Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қарғыс алма, алғыс ал!...

01.03.2023 1536

Қарғыс алма, алғыс ал! 14+

Қарғыс алма, алғыс ал! - adebiportal.kz

Әр мерекенің өзіне тән мәні мен мазмұны, сыны мен сипаты болатыны анық. Осы тұрғыдан қарағанда, биыл жетінші рет қарсы алып отырған, 1 наурыз Алғыс айту күнінің де өзіне сай ерекшелігі бар екені сөзсіз. Ұлы гуманистік ұғымға салсақ әр күніміз алғыс айту мен алғыс алудан тұрса керек-ті. «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас», «Қарғыс алма, алғыс ал», - деген бабалар нақылы да осыны меңзейді. «Әр күнің ат басындай алтын екен», - деп Несіпбек ақын жырлағандай, қара жердің бетіндегі әр басқан қадамыңа, әр атқан таң мен әр батқан күнге, бір жұтым ауа мен бір ұрттам суға да алғыс айтпақ ләзім. Таң атса күн бататын, біреуді біреу білмей, біреуді біреу іздемей, сағынбай зуылдап жатқан уақытта, бір-бірімізге мейір мен махаббат сыйлауға негіз болатын бұл күнді жақсы үрдіске айналдыру құптарлық іс. Адамзат баласын бейбітшілікте ұстап, әр ұлт халқын тілсіз жақындастыратын құндылық –  мейір мен махаббат екені әмбеге аян. Ал ол татулықтың тиянағы – алғыс айту. Жақсылығыңды асыру, жыртығыңды жамасу емес пе? Осындай да Мұқағали Мақатаевтың:

Бабаларым,
Рақмет сендерге
Балаларым болмасын деп көр-кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде.
Бабаларым,
Рақмет сендерге!- деген өлең жолдары еріксіз еске оалады.  

1992 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына орай Қазақстан халқы форумы өткен болатын. Осы форумда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы идея ұсынады. Бұл ұсыныс – өзінің ғасырлар бойы аңсаған азаттығына енді ғана ие болып жатқан жас мемлекет Қазақстан үшін ұлтаралық қарым-қатынастағаы тыныштық пен татулықтың ауадай қажеттілігінен туындағаны анық еді. Себебі, рухани, саяси, экономикалық т.б. факторларды айтпағанда, Қазақстандағы демографиялық ахуалдың өзі аса күрделі болатын. Қазақстан халқы ассамблеясы құрылуының алғышарты осылай жасалады да, идея ұсынылғаннан кейін үш жыл өткенде Қазақстан халқы асамблеясы құрылды. ҚР Президентінің Жарлығымен 1995 жылы 1 наурыз күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, бұл туралы ҚР Конституциясына енгізілді. ҚР тұңғыш президенті Алғыс айту күнінің мәнісі, оны атап өту турасында кезінде былай деп көрсеткен екен: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді».

Бұл күнде елімізде тұратын он тоғыз миллионнан астам халықтың отыз пайызға жуығын диаспоралар құрайды. Олардың ата-бабалары тағдырдың талқысына түсіп, қуғын-сүргін мен зобалаң жылдары елімізге қоныс аударған болатын. Сол қоныс аударған әр ұлт халқының ұрпақтары бұл күнде Тәуелсіз Қазақстанда өсіп-өніп, өркенін жайып, бақуатты тіршілік етіп жатыр. Өткен ғасырдың басындағы қызыл коммунистік идеологияның қысымынан көптеген ұлттар саяси сенімсіз деп танылып, зорлықты күшпен жүк вагондарына тиеліп туған ел, туған жерлерінен еріксіз босып кеткені белгілі. Олар ұзақ жолда аштық пен суықты, небір зәбір мен жапаны көре отырып қазақ жеріне табандары тиді. Қазақ даласы алғашында олардың ұсқынсыз түріне үрке қарағанымен, жүре келе өздеріндей құдайдың екі аяқты пендесін екенін біліп, аяп, далаға теппей, бауырларына басты. Қақаған қыс пен аптап ыстыққта арып-ашып ел шетіне іліккен, тілі басқа, түрі басқа, ділі мен діні басқа жұртты бауырмал қазақ халқы кеудесінен итермей, аузындағысын жырып беріп, бастарына пана тауып, баурларына қазан асып, ел қатарлы тіршілік етуіне жәрдемдесті. Қолдарынан келген көмекті аямады. Бұл сол дәуірдің тарихи шындығы. Өз жерінен пана таппай тентіреп келген неше жүз мыңдаған өзге ұлт өкілдері осылайша қазақ жерінде жаңа өмірін бастады.  

Халқымыз «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», - дейді. Сол бір ауыр жылдардың қиындығын, қасіретін бірге көрген адамдардың қатары бүгінде сирей бастады. Дейтұрғанмен, сол тар заманның кесепатын көрген аға буын кеткенімен, көзін көрген, әңгімесін естіген бүгінгі ұрпақ – сол жылдардағы қазақ халқының жақсылығын ұмыта қойған жоқ әрине. Олар өткен ғасырдағы бабаларының қандай тар кезеңнен өткенін, оларға кімдердің қамқор болғанын әрдайым есіне берік сақтайды. Бағалайды. Бұл сөзіміздің дәлелі – бүгінгі күнге дейін өздерінің тарихи отаны Германияға, Грекияға, Израильге, т.б. жаққа көшіп кеткен адамдардың сол жақтан туған елі Қазақстанға деген ыстық сәлемін жолдаған сағынышты бейнежазбалары. Көңіл толқытып, жан тебірентер мұндай бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жиі ұшырасады. Бұл – шын жүректен, шынайы көңілден, жылдар бойы айтылған, айтыла беретін ақжарма тілектер, алғаусыз алғыстар еді. Біз бүгін мерекеге айналдырып, ұлықтап отырған Алғыс айту күнінің түп мәні осында жатыр.  

Қазақстандағы Алғыс айту күнінің мәнісі – негізінде осылай. Ендеше, бұл күні: «Маған қай диаспора өкілі келіп алғыс айтады?» - деп қазақ баласы ешкімді күтіп отырмайды ғой. Алғыс айтып жатса, айтқан адамның кісілігінің, жоғарыда жазылғанындай, ұрпақтық парызын сезінгендіктің белгісі. Алғысты ешкім ешқашан ешкімнен сұрап алмайды. Ондай жағдайда бұл – алғыс емес, жалыныш немесе мәжбүрлеу болып есептеледі. Сондықтан да алғыс – алғыстық жөн-жосынымен болуы тиіс.

1 наурыз – Қазақстандағы диаспора өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні, сондықтан, қазақтар бір-біріне алғыс айтпасын деген шектеу жоқ. Кімге қалай алғаыс айтатыныңызды патша көңіліңіз білсін. Қазақстандағы Алғыс айту күнінің мәні мен маңызы жылдар, дәуірлер алға жылжыған сайын мазмұндана түседі деп білеміз. «Алғыс алған – арымас, қарғыс алған – жарымас». Төрдегі қарттарымыздың берері әрдайым бата, алыс-жуықтағы қаймана жұрттан алатынымыз әрдайым алғыс болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар