабырлы.

Уақыт оның еншісінде, ол төзімді, қателікке жол бермейді.

Ол өзінің қадамына сенімді, ешқашанда асықпайды. Ол адамзат тағдыры шешілетін күннің туатынын, сол кезде әлемді өзгерту үшін оның да өзгеруі керегін біледі. Лансыдельвастонның: «Революцияға уақыт керек» деген сөзін ол ішінен қайталайды.

Күн жауынгері піспеген жемісті ешқашанда жұлмайды.

Күн жауынгері мықты болу үшін сынақтан өтуі керек.

***

Күн жауынгері өзінің шешімін ешқашанда өзгертпейді.

Ол ұрысқа кірместен бұрын көп ойланады, өзінің әр қадамын мұқият тексереді.

Егер оның шешімі дұрыс болса, айқас ұзаққа созылса да жеңіске жетеді, ал оның шешімі қате болса, ол жеңіледі, ащы болса да ол жеңілісінен сабақ алады, ол бәрін қайтадан бастауға өзін көндіреді.

Күн жауынгері бастаған ісін аяғына жеткізеді.

***

Әрбір күн жауынгеріне айқас үстінде қорқуға тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне өтірік айтуға тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне ілініп - салынып, әрең жүруге тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне ұсақ-түйекке бола күйінуге тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне күмәндануға тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне парызынан қашуға тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне «жоқ» дегісі келсе де, «иә» деуге тура келді.

Әрбір күн жауынгеріне сүйетін жандарын ренжетуге тура келді.

Сондықтанда ол күн жауынгері атануға қақы бар, ол барлығынан өтті, бірақ өзінің жетілуі үшін үмітін үзген емес.

***

Күн жауынгері есі ауысқан болып көрінеді.

Ол адамдарға дауысын шығарып, бұлқынып сөйлейді. Періштелермен сөйлесудің жақсы түрі деп біреулер оны сендірсе керек, енді міне, ол періштелермен сөйлеуге тәуекел етеді.

Басынан оған ауыр тиеді. Мен оларға не айтамын дейді, ол аузына келгенді сандырақтай береді. Ол жүрегімен осылай күнсайын сөйлесуге өзін көндіреді, ол осылай жүрегімен сырласады.Жүрегімен келіспейтіндерді, ойына келгенді айтады.

Бір күні ол дауысының басқаша шыққанын байқайды.

Ол ақылға келу үшін осылайша өзіне жол ашады.

Күн жауынгері есі ауысқан болып көрінеді, бірақ бұл жалған.

Аударған: Салауат Кәрім


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар