Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қошке Кемеңгерұлы және химия терминдері...

13.07.2016 6364

Қошке Кемеңгерұлы және химия терминдері

Қошке Кемеңгерұлы және химия терминдері - adebiportal.kz



кошке кеменгеров.jpg

«Қошке Кемеңгерұлы ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ терминологиялық қорының қалыптасуына ат салысқан ғалым. Ол 1913 жылы Омбыдағы ауылшаруашылығы училищесінің ауылшаруашылығы бөліміне түсіп, оны 1918 жылы аяқтаған. Одан кейін 1918 жылы Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институты ветеринария факультетінің медицина бөліміне оқуға түсіп, оны төртінші курсын бітірген соң 1924 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысқан. Ташкентке ауысқанна кейін ол газет-журнал жұмысына араласады, Орта Азия университетінде және Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен сабақ береді. Оның журналист, жазушы ретіндегі қызметі Омбыдағы ауылшаруашылығы училищесіне түскен жылдардағы газет ісіне араласқаннан басталса, тілші ретінде қалыптасу кезеңі Ташкентте басталады. Ғалымның бүгінге дейінгі белгілі еңбектерінің ішіндегі тілге қатыстылары 1928 жылы Ташкентте, 1929 жылы Қызылордада жарық көрген екі кітаптан тұратын – «Жабыропалықтар үшін оқу құралы», Г.Архангельскийдің авторлығымен (Қ.Кемеңгерұлының редакторлығымен), 1927 жылы жарық көрген Қ.Кемеңгерұлының лекциялары негізінде дайындалған «Қазақ тілінің грамматикасы» және 1925 жылы Мәскеуде Қ.Кемеңгерұлының басқаруымен жарияланған – «Орысша-қазақша тілмаш». Сондай-ақ оның мақалалары мен түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінде де тіл мәселелеріне қатысты ойлар мен ұсыныс пікірлер бар» [1, 151 б.]. Сонымен бірге Қ.Кемеңгерұлының еңбектерінің бірі ретінде «Химия» оқулығын сөз еткіміз келеді.


Бұл еңбек 1929 жылы Қызылорда қаласында басылған. Таралымы 4000 дана. 228 бет. Қ.Кемеңгерұлының П.Лебедивтің «Химия» оқулығын аударудағы мақсаты – сол кездегі оқу-білімге құштар қазақ балаларына химия саласына байланысты қазақ тілінде оқулық дайындау еді. Осы оқулықтың құндылығы ретінде еңбектің соңғы жағында кестемен берген 200-ге жуық химия терминдерінің тізбегін көрсетуге болады. Ал оқулық мәтіндерінен қазір қолданылып жүрген немесе қолданыстан шығып қалған химия саласына және басқа да ғылым салаларына байланысты терминдерді көптеп кездестіруге болады.

П.Лебедивтің «Химия» оқулығын аудару арқылы Қ.Кемеңгерұлы сол кездегі тілімізге тансық химия терминдерін жасаған. Ол оқулықтан осы кезге дейін сол қалпында қолданылып жүрген көптеген химия терминдерін кездестіреміз. Мысалы, эквивалент – балау (балама), торф – шымтезек, растворитель – еріткіш, раствор – ерітінді, растворимость – ерігіштік, фарфор – кәрден (қазір кәрлен деп қолданылып жүр), углерод – көміртек, едкий натр – күйдіргіш натыр, мрамор – мәрмәр, нашатырь – мұсатыр (қазір мүсәтір деп қолданылып жүр), кислород – оттек, двуокись – қостотық, смесь – қоспа, бронза – қола, насадка – қондырма, явление – құбылыс, сплав – құйма, кислота – қышқыл, поташ – сақар, сурьма – сүрме, водород – сутек, щелочь – сілті, киноварь – сыр, окись – тотық, окисление – тотығу, восстановление – тотықсыздану, трубка – түтік [2, 218-224 бб.]. Келтірілген осы терминдердің қайсысын Қ.Кемеңгерұлы жасаған, қайсысы бұрыннан келе жатқан сөздер екендігі немесе басқа бір автор жасағандығы тарих еншісінде. Біз ол жайында ештеңе айта алмаймыз. Біздің мақсатымыз – Қ.Кемеңгерұлының пайдаланған (мүмкін жасаған) терминдерінің қазіргі біз қолданылып жүрген терминдермен сәйкестігін ғана көрсетіп беру.

Тағы бір көңіл аударатын мәселе – Қ.Кемеңгерұлы П.Лебедивтің «Химия» оқулығын аударуда қазақ зиялыларының сол кездегі терминге қойылуы тиіс шарттарды қатаң сақтағандығын байқауға болады. Мәселен,

1. Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын [3, 25 б.]. Мысалы, Отношение – ара, кислота –қышқыл, реакция – тектесу, торф – шым тезек т.б.

2. Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түркі халықтарынан ізделсін; басқа түріктер тіліндегі пән сөздер – жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын [3, 25 б.]. Мысалы, Светильный газ – шырақтық ғаз, Воздух (атмосфера) – әуе т.б.

3. Еуропа халықтарының бәрінің де сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын [3, 25 б.]. Мысалы, Газ – ғаз, Азотная кислота – Азот қышқылы, Барий – барый т.б.

4. Қазақтың өз тілінен, басқа тілдерден алынған пән сөздер қазақ тілінің баяндамада бейнелеп көрсетілген заңдарынша өзгертіліп алынсын [3, 25 б.]. Мысалы, Эквивалент- балау (балама), Бактерий – бактерійе, Фосген – пөскен, Бром – бұрoм т.б.

Қ.Кемеңгерұлы жасаған терминдерінің ішінен қазіргі терминжасам тәсілдерінің барлық тәсілдерін кездестіруге болады. Мысалы, терминжасамның синтетикалық (морфологиялық) тәсілі арқылы жасалған терминдер. Бұл терминдер қатарына -лық, -лік (Удельный вес – ауырлық, Сродство (валентность) – іліктік) -ғыш (Горючий – жанғыш), -кіш, -қыш, -гіш (Растворитель – еріткіш, Жом – қысқыш, Холодильник – тоңазытқыш, Держалка – тұтқыш, Катализатор – тектестіргіш), -ме, -ма (Растворимое вещ. – еріме, Насадка – қондырма, Сплав – құйма, Горелка – қыздырма), -тік (Растворимость – ерігіштік), -ік, -ық (Гермучий – күркіреуік, Трубка – түтік, Окись (окисел) – тотық), -қы (Домна – қорытқы, Зажим – қысқы), -па (Смесь – қоспа), -ыс (Соединение – қосылыс, Состав – құралыс, Явление – құбылыс), -гі (Фильтр – сүзгі), -ым (Давление – сығым), -ша (Пластинка – қалақша), -у (Реакция – тектесу) т.б. қосымшалар арқылы жасалған терминдерді жатқызамыз. Сол кезде бастау алған осы қосымшалар әлі де өнімділігін жойған жоқ.

Терминжасамның аналитикалық (синтаксистік) тәсілі арқылы жасалған терминдер: Атомистическая гипотеза – атым қыйсыны гепетез, Реакция нейтрализации – аралық тектесүу, Реакция разложения – айырыла тектесүу, Благодарные металлы – асыл металдар, Перекись – асқын тoтық, Азотная кислота – азoт қышқылы, Полублагородные мет – шала асыл металдар, Закись – шала тoтық, Самоосадочная соль – байланды тұз, Гранит – шұбар тас, кірәнійт, Каменная соль – тау тұз, Светильный газ – шырақтық ғаз, Механичес. смесь – жай қoспа, Торф – шым тезек, Горные породы – жер жыныстары, Металличес. мышьяк – жылтыр мышыйақ (күпіраз), Черенковая сера – жіліншік күкірт, Паяльная трубка – дәнекер түтік, Друммондов свет – дүрмент жарығы, Выпуклая линза – дөңес бійнза, Закон кратных отнош. – еселік заңы, Асбест – тас кендір, Противогаз – ғаз қайтарғыш, Углерод – көмір-тек, Серная кислота – күкірт қышқылы, Сернистая кислота – күкіртті қышқыл, Едкий натр – күйдіргіш натыр, Едкий кали – күйдіргіш келій, Серный цвет – майда күкірт, Основное соедин – негізді қoсылыс, Кислород – oт-тек, Органическое вещ. – өзекті заттар, Не органическое вещ. – өзексіз заттар, Фенол-фталеин. – пенөл-пыталейін, Аморфное вещество – пішінсіз зат, Штатив с лапками – қаптырмалы іштәтіп, Тигель – қазаншып, Взрывчатое вещество – қoпарма зат, Двуокись – қoс тoтық, Реакция соедин – қoсыла тектесүу, Сложное вещество – құранды зат, Постоянство состава (закон) – құралыс тұрақтылығы, Реакция вытесн – құуа тектесүу, Сурик – қызыл жүйрік, Кислая реакция – қышқылдана тектесүу, Кислотный окисел – қышқылдық тoтық, Постоянство веса (закон сохран. веса) – салмақ тұрақтылығы, Весовая часть – салмақтық есе, Самородный мет– сoм (таза) метал, Водород – сұу-тек, Водяная баня – сұулы жылытқыш, Щелочная реакция – сілтілене тектесүу, Основной окисел – сілтілік тoтық, Устойчивое соедин. – тұрлаулы қoсылыс, Неустойчивое соедин. – тұрлаусыз қосылыс, Фурма – үрлеу түтік т.б. Бұл тәсіл арқылы жасалған терминдер негізінен сөз тіркестіру арқылы жаслаған терминдер қатарын құрайды. Бірді-екілі сөздерді қосарлау және біріктіру арқылы жасалған терминдер де байқалады.

Терминжасамның лексика-семантикалық (терминдену) тәсілі арқылы жасалған терминдер: Фарфор – кәрден, Отношение – ара, Гермучий – күркіреуік, Канифоль – шайыр, Перегоной – көң, Колба – қoлбы (күзешік), Галзурь – кіреуке, Окалина – қақ, Сплав – құйма, Кислота – қышқыл, Поташ – сақар, Лента – таспа, Пластинка – қалақша т.б.

Сонымен ойымызды қорыта келгенде Қ.Кемеңгерұлы алғаш химия терминдерін қалыптастырушы.

Қ.Кемеңгерұлының еңбегінің тағы бір астын сызып атап көрсететін ерекшелігі – термин жасау барысында көп варианттылыққа жол бермеуі. Сонымен бірге қазір терминологиялық жұмыстар деп қолданылатын реттеу, нормалау, біріздендіру, жүйелеу қағидаттарын басты назарда ұстағандығын байқауға болады.

Б. Жонкенов,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Терминология бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты

Әдебиет

1. Құрманбайұлы Ш. Алаш және терминтану (ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар). (монография). –Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚҚ, 2008. -240 бет.

2. Лебедив П. Химия жеті жылдық мектептің 5-інші, 6-ыншы жылдарында оқылатын кітап. Аудауршы Кемеңгерұлы. –Қызылорда: Қазақстан баспасы, 1929 ж. -228 бет.

3. Терминология мәселелері. 1-кітап. –Астана: «1С-Сервис»ЖШС, 2006. -288 бет


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар