Қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген, қазақ поэзиясына революция жасаған ұлы ақын, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты қабырғалы қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова 23 қаңтарда 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл – қазақ елі үшін орны толмас ауыр қаза.
Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 5 желтоқсанында Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен.
1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген.
1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.
1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 жылғы желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы болып істеген.
1978-1996 жж. - республикалық «lino-Hep» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы.
Шығармашылығы:
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» және т.б. баспалардан жарық көрді.
Бірқатар шетел ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, көптеген драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
1984 жылы «Үйім — менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мәңгілікке ұласқан махаббат жырларымен қоса қазақтың қолқасына у болып тұнып, арқасына аяздай батып, мұз болып қатқан қайғысын қаламының ұшында шер қылып оятты.
«Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» ұжымы еліміздің айбарлы ақынының отбасына, ет жақындарына қайғырып, көңіл айтады.
Не деген ауыр түн еді?!
Не деген ауыр күн еді?!
Қайғы шеккен қазақтың,
Қарс айырылды жүрегі.
Қара түннің көзінен,
Қап-қара болып қан ақты!
Қара аспанның өзінен,
Қап-қара болып таң атты!
Абыздары бүгіліп,
Іштей жанын жылатты.
Батырлары үгіліп,
Көзінен мұң құлатты.
Теріс ашты түндігін,
Қайғы жасын бұлатты.
Барлық ақын бір-бірін,
Көңіл айтып жұбатты.
Жел жылады далада,
Ел жылады қалада.
Қалың қазақ қайғырды,
Хас Ақыннан айырылды.
Фаризадан айырылды!
Күрсінісінен күн сөніп,
Алтын қанаты қайырылды!
Ақиқаттың көзі еді,
Алты алаштың Сөзі еді.
Айбары еді елімнің,
Айбыны еді жерімнің...
Дүниеден көшкені,
Қандай ауыр ақынның.
Көтере алмай басымды,
Қайғы жұтып отырмын...
Бауыржан Қарағызұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.