Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚАЛЫҢ ЕЛ АТАЖҰРТТЫҢ МӘҢГІ ИЕСІ!...

21.05.2016 12576

ҚАЛЫҢ ЕЛ АТАЖҰРТТЫҢ МӘҢГІ ИЕСІ!

ҚАЛЫҢ ЕЛ АТАЖҰРТТЫҢ МӘҢГІ ИЕСІ! - adebiportal.kz


(Несіпбек Айтұлының «ЖЕР – ЖАННАН ҚЫМБАТ» протест поэмасы туралы)


Қазақ даласын «ұлттық ақырзаманның елесі кезіп» жалпақ жұрт қамығып, ел өре түрегеле дүрлікті, әдеттегі дағдысымен зиялы қауымының аузына қарады. Осы зиялы қауымынан олар күткен жылы лепесті көзі қарайған билікке «Бұхарлық датпен» айта білген Дулат Исабековтің салиқалы сұхбатынан әм Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының «ЖЕР – ЖАННАН ҚЫМБАТ» протест поэмасынан тапты. Бұл поэма қазақ поэзиясындағы Ақын абыздығының өзіндік бір көрінісі. Әрі Ақын абыздығына құрылған туынды күнде өмірге келе бермейді. Оған тек билік басындағылардың аяр саясаты түрткі болады. Әм оны жазатын жан ұлты үшін басын бәйгеге тіккен алғадай. Мадақ жыры қазақта бұрыннан бар. Бірақ ол кімге арналуы керек. Мәселе сонда. Несіпбек Айтұлының «ЖЕР – ЖАННАН ҚЫМБАТ» протест поэмасы біртуар тұлға Жұмабек Тәшеновке арналған мадақ.



Картасын Қазақстан көрген сайын,

Толғанам Тәшеневті есіме алып…

Күндерге көз жіберсем алыс қалған,

Ақмола әркімдерге қоныс болған.

Тәуелсіз Астанаға таңырқайды,

Кешегі қайран дала жанышталған.

Кезінде селт етпеген мына көпке,

Кеудеңе запыран боп тұнады өкпе.

Даласын кескілетпей қорғап қалған,

Қарыздар бүкіл қазақ Жұмабекке!

Жер үшін ұйқысыз таң атырды елім,

Ұрпаққа үлгі етейік батыр жолын.

Өзі аман алып қалған алты бірдей

Облыста бір аудан жоқ атында оның…

Өткеннің бүгінге де қатысы бар,

Ерлердің елін сүйген аты шығар.

Қасқайып Астананың қақ төрінде,

Тұруға ескерткіші қақысы бар!


Кейбіреулер осы дәстүрлі тақырыпқа жазам деп сыншылар тарапынан қылдан тайды, енді біреулері әдеби оқалы шапан жамылды. Осы орайда Маралтай Ыбыраевты qiyan.kz-те Заңғар КӘРІМХАН бауыры сойып салған мақалада мынандай жолдар бар:


«Маралтай Ыбыраевтың Елбасыға арнаған «Көшбасшы» поэмасы жарық көрген сәтінде-ақ қоғамдық пікірге айналған, онсыз да таусылып бітпейтін әдеби дау-таласқа түскен шығарма болды. «Кие», «Рух», «Тұлға», «Елтаңба», «Әнұран», «Көк байрақ», «Астана», «Ақорда», «Шекара», «Көшбасшы», «Түркінің діңгегі», «Сыртқы саясат», «Атажұрт», «Дін», «Саяси тұрақтылық», «Отандастар», «Қазақстан-2030», «Әлем және Қазақстан», «Елтұтқа», «Тарих таңдауы» деген тарауларға бөлінген шығарманы мақтаушылар да, даттаушылар да табылды».


Ғарифолла Есім Салтанат Жүсіпке берген «Менің датым – сананы тәуелсіз ету...» сұхбатында:


«Сарай ақындары бар. Және олар бола береді. Бұрын да болған, қазірде бар, болашақта да бола береді. Біз саяжайға барып түрлі жеміс-жидектер егеміз. Оларды баптаймыз, өседі. Бірақ, солармен қабаттасып арам шөптерде өзінен-өзі өсіп кетеді. Сол сияқты поэзия болған соң оның ішінде сондай арам шөптер де бола береді. Ақын еместер «ақын» болып аталады. Поэзияға қатысы жоқ адамдар сол поэзияның бір «кемеңгері» болып шығады. Ешқашан да сіздің егіп отырған, нәтижесін алайын деп отырған егініңіздің ішінен арам шөп шықпайды деген сөзді қою керек. Ол міндетті түрде шығады. Ол – шындық, ол – өмір. Сондай жағдай бола тұра қайткен күнде де сол егіннен жақсы өнім алып шығу керек. Билік бар жерде оларға ешнәрсе жасай алмайсың» деген салиқалы ой айтады.


Зиялылар «ұлттық ақырзаман» тақырыбына қатысты қаққа жарылды: Кім – Бұхар, енді кім – Байтоқ (бұл жырау шартты түрде алынып отыр – Ә.Ә.Ә.) екенін ел анық білді.


Алаш классикалық әдебиеті әлемдік мәдениетке отар елдің жерінен айырылуындағы адам мен ел тағдыры тақырыбымен зор үлес қосты. Жыраулар поэзиясы, зар-заман әдебиеті, ХХ ғасыр әдебиеті отарлық қамытын киген дәуірдегі адам тұлғасының, қазақ қоғамының, ұлт тірлігінің барлық проблемасын көтере білді. Барша классиктеріміз отарлаушы ел мен отарланушы елдің арасындағы күрделі түйткілдерді сезініп, әке қаны, ана сүтімен сіңген рухани құндылықтардан ажырамауды өз туындыларында басты орынға қойды.


Хрущев айғай салып стол ұрды,

Есірген зор биіктің шалығынан.

Көрінеу зорлық деген осы, міне,

Тағдырдың не шара бар кесіміне?

Сен кімсің, — деп, ақырды төне түсіп, –

Көнбейтін бас хатшының шешіміне?!

Төбеден төндірсе де қара түнін,

Ер еді тәуекелге баратұғын:

Сен кімсің, – деп, түнерді Жұмабек те, –

Бөліске қазақ жерін салатұғын?

Оянса ел намысы жасын атқан,

Тау бұзар көк өзендей тасып аққан.

Өз жерін өлсе бермес біздің қазақ,

Мың жылғы бабасының басы жатқан!

Баққаны бас хатшының қас-қабағы,

Басқалар тіс жарып сөз бастамады.

Жиналған жұрттың көзі жалтыр баста,

Секілді сары күздің асқабағы.

Жүргізген өз үкімін сан көпіріп,

Хрущев қып-қызыл боп қалды отырып.

Сөз бітті. Кабинеттен шыға берді,

Орнынан отырғандар демде тұрып.

Ағайын қуанса да, жыласа да,

Жүгінбей ақиқатқа ұнаса ма?

«Жұмабек, жүрек жұтқан жан екенсің!»

Деп айтты Дінмұхаммед шыға сала.


Енді әке қаны, ана сүтімен сіңген рухани құндылықтардан ажырамауды басты орынға қоюшылықты жаһандастырумен уланған билік шетке ысыра бастаған дәуірде ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қол жеткізген ұланғайыр жер көзден бұлбұл ұшуға айналған ұлттық ақырзаманға тап келдік. Адам мен мемлекет арасында дәнекер болған қаламгер қауымы қарап қалмай тұщымды да «Жанайқай» туындыларды өмірге әкеліп жатыр. Әліде талай туындылар өмірге келеді, бірақ та көзі қарайған билікке «Бұхарлық датты» Тәшенов тұлғасымен байланыстырып жеріне жеткізе айта білген Несіпбек Айтұлының «ЖЕР – ЖАННАН ҚЫМБАТ» протест поэмасының қазіргі әдеби процестегі орны бөлек. Автор қилы тарихи тұлғаларымыз арқылы тоғыз тараулы поэмада бұрынғы отарлық кездегі жерден айырылуды көкірегі қарыс айырыла отыра былайша береді:


Желкелеп арсыз билік шынжыр балақ,

Алмады жерімізді кім жырмалап.

Өзбек те, түркімен де ауыз салды,

Қойдай ғып қасқыр тартқан шын жұлмалап.

Өз еркің болмаған соң өз басыңда,

Қайнайды ашу-ызаң көз жасыңда.


Автор «жақсылық пен жамандық», «ақиқат пен жалған» әм «адам мен мемлекет» үштағаны ұғым-түсініктерін өрнекті де, философиялық ой толғамдар арқылы Сұлтанмахмұттың «Таныстыру» поэмасының дәстүрімен жер үшін күрескен тарихи тұлғаларды қалам ұшына іліктіріп, қазіргі биліктегілер арасында жер мен елге қатысты берік орыққан пікірге өз уәжін айтады.


Құласа қызметінен күні батып,

Аты өшер талайлардың тірі жатып.

Мәнсаптың құлы болу – зор қасірет,

Ұлтының ұлы болу – ұлы бақыт!

Бірақ, осы уәжді біздің билік басындағылар ұға алды ма?..


Ақын осы поэмасымен ұлты алдындағы өз перзенттік борышын толайым өтей алды. Осындай өз перзенттік борышын толайым өтей алушылардың саны «ұлттық ақырзаман елесіне» (ҮШТҰҒЫРЛЫ ТІЛ МЕН ЖЕРГЕ) қатысты өсе ме, өше ме осы мәселе оқырман қауымды алаңдату үстінде...


Қазіргі әдеби процестегі бір ақиқат. Кім – Бұхар, енді кім – Байтоқ екендігін «ұлттық ақырзаман» тақырыбы айқындап берді. Ал «Байтоқтардың» тізімінде Несекең жоқ. Бұған дейін арқалы ақынды осы тізімге енгізгісі келгендер не дер екен, ә!?


Біз шұбартау қазақтары Несіпбек Айтұлын әдеби абыз ретінде рухани пір тұтамыз. Осы шағын мақаламызда қазақ әдебиетінде өзінің қабырғалы орыны бар қаламгердің жаңа туындысына перзенттік ізгі ниетпен өз ойымызды білдіруді құп көрдік.


Әбіл-Серік Әбілқасымұлы, 

әдебиеттанушы-ғалым


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар