Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәбит Мұқанов Міржақыпты атпаған да, сатпаған...

21.11.2016 6885

Сәбит Мұқанов Міржақыпты атпаған да, сатпаған

Сәбит Мұқанов Міржақыпты атпаған да, сатпаған - adebiportal.kz


Уақыт – ең әділ таразы. Уақыт безбені құмсағаттай сырғыған тарихи дәуірдің өткен кезеңін үздіксіз елеп-екшеумен болады. Өз заманның сөзін ұстаған, өзін қоғамының үнімін, көзі мен құлағымын деп есептеген талайлардың тарих елеуішінен ұшқан шаңға көміліп қалғаны, ал кейбірінің жарқырап, аршыла беретіні де – пәни дүниедегі көз жеткен ақиқаттың бірі екендігіне дау жоқ.


FotorCreated.jpg


Әсіресе, өкпек соққан замананың зәрлі желі жылымық самал ұрып, мызғымастай идолдар мен идеялар күйреген кешегі бір тұста, еркіндік эйфорияға елтіген ел-жұрт тарихтың елеуішін бұрқылдатты-ай келіп.


Таразы демекші, біз жалпы таразының екі басын тең ұстағаннан гөрі, бір басын Ескендір патшаға тартылған сәлем сүйектің көзіне топырақ тастағандай лоқ еткізіп басып, екінші басын сопаң еткізіп аспандатқымыз келіп тұратыны да рас қой. Сондықтан да, кешегі бір тұс, яғни, Алаш арыстары ақталған кезден бастап, солармен заманы бір болғанымен жазары басқа болған көзі тірі ақсақалдар мен өмірден өткен арыстарды орынды-орынсыз тергеп-тектеуге, қаралауға көшкен кезең еді. Әрине, көптеген ақтаңдақтардың орны ашылды, ақиқатқа көз жеткізілді. Демократия дегеннің өзі сол болса – онда біраз ілгерілеушілік болды, әрине.


15135438_706897946153901_268115060_n.jpg


Осы тұста өмірі мен қызметіне қатысты үлкен шабуыл қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановқа да жасалды. Жиырма жылдай бұрын өмірден өткен Сәбең туралы небір сөздердің айтылып, жазылып жатқанына сол сексенінші жылдардың соңы, тоқсаныншы жылдардың басындағы басылымдар беттерін парақтасаңыз анық көз жеткізесіз. Әрине, пенделік қателігі болған шығар, бірақ қаралаушылар екпінінің күштілігі сондай, тіпті Сәбеңді қазақ әдебиеті тарихынан сызып, Мұқағали ақынша айтқанда «күресінге лақтырып тастағысы келгені» байқалады. Алайда, халық жүрегіне тамырын терең тартқан Сәбеңдей алып бәйтерек замана дауылына шыдас бере алды. Қою шаңға көмілуден Сәбеңнің көзі тірісінде жасаған өнегелі істері мен шынайы шығармалары, адал шәкірттері, ең бастысы туған халқы сақтап қалды.


Сәбең жөнінде айтылған көп айыптаулардың бірі – Алаш ардақтыларына, соның ішінде Міржақып Дулатовқа жасаған қысастығы, жасаған қастандығы болатын. Бұл мәселенің де уақыт өте келе Сәбең пайдасына шешілгенін көреміз.


Сәбең өзінің жастық шағында Төтенше комитеттің, яғни ЧК-нің отрядында қызмет атқарғаны белгілі. Осы жылдары оның ел ішіндегі ақ пен қызылдардың арасындағы аласарыпан оқиғалармен, Алашорда жетекшілерінің іс-әрекеттерімен бетпе-бет келмеске мүмкіндігі жоқ еді. Ол туралы «Өмір мектебі» трилогиясынан да көптеген деректерді табуға болады.


Расымен, Сәбит Мұқанов Міржақып Дулатовқа қарсы болған ба? Мұндай ойдың туындауына қандай дерек бар?


1921 жылы Сәбит Мұқанов Төтенше комитеттің сенімді өкілі ретінде Көкшетауға келеді. Осындағы бажасы Ерқосай Мұқышевтің үйінде тұрып жатқан, жары Ғайникамал мен қызы Гүлнәрді алып кету үшін Көкшетауға келген Міржақып Дулатовты ұстау, қарсыласқан жағдайда атып тастау жөнінде ЧК бастығы Волковтың бұйрығы С.Мұқановқа беріледі. Алайда, Міржақып ағасын қапия өлімге қимаған Сәбең астыртын хабар беріп қашып кетуіне мүмкіндік жасайды. Бұл мәселе жылдар өткенде Сәбеңнің алдынан шығып отырған көрінеді. Соның бірі былай дейді: «В очерке «Досыма хат» С.Муканов писал, что 1921 году в г. Кокчетаве скрыл от ЧК и спас от верной смерти беглеца М.Дулатова. Но не указывал на то, что Дулатов убийца Амангельды Иманова. Кроме того, выражал сожаление, что он не оправдал его доверия, не стал совестким писателем и свой поступок оценил как проявление либерализма» («Жұлдыз». 1960. №6). Әрине, Сәбең өзінің құтқарып жіберу себебін «Міржақып болашақта совет жазушысы болады деп сенген едім» дегенге келтіруден өзге амалы да жоқ еді.


Сәбең өзінің жетпіс жасында сол заманның ең үлкен атағы Социалистік Еңбек Ерін күткен екен. Алайда, билік екінші мәрте «Ленин» орденін тағумен шектеледі. Осының бәрі қабырғалы жазушыны өмірінің соңына қарай ойлантпай қоймағаны анық. Сәкен Сейфуллин шығармашылығы жөнінде көптеген жағдайда принципке баруы, Алаш арлагерлері туралы отырыстарда ашық айтуы осыны аңғартады. Сөзіміздің дәлелі ретінде Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың естелігін келтірейік: «Қай жылдар екені есімде жоқ. Сәбеңмен және белгілі жазушылардың ортасында Әбен екеуіміздің де бір үйле қонақта болғанымыз бар...


Үстелге ет қойылды. Табақ толы сүйегімен мүшеленген еттің үстіне тұтас қазы, шұжық, қарта салынған. Қойдың басы Сәбеңе тартылды. Пысықай жігіттер ет турай бастады. Сәбең бастың құйқасын бір кесіп асады да, маған қарап: «Міржақып ағамның қызы, Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейін», - деп қолыма ұстатты. Ағамыздың жұрт көзінше әкемді «Міржақып ағам» дегеніне жүрегім зырқ ете қалды (Ол жылары М.Дулатовты атау деген қылмыс). «Апырым-ай, мына сөзінің соңы неге апарып соғар екен? Менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?», - деп зәрем қалмады. Бірақ іштей қуанғанымды несіне жасырам» (М.Дулатова «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабынан).


Мұндай әрекеті бір емес, бірнеше рет болғандығына, әрі мұны Сәбеңнің өзі іштей болашақ алдында, Алаш көсемдері ұрпақтарын алдында арылу деп санағанын бағамдағандаймыз: «Арада бірнеше жылдар өтті. Сәбеңмен келесі және соңғы кездесуім – Ғалекеңнің (Ғалым Ахмедов) бәйбішесі Қанапияның қайтқанына жыл толған кезде болып еді. Ғалекеңнің қайғысына ортақтасуға келген ең жақын қаламдас жолдастары, туыстары ішінде Әбен екеуіміз де болғанбыз. Қаралы жиындағылар марқұмды еске алып, сөйлеп жатты. Бір кезде Сәбең кеудесін керіп, қарлығыңқыраған даусымен тақпақтата жөнелді:


Мынау кім жатқан, әлеумет,

Жас қабірді жамылып,

Мұнша ардақты кім еді?

Тұрсыңдар бәрің жабығып.

Жалғызы ма еді бұл елдің,

Құрметтейтін жабылып!

Бұл жатқан –

Жарлы да емес,

Бай да емес.

Би де емес,

Бек те емес,

Сейіт те емес,

Хан да емес.

Алаштың бұл құрбаны –

Аяулы жолдас – Қази жас.

Қош, бауырым, жолдасым!

Армансыз сенің өз басың,

Қабыл болып құрбаның,

Алашты құдай оңдасын... (Қысқартылып берілді)


Сәбең айтып болды да, беторамалымен маңдайын сүртіп: «Бұл Міржақып ағамның Алаштың Қази атты жігітінің қазасына арнап қабір басында оқыған «Тұңғыш құрбан» деген жоқтауы болатын», - деп үндемей қалды. Әрі қарай отырыс созылған жоқ, сөз базары тарқады да, жұрт тарай бастады. «Тұңғыш құрбанды» шығарған Міржақып әкем екенін Сәбеңнің аузынан алғаш рет естідім» (Аталған кітаптан).


«Тұңғыш құрбан» аталған бұл Қази жас – Алашордағы көмегін тигізген, әйгілі Торсан байдың баласы, ал Торсан Тілеміс баласы – «Ұлпан» романындағы Ұлпанның жалғыз қызы Біжікенге үйленетін белгілі кейіпкер екенін, Ғабең романындағы Ұлпанның да Торсанның да шынайы өмірдегі іс-әрекеттері мүлде басқа адамдар болғанынан оқырман қауым хабардар ғой деп ойлаймыз.


Асылдың сынығы Гүлнәр апамыз сөзін былай түйіндеген екен: «Сонымен оқушым, Сәбеңнің әріден келе жатқан Міржақыпқа деген көзқарасы теріс болмағанына көздеріңіз жеткен шығар. Бірақ кеңестік заман ыңғайымен ішіндегісін терең тұңғиыққа батырғандай, үндемей қағаз бетіне түсіре алмай кеткеніне өкінемін».


Міне, Сәбең мен Жақаң арасындағы аға-інілік сыйластықтың реті осындай. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде де Сәбең байшыл-ұлтшыл ақындарды сынай отырып, олардың шығармашылығына лайықты талдау жасап кететіні белгілі. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым азырақ», - деп Қадыр Мырза-Әлі ақын айтпақшы, социалистік реализмнің үлгісімен пішімдей отырып, ұлт мұратына еңбек еткен Сәбеңдей тау тұлғалар туған халқымен бірге жасай берері анық. Оған кешегі, бүгінгі заман куә.


Асылбек Байтанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар