Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

14.09.2022 18729

Қош бол, Коля!..

Қош бол, Коля!.. - adebiportal.kz

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

Қаланың шетінен бой көтерген шағынауданға көшіп келгенімізге бір айдың жүзі болды. Бес қабатты жаңа үйлер, қол созым жердегі балабақша, мектеп, сауда орталығы, ойын алаңдары ерекше көз тартады. Алматыға келген жиырма жылда жиырмадан аса пәтер жалдаған мен үшін ипотекаға болса да жеке үй алу – ештеңемен салыстыруға келмейтін ерекше қуаныш еді. Көшеде келе жатсам да жын қаққандай өзімнен-өзім күлем де жүрем...

         Көп үйлер әлі бос, ел-жұрт жаңадан қоныстанып жатқан уақыт. Тура біздің есікке қарама-қарсы үйге жасы менімен шамалас, мектеп жасында екі баласы бар ерлі-зайыпты көшіп келді. Қазақы тәрбие ғой, қарап отыра алмай жүктерін тасысып, бір ай ерте келіп, жерсініп қалғанымды бұлдап жөн-жосықты айтып жүрмін. Байқаймын, ері мүлде сөйлемей басын шұлғып қана жылы жымия береді. Өзім сияқты тоқтамай сөйлеп жүрген әйелі ғана. Заттардың бәрін кіргізіп, «уһ» деп демімізді алған соң, «Жолдан шаршап, шөлдеп келген боларсыздар. Үйден дәм татыңыздар», –  дедім. Күйеуі бірден қарсы болды. Дегенмен мың болғыр әйелі бір жағыма шығысып, екеулеп жүріп күйеуін көндіріп, бала-шағасымен біздікіне келдік.

         – Жолдасым полицияда істейді. Өзім бұрынғы үйіміз жақтағы мектепте аспаз болғам. Мұнда да мектеп пен балабақша жақын екен. Бұйырса, біреуіне кіріп алармын, –  деді әйелі. – Өздеріңіз қайда істейсіздер?

         – Біз – журналиспіз, телеарнада істейміз, – дедім мен.

         – Мә, журналист десе жыным келеді. Былтыр бір ата-аналар «тамақтарының мерзімі өтіп кеткен» деп арызданып, топырлап журналистер келіп, директорымыздан бастап бәріміздің қанымызды ішкен. Солардың кесірінен жұмыстан шығып қала жаздап, әйтеуір меңгерушіге беретінін беріп жан қалды ғой.

         – Шынымен-ақ мерзімі өткен бе еді? 

         – Е, оны кім қарап жатыр дейсіз? Бәле іздеген біреулер ғой. Әсіресе жас ата-аналар әбден құтырып алған. Тырнақ астынан кір іздейді де жүреді.

         – Біз де екі бала оқытып отырмыз. Әзірге ешкімге өкпеміз жоқ. Бізге де ешкімнің өкпесі жоқ шығар, – деп, сөзге біздің үйдегі кісі араласты. Анда-санда «Рахмет!», «Жақсы», «Аха» дегені болмаса, жаңа көршім әлі үнсіз.

         – Айтпақшы, таныса отырайық, – дедім мен үнсіздікті бұзып. 

         – А, иә, жолдасымның азан шақырып қойған аты – Қали. Өзіміз Коля дейміз. Ал менің атым – Үрбүбі, – деді екеуі үшін әйелі жауап беріп. Біз де өз ныспымызды айтып, есімдер тарихына біраз шолу жасап отырдық.

         Көп ұзамай олар үйіне кетіп, өзіміз ғана қалғанда, «Әйелі заржақ біреу екен. Ал күйеуінің аузынан сөз суырып ала алмайсың. Іштері пыспай екеуі қалай бірге тұрып жатыр екен?» –  деді әйелім.

         –  Оңашада айтар өздерінің ортақ тақырыптары бар шығар...

         – Әй, қайдам. Анау аузын ашқанша қатыны бір кітапты дауыстап оқып тастайды-ау.

         – Бопты. Уақыт көрсетер. Жатайық...

         ...Біз жұмысқа сәл кештеу шығатынбыз. Сыртқы есікті ашқаннан көршімнің есігіне қарадым. Тым-тырыс. «Полиция деді ғой. Олардың жұмысы тым ерте басталады емес пе? Кетіп қалған болар...» Күндегі соқпақпен жұмысқа барып, кештете үйге оралсақ, жаңа көршілеріміз қараңғы түсіп кеткеніне қарамастан ауладағы кермеге кілемдерін жайып қойып, шаңын қағып жатыр екен. Әйелі уыстап алып қар шашады, күйеуі өші кеткендей екілене ұрады. Екеуі де көңілді амандасты.

         – Сәл реттеліп алайық. Біз де сіздерді шақырамыз, – деді әйелі.

         – Аха, –  деді күйеуі.

         – Жоға, еш әуре болмаңыздар, – деді біздің үйдегі кісі.

         – Әуресі несі? Жасымыз да қатар екен. Араласып-құраласып тұрғанға не жетсін? Бұйырса, бізге жақында Атыраудан балық келеді. Оо, ол жақтың балығы деген!.. Журналиссіздер ғой, Атырауда болған шығарсыздар?

         – Мен болғам.

         –  Балығын жеген боларсыз. Сілекейіңіз шұбырады иә?

         – Сіз қазірден-ақ сілекейді шұбыртып жібердіңіз ғой...

         Бәріміз қарқылдап бір күліп алдық. Қарнымның ашып тұрғаны рас еді, «Біз онда ішке кірейік, балалар тосып қалған шығар», –  деп, асыға үйге жылжыдық. Көршілермен осылай ертелі-кеш жолыға қалсақ амандық-саулық сұрасып, кәдімгідей іш тартып, өзімсіне бастадық. Бұл әсіресе ширек ғұмыры біреудің босағасында өткен, ешкімді көршім деп меншіктей алмаған біз үшін ерекше қуаныш еді.

         Олар уәделерінде тұрып, кезекті бір сенбіде бізді қонаққа шақырды. «Біреу-міреу бізден бұрын шақырып қойған жоқ па? Кеше айтуыма да болатын еді, дегенмен өзім тосын сый жасағанды жақсы көрем. Бүгін кешке біздікіне келіңдер», –  деді полицияның әйелі. «Ыңғайсыз емес пе?» – деді менің әйелім. «Несі ыңғайсыз? Біз көшіп келгенде құрақ ұшып қарсы алдыңдар. Көмектестіңдер. Үйлеріңнен дәм таттық. Ендігі кезек біздікі. Қысқасы, алтыдан қалмай келе беріңдер»,  – деді де шығып кетті. Жаңа үйге көшіп келген соң туыс-туған мен дос-жаран шашу шашып, талайдан күткен қуанышымызға ортақтасып, қатарынан екі-үш күн атап өткенбіз. Ал, өзіміз мұнда келгелі өзгенің үйіне «Құтты болсын!» айтып бірінші рет барғалы отырмыз. Кәдімгідей көңіл толқиды екен. «Құрқол барғанымыз–  ұят болады»,  – деді әйелім. Соны өзім де ойлап тұр едім, «Не істейміз?» дедім. «Көзге көрінетіндей бірдеңе алу керек», – деді ол. Сонымен, балаларға тамағын берген соң екеуміз жетектесіп орталық базарға тарттық. 

         Желтоқсанның қысқа күні тез батты. Біз сыйлығымызды көтеріп, көршінің үйіне келдік. Сыртқы есік ашық екен. Іштен танауға қуырылған балықтың тіл үйірер дәмі келеді.

         – Кириниздер, – деді полиция көршім. – Торлетиниздер.

         Сөз бағып қалған жандар емеспіз бе, көршімнің қазақтың төл әріптерін айта алмайтынын байқап қалдым. «Өз арамызда да ондайлар толып жүр ғой. солардың бірі шығар» деп, аса мән бермей төрге оздым. Екі әйел ас үйге кетті де, оңаша қалғанымызда көршім:

         – Сыра, арак, – деді, жылы жымиып. Оның қ әріпін де айта алмайтыны белгілі болды.

         – Атыраудың балығымен сыра дұрыс шығар, – дедім мен. Ол басын ықыластана изеді де, асығыс басып ас үйге кетті. Содан әйелдердің тамағы дайын болғанша тұзы сіңіп сүрленген балықпен бірнеше литр сыраның басын қайырып тастадық. Ол мен таныған сөзге сараң, бас изеп қана қоя салатын, сөйлеу керек болса қысқа қайыратын бейнесінен мүлде өзгерген. Жүзі қызара бөртіп, таза орыс тілінде әңгімені соғып отыр. 

         – Менің орысша сөйлегеніме ренжімеңіз. Өмір бойы солардың арасында өстік. Әке-шешем де қазақша сөйлемеген қалпы өмірден өтті. Орыс балабақшасына бардым, орыс мектебін бітірдім. Жоғары білімді Мәскеуде алдым. Полиция болу бала күнгі арманым еді, міне, аз күнде капитандықты алайын деп отырмын. Өзіңіз жақсы білесіз, біздің салада әлі күнге құжаттың бәрі орысша жүреді. Әр-әр жерде, кей-кейде есеп үшін қазақша сөйлеген болады. Бірақ оның бәрі өтірік...

         – Охо, менің шалым таз қалпына қайта түскен бе? Ау, «қазақша үйренем, сондай орта іздеп жүрмін», – дегенің қайда? – деді, түрлі дәмдеуіштерді көтере кірген әйелі. 

         – Үйренем, рас айтам, үйренем. Біздің көршіміз керемет жігіт екен. Бүгінше осылай жүрекжарды бір әңгімелесуге рұқсат берші.

         – Рұқсатты менен емес, қонағыңнан сұрасаңшы.

         – Конак, ой, коршы, – деді ол маған қарап.

         –  Оу, рұқсат сұрағаны несі? Өзіңе қалай ыңғайлы, солай сөйлей бер. Түсінеміз ғой, – дедім мен. 

         – Міне, – деді ол, қайтадан орысшаға көшіп. – Міне, жігіт! Көрші, рас айтам, менің қазақша үйренгім келеді. Әйелім екеуміз ешкім жоқта қазақша сөйлесеміз. Ал жұмыста, қайынжұртқа барғанда қазақша сөйлесем, бәрі күледі. Сол жағы кішкене ыңғайсыз. Ал ең ыңғайсыз жағдайды айтайын ба? Бір баланы қазақ балабақшасына, бір баланы қазақ мектебіне бердік. Бірақ екеуі де орысша сөйлейді. Айтыңызшы, неге?

         – Үйде орысша сөйлескеннен шығар...

         – Жоқ. Үйде шешесі бәрімізді қазақша сөйлетеді. Білмесеңіз, мен айтайын. Алматыда, Алматыда ғана емес, үлкен қалалардың бәрінде қазақ балабақшасы, қазақ мектебі деген аты ғана. Бәрі үзілісте, көшеде, кейбіреуі үйлерінде де орысша сөйлейді. Осы дұрыс па?

         – Таза қазақша сөйлейтін балабақшалар да, мектептер де бар ғой.

         – Бар ғой. Бірақ өте аз ғой. Келісіңізші.

         – Оныңыз рас...

         – Міне, көрдіңіз бе? Қоғам сондай. Сондай бола тұра мен қазақша сөйлесем мазақтайды. 

         – Орысша сөйлейтіндерге қазақша сөйлейтіндер күліпті, мазақтапты дегенді сізден естіп отырмын. 

         – Ол рас. Күледі. Ал мен тырысып жүрмін. Менің қазақша білмегеніме кім кінәлі? Мысалы, мен кінәлі емеспін. 

         Осы кезде үлкен асты алып, екі әйел де келді. Біздің әңгімеміз аяқсыз қалып, бәрімізге ортақ тақырыпқа көштік. Күндегідей емес, көршім өте еркін отырды. Арасында орысшасын қосып, ойын неғұрлым қазақша жеткізгісі келіп, біз жамырай күлсек, «Көрдіңіз бе, көрші. Міне, сіздер де күліп отырсыздар»,  – деп, саусағын шошайтып қояды. Көршінің үйінен тым кеш, тым көңілді қайттық. Әбден-ақ дайындалған екен, артылып қалған балық пен сырадан «Ертең осыны аңсайсыздар», – деп, мол қылып сарқыт та салып берді.

         Жаңа жылға таяу ауылға кеттік те, көршілермен барыс жылын бірге қарсы ала алмадық. Ол олқылықтың орнын Жаңа жылдың алғашқы сенбісінде біздің үйде толтырдық. Бір-біріне үйреніскен, іш тартып тұратын жағдайға жеткен қос отбасы емен-жарқын отырдық, ән айттық. Екі үйдің төрт баласына тақпақ, өлең айтқыздық. Қысқасы, қаңтардың ұзақ түнін өте көңілді өткіздік.

         Демалысымыз аяқталып, қаңтардың төрті – сейсенбі күні жұмысқа шықтық. Аялдамада ары тұрмыз, бері тұрмыз, бірде-бір қоғамдық көлік келмеді. Ойыма көршімнің: «Ертең жұмысқа бармай-ақ қойғандарың жөн. Жағдай шиеленісіп тұр», –  дегені түсті. Расымен-ақ елдің әр өңірінде қаңтардың басынан бастап түрлі шеру, қарсылық бой көрсетіп жатқан. «Не де болса бара көрейік» деп, такси ұстадық. Өз ойыңмен өзің отырайын десең,  әшейінде такси жүргізушілерінің аузы жабылмаушы еді ғой. Ал мынау межелі жерге жеткенше жұмған аузын ашпады. Жүз жылдық тарихы бар телерадио ғимаратының негізгі есігі тарс жабық. Айналада тырс еткен пенде жоқ. Шынымен-ақ сасайын дедік. Әйнек есікті біраз ұрғылап, одан ештеңе шықпаған соң күзетшілер отыратын терезені қақтым. Арғы жақтан қараған күзетші мені таныды да, иегімен есікті нұсқады. Есік ашылып, ішке кірдік.

         –  Не болып жатыр? – дедім мен.

         – Білмеймін. Әкімшіліктен хабарласып: «Есіктеріңді ешкімге ашпаңдар. Ешкімді кіргізбеңдер. Өз адамдарың келсе, дереу үйлеріне қайтарыңдар», –  деді. 

         – Басшылықтан біреулер бар ма? 

         – Іште бастықтың орынбасары отыр. Бағана администраторларға: «Бәріне ескертіңдер. Ешкім жұмысқа келмесін», – деген. Сіздерге хабарласпады ма?

         – Жоқ, – дедім мен телефонымды тексеріп. – Екеумізге де ешкім хабарласпапты.

         Сонымен үйге қайтуға тура келді. Жер-жердегі жағдайдан интернет арқылы хабардар болып отырсақ та, көзбен көрмеген соң көңіл толық сенбейді екен. «Біраз жер жаяу жүрсек қайтеді?» – дедім әйеліме. Ол да кетары емес екен, келісті. Көшеде адам өте аз. Сапырылысып жататын көлік кептелісі де жоқ. Өзіңнен өзің мазаң кетіп, еріксіз елегізеді екенсің. Республика алаңы жұмыстың жанында еді, оны көлденең кесіп өттік те, ескі алаңды бетке алдық. Әр әр жерде полиция көліктері тұр. 

         – Көршіміз қайда екен бүгін? 

         –  Кезегінде ғой. 

         – Кезегінде екенін мен де білем. Әкімшілікте ме, партия ғимаратында ма деймін?

         – Ол жағын білмедім...

         Көршім бір күн қалалық әкімшілікті, бір күн «Нұр-Отан» партиясының ғимаратын күзететін. Күзеткенде сол, белгілі ғой, ешкімді рұқсат қағазсыз ішке кіргізбей екі полиция есік аузында отырады. 

         Қашанғы жүреміз, ескі алаңды да бір аралап, келесі көшеден такси ұстадық. Міне, бұл нағыз сөзшеңнің өзі екен. «Ойбай-оу, Алтынорда базарына қарай жүру мүмкін емес. Қаптаған халық. Аударылып жатқан көліктер, жанып жатқан көліктер. Қираған қайран дүние. Қолдарына ілінгенін ұстап, бәрі орталыққа қарай шұбап келе жатыр». «Оны қашан көрдіңіз?» «Осы жаңа көрдім. Арасынан зорға шықтым. Жолда біреу жақсы төлеген соң бұл жақты да көре кетейінші деп келгем ғой. Болды, әкесінің, енді аманымда бала-шағама жетіп, тып-тыныш жату керек».

         Үйге келдік. Өрекпіген көңіл басылар емес. Интернет бірде тартса, бірде мүлде тартпай қалады. О бастан теледидар алмаймыз деп келіскен басымыз, үш бөлмелі үйге сыймай аласұрдық та қалдық. Кіші бала сабаққа түстен кейін баратын. Жібермедік. Аулада біраз жүріп, жаураған соң дәлізге кіріп көршінің есігін қағып ем, әйелі бар екен.

         – Жолдасыңыздан хабар бар ма?

         – Бағана бір хабарласқан. «Бүгін келмеуім мүмкін», – деді. – Келмегені несі? Кезегің бітті емес пе? – деп едім, «Күзетті күшейтіп жатыр. Кешке тағы бір хабарын берем», –  деді. Түк түсінсем бұйырмасын.

         – Бүгін әкімшілікте ме еді? Әлде...

         – Иә, әкімшілікте, – деді ол, менің сөзімді аяқтатпай. 

         Уақыт өтер емес. Анда-санда интернет ұстай қалса, «Ана облыста мұнша мың адам алаңға шықты», «Мына облыста көпшілік әкімшілікті қоршап алды» деген сияқты түрлі ақпарат құйылып түседі. Ойды сан-саққа жүгіртумен кеш батты. Ұйқы ұйқы болмай, қайта-қайта оянумен, ояна қалсақ, интернетті аңдумен таң атты. Бұлай жата бергеннен жүйке тозар болған соң әйелімді балалардың жанына тастап қалаға шықтым. Тағы да сол. Қоғамдық көлік деген атымен жоқ. Тоқтатқан екі жеңіл көлігім орталыққа баруға келіспеді. Әйтеуір бір жанкешті табылды-ау, екеуміз интернеттен көргенімізді ортаға салып, ол жолаушылардан естігенін төндіре айтып отырып, ескі алаңға жеттік. Адам қарасы аз екен. Бұрылыстарда тұрған тәртіп сақшыларының жеңіл, ауыр көліктері әлдеқайда көп сияқты. Біз мұнда көп аялдамай орталық алаңға жеттік. Осы жерден көлік жүргізушісімен қош айтысып, алдымен жұмысқа соқтым. Есік тағы да жабық. Баяулап алаңға келіп ем, Тәуелсіздік монументі түбінде бір шоғыр жұртқа әлдекім ұрандата сөз сөйлеп жатыр екен. «Ен байлықтың ортасында қайыршы күй кешіп отырмыз. Бұған тек билік қана кінәлі. Қазіргі билік өзгермей, қазаққа жақсылық жоқ», – дейді ол екіленіп. Сөзінің жаны бар. Отыз жыл бойы,  әсіресе соңғы он, он бес жылда толассыз айтылып келе жатқан, әттең, еш қорытындысыз жауыр болған шындық сөз. Бұл арада бір сағаттай болып, енді қайтам ба дегенде алаңға он шақты жүк көлігі тізіліп келіп тоқтап, ішінен бетін тұмшалаған әсскерилер сауылдап түсе бастады. Мен монумент жанындағы топтан бөлініп үлкен көшеге қарай аяңдадым. Қатты жүрсем немесе жүгірсем тәртіп сақшылары секем алып қалардай. Олар ә дегеннен-ақ бір шоғыр адамды қоршап алып, шетінен автобусқа тоғыта бастады. Ал мені бағанадан  бері қалқа-қалқадан бақылап отырған полициялар тоқтатты.

         – Қайда бара жатсыз?

         – Үйіме...

         – Мұнда неғып жүрсіз?

         – Жұмысқа келгем. Әне, ана телеарнада істеймін. Есік жабық болған соң журналист  ретінде мына жаққа да соға кетейін деп...

         – Құжатыңызды көрсетіңізші.

         – Міне, журналиспін...

         Олар құжатыма кезек қарады да, «Тезірек кетіп қалыңыз. Қазір түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірдеңе бола қалса, сізге мына құжатыңыз да көмектесе алмайды», –  деп, жөніме қоя берді. «Уһ» деп, алғашқы тоқтаған таксимен үйге қайттым. Ең қиыны, көршім бұл күні де үйіне келмеді...

         Шынымды айтайын, екі-үш күннен бері үйден шығудан қалдық. Орталықтан алыс болсақ та ара-арасында атылған оқтың үні, әлдененің жарылған даусы талып болса да естіледі. Түн қараңғысында қала жақтан кәдімгі лаулаған жалын анық көрінеді. Күндіз де әр-әр жерден будақтаған қара түтін көзге бірден түседі. Көршімнің әйелінен мүлде сабыр кетті. Қайта-қайта есік қағады, үйге кіргенімен байыз тауып отыра алмай қайта кетеді. «Телефоны өшіп тұр. Жазған хаттарыма еш жауап жоқ», – деді бір келгенінде. «Жұмысына іздеп барсам ба екен? Мынау сұмдық қой», – деді тағы бірде. Әйелім екеуміз екі жақтап сабасына зорға түсірдік. 

         Ол күткен сұмдық хабар көп ұзамай өзі іздеп келді. Бөлімше командирі хабарласыпты. «Жолдасыңыз мына мекен-жайдағы ауруханаға түсті». Ботадай боздап келген көршімді жалғыз жіберуге дәтім шыдамай, такси жалдап ауруханаға тарттық. Жол-жөнекей қираған, өртенген ғимараттар мен көліктерде есеп жоқ. Есік-терезелері сынған, тоналған сауда орындары қаншама. Ол ол ма, қалалық әкімшілік бар, біздің ғимарат бар, орталық алаңның айналасындағы бірнеше телерадио кешендері де өртеніп, жарамсыз болып қалғанын кеше естігем. Қабылдау бөлмесіндегі дәрігер қыз қолындағы тізімді бір шолып шықты да: «Ол кісі жансақтау бөлімінде жатыр», – деді. Мұны естіген көршім сылқ етіп отыра кетті. Зорға сүйеп, жақын маңдағы орындықтың біріне жайғастырдым да құжатымды көрсетіп жүріп, жансақтау бөліміне кіруге рұқсат алдым. «Ол кісі қаңтардың төртінде түскен. Қазір сәл де болса өзіне өзі келіп қалды. Дегенмен көп отырмаңыз»,  – деді бөлім меңгерушісі. Ол мені бірден танығанын сау көзінің жарқ ете қалғанынан аңғардым. Қол-аяқ, басы, бір көзі түгелдей дәкемен таңылған, шалқасынан жатқан полиция көршім баяу ғана: «Мұның бәріне менің қазақша білмейтінім себеп болды»,  – деді орыс тілінде. 

         – Сенің қазақша білмейтініңнің бұл жерде не қатысы бар? Бұл жалпыхалықтық наразылық емес пе?

         – Иә, наразылық қой. Мен кезегімді өткізіп жатқанда атуға бұйрық берілгенін естідім. Естідім де жанымдағы жігітке: «Мұны халыққа жеткізу керек», –  дедім. Ол қолын бір сілтеді де кетіп қалды. Есік алдына шықсам, алаңда адам өте көп екен. Кімге барам, қайсысына айтам, ол жағын өзім де білмеймін. Әйтеуір соларға қарай жақындап келемін.

         – Үстіңде жұмыс киімің бе?

         – Әрине. Өзің де білесің ғой, үйден сол киіммен кетіп, сол киіммен келетінімді... 

         – Содан?

         – Содан ең алдында топталып тұрған алты-жеті жігітке барып:  «Жігіттер, сендерге қарсы оқ атуға бұйрық берілді. Арандап қалмай тұрғандарыңда тарап кетіңдер», – дедім. «Ол бұйрықты кім берді?» – деді біреуі. «Кім бергенін нақты білмеймін. Кезегімді өткізіп жатып, оқыстан естіп қалдым», – дедім. Осы кезде біреуі: «Бұл ешкіні не үшін тыңдап тұрсыңдар? Біз тып-тыныш тарап кетсін деп, әдейі жіберіп отыр ғой», –  деп, жағамнан ала кетті. Қалғандары да қазақша бірдеңелер айтып, дабырласып жатыр. Тез-тез сөйлеген соң не айтып жатқандарын толық түсінбедім. Боқтап жатқандары анық. Мен де өлердегі сөзімді айтып жатыр едім, «Қазақша сөйле, иттің баласы», – деп біреуі кеудемнен бір ұрды. Оны тағы біреуі тоқтатып: «Біз бейбіт шеруге шықтық. Ал бейбіт шеруге шыққандарға оқ ату  – ақымақтық. Бар, басшыларыңа солай деп айт»,  – деді. Тұра беру қисынсыз болған соң кері бұрылып, әкімшіліктің ғимаратына қарай жүрдім. Ары кетсе, жиырма, отыз қадам аттаған шығармын, у-шу басталды да кетті. Анық білетінім, оң жағымдағы ағаштар арасынан бірнеше жігіт жүгіріп шыққан. Сол сәтте шүйдеме әлдене сарт ете қалды. Міне, есімді осында жидым. Егер қазақша білсем, оларға бәрін түсіндіріп бере алсам, мен де, олар да аман болар еді...

         – Олардың да арасында орысша жақсы білетіндер бар емес пе? Бұл жазым ғой, Коля.

         – Білмеймін. Олар мені өз тілімді білмеген соң ұрғандай...

         – Жоға. Өзің солай ойлап алғансың. Олар қазақша білмейтіндерді ұратын болса, баяғыдан-ақ ұратын еді ғой. Білесің ғой, қазақ ондай жауыз емес.

         – Білем. Білген соң өкініп жатырмын. Бағана келіп-кеткен жігіттерден естідім, жазықсыздан-жазықсыз екі жүзден аса адам оққа ұшыпты...

         Денем түршігіп кетті. Халыққа оқ атыпты, талайын қамап тастапты дегенді әркім-әркімнен естігеніммен сонша адам қырылып қалды деп мүлде ойламаппын. Сонда биліктің бұл наразылықты бейбіт шеше алмағаны ма?..

         Сүйретіліп сыртқа шықтым. Қанша жалынсақ та дәрігерлер әйелінің кіруіне келісім бермеді. Ол ебіл-дебіл жылаған, мен әрі-сәрі күй кешкен қалпымызда үйге келдік. Тамақ ішпек тұрмақ сөйлесуге құлық жоқ, бүк түсіп жаттым да қалдым. 

         ...Арада екі күн өткенде көршім қайтыс болды деген хабар жетті. Мен барғанда сөйлеп жатқан, бар ойын орысша жеткізсе де көзінен жасы тоқтамаған, өзіне-өзі келіп қалған, екі-үш күнде палатаға ауыстырады деген көршімнің жұмбақ өлімі мені тіпті есеңгіретіп кетті. Мені қойшы, желтоқсанның аяғында ғана: «Балабақшаға аспаз болып кірдім. Рахат, таңертең балам екеуміз бірге барып, кешке бірге қайтамыз», – деп сақылдай күліп жүрген көршімнің әйелі үйден шығуды қойды. Есігін қоңыраулатып та, аямай ұрып та көрдік. Еш жауап жоқ. Әлде ауылдарына кетіп қалды ма екен деп жүргенімізде өзі келді. «Көзің ашық қой, жолдасымның өлгені туралы куәлігін алуға көмектес. Соны жасап апарса, зейнетақы қорындағы ақшасын шығарып береді екен». «Ол қазір оңай ғой», –  деп, білгенімді айта бастап ем, «Иә, оның бәрін білем ғой. Бірақ соған аяғым тартпай тұр. Есік алдындағы нотариустан сенімхат жазып берейін. Өзің бірдеңе қылшы», – деді. Жұмысының бәрін тездетіп реттеп беріп ем, «Өзі тірнектеп жүріп алған үйі еді. Ең болмаса, бір жыл да тұрмады. Көзім қиып қалай сатам? Сендерге де бауыр басып қалдым. Жаным аман болса, екеуін осы үйде жеткізермін»,  – деп күрсінді де шығып кетті. Содан бері талай өтсе де біздің үйге келген емес...

Қанағат Әбілқайыр

Көрнекісуретке Сергей Емец картинасы пайдаланылды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар