Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Рысгүл Досжанова. Мен қалыптасып қалған стереотипт...

08.03.2023 1703

Рысгүл Досжанова. Мен қалыптасып қалған стереотиптегі ақын емеспін 14+

Рысгүл Досжанова. Мен қалыптасып қалған стереотиптегі ақын емеспін - adebiportal.kz

Суреткер Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романына эпиграф ретінде алынған сөз есімнен кетпейді. Онда: «Бұл кітап менің жаным дегейсің, Бұл кітап менің тәнім дегейсің», - деген аталы сөз кестеленген болатын. Кітап туралы осыдан асырып айтудың өзі қиын. Жаңа кітап, жақсы кітап шықса елеңдеп отыратын әдетіміз. Жақында ғана әдебиетіміздің қоржынына ерекше кітап келіп қосылды. Белгілі ақындар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова оқырмандарға «Тармақтар» атты тамаша туынды ұсынды. Бұл кітаптың өзіндік ерекшелігі, өзіне тән сыны мен сипаты бар. Сүйіншілі жаңалыққа алақайлап қол соға отырып, осы поэтикалық жинақтың құрастырушысы, ақын, тележурналист Рысгүл Досжановаға бірнеше сауалдарымызды жолдаған едік. Ақынмен болған әңгімеміз халқаралық әйелдер мерекесіне дөп келген екен. Барша аруларды мерекесімен құттықтай отырып, кітап туралы шағын сұхбатымызды ұсынамыз.   

- Осыдан бір жыл бұрын шамасында instagram әлеуметтік желісінен «Tarmaqtar» атты парақшаны байқағаным бар. Әр ақынның сәтті шыққан бір-екі тармағын, сол күннің сәтіне сай суретпен әрлеп жариялап отыратын. Енді сол дүниелер әдемі кітап болып шығып жатыр екен. Құтты болсын айтамыз. Идея қалай келді? Қалай дамыды? Бұл кітаптың ерекшелігі неде?

- Кітап шығарайық деген ой, біз сияқты парақшалар көбейгенде, біздің жұмысымыз ұрланғанда пайда болды. Сосын, осындай махаббатпен басталған жобаны «парақша» деңгейіне қимадық. Әлеуметтік желі деген дүние мәңгілік емес қой. Сондықтан, кітап ретінде көре алғанымыз дұрыс шешім болған шығар. Әрі идея кімге келмейді, бәрінде бар ғой. Тек оның жүзеге асуы қиын. Ал, біздің осы кітапты шығарып, кішкентай идеямызды жүзеге асыруға түрткі болған кез «Молоко и мед» кітабын көргенімде, көзіме от, жүрегіме жалын берген шығар... мына кітап әлемнің неше тіліне аударылып, осынша құрметке ие болса, мен тармақтар арқылы бір Қазақстанның махаббатына ие бола алатын шығармын деп ойладым. Сөйтсем ойлай салған дүниенің бәрі оп-оңай жүзеге аса салмайды екен. Бірақ, мақсатқа жеттік. Бастысы осы.

Кітаптың ерекшелігі сол, әр беті сөз бен суреттің үйлесімділігі және QR-код. QR арқылы өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудиопоэзияны тыңдай алады. Кез-келген кітапты қаламгер мен редактор, корректор бірлесіп шығара салса, біздің кітапты дыбыс режиссері, иллюстратор, IT маман, ютуб маманы, редакторлар... осылардың бәрін жинау, табу оңай болмады. Кітапты енді мақтап, мадақтаудан аулақпын. Бағасын оқырман берер. Десе де, өзімнің ең мақтанып, риза болатын тұсым, жеке ақын ретінде әлі күн кітап шығармағанмын. Менің тұңғыш кітабым дәл осылай қазақтың небір қаламгерлерін бір арнаға тоғыстырып, өз ерекшелігімен жарық көргені қуантады.

- Өзіңіз айтқандай бұл кітап бұрынғы кітаптан өзгерек екен. Өзгеше кітаптың жұмыс барысы да өзгеше өткені анық. Кітапты шығару барысында қандай қиындықтар болды? Қаржылық мәселелерді қалай шештіңіздер?

- Әр аудиопоэзияны дыбыстау, оған сай музыка табу, өлең оқитын адам іздеу, студия... осының бәрі қиялымда ғажап боп тұрғанымен, өңіме келгенде азап екенін түсіндім. Амал жоқ қой. Кәсіби актер, актрисалар үлкен гонорар сұрады. «Бұл сұмдық кітап. Қазақ әдебиетінде алғаш рет, оқырманы көп болады», - деп кімді сендіресің? Тегін оқып беруге келіссе де, 10 өлең оқудан аспайды. Ал бізде 225 өлең бар. Сосын, өлеңді жүрекпен оқыса да болар. Жобаның авторы біз ғой, дауысымыз үшін қанша адам билет сатып алып, поэзия кешімізге келіп жүр, осы барымызбен оқиық деп өзіміз оқыдық. 2 ай студияда жүрдік солай. Студияның да қаржысы бар. Сосын, Фейсбук желісінде Нұртай Сабильянов аға мені ылғи қолдап, пікір жазып тұратын. «Құласаң, нардан құла» - деп сол кісіге хабарластым. Мені ешқашан көрмесе де, ол кісі маған сенді. Әлі күнге дейін алғыс айтып тұрамын. Сосын Анарбек Орман деген ағама хабарластым. Бұлай жинаған ақша тек қана біздің техникалық, ұсақ-түйек шығынымызды жабатынын түсіндім. Сосын, арнайы «Кәсіпкерлік қырандары» деген жобаға қатысып, 6 айда қайтарып беремін деп Ғазиз Ерімбетов деген кәсіпкер ағадан қомақты қаражат алдым. Солай. Кейде, өзің үшін өлсең де істемейтін дүниені осылай істейді екенсің. Қазір енді, кітап шыққанына 1 ай да болған жоқ. Оқырман сұранысының көптігі де қуантып, кәсіпкерден алған қаражатым жиналып қалды. Ал, шын мәнінде осы ақшаны 6 айда қайтаратыныма ешкім сенбеп еді…

- Сіздің жолдасыңыз Еламан Төлеутай да бүгінгі қазақ поэзиясының жас оғыландарының бірі. Екі ақынның бір ошақтың отын маздатуы біздің әдебиетімізде сирек болсада ұшырасып тұратын жақсы құбылыс. Сіздер бұл тұрғыдан бір-бірлеріңізді толықтырып, өзара үйлесіммен бас құрағандарыңыз сөзсіз. Дегенмен, әр қаламгердің өзіндік шығармашылық әлемі бар дегендей, кейде ішкі қайшылықтар да туындап жатпай ма? Сіздер үшін ең басты отбасылық құндылық қандай?

- Біз әу баста, бір-біріміздің жеке шекарамызға қол сұқпауға, бұзбауға келіскенбіз. Бірақ, бір кездері менің... Еламанның жанында өзімді «халтурщик» ақын сезініп, өлең жазбай кеткенім және жазбаймын деген кезім болған. Сосын, мен оқырманы көп ақын болуды армандадым. Маған қазіргі кей ақындардың кітап шығарып, оны туысы мен танысына тарататыны және сонымен кеш беретіні ұнамайды. Бәлкім, сондықтан кітап шығаруға, кеш беруге асықпадым. Еламанға бұл арманым аса ұнамайтын. Біреу үшін өлең жазба, біреу оқысын деп емес, өзің үшін, өзің жазғың келетін нәрсені жаз дейтін. Осындай бір қайшылықтан өтіп жүріп, 1 жылда 1 өлең болсын жазып жүрдім. Кейін тармақтарға арасында тармақ таппай қалсам, өз өлеңімнен тармақ салып қоятынмын:) сондай кездері жекеме шығып, өлеңімді сұрайтындар, оны жатқа оқитындар көбейді. Поэзия кешінде оқыған өлеңімді әл.желіге сала салғанмын, оның қаралымы жарты миллионнан асыпты. Сөйтіп, өлеңімді іздейтіндер, жатқа оқитындар, «өлең жаздыңыз ба» деп сұрап тұратындар көбейіп, менің арманым аяқасты орындалды-ау...

Ал, бұдан бөлек, «мен ақынмын», «сен ақынсың», «кім мықты» дейтін түсінік жоқ. Қандай жағдай болмасын, өзімді Еламаннан, ер азаматымнан жоғары қойған емеспін. Тіпті, осы ақын болмай, өлең жазбай, қазан ошақтың айналасынан шыға алмай қалатын әйел болсам да, мен осы тармақтар арқылы қазақ әдебиетін, қазақ поэзиясын насихаттап жүре беремін. 

Қазір кітаптың шыққанына 1 ай да болмады. Бірақ, мен өте бақытты күйде жүрмін. Шын сөзім... осы уақытқа дейін кітап оқылмайды, сатылмайды, оқырман жоқ, т.б әңгіменің бәрі бос сөз екенін түсіндім. Біздің кітапқа деген сұраныс, тіпті әр қалаға барған кітаптарымыз 1 күн ішінде таусылып қалуда. Кітабымызды ұстап, «көптен күткенім», «таңға дейін ұйықтамадым», «жұмысқа да өзіммен алып келдім», «кітапқа осыншалық қызығып көрмеппін» деп пікірлерін жазып, күніне жүздеген хат келуде. Қуаныш қой бұл деген! Енді, жыл сайын тармақтардың 1 кітабы шығып, оқырманын қуантып отырса... тамаша үрдіс болады деп ойлаймын.

- Әр ақынның өз көктемі бар. Сол көктеммен бірге жаңа өмір, жаңа шығармашылық есік ашылардай толқып жүретініміз тағы бар. Сол көктеммен бірге 8 наурыз арулар мерекесі де қоса келеді. Өзіңіз үшін бұл мерекенің орны қандай? Әлдене күтесіз бе, жоқ, көп сәтті күннің біріне балайсыз ба?

- Көктем деп мезгілге ат қойып, айдар тағатынымыз болмаса, әр мезгіл, әр күннің өз несібесі мен жаймашуақ кезеңі бар ғой. Бір қызығы, мен қалыптасып қалған стереотиптегі ақын емеспін. Күз деп қайғырып, көктем деп қуанбаймын. Жыл 12 айдың берген мүмкіндігін барынша бағалауға тырысамын. Мереке дегеннің өзі де, өзің бірінші боп қуантуға асығатын адамың болғанда мереке ғой… сені біреу қуантуға асықса, сол мереке. Сондықтан, бұл көктем маған “Тармақтардың” кітабымен ерекше леп сыйлады. Мен үшін осы да қуаныш.

- «Әдебиет порталы» арқылы барша замандастарыңызды мерекесімен құттықтай отырып, жаңа өлеңіңізден бірін оқып берсеңіз?

- Барша аруларға мереке құтты болсын!

Экспромт 

Ең аяулы деген адамың

Аяусыздық көрсетіп тұрғанда 

Кешірім сұрауды үйретші?..

Ашуың алқымға тығылып,

Аяулының бәрінен аяусыз бас тартарда

Сабырлы болуды үйретші?..

“Өзім” дегендер өзектен теуіп

Өзге түгілі өзіңнен безердей болғанда

Өзіңе келуді үйретші…

көзіңнің жасын көл қылып,

булығып,

өз ашуыңа өзің буынып,

көз жасыңа кеп тайып жығылып,

сосын…

соның бәрін көтеріп, 

Түк болмағандай жүруді үйретші.

Осы бір дауылдай,

жауындай,

сезімнің бәрін кешіп тұрып,

кеше алып,

Сен менен қалай кешірім сұрайсың?..

Түсінбеймін.

Осы бір түсініксіз күйдің ешқайсысын Үйретпеші.

Үйретпе.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар