Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қос автордың үндестігі...

25.06.2024 419

Қос автордың үндестігі 12+

Қос автордың үндестігі - adebiportal.kz

Қос автордың үндестігі: атмосфера, стиль, деталь.

 

Көркем деталь – шығарманың кейбір жасырын әрекеттерін әшкерелеуге, жұмбағын ашуға тырысады. Бұл орайда, автор мен көркем мәтіннің арасында бейнелі үзік, танымдық дискурс орнайды. 

Егер автор детальдарды дұрыс қолданбаса немесе мән-жайды дөп басып, шығарма идеясын ашпаса, сәйкесінше деталь да «иімейді». Әлбетте, классикалық мәтін жасауға тапқыр ой керек. Ендеше, деталь авторға, автор детальға қызмет етуі тиіс. Сонда ғана бастапқы ой жарқырай түседі. 

Осыдан атмосфера түзу мәселесі алға шығады. Яғни, керекті әрі дәл детальдар – атмосфера сыйлайды. Масса мен индивид, адам мен табиғат, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық категорияларында көркем деталь міндетті түрде рөл ойнайды. 

Деталь – кейіпкерді сипаттайтын сын есім немесе объект ретіндегі зат есім ғана емес, ол – макро және микро кеңістіктегі динамика, яғни етістік те болуы мүмкін. 

1977 жылы Абдолла Қарсақбаев түсірген «Алты жасар Алпамыс» көркем фильмін көрген шығарсыз. Сонда ауыл көріністері, ауыл панорамасы экрандалған. Кейіпкерлері шынайы, қарапайым, ең бастысы көрерменді сендіре алады. Біз айтып отырған көркем детальдің ұлттық үлгісі сол кинода ерекше көп. Негізгі кейіпкер кішкентай Алпамыс болғанымен, оның мінезін ашуға қызмет еткен екінші пландағы барлық декорациялардың, кейіпкерлердің маңызы зор. 

Яғни, фильмнің структурасы бір кейіпкердің дүниетанымымен, көзқарасымен өрбиді. Осы орайда, режиссердің қолтаңбасы мен стилі анық сезіледі. Режиссер детальдарға үңілудің қызық формасын көрсетіп қоймай, мотивті ойнатудың шеберлігін де танытты. Ауылдың көрінісін, ауыл адамдарының характерін суреттеуде А.Қарсақбаевтың бұл туындысы Абайдың «Жаз» өлеңіндегі пейзаж бен портреттік образдарымен үйлеседі. Яғни, екі автор да дала қазағының ішкі жан дүниесіне үңіліп, бір көзқараспен емес, бірнеше ракурстан қарайды. Бізді осындай қылдай жіңішке, көпшілікке елене бермейтін, бірақ философиялық һәм психологиялық астары көп символдық бейнелер қызықтырады. 

Қос автордың да нысаны (объектісі) – жаз. Шығарма фабуласы жазды күнгі жаймашуақ сәттердің қарапайым элементтері. Шығармаға тұздық болар бірнеше деталь бар. Мұнар ата да, Абай да ауылды төбеден бақылайды. Төмендегі көрініске төбеден баға береді. Бұл сөз пафосты естілуі мүмкін, бірақ лирикалық «менді» ашу үшін мұндай ізденістер ауадай қажет. 

Бірінші эпизод. Детальдар: ауыл, жаз, тау, дала… Мұнар ата мен Алпамыстың фильмдегі алғашқы диалогы былайша өрбиді:

– Мұнар ата, үйіңіздің қабырғасы неғып жарылған?

– Түнде байқамай иығым қағып кетті.

– Не деген күштісіз! Ана еменді де қағып кеттіңіз бе?

– А-а, ол баяғы да ғой...

– Туу, күшті екенсіз ғой, Мұнар ата. Сіз де мектепте оқыдыңыз ба?

– Е-е, менің мектебім – тау мен дала. 

Диалогке назар салсақ, екі кейіпкер де бір-бірін жықпайды, керісінше бір-бірін қолпаштап, адамгершілік, моральдік тұрғыда қоштайды. Мұнар ата қаншалықты зерек болса да, бала әлеміне, бала деңгейіне түсіп, иіле сөйлейді. «Өзім білемге» салып, алқынып, асқақтап тұрған жоқ. «Түнде байқамай иығым қағып кетті» деген сөйлемі – ұмыт болып бара жатқан аңыз-қиссаларды, ертегілерді еске түсіреді. Мифтік образдан алыптардың іс-әрекеті менмұндалап тұр. 

Мұнар атаның мектебі – «тау мен дала». Шынында да, біз зердені, білімді, парасатты алдымен табиғаттан үйренеміз. Өмір мектебі құндақтан басталады сөйтіп..

Ал Абайдың «Жаз» өлеңі тұмса табиғаттың мөлдір қалпын суреттеуден басталады. Бәйшешек, көкорай шалғын, күркіреп аққан өзен, шұрқырасқан жылқылар, суда шыбындап тұрған жылқы үйірі, жоғары-төмен ұшып жүрген үйрек-қаздар – барлығы да жайдарлы жаз маусымының бейнесін танытады. Көркем мәтінге зер сала отырып, автордың суреткерлік қырын байқаймыз, байқаймыз да, сол әлемге еріксіз енеміз. Өйткені Абай өзінің шынайы сөзімен кез келген оқырманды еліктіре кетеді. Бұл жерде кейіпкердің характерінен гөрі сипаты көбірек айтылады. «Күркіреп», «шыбындап» секілді аз-кем динамиканы қосқан демесеңіз, жалпы мәтін құрылымы тыныштыққа негізделген. Яғни, мамыражай тірліктің сәулелі сәттері өлеңнің бастапқы мағынасын ашып тұр.

«Жаз» өлеңінің басталуы – Мұнар атаның Алпамысқа дала мен тау туралы айтқан философиялық иірімдерімен сабақтас. Мұнар атаның болмысы секілді Абай да бүкіл құндылықты, тәлімді Шыңғыстың таулары мен даласынан алды. Үйренді, жиренді, қайта тұрып, қарсыласты. Біреуден кем, біреуден оза жүріп, «соқтықпалы, соқпақсыз» жердің қиындығы мен қызығын көрді. 

Екінші эпизод. Детальдер: байлаулы ат, ұстахана, бақша, әйелдер... 

Жалпы, туабітті зеректік – негізінен қала қазағы емес, дала қазағында көбірек қалыптасқаны жасырын емес. Сыртқы ишаратқа қарап адамның, я болмаса жануардың, табиғат құбылысының ішкі позициясы мен болмысын бірден тану – «ынталы жүректің» жемісі. Әр нәрсеге мұқият болу арқылы дүниенің ашылмаған жұмбақтарына жақындауға болады. Дала мен тауды айтқаннан кейін Мұнар ата мұның сырын тарқатып, әңгімені өмірлік мысалдармен сабақтайды:

– Дала сізді қалай оқытты?

– Дала маған көруді, естуді, ойлауды түгел оқытты.

– Көруді қалай оқытты?

– Анау төбенің басына шыға ғой. Сосын білесің.

– Кеңсенің алдында бригадирдің аты байлаулы тұр. Дұрыс па? (Алпамыс басын изейді)

– Ұстахананың қасында сенің әкеңнің есегі тұр. Дұрыс па? (Алпамыс басын изейді)

– Енді оңға бұрыл. Табын суға қарай бет алды. Дұрыс па? (Алпамыс басын изейді)

Оразқұл үйінің төбесіне шығып, бақшасын күзетіп отыр. Дұрыс па?

– Дұрыс. Ал естуді қалай оқытты, Мұнар ата? 

– Кәне, тыңдап көрейінші. (Қолын құлағына тосып): А-а, Ырысхан Қалиханға ұрсып жатыр. 

– Рас, ұрсып жатыр, өлең айтып отырған еді. Сосын ұрса бастады.

Бұл үзікте режиссер меңзеп отырған символдық штрих – күнделікті үздіксіз қайталанып отыратын тіршілік. Барлық элементтердің өзіндік «жұмысы» бар. Кейде соны орындау үшін ған өмір сүретіндей. Төбеден барлығын бақылап отыратын Мұнар ата мұны саналы емес, бейсаналы түрде де түсіндіре береді. Өйткені жадтқа қалған ақпарат – келешекте болатын немесе болып жатқан оқиғаны болжауға көмектеседі. 

Аға буын мен бұғанасы қатпаған жас буынның арасындағы шағын сұхбатта әйел психологиясы да назардан тыс қалмаған. Әйел заты – әуелден ерекше жаратылыс. Ол нені жақсы көріп, нені жек көріп тұрғанын, нені қалайтынын немесе нені қаламайтынын тап басып, бірден тану қиынның қиыны. Қырық жанды қызғалдақтардың бойында адам сүйсінерлік мөлдірлік те, адам таңғаларлық жылантекті зұлымдық та жасырынған. Көбісінің мінезі құбылмалы. Бір позициядан екінші позицияға тез ауысқыш. Бірақ егер қандай да бір мақсат қойса, оған қайткенде де жетуге тырысады. Әйел жаратылысын Зигмунд Фрейд жан-жақты зерттегенін білеміз. Тыныш отырып ұрса жөнелетіні, сосын қайтадан тыныштала қалатыны –әйелдің ішкі жан дүниесінің айнасы.

Абай да әйел психологиясына дендеп бара алған ақындардың бірі. Бірақ оның «әйел» образдары – «Жаз» өлеңінде әсем, көрікті, сыпайы, анағұрлым ашық, өзі сипаттап отырған жаз мезгілімен үйлесімді жандар. Жырда: «Қыз-келіншек үй тігер, / Бұрала басып былқылдап, / Ақ білегін сыбанып, / Әзілдесіп сыңқылдап. / Мал ішінен айналып, / Көңілі жақсы жайланып...» деп суреттеген. Қыз-келіншектің «бұрала» басқан әрбір қадамы басқаларды өзіне назар аудартады. Ал, назар аударту – әйел характерінің тағы бір айшықты феномені. «Бұрала басқаны», «ақ білегін сыбанғаны», «әзілдескені» екінші тарапты өзіне тартады. Көзқарастардың түйісуінен көңілде қатталып қалған қалың ой аршылып, жаңа кеңістік, яғни махаббат кеңістігі орнайды. 

«Кеңсенің алдында бригадирдің аты байлаулы тұр», «Ұстахананың қасында сенің әкеңнің есегі тұр», «Табын суға қарай бет алды», «Оразқұл үйінің төбесіне шығып, бақшасын күзетіп отыр». Мәтін – көркем. Десек те, негізгі идея – зат есімдерде емес, зат есімдерге сипат беріп тұрған етістіктерде. Қимыл ғана образдың шынайы бейнесін аша алады. Бір кейіпкер қозғалса, оның айналасындағы барлық детальдар қозғалуы керек.

Абай, осылайша, бірнеше кеңістіктің «кілтін» ашып отыр: 

1) Табиғат кеңістігі; 

2) Әйел кеңістігі; 

3) Бай мен кедейдің кеңістігі; 

4) Қарт адам мен жас адамның кеңістігі. 

Кеңістік пен уақытты қиыстыра отырып, ол дүниеге деген көзқарасын көрсетеді. Өмірдегі кеңістікке жұтылмайды, керісінше өзі жаңа бір кеңістік жасап, соның хронотоптық жүйесін поэтикалық тілмен жасайды. 

Кванттық физика мен поэзияны байланыстырытын да – кеңістік пен уақыт. Кеңістікті танымай тұрып әлемді тану мүмкін емес. Өйткені әлемнің өзі кеңістіктен тұрады. Басқаша айтқанда, әлем – кеңістіктің ішіндегі зат. Мәселен, біз кеңістікті көрмейтін секілді балықтар да теңізде кеңістікті сезбейді. Бірақ олар ғұмыр бойы суда өмір сүреді, көбейеді, өседі. 

Кеңістік дегенде бірінші болып ойымызға алыстағы түпсіз ғарыш елестейтіні шындық. Бірақ кеңістік – барлық жерде бар. Көзге көрінбейтін кішкентай атомның өзінде де кеңістік бар. Егерде атомның ішінен кеңістікті алып тастаса, (айна, ғимарат, көлік т.б.) онда сіздің қолыңызда түйіршіктей тас қана қалады. Бірақ оның салмағы 100-деген тоннаға дейін жетуі мүмкін. Қалғанның барлығы бос кеңістік. 

Ньютон кеңістікті бос сахнаға теңейді. Жерде ғаламның драмасы сахналанып, әлемдегі құбылыстардың барлығы осында ойналады дейді. Бұл сахна – мәңгілік, өзгермейтін және абсалюттік нәрсе. Құбылыс сахнаға, сахна құбылысқа әсер етпейді. Кеңістікті осылайша суреттеу арқылы Ньютон өзінен бұрын ешкім айтпаған ойды ортаға салды. Оның өзгермейтін сахнасы айналамыздағы кез келген затты тануға мүмкіндік берді. Алмағаштан алманың түсуінен бастап, Жердің Күнді айналуына дейінгі заңдылықтар шешімін тапқандай болды. Біз әлі күнге дейін осы теориямен өмір сүріп келеміз. 

– Дала сізге оқуды қалай оқытты?

– Мен бұлтқа қарап оқи аламын. 

Бұлтта жазу бола ма? Сонда не деп жазылған? 

– Онда оқу керек деп жазылған. Дүниенің бір бұрышында құстар өз ұясын салып, балапандарын ұшырып жатыр. Екінші бұрышында қыз сүйген жігітін күтіп отыр, ал біреулер сапар шегіп барады. Оқысаң, соның бәрінің сырын білесің. 

Кезекті диалогтегі айрықша назар аударар элемент – бұлт. Бұл орайда, бұлт – қағаздың символы. Сондықтан да Алпамыс «бұлтта жазу бола ма?..» деп таңданады. Бірінші ракурста: бұлт – жазу қағазы болса, екінші ракурста: бұлт – жазудың өзі. Абайдың шығармашылығында: «Көк ала бұлт сөгіліп, Күн жауады кей шақта» немесе «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» секілді «бұлт» концептісі бірнеше өлеңде кездеседі. Бұлттың түпнегізі – космологиялық құбылыстармен байланысты. Қазақ желдің соғуына, топырақтың бүлкіліне, Айдың тууына, шөптің қозғалысына қарап табиғи ахуалды алдын-ала біліп отырған жұрт. Соның қатарына бұлттың да небір тылсымдары енеді. Көкжиектегі көркем жазудан Құдіреттің «өлеңін» оқуға болады. Бұлт – мәтін структурасын құрушы болғанымен, сөздің ядросы «оқуда», оқи білуде жатыр. Шындық кейіпті ертегілерге сеніп үйренген қоғам өзгеше ойлауға дағдыланбаған. Аңызға иланғыш дерті бар санада бірнеше емес, тек бір ғана принцип бар. Бірақ бұл орайда, қос автор архетиптік мифтерден, әсіре берілгіш канондардан бөлек, табиғи сенімді алға шығарады. Бұлттағы жазу – Тәңірдің барлығының ишарасы. Авторлар осыны оқып, осымен өмір сүргісі келеді. 

Үшінші эпизод. Өлі тыныштық. Еңсені басқан «ауыр» атмосфера. Мұнар атаның қайтыс болуы...

Осындай мезетте Алпамыс азан-қазан, бір-бірімен көрісіп жатқан ағайынға сырттан қарап отырады. Бірақ басында алдында болып жатқан дәстүрлердің себебін толық түсініп, толық сезінген жоқ. Оның бала санасында өмірдің ағы болғанымен, қарасы таңбаланбаған. Нағыз күрсіністің не екенін білмейтін қамкөңіл бала қайда келіп, қайда отырғанын да ерсілі-қарсылы таниды. Іздегені – әкесіндей қамқор болған, жанашыр, ақылшы, арқатірек, қамқоршы ұстазы Мұнар ата еді. Бірақ ол көрінбейді. Мынау бейдауа дүниеде бұрын болмағандай кенеттен жоқ болды. Кешегі оқиғалар – тәтті түс секілді. Ізім-ғайым... Бірер сәттен кейін ертоқым көтерген әжей Алпамыстың қасына келіп: «Айналайын, Алпамыс. Мұнар атаң енді бізге жоқ. Атаңның саған арнаған ертоқымы еді. Мойныма қарыз болмасын, қарағым. Ала ғой», - дейді. 

Ертоқым – аманаттың символы. Аға буын мен кейінгі буынның арасын жалғастырушы алтын көпір, алтын арқау. А.Қарсақбаев бұл эпизодқа ертоқым деталін осындай астармен енгізген секілді. Шын мәнінде, ертоқымда барлық құндылығымыз бар. Басқасын айтпағанда, ертоқым сыйлау – жігіттің ер болғанының белгісі. Осыдан кейін мүлгіген балалықтан майданға толы ересек ғұмырдың табалдырығын аттайды. Мұнар ата қалдырған қазынаны өзінен кейінгі ұрпаққа беру керек. Сонда ғана жинаған білімі, бұлтты оқуы, бөренені бар күшімен аударуы секілді еңбектер ақталады. 

Алпамыс үнсіз.. Ештеңе деместен, ертоқымды иығына асып алады да, Мұнар атаның құлазыған үйінің қасынан өтеді. Көңілінде қаяу бар, ақылшы атасына деген ыстық сағыныш бар. Үй жағына барып, ертоқымға басын сүйеп, аспанға қарап, мұңайып, ойға шомып жатады. 

Мұнар ата – жақсы ақсақалдардың жиынтық (типтік) бейнесі. «Ақсақал» архетипін бір мезет еске түсіретін күрделі кейіпкер. Абай «Жаз» өлеңінде ақсақалды да суреттеп, оның характерін былайша сипаттайды: «Өткен күннің бәрі ұмыт, / Қолдан келер қайрат жоқ, / Бағанағы байғұс шал / Ауылда тұрып күледі, /  Қошемет қылып қарқылдап». Байғұс шал неге күледі? Бұл әрекеттің психологиялық, философиялық қыртысы не? Неге немесе кімге қошемет қылады? Өткен өмірінің жалғандығына ма? Жоқ, әлде төбеден төменгілерге көздеген сын садағы ма? Ауыл тұрғындарына ашуланғаннан ба? Қалай десек те, бұл шумақтан ызалы күлкі сезіледі. Трагикомедиялық спектакль. Бірақ бір ғана айырмашылық бар. Абайдың шығармасындағы шал мен А.Қарсақбаевтың Мұнар атасы – екеуі екі бөлек әлем. Әуелгінің шалы – сыншыл, кейінгісі момындау. Біз екеуін қаншалықты жанастырсақ, соншалықты бір-бірінен алыс екенін байқаймыз. Сондықтан екі әлемнің өздігінше, өз позициясында өмір сүруіне мұрсат беруіміз керек.

Сонымен, қос туындыны талдай келе, Абай мен А.Қарсақбаевтың таным тереңдігін, өнерді түсіну деңгейін, өмірлік тәжірибесін аңғарамыз. Өнердің бастауы – адамды зерттеу болса, бұл екі мысал сол кеңістік пен уақытқа сәл де болса, шам жағып кіреді. Көкейде сұрақ көп, жауап аз. 

Қос автор кейіпкерлері арқылы дүниені төбеден бағдарлап тұрып осындай нәзік элементтерді шашауын шығармай, тап-тұйнақтай қып суреттеп берген. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар