Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қуаныш Жиенбай. Қасқырбайдың махаббаты (әңгіме)...

26.02.2025 1097

Қуаныш Жиенбай. Қасқырбайдың махаббаты (әңгіме) 14+

Қуаныш Жиенбай.  Қасқырбайдың махаббаты (әңгіме) - adebiportal.kz

   ̶  Рұқсат етсеңіз үйіңізге дейін шығарып салайын, – деді цирктің шыға берісіндегі шынылы есіктің сыртында тұрған жас жігіт. Қыз әлгінің жүзіне таңырқай қарады, ішкі таңданысын да жасыра алмады. Үсті-басына асығыстау көз жүгіртті де, болар-болмас миығынан күлді: – Мәшинеммен жетіп алармын, әуре болмаңыз.

         ̶  Бүгін мәшинесіз келгенсіз.

         ̶  Оны қайдан білесіз, сіз немене, мені сыртымнан аңдып жүремісіз?

         ̶  Аңдымасақ та білеміз, ертеңгілік гаражға баруын бардыңыз. Бірақ ол құрығыр от алмады.

         Қыз «мына біреу қайтеді-ей!» дегендей, әлгі болар-болмас жымиысының өзін артық әрекетке балап, лезде бойын тіктеді де паңдық па, әлде тәкәппарлық дейсіз бе, әйтеуір көрінгеннің алдына құлай кетпейтін таза тектіліктен «қорған» тұрғызып үлгерді. Дегенмен ұзақтыкүн бой жазбай, компьютер алдында сіресіп отыру да кісіні жалықтырады. «Шіркін, осындайда көз таныстарыңның бірі кездесе қалса ғой, ананы-мынаны айтып, күлмейтін нәрсеге күліп, өткен-кеткенді еске түсіріп, бір жасап қалмайсыз ба?» деп армандайтының өтірік пе?! Ал ендеше, сен іздеген «шертарқатар» нақ осының өзі болып жүрмесін. Және сөз сыңайын байқадың ғой, гаражға кірген-шыққаныңа дейін қолмен қойғандай сайрап тұр.

         ̶  Со-л-ай, – деді қыз сәл кібіртіктеп, артынша әрбір сөзін «ондыққа» тигізгендей нығарлап сөйледі: – Сіз шынымен көріпкел екенсіз, енді мынаны айтыңызшы, мені біреу бүгін кешкілік тамаққа – ресторанға шақырған еді. Екі ойлы боп тұрғаным, барғым да келеді, екінші жағынан бекерге уақытым өледі-ау деп те қапаланамын. Одан гөрі тас бүркеніп, ұйықтағанға не жетсін! Сонымен не істегенім дұрыс?

         Жігіт қыздың қолтығына қысқан бір бума қағаз салынған қоңыр папкіні оның келісімін күтпестен қолына алды да, басқыштан оңайырақ түсу үшін шынтағынан демеп жіберді.

         ̶  Сіз өтірік айта алмайсыз, – деді ол манағыдан гөрі батылырақ сөйлеп.

         ̶  О-хо!

         ̶ Оның ешқандай «о-хо-сы» жоқ. Сіздің жан-дүниеңіздің бәрі бет-жүзіңізде жазулы. Біз өмір бойы жануарлармен жұмыс істейміз. Олардың қимыл-әрекетін, көңіл-күйлерін, керек десеңіз, қандай асқа тәбеті шабатындығын, сондайда сенің айтқаныңнан шыға алмай, жалқы сәт мүләйімси қалатын қылығын да, қас-қақпай аңдып жүреміз. Соны орынды пайдаланып, бір мәрте ыңғайға көндіре алғанның өзі – таптырмайтын олжа. Инстинкт, инстинкт дегенің бергі жағы... Маймылдың адамға ұқсайтын қасиеттері жетерлік. Соның бірі – ақылдылығы. Сен тәтті беріп айтқаныма көндірдім-ау деп масаттанасың, бұған келгенде оның да есебі түгел. Адамды алдап соқтым-ау деп, ол да аузы-басын еріксіз қисаңдатады. Соның әсері ме, сәл жеңілтектеніп, тосын мінез танытып қойғандығын өзі де аңғармайды. Аңды қолға үйрету – аса күрделі процесс, бірақ психикасындағы осал тұсты тап бассаң, арғысы көп қиындық тудырмайды. Дрессировщиктерді – мына біздерді біреулер тірі мақұлықтармен тілдесемін деп шектен шыққан, яки аңнан айырмасы шамалылардың тобына жатқызады. Мейлі, оған құлағымыз үйренген. Жел сөздің мамандығымызға келіп-кетері шамалы, айта берсін, ауыз өздерінікі...

         ̶  Сіз тіпті тереңдетіп жібердіңіз ғой.

         ̶  Көп сөйлеп кеттім бе, кешіріңіз. Аңмен адамша тілдесе алмаған соң, ішіміз лезде толады да кетеді. Үндемей жүріп, кейде аты-жөнімізді де ұмытып қаламыз.

         ̶  Менің әлгі сұрағыма жауап бермедіңіз...

         ̶ Иә, айтқандай... – Жігіт құдды цирк аренасында жүргендей, жедел қимылдап, екі-үш қадам ілгері озды да, ізінше кейін шегінді. Сосын сәл үзіліс жасады да, оның осы жерге қандай қажеті барын қайдам, көз ілеспес жылдамдықпен тұрған орынында шыр айналды. Бәлкім, циркте қызмет істейтіндігін дәлелдегісі келген шығар. Көзіне түскен қоңыр шәпкісін кері ысырды.

         ̶  Сізді ешкім де ресторанға шақырған жоқ. Шақырған болса такси ұстап, солай қарай тіке тартқан болар едіңіз. Қазір үйге жеткенше асығып келесіз. Керісінше есеп-қисаппен айналысатын бір құрбыңызды, оның өзге де жұмыстарым бар еді дегеніне қарамай, өлердегі сөзіңізді айтып пәтеріңізге шақырдыңыз. Цирктің кіріс-шығысы, бюджеті, гастрольдік сапары, өзге де қосалқы шаруашылықтарға жұмсалатын қаражаты – өңшең бас айналдыратын құжаттар. Соның бәрі мына папкінің ішінде. Осыларды әлгі «финансистке» бір қаратып алмақсыз. Әкеңізге берген уәдеңіз тағы бар.

         ̶  Ол қандай уәде?

         ̶ Осы жолы ревизордың көмегінсіз-ақ өз күшіммен жылдық есепті жауып тынамын дегенсіз. Себебі, сіз әлі сынақ мерзімінде жүрген қызметкерсіз ғой. Біраз нәрсені үйренгеніңізді, өз бетіңізше бланк толтыра алатындығыңызды, миллиондардың соңына қорықпай қол қоя беруге дайын екеніңізді дәлелдегіңіз келеді. Әрине, әкеңіз бұл жетістігіңізге төбесі көкке жеткендей қуанар. Алақанға сап аялап отырған жалғыз қызы сенімнен шықса, неге қуанбасқа!

         ̶  Сіз немене, менің әкемді де танисыз ба?

         ̶  Сұрайды ғой... танымағанда. Қожахмет Исаевичті бүкіл қала халқы  біледі. Оу, көкешім-ау, сұрақты да қисынын келтіріп қоймайсыз ба?! Мен сол кісінің, яки, сіздің әкеңіздің қарауындағы қызметкер болсам...

         Цирк үйінен біраз ұзаған соң, көше бойындағы мәшинелер ағысы саябырсыған секілденді. Күн жылы, жерде қар жатқанымен Алматының қысы белгілі ғой. Жан-жағынан өтіп жатқандар – өздері құралпы қыз-жігіттер. Дені мына тұрған цирк училищесінде оқитындар. Олардың арман-мақсаты - оқу бітірісімен осында қалу. Облысқа шақырылғандардың шетке барып, сіңісіп кеткендері шамалы.

         ̶  Сіз ой құшағына беріліп кеттіңіз.

         ̶  Кешегі күндер еске түсіп. Жатақхананы сағынып келе жатқаным.

         ̶  Оған несіне қиналасыз, біздің үйдің де төбесі көрінді, мінекей. Оның бер жағында біреу шығарып салмаса да, барып-келіп жүрген жол ғой. Сіз де жолыңыздан қалмаңыз.– Қалың папкіге қол соза бергенде ол цирктегі әбжіл қимылдайтын әдетіне басып, тағы екі-үш қадам ілгері озып кетті. Өз-өзіне сенімді болғанымен осы тұста қыздың жүрегі үсті-үстіне сұққылады. Жұмыс орнына мәшинесіз келгендігін сырттай бақылап және күллі тірлігінен толықтай хабардар, тіпті құрбысын шақырып қойғандығына дейін сарт та сұрт сарнап тұрған мына сабазың алдаусыратып, сазға отырғызып кететіндердің сортынан емес пе екен, а?! Ана қалың папкіні қолтығына қысқан күйі бір бұрышты айнала беріп, зымғайым жоғалса – құдай тас төбеден ұрды дей беріңіз! Күллі келешегі тұйыққа тіреледі содан соң. Ұйқысыз түндерді бастан кешудің көкесін әне, сонда көрерсіз. Қайдан табады, бәлки, циркте аң үйретуші боп жұмыс істеймін деп бергі жағымен айта салды. Аңқауланып, жігіт көрмегендей, одан арғысын бұл да тәптіштен сұрамаған. Ең құрыса, аты-жөнін білсеші. Цирктің төменгі қабатындағы жануарлардың жүрек айнытатын қолаңса иісінен жиіркеніп, ол жаққа аттап баспайтындығын несіне жасырады. Тіпті кімдердің қызмет істейтіндігіне де қызықпайды. Артық шаруа, қажеті шамалы. Есеп-қисап толтырылған пәпкі қолды  боп кетсе, ертең азды-көпті дем алып, таза ауада серуендеп, шаңнан сілкініп, санаторийден ширығып оралған әкесі мына сұмдықты естігенде, қызының еркелетіп арқасынан қағып, «жә, қайда кетер дейсің, табылар, компьютердегі көшірмесін пайдаланармыз азар болса» деп кеңпейілділік танытса, кәне! Ай, қайдам, үрен-сүренін танымайтын біреуге бар құжатты қолтықтата салу– қалай дегенде де, ақылға сыймайтын оқиға... Соның артынша қалта телефонына шұғыл қоңырау соғылады. Амандық-саулық сұрамастан бірден іске көшеді: «мынадай жерде күтемін, қалтаңда пәленбай мың доллар болсын, қолма-қол айырбас!» дейтін шытырман сюжетті кинодағыдай шарт қойса да амалы қайсы, көнеді. Одан әргісі қорқынышты, тіпті айтуға ұят – жиіркенішті әрекеттерге итермелемесе болды да. «Мен асылы, аспандамайын, папкі қолға тигенше төмендейін. Сосын, сосын ба,  мына «сұмырайды» желкемнің шұқыры көрсін!..»

         ̶  Сіз әлгі мәліметтерді қайдан алдыңыз? – деді  қыз жігіттің жанына жақындай түсіп.

         ̶  Ол қандай мәлімет?!

         ̶ Мәселен, бүгін менің не істейтінімді, қандай шаруамен айналысатындығымды қайдан біліп қойдыңыз? Әлде Қарлығашпен байланысыңыз жоқ па еді?

         ̶  Қарлығашыңыз кім?

         ̶  Құрбым.

         ̶  Поэзияға қалай қарайсыз, жыр жинақтарын оқисыз ба?

         ̶  Жыр жинақтарының қажеті қанша бұл араға?

         ̶  Қажет, қажет болғанда қандай!

         ... Адам жанын ұғу қиын  білем мен,

         Не оқисың қабағынан түнерген.

         Мені білгің келсе – қара көзіме,

         Мен жайында сұрамашы біреуден... – Тұманбай, Тұмаш-ағам. Ал сіз ішкі құпияңыздың бәрін көзіңіз айтып тұр десем, сенбейсіз. Оның үстіне біз жануарлар дүниесін білуге, түсінуге шеберленіп алған әккі дрессировшиктерміз ғой. Сіз осы тұрғанда маған аздап ашулысыз. Бірақ сіз ашуланатындай, мен не істедім? Оны да қас-қабағыңыздан сездіріп қойдыңыз.

         ̶  Қалай?

         ̶  Қалай дейсіз бе, сізге не десем екен?.. – Жігіт аспандағы жұлдыздарға қарады. Сосын қыздың жүзіне үңіліп, рақаттана күлді: – Жә, бір күнде өрісін тауысып қоятын тәжірибесіз қойшыға ұқсамайын. Оның сырын кейін түсіндіремін, міндетті түрде түсіндіремін.

         Екеуі кіреберіске жақындады. Қыз пәтерінің нөмерін тергіштеді. Есік ашылған сәтте себепсізден-себепсіз иық түйістіріп қалды. Қалың папкіні қыздың қолына ұстатты: – Ауырын, зіл қара тас. – Жігіт қолапайсыз әзілдеді. ̶  Рақмет, шайға шақырмақсыз ғой, келесі жолы... оның да орайы келер. –Тағы да қолапайсыз күлген болды: –Айтқандай, соншама жол жүріп, таныспаппыз  ғой. Сіздің есіміңіз – Кәмила. Ал менің атым - Қасқырбай, Қасқырбай Жылқыбаев. Ол аз десеңіз, інілерімнің аттары да маған ұқсас –Түлкібай, Үкібай... Зоопарк әншейін.

         Қыз табалдырықтан әрі аттаған сәтте жігітке сездірмей әнтек жымиды.

         ̶  Қарлығашқа сәлем айтыңыз.

         ̶  Айтайын...

 

***

Жеңіл мәшинесі шынымен от алмады ма, әлде о жер-бұ жерін шұқылауға ерінді ме, со жолы жұмысқа неге жаяу барғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Бәлкім, Қасқырбайдан бір пәле келмесе... Камиланы жаяу салпақтатқысы келсе, тірі мақұлықтың жын-шайтанын қағып алып, соңдарынан сүмеңдетіп қоятын  дрессировщиктерге мәшиненің бір тетігін істен шығару неге тұрады? Бірақ олай деуге жүзі шыдамайды, біреуді бекер жазғырғаннан есебі түгенделсе... Міне, сонан бері де бірер ай өте шыққан зымырап. Шүкір, қазір көлігі кілт салғаннан гүр ете түседі. Соның арқасында біраз шаруаның бетін қайырған. Цирктен шыға салысымен шет тілінен дәріс беретін мұғалімнің үйіне тартады. Ақша төлеп оқыған соң, әр сабақты текке өткізбейді. Ағылшынша сайрап тұрмаса да, нан сұрап жейтіндей жағдайы бар. Биыл сәтін салса университеттің халықаралық қатынастар факультетіне қайтадан құжат тапсырмақшы. Өткенде бірер балы жетпеген. Оған соншалық қайғырып, өкінген де жоқ, өзгелер секілді жылап-сықтап, жұртты да мазаламады. Әкесі, білдей цирк директоры – жалғыз қызын оқуға түсіре алмағаны несі дейтін, таныс-білістің табасына қалмайын деп, «Кәмила, ақылы оқуға түссеңші, сені оқытуға шамам жетеді ғой» дегенді шегелеп-ақ әлденеше қайталаған. Бірақ Кәмила көнбеді: «өз күшіммен, өз біліміммен түсемін. Тек сізден өтінерім – жеңіл-желпі жұмыс істеп, бір жыл жаныңызда жүре тұрайын». Оу, оған сөз бар ма, бас бухгалтерге көмекші боп орналасқан ізінше. Кәмиланың бар өмірбаяны осы ғана. Кімнен жасырады, оның бер жағында жер астындағыны білетін Қасқырбайлар бұл жағдаятты ешкімнен сұрап әуре болмас. 

Шетелдік қызыл мәшине – Қасқырбайдың «қас жауы». Ертеңгілік жұмысқа келе жатады да, цирктің оң жақ бүйіріндегі алаңқайдан Кәмиланың көлігін көреді де, аспандаған көңілі нілдей бұзылады. Алдын-ала жоспарлаған істерінің табанда быт-шыты шығады. Кәсібіне де селқос. Селқостықты ең алдымен сахнаға үйретіп жүрген алабай төбеттері сезе қояды. Сезе қояды да Қасқырбайдың зіркілдеген дауысын, турасы – «командасын» естімегендей бұлталақтайды, тәттілерді көбірек дәметеді. Әлденеге күйгелектеніп, саусақтары дірілдеп, асып-сасып жүретін иесі кейде қалтасындағы қант қиығын беруді де естен шығарып алады. Оу, құр аяққа бата жүре ме, төбеттер кейін тартыншақтайды... Ой-хой, өткенде Қасқырбайдың әріптестерін қыран-топан күлкіге қалдырып, ақылға сыймайтын әрекетке барғаны! Аң үйретушілер жұмыс кестесімен санаспайды. Түннің бір уағына дейін цирк аренасының синтетикалық кілемін қалай таптаймын десе де еріктері. Нақты тапсырма – кішкентай таяқшаға аң біткенді табындырып, сахнаға алып шықса, көрермен көңілінен табылса – қалған атақ-дәреже өз-өзінен дөңгеленіп келе береді. Атақ-абырой да соның ішінде. Оу, бұл не масқара?! Тура сағат кешкі алтыда әлденеге асыққандай көздері алақ-жұлақ етіп, ішкі тәртіптен қия баспайтын Қасқырбай Қасқырбай басымен төбеттерді темір торға кіргізіп, сыртынан бекітіп кетуді де ұмытып, ұзын дәліз бойымен арғы беттегі терезеге қарай жанұшыра жүгіргені. Сыртта біреу күтіп тұр ма. Оу, Қасқырбайдың мұнысы несі?! Ұзын дәліз бойымен алқына жүгіріп барғанын қайтейін, ізінше басы салбырап, мүсәпірдің күйін кешіп, кейін қайтты. Ұнжырғасы түсіп, кәдімгідей ренжіді. Бұл абыройсыздықты қойсаңшы, сол сәтте цирк директорының төтенше тапсырмамен төменге түсе қалмасы бар ма! Дәу төбеттер қараусыз, өз беттерінше лағып сыртта жүрген...  «Ішкі тәртіпке бағынбайтын бұл қай жүрек жұтқан?!»

         ̶  Мына иттердің исі кім? – Директор қабағын суытты. Ашуды ақылға жеңдірді көреген кісі. Сабырлық сақтады. Дереу орынбасарын шақырып алып, мынадай жауапсыздықтың енді қайталанбауын, керек десе кінәлі кісіні жазалаудың да артық болмайтыдығын айтып, толып жатқан міндеттер жүктеді. Мәселенің мән-жайын Қасқырбай сонда барып ұғынса керек, ұйқысынан шошып оянғандай, директордың алдында сәл иілді де, алабай төбеттерін тықсыра қуып, бүйірдегі бос бөлмеге кірді де кетті.

         Цирк сыртындағы «циркті» үн-түнсіз бақылап тұрған Қасқырбайдың құрдастары бұған қалай шыдасын; біреулер күлді, біреулер ренжіді.

         ̶  Соңғы кездері... өзгеріп барады.

         ̶  Көктем ғой.

         ̶ Біреуге ғашық боп қалғаннан сау ма?! Және онысы осы маңның пендесі боп жүрмесін.

         ̶  Циркке шақырмай ма, олай болса.

         ̶  Кім білсін, «күт, циркке келемін» деп әуре ғып жүрмесе.

         ̶  Бүгінгі қыздардан бәрі шығады.

         ̶  Дегенмен, біздің Қасқырбай да анау-мынауға алдырмаса керек еді ғой.

         ̶  Ғашықтық тілі – тілсіз тіл.

         Кәмила мұнан мүлде бейхабар-ды.

 

                                                            ***

Қасқырбайдың амалы таусылған. Кәмиланы көргісі келеді, сырласқысы келеді. Бірақ қолынан келер қайран шамалы. Кәмила сағат кешкі алтыдан  бір минут кешіксе, біреу етегіне жабысып ұстап қалатындай, алқын-жұлқын айналы есіктен ары аттайды да, көлігіне отыра сала тұра шабады. Қайда барады, не істейді? Қайда барып, не істейтіндігін білейін десе Қасқырбай қара жаяу. Жаяудың ісі өне ме. Ара-тұра жаман ойлардың да сорабына түсіп кетеді. Ішкені – алдында, ішпегені – артында, дүниені шайқап-төгіп жүрген бойжеткен көңілді ортаны төңіректемесе не қылсын?! Ондай-ондай «көңілді орталардың» жағдайы белгілі. «Жо-жоқ, о не дегеніңіз, атама, атамаңыз, Кәмиланы ондай кінәратқа итермелеуге қайтіп жүрегің дауалайды, Қасқырбай?! Егер шынымен солай десең, сенің де шығар тауың белгілі. Бұтыңа толып жүрген құр кеуде екенсің, әншейін!.. Бо-болды, осымен айтысты тоғарайық!» – дейді Қасқырбай жұмыстан соң Кәмиланың үй жағына жаяу-жалпылап келе жатып, өзімен өзі сөйлеп. Ол сыртқа шығып, азық-түлік дүкеніне бара жатса да, кешкі серуеннен қайтса да, аз-маз тілдесіп қалуы мүмкін ғой. Қалта телефонын да сұрамаған. Қайдан білсін, бір есіктен кіріп-шығып жүреміз ғой деп содан үміттенген. Таныс аймақ, таныс маң. Қол созым жердегі цирк училищесінің жатақханасынан көңілді ән ырғағы естіледі. Көктем, ағаштар бүр жара бастаған. Жұрт сырт киімдерін тастап, ауа райына бейімделген. Күллі тіршілік  алдан көл-көсір қуанышқа кенелетіндей асығулы. Бұлақтар сылдыр-сылдыр. Аспан ашық, жұлдыздар қол созым жерден жымыңдайды.

         ̶  Не ғып тұрсыз, кімді күтіп тұрсыз?– деді сырт жағынан естілген таныс дауыс. Кә-ми-ла! Қасқырбай қапелімде тұтығып, сөйлей алмай қалды. Мұндай сәттілікті күтпегені рас-ты. Ұрлығының үстінен түскендей ыңғайсызданып, Кәмиланың жүзіне де тіктеліп қарай алмады: – Сізді, сізді күтіп... ой, сізді күткелі қай заман!

         ̶  Аманшылық па, не шаруа? Шаруаңыз болса бүйтіп бұқпантайламай-ақ  цирктің жоғарғы қабатындағы бухгалтерияға кіріп шықпайсыз ба?

        ̶  Мен бе, не үшін?! Өңшең әйелдер...

 ̶  Әйелдер адам жемейді.

         ̶  Дегенмен, өсек жарықтық сол тұстан гулеп ала жөнелер.

         ̶  Қорқынышыңыз күшті екен.

         ̶  Менің нем кетер дейсің, сізге ыңғайсыз болама деймін-дағы.

         ̶  Ыңғайсыз болатындай... жігіт іздеп келмейтіндей, сонша көріксізбіз бе?

         ̶  О-о, сіздің көркіңіз! Хор қызы жолда қалады сіздің көркіңіздің қасында! Егер мен Сальвадор Дали секілді суретші болсам, сіздің суретіңіздің мың-миллион вариантын жасар ем.

         ̶  Бірақ онда да жеріне жеткізе алмайсыз...

         ̶ Дәл таптыңыз, өзім де соны айтқалы тұрғам. Бұл пікірімді қайдан сезіп қойдыңыз?

         ̶  Көзіңізден, ана жолғы кездесуден соң кісінің көзіне қарайтын болдық  қой тіктеліп. Сальвадор Дали – сюрреалист.

         ̶  Білем.

         ̶  Одан гөрі маған Пикассо ұнайды.

         ̶  Ол көбіне жалаңаш әйелдердің суретін салады.

         ̶  Бірақ натура, шындық.

         ̶ І...м, – деді Қасқырбай: «мынадай мүмкіндікті кәкір-шүкірмен рәсуа ету – өлім». Ар жағынан ылықсып келген күш-қуаттың, әлде әлемді әдемі әлдиге бөлеген көктемнің әсері ме, бойы оқыс дір етті де, жігерленіп сала берді: – Осы сіз... сіз күнде кештетіп қайда барасыз, а?

         ̶ Қайда барушы ем? – Кәмиланың есіне де әлдене түсіп кетті:– Бойжеткеннің қайда болатындығын сұрай ма екен есті кісі? Біздің аяғымыз--  жерде, қиялымыз - аспанда.

         ̶  Мұны қалай түсінеміз?

         ̶  Қалай түсінгіңіз келсе, солай түсініңіз. Мынадай кезде дені дұрыс кісі төрт қабырғаға қамалып, үйде отыра ма. Сіз болмасаңыз да шүкір, ресторанға шақыратындар баршылық. – Әдейі айтты, Қасқырбайдың бұған қалай жауап қатарын білгісі келді. 

̶ Дұрыс, – деді Қасқырбай дауысын созыңқырап, – Күн сайын рестораннан тамақтанамын дегеніңіз шылғи өтірік. Әлгіде құлаққа жағымды орынды ой айттыңыз. Расында, мынадай кезде дені дұрыс адам төрт қабырғаға қамалмайды. Ресторанға шақыруға да болар еді, бәлкім, сіз одан жалыққан да боларсыз. Ал мына түнгі ауа қандай керемет! Жүре бергің, жүре бергің келеді.

         ̶  Жүре беріңіз. – Кәмила неге күлгендігін  түсінбеді.

         ̶  Жалғыздық – құдайға ғана жарасқан. Тау жақтағы баққа барып, бір сағаттай қыдырайық. Шаршасаңыз үйіңізге жеткізіп салармын. Егер шаршамасаңыз...

         ̶  Онда не істейсіз? – Кәмила ыңғайсыз сұрақтың аузынан қалай шығып кеткеніне қайран: «жеңіл мінезді қыздарға ұқсап...» Бүгін бір түрлі ғой өзі де, шынымен көктем әсер еткеннен сау ма?! Қасқырбай кезікпегенде де сыртта жүре тұрармын деп шешкен. Түнгі ауаның тазалығын айтпаңыз! Күндіз мұның бірін де таппайсыз. Таң бозынан адамдардың да табиғатқа деген өшпенділігі өре түрегеледі. Алдымен ит асырайтындардың «армиясы» тізіліп өтеді осы маңнан. Артынша көк түтінін будақтатып, қоқыс таситын ауыр мәшине жетеді салдыр-гүлдір етіп.

         ̶  Сосын кинотеатрға кірсек, кешкі сеансқа.

         ̶  Не?! – Кәмиланы тағы да күлкі қыстады.

         ̶  Несі бар, кинолардың жарнамалары жаман емес.

         ̶  Жақсы картиналардың барлығын жоққа шығармаймын. Бірақ...

         ̶  Не «бірақ»?

         ̶ Сіз күткендей кинотеатр да, көрермен де жоқтың қасы бүгінде. Көпшілігі театрға барып алып, басқа жер құрып қалғандай, сылп-сылп тамақ жеп, сусын ішіп отырады. Театр храмды - көзі ашып-жұмғанша асүйге айналдырып жібердік.

         ̶  Ашуланбаңызшы?!

         ̶  Ашулан, ашулан ба, солай...

         ̶  Мақұл, сіздің-ақ айтқаныңыз болсын.

         ̶  Бес-он тиыныңызды басқа мақсатқа жұмсарсыз. – Кәмила өзін-өзі қинап түлді.

         ̶ Мұныңыз енді... артық, – деді Қасқырбай. Болар-болмас реніш білдіргендей түр байқатты: «Мұнан былай мені бүйтіп қорламаңыз!»

         Бақтың адам аяғы аздау жағымен жүріп келеді. Қыздың қолын ұстауға  батылы жетпеді. Батылы жетпеді ме, әлде осының өзін бойға сіңіріп алайын дейтін қанағатшыл пейіл ме, әйтеуір бүгінгі тірлігіне дән риза. Кәмиланың да көңілін тапқан сыңайлы. Теңізде де кешкілік дәл осындай тыныштық болатындығын, құстардың төбелерінен зу етіп ұшатындығын, құм жағадан жұмыртқа теретіндерін, кейде тарғыл жұмыртқаның ішінен тірі балапан шыға келетіндігін, тағы-тағыларды майын тамызып айтып берді. Арқалығы бар тақтай орындыққа келіп жайғасты. Ауылдағы туған інілері – Түлкібай мен Үкібайдың балалық қылықтарын айтып та, біраз күлдіріп алды.

         ̶  Сізде  шаруам бар дегенсіз мана. Қайтатын уақыт та шамаласты.

         «Ол не шаруа? Мендегі шаруаның үлкені... Е, Алла, бәле-жалаңнан аулақ қыла гөр!» деді де, қамсыз-мұңсыз отырған Кәмиланы құшағына тартып, ернінен еріксіз сүйіп алды. Тіл ұшына оралған «кешіріңізді» айта жаздап, айта жаздап, әзер тоқтады. Кешірім сұрайтындай не бар. Алда-жалда іс насырға шауып бара жатса, «не болғанын, не істегенімді өзім де білмеймінге» итере салмақшы еді. Кәмила үндемеді. Төмен қарап отырған күйі тырс деп жақ ашпады.

         ̶  Жағымнан шапалақпен тартып жіберетін шығар деп ем. – Қасқырбай әжептәуір нәтижеге қол жеткізгендей, тамағын кенеді.

         ̶ Қасқырдан аумайсыз, тура қасқыр махаббат қой әлгі әрекетіңіз! – Кәмила орнынан түрегелді.

         ̶ Қасқыр махаббат, – деп қайталады Қасқырбай. «Кәмиланың мұнысы не – құптағаны ма, қарсы болғаны ма?!» Сірә, құптағаны шығар, артына қарамай үйіне тұра жүгірсе, Қасқырбай не істейді. Баяғыша басы салбырап... әлде мына дүниені түбірімен өртеп жібергісі келіп жындана ма; орманда жүргендей айқайға баса ма?! Жанында Кәмила жоқ, не істегісі келсе, соны істесін! А...а, не, не деді?! Кәмиланың жоғы қалай? Есі дұрыс па? Оу, Кәмила жанында келе жатқан жоқ па томсырайып. Қазір үйіне барады да түк болмағандай, көңіл-күйдің теріс әсерінен құтылу үшін музыка қойып, есі шыққанша билейді, терлейді, сосын ыстық душ қабылдайды да  бір стақан кофе ішіп, тас бүркеніп ұйықтайды.

         ̶  Қасқыр махаббат, – деді әлгі әзірдегісін Қасқырбай естімей қалды ма дегендей.

         ̶  Естідік, естідік. – Қасқырбайдың үні құмығып естілді.

         ̶ Естісеңіз сол! – Өкпесін де, ренішін де байқатпады. «Қара мұның аспанға секіруін. Бірден бас салып... ерінге жабысады. Арада аз-кем сүйіспеншілік сезімі болсашы! Әзірге есеп–1:0, жеңіс соның жағында. Әйтсе де мен де қарап қалмаспын...»

         ̶  Сіздер осы... пәленбай аңды қолға үйреттік деп, көкіректеріңізбен көк тірейсіздер.

         ̶ Иә, оныңыз  рас. – Қасқырбай әңгімеге тақырып табылғанына және оны Кәмиланың бастағанына кәдімгідей қуанып қалды: – Аю, жолбарыс, арыстан... жақында бір жігітіміз теңіз мысығын...

         ̶  Жетпегені теңіз мысығы еді.

         ̶  Жоспар бойынша.

         ̶  Мықты болсаңыздар... атыңыз да Қасқырбай, мәселен мына сіз, неге арлан қасқырды циркке әкелмейсіз?!

         ̶  Бұл не, тапсырма ма?

̶ Соған жақын. Көк бөрінің тұқымымыз, қасқырға қанымыз жақын деп бөскенде ғой...

         ̶ Қасқыр қолға үйренбейді, Кәмила. Оның үстіне, түз тағысын торға қамағанымыз – өзімізді қорлау. Көкбөрі сайран салып, жорта берсін қазақтың кең жазирасында. Қасқырды бөрі деп кемсітпейік, ежелден түркілердің символы ғой, жарықтық!..

         ̶  Өлең жазбаушы ма едіңіз, сөздеріңіз кітаптағыдай құйылып тұр.

         ̶ Өлең қайтсін біздерді!.. Өзің ойлашы, Кәмила, көкбөрі тобырдың, көрермен де тобыр ғой, жыртың-жыртың күлкілерін көтере алмайды. Темір тор емес, дала ғой оның мекен-тұрағы! Сондықтан...

         ̶  Сондықтан бұл орындалмайтын тапсырма дейсіз ғой.

         Қасқырбай ойланып қалды. Кәмила әдеттегідей есіктің сыртқы нөмерін тергіштеп, қоштаспастан үйіне кіріп кетті.

 

***

Арадан зымырап тағы да екі-үш ай өте шыққан. Қасқырбайлар Ресеймен шекаралас Батыс облыстарға гастрольге кеткен-ді. Сығандардың көші секілді цирк ұжымының артынып-тартынып жолға шығуы, қайтып оралуы – шашетек шаруа. Арнаулы вагон жалдайсың, мекен-жайдың арендасы, қызметкерлердің жатар орны, күнделікті тамағы, ұйымдастыру шараларына жұмсалатын шығын... Кіші бухгалтер Кәмиланың миы қаптаған цифрларға толы. Мойын бұруға мұрша жоқ.

         Қасқырбайдың қасарысып, директордың: «Қарағым-ау, оны қайтесің?!» дегеніне көнбей, хайуанаттар паркіне өтініш түсіріп, бір бөлтірікті цирк балансына аударғанын, сырттағы екі ай уақытының қасқырмен әуре боп, былайғы міндетіне жүрдім-бардым қарағанын, жүдеп-жадағанын... Кәмила қайдан білсін. Кеше гастрольдік сапардың қорытындысына арналған ұжым жиналысы  салтанатты жағдайда өтті. Үш-төрт адам шығып сөйледі, қызметкерлердің дені ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

Цирк директоры Қожахмет Исаевич ертеңгі шай үстінде мәнісі болыңқырамай отырып, әлдебір жайсыздау хабарды отбасы мүшелеріне сыбырлап жеткізді: –... Мен оған алдын ала ескертпесем екен-ау, қанша бір  жұтынып тұрған дрессировщик болса да... Қасқыр қай заманда қолға үйреніп еді?! Осылай боларын білгем ... Білегін тістеп алыпты оңдырмай... Дәрігерлер түсініктеме сұрайды бізден...

         Кәмила әке-шешесіне сездірмей, сыртқа шығып кетті. Көлігін цирктің төменгі қабатындағы жұмысшылар жатақханасының бүйіріне апарып, бір-ақ тіреді.

         Оң қолын мойынға асып алған Қасқырбай Кәмиланы көргенде бір ересен күш лақтырып жібергендей, төсегінен ұшып түрегелді.

         ̶  Ауыра ма? – деді Кәмила аса бір қамқорсыған көңілмен, – ауырады, әрине, тысқа шықпаңыз. Суық тигізіп аласыз, сыртта жауын. – Нәп-нәзік алақанымен жараның орынын әлсін-әлі сипап, ораулы қолды кеудесіне басты. Қасқырбайдың ойына әлдене түскендей, әнтек жымиды: «Қасқыр махаббат». Осы сөзді авторына қайтарғысы кеп оқталып еді, бірақ Кәмиланың ыстық демі оны ауада жандырып жіберді. Айтпады, айта алмады.

       


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар