Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қайырбек КЕМЕҢГЕР: ҰЛТШЫЛДЫҚ ҰШҚЫНЫН ШАШЫРАТҚАН .....

20.05.2016 3582

Қайырбек КЕМЕҢГЕР: ҰЛТШЫЛДЫҚ ҰШҚЫНЫН ШАШЫРАТҚАН ...

Қайырбек КЕМЕҢГЕР: ҰЛТШЫЛДЫҚ ҰШҚЫНЫН ШАШЫРАТҚАН ... - adebiportal.kz



ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында қаламгерлік, ғалымдық, қайраткерлік жарқын тұлғасымен жастарға үлгі болған азаматтар көп болды. Оларды екі ғасырдың тоғысында сол заманның өзі өмірге әкелді. Кенесарының көк туы жығылып, Шортанбайша айтқанда, «Зар заманның» қасіретін бастан кешіп, одан кейін Нарманбетше сөйлегенде, «Кер заманның» қайғысын жұтқан қазақ халқы таңдау алдында тұрды. Құлдықтың қамытынан құтыла алмай, туған жер, туған ел деген құндылықтарды ұмытып, ұлт ретінде жойылып кету керек еді. Мағжан ақын: «Елдік, ерлік, бірлік, қайрат, бақ, ардың, Жауыз тағдыр, жойдың бәрін не бардың»,– деп ашынатыны да сол кез еді. 


Сөйтіп, өмірге саяси-әлеуметтік Алаш қозғалысы келді. Сөйтіп, ел тәуелсіздігі, жер азаттығы үшін күрестің жаңа үлгісі пайда болды. Бүгін біз сол бір ұлы жасампаз идея үшін бастарын бәйгеге тіккен Алаш қайраткерлерінің тарихта алар орнын ерекше бағалаймыз. Алаш қозғалысының қатарында болған қайраткерлер сол заманда өздері ұлт жолында құрбан болатындарын сезіп, өр рух пен қайсар мінездің, терең білім мен қайтпас табандылықтың үлгісін танытты. Сол саяси күрес болмағанда, қайтпас қажыр-қайрат орын алмағанда қазіргі қазақ пен бүгінгі Қазақстанның қандай болатынын айту да қиын. Ендеше қазақ халқының байтақ жерін, бай тілін, болмыс-бітімін, салт-дәстүрін сақтап қалған қандай күш десек, алдымен, Алаштың өр рухы екендігін еш ұмытпағанымыз ләзім. 


Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұлғасына әр дәуірде түрлі сипатта бағалар берілді. Ол бағалар әр заманда қоғам идеологиясына сай болды. Кеңестік идеология Әлихан есімін қазақ тарихындағы жағымсыз бейне ретінде көрсеткісі келді. Әлихан негізін қалаған Алаш қозғалысының, Алашорда үкіметінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани, ағартушылық мұраты кеңестік биліктің мақсат-мүддесімен бір болмады. Сондықтан идеологиялық тұрғыдағы қарсыласты, қатыгездікпен болса да, кеңестік жүйе жоюға тырысты. Ақыры қанды репрессия мен ондаған жылдарға созылған қуғын-сүргін, ұрпақ санасынан ел ардақтыларының есімдерін мақсатты түрде аластатуға әрекеттелген жоспарлы жұмыс жүргізілді. Оның зардабы әлі де сезіліп тұр. 


ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Алаш қозғалысына деген қоғам түсінігі өзгере бастады. Сол уақытта бір кезде Әлиханды қаралаған оқығандар енді оны ұлықтай бастады. Абайша айтқанда, «Адамды заман билемек» те шығар. Немесе, Міржақыптың сөзімен сөйлегенде, «Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын сонда қайда едің?» деуге де болады. Алайда оның бәрін біз тағылым алу үшін керек деп жылы жауып қояйық. Осы орайда Әлиханның және оның замандастарының ұлт тарихындағы тиісті бағасын анықтағанда, тағы да Алаш дәуірі қайраткерлерінің пікірлерін темірқазықтай ұстануымыз керек деген ойдамыз.
 

Әлихан тұлғасына оның көзі тірісінде Алаш оқымыстысы Қошке Кемеңгерұлының көзқарасына арнайы тоқталу керек. Біз бүгінде Мағжанның ақындығы дегенде әуелі Жүсіпбектің әйгілі зерттеуін сөз етеміз. Ахметтануда Мұхтар Әуезовтің «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласының орны бір бөлек деп санаймыз. Сол секілді, Әлихан Бөкейханның тарихи тұлғасын бағалағанда, алдымен оның замандастарының, соның ішінде Қошке Кемеңгерұлының да еңбектерін қаперде ұстауымыз керек деген пікірдеміз. 


Бұл күнде Алаш қозғалысы тарихын сөз еткенде оның екі толқыны болғанын көрсетеміз. Алғашқы толқынды 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан кейін өмірге келген ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері құрды. Оның құрамында, негізінен, Ресейдің іргелі оқу орындарында білім алған, орыс арасында жаңаша еуропалық тәрбие көрген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Жақып Ақпайұлы, Отыншы Әлжанұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды қазақ зиялылары болды. Аға буын Алаш қозғалысы өмірге Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін әкелді. Билікке большевиктер келгеннен кейін Алаш көсемдері саяси биліктен ығыстырылып, олардың орнын іні буын Алаш қозғалысының жастары басты. Олар патшалық кезде қалыптаса бастап, «Бірлік» пен «Жас азаматты» тудырды. Кейін «Жастарға жаңа жол» деп өздерінің бағдарламаларын белгіледі. 


Екі толқын Алаш қозғалысын біріктіретін басты екі жағдай бар. Біріншіден, екі толқын да ұлт мүддесін бірінші орынға қойып, не істесе де, не жазса да, ұлттық тұрғыдан бастауға қарекеттенді. Екіншіден, екі толқынның бәрі дерлік жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы кеңестік саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына айналды. Осы орайда Әлихан – аға буын Алаш қозғалысының көсемі болса, Қошке – іні буын Алаш қозғалысының жарқын өкілі деуге негіз бар. 


Қошке Кемеңгерұлының еңбектерінде Әлихан Бөкейхан есімі көп жерде кездеседі. Оларды сараптағанда біз мынадай ой түйеміз. Әлиханның көзі тірісінде оның қазақ тарихындағы әділ тұлғасын Қошке жоғары бағалаған. 


Қошкенің 1924 жылы Мәскеуден «Қазақ тарихынан» атты кітабы жарық көрді. Бұл зерттеуді ғалым Омбыда 1922 жылдың аяғында жазып бітірді. Жинақ Нәзір Төреқұлұлы басқаратын «Күншығыс» баспасынан шықты. Кітап бес бөлімнен тұрады. Оларда қазақ қоғамына қатысты мынадай тақырыптар бар: «Меңгеру жайы», «Рамат жайы», «Әскерлік жайы», «Дін жайы», «Оқу жайы», «Жер жайы», «Ру жайы», «Қарсы қозғалыстар», «Қазақ хандарының мәдени мақсұттары», «Мәденилеу орыс қандай үлгі берді?», «Мінез, құқық жайы», «Ауылшаруашылығының жайы», «Кәсіпшілдік жайы», «Денсаулық жайы».


Жалпы, осы күні Қошкенің «Қазақ тарихынан» атты зерттеуі тарихшылар тарапынан өзінің тиісті бағасын әлі алған жоқ деуге негіз бар. Кітапта аталатын тарихи тұлғаларға берілген баға (Әбілхайыр хан, Кенесары мен Наурызбай, Шоқан, Ыбырай, Абай, Әлихан, т.б. Алаш қайраткерлері), ХVІІІ, ХІХ және ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік жағдай, патшалық Ресейдің отарлау саясатының себебі мен салдары сынды мәселелер біз үшін бүгін өте бағалы деп есептейміз. Мысалы, Қошке Кемеңгерұлы Ресей үкіметі қазақ даласына қарашекпенділердің не мақсатпен қоныстандырғанын осы еңбегінде бүкпесіз ашық айтып кеткен: «Соңғы кезде үкіметтің құшағын ашып, келімсектерге жәрдем көрсетіп, неше жылдай алым-шығынынан азат қылып, қазақ жеріне шегірткедей қаптатуының мәнісі: 1) Ішкі Ресейдегі қарашекпендердің, байлардың жеріне ауыз сала бастауынан. 2) Мал баққан орыс байлары Сібірге келіп орныға бастаған соң, бұларға жұмыскер керек болды. Байдың тілін далада қалдырмайтын үкіметтің, байлардың жұмыскері дегенінен. 3) Шоқындыру мақсұтынан. 4) Келімсек пен қазақты жауластырып, саясатқа қаратпайық дегенінен. 5) Бәрінен де күшті пікір: қазақты жауынгерліктен бездіріп, айдауына жүретін, ұрғанына көнетін халық қылу мақсұтынан» (Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т. – Алматы: Алаш, 2005. 50-б.). 


Қошке кітабында ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ішінде ұлтшылдық негізін салған азаматтарды атағанда, алдымен, Шоқанды, одан кейін Ыбырай Алтынсаринді және жауынгерлік жолмен күресуге шақырған Сұлтанғазы Уәлихановты көрсетеді. «Осы үшеуі ұлтшылдықтың ұшқынын шашыратып, от берді. Ірге қалап, ту көтерді»,– дейді Қошке. Бұлардың сеуіп кеткен ұлтшылдық ұшқынын екі ғасыр тоғысында жаңа буын қазақ оқығандары жандандырды деген ой білдіреді. 1888 жылы Омбыдан шыға бастаған «Дала уалаятының газетін» үкімет не мақсұтпен басқанын анық айтқан қаламгер оның бетінде қазақтан кімдер еңбектерін жариялағанына да тоқталады: «Мұнда қазақтың оқыған азаматтарының бірсыпырасы жазушы болса да, іске татыр маңызды сөздер, әлеумет мәселелері Әлихан Бөкейханов пен Жүсіп Көпеевтің қаламынан-ақ шыққаны көрінеді. Әлиханның бұқараны жақтағандығы, төрелерді шымшығандығы Шоқанның кітабын оқысын, не тыңнан өзі жол салсын – әйтеуір соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Басқалардікі – негізі балдыр-батпақтау, аздап әдебиет бөлімі де болған» (Көрсетілген кітап, 62-б.). Бұл пікір, біріншіден, Әлиханның қаламына берілген жоғары баға болса, екіншіден, сол уақытта қалыптаса бастаған қазақ тілді баспасөзге айтылған әділ сын екендігін мойындаймыз. 


Осылайша, қазақ қоғамында орын алған саяси, әлеуметтік, ағартушылық бағыттағы түрлі елеулі оқиғаларға сипаттама бере келе Қошке Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайланған қазақтар жайлы да айтады. Осы жерде де ғалым Әлиханның орнын басқалардан жоғары бағалағанын көреміз: «Науанның батасымен Қосшығұлдың депутат болғандығы – бұған дәлел. Білімімен жолды алған бір Әлихан болмаса, басқа оқыған азаматтар оқуының арқасында депутат болған жоқ. Нар шөккен аналығымен депутат болысты. Бұл нені көрсетеді? Ол кездегі қалың қазақтың выборлық болған жақсыларының думаны болыс сайлауында ұстағандықты көрсетеді» (Көрсетілген кітап, 62 б.). Яғни, Мемлекеттік Думаға сайлауды қазақтар болыс сайлауы деп түсінді деп сын айтады Қошке. 

Қазақтың оқығандары 1905 жылға дейін түрлі саяси партияларда жүрсе де, өзі кірген партия арқылы қазақ халқын алға сүйреймін деп сенді. Осындай қиын-қыстау заманда қазаққа, алдымен, саяси партия мен әлеуметтің саяси жолын сілтейтін бағдарлама қажет болғандығын көрсетеді Қошке. Үкімет өзі сайлаған Думаны өзінің ырқына көнетіндей етіп қайта жасақтағанын, бұратаналардың құқығы бұзылғандығын, жер мен дін мәселесі ушығып бара жатқандығын көрген қазақ оқығандары саяси күрестің белсенді жолына түседі. Осы жолда басын бәйгеге тігіп, қазақ халқының саяси күресін Әлихан Бөкейхан бастағанын Қошке әділ жазады: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» (Көрсетілген кітап, 63-б.).


Осылайша, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ үшін қадірінің орнын анық байқап, Қошке Кемеңгерұлы 1922 жылдың өзінде-ақ оның тұлғасына әділетті тура бағаны берді. Осы баға Әлихан ақталғаннан кейін жекелеген әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектерінде ғана айтылды. Шындап қарағанда, Қошке сөзінің бізге берер тағылымы зор. Бұл көзқарастың 1924 жылы Одақ кіндігі Мәскеуде жарияланған кітапта басылып шыққандығы – қызықты жайт. Біріншіден, осы секілді пікір көптің көңілінде болса да, дәл сол уақытта оны ашық ешкім жазуға құлықты болмады. Кеңес үкіметі орнаған қоғамда Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлиханның саяси тұлғасына қатысты оқығандар арасында біркелкі пікір болмады. Алаш қозғалысы большевиктердің жауы болғанын жаза бастаған жаңа үкіметтің шолақ белсенділері Әлиханның тарихи еңбегін елемек түгіл, оны ашық қаралауға кірісті. Әлихан өзі Мәскеуде үй қамауда болды. Тарихи-мемуарлық көркем шығармаларда Әлихан тұлғасы жағымсыз образ ретінде сомдалды. 


Қошке ұлт көсемінің ел алдындағы еңбегін әділ бағалай келе, оның орындамаған бір маңызды ісін де атап көрсетеді: «Бірақ Әлиханның қазақ алдында өтемеген борышы: білімімен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп, құрдас болса да, қазақты салмақтаған, келешекке бақыт көрсеткен «пәнді еңбек» істемегені. Жүрегі бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл Әлиханға қара тұрмыстың кіріне былғанып, саясат сандалына түскенше пән жолына түсіп, жоспар көрсету керек еді. Саясаттың бұлтақ, сұлтағы көп, ол алдауды керек қылады. Әлиханда бұл мінез жоқ» (Көрсетілген кітап, 63-б.). Біле-білсек, мұндай сипатта Әлиханға оның көзі тірісінде уәж айтқан жалғыз Қошке болды. Әлиханның білімі Еуропа оқымыстыларымен тең дәрежеде екен, дегенмен, ол өзінің халқына саяси күрестің бағыт-бағдарын сілтейтін пән кітабын жазып қалдырмаған. «Расында Әлихан саяси іске езілген елі үшін амалсыздан кірді. Ұлтын өте сүйген жүрегі, біраз жылдар Әлиханның тума пікіріне қарсы жолдарға да түсірді. Басқа жұрттардың басшылары тырым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел»,– дейді Қошке. 


Алаш көсемінің мінезі, болмысы, білімпаздығы, саяси қайраткерлігі, ұлтын риясыз сүйетіндігі жақсы көрсетілген Қошкенің сөзінен біз мынадай ой түйеміз. Қошкенің көзқарасында Әлихан Бөкейхан:


Ел үшін басын құрбан қылған азамат топтың басы;

Әдеби тілдің тууына себеп болған көсемсөзші;

Елді діни фанатизмге қарсы тәрбиелеген қайраткер;

Білімі Еуропаның таңдаулы оқымыстыларымен тең ғалым;


Жүрегі бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл, саясаттың бұлтақ, сұлтағына бармайтын адал жан.


Қошкенің кі­табы жарық көр­ген «Күншығыс» баспа­сының қызметіне Әлиханның да тартылғанын оның өмір­баянынан білеміз. Яғни, Әлихан баспадан шығатын еңбектерге сараптама жасаған болу керек. Қошкенің аталған еңбегінде Әлиханның ескерту жасаған тұс­тарының болғаны бұ­ған дәлел. Ол ескертулер мә­тін ішінде жақшаға алынып берілген. Ескертулер соңынан Әлихан бірде «Қыр баласы» деп, енді бірде «Қ.Б.» деп қол қойған. Қошкенің еңбегінде қазақты мәдениет қоғамына сүйрейтін шарттарды көрсететін жер бар. Автор қазақтың саяси күреске түскен оқығандарының халыққа пайда әкелмейтін кесел мінездері қайдан шыққандығын кең таратып жазады: «Бақкүндестік, бәсекешілдік, жаяу өсекшілдік, кек алғыштық жүрген жерде қара халықтың қамы қарастырыла ма? Әсіресе терең жардың қабағында тұрған қазақ елі кең жазыққа шыға алар ма? Халық пайдасына деген жеңіл пландар (аурулары былай тұрсын) тұрмыс жүзінде іске асар ма? Жоқ, тіпті жоқ. Сондықтан баққұмарлықты, кек алғыштықты, жаяу өсекшілдікті жоғалтатын саяси-әлеуметтік тәрбиені күшейтуді бірінші жолға қойып отырмын» (Көрсетілген кітап, 76-б.). 


Қошкенің осы пікірінен кейін Әлихан мынадай ескерту жазады: «Исаны есекке мініп Құдысқа алдына алып келгеніне екі мың жылға толып қалды. Сол Иса айтқан: «Жақыныңды сүй». Жақыны – адам баласы. Исаның үмбеті – Еуропа жұртының мінезі қандай? Бұлар қылмаған жамандық бар ма? Иса туғанда мініп жүрген есек білім арқасында автомобиль, аэропланға айырбасталды. Мінез баяғы таз қалпында» (Көрсетілген кітап, 76-б.).


Белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев 1974 жылы жарық көрген «Өткелде» атты тарихи романында ХХ ғасыр басында Омбыдағы қазақ жастарының саяси өмірін суреттейді. Шығарма сюжетінде қалада жұмыс істейтін «Бірлік» ұйымының тіршілігі кең баяндалады. Ұйымның белді мүшелерінің бірі – Көшке есімді кейіпкер. Ол – Алаш партиясын жақтап сөйлейтін, Әлихан Бөкейханды көсем санайтын ұлтшыл ретінде көрсетіледі. Көшкенің өмірдегі прототипі – Қошке Кемеңгерұлы болғаны түсінікті жайт. Омбыға аласапыран жылдары Әлиханның келгені, оны Алашшыл жастар қолдағаны да тарихи шындық. 


«Өткелде» романында Әлихан мен Қошке өмірінен дерек беретін төмендегідей жолдар бар: «Жігіттер,– деді Көшке, – Әлекең ертең осындағы қазақ балаларымен дидарласам ба дейді. Осыған демократияшылдарды шақырамыз ба, жоқ па? – Керегі жоқ, – деді біреу. – Шақыру керек, – деді екінші біреу. Мүмкін Әлекеңнің насихатын естігеннен кейін алып отырған жолдарынан таяр... Әлиханнан кейін Көшкенің өзі сөйлеп, Ленин мен большевик партиясын бей-берекет жамандап шықты да «Бірлік» ұйымының бүгіннен бастап Алаш партиясымен өлсе бір шұңқырдан, шықса, бір төбеден табылатынын айтып ант берді» (Исабеков Қ. «Өткелде». Роман. – Алматы, «Жазушы», 1974. 76, 77, 79-бб.). 


Архив материалдарына қанық, әрі Қошкенің жерлесі, баянауылдық Қалмұқан Исабаевтың шындыққа негізделіп жазылған романына сенуге болады. Қошке Әлихан бастаған Алаш қозғалысының тілеулесі ғана болған жоқ, ол қайраткерлігімен, шығармашылығымен патшалық Ресей кезінде де, Кеңес үкіметі тұсында да ұлтшылдық бағытынан айнымады. 


Алаш қозғалысы дегенде, алдымен, оған негіз болған ХХ ғасыр басындағы қоғамдағы саяси-әлеуметтік оқиғаларды түсінеміз. Қозғалысты бастаған көсемдерді көз алдымызға елестетеміз. Көсемдерді қолдаған зиялыларды, ел серкелерін атаймыз. Одан кейін Алаш қозғалысына қатысы бар азаматтардың тұтастай қуғындалғанын, олардың жетпіс жыл бойы ақталмағанын, әлі де болса ол тұлғаларға әділ тарихи бағасы берілмей жатқандығына кейиміз. Бірақ бұл орайда мына мәселені анықтап алуымыз керек. Басқаны былай қойғанда, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жерінің аумағы, негізгі шекарасын сол Алаш қайраткерлері белгілегенін қайта-қайта еске алуымыз керек. Сондықтан тек сол үшін ғана оларды ұлықтап, істеп кеткен еңбектерін дәріптеуден, насихаттаудан жалықпауымыз керек.


Қайырбек КЕМЕҢГЕР, 

филология ғылымдарының 

кандидаты, доцент


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар