Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Рафаэль Ниязбек. Тұнық ойлы жазушы

27.02.2018 7989

Рафаэль Ниязбек. Тұнық ойлы жазушы

Жүсіп Баласағұнның «Өмір-теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» деген екі жол өлеңі санамда сәуле шашып тұрғалы қай заман. Сондай ізгіліктен жаралып, күміс кемесін айдынға салып, өрге жүзіп келе жатқан қаламы қуатты жазушының бірі – алғаш жарық көрген «Ойқазан» деп аталатын әдеби-философиялық кітабымен «Серпер» сыйлығының лауреаты атанған Мәлік Отарбаев. Оның жүрегінен қайнап шыққан пьессалары, әңгімелері, эсселері және заман, қоғам, тағдыр туралы жазған ой-толғамдары терең философиялық жағынан болсын, эстетикалық көркемдік жағынан болсын, психологиялық жағынан болсын оқыған бойда жүрегіңді баурап ала жөнеледі. Ол қай тақырыпқа қалам тартпасын не болса соны езіп айтып, сағыздай соза бермейді. Суреттеп отырған оқиға мен айтар ойын жігін білдірмей қамшыдай шебер өріп келеді де, тоқпақ жіліктің жұмыр басындай етіп қордаландырып бір-ақ түйіп тастайды.

Қамшы дегеннен шығады. Қай шебер де қамшы өре біледі. Бірақ солардың бірқатары ұшын түйе білмейді. Көп қамшының ұшы тарқатылып жүретіні содан. Мәлік бұл жағынан да тас түйін көрінді. Жүрегінде шымырлап қайнап, миында шыңдалған шымыр ойлар кісіні бейжай қалдырып көрген емес.

Біздің алабұртып алағызып жүрген жас кезімізде «Бірден Пушкин болмай-ақ Баймұқанша басташасы» деген әзіл әңгіме көп айтылатын еді. Ауыл баласы Алматыға жеткен бойда ақын боп шыға келеді деп ойласақ керек. Ақындықтың қыр-сырын кейін... бертін келе түсіндік қой. Ал, құнарлы топырақта тамыр тартып, өсіп жетіліп, үш тілде (қазақ, орыс, түрік) еркін сөйлеп, көсілтіп жаза білетін Мәліктің мұндай жалаң сезімге бой алдырмай әдебиет әлеміне өзін үнемі ширақ ұстап, өркениетті елдердің озық үлгіде жазылған көркем дүниелерін көп оқып, талмай ізденіп және ғасырлардың құмы көмген көне тарихқа да жіті үңіліп, көкірек көзін суарып, үлкен дайындықпен келгендігі бірден байқалады.

Әдетте өмірдің бергі беті таза сүртілген айна секілді жарқырап тұрады. Біздің көп қаламгер өмірдің сол бергі бетін ғана қалқып жылтыратып жазады. Ал, оның арғы терең қабатына бойлап бара бермейді. Себебі, жүрегі шындыққа суарылып шыңдалмаған. Сосын қаламы қайдан батыл, қайдан қуатты болсын. Осы тұрғыдан қарағанда да Мәлік өзге қатар құрбыларынан бір дем жоғары тұрғандай көрінеді. Өйткені ол қай тақырыпқа барса да соны терең үңгіп, қыртыс-қатпарын қопара ақтарып, шыңыраудан шымырлатып сыр тартқандай қат-қабат көріністерді, қым-қуыт тарихи оқиғаларды сол баяғы өлі күйінде емес, тамырына қан жүгіртіп, кеудесіне жан кіргізіп, көркем тілмен суреттеп, тірі бейнеге айналдырып, көз алдыңа жосылтып алып келе біледі.

М.Отарбаевтың тағы бір ерекше қасиеті: оның жүрегінен туындаған қай шығармасында да өткен өмір тарихы мен бүгінгі өмір көріністерінің қамшының өріміндей өзара жымдасып өріліп жататындығы. Бұл, сөз жоқ, жылдар жаныған кемел таланттың ғана қолынан келетін жәйт.

Өткен өмірдің шерлі беттеріне үңілсең Гитлердің зұлымдығынан гөрі Сталиннің зұлматы анағұрлым сұмдық екеніне көзің жетеді. Гитлер өзге елге қайғы-қасірет әкелсе, Сталин немістерге бағынып, болысып кетеді деген сылтау ойлап тауып, құзырына қараған өз халқын – аз ұлт пен ұлыстарды қуғын-сүргінге салып, қанжоса қырып, тіпті жер бетінен жойып жібере жаздаған жоқ па? Сөйтіп, шешен, қарашай, курд, неміс, кәріс, месхетиялық түріктерді азап пойызына тиеп, өлмесең өмірем қап деп қазақ еліне жер аударған. Бірақ, Мәлік Отарбавтың өзі жазғанындай, мына опасыз жалған дүниенің қандай күнде де бір қайыры бәрібір болмай қоймайтын көрінеді.

Өмірден түңіліп, усойқы уақытқа лағнет айтып, ұзына жол бойында өлгені – өліп, өлмегені қу сүйегін сүйретіп әзер жеткен аш-аламан босқындардың барлығын құшағына алып паналатып, мұздаған жүрегін жылытып, барын аузына тосып, бағып-қаққан қазақ елі еді. Бауыры суық қара тасқа да көктем боп қараған ата жұрттың бұл ізгі қасиетін олар да ешқашан ұмытпақ емес.

Драматург Мәлік Отарбаев «Баянды бақ» пьессасына сол қанқұйлы заманның ауыртпалығын, месхетиялық түріктердің қазақ еліне жер ауып келген тағдыр тауқыметін арқау етіп алса да, түптеп келгенде, оның айтпағы жалғыз бұл емес-ті. Осы күрделі тақырып арқылы елбасына екіталай күн туғанда ар-намысты пір тұтқан адамзат баласының бір-бірін бауырға тартып, жақын туыс санап, бірінің мұздаған жүрегін бірі жылытып, қайғының өзінен де қайрат тауып, тату-тәтті ғұмыр кешетінін сипаттау болатын. Автор сол мақсатына жеткен.

Сонда да қазақ, түрік елдерінің сахналарында алма-кезек қойылып, көрерменнің тұғырлы туындысына айналған пьессаның «Баянды бақ» боп аталуының өзі бізді сан қилы ойға жетелейді. Ойлап көрсең, нағыз бақыт байлық та, атақ-дәреже де, ірі қызмет те емес. Нағыз бақыт отбасының жылуы, Отаныңның амандығы, дүниенің тыныштығы, халықтар достығы, жұмыр жердің тұтастығы. Ендеше:

Шар болатқа жігерін жанып алған

Азаматтың қашанда бағы жанған.

Ар-ұяттан безінген бұл заманда,

Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, - демеске шара қайсы?

Сталиндік зұлматты жер-жебіріне жете айыптап, түрік пен қазақтың туыстығын ту етіп, бауырластығын бедерлі бейнелейтін бұл спектакль осы күрделі тақырыптың өңін ашып, тарихи шындық тұрғысында ажарлы көрсете білген алғашқы қойылым еді. Соның өзінде философиялық биік өреде жазылған бұл драма ой-толғамының тереңдігімен, идея айқындылығымен, сонымен бірге тарихи шындықты шынайы көрсете білуімен қалың қауымның жүрегіне сара жол тауып отыр. Бұған қуанбасқа бола ма.

Осындайда еріксіз еске түседі. Қонаевтың тағында мығым отырған кезі еді. Бірде идеология хатшысы кабинетіне кіріп, ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңдері жарияланған «Правда» газетін беріп жатып:

– Димаш Ахметұлы, осындай сары уайымға беріліп өлең жазғандарды ЦК-да неге ұстаймыз, – дегенде, Қонаев:

– Әй, сен немене, қазақ ақынының өлеңдері «Правда» газетіне жарқырап шыққаны мақтаныш емес пе. Қуана білгенге құт, бағалай білгенге бақ қонған. Бұ қай сөзің сенің? – депті қынжылып.

Бізде елдің мерейін өсіретін жақсы жаңалықты көруге келгенде көзіміздің тарс жұмылып қалатыны қалай? Түсінсем бұйырмасын. Тұяғының дүбірі алысқа кеткен драматург Дулат Исабековтың пьесасы Лондон сахнасында қойылып еді, оған да қуана білмедік-ау, қайтейін. Сонша неге ішмерез болдық, ағайын?!

М.Отарбаев тамырын тереңге жіберіп, тас жарып шығып, көкке қарай қол созып, жаңа-жаңа жетіліп өсіп келе жатқан жас бәйтерек – пьеса, әңгіме, эссе, аударма сияқты бұтақтардан тұратын. Бірақ сол бұтақтар имандылық, адамгершілік, ізгілік боп тербетіліп тұрғанын көргенде көзіңде күн күліп, жан дүниең жаңғырып, түлеп сала береді. Өйткені дүние ластанып, көңілін кір шалған адамдардың қарасы көбейген қазіргі кезеңде оқушы қауым өн бойынан сәуле есіп тұратын осы секілді шымыр жазылған шығармаға зәру. Себебі, бұлар күйкі тірліктің көңілсіз көріністерінен көз жанары қажалып, жүйкесі тозып, әбден мезі болған. Сондықтан атар таң, келер күнге үмітпен қарап, қабырғалы қаламгерлерден бүгінгі күннің нағыз өзекті мәселесін көтерген өркешті шығармалар күтіп, жаралы жандарына шипа болар дәтке қуат шуақ іздейді. Рас, күннің сәулесі түспейтін адам болмайды. Бірақ сонымен бірге қазіргі адамдарға рухани жылылық та аса қажет.

Ал, рухани жылылық көрмеген адамның теріс жолға түсіп, тектілігін жоғалтып алуы ғажап емес. Өйткені бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жүрген күйкі тірліктің пенделері өз-өздерін алдап өмір сүріп жатқандай көрінеді. Білім кімде, сол білікті болатынын ұмытқан. Оның үстіне сазға біткен сары ағаш секілді солқылдақ – тағдырмен ұстасып, күресе білмейді. Құлқынның құлына айналған. Жазушының «Бүржарған» әңгімесінде жағымсыз осы жәйттер жан-жақты қамтылып, тартымды суреттелген. Бүкіл оқиға бас кейіпкер Төлегеннің ой-сезімі арқылы жаңа тәсіл, соны сипатта дамып, шынайы көрініп отырады.

Сырт қарағанда бұл әңгімеде жұпыны отбасының ауыр тұрмысы, маскүнем әкенің бейбастақ қылығы, ала қап арқалап базарға шыққан ананың қайғы-мұңы, іні-қарындасын жұбатып алдарқатып үйде қалған қамкөңіл баланың жан күйзелісі бейнеленген сияқты. Бірақ оған терең үңілгенде астарында тұңғиық сыр жатқанын аңғарасыз. Ол қандай сыр сонда? Асықпаңыз. Автор бұл әңгімесінде о баста имантаразы кісілердің кенет аяқастынан өзгеріп, маскүнемдік жолға түсіп, отбасының берекесін алатын бейбастақ қылығын суреттеу арқылы соның себеп-салдарын ашып көрсетуге тырысқан. Сөйтіп адамды бұзып, теріс жолға салып, адастыратын қатыгез қоғам мен ойсыз орта екеніне көзіңді жеткізе түседі.

Жігіт ағасы жасқа жеткенше салауатты өмір кешіп келіп, ойда жоқта тағдыры талқыға түсіп, қанша қуынса да шындықтың түбіне жете алмай сарсылып, ақырында ішкілікке салынып, азып-тозып, құрдымға айналған әкесінің жай-күйін ойлап, күйзелген Төлеген бірде түс көреді. Ол, шынында да, төңірегін түгел қою қараңғылық басып, көзіне көр азабын елестетіп, зәресін алған қорқынышты түс еді. Тұла бойын бір тылсым сезім шымырлатып, түбі қараңғы тұңғиық иірімге тартып, тұншықтырып бара жатқан. Кенет көгілдір теңіздің ар жағынан алты мұнаралы мешіт көрініп, соның арайлы нұрынан суық сорған жүрегі жылынып, жан дүниесі тазарып, әп-сәтте сергіп сала береді. Ал, түсінде көгілдір айдынның толқыны тербеген қайық үстінде өзін қол бұлғап шақырған ақ киімді адам бір қайыры бар дүниенің тылсым бір күші болатын. Сол күштің арқасында Түркияға барып оқып, саналы білім алып елге оралған ол намазға жығылып: «Әкемнің тозақ отына жанып азап тартқанын қаламаймын. Бақ бер, бақыт бер оған. Иман бер, парасат бер!» деп, Алла тағалаға жалынып-жалбарынып егіледі. Көз жасы омырауын жуып, ағыл-тегіл жылап, ессіз күйде мінәжат етіп дұғасын жалғастыра береді. Кенет Төлеген өзінің иығына әлдененің тырсылдап тамып тұрғанын байқайды. Бұл – маскүнем әкенің ыстық көз жасы еді. Сол кезде оның жан дүниесі күнәдан арылып, тазарып тұрғандай сезілген.

Әңгіме осы жерде бітеді. Одан әрі тәптіштеп соза берудің қажеті жоқ-ты. Өйтсе әңгіменің мән-мағанасы, салмағы болмас еді.

Бұрын болашағын ойлаған әке бауыр етінен жаралған баласына көп уақыт бөліп, саналы білім алуына жағдай жасап, ұлттық рухта тәрбиелеп өсіретін. Қазір бұл үрдіс керісінше жүріп жатқан сияқты. Алладан алыстап, теріс жолға түсіп, адасқан әкенің суынған көңілін салауатты өмірге ұмтылған өз баласы мейірім шуағымен жылытып, әлгіндей ізгілік жолмен жөнге салатын болған. Әйтсе де бұл күнделікті өмірімізде арагідік боп жататын үйреншікті жағдай шығар. Бірақ бұл әңгімеде басқа сипатта көрінеді.

Ел арасында «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» деген тәмсіл көп айтылса да, бүгінгі жұрт оның мән-мағанасына онша көңіл бөле бермейді. Тіпті бұны жәй әшейін әңгіме арасында айтыла салатын сөз деп қабылдайтындар да жоқ емес. Ал, жас болса да көңіл көкжиегін кеңейтіп, алысқа көз тігіп барлай бастаған жазушы М.Отарбаев осы қоғам дертін «Бүржарған» әңгімесінде адамның жан дүниесіндегі өзгеріс, бұлтарыс-қалтарысы, ішкі толғанысы, күйініш-сүйініші, көңіл күйі, санасында шарпылысқан ойлары арқылы әсерлі суреттеген. Қазір жасырып, жабары жоқ кез келген оқыс нәрседен бойымызды үрей билеп ала жөнелетін болды. Бұған себеп: бүкіл әлем қазірдің өзінде үрей кемесінде қалт-құлт етіп жүзіп келе жатқандығы. Өйткені Алла мен адам арасы алшақтап, адамзат өзіне және жүрек үніне деген сенімін жоғалтқан. Дүниенің олқы тұсын, кем-кетігін Тәңірінің есебінен түгенделіп жататынын ұмытқан. Ендеше, ізгілікті қара сөзбен жырлап, оқушы жүрегіне сәуле түсіріп, жаулай білген оның «Бүржарған» әңгімесі қай жағынан да толық қанды туынды екені даусыз.

Бірнеше елдің тіліне аударылып басылған бұл туындының «Қазақстан-Россия: литературный альманах» жинағына енгені біздің осы сөзімізді толық қуаттай түседі.

Мәліктің мән-мағанасы мол, тілі көркем шығармасы жалғыз бұнымен бітпейді. Оның «Үзілген жапырақ» әңгімесінде өткен бағзы заманның кесір-кесапаты мен қайшылыққа толы бүгінгі дәуірдің қайғы-қасіреті қос тізгін секілді қатар суреттелген. Қылышынан қан тамған Рим мен Сасани империялары салтанат құрған қаһарлы жылдары жаңа туған нәресте қызды өз әкесі жалған намыстың жетегіне еріп, қабір қаздырып, тірідей жерге көметін болған. Неге? Ол кезде әйелді адам санатына қоспаған. Тек ойын-күлкі үшін жаралған қуыршақ деп қараған. Жарайды, бұл ешкі жүні бөрте заманның көрсоқыр надандығынан туған кесір-кесапат шығар. Ал, қазіргі көзі ашық қоғамда болашақта арыс туатын ару қыздарымыздың хал-ахуалы қалай? Көрінгенге көз түрткі боп, қорғансыздың күнін кешіп жүрген жоқ па? Мәлік, міне, бұл әңгімесінде осы секілді сауалдарға жауап іздейді.

Жүзін сүр шекпен бүркеген күзгі табиғаттың сұрғылт көрінісін суреттеуден басталған бұл әңгімеде Түрік елінде оқып, туған ауылына оралған Төлегеннің атасы мен әжесінің зиратына барып, дұға бағыштағаны, қалың қорымнан шыға бергенде шеткі қабірдің басында егіліп жылап отырған әйелді көргені, оны жұбатпақ боп қасына жақындағанда: «Періште қызымды әкесі өлтірді... Ол да есеп береді» деген сұмдық сөзін естіп шошынғаны... бәр-бәрі қамырдан қыл тартқандай шебер әрі сенімді сипатталған. Сонда қалай? Бұрынғы Рим мен Сасани империялары секілді қазірде де өз қызын өлтіріп, қара жерге тірідей көметін әкенің болғаны ма? Әдепкіде бұл мүмкін емес секілді көрінеді. Ал, бұл алда-жалда жалған болса, қабір басында «Періште қызымды әкесі өлтірді» деп соры қайнап, мүскінді хал кешкен бейшара ана неге сонша зар илеп егіледі. Бұған кім кінәлі? Адам ба, қоғам ба? Бұның түйінін кім шешеді? Гәп, міне, осында.

Әңгімеде баяндалған оқиғаны таратып айтар болсақ, ол былай: қабір басында аңыраған ананың қызы елде жоқ сұмдық сұлу болған. Алматыда өткен арулар сайысына қатысып, «жыл аруы» атанған. Ал, сұлу қыз қашанда еркектің көз құртына айналады. Байқауға қонақ боп келген американың бір азаматы «сені Әлемдік сайысқа қатыстырып, бағыңды ашамын, Америкада оқытам» деп қызды азғырып, мұхиттың ар жағына алып кеткен. Бірақ кейін елге оның өзі емес, өлі денесі оралған. Неге? Өйткені қазір дүние-әлем алып жындыханаға айналған. Соның ішінде ар-ұяттан безінген жұмыр басты жырындылар бір-бірін қасқырдай талап, қырық пышақ боп қырқысып, төңірегінен жау іздеп, жаланып жортып жүрген жоқ па? Бұрын әлемді сұлулық қорғайды деуші еді. Бұл күндері ондай ізгі ұғым адыра қалған. Бір кезде табиғатқа шабуыл жасалса, енді сұлулық атаулыға шабуыл басталған. Әлемдік арулар сайысына қатысқалы Америкаға барған жас сұлу қыздың өлімі, міне, соның айқын көрінісі. Кім қалай десе де, ол ару қыздың адам жүрегінен иман кетіп, ар-ұяттан жұрдай жауыз ортаның құрбаны болғаны анық. Бірақ бұл орайда кінәні жат жұрттан іздеудің қажеті жоқ. «Шығасыға иесі басшы» демекші, бар кінә қыздың әкесінде. Жалғыз тал қызы асылып өліп, қайғыдан есі ауысқан Хадиша ананың «Періште қызымды әкесі өлтірді» деуі тегін емес. Қай заманда қай қазақ оң жағында ұстап, үстінен шыбын ұшырмай бағып-қағып, әлпештеп өсірген қызын қайдағы бір көк аттыға сеніп жетектетіп жіберіп еді. Бұның ар жағында көркөңіл әкенің өз ұрпағына деген жауапсыздығы, тіпті тәрбиелеп өсіруді қиынсынып, соның өзін өзгенің мойнына арта салудан тайынбайтын сатқынпаз психолагиясы жатқан жоқ па. Сенбейсіз бе? Ендеше, әңгіменің соңғы сөйлемін оқыңыз, сонда көзіңіз анық жетеді. «Ағаш бұтағында қалған жалғыз жапырақты жел аяусыз жұлқылайды. Ал, жапырақ болса, барынша қасарысып үзілмейді».

Осының өзі-ақ қазіргі бұрқасынды уақытта бір күндік сәуле үшін жанталасып, арпалысқан бүгінгі жас өскіндердің өмірінен елес бергендей. Әңгімені оқып біткеніме едәуір уақыт өтсе де, неге екені белгісіз, арыс туатын алаштың ару қыздары қорғансыздың күйін кешіп, күзгі жапырақтай қалтырап өмір кешіп жүргені көз алдымнан кетпей қойды. Туынды, міне, осы секілді шындықты шырқырап айта білуімен қуатты әрі маңызды.

Елге, жерге, ұлтқа қатысты мәдени-тарихи құндылықтарды жоғары бағалайтын М.Отарбаев қай тақырыпқа қалам тартса да иманның нұрымен, жүрек сәулесімен жазады, бірақ тебінбей, текірек атпай тек тебіреніп жазады. Сонан ба, оның қай шығармасынан да ішкі жан дүниесінің байлығы, жаратылыс болмысы, кісілігі, тұла бойының ізгі қасиеттері ер-тұрманға жүгіртіп, қиып салған күмістей жарқырап көрініп жатады. Ол негізінде қысқа әрі нұсқа жазады. Соның өзінде дүн-дүние додаға түсіп, саналуан түрлі мүдделер қайшыласып жатқан тасбауыр суық дәуірдің кескін-келбетін кемел суреттеп, бейкүнә тіршіліктің ажарын ашып, бедерлі бейнелей біледі.

Мәліктің «Баланың ойы» толғамы мектептің бастауыш сыныбында оқитын қызын қолынан жетектеп, 28 панфиловшылар саябағын аралап келе жатқан сәтін сипаттаудан басталған. Мәселе, бірақ, мұнда емес. Мәселе бүлдіршін қыздың әкесіне қойған сұрағында боп тұр. Тыңдап көріңіз.

– Папа, неге мынау шіркеу қаланың орталығына салынған? Қараңызшы, әдемі саябақтың ішінде, ал біздің мешіттер қаланың сыртында... – деп сұрады.

Әкесі бұның бұрын осылай салынғанын, өткен-кеткен тарихтан біраз сыр шертіп, көңілін алдарқатса да, қызы оған қанағаттана қоймады.

– Сонда мұсылман болғанымыз ұят па? – деп сұрағын одан сайын тереңдете түседі.

– Жоқ, қайта біздің мұсылман болмағанымыз ұят болады, – дейді әкесі.

Бұл диалог әке мен бала арасындағы кезекті жәй әңгіме секілді көрінуі мүмкін, бірақ бұның арғы төркініне жіті үңілген кісі көп жәйтті аңғарады. Баланың кіршіксіз таза ойы кісіні сан қилы ойға жетелейді. Расында, жердің киесі де, елдің иесі де қазақ халқы емес пе? Ендеше, өз жерінде ірге көтерген мешітінің қала сыртында тұнжырап, өгейдің күйін кешетіндей не жөні бар еді. Ал, кірмелердің шіркеуі қала орталығында шіреніп, төңірегіне айдын асырып, асқақ көрініп тұратыны қалай? Өйткені кеңес дәуірінде идеологиялық өктемдік бел алып, адамдардың бәрі бір бағытқа өз-өзінен ыңғайланып, өмір кешкен-ді. Бас көтергеннің басы қырқыла берген соң қайтеді, айдауға көніп, айтаққа еріп, томпаңдап жүре берген. Ал, мектеп табалдырығын жаңа аттаған жас бала бұған селқос қарай алмайды. Бұның мәнісін әкесінен сұрап білгісі келеді. Өйткені ол қай нәрсеге де өзгенің емес, өзінің нұрлы көзімен қарай білетін Тәуелсіз елдің азат ойлы жас өскіні.

Мәліктің шағын көлемде жазылған бұл толғамы айтар ойының ауқымдылығымен, идея айқындылығымен, көтеріп отырған жүгінің салмақтылығымен жүрек баурайды. Шын мәнінде шағын бір романның жүгін көтеріп тұрған шығарма. Кеңестік қызыл жүйеде шыңғырған шындықтың құлын дауысы естіліп, көкірегің қыжылға толып, қорамсаққа қол салғың кеп кетеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл, сөз жоқ, шығарманың ыстық жүрек, ызалы кекпен жазылғанын дәлелдейді.

Отарбаев «Кемелдік қайда...а..а?!» эссесінде «Тәңіртаудың ұшар басындай көрінетін» кемелділік деген күрделі ұғымның мәні өзгеріп, қалыбы ауысып, жұрттың дені қазірдің өзінде рухани өзегінен алыстап, ұлы Абай айтқан «толық адам» мен кәдуілгі «семіз адамды» ажыратып, білуден қалып бара жатқанын ашына суреттеп келеді де, сөз соңын торы айғырдың тоқпақ жалындай етіп былай түйіндейді: «...Бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жатқандаймын. Жәннатқа бейім жаралған жаңа жүйем қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып, күндей жарық ақиқатты көре алмай, зұлмат қараңғылықтың тұтқынына айналған тәрізді.

Кім біледі, жұмағымды ұрлатып, жұмақтағы сұлулықтан ажырап қалған шығармын».

Қазір қарап отырсаң, жалғыз шығарма кейіпкері ғана емес, бүкіл қазақ қоғамы «қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып» рухын, шындығын, жұмағын жоғалтып, «бейуақтағы ұйқысынан ояна алмай» бұйығып жатыр. Ал, оянып арман қуғандары айдалада қаңғып қалып, ақша қуғандары алтын сандықтың ішінде жатқан рухани мол мұрасын былай ысырып қойып, жапа-тармағай дүние қуып кетті. Бәлкім, содан ба, рухани байлықтан гөрі қу дүниеге жақын тоғышар елге айналып бара жатқан сияқтымыз. Ендеше, автордың өз сөзімен айтқанда, қайырсыз санаға құрбан болған қайран басымыз-ай! - демеске шара қайсы.

Бүгінгі таңда айтылмаған ой, қамтылмаған тақырып жоқ. Бірақ жазушы қара шиыр таптауырынға ұрынбай, көне сүрлеуге соқпай қалам тартқан тақырыбын қалай қамтып, оқиға желісін қалай суреттеп, қандай ой айта білді, міне, сонысымен ерекшеленеді. Осы тұрғыдан қарағанда да Мәлік әбден ысылған кәнігі шебер көрінді.

Қай заманнан бері шығармасын үлкен гуманистік нұрға бөлеп, әрі әдеби-философиялық сипатта жазып келе жатқан ол ертеде өмір сүріп, ерте гүлдеген ғұламалардың ой орманын аралап, одан өзіне керегін теріп алады да, оны өз көрігінде қыздырып, қайта қорытып келіп, соңынан өз түйінін жасайды.

Айтпақшы, Мұқағали ақын «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» демеп пе еді. Мәліктің жазып отырғаны да сол секілді бір ой-толғам. Оның «Дауасы жоқ дерт» деген қысқа жазылған туындысы біздің осы сөзімізді толықтыра түседі деп ойлаймын.

«Ибн Синадан сұрапты.

– Дауасыз дерт бар ма бұл дүниеде?

Ғұлама хикмет сөзін жасырмай:

– Жақсылық жамандықтан қайыр тілесе дауасыз дертке айналады, – депті.

– Сонда не істеу керек?

– Білім мен өнерді қайыршыға айналдырмай қамқорлықпен қарау керек. Өйткені, қолдау таппаған елден, демеу көрмеген жерден білім де, өнер де безіп қашады...».

Мәлік ғұламаның осы өсиетін жаңғыртып, жұрттың есіне қайта салып келіп, «руханияты жоқ дүниеден не қайыр?» деп өз уәжін айтады. Сөйтіп қазіргі нарық қысқан заманда, таршылықтың тарысын қуырып жеп отырған өтпелі кезеңде Құлагерге де көтермелеуші керек екенін әдемі жеткізеді. Ол үшін билік басында жүрген ел ағалары, қалталы азаматтар, тіпті бүкіл жұрт болып, рухани жаңғырып, асыл мұраларымызды бойына сіңіріп, әдебиет пен мәдениетіміздің өркендеп, дамуына ұйтқы бола білуі аса қажет. Автордың айтпағы да, міне, осы. Сонда ғана күміс кекілді, алтын жалды құлагерлер жол үстінде мертігіп жығылмайды дейді.

Қандай тақырыпқа қалам тартса да жігерін жанып, жанын жеп, тереңнен толғап жазатын Мәліктің «Әлем аруы» деген шағын әңгімесінде Рузвельт таққа қонған жылы Бельгияда Әлем аруының байқауы өткені, сол Сұлулық сайысына түскен түрік қызы Кериман Халистің Әлем аруы атанғаны баяндалған. «Бұл оқиға Ататүрік басшылық еткен Түркия үшін де, Осман мәдениетін арқалаған Анадолу халқы үшін де сұмдық жаңалық болды. Сол кездегі түрік басылымдары Түркия әлемдік мәдениетке қосылды!»-деп бүкіл әлемге жар салды, – дейді автор.

Шығарманы көз жүгіртіп оқи бастаған бойда әлем аруы атанған сұлу қыздың жеңісіне сүйсініп, әлемдік мәдениетке көтерілген Түркия жасасын деп қуанып қол соғасың. Бірақ одан әрі оқиға күрт өзгеріп, аптыққан көңілің су сепкендей басылып, көңілің суып сала береді. Неге?

Сөйтсек Еуропа елдері «ғасырлар бойы әлемге үкім жүргізген исламдық мәдениеттің» өрісін тарылтып, тоқыратқалы арулар сайысын ойлап тапқан көрінеді. Ондағы мақсаты: мұсылманның бетке ұстар сұлу қыздарын жұрт алдына жалаңаш шығарып, «бұлар атақ үшін арын сатып, жанталасып жатыр» деген ұғым қалыптастырып, сөйтіп бүкіл әлемге айдын асырып келген Сүлеймен сұлтанның ұрпағын біртін-біртін осындай сұрқия жіңішке жолдармен аздыру болатын.

Автор осының бәрін теңіздің дауыл сапырған ақжал толқынындай түйдек-түйдегімен суреттеп келіп: «Ұлылардың ұрпағы ұсақталғанына ұялмай, жұтаңданғанына қайғырмай, енді қайырсыздануға көшкені ме?» дейді.

Бұл жалғыз түрік еліне қаратылып жазылған шығарма емес, ақырғанда ай тұтылған, күркірегенде күн тұтылған арыстан кеуде ата қазаққа да қаратылып айтылған сөз. Осы туындыны оқып біткенде көкірегің қыжылға толып, сүйем жер үшін сүйегін берген бұрынғы сардарлар қайда, ел қорыған егеулі найза ерлер қайда, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен сұр мергендер қайда?! Алпамыстар кетіп, бодауына Кейқуаттар келген бе, қалай?» деп, сол қас қағым сәтте тас түйін бекіп, ақырып атқа қонғың келеді. Бірақ солардың замананың диірменіне тартыла-тартыла ұсақталып кеткен бүгінгі ұрпақтарының сиқын көріп, пұшайман хал кешіп, аһ ұрып, омалып отырып қалатының өтірік емес.

Мәліктің бір қасиеті – тосын оқиғаларды жазуға құштар екендігі. Оның «Авторы жоқ кітап» әңгімесі сондай қызық бір жәйтті баяндайды. Ол бірде Түркияның тарихи кітапханасына барған. Ішке кірген бойда көзіне түскен қоңыр түсті бір кітапты алып қараса авторы жоқ екен. Одан кейін тағы бір кітапты алып қараған. Оған да автордың аты-жөні жазылмапты. Бұның мәнісін кітапхана қызметкерінен сұрағанда, ол: «жазушылардың өздері бізге кітаптарын алып келгенде, ешкім атымызды білмесін деп өтініш жасайды», - деп жауап береді.

Бұларды, шын мәнінде, жалған мадақ-мақтаудан бойын аулақ ұстайтын, биік мансапқа қызықпайтын, атақ-дәрежеге таласпайтын, тек өз творчествосына асқан жауапкершілікпен қарап, өмірдің мәнін терең түсініп жырлайтын кәнігі суреткерлер демеске дәтің қайсы. Оның үстіне өзіне сенген қаламгерлер ғана осындай қадамға батыл барады емес пе? Ал, бізде бұл басқа сипатта көрінеді. Неге? Себебі, бізде шығармаға емес, автордың қызметіне, беделіне қарап баға беріледі. Бұған сіз не дейсіз, осы әділдік пе?

Мәлік, міне, осы секілді жарық әлемде боп жатқан жарқын көріністерді бедерлі бейнелеп, суреттеуге бейім әрі шебер көрінді. Көздегенін қалт жібермейтін кәнігі сұр мергендер тәрізді қисынын тауып, таңғы шықтай мөлдіретіп, қағазға түсіре қояды. Оқыған сайын жаның жадырап, көкірек көзің ашылып, сәулене түседі.

М.Отарбавтың жер-жаһанның мұң-наласын, жақсылық-жамандығын, кесір-кесапатын, қуаныш-сүйінішін, ой-арманын, мұратын сипаттап жазған «Тоғызыншы президент», «Бір қайыры бар», «Аңсатқан жұмақ», «Салқын самал», «Екі метр жер» сияқты ой-толғамдары бірінің өңін бірі ашып, бірінің мазмұнын бірі толықтырып, сардаланың биігіндей жоталанып көрініп жатады. Ол кейіпкерлерін қолдан сомдап, әрлеп, елден ерек қаһарман етіп көрсетуге тырыспайды. Өмірде қалай солай алқам-салқам, олпы-солпы күйінде яғни табиғи қалпында бейнелейді. Бәлкім, содан да болар, оның ой-толғамдарында бояуы қанық айшықты суреттер, тайға таңба басқандай ажарлы көріністер аз емес.

Әдетте шығармасын тұнық ойға құрып, тұңғиық сырға бөлеп, тебіреніп жазатын М.Отарбаевтың «Ескендірдің ессіздігі» деген әңгімесінде Ескендір Зұлқарнайынның жарты әлемді жаулап, өзін жарық жалғанның жалғыз Тәңірісі санап, мейманасы тасып, есірік атып алжасқан өмірінің соңғы қайғылы күндері суреттелген. Ол бұл әңгімені өзіміздің билік басында жүргендерге бағыттап жазғанға ұқсайды. Басқаға қайдам, маған солай көрінгені рас. Өйткені қазір, ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, адам болсам дегендер емес, «құдай» болсам дегендер саңырауқұлақтай қаптап өсіп шығып жатқан заман. Араларында көк жүзіне өрмелеп шыққан күнмін дегендер де жоқ емес. Автор осының бәрін саралай келіп, елдің басы болған, әлемнің патшасы атанған Ескендірден ешкім әулие емес, қанша биікке көтерілсең де тарихта жақсы қырыңмен қалу, қалмауың алған атағыңның қайырына байланысты дегенге меңзейді.

Мәліктің қыл шылбырдай шымыр есілген мұндай шығармалары елдің төріне адалдық, адамгершілік, мейірімділік, азаматтық, сардарлық, ерлік қасиеттерді жарқыратып шығарып, сәуле шашып тұрады. Оқыған кісінің жан дүниесі аппақ нұрға шайылып, тазарып жүре береді. Оның бір қайыры бар дүние хақында жазған ой-толғамдары ізгі арнаның басы сияқты көрінетіні, міне, сондықтан. Ертеде өткен ұлылар мен ғұламалардың, әулие-әмбилердің таза қайнарынан сусындап, өмірдің мәнін, тіршіліктің сәнін қара сөзбен жырлап келе жатқан жазушыға ақиқат жолында тайғақ кешсең де табаның таймасын, қаламың мұқалмасын, сәт сайын өткірленіп ұштала берсін деп ізгі тілек айта отырып, сөз соңын ақын Аманқос Ершуовтың бір шумақ өлеңімен аяқтағым келеді.

Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Көрдің бе аспанда да алалық бар.

Біреуде қарт болса да шалалық бар,

Біреуде жас болса да даналық бар.

Рафаэль НИЯЗБЕК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар