Түркі мемлекеттеріне сапарға шыққанда қырғыздың қазіргі танымал ақыны ретінде Алтынбек Исмаилов есімін жиі естиміз. Жақын күндері, 18-26 маусым аралығында Бішкек қаласындағы Қырғызстан-Түркия Манас университетінде өткен «Жас түркологтарға арналған жазғы мектеп» дәрістерінің үзілісінде күтпеген жерден Алтынбек Исмаиловпен танысу сәті бұйырды. Зерттеулеріміздің бір бөлігі қазіргі қырғыз әдебиетін қамтитындықтан, зерттеудің сұхбат әдісін қолдану мақсатында ақынмен көрші қырғыз елінің бүгінгі әдебиетінің даму үдерісі және А. Исмаилов өзінің шығармашылығы жайында әңгімелестік.
Алтынбек Исмаилов – ақын, аудармашы әрі ғалым. 1982 жылы Ош облысында дүниеге келген. Он бес жылдан бері өзі ұстаздық ететін Манас университетінің Түркология факультетінде бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қырғызстан Ұлттық академиясы Шыңғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының аспирантурасында білім алып, диссертация жазумен айналысып жатыр. Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар одағының мүшесі. Қырым, Түркия, Бакуде өткен «Түркі халықтарының халықаралық поэзия фестивалі», Астана қаласындағы «Шабыт» халықаралық фестивалінің дипломанты және басқа да көптеген шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. «Тас айна» (2008, үш мәрте басылған), «Ағыс түн» (2020) атты өлең кітаптары мен бірқатар ғылыми мақалалары жарық көрген. Өлеңдері әзірбайжан, ағылшын, башқұрт, грузин, қазақ, қытай, түрік, түрікмен, өзбек, орыс тілдеріне аударылған. Сонымен қатар, сопылық әдебиет өкілдері Мәулана Руми мен Юнус Эмре туындыларын, т.б. түрікшеден қырғыз тіліне аударып, кітап етіп жариялаған.
А. Исмаиловтың диссертациялық жұмысы отаншыл ақын, азаматтық лирика өкілі Есенғұл Ибраевтың тәуелсіздік кезеңіндегі қырғыз әдебиетін кеңірек зерттеуге бағытталған. Тақырыбы «Есенғұл Ибраевтың тәуелсіздік кезеңіндегі лирикасының поэтикасы: жанрлық және көркемдік мәселелер» деп аталады.
А. Исмаилов өзінің ғылыми зерттеу нысанына айналған ақын Есенғұл Ибраевтың төмендегі өлеңін жатқа оқыды:
...
Тіршілік сезілмесе,
Тұрмыс өлді деп білем.
Түнде жарқырап көрінбесе,
Жұлдыз өлді деп білем.
Қырғыз тілі сөйленбесе,
Қырғыз өлді деп білем!
- Әдебиет – өмірдің айнасы. Ақын, ғалым ретінде қазіргі өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғамды қалай сипаттар едіңіз...
- Күн сайын, сағат сайын дүние өзгеріп жатыр. Әлемде үдеріс тоқтаған емес. Ірі державалардың мен геосаяси қатынастар әсері қаттырақ байқалып, соғыс жүріп жатыр. Ғылыми табыстар артып, технологиядағы жетістіктер, жасанды интеллект, гаджет түрлері дамып барады. Тикток заманында өмір сүріп жатырмыз. Технологиясыз өмірді елестете алмай қалдық. Әлеуметтік желі түрлері қарқын алғандықтан, әдебиет екінші орынға сырғығаны да белгілі. Халық көбіне көз алдайтын, қысқа өнімдерімен жылдам әсер етіп, баурап алатын әлеуметтік желілерде өмір сүріп жатыр. Осының себебінен кітап оқитын адамды кездестіру де қиын болып барады. Белгілі ақынымыз, марқұм Байдылда Сарногоев: (қырғызша қазаққа түсінікті болғандықтан түпнұсқада беріп отырмыз).
Бир үй көрдүм айылдан,
Бир топ үйдүн алды экен.
Карап эле тургудай,
Кандай уста салды экен?..
Килемге бай, а бирок,
Китеп жактан жарды экен.
Жайпалактап үй ээси
Жай сурашып олтурду.
Кагып-силкет балдарын,
Каалашпайт деп окууну.
Китептери жок болсо,
Килемдерин окуйбу?!
Мұнда ақын Кеңес кезеңінің жылдарын сипаттаған. Сол уақыттың өзінде адамдардың кітап оқуы қиындап кеткен еді. Үйлерде жиһаздар көп болғанымен, кітаптар мен кітап сөрелерін табу сирек кездесетін. Бұл – үлкен трагедия. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл трагедия күшейіп кетті. Тағы бір ақынымыз, балалар ақыны Тоқтосын Сәмединов төмендегідей жырлаған еді:
Айта берсе, арман көп,
Қараңғылық қаптады.
Оқымаған байлар көп,
Бір менюден басқаны.
Қазір елдің көбі бас-қазанды емес, асқазанды ғана ойлайды. Бас-қазанды кітаппен толтыру жағы кейіндеп қалды. Өзім де мынадай өлең жазған едім:
Байқа қырғыз, бір нәрсе басталуда,
Батпақ кешкен қадамдар басталуда.
Қарақұрсақ қампайып тойған менен,
Қорқам-қорқам, жан-дүниең аш қалуда.
Алақұсты атымен атау керек,
Адамсың ба, адам сияқты жасау керек.
Жақсы тұрмыс өздігінен келмейді,
Жан-дүниеге төңкеріс жасау керек.
Қазір дүние өзгерді. Әдебиетке қызығатын, шығармашылыққа жақын, кітап оқитын адам өте аз. Екінші жағынан Кеңес кезеңіндегідей қаламақы үшін жазбай, атақ-даңққа қызықпай, жүрегінен шыққан сөзді жазатын; күйінгенде, сүйінгенде жырлайтын шынайы ақындар да еңбектеніп жатқаны көңіл қуантады.
- Диссертацияңыз да тәуелсіздік кезеңінің әдебиетін зерттеуге бағытталған екен. Бүгінгі қырғыз қоғамының әдебиеттегі көрінісіне қандай баға берер едіңіз? Жалпы авторлар шығармаларында қоғамның шынайы бейнесін көрсете алды ма? Салыстырмалы түрде алғанда қазіргі қырғыз әдебиеті Кеңес кезеңінен қай жағынан ерекшеленеді?
- Кеңес өкіметі өзінің саясатын, идеологиясын жүргізу үшін ақын, жазушылардың басын біріктіруге талпынды, сондықтан Жазушылар одағын құрғаны белгілі. Қаламгерлерге сыйлық беріп, кітаптарын ақысыз шығарып, дүкендерде сатып, авторларды малшылармен кездестіріп, халық пен қаламгерлер арасын жақындастыруға тырысты. Ақын, жазушылар Кеңес идеологиясын таныстыратын жаршы ретінде қолданылды. Ол кезде өкіметке қарсы шыққандарды, идеологияға бас имегендерді қоғамнан шеттетіп, партияға кіргізбей, кітаптарын шығармай, атақ пен сыйлық бермей, қаламақы төлемей, үй-жаймен қамтамасыз етпей жүдеткен еді. Кім де кім Кеңес өкіметін жақтаса, соларды қолдаған және қолданған болатын. Ал 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, он бес республика мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін ақын, жазушылар образды түрде айтқанда емшектен шыққан баланың күйіне түсті. Бұрынғыдай Кеңес өкіметі емізіп келген «сүттен» қағылды немесе енесі өлген қозының кейпін кешті. Екіұдай күйге түсіп, қаламгерлердің біразы бизнеске, журналистикаға ауысты, кейбірі диқаншылықпен де шұғылданды. Жазуды тоқтатқандай болды. Бұл үдеріс 1990-2000 жылдар аралығында өтті деп айтуға болады.
Сол тұста әдебиетте жазбаса тұра алмайтын, жыр тудырмаса өмір сүре алмайтын, өлеңсіз күні өтпеген шынайы жанкүйерлер ғана қалды. Бұларға Кеңес кезеңіндегідей қаламақы төленбеді, кітабын шығарып бермеді, сыйлық берілмеді, үймен қамтамасыз етілмеді, т.б. Әркім өз арығын өзі қазып, бұрынғы ұжымдық сана-сезім жеке-индивидуалды сана-сезімге ауысты. Яғни, ұжымдық көзқарастың орнын жекелік көзқарас алмастырды. Қаламгерлер нарықтық экономикаға бейімделуге мәжбүр болды, кітабын шығару үшін өзі қолдаушы іздеп тауып, сатып, тарату ісімен айналысты.
- Сіздің ойыңызша, қаламгер осындай істермен өзі айналысуы тиіс пе?.. Мысалы, біздің әдеби ортада әдеби агент қажет деп есептейтін пікірлер айтылды. Сонымен қатар, егер мемлекет қолдау көрсететін болса, әдебиет қайта идеологияның құралына айналып кетпей ме?
- Мұның екі жағы бар: біріншіден, идеологияның құралына айналуы мүмкін, екіншіден, жазушыларға стимул болады. Қарапайым адамның қарны тойып, киімі бүтінделгеннен кейін оған рухани азық керек. Рухани азықтың орнын ақын өлеңімен, жазушы прозасымен, аудармашы аудармасымен, драматург драмасымен, әдебиет сыншысы сынымен толтырады. Халықтың көзқарасы мен пікірін, дүниетанымын өзгертеді.
Қазіргі уақытта қаламгерлердің жазу, басу және сату деген үш азабы бар. Кеңес кезеңінде бірінші азапты ғана ақын, жазушы өзі бастан өткізетін. Қалған басу, сату, тарату істерін өкімет атқаратын. Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде мұның бәрін қаламгер өзі атқаруға тиіс болып қалды.
Бұрын Кеңес кезеңінің қолдауын көрген авторларға бұл жағдай қиын болғанымен, әдебиетке шынайы берілгендер ғана қаламына адал болып қалады. Кітап шығару ісі де әрқалай жүзеге асады. Кейбір қаламгерлер жазсақ, артымызда қалған ұрпағымыз басып шығарар деп үміттенеді, басқа бір авторлар баспалармен келісімшарт жасасып, кітаптың көлеміне, санына, автордың танымалдығына қарай қаламақы төленеді. Бұл – шетелден енген жаңа жүйе. Көптеген халықаралық фестивальдерге қатысып, шет елдердің кітап шығару ісімен таныстым. Жылдар бойы баспаларға қаламгерлермен жұмыс істеу жайын айтып келемін. Баспалар кітапты тауар ретінде есептеп, авторға қаламақы төлеп, табысты жұмыс істеуіне болады. Мысалы, екі мың кітап шығарып, мың данасын авторға беріп, мың данасын өздері сатса... Соңғы бес жылда осы жүйеге бізде де орнықты. 2020 жылы бір баспа маған қаласаңыз кітабыңызды шығарайық немесе қаламақы берейік деді. Мен қанша шығарылса, соның жартысын өзім алғым келеді деген тілегімді айттым. Мың дана шығарып, бес жүз данасын өзіме берді. Қалған бес жүзін баспа өзі шығарып, сатып, автормен әртүрлі жүздесулер өткізді. Қазір бізде мынадай дәстүр қалыптасқан: оқырмандар билет сатып алып, ресторанға кітап-тойға барады, сонда өлеңдер оқылады, концерт болады, тілектер айтылады, актерлер ақын өлеңдерін оқиды, кітаптарды сатып алады дегендей. Бұл да жақсы үрдіс.
Әрине, қазіргі әдебиеттің басты артықшылығы – еркіндіктің болуы. Әркім қалай, қандай тақырыпта жазамын десе де өз еркінде.
«Ел шаршады» өлеңімде:
Түркөй жандар ээлеп бийик асканы,
Түртөт ылдый өздөрүнөн башканы.
Чоң байгеге күлүктөрдү жолотпой,
Чобурлардын катуу чыкты таскагы...
Төшөк, курсак, дүнүйөгө кул болгон,
Төбөлдөрдөн элдин баары чарчады! – деп, еркін көзқарасымызды жыр жолдары арқылы білдірген едім. Кеңес кезеңінде бұлай айту мүмкін емес болатын. Кітапты өртеп, өзіңді репрессияға жіберетін. Бүгінгі әдебиеттің артықшылығы осында.
1990-2000 жылдар арасында елдің өмірі, тұрмысы ауыр болғаны белгілі. Сол тұста қырғыз тақырыбы азаматтық лирикада басым жазылды деп айтуға болады. 2000 жылдардан бастап азаматтық лирика философия, махаббат, пейзаждық лирикаға ауыса бастады. Тақырыптар ауысты. Түрік ақындары еркін өлең көп жазады. Түрік, әзірбайжан және қазақ ақындарына қарағанда қырғыз қаламгерлері бірді-екілі болмаса, ақ өлеңді белсенді жазбайды. Көбіне дәстүрлі өлең жүйесімен жазады. Өзім де ұйқастары мен буын өлшемі сақталған дәстүрлі өлең жазамын. Ал алпыс-жетпісінші жылдары қырғыз поэзиясында ақ өлең, еркін өлең жазу сәнге айналған еді. Сүйінбай Ералиев, Майрамхан Абылқасымова, Тұрар Қожамбердиев, Жолан Мамытов, Омар Сұлтанов сынды ақындар еркін өлең стилінде жазды. Мұны оқымандардың кейбірі қабылдап, кейбірі қабылдамады. 20-30 жылдан кейін қырғыз ақындар қайта ақ өлең және еркін өлең жазуды тоқтатты. Себебі біздің халық фольклорға, ұйқасқа жақын. Қазақ халқы да сондай болса керек. Ақ өлең мен еркін өлеңді көп адам түсінбейді, сондықтан оқуға құштар емес. Оқитындар да табылады. Ал түріктер елуінші жылдардан бері еркін өлең мен ақ өлең жазып келеді. Түркі ақындарының тоқсан пайызы еркін өлең жазады деп айтуға болады. Еркін өлең немесе ақ өлең жазатын ақындар жаңашыл қаламгер ретінде қабылданатындай көрінеді, сондықтан жазып-жаза алмайтынына қарамастан қазіргі ақындар аталған түрлермен жазуға тырысады. Өлеңнің мәні оның сыртқы формасында емес, ішкі мазмұнында болады. Ақ өлең де жаңа пайда болған түр емес. Дәстүрлі формамен, дәстүрлі ұйқаспен жаңа ойды жеткізуге болады. Жаңашылдық дегеніміз – басқалар айтпағанды айта алу, әлемнен басқалар көрмегенді көре білу, басқалар жырламағанды жырлау. Ақ өлең немесе еркін өлең жазғанмен, ойларың ескі болса немесе басқаны қайталағаның жаңашылдыққа жатпайды. Қырғыз әдебиетінде көзі өтіп кеткен, талантты Табылды Мұқанов деген ақын еркін өлеңді жақсы жазатын еді. Поэзияда көп эксперимент жасады. Сонымен қатар, Омар Сұлтанов, Сүйінбай Ералиев, Рәміс Рысқұлов, Майрамхан Абылқасымова сынды ақындар еркін өлеңді де, дәстүрлі өлеңді де жазып, поэзияға жаңашылдық әкелді. Тек дәстүрлі өлең жазып та әдеби ой-сананы жаңартқан ақындар кездеседі, кейде синтез жасайды.
- Қазір басқа бағытқа ауыспай тұрып, өзіңіздің шығармашылық лабораторияңызға қатысты бір сауал қойғым келеді. Сөзіңіздің басында он бес жылдан бері Манас университетінде ұстаздықпен айналысатыныңызды және қазіргі уақытта диссертация жазып жатқаныңызды айтып өттіңіз. Өлең жазуға қалай уақыт тауып жатырсыз?
- Уақытты тиімді қолдана білсең бәріне үлгеруге болады. «Еңбекшіл адам мүмкіндік іздейді, жалқау адам сылтау іздейді» деген тәмсіл бар. Бірсыдырғы, ұқсас, қайталана беретін әрекеттерді ұнатпаймын. Сондықтан аудармамен, ұстаздықпен, ғылыммен қатар айналысқанды артық санаймын. Саяхатқа да шығып тұрамын, өлең де жазамын, БАҚ-қа сұхбаттар беріп тұрамын. Осының бәріне уақытты тең бөліп, үлгеруге тырысамын әрі мұндай жұмыстар адамды жан-жақты етіп, дүниетанымды да кеңейтері сөзсіз.
- Сіз ақын әрі ғалымсыз. Зерттеу тақырыптарымыз да жақын келеді екен. Біз Ресей патшалығында және Кеңес одағының қоластында өмір сүрдік. Отаршылдық қандай белгілерін атар едіңіз немесе соның салдары ретінде қандай белгілерін жиі байқайсыз?
- Ата-бабаларымыз Ресей империясында да, Кеңес одағында да өмір сүрді, ал біз тәуелсіздік кезеңіндегі ұрпақпыз. Кеңес кезеңінде әдебиетіміз, тіліміз, тарихымыз барынша бұрмаланды. Мектепте кәсіби қырғыз әдебиеті 1924 жылы «Эркин Тоо» газетіне шыққан Аалы Тоқомбаевтың «Октябрьдің келген кезі» деген өлеңінен бастау алады деп оқытылды. Біздің жазба әдебиетіміз алтыншы ғасырдан – Орхон, Енисей жазбаларынан басталады. Сонда біздің Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштеріміз қайда қалады? Орта ғасырлардағы Ж. Баласағұнның «Құтты білік» және М. Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбектері жазба әдебиетіміздің негізін қалады емес пе?.. Біздің жазуымыз содан басталады. 1911 жылы Молда Қылыштың «Қыс айы зілзала» деген кітабы шыққан. Бұл да қырғыз жазба әдебиетін қалыптастырды. Не үшін 1924 жылдан, Кеңес кезеңінен бастауымыз қажет? Мұның негізінде саясат жатыр. Тарих оқулықтарында патшалықтың қоластына халықтар өз еркімен кірді деп оқытылды. Отаршылдық саясаты бізді мәжбүрлеп кіргізді. Ресей болмағанда бізді Англия қаратып алуы мүмкін екенін де айтуымыз қажет. Оған дейін ағылшындар дүниенің бөліктерін қаратып алған болатын. Орталық Азияға да көз алартқаны белгілі.
- Отаршылдықтан шыққан халықтың сана-сезімі қазіргі қырғыз әдебиетінде көрініс табу мәселесін сөз етсек... Отаршылдық зардабы аз уақыттың ішінде халық психологиясынан, санасынан, менталитетінен толықтай жойылуы мүмкін емес. Біздің замандастарымыз қазіргі қырғыз әдебиетіне кейіпкер ретінде немесе басқаша композициялық бөлік ретінде ене алды ма?
- Қазіргі уақытта жасы алпыстан жоғары адамдармен сөйлескенде солардың кейбірі (көп емес) Кеңес өкіметін, коммунистік идеологияны, Брежнев, Горбочев жүргізген саясатты аңсайтындай көрінеді. Өздері тәуелсіздік кезеңде өмір сүргенімен, сана-сезімі, дүниетанымы, ойлау жүйесі Кеңес кезеңінде қалып кеткен. Өткен кезеңнің «артықшылығын» жиі айтады. Ал жастармен сөйлессеңіз, пікірлері әртүрлі. Кеңестік идеологиямен сусындамағандар мүлде басқаша ойлайды. Қазіргі қоғамымызда әлемнің доминант елдерін қолдаушыларды да табуға болады. Орысшыл, арабшыл, еуропашыл, тәңіршіл, діншіл, aтеист, әсіре ұлтшыл да қоғамнан көп кездеседі. Аралас қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тамағымыз да, технологиямыз да, тіліміз, мәдениетіміз, көзқарасымыз да гибридтеніп кетті. Барлық жерде осындай. Постотаршылдық сана-сезім мен жаһандану әсерлері бір-бірімен мидай араласты. Тәуелсіздік алған жылдары халық не істерін білмей қалды. Жұмыссыз, идеологиясыз қалды. Үлкен вакум пайда болды. Ғаламдасу шағын ұлттарды өзіне сіңіріп, жаңа типтегі адамдарды жаратты. Үлкен қоғам ішінен шағын қоғамдар пайда болды. Дін, тіл, мәдениет технология мен интернеттің дамуы арқасында ірі өзгеріске ұшырады. Ал Кеңес өкіметінде тіл, саясат, білім, идеологиясы арқылы өзінің саясатына бағындырғысы келді. Мәңгүрттендірді.
- Орталық Азияның кітап оқу көрсеткіші де төмен. Осы мәселені арнайы зерттеп көрген едім. Кейбір пікірлерде тойға арналған тілектер интернеттен көп ізделгені де айтылады. Ұлттық ерекшелікті, негізді сақтау үшін не істелуі қажет деп ойлайсыз?
- Себебі тоймен өмір сүріп қалдық. Кеңес өкіметін көп сынаймыз. Оның бір жақсы жағы бар еді. Сол кезеңде идеологияны сіңірудің жолын тапты. Пионер, комсомолдарды тәрбиелеп шығарды. Сол сияқты ұлттық колоритті идеология қазір де қажет. Діни фанатизм мен экстремизмнен, әсіре еуропашылдықтан, орысшылдықтан алыстататын бағдарламалар жасалуы тиіс көрінеді. Ұлттық дәстүрлердің озығын балалардың дүниетанымына мықтап сіңіру қажет.
Кітап оқымаған адамнан көп жақсылық күтпеймін. Мемлекет барлық жағынан күшті болуы керек. Траибализм, коррупция мен жершілдіктен алыс болып, халықтың тілін, тарихын, дінін білу жағын алдыңғы орынға қоюы қажет. Әйтпегенде жаһандану түбімізге жетеді.
- Осындай мәселелер поэзияда жазылды ма? Авторлардың есімдерін атай аласыз ба? Қырғыз тақырыбы поэзияда қалай көрініс тапты?
- 1985 жылы Горбочевтің Қайта құру саясаты жүргізілгенде тоталитарлық режим жұмсарып, қырғыз мәселесі әдебиетте еркін жазыла бастады деп айтуға болады. Осы жылдан бастап біздің ақындарымыз ұлттық тіл, тарих тақырыбын жазды. Алғашқы жандану осы жылдан басталады. 50-60 жылдары жылымық орнағандай көрінгенімен, авторлар ашық жазғаннан қауіптеніп, астармен беруге тырысты. Ш. Айтматовтың «Ақ кеме», «Қиямет» романдарында саяси идея мәтін қабаттарына жасырылып, символдармен жеткізілді. Мәңгүрт ұғымы да термин ретінде енді. 1985-1990 жылдар аралығындағы туындыларда шындықтар жартылай ашық айтылса, 1990 жылдардан бастап астарсыз жазылды. Қазақтың Мұхтар Шаханов, қырғыздың Шайлообек Дуйшеев, Есенгул Ибраев, Анатай Өмүрканов, Тургунбек Бекболотов сынды ақындары азаматтық позициясын өлеңдері арқылы білдірді. Шенеунік, билік, саясатты ашық сынады. Бұлардан кейін қазір орта буынға айналған Жырғалбек Қасаболотов, Зайырбек Ажыматов, Мирлан Самыйкожо, Жазгүл Жамангулова, Нарсұлу Гургубаева, т.б. ақындар тәуелсіздік алған жылдары 20-25 жаста еді. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымдай, қазір азаматтық лириканың орнын философиялық, махаббат, пейзаждық лирика алмастырды. Халықтың жағдайы дұрысталды да, азаматтық лирика аз жазыла бастады. Қазіргі қырғыз әдебиетінің бір бөлігі немесе жанры ретінде Нарсулуу Гургубаева, Нуриза Өмүрбаева және Толукбек Байзак, т.б. мигрант-ақындар поэзиясын атап өтсек болады.
Өзім әдебиетке 2000 жылдары келдім. «Тас айна» деген өлеңім азаматтық лирикаға жатады. Тастан жасалған айнадан сол кездегі Қырғызстанды, қиын өмірді, тұрмысты көрген едім. «Тас айна» деген жыр жинағыма патриоттық өлеңдерім кірген. Кітаптың екінші бөлімінде тәуелсіздік кезеңінің мәселелері қозғалған:
Какшап келем: доо кетип балдарыңа,
Каргыш сөзгө кабылып калбагыла.
Бурмаладык тилди деп кантип айтам,
Бабалардын байыркы арбагына?!
Уу чалканды мойнума артам дагы,
Улутумдун азабын тартам дагы.
Унуттук деп тилимди кантип айтам,
Урпактарга уялбай аркамдагы?!
Тилсиз элдин тукуму курут болгон,
Тилин сактап калган эл улут болгон.
Ата салтын, мурасын унуткандар,
Акыр түбү тирүүлөй дудук болгон!
Кейінірек пейзаждық лирикаға ауыстым. Бес жылдан бері жайлау, ауыл, балалық шақ, т.б. туралы жаза бастадым.
- Әдебиетте «ояну» мотиві қайта көрініс тапқандай екен. Бұл кезең прозада қалай көрінді?
- Тәуелсіздік кезеңде жалаң тарихи проза көп жазылды. Жазушылар ұлттық түптегін, тарихын жазуға бет бұрды. Сонымен қатар, Кеңес кезеңінде жазып қойып, сандықта жатқан шығармалар жарық көріп жатты. Кеңес кезеңінде шығармалары үшін қамалып кетуге шақ қалған Түгөлбай Сыдықбековтің «Көк асаба» романы жарияланды. Романдар тарихи тақырыпқа арналса, повесть, новеллаларда тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер қозғалды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары романдарда көбірек көрініс тапты.
Аалы Токомбаевтың «Қанды жылдар» өлең түріндегі романы шықты. Бұл қырғыздың өлеңмен жазылған тұңғыш романы саналады. Орыстардың қырғыздарды қалай қырғаны туралы баяндалады. Проза мен драматургияда тарихи тақырып көп жазылды.
- Қырғыз әдебиетінде драмалар аз жазылғандай көрінді. Былтыр А. Осмонов атындағы ұлттық кітапханада іздестіру жұмыстарын жүргізгенімде осы үрдісті байқаған сияқтымын. Султан Раевтың драмаларын оқып шықтым.
- Кеңес кезеңінде бірқатар драмалық туындылар жазылды деп айтуға болады. Мәселен, Тоқтоболот Абдумомынов, Бексұлтан Жакиев, Мар Байджиев, Жалил Садыков Бакы Өмірәлиев сынды танымал драматургтердің пьесалары ТМД кеңістігіне шықты. Қазіргі уақытта драмалық туындылар саны аз. Кеңес кезеңінде жарық көрген пьесалар театрларда қойылып жатады және Султан Раев, Кайрат Иманалиев, Бурул Калчабаева, Бактыгүл Чотурова есімдерін қазіргі драматург ретінде атаған жөн.
Шыңғыс Айтматов, Төлөгөн Қасымбеков, Аман Саспаев, Казат Акматов, Султан Раев, Мурза Гапаров, Кеңес Жусупов, Кубатбек Жусубалиев сынды жақсы жазатын прозаиктеріміз белгілі. Тәуелсіздік кезеңінде ақындар алға шықты. Кейінгі орында прозашылар, аудармашылар, драматургтер тұр. Әдеби сыншылар қатары өте аз. Әсіресе, қырық жасқа дейінгі сыншы аз кездеседі. Кеңешбек Асаналиев, Салижан Жигитов, Қамбаралы Бобулов, Кәдірқұл Даутов сынды мықты сыншылардың көзі өтіп кетті. Қазіргі көзі тірі сыншылардың жасы үлкен. Олардың қатарында Османакун Ибраимов, Халык Ибраимов, Абдыганы Эркебаев сынды сыншыларды атауға болады.
- Бір зерттеуші авторлардың шығармашылығына қырық-елу жылдан кейін баға беру керек деген болатын. Мысалы, кейбір авторлар әдебиетке келеді де, екі-үш әңгімесінен кейін көрінбей кетеді. Соған қарағанда, өзіңіз айтқандай, әдебиетте жазуды шын сүйгендер, жазбаса тұра алмайтындар ғана қалатын сияқты.
- Иә, қаламгерлер топ-топ болып әдебиетке келеді де, соның ішінде санаулы ғана қаламгер, сыншылар, аудармашылар қалады. Сонымен қатар, «мен туралы жазбады» деп авторлардың сыншыларға ренжігені дұрыс емес. Кейбір авторлар жақсы шығарма жазбай немесе жаза алмаса да, «мен туралы ештеңе жазбайды» деп сыншыларға реніш білдіреді. Мысалы, Ш. Айтматов, Т. Қасымбеков, С. Раев, М. Әуезов, О. Сүлейменов, М. Шаханов, Ф. Оңғарсынова, Ұ. Есдәулет туралы жиі сын жиі жазылады. Демек, жақсы жазылған шығарма барлық уақытта бағаланады.
- Қазақ ақындары туралы сөз қозғадыңыз. Қазақ поэзиясын оқып тұрасыз ба?
- Оқимын. Қазақ ақын достарым, таныстарым бар. М. Жұмабаев, М. Мақатаев, М. Шаханов, О. Сүлейменов, Ф. Оңғарсынова, Н. Оразалин, А. Бақтыгереева, М. Райымбек, Д. Байтұрсынұлы, Т. Толқынқызы, Б. Қарағызұлы, А. Елгезек, Е. Жүніс, Т. Таңжарық, С. Қамшыгердің кітаптарын оқыдым. Қазақ поэзиясының қырғыз поэзиясынан айырмашылықтары мен ұқсас тұстары кездеседі. Ұқсас жағы: ұйқасқа көп мән беретінінде. Айырмашылығы: қазақ ақындары, әсіресе, жастар бізге қарағанда еркін өлең мен ақ өлеңді көп жазады. Ал қырғыз ақындары бұл түрлерге еркін кіре алмай жатыр. Бірақ қазіргі қырғыз поэзиясында эксперимент жасағандар да кездеседі.
2006 жылы «Шабыт» фестивалінде Т. Толқынқызы, Б. Қарағыз, Е. Жүніс, т.б. ақындармен жақынырақ танысып, достастық. Фестивальге қалыптасқан қазақ ақындары философиялық, махаббат лирикаларын, абстракциялық өлеңдер оқыды. Қырғыз поэзиясында ол кезеңде тіл, отан, жер туралы азаматтық лирика жазатындар қатары көп болды.
Ақындар арасында сөзбен ойнау әдісі жиі кездеседі. Әрине, жүрекпен, сезіммен емес, ақылмен жазатын ақындар да табылады. Поэзияға сезім араласуы қажет. Неге Мұқағали Мақатаевты немесе Байдылда Сарногоевты біз жақсы көреміз?.. Өлеңдері халыққа жақын.
- Поэзия халыққа түсінікті болуы керек пе? Өзіңіз көркем әдебиет ұғымын қалай түсінесіз?
- Көркем әдебиет функциясына біржақты қарамаған дұрыс. Біреуге қарбыз, шабдалы, келесі біріне қауын, өрік ұнайды. Бәрің мынадай жеміс жеуге тиіссіңдер деп айтқым келмейді. Сол сияқты бізге дәстүрлі өлең де, ақ өлең де, еркін өлең де, түсініктісі де, абстракициялысы да, азаматтық, пейзаждық лирика да, т.б. қажет. Мәселе – өлеңді жеткізуде. Онда жаңашылдық бар ма әлде тек қайталады ма – маңыздысы осы. Өзгенің көлеңкесінде қалып кетпеген жөн. Түріктер арасында «өнер өнер үшін бе?» әлде «өнер қоғам үшін бе?» деген пікірталастар кездеседі. Кеңес кезеңінде «өнер қоғам үшін деген» тұжырым маңызды орын алған еді. Ал қазір «өнер өнер үшін» деген қағида басым. Меніңше, екеуі де тең болуы тиіс.
- Соңғы сұрақты қояйын. Сұхбатта мен қамти алмаған немесе өзіңіз айтқыңыз келетін ойыңыз бар ма?
- Менің айтқым келетіні, әдебиетті қандай жолмен насихаттап, елдің сана-сезіміне әдебиет арқылы қалай әсер етуге болады деген мәселелер жайында ойлануымыз қажет. Дамыған технология мен әлеуметтік желілерді әдебиетті дамыту жолына қолдану мен кітап жазу, шығару, насихаттау деген үш мәселені жүзеге асыру жағына баса мән берген жөн. Елдің рухани дүниесін кеңейту өте маңызды саналады. Кітаптарды шағын етіп шығарсақ, оқуға ыңғайлы болады. Ақындардың жеке сайттары ашылса, электронды кітаптар қолжетімді болса, ақындардың аудио өлеңдері жасалып, сайттарға ораластырылса, Tiktok-ке 1-2 минуттық өлеңдерді әуенмен сүйемелдеп, ақынның өзі және актерлер оқып таратса – халыққа әсерлі әрі өтімді болады деп ойлаймын. Жастар арасында бұл үрдіс бар болғанымен, үлкен буын арасында белсенді жүзеге асырылмайды. Әлі де қаламмен жазатын қаламгерлер кездеседі.
Әр оқырман, қаламгер бірінші кезекте өз мәдениетіне, әдебиетіне жанашырлықпен, құрметпен қараса, оқуды өз әдебиетінен бастаса деген тілегімді жеткізгім келеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.